Нердің тектері мен түрлері
Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материялдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды. Осыған сай өнердің:
көркем әдебиет,
музыка,
мүсін,
кескіндеме,
театр,
кино,
би,
сәулет өнері, т.б. түрлері бар.
Өнер әр дәуірдің көркемөнер іс - әрекетінің жалпы міндетіне бағына отырып, бір – бірімпен өзара байланысқан, бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар жеке түрлерінің жүйесі болып табылады. Объективті реалдылықтың қасиеттері мен қырлары әртүрлі және көпжақты. Мысалы, музыка адамның ішкі – жан дүниесінің қуанышын, күйзелісін, торығуын жақсы бере алады, ал адамның сыртқы әдемілігін, үйлесімділігін мүлдем бере алмайды. Өнердің әр түрінің қайталанбас өзіндік ерешелігі бар.
Эстетикада өнерді үш топқа бөледі:
1. кеңістіктік өнер – сәулет, мүсін, бейнелеу т.б.
2. уақыттық өнер - әдебиет, музыка
3. кеңістіктік – уақыттық өнер – театр
Кеңістіктік өнерді статикалық, уақыттық өнерді динамикалық, кеңістіктік – уақыттық өнерді синтетикалық деп атауға болады. Бұларды қабылдау органының ерекшелігі арқылы да көрсетуге болады: кеңістік өнер көзбен көріледі, уақыттық өнер құлақпен естіледі, ал кеңістіктік пен уақыттық өнер көзбен де, құлақпен бір уақытта қабылдана береді. Өнер адамның іс - әрекетімен тығыз байланысты, бұл да оны жіктеуге негіз болады. Сәулет өнері мен декоративті – қолданбалы өнер еңбек іс - әрекетімен тығыз байланысты, театр, өнері ойын іс - әрекетімен байланысты. Көркем өнер іс - әрекетінің табиғатынан табиғатынан туындайтын мынадай жіктеу бар. Қолданбалы өнер – сәулет, декоративті – қолданбалы өнер. Бейнелеу өнері – мүсіндеу, бейнелеу, графика, көркем, сурет, уақыттық өнер. Сөйлеу өнері - әдебиет, уақыттық өнер. Дыбыс өнері – музыка. Көрсету «ойын» өнері – хореография, кино, теледидар, эстрада, цирк – кеңістік уақыттық өнер. Сөз өнері іштей – жазба әдебиет, ауыз әдебиеті болып бөлінсе, музыкылдық өнер – вокалдық, аспаптық музыка түрлеріне бөлінеді. Сахналық өнер – драмалық, музыкалдық, қуыршақ, эстрада, цирк, т.б. болып жіктеледі. Ауыз әдебиеті – эпос, лирика, драма сияқты тектерге бөлінуімен қатар, бейнелеу өнері – портрет, пейзаж, натюрморт, сахна өнері, комедия, трагедия, водевил, т.б. жанрларға бөлінеді. Өнер, жалпы алғанда, әлемді игерудің тарихи қалыптасқан көркем әдісі ретінде өзіне тән ерекшеліктер мен өзіндік сипатқа ие. Өнердің эстетикалық қызметі арқылы танымдық табиғаты мен тәрбиелік сипаты айқындалады. Әрбір тарихи кезеңнің, сондай-ақ әрбір халықтың өзіне тән эстетикалдық талап, талғамдары болады.
Өнер теориясы бойынша көркем шығармаға негіз болған матерялдық арқауына байланысты өнер түрлерінің негізгі үш тобы туындайды:
1) мекендік немесе пластикалдық (кескіндеме, мүсін, графика, көркем фото, архитектура, т.б.) яғни, көркем бейнені кеңістікте түзетін өнер түрлері,
2) мезгілдік (сөз және музыка өнері), яғни көркем бейнелерді уақыт кеңістігінде құратын өнер түрлері.
3) мекенді-мезгілдік (би, актерлік өнер және осыған негізделген аралас түрлер – театр, кино, телевизия, эстрада, цирк, т.б.), яғни көркем бейнені белгілі бір уақыт кеңістікте түзетін өнер түрлері.
Қазақ әдебиеттануының негізін қалаушы А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама берген болатын.
Өнердің ең көне түрлерінің бірі – сәулет өнері. Оның пайда болуы адам баласының тіршіліктегі өмірлік қажеттілігінен туған. Алғашында ол адамды суық пен ыстықтан, жауын мен қардан қорғау үшін пайда болған. Әрине, алғашқы баспана түрлерінен әсемдік, сұлулық сипаттарды іздеудің өзі ағаттық болар еді.
Әрбір өнердің жеке түрі сол өнерге арналған нақты өнертану ғылымдары арқылы зерттеледі. Ал эстетика болса сол өнер түрлерінің пайда болу себептерін, олардың өзара байланыстары мен жіктелу принциптерін айқындайды, сонымен қатар өнердің ақиқат шындыққа эстетикалық қатынасы, көзқарасы тұрғысынан жекелеген өнер түрлерінің ерекшеліктеріне талдау жасау да эстетиканың мәселесі болып табылады.
Өнер түрлерінің көп болуының басты себебі адамның жасампаздығын қалыптастырушы ақиқат шындықтың әралуандығында, өнер сипатының көп қырлылығында деп түсінуіміз керек.
Өмірдің сан түрлі құбылыстарын тек өнердің бір ғана түрімен бейнелеп шығу мүмкін емес. Кез келген өнердің түрі белгілі бір ақиқат шындықтың өзіне ыңғайлы жағын ғана айқын да айшықты бейнелей алады, ал сол шындықтың келесі бір жағын бейнелеп көрсетуге оның қабілет мүмкіндігі жете бермеуі мүмкін. Мәселен, сурет өнері дүниедегі заттар мен құбылыстарды, адамның табиғи және әлеуметтік болмысын жан-жақты терең бейнелеп көрсете алғанымен, ақиқат шындықты, адам мінезін қимыл-қозғалыс үстінде бейнелеп көрсетуге қабілетсіз. Сол сияқты музыка да адамның сезіміне, іштейгі толғанысына, көңіл күйінің терең қатпарына еніп, орасан зор әсерге бөлегенімен, өмірдегі нақты мәселелерді бейнелеуге, сол сезім мен толғанысты тудырушы себептерді ашып көрсетуге дәрменсіз.
Осыған байланысты өнер дамуының екі жақты тенденциясын пайымдауымызға болады. Бір жағынан, күн өткен сайын өнердің бөлшектеніп, жеке өнер түрлерінің пайда болып жатқанының куәсі болудамыз. Екінші жағынан, көптеген өнер түрлерінің ақиқат шындықты толық жеткізу үшін бірігіп, бірінің жеткізе алмағанын екіншісінің көмегімен толықтырып келе жатқанын да күнделікті өмірден көріп, біліп отырмыз. Бұл процестер еш уақытта тоқтамаған және тоқталмақ та емес.
О баста әдебиет пен музыка тұтастай бір өнердің түріне жататын. Әлі күнге шейін тайпалық деңгейде өмір сүріп келе жатқан кейбір халықтардың өнерінде би, музыка, театр өнерінің элементтері мен сурет және мүсін өнерінің түрлері бүтін бір органикалық бірлікте екендігін мәдениеттануға байланысты әр алуан еңбектерден оқуымызға болады. Өнердің синкреттілігінің пайда болу шарттары туралы кезінде орыс ғалымдары Потебня, Веселовский, Жирмунскилер де жазған болатын.
Қоғам дамуына байланысты өмірдің әр алуан құбылыстарын жан-жақты және терең бейнелеуге деген қажеттіліктен олардың бөлініп, жеке өнер түрлерінің пайда болуына жол ашты.
Екінші жағынан, өмірдің әр алуан жақтарының арақатынасын ашып көрсетуге деген қажеттілік көптеген өнер түрлерінің бір-бірімен тығыз байланыста болуына, бірінің осал тұсын екіншісінің толықтыруына мүмкіндік жасады (мысалы, сәулет өнерінде оны мүсін өнері мен сурет өнері толықтырып тұрады, бірақ әрқайсысы өзінің көркемдік мәнін сақтап қалады). Дей тұрғанмен де сәулет өнерінің әсем де айшықты мазмұнға ие болуында олардың синтезі маңызды рөл атқарады. Қоғам дамуына байланысты кейін туған өнердің бір түрі – балет. Бірақ аталған өнер түрін бисіз, музыкасыз, көркем декорациясыз көз алдымызға елестете алмаймыз. Мұндағы өнер түрлерінің бірігуі жай ғана бірігу емес, жоғары деңгейде бірігу болып табылады.
Жаңа өнер түрлерінің пайда болуы да, олардың дамуы да қоғамдық рухани қажеттілікке тікелей байланысты болып келеді.
Адамзат қоғамының дамуы барысында мынадай жағдайлар да болған, мысалы қоғамға қажетті бір өнер түрі ерекше дамып ал енді бір қоғамға қажет өнер түрі дамымай, қолдан жасалған кедергілерге ұшырап тоқырап қалған. Феодализм дәуірінен де дін мен мемлекет бірге билік құрған тұста, әсемдік ұғымы тек о дүниедегі жұмақта ғана болады деген түсінік үстемдік алып тұрған уақытта сәулет өнері мен музыка шарықтап дамиды, себебі олардың күшімен діни түсініктерді жеріне жеткізе бейнелеуге болатын еді.
Ал, керісінше, адам сымбатын, шынайы дүние сұлулығын барынша шабыттана бейнелеген қайта өрлеу дәуірінде сурет және мүсін өнері басқа өнер түрлерінен әлдеқайда дара көрініп, қарқынды дами бастады.
Қоғам дамуына байланысты адамдар енді тани бастаған ақиқат шындықтың жаңа қырлары қоғамдық тәжірибеге тартылады, ал ол тәжірибе өнерге адам тәжірибесіне байланысты жаңа талаптар қоя бастады. Оның ақыры жаңа бір өнер түрінің пайда болуымен аяқталады.
Мысалы, кинематография солай пайда болған. Ең бірінші «қозғалатын суреттерді» 1895 жылы Парижде ағайынды Люмьерлер өмірге әкелді. Бірақ олар өнердің жаңа бір түрін ойлап таптық деген жоқ, тек техниканың жаңа мүмкіндіктерін жарнамалаумен ғана шектелді. Ал одан кейін он-он бес жыл өткенде кино өнердің ең әйгілі түрінің біріне айналып шыға келді. Себебі неде?
Әрине, киноның пайда болуы, оның аса жылдам қарқынмен дамуы ең бірінші сол тұстағы ғылым мен техниканың дамуына тікелей байланысты. Бірақ ғылыми-техникалық прогресс кинематографияның дамуына тек жол ашып, мүмкіндік жасағанын естен шығармауымыз керек. Ал сол мүмкіндіктің ақиқат шындыққа айналуы, жаңа өнер түрінің жедел дамуы – қоғамдық өмірдің сұранысынан туындаған қажеттілік.
Әрине, кино жеке өнер түрі, қоғамның барлық топтарына түсінікті өнер. Бір жағынан, ол да әдебиет секілді идеологиялық құрал ретінде қызмет етеді.
Өнердің түрі дегеніміз – өмірдің белгілі бір қырын ғана басым суреттейтін, белгілі бір образдылық сипатымен дараланатын адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыратын, көркем образ жасау материалы мен оны сомдау заңдылығы бойынша ерекшеленетін өнердің белгілі бір саласы.
Енді олардың жіктелу принциптеріне тоқталайық.
Ең бірінші өнер түрлері бейнелеуші өнер (изобразительное) және бейнелемейтін өнер болып екіге бөлінеді. Бейнелеуші өнерге кескін, графика, мүсін, көркем фотография, т.б. жатады. Яки бұл өнер түрлерінде заттар мен құбылыстардың сыртқы пішіні бейнеленеді. Ал бейнелемейтін (неизобразительное) өнерге музыка, сәулет, сәндік қолданбалы өнер, хореография жатады. Онда бейнелеуші объектіге тура ұқсамаса да адамның ішкі жан дүниесін, оның сезімін, көңіл күйі мен толғанысын пішін арқылы жеткізеді.
Әрине, өнерді былайша бөлгенде оның астарында қатып қалған бір заңдылық бар екен деп түсінбеуіміз керек. Олар да көбінесе бір-бірімен әр алуан деңгейде араласып, бірінің шекарасынан екіншісі өтіп жататын кездері жиі ұшырасады. Мәселен, өнердің басты бір түрі саналатын әдебиетте бейнелеуші де, бейнелемейтін де өнер түрлерінің қасиеттерін атап көрсетуге болады. Сондықтан ол жоғарыдағы жіктеу принциптеріне көне бермейді.
Одан әрі өнерді синтетикалық (кеңістіктік) және динамикалық (уақыттық) деп бөлеміз. Мұның алғашқысына кескін, графика, мүсін, сәулет, сәндік қолданбалы өнер, көркем фотография жатса, екіншісіне – әдебиет, музыка, би, т.б. өнер түрлері кіреді.
Өнер түрі дегеніміз – өмірдің бір ғана қырын басым суреттейтін, белгілі бір образ түрімен даралана сипатталатын, өзіндік адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыру әдісі бар көркем образ жасау материалы мен заңдылығы бойынша ерекшеленетін өнердің бір саласы.
Статикалық және динамикалық өнердегі көркем образдар өмірдің жеке және жалпы сипаттарын бірлікте сипаттай отырып, ақиқат шындықты әр алуан деңгейде жеткізеді. Мысалы, сурет өнерінде сыртқы дүниедегі құбылыстардың шарықтау шегін дәл бейнелеп көрсете алса, би өнерінде сол құбылыстағы қозғалысты қимыл үстінде суреттейді. Образ кейде сыртқы ақиқат шындықты дәл қайталап бейнелемеуі де мүмкін. Мәселен, сәулет өнеріндегі образ бізді қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың біріне де ұқсамайды. Бірақ өмірлік мәні зор терең тылсым сырларды, сол дәуірдің, сол заманның көңіл күйін, тарихи сипатын адам санасына әсерлі етіп жеткізеді. Орта ғасырдағы асқақтап тәңірге ұмтылу, жалындаған готика мен барокко стильдеріндегі сан алуан үйлесімді сән-салтанаттар – адамзат баласының талмай ізденістерінен туған жүйрік қиялдарының нәтижесі.
Әр түрлі өнер түрлерінің бірігуінен (синтезінен) синтетикалық өнер пайда болды. Оларға қазіргі уақытта театр, кино, телевидение секілді өнер түрлерін жатқызып жүрміз. Олардың құрамынан бейнелеу өнері мен бейнеленбейтін өнер түрлерін, кеңістіктік және уақыттық өнер түрлерінің белгілерін айқын ажыратып, аңғаруға болады. Оларды кейде уақыттық-кеңістіктік өнер деп қосарлап атау да дәстүрге айналып барады.
Адамға эстетикалық әсер ету сипатына қарай және мазмұны мен образына, жасалу материалына қарай өнерді көзбен көретін (зрительные) және есітетін (слуховые) деп те бөліп жатамыз. Сурет, сәулет, мүсін, т.б. өнер түрлерін көзбен көріп тамашалап, бағалайтын болсақ, музыка өнерін құлақпен естіп барып қабылдаймыз. Негізінен көру әсері өнердің кеңістіктік түріне жатса, есту әсері уақыттық өнер түріне сәйкес келеді.
Синтетикалық өнер түрі аталған өнер түрлерінің екеуін де қамтиды. Киноны көріп қана қоймаймыз, сонымен қатар есту арқылы да оның мазмұнын терең түсінетіміз ақиқат.
Материалдық, практикалық, көркемдік тұрғыдан игеру әдісіне қарай, яки пайдаланылатын табиғи материалдарына байланысты да өнерді жіктеп, әр қилы түрлерге бөліп айта береміз. Сәулет, кескін, графика, мүсін, қолданбалы көркем өнер, т.б. өнер түрлерін жасалған материалдарына орай металл, мрамор, гранит, ағаш, бояу, т.с.с. атаулармен атайтын кезіміз де жиі кездеседі.
Музыка материалы – дыбыс, әдебиеттің материалы – сөз екенін жақсы білеміз. Бұлардың қайсысы болмасын қазір өнер түрлерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, кино, театр, телевидениені сөз бен дыбыссыз (музыкасыз) елестете алмайсыз. Соңғы жылдары кейбір өнер түрлерінде сөзді барынша үнемдеп пайдаланып, оның орнына қимылды, дыбысты, музыканы көбірек қолдану тенденциясы орын алуда. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Е. Тұрсыновтың «Келін» фильмі оның нақты мысалы бола алады.
Сонымен қатар өнерді пайдалы және пайдасыз деп те бөлу принципі сақталған. Кейде оны қолданбалы және көркемөнер деп те айтып жатамыз. Кейінгі жылдары бұл өнер түрлері де бірімен-бірі қосылып, бірін-бірі толықтырып күрделі жанрларға айналуда. Мәселен, сәулет өнерінде сурет, мүсін, кескін өнер түрлері ғана емес, сөз өнері, музыка, т.б. өнер түрлерінің элементтері барынша шеберлікпен үйлесімді қолданылып келеді.
Келесі бір өнер түрлерін алғашқы немесе түпнұсқа (первичные) және қайталама немесе орындаушылық (исполнительские) деп те бөліп жүрміз. Мұның мәнісі сурет, сәулет, мүсін өнерін қайта көшіріп жасаудың маңызы жоқ, ал музыка, театр, эстрада, цирк, хореографияда орындаушының шеберлігі көрермен, тыңдарман арқылы бағаланады. Себебі олар біреу жасаған өнерді халыққа өз қабілеттері мен таланттарын пайдалана отырып жеткізеді.
Билет