Зұлымдық қылып елді жеп
Зұлымдық қылып елді жеп,
Ойладың әбден байырды.
Атану үшін мырза деп,
Кәріпке бердің қайырды.
Құлшылық қылдым деме құр
Қобызға жаққан шайырды.
Жазалы жаның сезіп тұр
Жасырғанмен зайырды.
Құдайға пара бересің,
Ылақ пен қотыр тайыңды.
Жоғалтқандай көресің
Ел жылатқан жайыңды.
Олай емес, шырағым,
Мұның түбі уайым-ды.
Параға берген ылағың
Ар, иманнан айырды.
Елден кешу алмасаң,
Жалмауыздай жалмасаң,
Тәңіріні малмен алдасаң,
Алдыңғы орның дайын-ды!
«Әбден толып жарық ай...»
Әбден толып жарық ай,
Жоғарылап өрледі.
Таласып жарға байқамай,
Нұры кемін көрмеді.
Жар киесі атқан соң,
Секпіл түсті бетіне.
Асылық айтып шатқан соң,
Қаяу түсті шетіне.
Күн сайын кетті шегініп,
Кетіле берді, кетіле.
Ұялып әбден жеңіліп,
Жете алмады ниетіне.
Қабағы ғана қылтиып,
Қара салды бетіне.
Нұрының мінін ол түйіп,
Сонда түсті есіне.
Қармақтай белі бүгілді,
Таласудан түңілді.
Жаны шықты, жығылды,
Таласты екен несіне?!
Ай өлген соң Күн шықты,
Мен жеңемін оны деп.
«Айдан гөрі мен мықты,
Болмады Айдың жолы»-деп.
Біздің жарды көргенше,
«Қап, бәлем-ай, сені?!»-деп,
«Айша кеміп өлгенше,
Тәңір алсын мені»-деп.
Күннің нұрлы бетінде,
Алты-жеті дағы бар.
Уайым сол ниетінде,
Көреді-ау деп тағы жар.
Жарым нұрын шашты да,
Күн бетіне қарады.
Күн ұялып қашты да,
Тым төмендеп барады.
Нұрын сүртіп топыраққа,
Зәресі әбден ұшты да,
Қашарын білмей қай жаққа,
Тығылды жерге түсті де.
Менің жарым қандай жар?! -
Ай өлді де, Күн қашты.
Мағынасын байқаңдар.
Сырлы сөзім сырды ашты.
Кімге келсе бір бәле -
Жар жіберген көлеңке.
Жақсылық болса егерде -
Жар нұрынан бір сәуле.
Бұл әлемнің әр түрлі,
Бөлек емес ешбірі.
Бәрі де жардың бір сыры;
He көлеңке, не нұры.
«Қырық жылдан өтіп жасым...»
Қырық жылдан өтіп жасым,
Ақылым болды сырласым.
Отыз жылдық замандасым,
Иманым - басшы, жолдасым.
Оқи алмай ғылым тілін,
Тұман болып жарық күнім,
Қасықпен аршыдым жылым,
He көрмеді ғарып басым.
Әлемді ойменен кездім,
Перевод малтасын ездім.
Жарымның сәулесін сездім,
Моланың ақтарып тасын.
Қабірден шықты көп нұрлар,
Нұры өлшеусіз сұлу бір жар:
«Деме -деді-ғылымым тар,-
Ерінбесең, мені аласың».
Есім шығып қуанғаннан
Адастым мен ар-иманнан.
Күдер үзіп шыбын жаннан,
Болып тұр иманым - қасым.
Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып,
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын.
Беріп тәңірім тілегімді,
Тазартқан соң жүрегімді,
Деді: «ұстат білегіңді»,
Дедім: «қайда апарасың?»
«Адамзаттың қылар ісін,
Иманын, ары, нәпсісін
Жарамын, көрсетем ішін,
Ниеті мен ішер асын».
Әуелі сопыны сойды,
Жүрегін алдыма қойды.
Көріп ем талай тойды,
Дедім мен «астапыралда!
Қылыпты тасбығын тұзақ
Ілмиген бір момын қазақ,
Буынып, көрген ол азап,
Дедім мен - «астапыралда!»
Сопы мен молдасын жарып,
Көрсеттің алдыма салып.
Кереметін көріп қалып,
Дедім мен - «астапыралда!»
«Құран», «Інжіл» қылып қақпан,
Адам аулап сойып жатқан,
Шапанымен қанын жапқан...
Дедім мен - «астапыралда!»
Біреуді сойды «бұл - пір» деп,
Қиянатты қылып жүр деп,
Жүрегіне қара бір деп.
Дедім мен - « астапыралда!»
Айуаншы лықылықтап,
Мүритін жүр бұғалықтап,
Таңып сәлемдесімен мықтап...
Дедім мен - «астапыралда!»
Алып келіп ақ патсаны,
Бауыздалған шығып жаны.
Жарып, «көрші,- деді,- кәні
Дедім мен - «астапыралда!»
Іші толған адам тәні,
Баласы һәм зорайғаны,
Кейінің шықпаған жаны,
Дедім мен- «астапыралда!»
Ақ жүрек қой дегендерді
Терісін сойды да берді.
Еті - қасқыр, көзім көрді!
Дедім мен - «астапыралда!»
Және сойды би-екемді,
Жедің ғой деп талай жемді,
«Анықтап қара,- деп,- енді»
Дедім мен- «астапыралда!»
Жылан, шаян - жеген жемі,
Көңілге аян пара екені.
Сасыпты жемінің дені.
Дедім мен - «астапыралда!»
Ұлық болған талай мықты,
Қылып жүрген жуандықты,-
Ішінен көп пәле шықты.
Дедім мен- «астапыралда!»
Кедейдің еңбегін жеген,
Жылатқан ол талай неден,
Ісінен сескеніп денем,
Дедім мен- «астапыралда!»
Қиянатшыл арам досты
Басын кесіп, ішін осты.
Ол аузынан боғын құсты.
Дедім мен- «астапыралда!»
Әсер алғыш өнершілді
Алып келіп ішін тілді.
Қиянатын аян қылды,
Дедім мен - «астапыралда!»
Бір саудагер - өсімшіл бай,
Оны сойды аналардай.
Сасығанда шыдай алмай.
Дедім мен- «астапыралда!»
Паралап ол ұлықты алған,
Қиянат пен қосып жалған,
Сомына сом өсім салған.
Дедім мен- «астапыралда!»
Көбімен бір істеген ісім,
Бұрын көрген бұ бір түсім...
Бозарған соң сонан ішім,
Дедім мен- «астапыралда».
«Ақыл құсы адаспай аспандаса...»
Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса,
Жетi көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетедi қармаласа.
Жанның бәрi мендей жар табар едi,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа,
Өлiм маған өмiрден мың есе артық,
Жарға құрбан қылуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндiремiн,
Жаралы жүрегiмнен қан тараса.
Жарды көрген көзiмнен сүймек болып,
Ғажап па тамам айуан анталаса.
Хақиқат жар нұрына қанса бiреу,
Оның жаны өлмейдi балталаса,
Жар нұрының ұшқыны осы ой деп,
Жанған отқа шоқынам жар қараса.
От арқылы жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман кәпiрсiң деп табаласа,
Адамға перiштелер сәжде қылған,
Адамнан жарым артық тым тамаша.
Жалтарып жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, жер жамылып қораласа,
Жер жүзiне қып-қызыл гүл бiтiрем,
Көзiмнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзiме шоқынып жүр,
Су бұраңдап, майысып, жорғаласа,
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма едi,
Бастарын жар сиқыры торламаса.
Көрсе, ерiксiз сайрай ма ақын бұлбұл,
Көңiлiне гүлдiң нұры орнамаса.
Асықсың деп айықтар сөккенiмен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса?
Сау жүрек тесiле ме оқ батпаса,
Оқ орнынан бiздiң ой - шaққан маса,
Айық адам аңғармас iшкi сырды,
Байқайды сол тесiктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек,-
Оңай емес ертерек ойланбаса,
Тәкaппар өзiмшiлдi құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқақтаса.
Сопыларға бiздiң жар бiр қараса,
Жарық нұрмен жүрегiн араласа,
Жанын жан, ескi иманын иман демей,
Байқұстар қалар едi-ау таң-тамаша.
«Шам жардан жарықпын деп күнәлі боп...»
Шам жардан жарықпын ден күнәлі боп,
Сондықтан түскен оның тіліне шоқ.
Айна сенен асылмын»—деген үшін
Дарға асылып, басына қадалған оқ.
Бүтін әлем байланған сиқырыңа,
Мен жындымын асық боп сол нұрыңа.
Шірік иман, шыққан жан арман емес,
Қолымды бір тигізсең бұрымыңа.
Нұрға байсың. Нұрыңнан — зекет, парыз,
Мен кедеймін, нұр сұрап қылдым арыз.
Бір қарасаң, тірілер өлі денем,
Қарамасаң, мойныңда кетер қарыз.
Қызырдың мәңгі суын сия қылып,
Тамам түнді сауыт қын қойсам құйып.
Осы дүние тозғанша жазсам-дағы
Бітіре алман ерніңнің сырын біліп.
Нәресте, жас, күнәсіз күн мен айым,
Етегіңе қол тисе, адаспайым.
Жаратқанның құдіреті толықтығын,
Сенің мінсіз нұрыңнан байыптайым.
Мұны меңіреу табиғат жарата алмас,—
Деймін де терең оймен соны ойлайым.
Сондықтан жан-иманым бір сен үшін,
Мейлің сөк, мейлің ұнат, осы жайым.
Жүз пайғамбар «мұғжиза» көрсетсе де,
Сені көрмей мұсылман бола алмайым,
Сенің нұрың түспеген сопыларды
Бейіске кіреді деп ойламайым.
«Тауық неге шақырар сағат сайын?...»
Тауық неге шақырар сағат сайын?
Дей ме уақыт өткенін ұқтырайын.
Кейде зарлы дауыспен ит ұлиды,
Білемісің, қылып тұр нені уайым?
Гүлді көрсе мұңлы әнмен бұлбұл сайрап,
Айтып тұр ма баянсыз өмір жайын!
Таң бозарса, аспанда құйқылжытып
Әнді неге салады бозторғайың?!
Ғылымдылар тексеріп көрді ме екен,
Әлемнің қиын сырлы осындайын?
Ақылым соның сырын тап деп отыр,
Десем де ой жетпесті мен қумайын.
Саламын сасқанымнан ой-жотаға.
Қыла алмай айуан тілін тіпті пайым.
Бос сайрап, текке ұлиды дейін десем,
Ол дәлелсіз екені ойға дайын.
Әрине, мұнда бір сыр болса керек,—
Дейім де шешу таппай алақтайым.
Әншейін керексізді өлең қылып;
Дегем жоқ ермек етіп бос ойнайын.
Бұл да бір жаралыстың қиын сыры,
Деп едім білгендерден сыр сұрайын.»
Ешкім жауап бермесе бұл сөзіме,
Өзімнің ой-жотамды енді айтайын:
Айуанда да ақыл бар адамдайын,
Десең ойлап ондайдан сыр табайын:
Көңіл көзін аш-тағы ақылға сал,
Құр құлақпен тыңдама, қалқатайым!
Олар деп тұр — ойға алып бір құдайын,-
Зор құдіретін әлемге ұқтырайын.
Құлшылық, намазы мен иманы сол,—
Күнде бір, айында бір, сағат сайын.
Демейді босқа ұлып, тек сайрайын,
Деп тұр ол оз тәңірін сипаттайын.
Нәпсі көзін байлаған адамзаттан
Айуан артық біледі өмір жайын.
Суыр неге қазады таудың сайын?
Жаз жиып қыстық азық қылар дайын.
Қыс болса шала өлерін қайдан білді,
Деді ме азық жастап бір ұйықтайын?
Сондай өмір келерін сезіп тұрған,
Жан сыры ғой, сіздерге байқатайын.
Жаңа туған жас қозы тамақ іздеп,
Енесінің емшегін тапқандайын.
Ұядан ұшқан үйрек бізді алдайды,
Далбырлап, қанат қирап жатқандайын.
Жайын, аңдар үйірге қарамайды,
Есептемей туатын мезгілді айын.
Қысты жердің қояны күздігүні
Дей ме әдейі қардай боп ағарайын?
Көгалдағы шегіртке жасыл болып,
Көрдің бе қырдағысы қоңырқайын?
Осылар өзін-өзі жаратты ма,
Жауымнан түсіммен деп құтылайын?..
Осындай сезімдерді қуа берсең,
Түпсіз терең, сондықтан тоқтатайын.
Ғылымда мұны «соқыр сезім» дейді,
Оны айтқан ғылым — соқыр, олда, оңбайын.
Меңіреуден мақсұт, білім шығады деп,
Бүтін әлем айтса да мен нанбайым.