ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 5 страница
Әйтсе де, шаруаға үйреншікті жеке меншігі қымбат. Колхоз болсаң, ауқатты боласың дегенге, өз қолында барын ортақ дәулетке айналдыруға шаруа жүрегі дауаламайды. Осыған сенейін десе де тәуекелге бара алмай, сергелдең болады. Жазушы да өмір шындығына көз жұмбай жасамақ емес, ол өмір тәжірибесінен көргенін, сезгенін суреттейді. Біз тоқталып отырған «Ұлбосын» әңгімесінде де әп дегенде артельге кірген Оспанды да жүрегінің түкпіріндегі түйткіл жазалай береді. «Осы айтқаны болмай қалса, бір-екі қарам көрінгеннің қолында тозып кетсе, қатын өмірде таң атырмайтын болады ғой, - деген ой Оспанның жүрегінен бір шығар емес»2.
Осылай қиналғанмен, Оспан артельге кірмей қала алмайды, көпшілік ұйғарымына көнеді. Бұл тұста шаруа өміріне лақ болып тиген асыра сілтеушілік, «бәрін де ортақтастыру қажет» делінген алып-қашпа сөз, жалған белсенділік, әкімшілік суреңі де бой көрсетті. Автор «Ұлбосында» «өзгере, өзгере ауыл танымастық болып» кеткенін, әлеуметтік, мәдениеттік, оқу-ағарту істері атқарылғанын суреттей келе «бөрік ал десе, бас алған» жергілікті өкіл-әкімдердің ойға сыйымсыз салық төлеуге «жоспар» беріп, шаруаны күйзеліске ұшыратқанын қынжыла, ащы кекесінмен түйрейді. Әңгімеде күтпеген жерден өзіне шұғыл тауып өтелуге тиіс салық түскен Оспан мен Шәрипаның дағдарыстағы жайларын кереміз. Сондағы бұлтартпас салық «жоспары» 15 пұт тұқым...», «бір пұт ет, 10 қадақ шыртылдақ, 10 қадақ ескі темір, 10 қадақ ескі жүн, 4 мүйіз, 5 тұяқ, 1 иттерісі, 1 мысық терісі...»3. Шаруаға көрсетілген осынша сорақы қысым, зорлықтың оның ауқатты тұрмыс кешу үмітін зая еткені, күйзеліске әкелгені белгілі.
Ұжымға ұйымдасқан шаруа өмірінің алғашқы дәуіріндегі әр қилы қайшылықты қүбылыстарын жазушы басқа бірқатар әңгімелерінде де шыншылдық тұрғысынан таймай суреттеген.
Асыға, аптыға сөйлеу, жалған белсенділік зардаптарын біраз әңгімелерінде жазушы өткір сынға алып, сықақ етеді. Жоғарыда айтылған «Ұлбосын», «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» әңгімелеріндегі жеке эпизодтар зілді кекесін стилімен жазылған. Нендей жұмыстың болса да орындалу мерзімін шектеп, ал мөлшерін 100 процентпен белгілейтін аудан өкілі «секпіл бет қара», әр үйге белгіленген қисынсыз салық жоспарын жариялап: «атказ» берсеңіз, протокол істеп сотқа тапсырамыз» деп дігірлейтін бала өкіл, «малың да ортақ, жаның да ортақ, үйің де ортақ» дейтін «дударбас өкіл», шаруалар арасына іріткі салушы, түзелмес жалақор, әпербақан Мұқыш («Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімесі) - колхоз дегенге жұртшылықтың жиіркенішпен қарауына себепкер болған ұнамсыз кейіпкерлерді жазушы қанық бояумен жексұрын етпей-ақ бейнелейді.
Колхоз құрылысындағы қайшылық, кемшіліктерді, бұра тарту, әкімшілдік-әміршілдік әдісімен ел басқару кесапаттарын біраз әңгімелерінде өткір сынай отырып, жазушы сонымен бірге шаруа өміріндегі жаңалықты, еңбекші адам санасының біртіндеп өсіп, кемелденуін, колхозды ауылдың кейбір қадамын, еңбектегі табысын барды-жоқты болса да құптай сөйлеуге мәжбүр.
«Колхоз қорасында» (1930), «Таңба» (1930), «Қызыл әскердің үйі» (1931) аталған әңгімелерінде колхоз өміріндегі аздаған жаңалықты, қиыншылықтарды жеңіп ілгері жылжыған қадамды көруге болады. Жаңа ұжымдасып, бірлесе еңбектенген шаруаға өкімет те көмек бере бастаған.
Бейімбет Майлиннің «Әміржанның әңгімесі» (1932), «Берен» (1935), «Он бес үй» (1933), «Қырманда» (1934) повестері - көтерген тақырыбының маңыздылығы жағынан да, шебер үйлесімі жағынан да сол кезеңнің елеулі туындылары болып қалды.
Автор әңгімелерінде кейіпкер даралануы жетіспей, іс-әрекеттерінің дәлелденуі тым қысқа қайырылатыны байқалатын. Бұл жай шығарманың кейде жалаңдау шолу сипатында қалуына әкеліп соғатынды. Ал, повестерде автор осы кемшіліктерден арыла бастайды.
«Әміржанның әңгімесі» мен «Беренде» әсіресе орталық образдардың тағдырына баса көңіл бөлінген. Өмір тепкісін басынан көп кешіріп, шыныққан, қайраткер дәрежесіне көтерілген Әміржан тағдыры туралы хикая - «Әміржанның әңгімесі» повесінің сюжеттік желісін құрайды. Шығарманың композициясы үйлесімді. Автор шегініс үстінде «Ұйым» колхозындағы қарбалас еңбек, әр қилы өмір көріністерін суреттей отырып, қалың ойға шомған. Әміржанның сырын ашуға асығады, оны әңгімеге тартады.
«Бет ажарында аралас кекесін күлкі бар. Көзінің алды жыбырлап, қолымен жердің шебін уыстап, жұлмалай түседі. Сен Әміржанға қарап бажыраясың да отырасың, ол қозғалыңқырап қойып, бірер күрсініп алып сөзін бастайды»1, - деп суреттейді автор Әміржанға басынан өткен ұзақ хикаясын айтып шығудың оңай еместігін сездіргендей. Жетімдік пен жалшылық азабы, 16 жылғы маусым жарлығымен майданның қара жұмысына кету, азамат соғысы жылдарында Қызыл Армия отрядына қосылу, ауылға кеңес өкіметін орнатуға ат салысу, ақсақалдардың жаласымен түрмеге жабылу,- осылай талай оқиғалар жалғаса береді Әміржанның өмірнамасында. Өзінің партияға адалдығын, партияға берілгендігін: «22-жылдан бері бірде ауылдық кеңес бастығы боп, бірде қосалқы ұйымын басқарып келдім. Партия орындарына өкпем жоқ, мені тәрбиелеудей-ақ тәрбиеледі»1, - дейді ол. Партия нұсқауын орындаудан таймай, жер бөлісі, кәмпеске тұстарында байларға ешбір жеңілдік жасап көрмеген Әміржан Волаткомның хатшысы Абылан Сыздықовқа қарсы келіп, оның теріс істерін бетіне айтамын деп, ақыры сонан пәле табады. Мұның істемегенін істеді қылып, арыз түсіртіп, Әміржанды партиядан шығартқан сол Сыздықов болады. Барлық іс-әрекеттерінде адалдық, табандылық көрсеткен Әміржанға партия қатарынан шығарылудағі асқан ауыр жаза болмақ та емес. Әміржанды жегідей жеген өкініш осы екенін жазушы сенімді дәлелдейді. Повестен ақырында әділдік жеңгенін, Әміржанның партия қатарына қайта алынғанын білеміз.
Повесте Әміржанның замандастары Дәуғара, Апалай, зайыбы Рабиға бейнелері де әр қайсысы өз ерекшеліктерімен жарқын көрінеді. Бұлардың өмір өткелдері де тартыссыз емес. Қазіргі шақта басшлық ету дәрежесіне көтерілгендер қатарында танылғандар.
Б.Майлиннің 1933 жылы жеке кітап болып басылған (латын шрифті) повесі «Он бес үй» де - жер бөлісін, артель ұйымдасып, ауыл-кедей шаруаларының бірлескен еңбекке жұмылғанын, осы тұстағы кездескен кедергілер мен қиыншылықтарды баяндайтын шығарма. Повестің орталық кейіпкері - Әпен. Бастапқыда небәрі 15 үйдің артельге ұйымдасуы бұрын байдың ен жайлап келген «Сары алып» өңіріне жаңа қоныс салу, артельге әкелінген алғашқы трактор, егінге тың жер көтеру сияқты колхозшылардың атқарып жатқан игілікті істерінің нақ ортасында Әпен жүргенін көреміз. Қысқа мерзімде «Он бес үй» атанған артель 150 үйге жеткен, еңбек өнімі де молая түскен.
Суреткердің «Он бес үйде» адам характерін, психологиясын, портретін, сөйлеу мәнерін шындық өмірде болатындай қалпында елестетіп, өткір, ұтымды диалогты, драматизм элементтерін келістіре жазуына, сюжетті татаусыз өріп, өрбітіп отыратынына ден қоясың.
Кеңес заманында теңдікке қолы жетіп, қоғам өмірінде ерлермен қатар қызмет атқарған, бас бостандығы үшін қайсарлықпен күрескен, білім алып, санасы өскен қазақ әйелдерін үлгі етіп көрсету - Б.Майлиннің біраз шығармаларына ортақ проблема. Осы топтағы шығармалардың бірі - «Берен» повесі (1935). Берен заманы - қыздың өз басында еркі жоқ, сүймесіне еріксіз қосақталып кете баратын заман емес. Енді қыз өз бостандығы үшін күреске дайын. Повесте Берен мен Құрымбайдың ер жету, есею, күреске араласу кезеңдері қадау-қадау қысқа баяндалған. Жастарды тәрбиелеп өсірген, білім берген - кеңес өкіметі. Берен - ауыл мұғалімі, Құрымбай - агроном, олар халқына қызмет көрсетеді. Екі жастың арасындағы мөлдір махаббаттың сындардан етіп, шынығуы да жарасымды суреттеліп отырады. Аға буын өкілдері - Береннің әкесі етікші Жәуке, байдың жылқышысы болып талай қиындықтарды басынан кешірген Қайролла байлармен күресте өз бостандықтарын алған болса, Берен мен Құрымбайлар жаңа бақытты өмір үшін күресушілер болып танылады.
«Берен» - жазушы шеберлігінің арта түскенін дәлелдерлік елеулі шығарма.
Жазушының алғаш «Беренмен» қарайлас жарық көріп (шығарма тараулары «Социалды Қазақстан» газетінде 1934 жылы басылған), кейін 1936 жылы жеке кітап болып шыққан «Қырманда» повесі колхоз шаруашылығының біраз нығайған кезін суреттейді. Былайша қарағанда, колхоз құрылысының жетістігін көре алмаған, соған бүліншілік салуға жанталасқан Жүсіп пен оның алдауына ерген аз топты әшкерелеу уақиғасын арқау еткен «Қырманда» повесінде негізгі түп қазық ол емес, қырмандағы тегеурінді еңбек дабылы, астық молшылығы үшін күрес пен жеңіс екені айқын тұрады.
Ұжымдық еңбектің алғашқы өнімін қырман басына жинап, дәннен үйілген тауға кездері тойған ауыл диқандары өздерінің тер төккен қажырлы еңбегінің жемісін суық қолдан сақтауды, халық игілігін молайта түсуді абыройлы міндетіміз деп санайды. Осылай социалистік еңбек негізінде өмірді жаңа арнамен қайта құрып жатқан шаруаларға Жүсіп, Құтпандардың жаулық әрекеті, қырсығы кедергі бола алмайды, қолдау таппайды. Олар күшті толқын жағаға ысырып тастаған салындыдай өмірден ығыстырылады, аласталынады.
Жазушының сипаттауында Жүсіп - өз басында байлық болмаса да, байға жағынған, атқамінерлік қылған, оңай олжа табуға әдеттенген алаяқ. Жүсіптің колхозға, оның басшыларына қарсы қастандық әрекеттеріне қол ұшын берушілер колхоз есебін әдейі шатастырып, бойын сылап, бос мақтанмен болатын есепшілік қызметіндегі Досқожа; жұмысқа жалқау, сөзуар мылжың Құтпай мен Қасен; бар ынтасы қарта ойнап, арақ ішу болатын ауыл дүкенінің сатушысы Әлжаппар, Жүсіптің «Малшы» колхозының іскер басшысы Ертай мен оның төңірегіндегі адал колхозшылар Өмірбек, Тұмарша, Тасмағамбеттерді бір-бірлеп өлтіру, қырмандағы колхоз астығын талан-таражға салу сияқты қара ниеті Ертай мен оның жәрдемшілерінің қырағылығымен іске аспай қалады.
Повестегі басты тұлға - Ертай коммунист, ол - ауылда ұжымдандыру ісіне жан тәнімен берілген, еңбеккерлерді ұйымдастыра білетін тәжірибелі басшы. Колхозшыларды басқарудағы оның негізгі әдісі - түсіндіру, тәрбиелеу. «Түзелмедің деп қайсы бірін колхоздан қуа бересің? ...Тәрбие керек! Тәрбиелеуің керек! - дейді Ертай күрсініп». Міне, автор Ертайдың ауылда үлкен беделге ие болуының кілті осында оның тәрбиелеушілік рөлінде екеніне кәміл иландырады. Колхоз жайын қалайда жақсылап көрсету тілегінен туған жорамалдар.
Тұрмыстың талай талқысынан өткен, асыра сілтеу кезеңінің зардабын тартқан Дүйсен, еңбек үстінде өзін-өзі ұмытатын Тасмағамбет, малайлық азабынан, өлім тырнағынан құтылған Нұрыш, 14 жасында өзі сүймеген адамға телініп, сүреңсіз тұрмыс кешкен Тұмарша - ұйымдасып еңбек етіп, берекеге бет алған жаңа өмірлеріне құштар жандар.
Біз қарастырып өткен «Он бес үй», «Қырманда» повестері - сабақтас шығармалар. Бұларда колхозды ауыл өмірі мен күресінің келелі мәселелері сол кез ұғымымен суреттеліп, бірсыпыра көркем шешімін тапқан.
Әңгіме мен шағын повестің шебері деп танылған Б.Майлин отызыншы жылдардың екінші жартысында прозалық ірі туындылар жазумен шұғылданады. Ілгеріде жазылмақ романдарының жоспар-жобаларын белгілеген жазушының «Қоңсылар», «Тартыс» және «Қызыл жалау» романдарының жеке тараулары 1934, 1935, 1936 жылдары «Әдебиет майданы» журналында жарияланғаны мәлім. Ал, «Азамат Азаматыч» романы «Жаңа әдебиет» журналының 1930-31 жылдардағы сандарында алғаш жарияланып, 1934 жылы жеке кітап болып шығады. Автордың ескертуінде бұл «ұзақ әңгіменің бірінші бөлімі» еді. Басқа романдары жазыльш бітпей қалды. Б.Майлин шығармашылығының нағыз өрлеу шағында - 1937 жылы сталиндік репрессия құрбандарының бірі болды. Қазақ кеңес әдебиетін көркейтуде мол еңбек еткеи жазушы шығармашылығы осылай кенет үзілді.
Отызыншы жылдарда әңгіме жанрын дамытуға Б.Майлинмен қанаттас ізденіс жасаған жазушының бірі - Мұхтар Әуезов. Жазушы өз әңгімелерінде колхоз ауылының жаңа тұрмысы, ондағы жаңа құбылыстарды, кедергілер мен қайшылықтарды көрсетуге ұмтылады. Оның колхоз, совхоз тақырыбындағы әңгімелерінен «Іздер» де (1932), «Үш күн» де (1934), «Білекке білек» те (1934), негізінен, шаруа адамдарының қажырлы еңбегін, қоғамдық байлық көзін ашуға ат салысқан саналы қимылдарын баяндауға көңіл бөлінген. «Іздерде» қой совхозының шопандары Несіпбай мен Күзембай бұрын байдың қойын бағып, тепкісіне төзіп, еңбектері еш кеткен болса, енді кеңес тұсында еңбегінің жемісін татып, еңсесін көтерген азаматтар қатарына қосылған. Жазушы әңгімені «Іздер» деп атағанда оған үлкен философиялык, мағына беріп, астарлап, бейнелеп отырғанын түсіну киын емес. Төңкеріс жылдары бай езгісінен босанып, қызыл партизан қатарында ақтар отрядымен талай шайқаста болып, жау қалдығын қашуға мәжбүр еткен, бейбіт өмір таңында шопан еңбегін таңдаған Несіпбай мен оның замандасы Еркімбек іздері дейміз.
Байда жалшылықты да, ақтармен айқастарда да Несіпбаймен қатар жүрген оның қашаннан досы, қазір «Шақпақ» колхозының бастығы Күлжатайдың өмірде басқан ізі, істеген істері тайға таңба басқандай айқын, бұралаңы жоқ.
«Бұраң белсенді жайлаған», әбден титықтап қалған колхозды көтеруге, көгертуге Күлжатай бар ынта-жігерін жұмсаған қоммунист, колхоз басшысы. Ол, көп ретте, Б.Майлиннің «Қырманда» атты повесіндегі Ертайдың бейнесін еске түсіреді.
Жазушы әнгімеде «түбі бір шарлаған іздері» бар қулық, сұмдықпен халық үстінен жейтін Жұматай, Жетпісбай, Шәлтік сияқтыларды әшкерелейді. Ауылда талай жылдан бері кеңес ағасы, партия мүшелігін бетке ұстаған Жұматай қылмысын, заңсыздық істерін жасыру үшін колхоздан-колхозға қоныс аударып, ізін шиырлап, жасырып отырады. «Бұл өзі істейтін жақсылы-жаманды істің бәрін ылғи «кеңес үкіметі, кеңес қызметі, өкіметтің тапсырғаны» деуге ауызы үйреніп алған»,- деп жазады автор.
Ескі салт, ескі мінездер жаңа, іскер адал адамдардың аяғына шырмау болып, кері тартқанмен, әділдік жеңбей қоймайды. Өздері ұрлаған тұқымды басқаға жауып, хаттама жасайтын Жұматайлар тобының қараулық істері дәлелденіп, ақыры жазаға тартылады, әңгіме түйіні осындай.
Колхоз жайын айтатын әңгімелер қатарында «Үш күн» (1934), «Білекке білек» (1934) шығармалары бар. «Үш күнде» жазушы зерттеуінде Көлбай, Талпақ, Сарыауыз есімді ағайынды адамдардың өмір өткелдері көз алдыңызға келеді. Көп заман бұрын Көлбай ұста ақысыз іс істеп, ауыр еңбегі еш кеткеніне қынжылса да, онан құтыла алмаған. Көлбайдың ағайындары Талпақ пен Сарыауызды сол бай ертеңді-кеш күлкі ғып ермек еткен.
«Білекке білек» - колхоз мал өсірушілерінің игілікті еңбегін баяндайтын шығарма. Мұндағы ұста - Сәрсен, мал бағушы Мақпал, сауыншы Айша басқаларға үлгі болғандай істерімен, қоғамдық мал басын өсіру, халық байлығын молайту жолындағы қажырлы еңбектерімен айрықша қөзге түседі.
М.Әуезовтің кейіпкер психологиясын терен ашудағы шеберлігіне дәлел болғандай шығармасы - «Қасеннің құбылыстары» (1934). Бір кезде ояздық комитеттің бастығы болып, бәрі де қолынан келіп, қонышынан басқан, оқыған азамат Қасеннің өткен дарқан өмірін көксеп зарыққаны, бүгінгі кеңестік өмір салтынан сезінгені, тұралап, титықтағаны суреттеледі. Үлкен кеңес қызметкері Қасеннің ойлағаны - қара басының ғана қамы. «Үлкен Алматы биігі анау тұр... Бұған жылы қарамайды... Үлкен кеңес мінекей. Бұ да Қасен деп онша елбіремейді, елемейді... Әшейін жабайы көптің бірі»,- деп суреттейді автор. Соны сезген Қасен «барлық сыртқы әлемге ызалана, жауша қарады. Қарақан қара бастың қамы мен күйігі кернеді...» деп мәлімдейді. Қасеннің құбылыстарының мән-жайын автор. Әйелінің інісі Сәлім комсомол жүмысына қызыға араласуымен, өмірге кұштарлығымен, жаңаша көзқарасымен Қасенге қарсы қойылған. Адам санасын жаңғырту, ескілік қалдықтарымен алысу - Сәлімнің алға қойған мақсаттары. Ал, Қасен болса, құлдырай келе ақыры ұрлыққа араласып, ішкілікке салынып, түбінде қылмысты болып, тергеуге алынады.
Бұл шығармасына автор «психологиялық очерк» деп анықтама берген. Бас кейіпкердің психологиясын ашуға, Қасеннің жанын жегідей жеген сары уайым сырына әңгімеде көп орын берілген. Қасеннің басқан ізін, қалтарыстағы ой-арманын қалт жібермей бақылаушы, оны ылғи сынға алып, теріс қылықтарын бетіне басып айыптап жерлеуші оған ылғи қарсы күш көрсетуші бейне ретінде жазушы «Үлкен Алматы биігін» қайталай суреттеп отырады. Осы биік - ерліктің, тазалықтың мызғымас беріктіктіктін символы. Үлкен Алматы биігі өзінің ғажайып көркімен, тылсым бітімімен Қасеннің ұйықтаса, түсіне енеді, тұрса, алдынан шыға келеді, құтқармайды, жеңеді.
М.Әуезовтің отызыншы жылдардың екінші жартысында жазылған «Құм мен асқар» (1935), «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» (1937). әңгімелерінде колхоз-совхоз мал-мүлкіне жасалған жаулық, қастандық әрекеттер, қоғам меншігін сақтау үшін қажырлы күрес тақырыптары көтерілген. «Құм мен асқар» - әдеби сценарий түріндегі шығарма. Оның идеялық түйіні Есімнің Райханға айтқан: «Міне көгерген еңбегің құмды тастап, тауды басып, асқарға асып барады», - деген сөзінен аңғарылады. Бұл - қой жайылымының құмды қалдырып, тауға, өрге ауысуы ғана емес. Еңбеккер Есім, Райхандардың кедергі, кеселдіктерді, қастандықтарды біржола жеңіп, ілгері басқан өмір, еңбек жолдары, азаматтық кемелденуі деген сөз.
М.Әуезовтің «Бүркітші» (1937) әңгімесі де ұры-қарының қоғамдық мүлікке қол сұғуын, бірақ қырағылық, тапқырлық көрсеткен іздеушілердің қолына түскенін суреттейтін шығарма.
Өмір құбылысын нанымды, қаз-қалпында суреттеуімен терең толғанысқа меңзейтін шығармаларымен жаңалық әкелген талғампаз қаламгерлер қатарында Ғабит Мүсірепов те аталады. Оның отызыншы жылдар кезінде әңгіме, повестерінің, көркем очерктерінің тақырыптық шеңбері кең, қазақ өлкесі өмірінің, өкіметінің нығаю барысы, колхоз құрылысының қиын-қыстау кезеңдері, еңбек адамдарының тұлға-бітімі - жазушының нағыз көркемдік шешімін тапқан әңгіме, новеллаларының арқауы болды.
Колхоз қозғалысының алғашқы адымдарын суреттейтін «Алғашқы адымдар» (1930) әңгімесі әуелгіде «Бір адым кейін, екі адым ілгері» деп аталғанды, кейінгі басылымдарда автор оны «Алғашқы адымдар» деп өзгерткен. Әңгімеде жаңа құрылған ұжым шаруашылығының берекесін кетіру, ауыл белсенділері қатарындағы аз топтың көпшілік еңбеккерлер мүддесіне қарама-қарсы, қаскөй әрекеттерінің орын алғаны, жасырын ниеттегі колхоз төрағасы Рамазан, оның орынбасары Жанғали, теріс үгіт таратушы Сүгір мен Есілбай молдалардың «Жаңа жол» колхозын божыратуға, шаруашылығын күйзелтіп, мүлде тұралатуға жан салғандары байқалады. Бірақ колхоздың адал еңбеккерлері, колхоздың партия ұйымының хатшысы Қайыр, тергеуші Теміржандар жау топтың айла, арамзалығын көп ұзатпай ашып, әшкерелей білген. Әңгіме сюжеті қылмыстың ізіне түсудегі ауыл басшыларының тапқырлық, байқағыштық, қырағылық, батылдық мінездерін келісті суреттейді. Шығармада жұмбақ оқиғалардың сыры қалай ашылғаны қызғылықты баяндалған. Бұл шығарманы кейде повесть қатарына қосу да кездеседі. Дегенмен, повестің жүгін көтеретін әңгіме де бола бермек. Сондықтан «Алғашқы адымдарды» әңгіме деп қарағаннан оған нұқсан келмейді.
Жол жазба түрінде, очерктік сипаттағы «Шұғыла» (1933) автордың өз ескертпесі бойынша, «сол тұстағы сорақылықтарды көрсетуге» арналған. Зорлықпен құрылған «Алып колхозы тарап, елдің біразы тұрмыс таршылығынан басқа мекендерге көшіп кеткен. Бірақ қай-жерде де «бастық», «төтенше» өкілдердің шаруа тұрмысы жөнделген, олар молшылық, халық үстінен жемсауларын толтырған. Ең болмаса, қазынаның халыққа деп жіберген азын-аулақ бұйымы да олардың қолдарына тигізілмейді. «Жүз процент колхоздасып болсын» деген өлкеден келген бұйрыққа орай жалғыз сиыры ортаға түсіп кеткен Сағұлдың сол сиырын кейін қалай қайырып алғанын баяндаған жазушы хикаясы көп сорақылықтың сырын ашады. Киіз үйден қала жасау тәжірибесі де осы елден кездеседі. «Теріс аққан» - киіз үйден жасалған қала екен. Бұрын бөлек-бөлек отыратын ауылдарды бір жерге жинап қондырыпты да, «қала» деп атапты. Кәдуілгідей көшелері бар. «Қала Шокін көшесі, Елтай көшесі, Құрамыс көшесі ...Үйлердің маңдайшасында қағазға жазып жапсырып қойған нөмірлері де бар» деп мәлімдейді автор. Халық төзімді, жолсыздық, сорақылық ұзаққа созылмақ емес Қардан соғылған уақытша ықтырма-пана - «шұғыла» немесе киіз үйден жаслған «қала» сияқты өткінші, тұрақсыз. Еңбек адамының өміршеңдігі бәрін де жеңбек. Әңгіменің меңзер негізгі түйіні осындай.