Жиырмасыншы жылдардаҒы проза 6 страница
Әлеуметтік теңсіздікті терең барлаған жазушы оны «Қараш-Қараш» повесінде Бақтығұл өмірінен көрген де, типтендіре суреттеген, Жарасбай болыстың дегенін істеп, баукеспе ұры атанғанда Бақтығұл жастық қажыр-қайратын аянбай жұмсап, күн көрісін түзетпек болғанымен байдың қолтығына кіріп алған жандайшап, жағымпаз қолшоқпарларының жамандауынан жалалы болған. Жазықсыз жазаланып, қуғынға түскен Бақтығүл Жарасбайдың, озбырлық, өктемдігіне қарсы бас көтеріп, көзсіз ерлікке барады. Жеке-дара күрестен соққыға жығылып, қамауға түскен Бақтығұл, соңғы сағатында кегін алуды баласы Сейітке тапсырып, жеңіс күнін алдан күтетіндігі де сенімді.
Жаңа заман келіп, ескі дүниенің ығысуы қоғамдық өмірде үлкен тартыс, шиеленіскен күресті тудырды да, суреткер көзқарасы идеологиялық жақтарынан айқын байқалып отырды. Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс жайьш көтерді. Қазақтық бай-феодалдарының әділетсіз озбырлығын суреттеп, 1916 жылы кырғынға душар болған халықтың босқынға ұшырап, арғы бетке (Қытайға) қашқан азапты өмірін көрсетеді. Соңдарына түскен жендеттердің мейірімсіз қаталдығын суреттеу арқылы Ресейдің байырғы отарлау саясатының әдіс-айласын әшкерелейді. Осы жақтары желеу болып «Қилы заман» повесі соңғы кезге дейін көзден таса болып келді.
«Қилы заман» повесі «Россия патшалығы мен қазақ бай-болыстарына қарсы көтерілісі емес, қазақ атаулыньщ орыс атаулыға қарсы көтерілісі болып шыққан. Бұл дұрысында мәселеге теріс көзқарастың салқын салдары болатын»1, - деп бағаланды да, тұрпайы социологияның соққысына тап болды.
«Қилы заман», «Қараш-Қараш» повестерінде қазақ халқының өзіндік ерекшелігі - ұлттық сипаты әлеуметтік қарым-қатынастардың ұйтқысы болған ұнамды кейіпкерлермен бірге, өктемділіктің сойылын соғып келген бай-болыстардың типтік бейнесі шебер жасалған. Адам мінездеріндегі қилы-қилы құбылыстар қоғамдық құрлыстың ішкі қайшылықтарынан туындап, дәуір тынысы ашық бояуын тапқан.
Пролетариат әдебиетін жасау мәселесі шұғыл көтерілген кездерде жеке адамның мүддесі қалтарыста қалды да, партиялық көзқарас, таптық күрес шығарманың басты қасиеті болып табылды. Пролетариат әдебиетін жасаймыз деушілер көркем шығарманың идеялық құндылығын партиялығында, таптық мағнада болып келуінде деп қарады. Осы бағдарда туған шығармалардын, негізгі арқауы тап тартысы болып келеді. Махаббат хикаясына арналған Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» романының өзінде бай мен кедей тақырыбы басым. Роман көптеген пікір таластарын тудырып, идеялық мазмұны жағынан кеп кемшілігі бар деп табылған-ды.
Романнық тартыс желісі Бүркіт пен Бәтестін, сүйісненшілік, махаббат хикаясынан алынып, әлеуметтік өмірдің ішкі қайшылықтарына барып тіреледі.
Бай баласы Бүркіттің тегеуірінді, бетті, өжет мінездеріне төтеп бере алмаған кедей жігіті Мүсәпір дәрменсіз, мүшкіл халде көрінеді. Кедей жігіттің опасыздық жасауы, бай баласынан өктемдік көріп өлуі, әдебиеттің таптық сипатына көлеңке түсірген деп саналып, шығарманың жастардың махаббат сезіміне арналғаны ескерілмеді.. Орыс тіліне аударылып, 1935 жылы «Сын бая» деген атпен басылып шыққанда «Литературная газета» мен «Қомсомольская правда» қатты сынға алып, іске алғысыз етуге дейін барды.
Кейіннен романды жазушы түзетіп, жана тарау, тың эпизодтар қосып, бастырып шығарды да, «Мөлдір махаббат» деп атады.
Жиырмасыншы жылдардың сонғы жартысында проза жанрымен шұғылданған жазушылар кеңес өкіметінің әкелген жаңалықтарын тақырып етіп, ұнамды бейне жасау жайы көтерілді. Оларды Ғ.Мүсірепов «Тулаған толқында» повесі мен «Көк үйдегі көршілер», «Қос Шалқар» әңгімелерінде танытты. Осы арнадан көрінетін (1927) Елжас Бекеновтың «Жәмила қалай сауатты болды» повесінде жаңа өмірде сана-сезімі оянған қазақ әйелдерінің әлеуметтік істерге араласа бастағандығы айтылады.
Жұмысшы өмірін Сәкен Сейфуллин «Жер қазғандар» повесінде танытса, Елжас Бекенов 1929 жылы шыққан «Жаңа жол бойьшда» атты әңгімелерінде Турксиб жол құрылысшыларын суреттеуді мақсат етті, ал «Алтынды жүйеде» жұмыскер бейнесін жасамақ болды. Жиенғали Тілепбергенов бұл тақырыпты ауыл өмірінен алып, «Таңбалылар» повесінде жаңа тақырып көтерген. Колхоз құрлысының алғашқы кезінде асыра сілтеуден кетқен қате-кемшіліктердің бетін ашып, оған қарсы тұрған Қалман кедейдің ұнамды бейнесі көрінеді. Туып жатқан үлкен өзгерістерді дұрыс байқап, өзінің іс-әрекетімен жаңа өмірдің талап, тілектеріне үн қосқан Қалман өрелі істерімен кезге түседі. Түяқбай сияқты байлардың Жорықбаевтарды өзінің қолшоқпары етіп, колхоз қүрылысына іріткі салған зиянды әрекеттерін әшкерелеуде де Қалман өрелі істердің басы-қасында. Бұл сол кездегі колхоз қозғалысы жайындағы жаппай науқанға арналған шығарма еді.
Езілген еңбекшілерге кеңес өкіметінің әперген теңдігі деген сол кездегі наным, ұғымды Ғабит Мүсірепов өзінің «Тулаған толқында» повесінде бейнелеуге ұмтылды. Повестің кетерген негізгі тақырыбы - қазақ қызының тағдыры. Еңсесін көтермеген ауыл әйелдерінің халі повесте тым аянышты. 1916 жылғы ел басына төнген дүрбелең повесте азамат соғысына ұласып, тағдыры таразыға түскен қазақ кедейлерінің өмір өткелдері барланған. Ауыл өміріне ойран салып, кедей-жалшыларға тізесін батырып келген Оспан мен Итемген сияқты бай-болыстардын, өр кеуде надандығы мен зорлық-зомбылығы әшкерленген, кедей-жалшылардың басына түскен ауырлықтар баяндалған. Сүйген жігітімен дауылды, боранды түнде сең үстінде кете барған Шәйзада ерлігі айрықша. Азаттық алу үшін керген қиындықтары да нанымды, мақсаттары айқын. «Қара табақтай, жалпақ бетті, таңқиған танаулы... мес қарын лас күйеу - кәрі болыс Оспаннан» Шәйзаданың аза бойы тік түрған. Повесте азаттық іздеп, сең үстінде кете барған екі жастың көңіл-күйі, жігер-қайраты, үміт-арманы, ой мен сезімнің ұштасып, ұласып жатқан жайы айқын суреттелген. Қайғыдан көкірегі қарыс айрылған ана, азаттық аңсап өмірге құлаш ұрған жастар, аласапыран ауыл тіршілігі, Қазан төңкерісінің лебі повестің сюжеттік желісінен өз орнын тапқан.
1916 жылғы қара жұмысқа солдат алу оқиғасынан бастау алатын повестің сюжеттік желісінде қазақ қызының тағдыры Қазан төнкерісінің дауылды күндерімен ұштасқан. Осы тәрізді ұтымды жақтарымен бірге сюжет желісі шұбалаң тартып, қайсы бір жағдайда жасандылық орын алып, схемаға жол берілетін кездері де бар. Мұның өзін жас жазушының қаламы әлі онша ұшталмаған кездегі кемшіліктер еді деп қарауға болады. Дегенмен, қазақ қызының қайғылы тағдырын бейнелеуде бұл повесть сол бір тұста өз жаңалығы бар, соны шығарма ретінде танылды.
Жиырмасыншы жылдары таптық жік деген тақырып белең алып, жас жазушылардың қай-қайсысының болса да назарын аудара бастады. Ғабиден Мұстафин әңгімелерінде бұл тақырып әрі дамып, 1929 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып шыққан «Ер Шойын» әңгімелерінде көтерілді. Ер Шойын жылдар бойы Қоржықбайдың тепкісін көріп жүрсе де төзімділік сақтаған. Енді, міне, сол Шойын кеңес өкіметі келгенде сана-сезімі оянып, байлардан есе қайыруға кіріскен. Кеткен кектерін алу үшін кедейлердің бас қосып, бірігіп күресу қажеттігін де сезінген. Өзінің інісі Болаттың көмегімен қосшы ұйымын құрып, комсомолдарды көмекке шақырып, Қоржықтың мал-мүлкін конфискелеп, кедей-жалшыларға бөліп береді. 1928 жылғы «Қашқын» әңгімесінде Малқабай байдың есігінде жүріп, жылқысын баққан Қуат әкесінің көзін шығарған байға қарсы тұрады, бірақ әкесіне ара түскені үшін қуғынға ұшырайды, абақтыға жабылып, жер аударылмақ болғанда урядник пен поштабайды соққыға жығып, қашып құтылып, елден жырақ жерлерде бой тасалайды, «қашқын» атанады. Тағдыр тәлкегіне түскен асы Қуатты Қазан төңкерісінің жеңісі азат етеді.
1927 жылы жазылған «Қан» деген әңгімеде Төкеш мырза мен Бәлкен байдың жерге таласқанын, Шойын байдың сойылын соғамын деп, соққыға жығылып, аяғын сындырғанын жазушы ауыл өмірінен алып суреттейді. Ауыр азап тартып, қорлық көрген Шойын байдың итаршысы болып келгендігін оларды конфискелеген кезде ғана түсініп, еңсесін көтертпей келген байдан ақыры кегін алады. Бұл әнгімелердің барлығының да сюжеттік арқауы таптық күрес. Осыған орай жасандылық пен схематизм шығарманың көркемдік жақтарына көлеңке түсіреді. Тап күресі шын мәнінде сол бір кезеңнің шындығы болатын. Сол жай әрбір шығармада әр қырынан көрініп, бәрі бір саясатты - социализм орнату, тапсыз қоғам құру саясатын паш етті, соны уағыздады.
Жиырмасыншы жылдары бұрынғы сыншыл реализм дәстүрінде жазылған шығармалар да көрінді. Бұл салада Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін атауға әбден болады.
«Қорғансыздың күні» 1921 жылы жарияланады да, 1922 жылы жеке кітап болып басылады. Әңгімеде жазушы өмірдің аса бір көлеңкелі жақтарына назар аударады, Абай дәуірінен келе жатқан сыншыл реализм үлгісінде жазады. Бұл шығармадағы Ақан болыс, Абай поэзиясында «әлсіздің сөзін салғыртсып, шала ұғатын болыстан» басқа - жетілген, өскен. Әңгімеде озбыр күш пен қорғансыздар тағдыры суреттелген. Ақанның айуандық әрекеттерінен әлсізді аяққа басқан мырзалардың адамгершіліктен жұрдай, жиренішті бейнесі көрінеді. Ақан жалғыз емес, оның көңілін тауьш, күдігін барлап отыратын Қалтай бар. Қалтай - Ақан болыстың қас қабағын аңдыған залым, қу.
Шыншыл жазушы «тойынғаннан зеріккен» Ақанның арам ойының не бір қатпар-қалтарыстарын ашады. Өз мырзасының арамзалығын әріден танитын Қалтай оның ойынан шығып, бүлдіршін у қызға бүркітше шүйілген. Шанадан түсіп, үстерінің қарын сілкіп болған соң Ақан мырза қораның сиқын көріп көңілсізденіп: «Қалтай, осы үйге қайдан әкелдің? Кісі отырарлық жері де бар деймісің, басқа үйлердің біріне бармай, осында неге әкелдің?» деді. Қалтай атты доғарып жатып: «Үндеме, мен бастағанда жаманшылыққа ұрынушы ма едің өзің? Не оймен әкелгенімді үйге кіргенде білерсің», - деді.
Күтпеген жерде құлағына жайлы жұбанышты хабар тиген соң, Ақан қуанып, үйге кіруге асыға бастады. Атты доғарып болған соң қонақтар қараңғы қораның ішіне кіріп, сипалап жүріп есікті тауып алып үйге кірді».
Неден де болса бас тартпайтын Ақанның қара ниеттілігін Қалтай анық біледі, Ғазизаның арын төгіп, таптап кетпек болған Ақан мен Қалтайдың зұлымдық әрекеттерін жазушы жантүршіктіре суреттеген. Абай айтып кеткен «Құйрығы шаян, беті адам», «Қорғансыздың күнінде» әр қырынан ашылып, Ақан мен Қалтай басынан көрінген.
Озбырлыққа қарсы тұрар күш-дәрмені жоқ Ғазизаның халі мүшкіл. Ер-азамат қана атқарарлықтай іске бекінген Ғазиза ар құрбаны болып, мұндай қор өмірден өлімді артық санайды.
Жаралы жандардың ауыр халін суреттеген жазушы Ғазиза өлімімен кедей аулынын ауыр тұрмысын қыстың аязды, боранды күндерімен қат-қабат алып, шыншылдық бояуын қалыңдата түскен. Бұған қарама-қарсы пікір айтқан Е.В.Лизунованың бұл шығарманы социалистік реализм түрғысында жазылған деп тұжырымдауы мүлде қате еді, қайсыбір сыншылдардың романтизм үлгісіндегі туынды деп тануы да, шығарма табиғатын танымағандықтан болатын. Қорғансыздарға жаны ашып, озбырлыққа қарсы тұруда бұл әңгіме классикалық әдебиет үлгілерінде сыншыл реализм дәстүрін жалғастырды. Осы жақтарынан алғанда «Қорғансыздың күні» - қойған мәселесі, оны көркем, әрі нанымды шешуімен сол кездегі елеулі шығармалардың бірі болып қалды.
Майлин Бейімбет әңгімелерінің тақырыбы да көбіне қазақ єйелдерінің басында болған ауыртпалықтар болып келеді, ескі єдет-ғұрып, діни нанымдар қатты сынға алынады, «Қызыл Қазақстан» журналының 1922-1923 жылғы сандарында басылған «Қадыр түнгі керемет», «Талақ», «Шариғат бұйрығы», «Күлпан», «Құла ат» тәрізді бірнеше әңгімелерінде ауыл ішінде орын алған діни ұғымдар мен қараңғылық қоршауын, ел ішін кернеп кеткен өсек-аяңды мінеп, сынайды, әңгімелердің бір ерекшелігі - түгелдей дерлік диалогқа құрылған.
Жазушының бұл тұстағы әңгімелерінің ішінде көркемдік жақтарынан қарпуы пісе түскен шығармасы «Күлпәш». Мұнда кедей аулының ауыр тұрмысы, қыстың қысылтаяң кездері суреттелген. Киерге киім, ішерге асы жоқ Мақтұм отбасының бейшара тұрмысы аянышты-ақ. Аштық жайлаған халықтың тұрмысы шектен тыс ауыр. Жазушы үлкен түйінді мәселелерді қозғап, кеңес тұсында қараусыз қалған кедей шаруаның мүшкіл халін көрсетеді. Осынысы үшін де жазушы қатты сынға алынды.
Жиырмасыншы жылдардағы шығармаларда айрықша көзге түсетін бір жай - өмірден соққы көріп, ауыр азап тартқандардың ар-намыс, адамгершілік қасиеттерін ашып көрсету. Бұл «Қорғансыздардағы» қарт ана мен Ғазиза басынан бір танылса, «Күлпәшта» әрі қарай дамиды.
Сырттай қарағанда «Күлпәш» әңгімесінің кейіпкерлері өлімке бет бұрған дәрменсіз жандар сияқты. Шын мәнінде олай емес. Аштық, жалаңаштық билеп алған Мақтұм отбасында тірлікке, өмірге деген құмарлық күшті. Бұрылуға мүршасы келмей, аштық әлін алып тұрған сәттің өзінде бір-біріне деген мейірбандық мол. Адал достық, шын махаббат, адамгершілік зор қасиет әрдайым үстем. «Далада тықыры білініп, сықырлап есік ашылды. Үстінде жыртық, қыржиып тыртысқан қысқа тон, басында жаман тымақ, аяғында - қонышынан басылған жыртық етік, сарғыл түсті арық, шоқша сақалды, үлкен көзділеу, орташа бойлы бір кісі мойнында дорбасы бар, есіктен кірді.
Бұл Мақтұм еді. Күлпәш жалт етіп қарады да мүңайып кетті...
Қали басын көтеріп алды.
- Әке, келдің бе?!
- Келдім, қарағым!.. - деп, кемсеңдеп, қалтылдап, жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағанның түбіне келіп салбырап отыра кетті.
Қали сүйретіліп тұрып екі көзі Мақтұмның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.
Мақтұм жылап қоя берді.
- Қалқам-ау, дым жоқ!
Күлпәш та жылады.
Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп барып, күпісіне оранып, Күлпәштің қолтығына басын тыға бүрсиіп жата кетті. Көп уақыт өтті. Қас қарайып үйді қою қараңғылық қаптады. Мақтұм бағанға сүйеніп әлі отыр...1.
Аянышты-ақ. Жалғыз баласына тамақ тауып бере алмай қатты қиналған ата-ана басындағы жан күйзелткен ауыртпалыққа оқушы қалайда тебіренбей тұра алмайды. Әңгіменің терең мазмүны да, эстетикалық күш қуаты да - ең алдымен осы жақтарында жатыр.
Не деген қайыршылық, не деген ауырлық. Ертеден кешке дейін мойнына дорба салып қайыр тілеген Мақтұм еңбектен қашатын жан емес. Бірақ сол еңбекті қайдан алмақ. Еңбек етер жер жоқ. Бағана түбінде қалт отырьш қалған Мақтұмды жеп бара жатқан осы қорлық. Әйелі мен баласын асыраймын деп, мойнына дорба салса да қолынан басқа келері жоқ. Енді не істемек, қайда бармақ?
Қазақ аулындағы кедей шаруаның ауыр тұрмысын терең суреттейтін жазушы Мақтұм мен Күлпәш басындағы ауыртпалықтың бояуын қалыңдата түскен. Аштық жайлап алған бала, көзі үңірейіп ішіне түсіп кеткен әке, аштықтан Раушанның арбауына түскен Күлпәш әңгімеде жан төзбестік халге келеді. Солай бола тұрса да, бұлар адамдық қасиеттерін жоймайды. Сол мол қасиет - қайрат, қайсарлық әкеледі. Аштық жеңіп, ақырғы демге жеткенге дейін бір-бірінің көңіліне қаяу салғысы келмейді-ақ. Бірақ...
«Дүниедегі ең қымбаты байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауғалап кеткенін Күлпәш енді өзіне ар көре бастады. Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?» деген ой кірді... Бір жағынан Мақтұмның жайынойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып, тамақ іздеп, таңмен кетсе де тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын, баланың қамы. Соларды аштан елтірмеудің жабдығы. Сөйтіп жүрген адамның қадірін білмей тастап кететін не жөн бар еді». Я, жөні жоқ еді. Бірақ Қүлпәшті аштық биледі. Араға түскен Раушанның аш адамның алдына жал мен жаяны қосып тартқан табағы мен қыздырма сөзі әсер етті. Кетерін кетсе де Күлпәш өз қатесін тез түсінді. Бөтен жерде жүріп, үйде қалған Қалиға тиер жәрдемі жоқ екенін ұзамай білді. Алжасқандығын сезінген Күлпәш, өзін-өзі қатты сөгіп, боранды күнмен арпалыса үйіне жетеді. «Күлпәш қалтыранып кетті. Не қыларын білмеді... Жүгіріп терезеге барып, күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нүрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен. Күн түп-тура пешке түскен... Күлпәш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүктісіп, кұшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті... Іші елжіреп, көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне үйге кірді. «Қарағым, Қалижан тұр!». Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтұмның көзіне түсіп кетті. Көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен. Күлпәш шошып кетті... Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей, өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады».
Өте ауыр, қайғылы хал. Ел өмірін, ауыл тұрмысын жақсы білетін жазушы Мақтұм отбасының басындағы аса қиын шындық жайды көркемдік бояуын жеткізе суреттеген. Сүйген жарға, балаға деген махаббаты мол, өмірге құштар Мақтұмды аштық қор етеді. Өмірмен қоштасқан әке мен бала құшағын жазбаған. Апта бойы боран бүркеп келген күн сәулесінің мейірбан әке мен балаға сынық терезеден сығалап нұр төгетіні де сонан.
Жазушы әңгімеде адам характерлерін психологиялық жақтарынан ашуды көздейді. Қайғылы хал, ауыр тұрмысқа қарсы аттанған «Қорғансыздың күніндегі» Ғазиза мен Б.Майлин әңгімесіндегі Күлпәш пен Мақтұм бейнесі өздері өмір сүрген кездің қиын-қыспақтарын көтерген де, сөйтіп кейінгілерге үлкен ой қалдырады.
Сталиндік репрессия кезінде Голощекиннің асыра сілтеуімен ашаршылыққа ұшыраған жандар көп болды. Ауыр қазаға ұшырап, қорлық, азап көрген адамдардың жайы осындай бірді-екілі әңгіме болмаса, негізінде көлеңкеде қалды, көркем әдебиетте көрініс таппады.
Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінде көтерілген тақырып, сюжеттік арқаудың біраз өзгешелігі бар.
Поэзияда жана түр, жаңа үлгі іздеуден әсте тынбаған Мағжан Жұмабайүлы махаббат құдіретін оқырмандар көңіліне ұялатқан лирикасында: «Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да», деп елегізете түсетін шумақтарда адамның сезім әлемі мен жан дүниесіне қозғау салса, осы тақырып «Шолпанның күнәсінде» ерекше сипат алған. Әңгімедегі Шолпан мен Сәрсенбай бір-бірін кінәрәтсіз сүйген жандар. Өз теңін тапқанына Шолпан да қуанышты. Бұлардың арасын бұзарлық көлденең тұрарлық кедергі де жоқ.
Әңгімеде Мағжан Жұмабайүлы сүттей ұйыған отбасының арасында туған жарықшақты нанымды суреттейді. Көрші балаларының сүйкімді қылықтарын қызықтап отырып қалып, үйге кеш оралған Сәрсенбай көрген-білгенін әңгімелеп бергенде, күйеуінің сөзінен күдік тудырған Шолпан оны өзінен суына бастаған екен деген ойдан арыла алмай, қайткенде ерінің көңілін табуды көздеп, құшағьшан шығармай қатты қысады. Жастық жалыны тұтанып түрган кездерде бала көтеруден азар-безер болып жүретін Шолпан көрші балаларын қызықтап келген Сәрсенбайдың көңілінің олқы екеніп біліп, бұрынғы ойынан қайтады да, құдайға мінәжат етіп бала тілейді. Тәубаға келіп, құдайға жалынып, жалбарынғанмен бала көтермеген соң, ол ойынан шегініп, «көз жұмулы, көңіл мас» боларлық сәттерде қызулы қылықтар жасамай, қаннен қаперсіз, жайбарақат жатқандығымнан болар деп, өзін кінәлап, басқаша күйге түседі. «Сәрсенбайдың қойнына жата бастағанда мойнына бұғалық түскен киіктің асау лағындай, өмірінде ер затын бірінші рет көретін он үш жасар қыздай дірілдеп, күйіп жанатын болды». Бұл тәрізді табиғи шындықты бүрын сыпайылап, ишара, ізеттілікпен ғана сездіретін дәстүрге мынадай суреттеу анайыдай көрінді де, тосын қалып білдірді. Сондықтан да шығарма кезінде тиісті дұрыс бағасын ала алмады. Сезім жайын суреттеудегі жазушының жаңалық тәсілдері ескерілмеді. Жас жарының тосын әрекетін сезіне алмаған Сәрсенбайдың «Кәртайғанда кәрі боз жорға шықпаса игі еді», деп әзілдеуін Шолпан көңіліне ауыр алып, күдігі арта түседі. Сәрсенбай сөзінің ішкі мәніне зер салмай, бірден секем алған Шолпан көздеген арманына жетемін деп албырт жастың қүшағына енген. Бұл жайларды сезіп қалған Сәреенбай біржола суынып, намысқа мінеді де, Шолпанды аяусыз жазалайды. Феодалдық әдет-ғұрып, салт-сана заңдарын берік ұстанған Сәрсенбай Шолпан мен нәресте өмірінің мезгілсіз қиылуына себеп болады.