Алкоголизммен науқастар емінің схемасы
І. Психотерапиялық әдістер және микросоциальды ортаны өзгертуге бағытталған әдістер.
ІІ. Медикаментозды терапия:
1. Дезинтоксикациялық терапия.
2. Седативті терапия.
3. Ішкі ағзалардың қызыметін қалыпқа келтіретін терапия.
4. Сенсибилизациялаушы терапия.
5. Шарттырефлекторлы терапия.
Алкоголизммен науқас емі науқастың өз дертін саналы түсінуіне, оның бұрынғы қоршаған ортасына қарым-қатынасын қайта құруға, ал кейде алкоголь қолдануды толықтай болдырмайтын тұлға өмірінің бүкіл мәнін өзгертуге бағытталуы керек. Бұл психотерапияның әртүрлі әдістерімен және микросоциальды ортаны өзгертумен іске асырылады.
Дәрілік терапия алкогольге әуестікті демеп тұратын патогенетикалық механизмдерді қайта құруға бағытталған. Оған кальций тұздарын, әсіресе кальций хлоридін, глицерофосфатты, магний сульфатын қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Бұлар тек тұз алмасуын қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар эмоциональды кернелісті басып, седативті эффект көрсетеді. Инсулинің аз мөлшерін тағайындау алкогольдың толық жанбау өнімдерінің тотығуын жылдамдатуға ықпал етеді. Глутамин қышқылының препараттарының қолдану ГАМҚ метоболизмін белсендендіреді және аминқышқылдардың бұзылған алмасуын қалпына келтіреді.
Сонымен бірге психикалық үрдістерді реттеу қажет, ол үшін психотерапиямен қатар жеңіл транвилизаторларды тағайындау керек: кернеліс күйін, жабырқауды, үрейді жоятын седуксен, тазепам, грандаксин.
Ішкі мүшелердің бұзылған қызметін қалыпқа келтіруге және ағзадағы витаминдік құрамды, әсіресе В тобының витаминдерін қалпына келтіруге ықпал ететін ем тағайындалады.
Нақ алкогольге қарсы дәрілік терапия, оған жиіркеніш сезімін тудыруға, ағзаның оған сеңсибилизациялануына бағытталған. Алкогольге жиіркеніш сезімін шартты рефлекс туындату тәсілімен шақырады. Жиі апоморфинотерапия әдісімен алкогольге деген жүрек айну - құсу реакциясын туғызады. Науқастың тері астына құсу шақырғанға дейін 0,2 ден 1,5 мл-ге дейін 1 %-дық апоморфин ерітіндісін енгізеді (мөлшерін күн сайын 0,1 мл-ге көбейтіп отырады). Құсуға жақындағанда науқасқа 50 мл алкогольді ішімдік береді. Ем алкогольге шарттырефлекторлы құсу реакциясы берік қалыптасқанға дейін созылады.
Алкогольге ағзаның сенсибилизациялануына антабус (антэтил, тетурам және т.б.), кальций карбамиді цитраты, метронидазол, фуразолидон және басқа препараттарды қолдану арқылы қол жеткізіледі. Тетурам - алкогольге сенсибилизациялайтын аса кең тараған препарат. Оның әсері тетурамның (антабус) адам ағзасында алкоголь метаболизмінің қалыпты (тотығуын) үрдісін ацетальдегид сатысында үзуіне негізделген. Организмде жиналған ацетальдегидтің токсикалық әсері тетурамалкогольдік реакция пайда болуына алып келеді: тері жабындысының қызаруы, тыныс пен жүрек соғысының жиілеуі, артериалдық қан қысымының төмендеуі, үрей және қорқыныш сезімдерінің пайда болуы және т.б.
Антабуспен емдеуге төмендегідей қарсы көрсеткіштер бар: полиневриттер, ІІ-ІІІ сатыдағы гипертониялық ауру, ауыр қантамыр аурулары, бауыр циррозы, жаңа пайда болған және тіндердің ыдырауы сатысындағы туберкулез, процессуальды психикалық аурулар.
Эфект ұзаққа созылуы үшін антабуспен курсты ем жүргізіледі, ем күніне 0,25-0,5 г дозадан басталып, емнің 3-5 күндерінде антабусты-алкогольдік сынамалар (30-50мл арақ беріледі) жасалады. Емнің бір курсы 3-5 ретке дейін сынамадан тұрады. Кейін науқасты күніне 0,5-0,25 г антабус мөлгерімен сүйемелдеуші терапияға ауыстырады.
Алкогольге қарсы емнен кейінгі ремиссия ұзақтығы туралы авторлардың арасында ортақ пікір жоқ. Ол әртүрлі факторларға тәуелді. Дұрыс ұйымдастырылған ем және медико-әлеуметтік бақылау алкоголизм кезіндегі терапиялық ремиссиялардың мерзімін едәуір ұзартады.
Профилактика
Алкоголизм профилактикасы үшін әлеуметтік және медициналық шаралар кешенін қолданады. Алкогольды шектен тыс пайдаланатын адамдарды анықтау және емдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыс тұрғындарды кеңінен ұйымдастырылған алкогольге қарсы тәрбиелеу жұмысы фонында жүргізілуі керек. Алкогольге қарсы үгіт маскүнемдік пен алкоголизм таралуына ықпал ететін медико-әлеуметтік салдарды, факторларды және ерекшеліктерді ескере отырып жүргізіледі. Ол спиртті ішімдіктерді өндіруді және сатуды шектейтін шаралармен ұштастырылады.
ДДҰ ұсынысы бойынша профилактиканың 3 сатысы ажыратылады. Алкоголизмге қатысты қолдануға болатын біріншілік профилактика - маскүнемдіктің және алкоголизм дамуының алдын алу; екіншілік профилактика - рецедивке қарсы терапия курсымен жалғастырылатын кешенді ем; үшіншілік - науқастардың әлеуметтік реабилитациясы мен реадаптациясы.
Алкоголизм профилактикасының анағұрлым эффективті шарасы өсіп келе жатқан ұрпақты алкогольге қарсы тәрбиелеу болып табылады. Алкогольдің (аз дозасының өзінде) ағзаға әсерімен, алкоголизмнің дерт ретінде түзілу қаупі жөнінде тұрғындарды таныстыру мақсатында санитарлық-ағарту жұмыстарына ерекше мән берілуі керек.
Оқушылармен, жасөспірімдермен профилактикалық жұмыс жүргізу өте маңызды және алкогольдің тұлға денсаулығына, және қоғам үшін де зияны жөнінде білім игерулеріне бағытталған.
Санитарлық-ағарту жұмыстары шеңберінде алкоголизмді ерте анықтау мақсатында тұрғындар арасында маскүнемдік пен алкоголизмнің алғашқы белгілері жөнінде білімді тарату қажет. Алкоголизмді анықтау әдістері осы мақсатқа бағынулары керек: өндірістік мекемелердегі медициналық бақылау (тәртіп бұзушыларды тұрақты медициналық бақылау және кезектен тыс тексеру), үйлер мен жатақханалардағы қоғамдық бақылау, және ең аяғында мастану жағдайынан айықтыру орындарына түскендерді қатаң есепке алу және медициналық куәаландыру.
Екінші реттік профилактика кешенінде алкогольге қарсы сүйемелдеуші терапиямен қатар наркологиялық диспансерлердің, қоғамның және өндіріс жетекшіліктерінің бірлескен жұмысымен іске асырылатын әлеуметтік- ағарту шараларына үлкен көңіл бөлген дұрыс.
Алкоголизм рецедивтерінің алдын-алу шараларынан тұратын индивидуальды профилактиканың аса үлкен маңызы бар. Бұл кезде психотерпиялық жұмыс тек науқаспен ғана емес, оның отбасы мүшелерімен, басқа да жақын адамдарымен де жүргізілуі керек. Алкоголизм рецидиві профилактикасында индивидуальды режимді сақтау (ұйқы, тағам қабылдау), бос және жұмыс уақытының науқас ойын алкогольден алаңдататын іс-әрекетпен толықтырылуы аса маңызды.
Алкоголизм рецидивтері профилактикасының маңызды сәті салауаттылық клубтарын ұйымдастыру және олардың қызметі болып табылады, оның мүшелерін бұрынғы науқастар құрайды. Бұл клубтар наркологиялық диспансерлер жанынан ұйымдастырылады және оның жұмысы медициналық қызыметкерлер бақылауымен және қоғам мүшелерінің қатысуымен жүргізіледі. Бұл ұйымдардың басты мақсаты науқастың тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып психотерапиялық бағдарлама жасау, науқастың қоршаған ортаға қарым-қатынасын қайта құру, бос уақытын дұрыс пайдалануына жағдай жасау.
Алкоголизм профилактикасын оптимальды ұйымдастыруға негізгі шарт бүкіл емдеу –профилактикалық жүйенің, әсіресе қызметінің негізінде тұрғындарды жалпы диспансеризациялау жатқан емханалық звеноның жұмыс істеуі болып табылады.
Емханалар жанынан ұйымдастырылған психотерапиялық кабинеттер маскүнемдік пен алкоголизмның алғашқы белгілерін табуға мүмкіндік береді.
Тарау