ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 7 страница

Бірақ, соған қарамастан, 1937-1938 жылдардағы ойранға дейін де және одан кейін де көркем сөз өнері, оның ішінде әрине, проза да тұйыққа тірелді деу артық. С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин сынды алыптарынан айырылып, әдебиет тоқырау індетіне душар болса да, мүлде тоқтап қалған жоқ. Алдыңғы буын айта алмай кеткен өрелі ойды, аяқтай алмай кеткен іргелі істі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин есімді көрнекті жазушылар одан әрі жалғастырды. Әңгіме, повесть, роман жанрларында елеулі-елеулі шығармалар жазылды.

Сонымен, тұтастай алғанда, отызыншы жылдардағы проза одан кейінгі жылдардағы прозаның бағыт-бағдарының, түбегейлі тенденциясының айқындалуына жол салды. Еліміздің көркем шежіресін эпикалық түрде бейнелеудің дәстүр тұтарлық үлгісін көрсетті.

ПОЭЗИЯ

Отызыншы жылдардағы әдебиет жиырмасыншы жылдардағы түбірлі, түбегейлі қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерден бастау алған, жаңа мақсатты әдебиеттің батыл тәжірибесін, халқымыздың бай ауыз әдебиетін, әлденеше ғасырлық төл поэзиямыздың, Абайдың, жиырмасыншы ғасыр қарсаңындағы көптеген әралуан ақындардың көркемдік дәстүрін игергендіктен, оған қоса шығыс, батыс әдебиетінен сусындағандықтан күрт сапалық өрлеуді көрсетсе керек еді. Өйткені, көркемдік тәжірибе неғұрлым қордаланған сайын әдебиеттегі шеберлік, соған сәйкес көркемдік деңгейі өсіп отыратыны өнер мен әдебиет тарихынан белгілі.

Алайда 30-жылдар поэзиясынан I.Жансүгіровтен, С.Сейфуллиннен басқа ақындардың шығармашылығын алдыңғы кезеңдермен салыстырсақ, біраз олқы жатқанын байқамау мүмкін емес. Әрине, жекелеген сәтті туындылар, ойлы оралымдар, жекелеген сүбелі шығармалар бар, ақындарымыз А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин шығармашылықтарынан ондай мысалдар табылады. Мәселе жалпы поэзияның шеберлік деңгейінде. Мағжанның, Бернияздың өлмес лирикаларын былай қойғанда, Міржақыптың отты, уытты өлеңдері, Сәкеннің сұлу саздары, Сұлтанмахмұттың өршіл сырлары, кітаби ақындар аталып жүрген Шәді, Нұржан, Ақмолла, т.б. зиялы таланттардың туындылары, Жамбыл бастаған көптеген халық ақындарының шығармалары ел арасына кеңінен тарап, оқырмандардың көркемдік талғамының қалыптасып, талабының биіктеуіне әсер еткені айқын. Оның үстіне революциядан бұрын-ақ ішінара тәржіма арқылы келе бастаған өзге ұлт әдебиеттерінің мысалдары да көркемдік ой мен талап-талғамға әсер еткен. Бұған қарағанда отызыншы жылдардағы поэзия белгілі көркемдік шарттарына жауап бере алмайтын туындыларды топ-тобымен тоғытпаса керек еді. Бірақ, өкініші сол, олай болмады, ол әдебиет тарихынан белгілі. Бұл сол кездегі кеңес әдебиеті бастан кешкен ауыр халдың қазақ әдебиетіне де ортақ екенін көрсетеді.

Аталған кезең әдебиетіне зер салғанда, сан жағынан алсақ, ақыңдарымыздың біраз өнімді енбек еткені байқаладьг. Мәселен, I.Жансүгіровтің сегіз кітабы - «Дала» (поэма, әрі осы поэманың қайта басылып, үшінші рет шығуы), «Жаңа жыр», «Күй», «Күйші», «Жана туған», толық жинағының бірінші кітабы (1933), екінші кітабы (1935) шықса, А.Тоқмағамбетов пен Т.Жароковтың әрқайсысының он жинағы, Ж.Сыздықовтың сегіз кітабы, С.Мұқанов пен Ә.Тәжібаевтың туындылары әрқайсысы жеті реттен басылып шыққан. Сондай-ақ, С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, Қ.Әбдіқадыровтың, Д.Әбілевтің, Қ.Жұмалиевтың, Е.Ысмайыловтың, Ө.Тұрманжановтың, А.Хангелдиннің үштен, Ғ.Орманов пен С.Машақовтың төрттен өлең-дастан кітаптары жарияланыпты, С.Торайғыровтың, С.Дөнентаевтың, М.Дәулетбаевтың, С.Нұржановтың, Ә.Сәрсенбаевтың, Қ.Аманжоловтың, Қ.Сатыбалдиннің, Ж.Саинның, А.Теміржановтың, Д.Еркімбековтің, Ә.Есмәмбетовтің, М.Хакімжанованың, Ғ.Малдыбаевтың, К.Шөкеновтің, т.б. туындылары бірді-екілі кітап болып басылып шыққан. Абай мен Ыбырайдың, Махамбеттің туындылары да аталған жылдар аралығында жұртшылыққа ұсынылды. Бұлардың сыртында сол кезде беделді саналған тақырыптарға арналған жиырмаға тарта коллективтік жыр жинақтары оқырмандарға жол тартты. Сонымен, ұзын саны жүз елуден аса жыр кітаптарының он жылға жуық мерзім ішінде баспадан шығуы - қазақ әдебиетінің оған дейінгі тарихында болмаған оқиға. Әрине, бұл арада, оның барлығын бірдей бақайшағына дейін шағып талдап жату мүмкін емес, әрі оның қажеті де жоқ. Өйткені, бұған дейін шыққан еңбектерде сол кезең поэзиясыньщ негізгі қыр-сырлары ашылған, айтылған, әрі белгілі бір уақыт ішінде азды-көпті өзіндік үлес қосқан қойторы қаламгерлердің біразы бүгінгі оқымандарға беймәлімдеу, оларды тарихтың өзі екшеген. Сондықтан әдебиет тарихынан лайықты орнын алған, ауыз толтырып айтуға лайықты ірі қаламгерлердің шығармашылықтарына зер салу орынды.

«Аққудың айрылуы», «Сыр сандық» сияқты сұлу сазды, сыршыл жырлар толғаған С.Сейфуллин секілді ақын, қоғам кайраткерінің, жаһан поэзиясының асқар шыңдарына самғаған, жұмыр жерді дүбірлетіп орап өтердей екпінді жыр дүлдүлі І.Жансүгіровтің, Сырдария тегеурінді Ә.Тәжібаевтың, сергек, айтқыш, қырғи тілді А.Тоқмағамбетовтің, таудан құлаған тасқындай асау арынды Т.Жароковтың, сөзден өрнек салып, зер төгетін зейінді, зерделі шебер Ғ.Ормановтың, т.б. айтулы ақындардың сол-кезеңде айызы қанғанша арындай алмай кібіртіктеуі, дәуірдің күнделікті тіршілігінен асып кете алмай, уақытша ұрандарды даңғырлатқан үгіт-насихаттық қана мәні бар, қасаң, құрғақ туындылар беруі - саясатқа, партиялық нұсқауға жегілгеннен екенін енді түсінуге болад. Бірінің аузына бірі түкіріп койғандай, қай-қайсысы да колхозға, совхозға, төрт түлікке, Сталинге «талмай» «шабыттанып» жыр арнап жатуы - соның дәлелі. Адамзат тарихында көзінің тірісінде көсемге арнап сан-алуан ұлт ақындарының «шын жүректен» өлең шығарып, сол өлеңдері жедел, әрі жаппай жарияланып жатқан бізден басқа ел жоқ еді.

Көркем шығармашылық сияқты даралық сипаты бар, таным-түйсігі өзгеше таланттар табиғатына тиесілі өнерді өктемдікпен, ойсыз озбырлықпен күштеп әкеліп, «заманның үні» етуге мәжбүр қылу, қыңқ еткенді қыршынынан қию, ал шын мәніндегі замана үнін қолма-қол тұншықтыруға ұмтылу кең көлемде өрістеген мұндай ел, ондай дәуір адамзат мәдениетінің тарихында болмаған. Бұл кезеңнің өткен тарихи дәуірлердегі әлгіндей озбырлық, сорақылықтардан және бір асып түсетін қылмысы - талай ұлттық мәдениеттерді «интернационалдандыру» арқасында мәңгі жойып жіберуі, интернационалдықтың негізінде адамдар арасында табиғи достық, тең хұқықты қарым-қатынас, өзара қамқорлық, тең дәрежедегі сыйластық жататыны ескерілмеді. Сонын салдарынан адамзат мәдениеті ұсақ ұлттардың тарапынан қосылатын кәусар бұлақ секілді талай қазыналардан айрылды. Осындай алмағайып кезеңде кестеленген әдебиет әлемінде әрі-сәрілікке жол берілуіне, әдемілік пен әурешіліктің қоңсы қонуы былай түрсын, мидай араласып жатуына, шығармашылық өкілдерінің де, оқырман қауымның да танымы мен талғамына теріс ықпал жасалып, нағыз өнер шарттары шала-шарпы игерілуіне әлеуметтік-идеологиялық-қыспақ көп «үлес» қосқаны сөзсіз.

Ауыр зардаптар салдарынан ұлттық әдебиеттерде көркемдік жағынан ақсап жатқан көптеген туындылардың жарық көруі, шығармашылық күштерінің белгілі бір тақырыптарды игеруге күштеп жұмылдырылуы мүмкін болды. Мысал үшін отызыншы жылдары жарық көрген коллективтік жинақтарды атауға болады. Олар: «Біздің еңбек» (Орал, 1934), «Екпінді еңбек» (Шығыс Қазақстан, 1934, 1935), «Жарыс» (1930), «Қазақстан ақындарының үшінші большевиктік егіске арнаған өлеңдері» (1932), «Комсомол қаламы» (1934), «Қызыл әскер» (1929, 1935), «Лениндік құрылыс» (1934), «Майға арналған революция жырлары» (1937), «Социалды түлік» (1934), «Сталинге арналған өлеңдер» (1936), «Ұшқыш жыры» (1937), «Шаттық жыры» (Жас қазақ ақындарының Ұлы Октябрь-дің ХХ жылдығына арналған өлеңдері, 1939), «Ел жүрегі» (Қазақстан ақындарының Сталиндік конституция мен СССР Жоғарғы Советінің сайлауы туралы өлеңдері, 1937), «Жастық дауысы» (Комсомолдың жиырма жылдығына, 1939). Аттарынан-ақ байқалып тұрғандай, ақындар жырының арқауына айналған объектілер - әдебиет пен өнердің әлімсақтан бері келе жатқан, әр заманның сипатына сәйкес түрліше қызумен, әралуан мәнерімен толғанып зерленетін мәңгілік мәселелер емес, белгілі бір кезеңде ғана үстем болатын, өткінші ғана мәні бар жәйттар. Әрине, өнер туындысының көркемдігі оның тақырыбына тәуелді емес, дарын құдіретіне байланысты. Дегенмен де, ежелден келе жатқан түліктің өзін «социалды» етіп, «саяси» мән бергеннен кейін әдебиет пен өнердің еркіндігі туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?!

Осыған байланысты айтылуға тиіс нәрсе - сол тұстағы шығармашылық күштердің тәжірибесінің аздығы. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев сияқты күллі Кеңес Шығысы халықтарына жарық сәуле шашарлық таланттарды баудай түсіргеннен кейін ертеңге шыққан өскіндердең келесі толқынның расында да әлі буыны бекіп, бүғанасы қатпағандығы. Көркемдік тәжірибе кемшіндігі мен қыспақтың салдарынан отызыншы жылдардағы поэзияда, оның ішінде лнрикада қандай да болсын тақырыпты немесе объектіні жыр арқау еткенде, оны адамзат тарихының барысынан қарастырудан гөрі сол уақытта үстемдік құрып тұрған талаптар тұрғысынан келіп, сол талаптарды нысана ете отырып жырлауға ұмтылу - көркемдік ізденістердің негізгі бағытын айқындады.

Мәселен, алғашында ақын ретінде танылған, кейін қара сөздің шеберіне айналған С.Мұқанов өлеңдерін алайық. Баршаға белгілі, барлық оқулықтарда, зерттеу еңбектерде мақталып жүрген «Майға сәлем» мен «Колхозды ауыл осындай» өлеңдеріне зер салайық.

Мың сәлем саған

Мәңгі, жолдас майым!

Сен жылда жас жігіт боп келген сайын,

Жер жібек, барқыт киіп,

жасыл желек

Бүркенеді үйеңкі, терек, қайың, -

деп сыдырта лепті, әрі қызғылықты, жанаша басталған өлең араға үш шумақ салып барып:

Кескінің, тұлғаң, тұрпат сұлу сәнің

Ұнап бұлбұл шырқайды тәтті әнін.

Балық, бұқа, сәурік, қошқар, теке,

Құрбақа...

Әнші қылдың соның бәрін,-

деген жолдарға ұласқанда, туасы табиғаты қара сөзге бейім Сәбеңнің осылайша өлең жазуы - сол тұстағы әдебиеттің дамуына хал-қадарымша үлес қоссам-ау деген ниеттен; игі ықыластан туындап отырғанына қол қоясыз. Ал араға тағы екі шумақ салып барып:

Мен өңгедей емеспін жалаң әнші,

Мен әншімін егінші, ұста, малшы.

Өндіргіш қол, тапқыш ми менде ғана,

Сондықтан бар табиғат маған жалшы,-

сияқты жолдарды оқығанда және оның:

Се-Се-Се-Р-ді етуіне бөлшек-бөлшек,

Ойласа жау,

Олармен күшті өлшеп

Көреміз бүгін,

Бізде де күзет мықты -

«Жауға жерден бермейміз

жалғыз вершок!» -

секілді көтеріңкі әуенмен тамамдалғанын көргенде, көркемдік тәжірибенің жетпей жатқанын мойындауға тура келеді. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың біріне айналған С.Мұқанов жырларының көпшілігіне тән осынау кемшіліктен, көркемдік жұтаңдықтан сол тұстағы ақындардың қай-қайсысы да құралақан емес.

Әдебиеттің тарихын жасауда да, бүгінгі даму бағдарын байыптауда да ескеретін шарт - көркемдік талаптар екені белгілі. Көркемдік талаптары ескерілмей жазылған әдеби шығармалар өз уақытына, рухына үйлескенімен араға бірнеше он жыл салған соң ескіріп қалатыны түсінікті. Мәселен, «Колхозды ауыл осындай» атты баллада іспетті ұзақ өлеңдегі:

Шалымның аты Кенбай - сөз ұясы,

Басы бір жалғанның кең дүниясы.

Ертегі, өлең, жырдың, шежіренің

Миы бай, көркем, сұлу антологиясы...

немесе:

Не,- десең - бұл театр? - Сол театр -

Дағдылы театрдан зор театр.

Залы аспан, сахнасы сұлу дала,

Артисі миллионнан мол театр, -

секілді шумақтардағы теңеулер, баламалар поэзиядағы жаңалық ретінде айтылып келді. Сол кезеңнен бастап күні бүгінге дейін осынау жолдарды тілге тиек етіп мақтаған көптеген зерттеу пікірлерін келтіруге болады, бірақ, бұл шолуда оның барлығын, немесе бірен-саранын жол жөнекей ат-үсті қарпып кетудің жөні шамалы. Мәселе- шын көркем туынды болса, орынды бағасын беріп, олай болмаса, жасырмай кемшілігін көрсетуде. Қандай да әдеби шығарманы ең алдымен эстетикалық деңгейіне қарап бағаласақ, біраз ақындардың маңдай алды деген жырларының өзі бүгін ортақол ғана дүниелер екені көрінеді. Ал, әлгіндей қалам ұшына оралған жекелеген сөздерді, немесе бірен-саран шумақтарды әдебиеттегі жаңалық деп марапаттау - асығыстық. Жаңалық деп жекелеген олжаны, деталь сонылығын емес, көркемдік екпін, рух, эстетикалық сезіну мен бейнелеу, көркемдік кестелеу кұралдарының жаңа сыпаттарын ашу, жаңа көздерін табу, замана сазын соны леппен, тың бояулар жүйесімен жеткізуді айтсақ керек. Мәселен, С.Сейфуллин поэзиясындағы жаңалық - ақынның төл поэзиямызға орыс поэзиясындағы силлабо-тоникалық өлең қүрылысына тән екпін, ырғақтарды әкелуінде, замана рухын соны символдық бейнелер арқылы жеткізуге ұмтылуында. Ал, көркемдік тұрғыдан келгенде, осы ұмтылыс қаншалықты жемісті, баянды болды деген сауалға жауап іздесек, сол игі ұмтылыстың өзі уақытша ықпал танытқанымен, қырқыншы жылдардан бері қарайғы поэзияға айтарлықтай әсер етті деу қиын. Оның себебі көркемдік жақтарының жетіспей жаткандығында.

Осы ретте оқшау айтылуға тиісті ерекше ақын - Ілияс Жансүгіров. Оның сан салалы эпикалық, лирикалық шығармаларының қай-қайсысын алсаңыз да, селсоқ қарап өте алмайсыз. Барлық ақындарымыз сүрініп жататын үгіт-насихаттық немесе ұраншыл, «өндірістік» деген өлеңдерінің өзінде серпіп отыратын серіппедей, ырғақка, бірден бірге ұласып, ешуақытта үзілмейтін өрнектерге килігесіз. Жалаңаш, жалпылама, жадағай өлеңдерді I.Жансүгіров шығармашылығынан табу қиын. I.Жансүгіров - отызыншы жылдардағы бүкіл қазақ поэзиясына да, одан кейінгі кезеңдердегі ақындар шығармашылығына да көп әсер еткен қайталанбас ақындық тұлға, сирек кездесетін талант. Жалпы, қазақ поэзиясының дамуына зор көркемдік қуатпен әсер ету тұрғысынан қарағанда, арғы-бергі қазақ поэзиясынан Ілиястың алатын орны бөлек. Егер Абай поэзиясы қазақ жырына парасаттылығымен, байыпты лиризмімен, әсем кестелі, соны ырғақтарымен ықпал жасаса, Ілиястың жыр-дастандары еселеген екпінімен, асау арынымен, алапат ағынымен, халық тілінің жауһарларын жарқырата, емін-еркін қолдануымен, тұтқиылдан сөз жасап жіберу шеберлігімен, ұлттық тіл бояуының құдіретін соншалық табиғи, соншама ағыл-тегіл қолдануымен, соның нәтижесінде, ұлттық рухты мейлінше кемел жеткізуімен ықпал жасады. Сөйтіп, талант тіршілігінің алғы шарты көркемдік екенін дәлелдеген тасқынды шеберлігімен қазақгың жазба поэзиясына да, кейінгі жырына да айтарлықтай үлес қосқанын мол зерттеп айту парыз. Бұл кезеңдегі поэзияда шығармаларының көркемдігі жағынан I.Жансүгіров шығармашылығы бөлекше биік тұрғаны бүгіндері анық байқалады. Оның осалдау көрінетін жыр-дастандарының өзін басқа қай ақынның да туындыларымен салыстырғанда, алабөтен айырықша екенін ажырату қиын емес. «Өндірістік», «үгіттік» өлендерінің өзінен де жылт-жылт еткен алтын қиыршықтарындай көрінетін, аса уытты, тегеурінді, жігерлі шумақтар, өршеленген ағысты ырғақ, төгілген үстіне тегіле түсетін алуан ұйқастар, әуелетіп әкететін дыбыс әуезділіп, бұйыққан ойыңды оқыс оятатын тосын толғам, тың соны сөз саптаулар, бағалы, бейнелі орамдар - бәрі-бәрі бірден-ақ байқалатын сапалы қасиеттер - нағыз ақындық тебіреністер, сезім нақыштары, қанық бояулар молынан ұшырасады. I.Жансүгіровтің мұндай деңгейге көтерілуінің сыры, оның ең алдымен ұлттық рухани мұраны бойына сіңіріп, әлем әдебиетінің Шығыс пен Батыс арнасынан жіті үйренуіне байланысты деуге болады. Ілиястан тәлім алмаған таланттар казақ поэзиясында кемде-кем болар.

Отызыншы жылдары рухани жүдеушілік болғанымен, біраз айтарлықтай шығармалардың сан жағынан шағын болса да жарық көруі қанағаттанарлық жай. Талантты ақындар қаншама қыспақ көрсе де, көркемдік дүниесінен ада-күде айрылмаған. Мәселен, I.Жансүгіровтің «Комбайн» атты өлеңі ақынның ең таңдаулы өлеңі болмаса да, такырыбы «өндіріске» арналған, заман талабы үшін ғана жазылған өлеңнің өзіне де «жан» бітірген.

Қызыл жемсау, көк тұмсық,

Қанаты іштен дүрілдеп.

Жүрсе гүр-гүр сілкініп,

Ойнайды іші күрілдеп:

Зыр-зыр қағып көк ұршық,

Тракторы тырылдап,

Құрыш арыстан ырылдап,

Жіп-шынжырлар жыбырлап.

Алтын бидай белінен,

Шалып оттап шалғысы

Ұстарадай сырылдап...

Грузовикке байырқап

Емізгендей ботасын

Талтаяды бұл шіркін,

Салбырайды бір емшек,

Емшек емес, көк шүмек,

Сорғалатып дән төгет...

Мұның аты комбайн -

Өзі шалғы, өзі орақ.

Өзі қырман, өзі арба,

Нзі күрек, өзі қап,

Ал, қаптай бер, дән дайын!..

Аллитерациялар, ассонанстар, қазақи теңеулер, баламалар, кейіптеулер молдығы мен еркін, табиғи қолданылуы ақынның таланттылығын, шеберлігін көрсетпек.

Көп жырлардан байқалатыны - Ілиястың құлашы кең ақын екендігі. «Құлагер», «Күй», «Күйші» поэмаларында эпикалық екпінмен қатар лиризмнің де нәзік жарасыммен жарыса өрілетінін аңғарамыз. І.Жансүгіров шығармашылығына тән мұндай сипаттар сол тұстағы жалпы қазақ поэзиясына тән. Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов сияқты майталман лирик ақындардың өздері ол жылдарда жан толқытқан жалынды сезімге құрылған жақсы өлеңдер тудырды. Бірақ, көбіне тақырып шеңбері тар болғандықтан толғамды ойларын көңілдегідей емін-еркін жеткізе алмады. Мұндая жағдайда көңіл-күй лирикасының, махаббат лирикасының дамуы, немесе ақындық «меннің» көрінуі киын-ақ. Заман талабын қанағаттандыру, бесжылдықтар әкелген қоғамдық-әлеуметтік жаңғырулар мен өзгерістерді жырға қосу, қиындықты, тауқымет пен машақатты елемей, қалай да көтеріңкі пафосқа бет алған, эпикалық сарыны басым шығармалар жазу міндет етіп қойылғандықтан, сан алуан көркемдік ізденістерге баруға мұрша болмады.

Өмірлік тәжірибенің аздығынан шығармашылық өкілдері заман шындығын сыни тұрғыдан таразылаудан гөрі ықыластана суреттеуге бейімделді. Әдебиет өкілдерінің жекелеген сәтті шығармалар тудыруы - сол заман жайын халықтың іштей түсініп, рухани түлеуі, өзгеруі деп ұғынуынан екені аныр,. Мәоелен, ұнамды бағаланған Т.Жароковтың «Миллион толқын» атты өлеңі. Мысалы, оның алғаш 1931 жылы жазылып, 1936 жылы тағы бір електен еткен нұсқасын ескерсек, «миллион» сөзінің жиі қайталануынан туған әуезділікті, сол әуезділікті «милар», «қимылда» сөздерінің күшейтіп тұрғанын байқаймыз, осы сөз тіркестерінен халықтың жаппай құрылысқа мың-мыңдап, миллиондап көтерілгені ұғылады және ақынның өзі де заман перзенті ретінде даусын еркін, екпінді шығарып, жалпы өмір-тұрмыс сыйпатын береді. Т.Жароков жаңа заманды еселеп төгілген арынды тасқындай, толқын-толқынымен, лықсып, кемеріне сыймай бара жатқан теңіздей сезінгендіктен, музыкадай естілетін екпінді жыр тудырған.

Мың-мың қолдар, миллион милар,

Милар миллион қимылда.

Миллион толқын

Толқын миллион,

Толқындата

Қимылда!..

Көк астында, жер үстінде

Миллион жыр жырлансын.

Менің туған Отанымнан,

Талпынған ел

Үлгі алсын!

Алтын жазда аққу каз да

Миллион әнін шырқасык,

Табысымды

Дауысымды

Тау, тас,

Дала

Тыңдасын!

Әуездігімен, жарасты ырғағымен, кең тынысымен әсем бұл өлең - өз кезі үшін елеулі шығарма болды. Мұның негізінде арқалы ақынның алғыр талантымен бірге өз дәуіріне деген таудай сенімі, келешекке деген үміті жатқаны белгілі. Ақын Тайырдың осындай олжаларымен қатар, көптеген өлеңдеріндегі замана сазын жеткізем деп жалаңдыққа, жалпыламалыққа ерік беретін кездері де бар. Әрине, әдебиеттің бұлай дамуына заман ұраны әсер етіп, оның өмірмен табиғи өзектестігін, өнер табиғатын танытатын қасиеттерін кемітті. Еркіндіксіз - шығармашылық бұл. Тайыр ақынның кейінгі сәтте әлгіндей қыспаққа бейімделу салдарынан туған «ұраншыл», «насихатшыл» жырларына қынжылғанын, қиналғанын білеміз. Рас, бұл - жалғыз Жароков емес, жалпы кеңес әдебиеті өкілдерінің бастан кешкен ауыр ахуал еді.

Балғын әдебиеттің балаң өкілдері шаруашылық, саясат, тарих саласындағы үлкенді-кішілі оқиғалардың талайына елең етіп, елгелектік танытып, жабыла, жұмыла жырлауы - сол тұстарда лирика міндетін тек осылай ұғудың салдарынан. Тегінде, ел өмірінде қандай да болса өзгеріс туғызған оқиғаларды жырға арқау ету дағдысы, азаматтық белсенділік көрсету - қазақ поэзиясына ежелден тәи. Атақты Бұқар жыраудың Абылайға айтқан толғаулары, орта ғасырлардағы басқа да көптеген ақын-жыраулардың шығармашылығы немесе олардан бертінгі уақытта жай оғындай жарқылдаған Махамбет поэзиясы - соның айғағы. Нағыз көркем жыр орасан зор қуатты толғаныстан тумақ. Тек заман талабына икемделу үшін ғана өлең жазу - нағыз поэзия мақсаты емес, біраз өлеңдердің көңілдегіден көп олқы жатуы осы жайды ескере бермеуден, әрі сол тұстағы өктем саясат бағдарына амалсыздан бейімделуден екені анық. Әрине, әрбір тарихи кезеңдегі әлеуметтік қыспақ қаншама қытымыр болғанымен рухани дамуды мүлдем тоқтатып тас-тауы мүмкін емес. Жедел өрлеу мен гүлденуге орны толмас зиян тигізгенімен, біржола тежеуі екіталай. Мұның бір мысалы ретінде осы жылдарда тың көркемдік кестелер (теңеулер, метафоралар, ырғақтар, айшықтаулар, құбылтулар, т.б.) жасалғанын айтуға болады.

Наши рекомендации