Тежелген депрессия жағдайындағы науқас кейпі
Кататониялық ступор суреттемесі кататониялық синдромға арналған бөлімінде көрсетіледі. Депрессиялық ступор депрессивті науқасқа тән сөздік- қозғалыстық тежелудің соңғы дәрежесі болып табылады. Мелшиіп қалу айқындығы депрессиялық аффекттің ауырлығына тікелей сәйкес. Бұл жағдайда науқаспен сөйлесу мүмкін емес, бірақ оның ауыр күйзелістері жөнінде жалынышты, мұңды көзқарасынан немесе бет кескінінен, терең күрсінуінен, бір нәрсе айтуға әлсіз талпынысынан білуге болады. Айқын қозғалыстық тежелу суцидальды ойларды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Қайғы-мұң күші бұрынғысынша сақталып, қимылдық тежелу қайтып, симптомдар кері дамығанда науқастың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің қаупі жоғарылайды. Депрессия кезінде толық ступор сирек кездеседі. Әдетте дәрігер әлсіз тежелу жағдайындағы науқастарды бақылауы керек. Психиатриялық ауруханаларда мұндай ауруларды бет-әлпеттеріне қарап бірден айыруға болады. Олар көбіне жатады немесе шуы және қозғалысы аз жерде оқшауланып отырады. Бүгілен фигура, зарыққан кескін, қайғылы бет әлпеті ауыр күйзелісті дәлелдейді; дауысы жай, көз жанары солғын, мимикасы қатып қалған, бет терісі бозғылт немесе сұрғылт-топырақ түсті, көздерінің астында күңгірт шеңбер, ерін бұрыштары салбырап төмен түскен, қыртыс және әжімдері терең. Науқастар қарт тәрізді және қушиған кейіпте болады.
Психогенді ступор жедел аффективті-шокты реакциялардың клиникалық көрінісінде бақыланады. Мұндай реакциялар адамда күшті жан тербелісін тудыратын психожарақаттаушы оқиғаларға жауап ретінде болады. Мұндай оқиғалар, апаттар, табиғат апаттары, жақын адамының кенеттен қаза табуы және т.б. болуы мүмкін. Психогенді әсер кенеттен орын алғанда индивидуальды, тұлғалық реакция көрініс беріп үлгермейді, бұл жағдай тек адамдарға емес, жануарларға да ортақ - орнында тұрып қалу немесе қозу реакциясы, гиперкинетикалық реакция. Ступор толық немесе жартылай болуы мүмкін, оның ұзақтығы - минут, сағат, күндер. Дертті жағдайдың тереңдігі, ұзақтығы, динамикасы психогениямен, оның сипатымен анықталады. Толық психогенді ступор кезінде адамның мелшиген бет-әлпеті психогения басталуына себеп болған аффективті күй – қорқыныш, шошу, абдырау күйін бейнелейді. Вегетативті симптомдар кең көрініс береді: жүрек қағуы, тершеңдік, вазомоторлар ойыны, асқазан-ішектік бұзылыстар (құсу, іш өту). Сана аффективті тарылған (аффективті қарауыту), ступордан шығар кезде жартылай немесе толық амнезия бақыланады. Әсіресе аффективті-шокты реакция балаларда жеңіл пайда болады. Оларда тежеу жағдайы қоршаған ортада ступор тудырған психотравмалық ситуацияны еске түсіретін жайт пайда болғанда қайталанады. Ересек адамдарда ступор психогенияға жеке реакция түрінде болуы мүмкін, немесе, жиі - реактивті психоздың даму сатысы болуы мүмкін.
Истериялық ступор классикалық вариантта мінездің белгілі бір истериялық сипатымен жандарда дамитын психогенді реакция болып табылады. Мұндай жағдайларда сөз жоғарғы жүйке қызметінің әлсіздігі (туа немесе жүре пайда болған) жөнінде, әсіресе екінші сигналды жүйе реакциясы жөнінде болып отыр. Осының нәтижесінде шартсыз рефлекторлы және бірінші сигналды жауап беру басымдылық танытады, тұлғаның негізгі қасиеттері балалық, психикалық инфантильділік, аса эмоцианальды қозу, күшейген қиял ойыны және өзін-өзі сендіру, жоғары жүйкелік тежелгіштік. Мұндай тұлғалар объективті мәні бар психожарақаттаушы оқилар орын алғанда ғана емес, болмашы – көршісімен жанжалдасу, жқмыс орнындағы ескертулерге де тежелумен жауап беруі мүмкін. Қолайсыз ситуацияда науқастар талып барып, сұраққа жауап бермейді, әлсіз, босаңсынған күйге түседі, позасы дәрменсіздікті, мимикасы – қайғыруды бейнелейді. Сананың терең бұзылыстары болмайды, науқастар ситуацияны басқаруға қабілетті. Құлап бара жатып науқастар өзіне зақым келтіруден сақтанады. Соматикалық және вегативті симтомдар анық көрінеді: пульс және тыныс жиілігі, бетінің қызаруы немесе көгеруі, тершеңдік көзқарашығы реактивтілігінің күшеюі.
Истериялық ступорды көне авторлар жалған өлім деп атаған. Басқа истериялық жағдайлар сияқты бұзылыстың өзі пайда болған қиындықтардан «құтылудың» бір түрі ретінде қаралған. Бір жағдайда осы жолмен қол жеткізілген артықшылықтар осы реакцияның мақсаттылығын көрсетеді, оны шартты-қалаулы етеді. Сондықтан истериялық бұзылыстар, соның ішінде тежелу құбылыстары қайталанады. Тежелу құбылысы мелшию реакциясының генерализацияланған деңгейіне жетпеуі мүмкін, тек жеке қозғалу актілеріне қатысты болуы мүмкін. Бұған истериялық парездер және салданулар, астазия-абазия, сөйлеудің истериялық бұзылысы және басқа да функциональды өзгерістерді жатқызуға болады.
Истериялық парездер мен салданулардың органикалық негіздері жоқ, ауру бұл бұзылыстарды өзіне қалай елестетсе, солай көрінеді. Ауру бірденеден қорықса қолы не аяғы жұмыс істемей қалатыны анықталды (аяғы мақта сияқты, өзіне бағынбайды, бір күні тіптен қызмет жасамай қалады). Дәрігерге бір аяғы не қолы зақымдалған немесе екі аяғы мен қолдары да зақымдалған, жиі бет нервісінің қатысуынсыз гемиплегиямен науқастар келеді. Салданудан аяқтарда активті қозғалыс жоқ, бірақ қорғаныстық қозғалыс, әсіресе аурудың назарын басқаға аударған кезде бақылануы мүмкін; моторика ұйықтағанда немесе гипноздық жағдайда қалпына келеді. Неврологиялық зерттеуде иннервация зонасына сәйкес келмейтін сезімталдық бұзылысы болады: шұлық, қолғап түріндегі анестезия. Рефлекстер өзгермеген, патологиялық белгілерді, тонус бұзылысы, тофикалық бұзылыстарды анықтай алмаймыз. Бұлшықет электрлі қозғыштығының өзгерісі болмайды. Истериялық парездер және салданулар кейде ұзақ және нәтижесіз емделеді, ал кейін кенеттен қандай-да бір сыртқы әсердің әсерінен оңай жоғалады. Аяқтың истериялық салдануында астазия-абазия байқалады, ауру тұра алмайда, отыра алмайды, жүре алмайды, бірақ тынышталып, жатқан кезде аяғын еркін қозғалтады.
Истериялық сөйлеу бұзылысы толық мылқаулықпен, афониямен, кекештенумен, сөздерді дұрыс айтудың өзгеруімен және т.б. көрінеді. Мылқаулық кезінде жазу және басқа сөздерді түсіну бұзылмайды, ауру мимикамен айналадағылармен қатыса алады. Афония кезінде сөз дыбыстығы жоғалады, науқас дауысын жоғалтуына байланысты сыбырмен сөйлейді. Ол қатты жөтеле алады, ол дауыс байламдарының өзгерісі жоқтығын көрсетеді. Бір науқаста мылқаулық афониямен, кейін кекештену немесе артикуляция бұзылысымен алмаса алады, бұл бір патологияның әр түрлі деңгейі тәрізді көрінеді. Осы құбылыстардың барлығы тек сырттай ұқсас, ол ауру түсінігінде ғана біріктіріледі.
Имылдық қозу
Қимылдық қозу қимылдық тежелу тәрізді психоз жағдайларына тән және бірқатар жағдайларда олардың жеделдігінің белгісі. Мазмұнына қарай қимылдық қозу біркелкі емес. Ол тек қозғалысқа талпыну немесе әрекетке талпынысты көрсетуі мүмкін. Біріншісі кататониялық қозу ерекшелігін - таза маторлы, мақсатсыз және мағынасыз қозуды көрсетеді. Әрекетке талпыну психомоторлы қозу деп анықталатын маниакальды қозуға тән.
Маниакальды жағдайда барлық психикалық функциялар жанданған, қабылдау жеңіл, ассоцативті қызмет жылдамдаған, көңіл-күй көтеріңкі болады. Мұндай қозу ауыр жағдайдың өзінде де мағынасыз болмайды, ол әрқашан бір мақсатқа бағытталған. Науқастар аса белсенді, қозғалғыш, шаршамайды, көп және дауыстап сөйлейді. Барлық жерде шу шығарып жүреді, барлық іске кірісіп, оның ортасында жүреді. Ойына келген істерін жылдам іс жүзіне асырады. Гипоманиакальды жағдайдың жеңіл түрінде жұмысқа қабілет артады, ол жиі өзінің жағдайына критиканың төмендеуіне байланысты болады. Дертті жағдай шыңына жеткенде психомоторлы қозу хаосты сипат алады. Зейін қойып бақылағанда науқастың түсініксіз тәртібі мақсатты, бірақ аяқталмаған әрекет екендігін байқауға болады. Егер мұндай науқасты суретке түсіріп алса, фотографияда белгілі бір істі тындырып жатқан адам бейнесін көруге болады. Бұл сурет кататониялық жағдайдағы қозған аурудың бейнесінен ерекшеленеді, кататониялық жағдайдағы науқас қимылдары қыртыс асты гиперкинездеріне ұқсас. Маниакальды қозу жағдайындағы науқас келбеті олардың эмоциональды күйін бейнелейді: олар өздерін сенімді ұстайды, жасарып кеткендей көрінеді, бет әлпеті көңілді, көздері жылтылдайды, беттері қызарған, мимикасы жанданған, қозғалысы және позалары нық, дауыс байламдарына тұрақты күш түскендіктен дауыстары қарлыққан.