ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 9 страница

Кейіпкердің жан дүниесін суреттеуде «Күйшіні» еске салатын, оған деңгейлес тұратын шығарма - М.Жұмабаевтың «Батыр Баяны». Батыр Баянның өз інісі Ноянды өлтірген сәттегі тартқан жан азабы, сар даладағы күңіренісін күйзелмей оқу мүмкін емес.

Ойламай белді бекем будым неге?

Қозымды қас дұшпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?

Баурыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше

Өлмедім ішіп уын удың неге?!

Бұл үзінділерді келтірудегі мақсат - «Күйші» поэмасының да аса әсерлі, үздік екеніне көз жеткізу. Бұл поэмалардың кай-қайсысында да кейіпкерлер жан дүниесі айрықша әсерлі көрінген. Дастанның басынан аяғына дейін күйші жайы көзден таса болмайды. Поэмада психологиялык, бағыт аса айқын, әрі нанымды суреттеледі.

I.Жансүгіров поэмалары мен өлеңдерінен айқын байқалатыны тіл сонылығы. Бүгінгі оқырман біле бермейтін, аса дәл, орынды қолданылған көптеген сөздермен бірге Ілияс - өлең табиғаты көтеретін тұстарда өз жанынан сөз жасап жіберуге, немесе бар сөздің сырт тұлғасын сәл өзгертіп, стильдік-мағыналық реңкін текстің ыңғайына қарай икемдеп, өзгерте салуға ұста.

Отызыншы жылдардағы поэзия шығармаларының ішінде жалпы поэманың біраз қалыптасқан түрде көрінуін байқауға болады. Себебі - ақын жүрегін қозғаған жәйттарды ол кезенде қысқа өлең түрінде айта алмағандықтан, көкірегін кернеген ащы толғаныстарды, қоғамдағы алуан қайшылықты, сәулесі мен көлеңкесі қабаттас шамырқаныстарды, шырғалаң сезім күйлерін үзақ жыр көлемінде емеурінмен байқатуға мәжбүр. Поэмада ақынның өзін мазалаған ой-толғаныстарын еркінірек, кеңірек, батылырақ айтуына мүкіндіктері бар. Бұл ретте фольклор мен халық ауыз әдебиеті шығармаларындағы дастаншылдық сарынды, ежелден келе жатқан халық ақындары дәстүрін ескеру де жөн. Дегенмен, күллі қазақ поэзиясының көркемдік болмысына орасан зор ықпал жасаған Абай поэзиясының тағлымы бұл кезеңдегі әдебиет үшін ерекше. Ауыз әдебиеті мен халық ақындары дәстүрінің шеңберінен шығып, әлемдік әдебиет айдынына құлаш ұрған классикалық поэмалардың («Күйші», «Құлагер») осы тұста дүниеге келуін, ең алдымен, Абай поэзиясынан қуат алғандығы деп ұғыну жөн. Ілиястың ізін баса Қасым Аманжолов, Қасымды өкшелей Мұқағали Мақатаев поэзиясы буырқанып шығуы - әу бастағы қайнардың қасиеттілігіне байланысты. Жалпы, қазақ поэзиясының алыбы Ілияс Жансүгіровтің отызыншы жылдардағы жыр-дастандары - сол кездегі әдебиеттің барша ахуалын аңғартатын дүниелер. I.Жансүгіровтың «Күйші» поэмасына кейінгі жылдарда көбірек көңіл бөлініп, ол әдебиет тарихында өзінің лайықты бағасын ала бастады. Мұның бір себебі - поэма кейіпкерлерінің бірі Кенесары болғандығында. Кенесары туралы күрделі шындықты соңғы жылдарға дейін әкімшіл-әміршіл қысымның ашық айтқызбай келгені мәлім.

«Күйші» поэмасының көркемдік айшықтарын түгел саралап, даралап жатпай, шығарманың табиғатын танытатын жекелеген мысалдарға назар аударайық. «Күйшінің» жаңалығы, дәлірек айтқанда, жаңашылдығы дегенде нені айтамыз? Жансүгіровты осынау жырды жазуға жетелеген не? Бір жағы аңыз, бір жағы тарихи негізі бар оқиға ғана ма? Әлде, басқа себептері бар ма? Ақынның күллі шығармашылығымен таныс оқырман оның ән-күйге деген өзгеше көз қарасын, сондай-ақ, бүкіл қазақ поэзиясында бұл тақырыпты сонша терең көтерген акын кемде-кем екенін бірден байқайды. Әннің немесе күйдің ырғағына беріліп, елігіп, елтіген ақын жырлары шарасына сыймай тасып, әуезділікке, шартараптан құйылған дүбірлі үнге толы. Дастанның лейтмотиві - адам табиғатын танытуға, рухани кемелдендіруге бастайтын өнер құдіреті. Күй сарынын поэмадан кім қалай қабылдап, қалай ұғынады, соған орай кейіпкердің кескін-келбеті, бітімі айқындалады. Шығарманың басынан аяғына дейін бар оқиға желісін шашау шығармай ұстап тұрған күй құдіреті суреттеледі, ақын қазақ поэзиясында өзіне дейін болып көрмеген жаңа үрдіс бастайды. Әнге, күйге іңкәр ақын ауыз әдебиетінің өлең-жырды байыптау дәстүрін одан әрі дамытады. Әсет ақынның өлеңдеріндегідей құйқылжытып, тамылжытумен келетін дәстүрлі жайды тереңдетіп, жалпы өнер туралы сарынға ұластырып, нағыз поэзиялық деңгейде толғайды.

Алатау күй тыңдады ауылдай боп,

Тас балқып толқып жатты бауырдай боп.

Аңқылдап алтын күрек домбырадан

Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп.

Қағылды кейде бір күй дабылдай боп,

Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп.

Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,

Әйтеуір қырдан көшкен сарындай боп.

...Майрылып ақ семсерлер қалайы боп,

Қажытты мұзбалақты күй мүңайтып.

...Бота күй маймаң қақты үні былқылдап...

Қара жер қалқып барып қата қалды

Саймақтың суырғанда «Сары өзенін».

Күн тыңдап кірмей тұрды ұясына,

Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына...

Су ақпай жатты тоқтап арнасында,

Қарғалар қалқып қалды жар басында...

Күй қүдіретіне кызығып, арқасы қозып, өзі де еліктей отырып жасаған әсерлі сурет - оқушыны да биік сезімге жетелейді.

Қарашаш сүлу о баста күйші жігітке хор қызындай көрінеді:

Қара қас, қылаң қабақ, кер құба қыз,

Қара шаш, алма сағақ, құралай көз.

Сырықтай ордадағы сымдай бойы,

Тал шыбық, қыпша белдің нағыз өзі.

Түлкі қыз, қызыл алтай, кер марал қыз,

Ақ қоян, бозша байтал, ақша нар қыз.

Қымыздай балға ашытқан тәтті қызға,

Жігіттер, бәріңіз де сұқтанарсыз.

Алды жаз, ескек аңқып жел жүргендей,

Екі ерні ерте піскен бүлдіргендей.

Қасынан бір моланың жүріп кетсе,

Жыбырлап көрдегіге жан кіргендей.

Бәйшешек, балауса гүл, балдырғандай,

Қаратып шырайына талдырғандай.

Суындай әбілхаят шөлдеп ішкен,

Лебізі сусыныңды қандырғандай.

Кейін, қаһарға мінгенде, ол сурет мүлде өзгеріп, басқаша кескін пайда болады:

...Көлденең көп алдында тұр ханыша,

Алмас қыз, түсі суық нар кескендей.

...Ширығып, шыдамы жоқ тұр ханыша,

У жеген бурыл бөрі порымданып.

...Айдаһар қыз айбары құтын алып,

Торғайдай тығылып тұр күйші сорлы.

Көрінед әзірейілдей қыздың түсі...

Қыз емес, мұз ғой түсі қырауытқан...

Төбеде тұр, әнекей, қыз қакшиып...

Шөп желке, шолақ бұрым, қотыр-қотыр,

Қыз емес, қарсы алдыңда албасты отыр.

Жыландай жиырылған кесіртке қыз,

Осыны байқамаған неткен соқыр?

...Қыз емес, жалмауыз-ау аузы қалай?

Кісі емес, айдаһар ма даусы қалай?..

Қан ішер! Ханыша емес, жауыз торай,

Қожыр қып жаратыпты қауыздамай...

Алғашында ай дидарлы арудай қыздың реңі бірте-бірте іріп, оның ішкі кейпінің өңсіз, сүреңсіз екені байқалған сайын сұрықсызданады, сұлу бойы, порым-пошымы бұрынғы сын-сымбатымен түрленбей, керісінше, кесірлі кескінделіп, күйші кіржиген сайын сұлудың жүзінен ызғар еседі, пішінінен арам пиғылы, көзінен зәрі көрінеді. Мұның бәрі ақынның сырттай қызықтауы емес, негізгі кейіпкері - күйшінің неше алуан сезімде шалқып, әлде не бір толғаныстарға батуын әсерлі суреттеу арқылы жеткізіледі. Күйшінің де, ханышаның да үзақ түнде өзін-өзі билей алмай, өз ойымен, өз жүрегімен арпалысқан ауыр, әрі тәтті сәттері екеуін де қинағанын, екеуінің де ішкі тілектерін айта алмай, іштей ынтықса да, ескілікті салт-дәстүрден аса алмаған аянышты халдерін акын ақтарыла шалқып, шабыттана суреттейді. «Күй» поэмасының жаңашылдығы дегенде кейіпкер табиғатын танытуда, суреткерлік концепцияны бейнелеуде қазақ поэзиясында психологиялык талдау-тәсілін тұңғыш рет әлем әдебиеті биігіне көтеруін айтуға болады.І.Жансүгіровтың «Күй», «Құлагер» поэмаларынан А.Пушкиннің «Евгений Онегиніне» тән ауқымдылықты, мінездерді мүсіндеудегі қарымдылықты, ал, «Дала» поэмасынан М.Лермонтов шығармашылығына етене өршілдікті байқаймыз. Мұндай сипаттар I.Жансүгіровтің туған әдебиеттен ғана емес, орыс және әлем әдебиетінің алыптарынан өзіне қажетті нәр ала білгенін, әрі олармен іштей жарысқанын керсетеді. Жарқылы мол, жалынды жырлар мен тасқынды толғаулар - соның куәсі.

I.Жансүгіров шығармашылығы - халқымыздың ұлттық рухын, табиғатын терең танытқан дүние. Ілияс - қазақ халқының өмір, өнер жайындағы ой-толғамы мен болмысты көру, түйсіну, қабылдау сипатын, рухани сымбаты мен аса бай шығармашылық қуатын, ұлттық психологиясын терең, кемел жеткізген, арғы-бергі тарихи дәуірлерге әділ сын көзімен қарап, халықтың мұңы мен мүддесі тұрғысынан асқақ азаматтық серпінмен толғай алған шебер ақын. Оның асыл мұрасын түрлі тұрғыдан зерттеу - бүгіннің де, келешектің де абыройлы парызы.

С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» (1933), I.Жансүгіровтың «Жаңа туған» (1934), Т.Жароковтің «Балабас» (1934) сияқты дастандарында 1931-1932 жылдардағы асыра сілтеушілік сынға алынса, енді бір шоғыр шығармалар өркені өскен, көркейген өлке келбетін жырлауға, кеңес адамдарының ерлігі мен еңбегін мадақтауға арналады. Көптеген поэмаларда нақты характерлер арқылы оқиғалар өрбіп, кейіпкер бітімі сомдала бермейді. Авторлардың өз қалауын-ша алынған деректер мен мысалдар сыртта тізбеленіп, төңкерістен арғы кезең «төмпештеліп», бергі кезең жалаң, жалпылама мадақталып жатады. Жаңа дәуірді жырлау демекші, күллі кеңес поэзиясын тұтастай шолғанда, жаңа жаңғыруларды, құбылыстарды бейнелеуге арналған шығармалар көп-ақ, бірақ солардың ішінен әлемдік әдебиеттің, бері салғанда, одақтық әдебиеттін қазынасына қосылатын, өз дәуірінің қаны сорғалаған шындығын жырлаған байсалды поэмаларды табу қиын. Мықты деген туындылардың өзінде адам тұлғасын, адам жанының болмысын танытудан гөрі, жалаа патриоттыққа, жалған интернационализмге бейімделу көп. Жайдақ шешендікке, жапыра айтқыштықка, жалған публицистикалық сарынға ұрыну мол. Суреткер өз шығармасында адам табиғатын терең таныту үшін міндетті түрде ұлттық болмыстан қуат алады, одан тыс, бөлек тұрған, жер жүзілік патриотизм мен интернационализмге «құлшынған» шығарма суреткердің интеллектуалдық өрісінің тарлығын, не қол-аяғы «байлаулылығын» көрсетпек. Ұлттық топырақтан - болмыстан тыс тұрған адам болуы мүмкін емес. Ендеше, тұлғаны қалайша одан бөлек алып жырлауға, мүсіндеуге, сомдауға болады?! Әкімшіл-әміршіл қыспақтың кисынсыздығы - осынау әлімсақтан келе жатқан шартты бұзып, халықтардың тарихи санасын сұйылтып, өзіндік заңдылығын мансұқ етуінде, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық қысым арқылы байтақ елде баянды бақыт көшін бастауға құштар халықтардың баршасын әлекке ұшыратуында. Шындықты түгел айтуға, қопара жазуға, адамға түрлі тұрғыдан қарап, еркін, табиғи қалпында суреттеуге мүмкіндік берілмесе, қалайша жақсы шығарма шықпақ?! Міне, соның салдарынан, белгілі бір кезеңнің рухани-өмірлік тынысын классикалық деңгейде бейнелеген туындылар жоқтың қасы. Өнер дүниесіндегі мәңгілік шарт - көркемдік екені ескерілмей, қағаберіске ысырылғандықтан заман тынысын танытатын көркем туындылар жасалмады.

Жазба поэзиямен қатар дамығаи, жалпы әдебиеттің өзіндік ерекшелігі болып табылатын ауыз әдебиеті, яғни ақындар поэзиясы - өз алдына бір арна. Мәселен, Жамбыл, Нүрпейіс, Иса т.б. сол кезеңде өмір сүрген, ел арасында есімдері кеңінен мәшһүр ақындардың шығармашылығы өзіндік өрнегімен, замана ағымын ажарлауға икемді алымдылығымен көзге түсті. Талассыз төгілген әрлі де нәрлі, көркемдік кестелерімен ажарланған өлең-жырлар халықтың басым бөлігінің рухын танытты, ойлау, сезіну ерекшеліктерін, ұлттық рухани мұратты аңғартты. Жазба поэзияның да жедел дамуына, әсіресе, дастаншылдық дәстүріне алабөтен серпін берді. I.Жансүгіров поэмаларын классикалық биікке көтерген факторлардың бірі - бай фольклор, Абай поэзиясымен бірге халық ақындарының шығармашылық серпіні. Ілиястың халық ақындарының туындыларына махаббатпен қарап, қамқорлық жасағаны, Албан Асан ақын мен Найман Құл ақынның кітаптарын құрастырып, баспадан шығаруы - ақынның аңғарғыштығының, халық ақындарының өлең-жырларынан нәр ала білгендігінің бір куәсіндей. Жазба әдебиетіміздің калыптасу барысындағы өзіндік тарихи-көркемдік сипаттарын дұрыс саралау үшін, халық ақындары шығармашылығына жіті назар аудару қажет.

Халық ақындарының шығармашылығы өз кезінде елеулі рөл атқарғанын мынадай факторлардан: 1) жаппай сауаттылық деңгейіне жете қоймаған қауымға жеңіл, жедел жететін жырларымен әсер етіп, рухани талабына қызмет етуінен, 2) заман алға тартқан жайлар мен әр түрлі құбылыстарды толғауға елгезектігімен, 3) белгілі бір тақырыптарды игерудегі белсенділігінен, 4) азаматтық әуенінің күштілігімен һәм айқындығымен жазба поэзияға өзіндік ықпал жасауынан байқауға болады. Мұның бәрін нақты мысалдармен дәлелдеп, сөйтіп, әдебиетіміздің біртұтас өзіндік бітімін айқындау үнемі есте болатын жай. Дүние жүзінде мұндай ерекшеліктері бар әдебиеттер аз. Бұл ретте бір ескерілуге тиістісі - халық шығармашылығы мен халық ақындары поэзиясындағы ғасырлар сынынан өткен ерекшелік - оның көпшіліктін, мұң-мүддесін, көкейкесті арман-тілегін, көңіл райын рухтана, ықыласпен толғауы. Дастандарымыз бен толғауларымыз, жоқтауларымыз бен зарымыз - сонын куәсі.

Отызыншы жылдарда ақындарымыз түрлі тақырыптарда, алуан жанрда ізденді. Осы бір қым-қуыт кезеңде фольклор, халық шығармашылығы, орыс және шетел әдебиеті дәстүрлері - бәр-бәрінен нәр альш, сан қилы ұғымдар сапырылысып жатқанда, әдебиеттің мәңгілік талаптары тұрғысынан табылатын шығармалар жазу талабы алға қойылмады. Сыңаржақ саясаттың ырқына икемдеудің қиынсыздығын қаламгерлер терең сезініп, жете білді деу - қиын. Кезеңнің қыспағы суреткерлеріміздің шығармашылық құлашын еркін сермеуіне мүмкіндік бермей, интеллектуалдық тұрғыдан бір-жақты дамуына, болмыс, заман, өмір шындығын терең ұғына алмауына себеп болды. Мұндай келеңсіз құбылыстар отызыншы жьілдардағы әдебиетіміздің ала-құла көрінуіне басты ықпал жасағаны күмәнсіз. Сол кездегі ВКП(б), немесе оның өкілі А.Жданов сияқтылардың күллі кеңес әдебиетінің сан алуан тарапта дамуына кесірін тигізгені анық. Әдебиетті схемалар мен стандарттарға қарай бейімделуге мәжбүр етті, күллі кеңес әдебиеті мен өнерін өрны толдас зиянға ұшыратты.

Рухани құлшыныс амалсыз тежеліп, жалпы қоғамдық-мәдени дамуға жасалған бөгет, айналып келгенде, тарихи, әлеуметтік жағынан өркен жаюымызға жасалған қиянат екені анық. Мұны айтудағы мақсат - ойранды жылдардағы поэзияны бүгінгі биік талап тұрғысынан қарағанда туындайтын көңіл толмаушылықтан арашалау, немесе ақиқатты аршу ғана емес, өткен - өтті, оралта алмаймыз, әңгіме - сонан сабақ алуда, сана елегінен өткізуде. Тарих қисынына жүгінсек, өзіне-өзі сын көзбен қарай алмау, өз кемшілігін өзі мойындап, содан арылуға күш салмау, әр түрлі незендерде халықтың рухани-әлеуметтік тіршілігіне ауыр зардабын тигізген астыртын, немесе ашық, әпербақандық әрекеттерді өткір сынға алмау - өз көрін өзі қазумен шамалас. Мәдениет пен коғам қайраткерлері қашанда осы шындықты қаперінен шығармай қанына сіңіруі, рухани-қоғамдық өмірінің басты бағытына айналдыруы қажет-ақ. Тарих көшін алға альш бару үшін айрықша керек алғышарт - осы, әрі мұның өзі - рухани-әлеуметтік һәм мемлекеттік міндет.

ДРАМАТУРГИЯ

Отызыншы жылдар драматургиясының жанрлық-стильдік даму барысында М.Әуезов, I.Жансүгіров, Ж.Шанин, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов т.б. еңбек етті. М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Тас түлектер», «Абай», «Айман- Шолпан», «Шекарада», Б.Майлиннің «Шұға», «Майдан», «Жалбыр», «Неке кияр», «Көзілдірік», I.Жансүгіровтың «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет», Ж.Шаниннің«Үш бажа», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» сияқты шығармалары қазақ драматургиясының өсу қарқынын, көркемдік жайын танытады. Олар - тақырып жағынан әр алуан. Қазақ халқының азаттық жолындағы арман-тілегі, төңкерістік күресі, колхоздасу дәуірі, драма сюжетін ескі жыр, аңыздардан алып жазу, тарихи тұлға - сол кезеңдегі қазақ драматургиясының негізгі объектісі.

«Түнгі сарын» алғаш рет 1935 жылы қазақ драма театрының сахнасына шықты. Қазақстан Комиссарлар кеңесінің сол кездегі төрағасы Ораз Исаев: «оны - қазақтың аса ірі драматургы Әуезов жолдастың ірі табысы екендігін сеніммен айта аламын» деп жазды. «Түнгі сарын» әлеуметтік маңызы және көркемдік қасиеті жағынан Әуезовтің ең үздік шығармасы болып қалар», - деді I.Жансүгіров.

М.Әуезовтің «Октябрь үшін», «Тартыс», «Тас түлек», «Шекарада» секілді драмалары да отызыншы жылдар сахнасында қойылған пьесалар еді.

Үлкен әлеуметтік төңкерістердің әсерінен халық санасына түскен өзгерістерді, рухани эволюцияны бейнелеу жолында Мұхтар Әуезов, әсіресе, драматургияда сан алуан шығармашылық тәжірибе жасады, қалыпты поэтика тұрғысынан қарағанда ерсі көрінетін шығармалар да жазды. Осы ретте «Тас түлек» драмасына назар аударуға болады, Бұл пьеса, ең алдымен, өзінің архитектоникасымен кызғылықты. Әрбір көріністе драматург жаңа өмір құбылыстарын алға тартады. Соның негізінде қаһармандар бойында пайда болған рухани-психологияларды көреміз.

Жаңа адамның әлеуметтік күрес үстінде тууын көрсететін, ескі отбасының ыдырап, жаңа семьяның қальштасуын бейнелейтін, таптық -шайқастар майданында әке мен бала, аға мен қарындас, күйеу мен әйел арасындағы тартысты суреттейтін «Тас түлек» пьесасы - М.Әуезов драматургиясындағы елеулі шығарма.

Қазақ халқының төңкерістік күресінің, социализм жолындағы тартысының сан алуан көріністерін бейнелейтін М.Әуезовтің пьесалар циклының ішінде көркемдік сипаты, идеялық өресі биік драмасының бірі - «Шекарада».

Тұңғыш рет «Шекарада» деген атпен театр сахнасына шыққанда, спектакль жұртшылық тарапынан үлкен баға алды. Тартыс табиғатын жіті ойластырған қаламгер шекаралық аудан өмірін бейнелеуді әдейі қалап алған, ішкі қайшылыққа сыртқы дүшпан қастығы қосылған кездегі күйлерді сахнаға шығарған.

Драмалық конфликт жедел, ширақ басталып, өткір дамиды.

Алғашқы сурет көрерменді тез баурап алады. Ауданның өзгеше жағдайы, бөлекше қалыбы, жан сауға, араша тілеген ерлі-зайыптылар - пьеса осындай әрекетті көріністен басталады.

Кібіртік, босбелбеулік қашанда сахналық шығарманың көсегесін көгерткен -емес. Тартыстың ағымы, әрекеттің тұтастығы, характер кесектігі - драма үшін негізгі өлшемдердің бірі.

Бұл талаптар «Шекарада» пьесасында жақсы ескерілген. Әрбір жаңа, көріністе қимыл, әрекет молайып, тартыс жоталана түседі, кейіпкерлер мінезі дараланып, характерлер айқындала бастайды.

Комедия да, драма да, либеретто да, сценарий де жазған Б.Майлиннің ең үздік сахналық туындысы - «Майдан». Әлеуметтік ортаны түбегейлі суреттеуі, адам психологиясының тұңғиық шындығына баруы, жазылу мәдениеті жағынан да «Майдан» - қазақ драматургнясының інжу-маржандарының қатарына жатады. 1934 жылы Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезінде жасаған баяндамасында М.Әуезов бұл туындыны тиянақты талдай келіп: «Драмалық ірі серпіннің басы - «Майдан», - деп бағалаған болатын.

Қашанда төңкеріс - өмірдің барлық қабатын қопаратыны анық: әкесі мен баласы, әйел мен ері, ағасы мен інісі жауласып, жаға жыртысьш кетер сәттер мол. Осындай күрделі қүбылыс «Майдан» драмасында шынайы көрініс береді.

Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою қажет. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Еуропа нұсқаларынан үйренген қаламгерлер, өмірлік материалды сұрыптап, шығарма мақсатьша орай пайдалануға келгенде - ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады.

Жанрдың даму барысын көрсету үшін алғашқы қазақ комедияларына тоқталу шарт. Әсіресе, Жұмат Шанин, Бейімбет Майлиннің шағын көлемді, тақырып, мазмұн жағынан, композиция, архитектоника, форма жағынан туыстас, тырнақ алды комедиялары бір мезгілде дүниеге келгенін атап айту жөн.

Шағын пьесалар жазу үстінде драма заңдылықтарын игерген Майлиннің өзіндік тәжірибесі, етене тәсілдері «Көзілдірік» комедиясынан айқын көрінеді. Өзі тұрғылас қазақ драматургтарының ішінде Бейімбет - емеурін, астарлы мәнді құнттайды. Майлин принципі, әсіресе, комедияға ат қоюдан жақсы көрінеді. «Ауыл мектебі», «Неке қияр», «Жасырын жиылыс», «Протокол», «Көзілдірік». Мұнда астарлау, ишаралау, мегзеу бар.

Наши рекомендации