Жиырмасыншы жылдардаҒы проза 3 страница
Әдебиетке саясаттың араласуы оның көркемдік ерекшелігінен гөрі науқандық сипатының асыра бағалануына әкеп соқты. Сонымен бірге әдеби өмірде сын жанры алғашқы орынға шықты. Және ол алғаш рет жай әдеби жанр емес, коммунистік партияның идеологиялық қаруы ретінде атала бастады.
Қазақ әдебкеті тарихындағы әдеби айтыстардың ең тартысты кезеңі осы жиырмасыншы жылдардың екінші жартысы. Осы кезеңде қаламгерлерді жікке бөлу, оларға түрлі айдар тағу өрши түсті. Әдебиет мәселелеріне арналған мақалалар көптеп жазыла бастағанымен, әдебиетті саясатқа бағындыра сөйлеу үдей түсті. Бұлай болуының бір себебі: 1925 жылы Казкрайкомның жауапты хатшысы болып Ф.И.Голощекин келгеннен кейін Қазақстанның басшы орындарында «жікшілдікпен күрес» деген ойдан шығарылған дау-дамайдың тууы. Әуелгіде «ходжановшылдықпен» басталған күрес Қожанов республикадан кеткеннен кейін Смағұл Сәдуақасов пен Жалау Мыңбаев «жігімен» күреске ұласты. Казкрайкомның әрбір пленумы осындай белгілі бір «жікпен» күреске арналатын да, елдің жағдайы, оның болашағы жол-жөнекей ғана әңгіме болатын.
Бұндай жағдайда әдебиетшілер де өз арасынан «жік» іздеуге тырысты. Ол «жікті» табу өте оңай болатын. Төңкеріс жылдарында «Алаш» партиясымен байланысты болғандардың бәріне «ұлтшыл» деген айдар тағылды. Оларға іштарта қараған, әділетке жүгінген, әдебиеттің болашағын ойлаған коммунистер ондай «әлсіздігі» үшін «оңшыл» деген атақ алды. Ахмет, Міржақып, Мағжандардан айрылған қазақ әдебиетінің деңгейі күрт төмендеп кететінін түсінгенін және сол ойын үнемі ашық айтып отырған Смағұл Сәдуақасов Қазақстандағы Голощекиннен кейінгі екінші басшы болғанына қарамастан, қатты қуғынға ұшырады. Әбдірахман Байділдин, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқановтар өз мақалаларында оның «ұлтшылдармен» байланысына тоқталмай өтпейтін. Ал Смағүл Сәдуақасов Қазақстандағы басшылық орындарынан кетуте мәжбүр болған кезде бұл сыншылар оны тұп-тура «ұлтшылдардың» қатарына қоса салды.
Саясат қалай құбылса, әдебиеттің де солай қүбылуға тырысатыны осы жиырмасыншы жылдардын, орта шенінен басталды. Бұның басты себебі: саясатқа да, өнерге де өзіндік жеке көзкарасы бар үлкен жазушылардың әдебиеттен де, қоғамдық емірден де күшпен аластатылуы еді.
Бұл кезде Қазақстанның баспасөз органдары Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек шығармаларын басып шығаруды мүлдем тыйып, оларды жан-жақтан жасалып жатқан шабуылдан қорғану мүмкіндігінен айырды. Қаншама саяси айыптар тағылып жатса да олардың я өздерін қорғап, я қойылған айыптарды жокқа шығарып жазған мақалалары кездеспейді.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында «ұлтшыл» атанған ақын-жазушылар әдеби ортадан жасанды түрде күшпен аластатыльш, коммунист-жазушылар әдеби дамудың негізгі қаһарманына айналды. Бірақ олардың арасында да көзқарас бірлігі болған жоқ. Өйтқені «жікшілдік ауруы» бұлардың арасына да түскен еді. Олар енді өз арасынан «ұлтшылдар» іздей бастады. Бұған дәлел ретінде сол кезде шыққан бір-екі мақаланың атын атауға болады: Ғаббас Тоғжанов: «Против национализма, обывательщины и комчванства в казахской литературе и критике» («Советская степь». 1928, 11, 12 апреля). Сәкен Сейфуллин: «Неонационализм под красной маской. На идеологическом фронте в Казахстане». («За партию», 1929, № 7-8). Ғаббас Тоғжанов өзінің әріптестері Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқанов шығармаларынан ұлтшылдық, тоғышарлық сипаттар іздесе, Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиетінде ұлтшылдық сарынның етек алып бара жатқаны туралы айтты. Бұл сол кездегі әдеби айтыстың ең бір шиеленіскен тұстары еді.
25-26 жылдардан басталып, 30-жылдарға дейін созылған «Көркем әдебиет туралы» айтыстармен таныса отырып, сол кездегі сынның деңгейін де, қаралған мәселелердің салмағын да, жалпы әдебиеттің хал-ахуалын да айқын аңғаруға болады. Аталған айтыс кезінде көтерілген жайлар жөнінде осы айтыстарға қатысқан Ыдырыс Мұстанбаев былай деп жазды: «Осы күнгі әдебиет айтыстарымыздағы талас мәселелер: 1) Ақын кім? Ақынды қалай бағалау керек? 2) Ескі мұраларды қалай пайдалану керек? Кімнен үлгі алу керек? 3) Осы күнгі ақындарымызға үйрену керек пе, жоқ па? Олардың қандай кемшіліктері бар? Жолбикелер кім? Олармен арамыз қандай болу керек? («Біздің таластарымыз», «Жаңа әдебиет», 1928, № 5-6). Әрине, айтысқа қатысушылар осы мәселелермен ғана шектеліп қалған жоқ, бірақ негізгі айтылған пікірлер осы мәселелер төңірегінде өрбігені рас.
Айтыстың бірден жанданып, қуат алып кетуіне Сәбит Мұқановтың 1926 жылғы 14, 15 октябрьде «Еңбекші қазақта» жарияланған «Көркем әдебиет туралы» деген мақаласы себеп болды. Автор өз мақаласында бірнеше өткір мәселені күн тәртібіне қойды. Ол салған жерден Қазақстанның автономия алған алты жылында әдебиет саласында не істедік деген сауал кояды. «Жоқ» дегеннен басқа жауапты кімнің де болса бере қоюы қиын», деп оған өзі жауап берді.
Сол кездегі әдебиеттің жалпы жағдайына шолу жасай келіп, ол еңбекші шаруадан шыққан жазушылардың қатары көп емес екенін, барының жақсы жазып кетуге білімдерінің аздығы кедергі келтіріп жүргенін айтады. Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар сияқты оқуы мол, әдебиет заңына жетік жазушыларға қоятын шартты бұларға қоюға болмайтынын ескертеді. Мақаланың бұл жағы, әрине, әдебиетте қалыптасқан шындық жағдайды меңзеп тұр. Алайда, сыншы Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар сияқты сол кездің өзінде-ақ кеңінен танымал жазушыларды қазақ әдебиетінің санатына кіргізбеуге тырысады. Автономия алған алты жыл ішінде Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлардың әлденеше кітаптары жарық көрді. Және олардың бәрі қазақ әдебиетінің ең үлкен табыстары екені анық. Бұның бәрін мойындамай, қазақ әдебиетін тек қана еңбекшілер арасынан шыққан жазушылар ғана жасауға тиіс деген тұжырымды айтқан жалғыз Сәбит емес-тін. Бұл - сол кездегі саясат негізінде қалыптасқан түсініктердіц бірі еді.
Шынтуайтына келгенде «ұлтшыл» емес жазушылар да осы кезде өндіртіп жүмыс істеген жоқ па еді? Осының бәрін жоққа шығарып, «әдебиет жоқ» деп айту, осы айтысқа кейін қосылғандардың қарсылығын туғызды. Әсіресе, Қошке Кемеңгеров Сәбиттің бұл айтқандарын батыл сынады: «Сәбит өңгені көрмесе де Бейімбет пен Сәкенді көруі керек еді. Басылған пьесаларды, газет-журналдағы өлеңдерді, әңгімелерді көруі керек еді. «Қартқожа» сияқты романды көруі керек еді. Осының бәрі алты жылдың жемісі емес пе?» («Көркем әдебиет туралы», «Еңбекші қазақ», 1926, 1 декабрь)» деп жазды.
Қарсыластардың тағы бір келіспеген тұсы - Сәбиттің Мағжан туралы айтқан пікірлері. Жалғыз Сәбит емес, қазақ жазушыларын ұлтшыл, жолбике және коммунист жазушылар деп тап-тапқа бөлу сол кездегі әдебиет айналасында жүрген «белсенділердің» негізгі ұрандарының бірі болатын. Бірақ солардың арасында Сәбиттің үні жарқынырақ естілетін. Оның мына бір сөзіне көңіл қоялық: «Біздің үстіміздегі дәуір күрес дәуірі, мылтық алып күреспегенімізбен, пікір жүзіндегі күресіміз әлі қойылмайды. Қазақтың өз ішінен шыққан. «Алашорда» партиясы бар. Оның мүддесін аянбай қорғайтын Мағжан сықылды ақыны бар. Олар қағаз жүзінде жоғалғанымен, әлі өліп біткен жоқ»1. Бұл үзіндіден Сталин тұсында кеңінен таратылған басты идеологиялық қисындардың бірі - «социализм орнаған сайын тап күресі де күшейе түседі» деген талайлардың түбіне жеткен, ойдан шығарылған тұжырымның салдары еді.
Жоғарыда айтылғандай, баспасөзде Мағжанды қаралайтын әр-түрлі мақалалар, пародиялар, «сәлемхаттар» жарияланып, ақынды әдебиеттен аластау үшін неше түрлі әрекеттер жасалынды. Смағұл Сәдуақасов басқарып отырған «Еңбекші қазақ» пен Молдағали Жолдыбаев басқарған «Жаңа мектеп» журналы болмаса, басқа баспасөз органдары Мағжан шығармаларын басуды мүлдем доғарған болатын. 1927 жылы бұл басылымдар да Мағжанмен қатынасын үзді. Міне, осындай жағдайда «қағаз жүзінде жоғалғанмен, әлі өліп біткен жоқ» деп жазу, сыпайылап айтқанда, жығылғанға жұдырық еді.
Сәбит Мүқановтын. Мағжан туралы айтқандарын Қошке Кемеңгеров те, Смағүл Сәдуақасов та мүлдем қабылдамайды, оны орынсыз айтылған теріс пікір деп ұғынады. Қошке: «Мағжанның 4-5 өлеңін кесе көлденең тарта берудің жөні жоқ. Мағжанның ол өлеңді жазуында тарихи себеп бар шығар»,- дейді. Смағұл: «...тоғыз жыл төңкеріс Мағжанға текке кеткен жоқ. Оған куә - оның соңғы жазғандары. Мағжанды қайтсе де жақсылайын деген ойдан мен, сірә, аулақпын. Бірақ барын бар, жоғын жоқ деу керек. Мағжанды күйдірсек, біз барына күйдіреміз. Қайткенде де мен «Мағжанды» доңыздатып, қоңыздатушыларға» қарсымын. («Әдебиет әңгімелері», «Еңбекші қазақ», 1927, 15-16 февраль).
Сәбиттің тағы бір талас тудырған пікірі: ақын туа болмайды, жүре болады. Ол былай деп жазды: «Осы күнде «күшті ақын» деп көкке көтеріп жүрген ұлтшыл жазушы, ақындар осы қальштарымен туған жоқ. Міржақыптың «Оян, қазағындай», Мағжанның «Шолпанындай» кеже өлеңдерді біздің кедейден көтеріліп келе жатқандарымыздың қайсысы болса да жаза алады»1. Міне, осы сияқты әдебиет пен оның көрнекті өкілдері жайындағы үстірт пікірлер, әдебиетті қарапайым тірліктің күнделікті шаруасына балап, тым қарабайырландырып жіберуі басқа сыншылардың айтысқа батыл араласуына! әсер етті. Қошке: «Оян, қазақ» пен «Шолпанды» Сәбиттің «кеже» деп сынауы диалектикаға жатпайды. Нені болса да орнына, заманына, тарихи жағдайларға қарай бағалау керек. «Оян, қазақ» пен «Шолпан» шыққанда жазба әдебиет қандай күйде еді? Отаршылдық қандай еді? Мұны Сәбит ескермейді», - деп жазды. «Көркем әдебиет туралы» деген бұл мақаласын Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров Сәбиттің осы аттас мақаласымен пікір таласын тудыру үшін жазған. Ол ең әуелі Сәбиттің «қазақта көркем әдебиет жоқ» деген пікіріне қарсы жоғарыда келтірілген дәлелін көлденең тартса, онан соң сол кезде үлкен мәселе ретінде қойылып жүрген пролетариат әдебиеті туралы толғамдарға ойысады.
Осы жерде мынандай тарихи анықтама бере кеткен жөн. Мәскеуде Пролетариат жазушыларының бүкілодақтық ассоциациясы (ВАПП) құрылғаннан кейін 1926 жылдың маусымында Қазақстанда да осы тектес ұйым - ҚазАПП қүрылған болатын. Кеңес өкіметі түсындағы бүкіл 70 жылдық тарихымыз осындай фактілерге толы: Мәскеуде қандай сөз айтылса, соны қайталай қоямыз (1937 жылы «халық жауларын» ұстау науқаны әуелі Мәскеуде басталып, Алматыда жалғасын тапты ғой. «Бізде ондайлар жоқ»,- деп айта алмадық). Міне, осындай жоғарыға еліктеп құрылған үйымның бірі - ҚазАПП қазақ жазушыларының жік-жікке бөлінуіне, топ-топ болып бір-бірімен айтысуына себеп болды.
Осы бір пролетариат әдебиеті атанған жаңа ағым қазақ әдебиетінде пайда болды, оның алдағы жайы сол кездегі тартысты мәселелердің біріне айналды. Бұған назар аудара келіп, Қошке Кемеңгеров А.Луначарскийдің мына сөзін алға тартады: «Өнер - мәдениеттің бір бұтағы, мәдениет - шаруашылықтың бір бұтағы. Әдебиет - өнердің бір саласы болғандықтан, түптеп барғанда шаруашылыққа байланысты». Осы пікірді негізге ала отырып, ол пролетариат әдебиетінің қазақ әдебиетінде маңызды орын ала алмай отырғандығы жөнінде былай деп жазады: «Әдебиетте жаңа ағым туу үшін- өндіріс қатынастары өзгеру керек. Өндіріс қатынастары өзгерсе, салт-сана да өзгереді, жаңа әдебиет ағымдары шығады. Осыны негізге алып, қазақ әдебиетінің тарихын шолып өтсек, пролетариат әдебиетінің қазақ елінде дамымай, жатқан себебін білеміз». Бұл жерде Қошке Қазақстанда пролетариат әдебиетінің шын мағнасындағы әдеби ағым ретінде көзге түсе алмай отырғандығын, белең алып кетуіне әлеуметтік-экономикалық негіздің әлсіз екендігі туралы айтып отыр. Бұндай негіздің жоқ екендігін көре тұра «бізде пролетариат әдебиеті бар, ол әдебиеттегі негізгі күшке айналуға тиіс» дейтін Сәбитке берген жауабы еді.
Сәбиттің «ұлтшылдық бағыт» деп атайтын әдеби ағымы туралы да Қошке өз пікірін білдіреді. Ол ұлтшылдықты тудырған отаршылдық екенін айтады: «Бері келе қазақ елінің жері кетіп, сауда капитализмінің уысына түскен соң, ру билігі жоғала бастады. Егіншілік басталды. Салт-сана өзгере бастады. Сонымен, отаршылдыққа қарсы ұлт әдебиеті туды. Ұлт әдебиетінің 17 жылдық дәуірі бар». Қошке Кемеңгеров үлтшылдық әдебиет демей, ұлт әдебиеті дейді. Бұл жердегі 17 жыл деп отырғаны жиырмасыншы ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірі, отаршылдыққа қарсы батыл бас көтерген Ахмет, Міржақып, Омар, Мағжан дәуірі.
С.Мұқановтын өлеңде үгіт мол болу керек, сондай-ақ үйрену, талаптану арқылы да ақын болуға болады деген және т.б. сол сияқты тұжырымдарын Қошке дәлелді пікірлерімен жоққа шығаруға тырысқан: «Сәбиттің ойынша ақын техник: үйренумен, атақты жазушылардан үлгі алумен суретші болатын көрінеді. Мен де (мақтанып жіберейін) бір қазақтың баласындай орыс әдебиетімен танысып, өлең жазу әдісін де білемін, бірақ қанша тырбансам да Мағжандай бола алатын емеспін», деп жазады ол.
Қошке өз мақаласында бүдан басқа да бірнеше мәселеге тоқталып өткен. Соның бірі: үйым мәселесі. Жазушылар ұйымына кімдер кіру керек, кімдер кірмеу керек? Бұл да сол кездегі айтыс тудырған мәседелердің бірі еді. Сәбит бұрынғы оқығандар арасынан шыққан қаламгерлердің жазушылар үйымына кіруі туралы мүлдем әңгіме қозғамайды да. Ал Қошке болса, қазақ жазушылары бөлініп-жарылмай-ақ бір ұйым болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет қылса, қазақ әдебиеті тек кана ұтар еді деген ойға тоқтайды: «Әзірге қазак әдебиетінде 2 ағым бар: біреуі - кедейшілік, екіншісі - бұқарашылық. Осы екі ағымдағы жазушылар, ақындар негізгі пікірлері түгелмен қосылмаса да, бір ұйым жасаса, ортақ журнал, термелер шығарса, жұмысы аса жемісті болар еді». Қошке Қемеңгеров жікке бөлінудің қазақ әдебиеті үшін зиянды құбылыс екенін айта келіп, шығармашылық өнердегі саясатшылдықтың да жемісті бола бермейтінін айтады. Сол кезде әдебиетте белең алған бір құбылыс - саяси ұрандарды әр шығармаға тықпалай берудің де ақындыққа жатпайтынын батыл айтқан. Ол саяси сауаттылық пен ақындық өнердің бір-бірімен үнемі қабыса бермейтінін де ашық көрсеткен. «Егер марксшіл суретші аптекте дәрі өлшегендей программа баптарына сәйкес жазуды ойласа, ондай шығарма бір бет болады, сурет ісі жойылады, сөз музыкасының келісімі бұзылады, үгіт жағы сорайып тұрады, мұндай шығарма өнер жолымен әсер бермейді. Мұндай шығарма қыздырып, еліктіріп әкете алмайды. Ондай суретшіге біздің айтатынымыз - білімді, марксші бол, еңбекші бол,еңбекшілермен оттас бол, бірақ жазған кездерде өз жүрегіңмен бол, талантыңа бағын», - деген А.Луначарскийдің сөзін келтіре отырып, Қошке: «Ел кедейін жандандыру, саналандыру үшін «кішкене үгіттен» де көркем жазу тиімді» деп атап көрсетеді.
Қошкенің бұл мақаласы пікір таласын онан әрі қыздыра түсті. Осы мақаладан соң іле-шала Сәбиттің «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірім» («Қызыл Қазақстан», 1927, № 1) атты мақаласы жарық көрді. Бұнда Сәбит Қошке қойған сұрақтарға жауап беруге тырысқанмен, ол мәселеге көше қойған жоқ еді, қайта бұрынғы пікірлерін жаңа мысалдармен дәлелдей түскісі келді. Әсіресе жазушыларды топ-топқа бөлуде, әдебиеттегі ағымдарды белгілеуде ол жаңа қырынан көрінді, Сәбит Мұқанов бұл жолы қазақ әдебиетінде үш ағым, үш бағыт бар екенін көрсетеді: 1) Еңбекшілдік бағыт, 2) Кеңес өкіметіне қарсы бағыт, 3) Шөре-шере. Бұл үш бағыттың ішінде ол «Кеңес өкіметіне қарсы бағытқа» кеңірек тоқталады: «Егерде тап тілегі қозғалса, байға ауып жүре береді, коммунистік партияны, кенес өкіметін қазақтың ел болуына бегет деп сандырақтайды. Бұл бағыт әлі жойылған жоқ деп түсінемін» деп жазады. Сәбиттің меңзеп отырғаны Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлар. Олар бұл кезде өз алдарына жеке әдеби бағыт болмақ түгіл, шығармаларын газет-журналға бастыра да алмайтын. «Бұл бағыт әлі жойылған жоқ» дегенде С.Мұқанов олардың бұл дүниеде әлі тірі жүргеніне ренжитіндей, әйтпесе 27-28 жылдарда ресми орындар олардың рухани өміріне тыйым салып қойғанды. Қошкенің қайсыбір орынды пікірлерін мойындаудың орнына, оған қарсы дау айтылған. Қошкенің бүкіл қазақ жазушылары бір ұйымға біріге алады деген пікіріне Сәбит үзілді-кесілді: «Бірақ Мағжандар, Қошкелер бізбен бірігер ме екен?! Жоқ, олармен біріге алмаймыз», деп жауап береді.
Сәбиттің, бұл екінші мақаласынан соң көркем әдебиет төңірегіндегі айтыс бұдан да қыза түсті. Енді бұған Қазақстан басшыларының бірі Смағұл Сәдуақасов, өлкелік партия комитетінің жауапты қызметкері Шаймерден Тоқжігітов, ірі кеңес қызметкері Ыдырыс Мұстанбаевтар қатысты. Бұлар әдебиет мәселелеріне бұрыннан да араласып жүрген болатын. Айтыс кезінде көтерілген мәселелер қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқының болашағына үлкен әсер ететіні сөзсіз еді. Міне, осы жауапкершілікті жақсы сезінген бұл сыншылар айтысқа батыл араласып, көтерілген мєселелер төңірегінде өздерінің ойларын ортаға салды. Айтыс барысында күн тәртібіне қойылған күрделі мәселенің бірі - «ұлтшыл» атанып жүрген ақын-жазушыларға деген көзқарас. Бұл жалпы осы айтыс кезінде ѓана емес, өлкелік партия комитетінің сол кезде өткен 5-6 конференцияларында да көтерілген мәселе болатын. Бүкіл қазақ қауымының көз алдында тұрған іс. Сондықтан да айтысқа кейін қосылған сыншылар мәселенің осы жағына баса назар аударды. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов бұл жөнінде ашықтан-ашық: «Жүсіпбек пен Мұхтарды жоқ қылу осы күнгі қазақ әдебиетінің бір қолы мен бір аяғын кесіп тастаумен бір есеп» («Әдебиет әңгімелері», 1927, 15-16 февраль), деп жазды. Ол бұл жазушылардың кемшілігі жоқ, періште жандар деуден аулақ, бірақ олардың қатесін көрсете отырып, қатесімен күресе отырып қазақ әдебиеті үшін пайдалану керек деген пікірді айтады. Ал Смағұлдың Мағжан жөніндегі пікірі жоғарыда айтылды.
Смағұл Сәдуақасовтың ұлт, ұлтшылдық туралы түсінігі де басқалардан мүлдем өзгеше. Ұлт деген сөздің өзінен шоши бастаған кезде, оның мына сөздері тосын естіледі: «Ұлт сезімін жинап, әр халық өзін-өзі ұлт деп танушылық капитализмнен құтылуға қару болса, болашақта социализм орнату жолында да үлкен керек қару. Қазақ елі социализм жасауға кірісіп, мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып алуы керек».
Бұның өзі ұлтшылдық пікірде деп жүрген жазушылар туралы жаңа, әрі батыл көзқарас еді. Алайда, Смағұл Сәдуақасовтың бұл пікірімен ол кездегі қазақ өкіметінің басындағылар, әдебиет айналасындағы «белсенділер» санасқан жоқ, қайта сол айтқандары өзіне көп ұзамай-ақ соққы болып тиді.
Смағұл Сәдуақасовтың ендігі бір көңіл қойған тұсы - әдебиеттегі таптық принцип. Ол қазіргі әдебиет еңбекші табының әдебиеті болуы керек екенін мойындай отырып, сонымен бірге ол жалпы адамзат баласының игілігіне жұмсалу керекдеген пікірді айтады: «Қазақ әдебиетінің сыртқы сипаты қазаққа ұқсаса, ішкі мазмұны жалпы адам баласының қызметіне жасалу керек. Жалпы адамшылық қызмет еңбекші таптың тілегімен қабысады». Смағұлдың бұдан басқа да ұлт, ұлтшылдық, ұлттық сарын жөнінде айтқан пікірлері әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Тіпті бүкіл жетпіс жыл бойғы «ұлтшылдықпен күрес» атты даңғаза шудан құлағы тыныш бола бастаған қазіргі ұрпақ үшін де бүл сөздердің мәні зор.
Смағұл өз мақаласында осы айтыстарға белсене араласып жүрген Сәбит Мұқановты да ұмытпайды. Оның кейбір ұшқары пікірлеріне тікелей жауап та береді. Ал жалпы алғанда осы мақала Сәбит Мұқанов мақалаларының бүкіл рухын жоққа шығаруға арналған. Бір ғана үзінді келтірелік: «Сәбит «Еңбекші қазақта» жазған мақаласында «біз орыс әдебиетінен ғана үлгі аламыз» дейді. Орыс әдебиетінен үлгі алу керек, бірақ өзіміздің қазақтың тарихынан да жиренуге болмайды. Қазақ тарихы бізге үлкен үлгі. Осыны түсінсе, Сәбиттің есуінде сөз жоқ, түсіне алмаса, жасына жетпей шал болып, құр айқаймен қалғаны». Бұл сөздер жалғыз қазақ әдебиетіне ғана емес, бүкіл қазақ тарихына, оның болашағына, қазақ халқының тағдырына қатысы бар сөздер еді.
Бұдан кейін айтысқа араласқан Ыдырыс Мұстанбаев өзінің «Көркем әдебиет туралы» («Қызыл Қазақстан», 1927, № 2) атты мақаласында ә дегеннен «Қазақ елінің көркем ұлт әдебиеті қашаннан басталды?» деген сауал қояды да, бұл жөнінде пікір айтқан Сәбитке де, Қошкеге де қарсы шығады: «Ұлт әдебиеті 17 жыл өмір сүрді» деген Қошкенің сөзіне де, қазақ әдебиетінің тарихы жүз жыл бұрын басталды деген Сәбиттің сөзіне де қосылмайды. Ол нағыз ұлт әдебиетінің тууын Абайдан бастайды. Орыс әдебиеті Пушкиннен басталса, қазақ әдебиеті Абайдан басталуға тиіс деген қорытындыға келеді.