Бүгінгі ілиястану мәселелері.
Кеңестер Одағы Жоғары сотының Әскери коллегиясының 1957 жылғы 12 сәуірде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жөнінде қабылданған шешiмінің негізінде І.Жансүгiровтің әдеби мұрасын қайта қарау туралы комиссия құрылып, қаулы қабылдануы.
Ширек ғасырдай үзілістен кейін Ілияс Жансүгіровтің жинақтарының үздіксіз жариялануы. Оның бірқатар шығармаларының орыс және өзге халықтар тілдеріне аударылуы.
М.Қаратаев, Қ. Жұмалиев, Р. Бердібай, С. Сейітов, Т.Қожекеев, М.Әуезов және тағы басқа сыншы-ғалымдардың ғылыми-зерттеу мақалаларының жазылуы.
Ілияс жайлы естеліктердің дүниеге келуі: Қуандық Шөкеновтің «Біздің Ілияс» (Алматы, 1973ж.), Сәрсенбі Дәуітов құрастырған «Азамат ақын» (Алматы, 1984ж.), профессор Мұратбек Иманғазинов құрастырған «Жан қайығын жарға ұрдым» (Алматы, 1994ж.), доцент Ш.Кыяхметова құрастырған «Аңызға бергісіз ғұмыр» (2007).
1965 жылы Мырзабек Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» атты монографияның жариялануы, монографияның кейiнгi зерттеулерге бағыт – бағдар беруі, Ілиястану ілімін қалыптастырып, негізгі арналарын айқындауы, әрі қарай өркендетудің өнімді бағытын белгілеуі. Ақынның өлең жазу шеберлігін зерттеуге арналған ғалым, ақын Тұрсынхан Әбдiрахманованың «Ақын сыры» (Алматы, «Жазушы» баспасы,1965ж.) кітабының жарыққа шығуы. Әйелі Фатима Ғабитованың «Өртеңде өнген гүл» (Алматы, «Атамұра» баспасы, 1998ж.) кітабының дүниеге келуі.
Профессор М.Иманғазиновтың Ілиястың қазақ прозасына қосқан үлесін зерттеген «Ілияс Жансүгіров» (2004), ақынның поэзиялық туындыларын жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдап, құнды, жаңа пікірлердің арнасын ашқан академик Т.Сыдықовтың «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» (2011) атты монографиялық зерттеу еңбектердің жарық көруі.
Ілиястанудың арнасы жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа зерттеулермен толықтырылды. Профессор М.Иманғазинов Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайында қызмет істеген кезеңнен бері (1991ж.) мұрағат құжаттарымен жұмыс жасап, Ілиястың ғұмырнамасы, өлімі, ақталуы жайлы жаңа, құнды пікірлер білдіріп келеді. Талай жылғы ізденістерінің нәтижесін «Ілияс Жансүгіров» (Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2004ж.) деген монографиясын шығару арқылы халыққа жеткізді.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы үш библиографиялық көрсеткіштің құрастырылуы: Ілияс Жансүгіров. Библиографиялық көрсеткіш. 1973 жыл; Қазақ әдебиетінің классиктері. С. Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин. Библиографиялық көрсеткіш. 1995 жыл; Ілияс Жансүгіров. Библиографиялық көрсеткіш. (қазақ, орыс тілінде) /Құраст: К.Е.Аймұхамбетова, А.Н.Нұрсейітова/ Алматы.-ҚР Ұлттық кітапханасы.-2004 жыл.
Мұрат Әбiлқақовтың «І.Жансүгіровтың драмалық шығармаларындағы тартыс пен қаһарман» (2003ж.) еңбегінде драмалық шығармалары тұңғыш рет монографиялық үлгіде талданып, поэтикалық тұрғыда қайта бағаланған. Қаламгердің драма жанрын игеруге деген алғашқы қадамынан бастап, драматургия шарттылықтарына жауап беретін толыққанды пьесасын дүниеге әкелгенге дейінгі жазушының үйрену, жетілу, шеберлік шыңдауы тәрізді кезеңдері айқындалады. Қаһарман бейнесін сомдау мен характерін жасау жолындағы автордың әдіс-тәсілдері бағаланады. Қарапайым кейіпкерді тағдырдың талқысына салып шыңдау арқылы типтік деңгейдегі драмалық кейіпкер жасау шеберлігін меңгеруі, драмалық тартысты туындатар шеберлігі әр қилы сапада зерделенген.
Әбілхан Әбіласан І.Жансүгіровтің әлі ешкімнің көзіне түспей жатқан дүниелерін мұрағат қойнауынан шығарып, Iлиястың өз қолымен жазылған қолжазбаны араб графикасынан тiкелей зерттеп, қазiргi кириллицаға аударып, «Жетісу» (Алматы, «Ценные бумаги» баспасы, 2001ж.) жинағын шығарды. Еңбекте қазақтың өткен өмірінің шынайы болмысы, Кенесары көтерiлiсi, Жетiсу, Балқаш, Жаркент өңiрiн орыс елiнiң жаулап алуы, сол тұстағы ел өмiрi жайлы шынайы жазылған деректер кеңес өкiметiнiң саясатына қиғаш келетiндiктен социалистiк цензураның кесiрiнен кезінде жарық көре алмаған. Тек тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана бұл іске асырылды. «Негiзiнен, Iлияс Жансүгiровтiң мұрағат материалының үштен бiр бөлiгi - қазiргi кезеңге дейiн жарық көрген шығармаларының түп дерегi, жазылу жайының күретамыры. 15–ке тарта қалың бумаларда (папкаларда) Iлиястың өз қолымен жазған 12 қойын кiтапшалары мен дәптерлерi жатыр. Оны оқып қараған адамға әлi де болса талай тың жатқан деректiң ашылатыны сөзсiз»,-дейді ілиястанушы ғалым М.Иманғазинов.
И. Боранбаева, Ә. Әбіласанұлы мен бірқатар жауапты адамдар «Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала хикаялары» атты мұрағаттар материалдарының негізінде жинақ (Алматы, «Үш қиян» баспасы, 2006ж.) құрастырып, шығарды. Кітапқа 1920-1964 жылдар аралығындағы Ілиясқа қатысты құжаттар жинақталған. Кітап екі бөлімнен тұрады. ҚР Орталық мемлекетті мұрағатындағы ақын мұралары сақталған жеке қордағы (ҚРОММ-1368-қор) деректер мен мәліметтер берілген. Кезінде кейбір мәліметтер цензураға байланысты, ал бертінде араб әліпбиіндегі қолжазбаларды оқитын зерттеушілердің сиреуіне сәйкес қозғаусыз қалып келген. Бұл еңбек- сол олқы тұстың орнын толтырар ғылыми маңызы зор жинақ.
Академик Т.Сыдықовтың «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» (2011ж.) атты монографиялық зерттеуі ілиястануға қосылған қомақты еңбек.