ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 2 страница

Бұл шығармаларды тақырыбы, түрлік, жанрлық ерекшелігі тұрғысынан қарасақ, олардың әр қилы екенін көреміз. 1928 жылы Қызылорда қаласында қарын бөле Сұлтанбек, Мұстафа есімді жігіттердің Бәтима есімді қызға таласуы салдарынан бір-біріне қару жұмсап, қан төгу оқиғасынан жазылған «Адасқандар» - махаббат тақырыбында туған алғашқы әлеуметтік-психологиялық роман. «Теміртас», «Жұмбақ жалау», «Қызыл жалау», «Қызылжар» - тарихи төңкеріс тақырыбындағы дүниелер. «Менің құрдастарым», «Өмір не өлім» - өндірістік тақырыпта туған алғашқы қазақ романдары. М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» романы қазақ әдебиетіндегі жаңа эксперименттің басы еді. О баста «Қызылжар» трилогия ретінде жоспарланған. Қазақ әдебиетінің үш қаламгері бірге жоспарлап, тізе қосып еңбектенген шығарманың бір ғана кітабы жазылып, жарық көрді. «Қызылжар» романының бірінші кітабын міндетіне алған С.Сейфуллиннің шығарманы бастағаны, иә бастамағаны белгісіз. Ал, аталған шығарманың екінші кітабын мойнына алған С.Мұқанов бірсыпыра жаза бастап, аяқтамаған. Бұл орайда М.Дәулетбаевтың «Қызылжар» романы - қазақ әдебиетіндегі сәтті ойластырылған тәжірибенің, үштік туындының бірі ғана.

«Менің мектептерім» - С.Сейфуллиннің жиырмасыншы жылдары жазылып, марияланған «Тар жол, тайғақ кешуінен» кейінгі қазақ әдебиетіндегі екінші мемуарлық роман болды. «Менің құрдастарым», «Өмір не елім», «Дөң асқан» - формасы тартымды, сол кезеңнің өмір тынысы қамтылған роман үлгілері еді. Ал, «Балуан Шолақ» болса, ғұмырнамалық роман қарлығашы.

Отызыншы жылдары саяси қуғын салдарынан әдебиетке араласа алмаған А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы сынды алыптар эпикалық жанрда әлдебір туынды жоспарлап, жазып аяқтауы, әйтпесе бастауы әбден мүмкін еді. Көрнекті ғалым Б.Кенжебаев қоғам қайраткері, публицист Садықбек Сапарбековтың 1937 жылы көлемді мемуарлык шығарма аяқтағанын айтар еді. Сол секілді жер-жердегі талапкерлер жазған романдардың болғанын да айту керек. Мәселен, С.Мұқанұлы архивінде Насырұлы Сейілбек аталатын автордың «Тоқымбет» романының колжазбасы сақталған.

Қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау», «Қоңсылар», «Тартыс» романдарының кейі аяқталмаған, ал аяқталған күнде жеке адамға табынудың сойқанды салдарынан жоғалып кеткен, бүгінгі күнге жетпеген. Қолда бар үлкенді-кішілі үзінділеріне қарағанда, жазушының бұл шығармалары уақыт тынысы, замана қарқыны, адамдар мінез-құлқы хақында қызықты болмысты аңғартқандай жайы бар. Амал қанша, айтулы суреткердің қайбір шығармалары толық нүсқасында оқырман қолына жетпеді.

Бұл кезеңде өнімді еңбектенген С.Мұқановтың «Адасқандар» (1931), «Теміртас» (1935) романдары жазылды, ал «Жұмбақ жалау» (1938) төңкерістің тарихи рөлін кемел, жан-жақты бейнелеген эпикалық, классикалық шығарма райында бағаланды. Мектеп оқулықтарынан монографиялық зерттеулерге дейін солай айтылып, солай жазылып келді. Саяси екпіні басым «Теміртас», «Жұмбақ жалау» романдарына лайықты баға беріліп, жазушы табысы ретінде өмір шындығынан алынып жазылған «Адасқандар», «Балуан Шолақ» романдарын ерекше атау жен.

С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім», Ғ.Слановтың «Дөң асқан» - романдарына да бүған дейін айтылған марапат сөздер азайып, дұрыс бағалары берілуі тиіс. Бұл дәуірде повесть жанрының жақсы үлгілері ретінде С.Сейфуллиннің «Жемістер», Б.Майлиннің «Он бес үй», «Қырманда», С.Шәріповтың «Бекболат», «Рузи Иран», «Ләйлә», Ә.Әбішевтің «Завал», «Армансыздар», Ж. Тілепбергеновтың «Таңбалылар», О.Бековтың «Советбике», С.Камаловтың «Ұшқыннан өрт», Ғ.Слановтың «Арман ағысы» повестерін атауға болады. «Жемістер» - жаңа қоғам жемісі, жеңісі, адамдар тағдыры, «Он бес үй» - коллективтендіру, «Қырманда» - тап тартысы, «Бекболат» - ұлт-азаматтық көтерңлісі, «Рузи Иран» - Иран елі, «Завал», «Армансыздар». «Арман ағысы» - өндіріс, «Таңбалылар», «Советбике», «Ұшқыннан өрт» - төңкеріс жөнінде бірсыпыра сыр толғайды. Сәкен прозасынан баяндау, Бейімбеттең мінез-құлықты ашу, Сабыр прозасынан кұжат-дерек молдығын, Әлжаппар повестерінен тақырып өзгешеліктерін байқаймыз.

Бұл жылдарғы қазақәдебиеті ауылды коллективтендіруден бастап, шет ел өміріне дейінгі жайды қамтып жатыр. Ираида біраз жыл елшілік қызмет атқарған С.Шәріпов қаламынан туған «Рузи Иран» ерекшелігін осылай қабылдауға болады. Қазақ повесі өткен кезеңдермен салыстырғанда тақырып аясы кеңіп, жанрлық форма жағынан да едәуір өсті.

Б.Майлин, М.Әуезов, С.Шәріпов, Ғ.Мүсірепов, С.Ерубаев әңгіме жанрында өнімді еңбектенді. Тақырыпты өмірдің өзінен ала беретін, ала білетін Б.Майлиннің «Қара шелек», «Ұлбосын», «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқашы», «Әміржанның әңгімесі» секілді әңгімелері отызыншы жылдардағы қазақ даласындағы әлеуметтік өзгеріс тынысын өте дәл, нақты, шыншыл береді. Көркем шығармаға материалды өмірден аудырмай кешіре салған жазушыға кезінде натурализмді кінә етіп таққан сындар болған. Оның жөні де бар. Қоғамдағы коллективтендіруге байланысты орын алған асыра сілтеу оқиғалары Бейімбет шығармаларында сирек сыналатын себебі де содан. Жазушы әңгімелерін натурализмнен шуақты юморға бөлей ашатын кейіпкер характері ғана арашалайды.

Бұрын сыншыл реализм бағытында жазып келген М.Әуезов отызыншы жылдары жаңа социалистік қоғам жетістігін көрсетпек мақсатпен «Қасеннің кұбылыстары», «Құм мен асқар», «Іздер», «Шатқалаң», «Бүркітші» сияқты тартыс желісі шарттылау, бірақ біраз мінез-құлықты жандарды көрсеткен әңгімелер берді.

Сондай-ақ Ғ.Мүсіреповтың романтикалық пафосқа, шуақты юморға толы аналар жайындағы әңгімелер циклы, С.Ерубаевтың «Бақыт» секілді қиялға бай қанатты әңгімелері - отызыншы жылдардағы әңгімелердің өзіндік бір ерекшелігі. Ал, С.Шәріповтың очерктерден енген әңгімелері көп дерек, көп мәліметімен тартымды.

Қазақ әдебиетінде сатиралық әңгімелер, фельетондар кең өріс ала бастады. I.Жансүгіров, Б.Майлин, Қ.Тайшықов, Д.Еркінбеков, С.Төлепов, А.Тоқмағамбетов қаламдарынан бірсыпыра сатиралық әңгіме, фельетондар туды. Әрине, сатиралық жанр бағыты - кемшілікті сынау. Бүл ретте қазақ сатириктері қоғам бойындағы қайшылықтарға көңіл аударып, асыра сілтеу, төрешілдік жайларды сынады. Адамдар бойындағы кержалқаулық, салақтық, әкімгершілік мінез-құлықты түйреді. Сатираның басты ерекшелігі - адам бойындағы әр қилы кемшіліктерді жинақтап, көркем, өткір тілмен айтып беру еді. Жанр шарты тұрғысынан алғанда бұл недәуір жетістік болғаны анық.

Бүкілодактық деңгейде М.Горький жазушыларды зауыт, фабрикалардың, қалалардың очерктік сипатта тарихын жазуға шақырғаны бар. Бәлкім, осы шақырудың әсері ме, болмаса, қазақ даласына келіп қоныс тебе бастаған алып зауыт, фабрикаларды көрген соң ой түсті ме, әйтеуір, қазақ жазушылары жер-жерге барып, ел аралап очерк, публицистика жазуды қолға алған. Атап айтсақ, С.Шәріпов қазақ ауылындағы ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы, қолбасшы-күрескерлер жөнінде, I.Жансүгіров Жетісу тарихы жайында очерктер циклын жазды. Б.Майлин Шымкент қорғасын зауыты жөнінде, А.Тоқмағамбетов Шәуілдір мақташыларыньщ еңбегі туралы очерк, мақалалар жазды. Бұлардың көбі кезінде жарияланған, сол кездегі баспасөз беттерінде жинаусыз қалды. Осымен қатар айтыла кетуге тиіс бір жай - Т.Рысқүлов, С.Қожанов, О.Исаев, А.Асылбеков, С.Сапарбеков сынды қоғам қайраткерлері қаламынан туған шығармалар. Мерзімді баспасөз бетінде осы аты аталған қоғамдық қайраткерлердің бірсыпыра публицистік әдеби мұралары бар. Тиісті орындарға халық тағдыры жөнінде ашына жазып, жоғарыға жолдаған хаттары (қазіргі уақыттарда ол хаттардың кейбірі жарияланып жүр) - отызыншы жылдар публицистикасының ерекше үлгісі ретінде танылуы қажет. Бұлар хат формасында жазылған публицистік әдеби мұралар санатына жатады.

КСРО Жазушылар одағының тұңғыш съезінен оралған I.Жансүгіров балалар әдебиетін дамыту жөнінде баспасөз бетінде арнайы мақала жазды. Өзгелер де бұл үндеуге үн қосып, көп болып қазақ балаларына қызықты әдебиет жасауға бәтуаласты. I.Жансүгіров, Б.Майлин балаларға арнап ертегілер жаза бастады, Алдыңғылар бастамасын жаңа, жас буын қолдай жөнелді. Әсіресе, Ө.Тұрманжанов балалар әдебиетіне біржолата бет бұрғандай рай танытты. Ақын ауыз әдебиеті үлгісімен көптеген шығармалар жазды. Бұл ретте Ө.Тұрманжанов шығармашылығы ауыз әдебиеті мен профессионалдық балалар әдебиеті арасын жалғап жатқан көпір іспетті рөл атқарды.

Бұрын ішінара бой көрсетіп келе жатқан драматургия сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Б.Майлиннің «Майдан», «Жалбыр», «Шұға», «Талтаңбайдың тәртібі», «Біздің жігіттер», «Амангелді» (Ғ.Мүсіреповпен бірге жазған), М.Әуезовтің «Түнгі сарын», «Абай» (Л.Соболевпен бірге жазған), «Айман - Шолпан», «Ақ қайың» (Ә.Тәжібаевпен бірге жазған), «Тас түлектер», «Тартыс», «Алма бағында» секілді пьесалары осы кезеңнің жемістері. Осы жылдарда драматургияны дамытуға бірсыпыра қазақ қаламгерлері белсенді түрде араласты. Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» секілді классикалық пьесаларын жазды. I.Жансүгіров «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет», «Мін де шап», Ж.Шанин «Шахта», С.Мұқанов «Күрес күндерінде», Ж.Шанин мен Қ.Байсейітов «Тартыс», Ж.Шанин «Панасыздар», Қ.Байсейітов «Екі қыз», С.Камалов пен Т.Жароков «Қанды аяқ», Д. Еркінбеков «Шындық», А.Тоқмағамбетов «Әзірет Сұлтан», Ш.Құсайынов «Боран» секілді пьесаларын жарыққа шығарды.

Драматургиядағы осы озық қүбылыс сахна өнерінің де күрт өсуіне ықпал етті. Астаналық Қазақ театры репертуарының өсуі, өнер кадрының жетілуі нәтижесінде, отызыншы жылдары театр драма театры, опера театры болып екіге бөлінді. Театрдың осылай жеке екі отау тігуіне байланысты сараланған сахна қайраткерлері тұлғаланып шықты. Олардың 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінен зор табыспен оралуының да басты себебі осыдан.

Тәржіма, әдетте, екі қырлы мәселе. Өзге тілден қазақ тіліне аудару -мәселенің бір қыры. Қазақ тілінен өзге тілге аудару - мәселенің екінші қыры. Бұлардың бірінсіз бірі ақсап жататыны белгілі. Отызыншы жылдары аударма мәселесінің осы екі қыры қатар өрістеді.

Орыс әдебиетінің ықпалы отызыншы жылдары қазақ қаламгерлерінде айрықша мол болды. Орыс әдебиетінде бар үлгіні пайдалану, кейіпкер тіліне, автор баяндауына орыс сөздерін тоғыта мол кірістіру - казақ ақын-жазушыларының әсершіл, балаң жайының көрінісі. Қай ел, қандай әдебиеттен үйрену де еліктеу-солықтаудан басталып, табиғи үйреніске ұласады. Бұл ретте аударма атқарар міндет - ұлан-асыр. Отызыншы жылдары ілгері-кейінді өмір сүрген орыс ақын-жазушыларының туындылары да қазақ тіліне көп аударылды. Бір ғана дерек келтірейік. Ұлы орыс ақыны А.С.Пушкин шығармалары бір он жылдық ішінде бір томдық және үш томдық болып қазақ тілінде екі рет басылым көрді. Сондай-ақ М.Ю.Лермонтов, Н.А.Некрасов, Н.В.Гоголь, М.Ф.Достоевский, А.П.Чехов, В.Г.Короленко, А.М.Куприн, А.Толстой, В.Гаршин, М.Горький, В.Маяковский, Д.Бедный, А.Фадеев, М.Шолохов, Д.Фурманов, Ф.Гладков, Новиков-Прибой, К.Паустовский, Вс.Иванов, В.Катаев, А.Гайдар, А.Серафимович, Н.Тихонов, В.Арсеньев, К.Чуковский, С.Маршак секілді бірнеше буын орыс ақын-жазушыларының үлкенді-кішілі шығармалары қазақ тіліне аударылып, кітап болып бясылып шықты.

Аударма ісі қазақ жазушыларының оқып, үйрене өсуіне сеп болды. Айталық осы жылдары Қ.Тайшықов, А.Құлыбеков, С.Талжанов, Қ.Тоғызақов, X.Өзденбаев, Қ.Сағындықов, Ғ.Оспанов, Ә.Сүлейменов секілді маман тәржімашылар қалыптасты.

Әрине, қазақ аудармашылары бұл шығармаларды жіті танып, жеткізе тәржімалады деу қиын. Алайда, аударманың жаңа бағыттағы жас әдебиеттің тәжірибе жинақтауына, үлкен әдебиеттен үйреніп өсуіне ықпалы көп болды.

Сол кездегі қаламгер еркіндігін тежеуге арналған үкімет саясатының аудармаға да салқыны тигенін айта кету жөн. Алдымен қазақ тіліне социализмді жырлаған, социалистік реализм рухында жазылған шығармалар аударылсын деген бір жақты пікір қалыптасты. Екіншіден, аудармашылардың кейбірі 1937 жылы ұсталып, сотталып, айдалып, атылып кетті. Үшіншіден, ұлтшыл-алашордашыл ақын-жазушылардың отызыншы жылдардың өне бойында не өздерінің төлтума еңбектерін, не аудармаларын жариялауға рұқсат етілмеді. Мысалға, А.С.Пушкиннің бір томдық таңдамалы шығармалары 1935 жылы Б.Кенжебаевтың жинап, құрастыруымен қазақ тілінде жарық көрді. Ұлы ақынның «Дубровскийін» Ш.Құдайбердіұлы, «Гүл» деп аталатын өлеңін М.Дулатұлы, «Бұлбүл» «Ажал», «Жапырақ» сынды өлеңдерін Бернияз Күлейүлы, «Сағаң сері», «Тас мейманын» Ж.Аймауытулы тәржімасында құрастырушы бір томдыққа енгізіп, түсіндірме, алғы сөз жазып, оқырманға ұсынған еді. Ал, 1937 жылы А.С.Пушкиннің қазақ тілінде үш томдық шығармалар жинағы жарвіқ көргенде (алғы сөзін жазған С.Мұқанов) әлгі аталған аударма үлгілерінің бірі де жинаққа енбей қалды.

Тәржіма тәжірибесіндегі екінші тенденция - қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аудару. Отызыншы жылдарда бұл мәселеге де көңіл қойыла бастады. Қазақтың мақал-мәтелдері, «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Ер Сайын» эпостарының үзінділері, Абай, Жамбыл өлеңдері, С.Сейфуллиннің «Көкшетау», «Қызыл ат», I.Жансүгіровтың «Дала», С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмалары, басқа да қазақ ақындарының бірсыпыра өлеңдері, М.Әуезовтің, Б.Майлиннің әңгіме-повестері орыс тіліне аударылды.

Екі ел әдебиетін байланыстыруда, тәржіма ісінің жақсы жолға қойылуына ленинградтық орыс ақын-жазушыларының көмегі үлкен болды. 1936 жылы қазақ елімен, жерімен танысу үшін Санкт-Петербургтен Л.С.Соболев бастап В.А.Рождественский, П.Лукницкий, А.Гитович секілді ақын-жазушылар келді. Олар қазақ әдебиетінің шын жанашыр достары бола білді. Нақтырақ айтсақ, Л.Соболев орыс тіліне «Абай» романын аударуға, В.Рождественский Абай жырларын аударуға уәде беріп кетті. Қалғандары да қазақ әдебиетінің аудармашысы, насихатшысы болуға бел байлаған пейіл білдірді. Орыс жазушылары уағдаларына жетті, сөздерінде тұрды. Л.Соболев М.Әуезовпен бірігіп «Абай» трагедиясын аударды, сонымен қатар қазақ әдебиеті жөнінде бірнеше мақала жазды. В.Рождественский Абай жырларын орыс тіліне аударумен болды.

Бұл кезде қазақ әдебиеті үлгілерін орыс тіліне аударатын М.Тарловский, М.Сидоренко, А.Чачиков, Д.Бродский, З.Кедрина, К.Кузнецов, Д.Снегин секілді маманданған тәржімашылар тобы қалыптасып үлгерген еді.

Әдебиеттің бар жанрының дамуы, оның жан-жақты ізденісі, түрлі тәжірибеге баруы - оны талдап, саралайтын, жинақтап, әңгімелейтін әдебиет сынының жада қарқында өсуіне ықпал етті. Жиырмасыншы жылдары нобайы жасалған сын мен әдебиеттану ғылымы отызыншы жылдары екіұдай күйді бастан кешті. Біріншіден, ол жиырмасыншы жылдары Ахаң (Байтұрсынов), Жақаң (Дулатов), Жүсекең (Аймауытов), Қошекең (Кемеңгеров) жасаған алғашқы теориялық еңбек, орта, жоғары оқу орындарына лайықтап жазылған оқулық, оқу құралдарының бәрінен бас тартуға тиіс болды. Саяси идеология екпінінің қаттылығы әдебиетші-сыншыларды соған мәжбүр етті. Екіншіден, жиырмасыншы жылдармен салыстырғанда бұл кезеңде қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының маманданған кадрлары қалыптасты. Бірыңғай әдебиеттану, сын саласында еңбектенген Ғ.Тоғжанов, М.Жолдыбайұлы, Б.Кенжебайұлы, Қ.Өтепов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, I.Қабылов, М.Қаратаев, Әлібек Қоңыратбаев, Ә.Лекеров, Р.Жаманқұлов, Ә.Үсенов секілді әдебиетші-сыншы легі шықты. Әдебиеттану, сын бірыңғай сыншылар міндеті деп қарап отырмай, С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді аға буынға айнала бастаған ақын-жазушылар да әдебиеттануға, сынға араласты. Жиырмасыншы жылдары әдебиетке келген бір қауым жазушылар - Ө.Тұрманжанов, Қ.Әбдіқадыров, Ж.Саин, Ә.Тәжібаев, тіпті әдебиет есігін жаңа ашып, алғашқы жинақтарын жаңадан шығара бастаған Т.Аманжолов, Д.Әбілев, С.Ерубаев секілді жастар да сыннан тысқары қала алмады. Олай болатын себебі - отызыншы жылдар - әдебиеттегі тап күресінің, таптық жіктелістің әбден күшейген кезі, отызыншы жылдар - түрлі әдеби ағым, әдіс төңірегінде топтасқан қауымның, тіпті, буын-буынның өзара есеп айырысқан, жаға жыртысқан, жаманатқа барған жылдары. Бұл жылдарда саясат салқыны тимеген, идеология шарпуы шалма-ған жан қалмаған еді.

От-жалынға оранып, кекке суарылып, күдікпен тіршілік кешкен отызыншы жылдарда әдебиет сыншылары атқарар міндет әлі сан алуан әрі мейлінше мол еді. Ұлттық әдебиеттану, сын саласында атқарылуға тиісті міндеттер мен жүзеге асырылған істер сан алуан болатык.

XX ғасырға бұйығы, бейқам күйінде келген қазақ халқының ауыз әдебиеті жинаусыз, азаматтық тарихы, содан туындап, сабақтас дамитын әдебиет тарихы жүйеленбеген еді. Бұл істің біссімілләсі - халық қолында, ел аузында жүрген ақындар, билер, шешендер сөздерін, әңгіме-аңыз, жырларды жинау, саралау. Пролетарлық бағыттағы қазақ кеңес әдебиетінің ағасына айналған С.Сейфуллин бас болып қазақ ақын-жазушылары атқарған бір іс осындай, Олар арнайы үкімет комиссиясын жасақтап, ғылыми экспедициялар ұйымдастырып елге шығарды. Өздері де ел аралауға шықты. Әйтпесе, белгілі бір газет-журнал-арқылы құлақтандыру жариялап, ел-жұрттан материал сұратты. Бұл, негізінде, жиырмасыншы жылдары қазак зиялылары бастап, іске асырған шаруа еді. Сол жақсы бастама жалғасын тапты. Бір өкініштісі, аға буын - алашордашылар, ұлтшылдар атанған оқымысты қауым атқарған іс, жинақталған материалдардың өзі отызыншы жылдары олардың өз атымен емес, өзге жандардың атымен жарық көріп жатты. Қалай дегенде де сол аяулы арыстар атқарған істің отызыншы жылдары жалғасын табуы - әдебиетке ырыс болды. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері кітап болып басыла бастады. Солардың ішінде белгілі ғалым Сәрсен Аманжоловтың жауапты редакторлық етуімен жарық көрген «Қазақ кеңес фольклоры» (Алматы - Қазан, 1935) атты жинақты атауға болады. Сондай-ақ Абай, Сұлтанмахмұт, Ақмолла, Ақан сері, Нармамбет секілді ақындардың жеке жинақтары жарық көрді. Оларға белгілі қаламгерлер тарапынак алғы сөздер жазылды.

Қазақ әдеби сын зерттеуіндегі келесі бір тенденция - оқулықтардың көптеп жазыла бастауы. Республикада халық ағарту ісінің өркендеуіне байланысты оқулықтар көптеп қажет болды. Қазақ әдебиетші ғалымдары отызыншы жылдары осы міндетті жүйелі де жүзеге асырды. Бұл іске М.Әуезов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, I.Жансүгіров, М.Жолдыбайұлы, Ә.Қоңыратбаев, Ғ.Мүсірепов, М.Жанғалин, С.Ерубаев секілді көптеген қаламгерлері тартылды.

Әрбір әдебиеттің дамуына орай, ол әдебиеттің теориясын жасау талабы туындайды. Жиырмасыншы жылдары жасалған «Әдебиет танытқыштық» аласталған соң, сол олқылықтың орнын толтыру бағытында Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов жазған теориялық еңбектерді осы ыңғайда бағалау орынды. Қ.Жүмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) - уақытында оқушылар қажетін өтеген бағалы еңбектер.

Қазақ ақын-жазушылары, әдебиет-сыншылары арасында 1937 жылдың науқанына қатыспағаны тым сирек. Бірін-бірі «халық жауы» деп жала жапқан, өз пікіріне әр қилы шығармалардан таяныш тапқысы келіп, көпшілікті күйелеген мақалалар ол жылдары өте көп жазылды. Әсіресе, С.Сейфуллинді, I.Жансүгіровты, Б.Майлинді қаралайтын мақалалар өрескел анайы, жауыққан стильде жазылды. «Социалистік Қазақстанда» 1937 жылы 29 тамызда «Қазақ әдебиетіндегі Авербаховшылдардың қалдығын толық жою керек» деген және «Казахстанская правда» газетінде жылғы 16 қыркүйекте шыққан «До конца искоренить национал-фашизм в Союзе писателей Қазахстана» деген М.Қаратаевтың мақалаларынан кейін 24 қыркүйекте С.Сейфуллин ұсталды да, 1938 жылдың ақпанында атылды. Жазалаушы орындардың қол шоқпарын соққан бұл мақалалар бүкіл әдебиетке зиянын тигізіп, көпке дейін қара ту болып желбіреп тұрды. Саясат үстемдігінің әсерінен кейбір жазушылар өздерінің «қателескенін мойындап», өздерінің ел сүйген үздік туындыларын өздері сынап әлекке түсті. Айталық, С.Мұқанов «Менің қатем қандай?» деген мақаласында өзінің «Сұлушашын» қателігі ретінде баяндады.

Отызыншы жылдары қазақ әдебиетінің бірсыпыра жанрында көркемдік ізденістердің болғаны айтылды. Соған орай әр жанрдың табиғатын, болмысын қарастыратын сын мақалалар да төбе көрсете бастады. Бұл да отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сынының бір сәті.

Сонымен бірге, отызыншы жылдары қазақ жазушылары өздерінің шығармашылық жайынан сыр шертетін мақалалар жариялай бастады. С.Сейфуллин, Б.Майлин, I.Жансүгіров, С.Мұқановтың шығармашылық лабораториясынан сыр шерткен мақалалар қазақ әдеби сынындағы жаңалықты бастама еді.

Жекелеген жазушылардың өз шығармасына оқырман қауымнан көптеп хат алып, олардың бас-басына жауап жазуға мүмкіндігі келмегендіктен, оқырмандарға газет арқылы хат жазып, жауап беруі де - қазақ әдеби сынында отызыншы жылдары көрінген ұнамды құбылыс.

Қорыта айтқанда, отызыншы жылдар - қазақ халқына екі бірдей қасірет әкелген кезең болды. 1932-33 жылдар мен 1937-38 жылдар қасіретінен қазақ халқы қан жұтып, қатары сиреп, қалжырап шықты. Партияның әлеуметтік өмірде осындай үстем, өктем саясат жүргізуінің кері ықпалы көркем әдебиетке тимей тұрмады. Қазақ жазушылары ел басына түскен нәубетті көре тұра оны әдебиетте бейнелей алмады. Әдебиетте жалған тартыс, сидаң бейне, нанымсыз суреттер орын алды. Өмірдің кемшіліктері көзге ілінбей, бірыңғай жақсылықтары айтылды. Әдебиеттің басты пәні - адам ұмытылып, әдебиетті жоспар, бесжылдықтың есептері билеп кетті. Көп жанр өспей, өркендемей мешеу күйде қалды. Сонымен қатар, әрине, әлеуметтік өмірдің шындығын аздап та болса айта алған кейбір туындылар да көрінді. Қаламгерлерге көрсетілген қилы-қилы қысымға қарамастан, шындықты айтқан жекелеген туындылар да бар еді. Әдебиетте осындай қиындықтар болғанмен кейбір жанрлар аздап та болса, ілгері басты, жана түр іздеді, жазушылардың қатар саны көбейді, олар жаңа дүниелер жасады. Көп жағдайда табиғи жолмен өспей, жаттанды сөйлеп, жалтақтап өскен әдебиеттің бұл жылдары көрген қызығынан - кешкен қасіреті көп. Соны-мен бірге, отызыншы жылдар әдебиетін - социалистік реализм әдебиеті екен деп жоққа шығаруға да болмайды. Бар кемшілігін айта отырып, он жыл бойына жасалған ізденіс, жазылған шығарма, каламгерлер кешкен ауыр шығармашылық хал деген жайларды ескеру қажет.

Наши рекомендации