Нер түрлері және көркем әдебиет.
Эстетика туралы әңгіме бола қалса, міндетті түрде өнердің әр алуан түрлері қосарлана сөз болып жатады. Негізінде өнердің тектері бар, сол сияқты олардың көптеген түрлері де бар. Өзіміз жастайымыздан білетін, санамызға сіңісті өнер түрлері бар, сонымен қатар атын естісек те қандай өнер екенін әлі толық біліп пайымдай алмайтын бізге таныс емес өнер түрлері де жиі кездесіп жатады.
Өнердің ең көне түрлерінің бірі – сәулет өнері. Оның пайда болуы адам баласының тіршіліктегі өмірлік қажеттілігінен туған. Алғашында ол адамды суық пен ыстықтан, жауын мен қардан қорғау үшін пайда болған. Әрине, алғашқы баспана түрлерінен әсемдік, сұлулық сипаттарды іздеудің өзі ағаттық болар еді.
Сәулет өнері тек қана адамның тіршілік қажеттілігін қанағаттандыруды мақсат етпей, енді ол рухани қажеттілікті де қанағаттандыратын, әсемдік пен терең үйлесімділікті негізге алатын эстетикалық талғамға лайықталған өнер түріне айналды. Одан жекелеген ұлттың, халықтың арман-мүддесін, сұлулыққа, биіктікке деген ұмтылысын, жасампаздығын тануымызға болады. Қазіргі Астана мен Алматыдағы зәулім ғимараттар, әсем айшықты мешіттер, сымдай тартылған көпірлер мен жолдар – қазақ халқының кешегі және бүгінгі өмірінің тамаша куәгерлері.
Жалпы өнер дегенімізбен олар: көркем әдебиет, музыка, сәулет өнері, кескін өнері, театр және кино, би т.б. өнер түрлерінің жиынтығы екенін жоғарыда айтып өткенбіз. Әрбір өнердің жеке түрі сол өнерге арналған нақты өнертану ғылымдары арқылы зерттеледі.
Өнердің түрі дегеніміз – өмірдің белгілі бір қырын ғана басым суреттейтін, белгілі бір образдылық сипатымен дараланатын адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыратын, көркем образ жасау материалы мен оны сомдау заңдылығы бойынша ерекшеленетін өнердің белгілі бір саласы.
Енді олардың жіктелу принциптеріне тоқталайық.
Ең бірінші өнер түрлері бейнелеуші өнер (изобразительное) және бейнелемейтін өнер болып екіге бөлінеді. Бейнелеуші өнерге кескін, графика, мүсін, көркем фотография, т.б. жатады. Яки бұл өнер түрлерінде заттар мен құбылыстардың сыртқы пішіні бейнеленеді. Ал бейнелемейтін (неизобразительное) өнерге музыка, сәулет, сәндік қолданбалы өнер, хореография жатады. Онда бейнелеуші объектіге тура ұқсамаса да адамның ішкі жан дүниесін, оның сезімін, көңіл күйі мен толғанысын пішін арқылы жеткізеді.
Әрине, өнерді былайша бөлгенде оның астарында қатып қалған бір заңдылық бар екен деп түсінбеуіміз керек. Олар да көбінесе бір-бірімен әр алуан деңгейде араласып, бірінің шекарасынан екіншісі өтіп жататын кездері жиі ұшырасады. Мәселен, өнердің басты бір түрі саналатын әдебиетте бейнелеуші де, бейнелемейтін де өнер түрлерінің қасиеттерін атап көрсетуге болады. Сондықтан ол жоғарыдағы жіктеу принциптеріне көне бермейді.
Одан әрі өнерді синтетикалық (кеңістіктік) және динамикалық (уақыттық) деп бөлеміз. Мұның алғашқысына кескін, графика, мүсін, сәулет, сәндік қолданбалы өнер, көркем фотография жатса, екіншісіне – әдебиет, музыка, би, т.б. өнер түрлері кіреді.
Өнер түрі дегеніміз – өмірдің бір ғана қырын басым суреттейтін, белгілі бір образ түрімен даралана сипатталатын, өзіндік адамның эстетикалық қажеттілігін қанағаттандыру әдісі бар көркем образ жасау материалы мен заңдылығы бойынша ерекшеленетін өнердің бір саласы.
Статикалық және динамикалық өнердегі көркем образдар өмірдің жеке және жалпы сипаттарын бірлікте сипаттай отырып, ақиқат шындықты әр алуан деңгейде жеткізеді. Мысалы, сурет өнерінде сыртқы дүниедегі құбылыстардың шарықтау шегін дәл бейнелеп көрсете алса, би өнерінде сол құбылыстағы қозғалысты қимыл үстінде суреттейді. Образ кейде сыртқы ақиқат шындықты дәл қайталап бейнелемеуі де мүмкін. Мәселен, сәулет өнеріндегі образ бізді қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстардың біріне де ұқсамайды. Бірақ өмірлік мәні зор терең тылсым сырларды, сол дәуірдің, сол заманның көңіл күйін, тарихи сипатын адам санасына әсерлі етіп жеткізеді. Орта ғасырдағы асқақтап тәңірге ұмтылу, жалындаған готика мен барокко стильдеріндегі сан алуан үйлесімді сән-салтанаттар – адамзат баласының талмай ізденістерінен туған жүйрік қиялдарының нәтижесі.
Әр түрлі өнер түрлерінің бірігуінен (синтезінен) синтетикалық өнер пайда болды. Оларға қазіргі уақытта театр, кино, телевидение секілді өнер түрлерін жатқызып жүрміз. Олардың құрамынан бейнелеу өнері мен бейнеленбейтін өнер түрлерін, кеңістіктік және уақыттық өнер түрлерінің белгілерін айқын ажыратып, аңғаруға болады. Оларды кейде уақыттық-кеңістіктік өнер деп қосарлап атау да дәстүрге айналып барады.
Адамға эстетикалық әсер ету сипатына қарай және мазмұны мен образына, жасалу материалына қарай өнерді көзбен көретін (зрительные) және есітетін (слуховые) деп те бөліп жатамыз. Сурет, сәулет, мүсін, т.б. өнер түрлерін көзбен көріп тамашалап, бағалайтын болсақ, музыка өнерін құлақпен естіп барып қабылдаймыз. Негізінен көру әсері өнердің кеңістіктік түріне жатса, есту әсері уақыттық өнер түріне сәйкес келеді.
Синтетикалық өнер түрі аталған өнер түрлерінің екеуін де қамтиды. Киноны көріп қана қоймаймыз, сонымен қатар есту арқылы да оның мазмұнын терең түсінетіміз ақиқат.
Материалдық, практикалық, көркемдік тұрғыдан игеру әдісіне қарай, яки пайдаланылатын табиғи материалдарына байланысты да өнерді жіктеп, әр қилы түрлерге бөліп айта береміз. Сәулет, кескін, графика, мүсін, қолданбалы көркем өнер, т.б. өнер түрлерін жасалған материалдарына орай металл, мрамор, гранит, ағаш, бояу, т.с.с. атаулармен атайтын кезіміз де жиі кездеседі.
Музыка материалы – дыбыс, әдебиеттің материалы – сөз екенін жақсы білеміз. Бұлардың қайсысы болмасын қазір өнер түрлерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, кино, театр, телевидениені сөз бен дыбыссыз (музыкасыз) елестете алмайсыз. Соңғы жылдары кейбір өнер түрлерінде сөзді барынша үнемдеп пайдаланып, оның орнына қимылды, дыбысты, музыканы көбірек қолдану тенденциясы орын алуда. Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген Е. Тұрсыновтың «Келін» фильмі оның нақты мысалы бола алады.
Сонымен қатар өнерді пайдалы және пайдасыз деп те бөлу принципі сақталған. Кейде оны қолданбалы және көркемөнер деп те айтып жатамыз. Кейінгі жылдары бұл өнер түрлері де бірімен-бірі қосылып, бірін-бірі толықтырып күрделі жанрларға айналуда. Мәселен, сәулет өнерінде сурет, мүсін, кескін өнер түрлері ғана емес, сөз өнері, музыка, т.б. өнер түрлерінің элементтері барынша шеберлікпен үйлесімді қолданылып келеді.
Келесі бір өнер түрлерін алғашқы немесе түпнұсқа (первичные) және қайталама немесе орындаушылық (исполнительские) деп те бөліп жүрміз. Мұның мәнісі сурет, сәулет, мүсін өнерін қайта көшіріп жасаудың маңызы жоқ, ал музыка, театр, эстрада, цирк, хореографияда орындаушының шеберлігі көрермен, тыңдарман арқылы бағаланады. Себебі олар біреу жасаған өнерді халыққа өз қабілеттері мен таланттарын пайдалана отырып жеткізеді.
Өнерде көркем әдебиеттің орны ерекше. «Әдебиет және өнер» деп қосарлай айтуымыздың себебі сөз өнері көптеген басқа өнер түрлерінің алғашқы негізі болып саналады. Әдебиет басқа өнер түрлеріне қарағанда өмір құбылыстарын, сол өмірдегі ақиқат шындықты бейнелеп көрсетуге әлдеқайда икемді, адамның ойы мен сезімін суреттеп жеткізу мүмкіндігі орасан зор.
Әдебиеттің материалы – сөз. Сөз кез келген ойды, идеяны барынша терең де толық сипаттай алады. Сондықтан да сөз өнері – шығармадағы автордың көзқарасын, қаһармандардың әр алуан ойлары мен сезімдерін, іштейгі толғаныстарын айқын да анық бейнелеп көрсетуге қабілетті өнер саласы.
Сөзбен әдеби қаһармандар мен оқиғаларды көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп бейнелеуге болады. М. Горкий «Жазушы суретті сөзбен салады» деп бекер айтпаса керек.
Әдебиеттің күші мен мәнінің өзі – сөздің бейнелегіштік, көркемдегіштік қасиетіне, оның кез келген оқиғаны не болмаса құбылысты эмоционалды, нақтылы талдап қорыта алу мүмкіндігіне, өмірді тұтастай қамтып суреттей алатын қарымдылығына байланысты болып саналады.
Әрине, сөз өнерінің мүмкіндігі өте жоғары, бірақ шексіз деп айта алмаймыз. Ол кез келген оқиғаны, құбылысты, көңіл күй сипатын көз алдымызға елестеткенімен, кино, театр, цирк секілді көрсете алмайды. Адамның эмоционалды көңіл күйлерінің тілмен айтып жеткізу мүмкін емес нәзік қырларын суреттеуге де кейде мүмкіндігі жете бермейді. «Сөзбен адамның эмоционалды көңіл күйін суреттеу мүмкіндігі таусылған жерден музыка басталады» деген сөз театр мен кино өнерінде жиі қолданылатын тіркес.