ЖылдардаҒы Әдеби сын 2 страница

Сыншы «Бәйбіше - тоқал» трагедиясының идеясын 2-бөлімде барынша публицистік екпінмен баяндап, шығарманың шын мақсатын ашуда білгірлік танытып отырады. Негізгі айтпағына жетер жолда бүкіл қазақ түрмысына, әсіресе елді әлекедей жайлаған партиягерлікке тоқтап, трагедияның идеялық ауқымын кеңітіп, қазақ ішіндегі алауыздықтың түп тамырын терең қазады. Бейсембі мен Әбділда образдарының сүбелі де сұсты болуын, бүкіл шығарма тетігін осы екеуінің іс-әрекетінен таратуы сыншылық қабілетін айқын танытады. Қайғылы халдің туып, өсіп, ер жетуі қазақ тұрмысының шындығымен (дейс^вительность) нық байланысты. Сондықтан М.Әуезовтің бұл әсерін (шығармасын Т.К.) алдымен шын қазақ тіршілігінен алынған, қазақ өмірінің ең бір қараңғы, жіңішке, терең жағын суреттеуден болған әсер деп білеміз» («Сана», № 2-3, 1923) деп қорытады да, жазушының алдына қойған мақсатына қалай жеткенін, драматургиялық шарттарды қалай шешкенін, өмір шындығын көркемдік шындыққа үйлестіре білгенін, қалған образдардың қалай шыққан-шықпағаны жайында бір-қыдыру білімділік танытады, көркем шығарманы талдай білудің жол-жобасын көрсетеді. Әрине, айтқанының бәрін түгелдей қолдай бермегенмен, автордың эстетикалық сауаты мол екенін анық аңғарамыз.

М.Әуезов шығармалары төңірегіндегі ой-пікір негізінен көркемдік шеберлік арнасынан шығып, реалистік және трагедиялық туындыларды қалай оқу, түсінумен ғана шектелмей, оны жасаудың айла-амалдарын танып, насихаттаудың өнікті бір саласы болғанын, қазақ әдеби сынының эстетикалық өңірге бет алғанын байқаймыз. Сонымен, қазақ әдеби сынының жанрлық жағынан қалыптасуға бет алған шағында жеке дарындар ерекшеліктеріне, әдебиеттен алар орнына, көркем туындылардың деңгейі қандай өреде екендігіне назар аудару барысында Сәкен, Мағжан, Мүхтарлардың ғана емес, басқа да ақын-жазушылардың жалпы бағдарын айқындап алуға жағдай жасалды. Және жеке дарындар төңірегінен өрбіген ой-пікірлер қоюлана келе, шығармашылық өрісті айқындау арқылы үлкен істерді шешуге тиісті болды. Қазақ әдебиетінің болашағы кімдердікі, ол қандай көркемдік әдісті басшылыққа алуға тиіс деген дәуірлік мәселені шешу қазақ әдеби сынына жүктелді, оның келешек өресін айқындаудың бір саласы болды.

20-жылдардың 1-жартысында қазақ әдеби сыны өзінің идеялық-эстетикалық өресін айқындау үшін талай талпыныс жасағаны, әр түрлі өңірге жарығын түсіре бастағаны сол кезде жарияланған көптеген мақалалардан анық байқалады. Оларды топтамай, тақырып бойынша іріктемей, шыққан мезгілдеріне карай шолатын болсақ, онда С.Сейфуллиннің «Әдебиет һәм оның бағыттары», «Асау тұлпар туралы», А.Сегізбаевтың «Халық һәм әдебиет», «Халық әдебиеті туралы», Ж.Сыздықовтың «Сынға мін», М.Дәулетбаевтың «Қазақ һәм музыка», «Театр жайынан», М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», М.Жұмабаевтың «Ақан сері», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев», Желкектің «Театр һәм тұрмыс», Т.Рысқұловтың «Кеңес үкіметі тұсында мәдениет қандай болу керек?», Ғ.Тоғжановтың «Сын беріліп тұрсын», «Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді, Жүсіпбек не дейді», С.Мұқановтың «Ыбырай һәм халық әдебиеті», «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер», Б.Кенжебаевтың «Абай», С.Сәдуақасовтың «Бейімбет өлеңдері», Ж.Сәрсенбиннің «Көркем әдебиет туралы», С.Баймахановтың «Жастарды тәрбиелеудің қаруы - әдебиет», Д.Бабасұлының «Әдебиет жайынан» деген сияқты жалпылық және даралық сипаты бар дүниелерді атауға болады.

1925 жыл қазақ әдебиеті үшін өтпелі жыл болды. Бүкіл қазақ жерінің қосылуы, енді екі дай болмай қазақ мәдениетін өркендету жолында зиялылардың тоғысуы, әдебиетті идеологиялық қару ғана емес, эстетикалық таным-білік арнасы дейтін түсінікке ойыстыру талаптары қым-қуыт пікір таласын туғызды. Төңкерістен кейінгі даралық көңіл-күйлер мен талқылаулар ұйымдық коллективтік сипат ала бастады.

Орыс әдебиеті майданында толып жатқан әдебиет-көркем өнер ұйымдары жетекшілік рөлге таласып, тартысып жатқанда Қазақстан өнерпаз күштерінің басын біріктіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мемлекеттік жұмыстан қолы босаған, Социалистік академияда оқымақ ниеті жүзеге аспаған С.Сейфуллин жаңадан өсіп келе жатқан жас күштерді біріктіріп, шығармашылықты өркендетуге мүмкіндік беретін және алашшылдар ықпалынан сақтандыратын жазушылар ұйымын құру үшін РААП және «Кузница» бірлестіктерімен байланысып, екеуінің платформасынан қазақ кеңес жазушыларына оңтайлы бағыт-бағдар жасауға кірісті. Оны өлкелік партия комитеті қолдап, 1925 жылы 12 маусымда ҚазАПП-тың (қазақтың пролетар жазушыларының ассоциациясы. - Т.К.) ұйымдастыру бюросы Сәкен, Әбдірахман Байдилдин, Б.Майлин, Н.Феоктистовтан құрыльш, бірден іске кірісіп кетті. Жер-жерде жас жазушылардың ұйымдары құрылғанда тіпті коммунист партия мүшелерін өз қатарына тартпаған кезі де болды. Осыны байқаған алашшылдар М.Жұмабайұлының ұсынысымен «Алқа» атты жазушылар қауымын ұйымдастырмақ болды.

Қазақ әдебиетінің өтпелі дәуірінде кандай көркемдік мәселелерге назар аударылды, оған кім қандай жауап берді, негізгі көздеген мақсат не еді, ол қандай шешімін тапты, әдебиеттің болашағы кімдікі, басшылыкқа алар көркемдік әдісі қандай болмақ дегендердің айрықша мәнділерін тарата әңгімелесек, жол-жөнекей көп мәселенің шетін көтере кетеріміз сөзсіз. Сонда қазақтың эстетикалық өресі де, сол кездегі ой-пікір таласының себебі де, кім не үшін күрескені де, онан кейінгі айтыс-тартыстардың қалай өрбігені де айқындала түспек.

Сонымен, қазақтың сыншылық ойына атой салып, дүр сілкіндірген саяси-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық сауалдарды тізе баяндасақ, өтпелі дәуірдің біраз шындықтарын ашатын демократиялық ой-сыңайдан хабардар боламыз.

Төңкерістен бұрынғы қазақ әдебиетінін бағыты, рухы қандай еді? Енді қандай болуы керек?

Төңкеріс әдебиетке қандай олжа салды?

Қазақта төнкерісшіл, тапшыл ақын-жазушылар бар ма? Болса кімдер? Тапшыл ақындар жоқ болса, себеп не? Қашан болады?

Әдебиеттің ұлтшылдық жолы қашан қаланды?

Қазақ әдебиетінің орыс әдебиетінен өзгешелігі бар ма?

Қазақ ақын-жазушылары төңкеріске жолдан қосылған жолбикелер ме?

Әдебиет техникамен қатар өсе ме?

Қазақ әдебиеті қандай дәуірде?

Әдебиетке қандай көзбен қарау керек? -

деген сияқты бірінен-бірі туындап, жауап үстінде жаңаларын қосақтап алып жатқан сауалдарға Тікен (№ 556), Жәкен Сәрсенбіұлы (558, 571), Пошан (№ 574, 576) «Ақжол» арқылы жауап берсе, «Еңбекші қазақ» газеті бірден айтыс аяғын тоспай «Тікеннің мақаласы туралы» (30 мамыр, 1925) деген дыз етпе репликамен бастады. Ә.Байдилдин 1925 жылы 24, 25, 27 тамызда, 14 қыркүйекте Жүсіпбек, Жәкен, Тікендерге қарсы сериялы мақалалар жазды. Онан кейін Ғ.Тоғжанрв «Көркем әдебиет туралы марксшілдер не дейді, Жүсіпбек не дейді», («ЕҚ», 22 қазан, 1925) деген мақаласын Мағжанның ақындығы жайындағы ой-пікірлерімен сабақтастырды.

Сәуір мен қыркүйек аралығында «Ақжол» мен «Еңбекші қазақ» газеттерінде жазылған ой-пікірлерді тәптіштеп жатпай негізгі бір мәселеге, яғни әдебиеттің көркемдік әдісі жөніндегі теориялық-эстетикалық проблемаға назар қойсақ, қазақтың сол кездегі сыншылық, ғылымдық ой-пікірінің өре-жайын аңғаруға мүмкіндік туады.

Сыншылық қабілет-дарынымызды өсіруге сол кездегі айтыстардың септігі тигендігін айту қажет. Өйткені эстетикалық дайындығы барлар өз ойларын әдеби-көркемдік тұрғыдан баяндап, шешім ұсынуға тиісті болса, ал білімі саяздар мәселенің мәнін түсіну үшін жатпай-тұрмай оқығаны, ізденгені, танымын кеңейткені даусыз. Сондықтан бұл айтыстың сол кездегі әдеби сын үшін де, оның кейінгі тарихы үшін де мәні зор. «Ақжолдағы» жауаптарда төңкерісшіл әдеби бағыт жөнінде, тапшыл ақын-жазушылар хақында шәлкем-шалыс сөз бен ойлар айтылғанына қарамастан, көркемдік әдіс туралы толғамдарының өзі орыс әдебиеттануында енді-енді ғана көріне бастаған болатын.

Қазақ әдебиетінің сол кездегі өркендеу барысы, үздік ізденісі теориялық тұрғыдағы ой-пікір жайын, әр сыншының өре-өрісін байқатады. Сондай дарынның бірі - Жәкен Сәрсенбіұлы. Мәскеуде оқып жатқан қазақ студенттері Мағжан шығармаларын талдаған кезде көпшіліктен өзгеше пікір айтып, өз танымын білдіргені үшін басқалармен алакөз болған, онан кейінгі мақалаларында эстетикалық біліктілік аңғартып отырған Жәкен болатын. Шын сыншы екенін «Ақжолдың» 558, 561 сандарында жарияланған теориялық мақаласынан анық көреміз.

«Қазақ әдебиеті қазір күйректік (сентиментализм), санашылдық (идеализм), сарындамалық (романтизм), нағыздық (реализм), көп измнен құралған қырық құрау деуге болады. Мұның ішінде реализмді заманға үйлесі бар десек те, қазақтың салт-санасы, тұрмысымен әзірге қайшы келуі анық. Соның үшін романтизм мен сентиментализмді әдебиетте қолданбай отыруға әзірше мүмкін емес. Сентиментализм онша ұзаққа созылуы екі талай, бірақ қазақтың қазіргі тұрмысында романтизм көпке шейін әдебиетке кіреді. Түбінде реализм романтизмді жеңуі мүмкін. Оған әлі күн ілгері, түрлі жағдай керек. Сол себепті қазіргі әдебиетте көбінен романтизм қуаттырақ шығуы мүмкін» (№ 561), дейді. Мұнда мәселенің ішіне кіріп, романтизм әдісінің әзірге жетекші рөл атқаруы мүмкін екенін өз түсінігімен дәлелдеуге тырысады, әр қилы көркемдік ізденістердің жолын жауып тастамайды. Жәкен диалектика заңын тілге тиек етеді. Түбінде реализмнің қуаттырақ шығатынына, негізгі бағытқа айналатынына шүбә келтірмейді.

Ал, мұнан кейін мақала жазған - Тікен (кім екені бізге әлі мәлім емес): «Қазақ әдебиеті өзгеше болу керек. Тоғыз қабат тас үйді, қаңғыр-күңгір зауытты, әуені шарыктаған аэропланды жырлағанша қазақтың қара лашық үйін, жер ошағын, майсыз арбасын, бақырауық түйесін жырлаған жақсы» (№ 556), деп кесіп айтады. Қандай көркемдік әдісті басшылыққа аламыз деген мәселені барынша төтесінен шешеді.

«Қазақ әдебиеті казір сиырдың бүйрегіндей қүранды: күйректік (сентиментализм), санашылдық (идеализм), сарындамалық (романтизм), нағыздық (реализм) - бәрі бар. Реализм заманға қабысқанымен, күншығыс қанды қазақ табиғаты, жалпы тұрмысы жеке реализмді көтермейді. Ал, романтизм мен сентиментализмнен қол үзуге болмайды» деп қисындауы онша көңілге қонбайды. Әрине, бұл үшін авторды айьштаудың жөні жоқ. Бірақ, ол ибаны да сақтамай, қысылмай былай дейді: «тапшыл-ақпыз деп жүрген «ақтардың» бет жуары Сәкен мен Сәбит (Мұқанов) қой. Сәкеннің біраз өлеңдерінде суретшілік бар болғанымен, табанды пікір жоқ, Сәкен қара қазақтың қолына түспейтін «Асау тұлпар» болып жүрген, комиссарлықтан түскен күні өшкен Сәкенді қалай тапшыл ақын дейміз. Сегіз жылдай айқайы таусылмаған, кемпірге үгіт-насихат айтып отырған, өлең жазудың техникасын білмей, соқыр түйедей шалып отырған Сәбитті қалай тапшыл ақын дейміз». Мұнысы, әрине, айтыстың негізгі бағытынан тысқары үн еді. Төңкерісшілдер мен алашшылдар - дегеннің ара жігін алшақтата түскені, тапшылдарды ашындыра бергені даусыз. «Сыйға сый, сыраға бал» аз болған жоқ және олар эстетикалық таным-білікке берекелі ештеңе қоспады да. Пошанның мақалалары (№ 574, 576) алдымен Тікеннің ожар пікірлеріне қарсы («әдебиетке жаны ашығаны болмаса, қиялдан басқа берері жоқ») бағытталды да, айналаға біраз көнтерлілікпен қараған сипат білдірді.

Қазақ әдебиетінде романтизм арнасы өрістей түскендігін Мағжан шығармашылығына жанастырып, «Романтик ақын қай уақытта болса да көрікті көңілге қоңырау үйлеспеген соң аласұрып, сұлу қиял әуенімен әуреленеді. Мағжанның іздегенде тапқаны ескі заман болды. Оның романтиктігін қоздырып жіберген әсіресе төңкерістің алғашқы кезі болды» деген ойларын түсінуге де болады.

«Ақжол» бетіндегі мақалалардың басым көпшілігі қазақ әдебиетінің ендігі даму жолы романтизм болу керек деген теориялық қисынға ойысты. Айтыс жалауын желбіреткенде омырауға салып, кейде мысқылдай әжуалап, әйтеуір, төңкерісшіл ақын-жазушыларды дарынсыздар етіп көрсетуге тырысқандар да жоқ емес.

Ал, төңкерісшіл сыншылар, ақын-жазушылар өздерінің тапшылдық көзқарасын ашық және баса айтуды айрықша парыз санады. Өйткені марксизм ілімінің кедей-кепшіктің жоғын жоқтайтын негізгі идеясы қазақтың жарлы-жақыбайына болсын, не олардың мұңын мұңдап жүрген төңкерісшіл ақын-жазушыларға болсын қатты ұнап, рухани күшке айналғанды. «Дүниенің тұтқасы - кедей, бұқара, оған ұнайтындар ғана көркем» деген түсінік өте тез қалыптасты. Мұндай пиғылдардың сөзін, ұранын, ой-пікірін Ә.Байдилдин «Ақжол» авторларына қайтарған жауабында жаңа заманға лайық «жаңа жұртшылық туа бастағанын, жұрттың мәдени тілектері ұлғайған дәуір» келгенін айтып, әдебиеттің жалпы жай-жапсарына социологиялық шолу жасайды.

«Бүгінге дейін бізде көркем әдебиет туралы белгілі жол, дұрыс бағыт бола алған жоқ, көбінесе көмескі жөн, жадағай сарынмен жайылумен келеміз. Әдебиет - әдебиет үшін керек сияқты. Газет-журналдарымызда партия тілегіне, жұмыскер табы мен ел бұқарасының керегіне жарамды-жарамсыз әдебиет жұрнақтары талғаусыз басылып келді. Кейбір газеттеріміз (мәселен, «Ақжол») жолбикелер мен ұлтшылдардың ыңғайына көшіп, кей кезде жолынан жаңылды. Көркемдік, әдемілік жаулығын бүркенген зиянды әдебиет жұрнақтарын дәріптеді. Баспаларымыз да бүгіннен түңіліп, өткенді көксейтін ұлтшылдықты дәріптеп, бай тілегін тілейтін байшыл ақындардың, жазушылардың шығармалары, ертегі-сертегілері тоқтаусыз басылып жатқанда төңкерісшіл ақындардың шығармалары басылмай келеді. (Б.Майлин мен С.Мұқанов т.б. сол секілді төңкерісшіл ақындардың өлең-әңгімелерінің жинағы осы күнге шейін басылып шықпағаны бұған дәлел» (ЕҚ, 24.08.1925) дегенінен уақыт шындығын көреміз.

Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман сол кездегі әдеби процеске белсене араласты, серкелік жасады, таптық позицияны бекем ұстау жөнінде теңкерісшіл ақын-жазушыларға белгілі дәрежеде жол көрсетіп отырды. Қазақтың алғашқы профессионал сыншысы Ғ.Тоқжанов екеуі тапшылдықты алдыңғы қатарға қойды.

Әбдірахман қойылған сауалдарға да, оған өз түсінігін айтқандарға да оңтайлы жауап береді де, көркемдік әдіс туралы өзінің тұжырымды ойын ашық, белгілі дәрежеде дәлелді айтады. «Сентиментализм мен романтизм бағытына әуреленбей, қазақ еңбекшілерінің қазіргі керегіне жауап, келешегіне демесін болатын ашық тілек, айқын ұғыммен суреттелген нағыздық (реализм) бағытындағы және осы бағыттың жан серігі, бұрынғы, соңғы, бүгінгі өмірдің деректерінен туатын, болашақтағы тегістік тұрмысты суреттейтін төңкерісші сарындамалық (романтизм) бағытындағы әдебиет жұрнақтарын молайтулары керек. Бұл көптің тілегі, қазіргі заманымыздың тілегі. Сондықтан бұдан былай әдебиетімізде айтылған нағыздық пен төңкерісші сарындамалық бағыты көркеймек. Сыншылар ұсынып отырған ескі сарындамалық (реакционный романтизм) бағыты жасырынып жан сақтау, жатып атарлық қылу жолына түспек» (ЕҚ, 09.10.1926) деген ойларына назар аударуға болады. Біріншіден, төңкерісшіл ақын-жазушылар мен сыншылар осы қисынды дұрыс деп тапты. Тәжірибеде реализмді өршіл романтикамен қанаттандыруға тырысты, қайсыбірі реализмнің соқпағынан айырылып, натурализмге түскен кез де болды. Оны көбіне-көп өнерпаздықтың өсу жолындағы қиындықтар деп есептеп, негізгі арнаға кір жуытпау амалдарын қарастырған ой-пікірлер өріс алды. Екіншіден, бұл пікірдің кұяр арнасы - 30-жылдардың бас кезінде айқын тұжырымдалған «социалистік реализм» болғанымен, 20-жылдардың екінші жартысы үшін осы теориялық өнімді ізденістер біраз ой-түрткі болғанын байқауға болады. Түркі тілдес әдебиетте алғаш айтылған осы қисын орыстың пролетариат әдебиетінде 1928-1929 жылдары айрықша дау туғызғаны жұртқа мәлім. Үшіншіден, мұндай ой-пікір мансұқталмай, төңкерісшіл әдебиет басып өткен жол оның өркендеуіндегі бір кезең ретінде қаралып, казақ әдеби сынының теориялық негізінде белгілі эстетикалық нәр болғандығын бағалаған абзал.

Әрине, бүкіл әдебиетті өмір шындығынан аз да болса, алшақтатып романтизм бағытымен өркендету талабы бірден-бір өнікті жол деп айту қиын еді. Романтикалық сыңайда жазылған шығармаларда талай көркемдік ізденістер, ұтқыр бейнелер, кестелі өрнектер кездесетініне қарап, реалистік суреттеу тәсілің екінші қатарға ысырып тастау немесе оны жүрер жолымыз деп есептеу айтысушылардың бір беткей кетуі деп ұғуға келеді. Бұл шын эстетикалық тұжырым бола алмайтын еді. Өйткені әдебиет өнер болып жарыққа шыққаннан бері реализмнен қол үзіп көрмеген, тарих қалтарысында қалған.

Кеңес әдебиеттану ғылымы өзінің балаңдық дәуірінде реализм мен өршіл романтиканың жымдаса бірігуі социалистік реализм болады деп жобаласа, кейін өмір шындығын тарихи шынайы қалпында, революциялық даму барысында суреттеу керек деген қисынға айналдырып жібергені аян. Қазақ әдебиетшілерінің 20-жылдарда айтқан жорамалдарында осындай елеусіз қалдыруға болмайтын мән-мағына болуы - атап айтарлық нәрсе. Әдебиет реализм жолымен дами ма деген сауалдардың сол кезде анық, әрі ашық қойылуы жалпы эстетика үшін әлеуметтік-көркемдік: мәні зор оқпға.

Ал, осы эстетикалық мәселе талқыға түсе келе қоғамдық-әлеуметтік астары қалың әрі саяси салмағы бар мәселеге, яғни қазіргі қазақ әдебиетінің болашағы кімдікі деген дәуірлік сауалға айналып кетті. Тағы да екі түрлі көзқарас қырқысты. Теңдік пен билік қолына жаңа тиген төңкерісшілдер «Ақжол» газетінде «Қазақта тапшыл, төңкерісшіл ақын-жазушылар бар ма? Тап ақыны жоқ болса, себеп не? Қашан болады?» деген сауалдар қойды.

«Ақжолда» жарияланған мақалаларда Жүсіпбек: «Қазақта әзір тап ақыны жоқ» десе, Жәкен: «Ақын тапты тудырмайды, тап ақынды тудырады. Қазақта тап жігі әбден ашылып жеткен жоқ» деп табады. Тікен: «тапшылдар бар» дегенімен, оның өкілдерін көркемдік тұрғыдан тануға қарсы. Ал Пошан болса, бар, жоқ деп кесіп айтпай, қисынға жүгінді.

Төңкерісшілдердің сөзі мен ойы тағы да бірыңғай шықты. «Бір жағынан бай табьшың тілегін тілейтін, тегінен түңіліп өткенді көксейтін, қайғырған, торыққан байшыл жазушылар, ақындар болса, екінші жағынан жұмыскер табының тілегін тілеп, жұмыскер мен кедейді жақтайтын, төңкеріс жолына түскен, ескілікке қарсы «аттанға» шақырған «айқайшы», төңкерісші ақындар, жазушылар бар. Және бұл екеуінің арасына біресе олай, біресе бұлай бұлтақтаған, кейде шын, кейде жалған жолбикелер, қалың орташалар тілегін тілейтін бұқарашыл ақындар, жазушылар бар», деп (ЕҚ, 25.03.1925) баяндалды. Ал, «Ақжол» авторлары сөз арасында айтқаны болмаса, тап осындай тұжырым жасауға бара қоймайды. Әрине «бұқарашыл жазушылардың жазғандарын бірен-саран ұлтшылдығы болса да басып жіберіп, артынан сынға алып көрсетіп отырса, қазақ әдебиетінің көтерілуіне жағдай болар еді» деген ойды дұрыс қабылдай қояр құлық ниет ол кезде болған жоқ.

Сонымен қатар, төңкерісшіл әдебиеттің туып, өркен жайып келе жатқанын жалпы мойындағанмен, басы Ғ.Тоғжанов болып, «Рас, қазақтың қазіргі тұрмысында пролетариат ақыны шыға қоймайды. Өйткені бізде пролетариат (кәсіп жұмысшылары) аз. Қазақ тұрмысына әлі әсер беретіндей халге келген жоқ. Біздің ақындардың көбі шаруа тұрмысын, қазақтың даласын жазатын шаруа ақыны» деп табады да, кімнің тілегін жырлауына қарай байшыл, кедейшіл деп бөлуді ұсынады.

1926 жылы күзде, яғни бір жыл өткеннен кейін С.Мұқанов «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, «Ақжол» эстафетасын басқа қырынан жалғастырды, әдебиеттің болашағы кімдікі дегенді ең негізгі мәселеге айналдырып жіберді.

«Қозғалған мәселенің ең маңыздысы «Қазақта тап ақыны бар ма?» деген сұрақ еді. «Коммунист ақындардың бетін былғадық, масқараладық» деп, ұлтшыл сыншылар жүрді. «Тап ақынын бар қылдық, ұлтшыл ақындарға кедергі салдық» деп, коммунист сыншылар жүрді. Бірақ, ұлтшыл ақындардың қателігін, залалдығын дәлелдеу жағымсыз болмаса, қазақта тап ақыны бар ма, яки бола ма? деген мәселені біз күні бүгінге дейін тиянақтап жеткізгеніміз жоқ» («Өсу жолдарымыз», 1960, 33-бет) деп білді.

Көркем әдебиетті еркендету жайы әңгіме болғанда бізде қазір неше бағыт бар, үгіт керек пе, мазмұн мен пішін, көркемдік шеберлік неге байланысты, ұлтшылдармен біріге аламыз ба, кім үстем болады, кімнен үлгі аламыз, қандай тақырыпта жазамыз деген мәселелерге назар аударылды. Айтыс барысында талай ой-пікірлер айтылды. Оның ішінде «кедейшіл жазушыларды қолдау, көтермелеу аз, бас салып масқаралап, сынаушы көп, сондықтан олар үйреніп болғанша қыспақтап кету қате» дегені де, ал «сөздің әдемілік, суретшілік жағына келсек, ол бір күнде бола қоймайды. Оқи, біле, түсіне, көре болады. Азын-аулақ кемдіктеріне ақыл берілсін, бірақ көңілін қалдырарлықтай әзірге зілді сын болмасын» («Өсу жолдарымыз», 1960, 37-38-беттер) дегендері де болды. Таптық түсінікті, қатаң да қатал ой-пікірді былай қойғанда, Сәбиттің осындай қамқор ойлары талай саққа жүгіртілді.

Наши рекомендации