Т.Әбдікұлы шығармаларындағы мәтініндегі тілдік ізденістер
Төлен Әбдікұлының алдынғы тарауларда стильдік ерекшеліктеріне баса назар аудардық. Ендігі кезек автордың тілдік ізденістеріне келді. Қаламгер шығармасын оқырманға қызықты ету үшін айшықтау құралдарының ерекше түрлерін қолданып, жаңа ізденістерге жол ашады. Төлен Әбдікұлының қазіргі кездегі оқырманы бар жазушылардың қатарына кіруінің өзі оның тілінің, жазу стилінің ерекше екенін айқындайды.
М.Горькийдің «Тіл – әдебиеттің басты мүшесі» және Фединнің «Сөз – шығарманың негізгі материалы» деген сөздерден шығарманың тілін зерттеуден маңыздылығын байқаймыз. Өмір шындығы адамдар арасында қарапайым сөздер арқылы жүзеге асса, көркем әдебиетте көркемдік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Өйткені, оқырманның жазушыдан талап ететін қажеттіліктердің бірі. Көркем әдебиет көркемдік бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде дүниеге келеді. Бейнелеу құралдары - шығарманы бөлек әлемге апаратын құрал. Жазушы шығарманы ерекше әлем етемін де айшықтау құралдарын сапасыз, шұбыртпалы түрде қолдана беруі де жарамас. Метафора, метонимия, теңеу, градация, синекдоха, гипербола, литота сынды көркемдік құралдарының мәтінге берер өзіндік рөлі бар. Олардың шығарма рухын арттыратын маңызы бар.
Қаламгер өз шығармаларында айшықтау құралдарын өз орнымен ерекше қолданған (4-кестеге сәйкес).
4-кесте. Т.Әбдіков прозасындағы теңеу
Тілдік ізденіс | Мысал |
Теңеу | «Жыланды бойы ол кезде саласындай тізілген ел», «Сенің де бір айналшық жегендей шыр айналып, ісіңнің өнбейтіні-ай, - деп кейіді тап бір сау күніндегідей», «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды» |
Айшықтау құралдарының ішінде бірінші болып теңеуді қарастырамыз.Теңеу затты, құбылысты, нәрсені немесе солардың қасиетін білдіреді. Теңеу Абай шығармашылығында теңеудің түр-түрін қолданған. –Ал Төлен Әбдікұлы өз мәтіндерінде тұрақты теңеу, яғни -дай, -дей, - тай, -тей арқылы жасалған теңеулерді көбірек қолданған. Жазушы теңеудің одан да басқа түрлерін де қолдана білген. Төлен Әбдікұлы шығармаларында кездесетін теңеулер мынадай: «Жыланды бойы ол кезде саласындай тізілген ел» [16, 8 б.], «Сенің де бір айналшық жегендей шыр айналып, ісіңнің өнбейтіні-ай, - деп кейіді тап бір сау күніндегідей» [16,13 б.], «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды» [16, 167 б.], «Ештеңе көрінбейді, көрдің ішіне түсіп кеткендей тастай қараңғы» [16,180 б.], «Сымға қонған қарлығаштардай сатушының төңірегінде жұрттың арасына барды» [16,224 б.], «Әлпештеген, үміт артқан сол ұлы өсе келе сабындай бұзылды» [16,284 б.], «Мұқаш түрі сахарға салғандай аппақ, сақал-шашы да аппақ, қаудырап бітуге тақаған шал екен» [16, 309 б.]. Дыбыс үйлесімі арқылы жасалған теңеулерге тоқталсақ: «Екі ұдай сезім құшағында – үміт пен күдіктің, шындық пен жалғанның арасында сергелдең болған жандарға, бәлкім, пайдасы тиер» [16, 7], «Қыста мойылдай қап-қара, атақты бәйге қарасқасқасын, ал жер қарайысымен жұмыртқадай аппақ жорғасын мінетін» [16,66 б.], «Екі көзі бұлаудай» [16, 101 б.], «Аяқ-қолың неге жалаңаш» [16, 7 б.], «Мына қаз Доспамбет былтыр ауырғанда бүкіл үй ішімен арыздасып, артынан жазылып, тұрып кетті ғой- деді молда қалтасынан тасбиығын алып жатып» [16,118 б.].
Автордың келесі бір айшықтау құралы – метафора. Метафора гректің «metaphora» «ауысу» деген сөзінен шыққан. Метафора деп сыртқы не ішкі белгілеріндегі (тұлғасындағы, атқаратын қызметіндегі т.б.) ұқсастыққа қарап бір зат атауының басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасының ауысуын айтамыз [27]. А.Байтұрсынов бойынша ауыстыру бір-біріне сәйкес келмейтін, үйлеспейтін ұғымдарды байланыстыру қасиетіне ие болғандықтан, оны автор өз мәтінін оқырманға әсерлі болу үшін қолданады. Себебі, метафораның шығармаға ерекше әр беретіні уақытпен дәлелденген дүние. Ғалымдардың зерттеуінше, адамның ойлау қабілетінің күннен-күнге дамуына орай метафора да күн сайын жаңарып, жанданып отырады. Метафора адам ойының жемісі десек, ал адамның ойы сан салалы идеялардың орталығы деп есептей келе, ой бір ойдың жетегіне тағы да бір ойды ертіп жүреді. Яғни, бір ой бір ойды жалғайды. М.Жұмабаевтың: «Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады, Толқын мен толқын жарысад» [28, 50 б.] деген өлең жолдары метафораға тән қасиетті ашады. Метафораны әрбір жазушы қажеттіліктен емес, онсыз шығарманың көркемдігін аша алмағандығынан болады. 5-кестеге сәйкес қаламгер шығармаларындағы метафоралар көптеп кездеседі.
5- кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы метафора
Тілдік ізденістер | Мысал |
Метафора | Жол бойы көңіліме неше түрлі ойлар келді», «Тегінде адам жинаған қор бітсе де, жарықтық табиғаттың қоры бітпесін де», «Мұқаштың әйелі келіп, апамды құшақтап отыр» |
Мысалы,«Жол бойы көңіліме неше түрлі ойлар келді» [16, 6 б.], «Тегінде адам жинаған қор бітсе де, жарықтық табиғаттың қоры бітпесін де» [16, 26 б.], «Мұқаштың әйелі келіп, апамды құшақтап отыр» [16,43 б.], «Апасының жарығы, апасының тобасы. Апасының әні, апасының сәні. апасының айы, апасының тайы, - деп ұйқастырып, айналып-толғанып жөнеледі» [16,49 б.], «Бір жылы туған төл едің» [16,58 б.], «Әй, бұрынғының адамына дауа бар ма!» [16,61 б.], «Дегенмен, тарихқа кейіпкер болу әркімнің маңдайына жазылмаған» [16,111 б.], «Жауласпаққа дәл осы қатерлі дертті, ақиқат ажалды таңдап алдым» [16, 146 б.], «Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері – экономика емес, мораль болатын кез жетті емес пе?» [16,148б.], «Дүниеде зұлымдық үшін жаратылған қасақана мақұлықтар бар» [16,169 б.], «Енді қайтер екен» деп, асыға күткендей тынышсыз, есірік күй биледі» [16,178 б.], «Міне, дәл осы тұста каторганың кесімді жылының аяқталғаны секілді, тағдыр тауқыметі мойнынан біржола сыпырылып, басқа бір сәулелі, жарқын өмірдің кіріспесі басталды» [16,186 б.], «Табиғаттан жаралған өзіндей адам баласын екі ғасыр аулап, жер бетінен жойып жіберу табиғи процесс пе, сұмырай» [16,191б.], «Жастыққа жантайып, ұйыған белін жазып, жан шақырды» [16,215], «Бұрынғы мінез-құлықтың мүлде басқаша болып өзгеретінін сезген кезде әлде бірдеңе үзіліп кеткендей ішкі сарайы солқ етті» [16,282б.], «Әсіресе, Үлкен кісінің хабарды естісімен, командировкасын тастап, әдейі келгенін, таңертең үйге кіріп шыққанын айтқанда осыны өзіне зор бедел, мақтаныш тұтатының жасыра алмады» [16,289 б.], «Қызылкүрең жас топырақ дымқыл күш құрғамапты» [16,292 б.], «Көңіл құрығы жетпейтін тым әріде қалған бейшара бір сағыныш жүрегінің түбін әлсіз түртіп, онсыз да қаусағалы тұрған әдіре қалғыр ит жанын күйзелткендей болды» [16,293 б.], «Сіздерге деп осы шыбын-шіркей болып жүреді» [16,301 б.], «Жақсылықтың ең терең тамыры сұлулықтаа, өйткені тіршілік тәннен басталады» [16,325 б.], «Тағы да оның жанарынан ескен жанға жайлы, ғажайып, жылы ағынды сезіп тұрмын» [16,330 б.], «Ең мерез іштен шыққан жасырын жау екенін ұқтым» [16,333 б.], «Жалғыз қыздан кейін үй-ішіне жаңалық енгізбей қойды» [16,345 б.], «Көз қарайған шақтарда екі көл мен өзеннің балығы таптырмайтын қорек болды»[16,26 б.], «Кешегі іс, кешегі ақыл бүгінге жарамай жатыр» [16,278 б.].
Төлен Әбдікұлы да басқа жазушылар сынды троп түрлерін өз шығармаларында қолданған. Троптардың ішінде метафорадан кейінгі метанимияны қолданғандығын шығармаларындағы қолданыстан байқаймыз. Көптеген адамдар метафора мен метонимияны айыра алмай жатады. Метанимияның метафорадан айырмашылығы – метафора ұқсас заттарды немесе құбылысты бір атаумен берсе, метанимия ойда бар сөзді басқа бір сөзге сыйдырып жібереді. Салыстырмалы түрде қарасақ метанимияның қолдану аясы метафораға қарағанда тар. Өйткені, метанимия көркем шығарма стилінде қолданылып, ал метафора барлық стилден өз орнын табады. Және де метанимияны троптың келесі түрі синекдохамен шатастырып алушылық жиі кездеседі. Метонимия синекдохадан сандық айырмашылығы жағынан ерекшеленеді. Синекдоха сандық айырмашылықты қажет етеді. Ал метонимия олай емес. 6-кестеге сәйкес метаномиялар берілген.
6-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы метаномия
Тілдік ізденіс | Мысал |
метаномия | Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар», «Сейсен, бой қалай?- деді, әкемнің қолын алып жатып», «Үкіметтің күші жетеді» |
Мысалы, «Тірісінде құдай болғанның бірі сондай-ақ болар» [16,13 б.], «Сейсен, бой қалай?- деді, әкемнің қолын алып жатып» [16,15 б.], «Үкіметтің күші жетеді» [16,17 б.], «Несиеге ештеңе бермейді» [16,27б.], «Артельде күш қылатын адам соншалық көп емес» [16,29 б.], «Биғайша жүрегін алып кетті ғой» [16,35 б.], «Сапабектің жолдасымын ғой. - Не дейді, ойбай! Сапабек дейсің бе? - Иә. – Мына өзіміздің жаман жырық Жақанның ба? – Иә. – Көксау? – деді, әкем тағы бір ауруының шетін шығарып» [16,47 б.], «Өмір сүру рухани дәлел керек» [16,113 б.], «Бірақ кока жапырағын емес, жалған идеялар жапырағын шайнайды» [16,133], «Медицинада мыңдаған нүкте бар» [16,145 б.], «Ең соңғы араку өлді» [16,202 б.], «Институтты айрықша дипломмен бітірді» [16,204б.], «Мен біріншіге өзім кіріп шығайын» [16,279 б.], «Қарапайым әйелдің аузынан осы сөзді естігенде Хамит творчество бақытының тұңғыш рет сезініп еді» [16,304 б.].
Гипербола мен литотаның мәтінге қосар үлесі айрықша. Гипербола және литотамен, көбінесе, батырлық жырларда ұшырасамыз. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында: «Астындағы бурылдың, Жоғарғы ерні көк тіреп, Төменгі ерні жер тіреп» деген өлең жолдарынан Қобыланды батырдың астындағы тұлпары Тайбурылды батырға тән етіп сипаттауда гиперболаның орны ерекше [29]. Оқиға желісінде болып жатқан шиеленісті гипербола мен литота әсерлі әрі өнімді жүзеге асырады. Бұл пікірдің өзінің оң жағы мен сол жағын барын да ескертеміз. Мәселен, «Мінезіндегі ең басты ерекшелік – өлердей балажандығы» [16,121 б.], «Есік сарт етіп ашылып, бөлмеге тажалдай қорқынышты, қатыгез сестра әйел кіріп келді» [16,136 б.], «Батқан күннің қызыл шапағы өлеусіреп, сөніп барады» [16,307 б.](7-кестеге сәйкес).
7-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы гипербола мен литота
Тілдік ізденістер | Мысал |
Гипербола мен литота | «Мінезіндегі ең басты ерекшелік – өлердей балажандығы», «Есік сарт етіп ашылып, бөлмеге тажалдай қорқынышты, қатыгез сестра әйел кіріп келді», «Батқан күннің қызыл шапағы өлеусіреп, сөніп барады» |
Алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты өсіріп, дамытып отыратын градацияның, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше болатын синекдоханың да мәтінде өзіндік орнын бар екендегін жоққа шығара алмаспыз. Қаламгер градация мәтіннен ерекше етіп көрсету керек оқиғаны жеткізу үшін қолданатыны анық. Ал синекдоханы жалпыхалықтық тілді көрсету үшін пайдаланады. Байқауымызша қарапайым халық күнделікті тұрмыста синекдоханы жиі қолданады. Бұл - сөз үнемдеудің бір түрі. Мәселен, «Абайға қалай шығамын?», «Үй ішің қалай?», «Мал басы қалай?», «Қанша балаң бар?», «Аллаһтың бергені бар», «Отар қой бар» деген сөздер арқылы тұрмыстағы синекдоханы көреміз. А. Байтұрсынов синекдоханы «меңзеу» деп аударған. Шынында да, халық нақты санын айтудан қорқып, жалпылама немесе жалқы айту арқылы меңзейтіндігін көреміз. Санын айтса, малдан, баладан айырылып қалудан қорыққан қазақ меңзеп айтып отырған. Меңзеуге тән қасиеттерді мәтіннен көрсек болады: «Жапағы құлағы қалқиған, қалақтай, мұртты қара екен» [16,18 б.], «Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабай қызғанышпен жауыға қарады» [16,167 б.], «Артында тұяқ бар» [16,43 б.].
Автордың өз шығармаларында фольклордың бір мақал-мәтелдерді де өз шығармасынан тыс қалдырмаған ( 8-кестеге сәйкес).
8-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы мақал-мәтелдердің тізбегі
Тілдік ізденістер | Мысалдар |
Мақал-мәтел | «Әкеңнің асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?»,«Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр» |
Мысалы, «Әкеңнің асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?»[16,74 б.], «Ауру деген шелекпен кіріп, мысқылдап шығады» [16,80 б.], «Ат жақсысын кермеден, ер жақсысын түрмеден көр» [16,91 б.], «Үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді» [16,9 б.], «Алайда «тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп қазақ айтқандай, іштен үңілген адамға бұл үйдің өзіне жетер қайғысы баршылық» [16,292 б.], «-Шырағым Бәтима, қатын өлсе, қамшының сабы сынды, азамат өлсе, асқар тауын құлады деген,- деп өзім жаттап алған үлкендердің сөзіне салып алыстан орағыттым» [16,134 б.], «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар,- деп мақалдап, көзін жұмды» [16,303 б.].
Қазақ фольклоры өзінің кеңдігімен ерекше. Автор өз шығармасында жоқтау, естірту, жұбатудың элементтерін қолданған (9-кестеге сәйкес).
9-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы фольклор үлгілеріне мысалдар
Тілдік ізденістер | Мысал |
Жоқтау, естірту, жұбату | Кімдер түспес тағдырдың қармағына, Құрғыр тілім байланып қалмады ма. Айтайын мен, Ақжеңге, Сейсен аға, Қол жетпейтін күн бопты ардағыңа. Шейіт болып кетті деп келді хабар, Енді Ермек жоқ оралып елді табар. Сабыр тілеп құдайдан, шүкірлік қыл, Ұрпағың бар артында белгі қалар |
Мәселен, «Әке» романында соғысқа кеткен Ермектің қазасын былайша естірткен:
«Дүркін де, дүркін, дүркін де,
Заман да өтер бір күнде.
Үлкендер сөйле дегенде
Қызыл бір тілім іркілме,-
Қайрылмас қазақ келгенде,
Батырың өлді – Бөгенбай!
Батырды қолдан өткіздім
Сәлемін міне жеткіздім.
Жараға жақсы қас қарар,
Ойбайлап жаман бас салар
Көріспей айтты демеңіз,
Осы еді біздің келген жай.
Бөгенбай сынды батырың
Береке берсін артына-ай,
Сабыр берсін халқына-ай,
Жасаған ием жар болып,
Бейіште нұры шалқығай!
Кімдер түспес тағдырдың қармағына,
Құрғыр тілім байланып қалмады ма.
Айтайын мен, Ақжеңге, Сейсен аға,
Қол жетпейтін күн бопты ардағыңа.
Шейіт болып кетті деп келді хабар,
Енді Ермек жоқ оралып елді табар.
Сабыр тілеп құдайдан, шүкірлік қыл,
Ұрпағың бар артында белгі қалар»[16, 43 б.].
«Әке» романында жоқтау да кездеседі:
«Тұрмыстың көріп азарын,
Өлгенде көрген базарым.
Қарағым аман-сау деген
Хабарын қашан алармын» [16,40 б.]. Өлімді естіртіп, артынан жоқтаған халықты туған-туыс, дос-жарандары жұбата да білген. Мәселен, «Әке» романында жоқтаудың мына үлгісі берілген:
«Бұл қайғы келелі бидің кеңесінде қалады,
Биік таудың төбесінде қалады,
Өзен судың көбесінде қалады,
Қыран құстың қияғында қалады,
Жүйрік аттың тұяғында қалады,
Сұлу жардың қойынында қалады,
Ұлы тойдың ойынында қалады,
Осы айтқанымды істемесең,
Өле-өлгенше өзіңнің мойыныңда қалады» [16,64 б.].
Сонымен бірге, Төлен Әбдікұлының шығармасында тұрақты тіркес пен әдемі әуез беретін тіркестер де кездеседі: «Жүрегінде ескі жараның орны біржолата шыққалы тұрған әдіре ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды. Баяғыда қылышынан қам тамған ұрының тұқымы еді»[16,83 б.], «Осында демалысқа келген балалардан сені күреске қалды деп естігенде зәреміз зәр түбіне кетті» [16,109 б.], «Ал кеңседе ол суда жүзген балықтай сезінеді» [16,284 б.], «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді деп...» [16,289 б.], «Залда ине шаншар жер жоқ» [16,360 б.], «Түу деген түкірігі жерге түспейді» [16,144 б.], «-Ол қызметін жақсы істеуі мүмкін, бірақ адамға жақсылық істемейді, ішіне пышақ айналмайтын қызғаншақ, күншіл» [16,314 б.] (10-кестеге сәйкес).
10-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы тұрақты тіркестер
Тілдік ізденістер | Мысал |
Тұрақты тіркестер | Жүрегінде ескі жараның орны біржолата шыққалы тұрған әдіре ит жанын ең соңғы рет қинап қалып жатқанға ұқсайды. Баяғыда қылышынан қам тамған ұрының тұқымы еді», «Осында демалысқа келген балалардан сені күреске қалды деп естігенде зәреміз зәр түбіне кетті», «Ал кеңседе ол суда жүзген балықтай сезінеді» |
Қаламгердің шығармасы тақырыбымен, көтерген жүгі мен тіл байлығы арқылы бағаланады. Осындай критерийлерді сақтаған шығарма да оқырман арасында көп оқылып, талқыланады. Кейінгі кезде бұл критерийлерді сақтамайтын еңбектер сұраныс үстінде екенін де жасырмаймыз. Дегенмен, ол шығармалардың ғұмыры қысқа болатыны анық. Төлен Әбдікұлы өз мәтіндерінде айшықтау құралдарын, мақал-мәтел, тұрақты тіркестерді қолданса да, қарапайым жазылған. Яғни, оқырманға оқылуы жеңіл, жатық тілде жазылған. Сол жеңіл сөздердің көптеген астарлы ой мен шындық жатқанын да білеміз.
Қаламгердің шығармасында философтардың да қанатты сөздері бар (11-кестеге сәйкес).
11-кесте. Т.Әбдіков шығармаларындағы қанатты сөздер
Тілдік ізденіс | Мысал |
Қанатты сөздер | Бальзактың: «Жер бетінде бақытсыздықтан басқа, толық жүзеге асатын ештеңе жоқ», Ф.Достоевскийдің: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ», «Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өзінің атымен атаңдаршы» |
Мәселен, Бальзактың: «Жер бетінде бақытсыздықтан басқа, толық жүзеге асатын ештеңе жоқ»[16,9 б.], Ф.Достоевскийдің: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ» [16,22 б.], «Мейлі, ақтай беріңдер, мейлі, жазаламай-ақ қойыңдар, бірақ зұлымдықты зұлымдық деп өзінің атымен атаңдаршы» [16,44 б.], Ф.Ницшенің: «Жаман деп жүргенімізді жақсы деуге батылымыз жеткен күні біздің өмірімізде ұлы кезеңдер басталады» [16,26 б.], Сократтың: «Олар өз бойларындағы құмарлықтың құлдары, ал мен сол сезімдердің патшасымын» [16,29 б.], «Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секілді. Төзуге қиын жалғыз нәрсе - жалғыздық» [16,33 б.],Х.Ортеге-и Гассеттің: «Өмір дегенің қашан да кеменің апаты» [16,40 б.], М.Гандидың: «Күнәһармен емес, күнәнің өзімен күресу керек» [16,44 б.], «Рухани әлемде екі бағыт бар: бірі – пенделік мүдде, екіншісі – биік парасат пен ізгілік құдыреті» [16,52б.], «Немесе кішіпейіл, ізетті адамның не байығанда, не үлкен билікке қол жеткізгенде өркөкірек, дөрекі мүлде басқа адамға айналуы және сол адамнан өзінен жоғары бастықтың алдында қайтадан кішіпейіл, ізетті адамға айналуы да әлгі айтылған құбылыстың бір түрі» [16,57 б.], «Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, іштарлық – патология емес пе?» [16,17 б.], «Ақиқаттың бір жауы – сұлулық. Ақылсыз сұлу адам, опасыз сұлу әйел, алдамшы сұлу сөз» [16,20б.]. Қанатты сөздерден байқайтынымыз қаламгердің шетел әдебиетінен, шетел философтарының еңбектерімен етене таныстығы. Негізінен, автордың шығармашылығы медицина, философия, мүсін, театр, политика, психология, логика сынды ғылым түрлерінің шығармада профессионалды түрде жазылуы, сипатталуы және маман ретінде талқылауы жазушының әр ғылым саласынан хабардар екендігін көрсетеді. Бұл қазіргі ХХІ ғасырдың жазушына керек қасиеттерді бойына жинағандығын көреміз.