Кердері Әбубәкір 5 страница

Мағжан өзінің «Александр Блок» атты өлеңінде «өмір - өнер» майданындағы мұндай кереғарлықты (идеалдың күйреуін): «Әдемі әйел» - идеал, «Әдемі әйел» - бір қиял, Идеал, қиял - бір сағым, -дей отырып, оған «кемпір-ажал» образын қарсы қою арқылы астарлайды. Ақырында өмір сөнеді, жыр бітеді; тек «Әйелдің» өлеңдегі әсем бейнесі қалады. Ақынның жеңісі де, жеңілісі де осында.

Баршамызға бағзыдан таныс үйреншікті сыр, үрдісті сарын. Үздіксіз қайталанатын қисын. Мағжанның: «Махаббат - бір тәтті у», - деп аз сөзбен көп нәрсені меңзеуі сол себепті (Блокта «сладкий яд» деген оралым ұшырасады).

Мұны біле тұра, Бернияз Күлеев те отқа түсіп өлуге даяр көбелекше: «Жарым - идеал, Барым – қиял. Болсын-дағы, өтейін», - дейді. «Иманым да, арым да - шын махаббат» деп айтатын ақынның «Ғашығыма» атты өлеңіндегі мына жолдар автордың махаббат креодосындағы максимализмді айғақтайды: Махаббаттан жалғанда басқа бар нем? Жүрегімнің дертіне жалғыз сол ем. Онсыз жерде өмірімше ойын-күлкі һарам маған... жас жаным өлгенге тең. Ол болмаса орынды өзге дауа - Тек жас жанның қыршыннан қырқылуы .

Десе де, рухани ағалық-інілік байланыста болған екі ақынның туындыларынан арагідік жолма-жол дерліктей үндестіктер жолығысып жатады. Айталық, Мағжан «Сүйгеніме» атты өлеңінде:

Жандым-күйдім, сені ойлап дамыл көрмей,

Еш жанға сенен басқа көңіл бермей.

Сен - бір жақ, жалған - бір жақ, қатар қойып,

Сені іздедім жалғаннан қолым сермей, -

десе, Бернияз «Айныған аруға» дейтін жырында бұл шумақты:

Ұмтылып жалғыз саган қолым сермей,

Сен үшін сан сұлуды көзім көрмей.

Ермегі жас жанымның жалғыз сен деп,

Жүр едім басқа жанға көңіл бермей , -

деп жаңғырта жазады. Әрине, келтірілген фрагменттегі сезім сырлары мен пішіндік ұйқас-ұнасым өзара тығыз ұштасып жатыр демесек, екі ақынның аталған өлеңдерінің мәтінімен толық танысқанда, олардағы көркемдік шешімдердің әрқилы бағытта көрінетіндігін байқаймыз. Дара,тұтас поэтикалық әлемдерінің түбегейлі айырмашылықтары болуына қарамастан, тұлғалы ақындардың шығармаларында сөз, образ, ұйқас, т.с.с. көркемдік бөлшектердің алыс-беріс, ауыс-түйісті бастан кешіруі аса танданарлық құбылыс емес. Бұл еліктеуден де, саналы мақсаттан да туындауы ықтимал. Мәселен, Пушкин өзінің Анна Кернге арнаған өлеңіндегі «как гений чистой красоты» деген метафоралық тіркесті В.Жуковскийден алса, Лермонтов «Белеет парус одинокий» деген бейнелі жолы үшін декабрист ақын Александр Бестужев-Марлинскийге қарыздар екендігі белгілі...

Білек ортақ болғанымен, одан тарайтын бес саусақтың бес түрлі жаратылғандығы секілді, бір идеялық-поэтикалық арнадан сызашық тартқан ақындардың шығармашылықтары көбіне сыртқы түр-тонына қарай әжептәуір тамырласа туысса да, ішкі белгілері бойынша өзара оқшауланбай тұрмайды. М.Жұмабаев пен Б.Күлеевтің Аспани Арулық идеясының аясынан табылатын ғашықтық лирикалары да дербес сипатқа ие.

Мағжанның жазуында жұмақтың жібек желінен, мәңгі гүлінен, кәусар суынан, қысқасы, тәңірінің дәл өз нұрынан жаратылып, ғарышты мекендеген алмас қанат періште жер бетіне жіберіледі де, жауыз жалғанның нәубеттерінің нәтижесінде ежелгі еркінен, керемет көркінен, кіршіксіз күйінен айырылады («Гүлсімге», «Әйел»). Енді оны өзінің қиядағы төркініне қайтару - мұң (Мысалы: «Бере алмас саған баға өңшең өлік, Көкке ұш, асылыңа қайт, періште бол!»). Затында, бұлай болуы мүмкін емес: көктің есігі жабық. Соған сәйкес, ақын поэзиясында бейнеленетін еркек пен әйел арасындағы тән мен жанның драмалық диалогынан өрілетін қарым-қатынас та (Адам Ата мен Хауа Ана хикаясын еске түсіріңіз)- күнәға белшесінен батқан тұйықтаулы жер жүзіндегі тұрлаусыз тіршіліктің, ащы ақиқаттың бүкіл жағымды-жағымсыз бояуының көлеңке-көшірмесі іспетті қабылданады.

Бернияздың «Ұшпақтағы жарыма», «Жұмақта», «А, дариға-ай...», «От-жалындай өртеп ішті...» атты өлеңдеріндегі тәңірі тұтатын әйел заты - жер былғанышына жанасудан таза тұрған көктің көріктісі, пейіштің перизаты. Бір сөзбен айтқанда: пәк ару. Ақынның лирикалық каһарман - жігіті «нәпсіге еріп, құмарына құрбан болған» төңірегін тастай қашып, жұмақтың төріне жетуді аңсайды; сүйікті жарын сол арадан жолықтыруды армандайды. Жан еркесін көктің хорына, ал өзін ұшпақта жүретін гилманға балайды. Әрі:

Сонда ғана көріп шын ізгіні, Жайланармын «уһ деп дем алып. Жауыз, жалған, күншіл, қиянатшыл Жер жүзіне қайтпан оралып, - дейді. Берниязда тіпті жербауыр сезімдер сөйлеп, тән тояты сипатталатын тұстардың өзі нақты детальдар арқылы емес, әлдебір мистикалық елес, қиялдағы тілек немесе түс кезіндегі оқиға ретінде көрінеді. Оның «Гүләндамға» сияқты нақты адресаты айтылған өлеңдері сирек. «Жоқты сүйген, жоққа күйген Мен - бір есер диуана» дейтін ақын, мысалы, өзі «қияли поэма» деп атаған - астары өмір шындығымен өзектес «Қайда екен?» шығармасында, сондай-ақ «Жердің жүзі жаз еді...» деген көлемді лирикалық туындысында да ғашығының есімін атамайды, тек онымен жолығысқан сәттерін және сүйіктісіне деген ықылас-ынтасын сыр етіп шертеді.

Қазақ символистерінің махаббат лирикасы сол тұстағы әйел теңдігі тақырыбынан әлдеқайда алысқа ұзап кеткендігі көрінеді. Аспани Арулық бейнесі сұлулық пен сүйіспеншіліктің мұраттарын ғана емес, кемел қоғамның, жетілген халықтың, көшпелі адамның идеалын да тұспалдайтын болып шықты.

Сонымен, Тәңірі-тұлға, Мәңгі Қайта Оралу, Аспани Арулық категорияларын қазақтың көркемдік ой-қиялына қосқан ұлттық символистік поэзияның тәжірибе-тағылымы осындай.

Наши рекомендации