Кердері Әбубәкір 4 страница

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том. - Алматы: Жазушы, 1995. - 336 б.

2. Қабдолов 3. Көзқарас. Талдаулар мен толғаулар. - Алматы:

3. Әуезов М. Абай Құнанбаев: Монографиялық зерттеулер мен талдаулар. Алматы Құнанбайұлы Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1-том. - Алматы: Жазушы, 1985. - 402 б.

Дәріс № 19-20

Тақырыбы: Қазақ поэзиясындағы ағартушылық ағым. Алаш идеясы

Жоспар:

1. Қазақ ағартушылығының төл әдебиетімізге тигізген әсері, қазақ ағартушыларының ролі.

2. Ағартушылық дәуірдің сатылары.

3. «Алаш» атауының тарихи қалыптасуы.

4. Алаш идеясын насихаттаушылар жайлы.

Тірек сөздер: ұйқы сарыны, ағартушылық ағым, Алаш идеясы,мәдени полицентризм

Бастауын Шоқан, Ыбырай, Абай ашқан қазақ ағартушылығы да өзіндік өзгешеліктерімен бірге, саяси, мәдени және философиялық феноменнің жалпыға тән - типтік белгілерінен тысқары тұрған жоқ.

Қазақ ағартушылығының айырықшаланар бір белгісі - бостандыққа ұмтылған бодан жұрттың арасында жүзеге асып, осыған орай билеуші империя мен бағынышты халық
руханияттарының өзара қақтығысуы және қабысуы арқылы айшықталуы. Африкалық ойшыл Франц Фанон отаршылдық орныққан ортадағы аккультурациялық ситуацияның сатыларын төмендегіше сипаттайды: «Бастапқыда отарланған ел оқымыстысының ассимиляцияға ұшырағандығы, яғни оккупанттардың мәдениетін бойға сіңіргендігі білінеді.

Қазақтың ағартушылық поэзиясындағы бір-бірінен бөлуге болмайтын - өткенді аңсау, ұйқыдан ояну сарындарының өніп-өрбу сыры «Алқа» айқындамасында: «Ояна бастаған ел болған күнін есіне түсірмек. Әдебиетіміз де мынау «Оян!» деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді. Өткен, тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, жасынан елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді...», - деп тарқата түсіндіріледі.

Ағартушы ақындардың өткенді көзсіз, күмәнсіз аңсаудың шырмауынан ақырындап ұзап шығуға ұмтылғандығы да шындық. Мысалы, көшпелілік дәуірді әсірелеп-әспеттеген Әбубәкір Кердерінің дін түрғысынан:

«Кемдігі ол күнгінің канша айтқанмен,

Күніге бес уақыт намаз еді», -

деп сөз арасында сын айта кетуі - соның елеусіздеу симптомы. Ал:

«Еш пайда сағынудан табылмайды,

Болары болып өтіп біткен күнді»

Ғ.Қараш.

немесе

«Жауап сол: өткен дәурен қайта келмес,

Қаншама өкінгенмен, тағдыр көнбес.

Бұл күнгі қарашыл қарт, парашыл би

Өткендер келгенменен, орнын бермес»

М.Дулатұлы.

деген тәрізді мекендік-мезгілдік иллюзиядан ада, салауатты, салиқалы, салқынқанды көзқарастың саралануы ағартушылықтың басқа бір - бертінгі белесіне тиесілі.

Түбірі Дулаттан табылатын («ұйқы басып, сезбедің, Шырмағанын жаудың сырт») ұйқы сарынының әрі қарайғы жетіліп-жаңғыруы да ағартушылар поэзиясының пафосымен қосақтаса қауышады. Поэтикалық тұрғыдан парықтағанда, ұйқы - құлдық құрсауындағы елдің қауқарсыз, қамсыз, қараңғы қалпының бір символы.

Сол себепті Мәшһүр Жүсіп Көпейүлы:

Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,

Айырылмай жақсы менен жаман парқы.

Баласы дін мұсылман, ояныңдар,

Көрінер өз пайдасы жұрттың нарқы, -

десе, Нұржан Наушабайұлы:

Жайлау, қыстау, жерді алып,

Көңілді қылды жаралы.

Ұйықтама, оян, Алашым!

Қолында жоқ заманның

Амал қылар құралы -

деп жұртты ояту жолын өлеңмен өрнектеуді бастап береді.

Бұл ақындарды өзінің рухани ұстаздарынын қатарына қосқан Міржақып Дулатұлы қазақтың азаттық қозғалысының манифесі - «Оян, қазақ!» атты жинағында (1909) ұлтты ұйқыдан түрғызу мәселесін концептуалдық дәрежеге көтеріп, оны құрғақ қиялдан гөрі, нақты білім мен білікке арқа сүйейтін қауырт қимылға құштарлықпен, саяси күрескерлікпен сабақтастырды. Біздің байқауымызша, әдебиеттегі ояну мотивінің күрт күшейіп, жаппай жайылуына 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясынан кейін озық ойлы қауымның ортасында калыптаскан милләтшіл көңіл-күй тамызық болған тәрізді. Расымен, Міржақып кітабының тасқа басылып шыққан мезгілі, М.Әуезовше айтқанда, «қазақ, жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғынып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылык ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді».

Ахмет Байтұрсынұлының атақты «Маса» жинағындағы (1911) жетекші сарындардың бірі де - ұйқы

«Баяғы қалпы,

Баяғы салты,

Бұл неткен жұрт ұйқышыл?!»

«Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзінді оянып».

«Жиған-терген» атты өлеңінде ақын, біріншіден, қазақ халқын терең мызғу мен мүлгуге душар еткен адресатты ашық айтады:

Ұйқышыл жұртты

Түксиген мұртты

Обыр обып, сорып тұр.

Түн етіп күнін,

Көрсетпей мінін,

Оятқызбай қорып тұр.

Обыр болса қамқорың,

Қайнағаны сол сорың!

Екіншіден, ол:

«Оянған ерге

Ұмтылған жерде

Еруші аз да, серік кем», -

деп келесі тауқыметті көлденең тартады.

Ағартушылар «темір тордың ішінде шынжырлаулы жатқан» (Міржақып) қазақты тығырықтан шығарудың ең ұтымды жолы есебінде ояну арқылы - оқуды, оқу арқылы - оянуды ұсынды. Толық тәуелділіктегі жұрт үшін бір сәттік баянсыз бұлқыныс пен қарулы қақтығысқа қарағанда, болашаққа бағдар алған іштей ширығу мен шыңдалудың, түлеу мен толысудың, жаңару мен жетілудің маңыздылығы зиялыларымызды осындай тиянақты тұғырнамаға табан тіретті. Сондағы басты, байқатар қағида: ғылым мен білімді насихаттау. Ұлт тіліндегі мерзімді басылымдардың пайда болуы, әр түрлі саладағы кітаптардың баспа жүзін көруі, оқулықтар мен хрестоматиялардың жарыққа шығуы ағартушылықтың ақпараттық кеңістігін айқындаса, орысша оқудың таралуы мен мұсылманша білім беру жүйесінде жәдидшілдіктің ірге тебуі оның идеологиялық түр-тұрпатына ықпалын тигізді. Қалың ұйқыға қамалған казақ даласының қақпасы бір замат батысқа да, шығысқа да бірдей ашылған болатын; нәтижесінде бұл өлкеде төрткүл дүниені тоғыстырған мәдени полицентризм орын алды.

Халықтың болмыс-бітіміне тікелей байланысы бар кез келген кұбылыстың қадір-қасиеті оған нақты қатер төнген сәттерде ғана шын мәнінде елене бастайтындығын ескерсек, казақ тілінің қайта түлеуіне кесірін тигізетін кедергілердің анық көрінуі де сана-сезімдегі күрт бетбұрысты байқатты. Осының нәтижесінде «қазақ халқының әрі қарайғы мәдени дүниесіне халықтың өз тілі, ұлттық тілі қызмет етуі керек деген идея туады». Тіл тазалығы үшін күрес оны, ұлттық болмыстың ең аяулы, ең ардақты белгісі ретінде жаңаша қабылдауды қалыптастырды. Қазақ ақындарының шығармашылығында бұрын болмаған ана тілі тақырыбыасқан сүйіспеншілікпен жырлана бастады.

1.Қазақ қоғамындағы қалыптасқан тарихи ахуалға сәйкес көзі ашық топтың ортасында көп тілділіктің (араб, парсы, орыс, татар, т.б.) бой көрсетуі;

2.Көп тілділікті дұрыс қолданбаудың салдарынан әдеби, т.б. туындылардың «шолжың», «шүлдір» (Сұлтанмахмүт) сөздермен шұбарлануының жаппай етек жаюы;

3.Қазақ тілінің бұзылып-былғануына қарсы наразылықтың пайда болып, нәтижесінде оны ұлттық мақтаныш-мерейдің ажырағысыз бөлшегі деген танымның тууы.

Одан бергі кезеңдерде де тіл тазалығы ұшін бірде буырқанып, бірде бәсендеп отырған талас-тартыстардың өзегінде сонау қазақ ағартушылығының рухани тәжірибесі мен тағылымы жаңарып-жаңғырып жасап келе жатқандығы күмәнсіз.

Хронологиялық тәртіппен таразыласақ, қазақ ағартушылығының кейінгі саяси бет-бағдарының, сыр-сипатының түрленуі мен толысуына ғаламдык масштабта - бірінші жер жүзілік соғыс, империя көлемінде - 1917 жылғы әлеуметтік төңкерістер, сахара ауқымында - 1916 жылғы оқиғалар бір-бірімен тұтас байланыста түрткі-тәсірін тигізді. Бұл уақыттың ұлт өміріндегі бейне-бедері «Қазақ» газетінің қызмет-қажырымен сөзсіз сабақтас. Өз кезегінде - М.Әуезов тұжырымдағандай - «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиеттің ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас... Жұрттың бәрінің сөзіндегі бір сарын - жалғыз ұлтшылдық сарыны болатын».

Қайраткер-қаламгерлер айналасындағы қандастарының азаматтық болмысына баға бергенде де, бірінші кезекте оларды алашқа жасаған немесе жасайтын қызметіне қарай мінездеді (А.Байтұрсынұлы: «Милләтке кызмет - жүмләңе міндет»; М.Дулатұлы: «Кешегі қара күндерде, Жүлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде, Бүл күнгі көп көсемдер, Сүраймын, сонда қайда едің?!»; Сүлтанмахмүт: «Үштың ба нақақ оққа есіл ерім, Ел үшін еңбек кылған кемеңгерім?! Алаштыңалаш аты жойылмаса, Бір кетпес жау мойнында қаның тегін... Тұра тұр, қоңыздарым, доңыздарым, Ойлаған алашты емес, күндік жемін! Талпынған ерік үшін алашыңа, Қоның дария, сүйегің көпір сенің», т.с.с).

Алаш сөзінің мағынасы «жан алғыш» дегені, оны есіткен соң Ахмет хан «қалмақ бұл атты қорыққаннан қойды, енді қалмақты шапқанда «алашшылап» шабындар деген соң, қазақтар «алаш» деп шауып, сол қазақка ұран болыпты.

«Алаш» атауын бүгінгі зерттеушілеріміздің да айналып өтпейтіні аян. Мысалы, лингвист Р.Сыздыкова оның қолданылу аясын, құбылу арналарын кезең-кезеңімен ашып көрсетсе, жас ғалым С.Қондыбаев «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты кітабында «алаш» сөзінің этимологиясын есте жоқ ескі замандарға теліп, мұның тылсымға толы мағына-мәртебесін күн мифологиясымен сабақтастыра отырып саралайды

Ал этнограф Ж.Артықбаев: «Әр түрлі аңыздар мен деректерді салмақтай отырып, қазақтың ортақ атауы - «алаш көшпелілердің өмір салтынан туындаған идеологиялық символ деуге келеді», - деген пайым жасайды.

Сонымен, Қазақ Ағартушылығы алаш атауына жаңа сапа жүктеп, қатарға қайта қосты, саясат көрігінде суарды. Қарап отырсақ, 1905 жылдан кейінгі ұлттық күрт ояну зиялыларды Алаш идеясының айналасына иіргенін көреміз.

Ахмет Мәметовтің «Алашқа сәлем» (Қазақ, 1917, № 222, 17 наурыз), Нұржанның «Алашордаға», Бейімбет Майлиннің «Алашордаға» (1918, №262/, С.Торайғыровтың « Алаш ұраны»(Сарыарқа, 1917, №21), Ж. Аймауытовтың « Ғаскер өлеңі», «Ұран»(Абай, 1918, № 1,7) шығармаларындағы «Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш!», «Атағын мәңгі қалдырып,Жасасын алаш, жасасын!», «Жарық сәуле ендіретін қазаққа, Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы!», «Жасаған жар болып, Жасасын, сақтасын Алаштың ордасын!», «Өнер тап, өрге шап, қару ап, Аллалап алға бас, ал алаш!», «Жасайды алаш - өлмейміз, Жасасын алаш, жасасын!», т.б. екпінді, ереуілді қатарлар - сол заматтағы халықтық рухтың қағазға қаз-қалпында қатталған көшірмесі.

Бір айта кетерлігі, қазақ поэзиясындағы Алаш идеясының түркішілдік және исламшылдық сарындарымен жең ұшынан жалғасқан сәттері де мол.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің:

Таусылмай толып жатыр арманымыз,

Ерікті болмаған соң мал-жанымыз.

Болмаңыз алты ауызды, дін мұсылман,

Бұл тойдан не боламыз қалғанымыз?

Ынтымақ қылыңыздар бас қосумен,

Мейлің қазақ маған бол, мейлің татар!

Сарт демей, ноғай демей, казақ демей,

Тілек қыл дін мұсылман бірлігіне!

немесе Әбубәкір Кердерінің:

Қазақ, естек, ноғай халық -

Баршасы бірдей кіреді

Мұсылман деген ұранға! –

дейтін өлең өрімдері - осының ұйытқы - ұшқындары, бүлар сол кездегі оқыған ортада жайылған ой-пікірлерден де хабардар етеді.

Мағжан өлеңдеріндегі «қазақ» пен «алаш» этнонимдерінің қолданылу реті мен реңкі әрқилы. Ақын «қазақ» атауын көбіне елдің сорлы, сиықсыз жағдайын суреттегенде жұмсаса, «алаш» арқылы рухтың жандану, жаңару ыңғайын бейнелеп береді. Алаш қозғалысы саясат сахнасынан тайдырылған тұста да Мағжан «алаш» атын аузынан тастаған жок. Кейін Сталиннің жеке пәрменімен жабылатын атақты «Ақ жол» газетінде жарық көрген «Сырдағы алашқа» өлеңі- соның айқын айғағы. Аталмыш туынды - жұртты жездей қақтап, тезге салуға үндейтін үгіт жыры емес, ишара-иірімге құрылған символистік арнау. Өлеңде ұшырасатын, қазаққа қашаннан танымал «отқа табыну», «отқа май салу», «отпен аластау» тіркестері жаңаша контексте жаңғырады. Әуелі қазақтың «атасының отқа табынғандығы, өзінің бірге бағынғандығы» айтылады. Мұндағы от көкті, тәңіріні, Күнді, яғни халықтың ескі таным-түсінігіндегі киелі күштерді кейіптесе, бір дегені жерді, соның қойыны - көрді, демек, рухтың құлап-құлдырауын, жерге жанышталуын рәміздейді («Бір дегенің - жер ғой ол, Жер дегенің - көр ғой ол, Көрді сүйген, өлген ол»). Ұлттың трагедиясы «от-бір» («аспан-жер») қарама-қарсылығы арқылы символистік түрде сипатталады. «Жаны жасып кірлеген» жұртты тазартудың, түлетудің жолы - отпен аластау («Отпен аспанға өрлеген Жаныңды, алаш, аласта...»). Өз жанын өзі отпен аластауға шақыру бұл өлеңнің жан-жүйесінде «тегінді, тарихынды таны, өткендегі өжеттігіңді, өрлігінді ұмытпа, рухынды қайта тіктеп, тірілт» деген талап-тілекпен қабысып жатыр.

Сөйтіп, қазақ ағартушылығының шекпенінен шыққан Алаш идеясы ұлттық руханиятымызда, соның ішінде әдеби әлемімізде сан салалы сипатта көрініп, ғибратты үлгі, ғұмырлы үрдіс қалдырды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қамзабекұлы Д. Руханият: мақалалар мен зерттеулер.-Алматы:Білім, 1997.-272б.

2. Көпеев М.-Ж. Таңдамалы. Екі томдық. Т1.-Алматы:Ғылым,1990.-273б.

3. Наушабайұлы Н. Алаш: Өлеңдер мен толғаулар, тақпақтар мен термелер, айтыстар, мысалдар, аудармалар. Қостанай: «Баспа үйі»ЖШС, 1997.-191б.

4. Әуезов М. Әдебиет тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1991. - 240 б.

5. Жұмабайұлы М. Сырдағы алашқа//ақжол, 1923.-384б.

6. Байтұрсынов А. Шығармалары. - Алматы: Жазушы,1989.- 374 б

7. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. - Алматы: Ана тілі,1993. - 192 б.

8. Артықбаев Ж. Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам. ХҮІІІ ғасыр. - Қарағанды: ҚарМУ, 1995. - 267 б.

Дәріс № 21-22

Тақырыбы:Қазақ символизмі

Жоспар:

1.М. Жұмабаев пен Б. Күлеев – қазақ символизмінің көрнекті өкілдері.

2.Мағжан мен Бернияз шығармаларындағы символизм элементтері.

3.Символистер поэзиясындағы «тәңірі - ғарыш - табиғат - қоғам - адам» бірлігі концепциясы.

Тірек сөздер:символ,тәңірі, ғарыш, табиғат, қоғам, мессиялық (маһдилық) міндет, Аспани Арулық идеясы

Қазақ символизмі аяғынан тік тұра бастаған заматта еуропа мен орыс символизмі толысу, тіпті тоқырау сатыларын өзегінен түгел өткеріп, «жасарын жасап» үлгерген еді. Сондықтан Мағжан мен Бернияз өз шығармашылықтарында символизмнің кемелі мен кемшінін, өміршеңі мен өтпелісін саралап-сұрыптап пайдалану мүмкіндігін иеленді. Олар сара сүрлеуі айқындалған, дайын идеялық-эстетикалық мектептен тағылым-тәрбие алған жырлар жазу мұратына жолықты. Ең бастысы, қазақтың мәдениет бақшасына символизмнің тұқымын сепкенде, оны ұлттық поэзияның ілгерідегі үздік үлгілерімен табиғи будандастыру, терең байланыстыру міндетін мойынға артты.

Осылайша «өз» бен «менді» аспандату жағынан қазақ символистері де ізашарларынан еш қалыспайды. Мысалы:

... Өзім - патша, өзім - казы, өзім - би,

Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?!

... Өзім - тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім - құран, бағынамын сөзіме!..

Мағжан /»Мен кім?»/

Өзім деймін, өзгелерді көрмеймін,

Өзімсіздік, «ай, бауырымға» көнбеймін.

Өзім - патша, өзім - төре, өзім - хан,

Өз ойымды сан сабазға бермеймін.

Бернияз/»Өзім»/

Олар да көненің бетпердесін бұзып, жаңа құндылыктарды жариялауды аңсап-армандады. Мәселен, Мағжан: «Бұзушы да, түзеуші де өзіммін, Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе», - деп айбар танытса, Бернияз: «Қашан, қайда болды ескілік - есте жоқ, Бәрінде де жаратылыс жаңадан», - деп түлеп-тазаруды қалыптағыдай қабылдайды.

Мағжан «Тәңірі» деген туындысында дүниенің нәпақа-несібесінен құр қалған, «не елші - жолбасшысы жоқ, «не жол сілтер кітабы» - Құраны жоқ қазақтың жайын айтып, «бір сорлыны шетке теппей, рақым қыл» деп Аллаға жалбарынса, «Көкшетау» атты өлеңінде мүлде басқаша мінез байқатады. Енді отар елдің ақыны өзінің мойнына мессиялық (маһдилық) міндет жүктеп, аңыз бойынша семит тайпаларын мысырлықтардың тепкісінен арашалап алып, соңынан ертіп ел ететін, ақырында Тұр (Синай) тауына тәңірімен тілдесуге шығатын Мұса (Моисей) пайғамбардың кейпіне кіреді. Өзін Мұсаға баласа, Көкшені Тұрға теңестіреді, ал өлеңін сиқырлы асатаяққа барабар етеді.

«Тәңірінің тілін ұққан» ақын перзенттік саналы парызы - мессиялық (маһдилық) міндетін «Артымда казақ - қалың ел» деген жолмен басталатын «Адастым» атты өлеңінде корыта толғап, осы сапардағы кешкен сергелдеңін, күйреген сенімін, күйзелген сезімін өмір шындығына, заман мазмұнына, дәуір рухына сай жинақтай жеткізді.

«Болар», «Кім бар?», «Ес білгендей болсам да күні кеше...», «Өзім - тәңірі» секілді өлендерінде, сондай-ақ «Жорық» поэмасында тәңірі-тұлға концепциясын бірегей бүтіндікте жырлаған Бернияздың Мағжаннан бір ерекшелігі: ол ақындық сарынына ұлы тарихи қайраткерлерді емес, эпостық шығармалардағы тепсе - темір үзетін, отқа салса - жанбайтын, суға ағызса - батпайтын, жауды жалғыз өзі жеңетін жалаңтөс батырларды серік етті. Басқа бір жағдайларда оның лирикалық каһарманы көбіне-көп өзін әуелі жалғанның күлін көкке ұшырып, содан соң қалауынша қайтадан жаратушы - демиург есебінде сезінеді. «Тәңірі-тағдыр» (Бернияздың өз сөзі) құдіреті бұйыра қалса:

...Қайта бастар ем нұрымды таратып,

Жіберер ем жаңа бір жан жаратып.

Жауыздық не, зұлымдық не - сездірмей,

Беталысын ізгілікке қаратып.

Аспанымнан өзгеше бір нұр төгіп,

Жаратар ем жерге жаңа түр беріп.

Жерім, шөбім, ойым, қырым, мақсұтым

Тұрар еді жаңа түрмен гүлденіп... –

дегенді баяндайтын үзіктер - осының айқын айғағы («He етер ем?»)-

Міне, қазақ символистерінің жаңа қүндылықтар жасау жолында Ницше философиясынан өніп-өрістеген «тәңірі-тұлға», «билікке құштарлық», «аристократиялық индивидуализм» тұжырымдамаларын идеялық-көркемдік тұрғыдан игеріп-иемденіп, рухани-эстетикалық қазынамызға қосу тәжірибесінің кейбір кырлары осындай.

Өздері «жауыз», «жалмауыз» дейтін жалғаннан жеріп, қиялын қияға жұмсап, аңсарын алыстан шолған қазақ символистерінде де балалыққа жүгінетін сәттер жетерлік: «Дала - жұмбақ, бала - жұмбақ», «Өмір - дала, ақын - бала», «Жел - тентек бір бала» (Мағжан), «Жайнаған дала, ойнаған бала...», «Бала мен мал - жер жаны»(Бернияз).

Мағжан «Сырым» атты өлеңінде:

Мен қуансам, жас баладай қуанам,

Мен қайғырсам, орнатамын қиямет,

Жас баламын, тағы да тез жұбанам, -

деп «балалар аралының өкілі» екендігін сездірсе, Бернияз:

Бүгін өлсем, еш арманым болмас ед,

Балалық шақ қайта келсе қасыма, -

деп сәбилік дәуренді ашықтан-ашық идеализациялайды («Зарлық»).

Оның символистік поэзиясындағы «тәңірі - ғарыш - табиғат - қоғам - адам» бірлігін тығыз тұтастықта танып-түйсінуі және Қайта Оралу идеясына беріктігі рухани шәкірті - Бернияз Күлеевтің туындыларынан да табылады; тек екіншісінде мұны түрікшілдік пен шығысшылдық сарындарымен кеңейте көмкеру жоқ. Жалпы әлеумет жайын жырлауда өмірлік нақтылықтан гөрі, жеке көңіл-күйдің тұңғиық қабаттарымен астасулы әлдебір бұлдыр мистикалық бояуға малынған, көмескі, күңгірт бейнелер басымырақ байқалады.

«Арманы көп, дәрмені жоқ жүйрік қиялдың» иесі де өлім тақырыбын жеріне жеткізе толғайды:

От жүрегім күнде өртеніп,

Күл-көмір боп жанғанша,

Көңілім көзі тірілей көр боп,

Ыстық жасы тамғанша...

Өшсе үнім, өтсе өмірім,

Болмас едім арманда.

Бізге маңыздысы, «жаным, тәнім от боп жаралған» («Өзім - тәңірі») дейтін Бернияздың қайта тіріліп, қайта түлеуге иланатыны. Оның мысалдары мына секілді: «Жалғандағы жанғанымды Тәңірім сонда ескерер. Қайта құйып бар қанымды, Жан жаратып ес берер» («От-жалындай өртеп...»); «Жер жүзін, жалған төрін айналармын, Рухпен жаңа түрлі жанданармын»(«Болар»); «Жаным, қаным, есім, ойым өзгеріп, «Мен, мен емес, бұрынғы «мен» өлімін» («Жындымын ғой...»), т.б.

Наши рекомендации