Кердері Әбубәкір 3 страница

Соған сәйкес, қазақ поэзиясында фатализмнің әуелде басымырақ байқалып, кейінірек - эсхатологиялық мотивтердің бірте-бірте молаю үдерісін әдепкі ойдың әлеміне діни дуниетанымның, яғни мұсылманшылық канондарының кеулей кіріп, тұрақ тебуімен байланысты деп білеміз.

Фатализм де, эсхатологизм де - көркемдік санадағы болашаққа деген қарым-қатыстың көріністері десек, алғашқысынан соңғысына ауысудың нақты нышандары, сөз жоқ, тағы да сол Бұқар жыраудың бірқатар толғауынан анық аңғарылады.

Қазақ халқының басына төнгелі тұрған қауіп-қатерді данышпандықпен болжаған «көмекей әулие» - Бұқар жыраудың шығармашылығында осы қос сарынның өріліп-өзектесіп жатқандығын білдіру үшін оның «Он екі айда жаз келер...» деген жолдарымен танымал толғауының екі түрлі нұсқасын қатар ұсынып, салғастыралық:

Мәшһүр Жүсіп нұсқасы:

Он екі айда жаз келер,

Құс алдында қаз келер,

Айтып-айтпай немене,

Заманамыз аз келер.

Сол заманың келгенде,

Ата-бабаң қол берген,

Қожаларын қас көрер,

Ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көрерсің.

Ноғайлардың байлары боларсазандай,

Сәлдесі болар қазандай.

Ақыретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан.

Қытайлық нұсқада:

Он екі айда жаз келер,

Көктемеде қаз келер,

Айтып-айтпай не керек,

Дәуреніңіз аз келер.

Сондай заман жеткенде,

Шаңырағың күл болар,

Еліңе қауіп төнгенде,

Ата ұрпағың құл болар,

Қараларың қас болар,

Қаскөйлерің бас болар.

Орыстар келер ғалым боп

Әулиедей көрінер.

Поптары болар сазандай,

Кітабы болар қазандай...

Зар заман ақындарының ішінде орны оқшаулана беретіні - Шортанбай Қанайұлы.

Мұны алғашқылардың бірі болып айтып аңғартқан М.Әуезов: «Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы Шортанбай болса, бұл өзі мұсылманшылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады», - дей келеді де, ақын шығармашылығының Қожа Ахмет Ясауи (Яссауи, Иассауи) хикметтерімен үндесіп-үйлесіп жатқандығын аша отырып: «Бір кезде сопылық ақындығын туғызып, өрістетіп келген Орта Азиядағы шаруашылық, қоғамдык, тарихи жағдай Шортанбай тұсында қазақ топырағында да өзіне лайықты жағдай тапқан болу керек», - деп топшылайды.

Демек, әуелгі идеялық-рухани суат көздері Құран Кәрім, пайғамбар хадистері, әулие-әнбиелер шежіресі болған Шортанбай поэзиясында бүкіл тіршілік бағдары исламияттың таразы-талқысына түседі.

Ол байырғы жыраулардан қалған өмірдің өткіншілігі мотивін дәуірге сай жаңғырта жырлап, нақ ислам дініндегі пайғамбарлардың кейпіне кірген секілді, халықты бір Аллаға сенуге («Жалғыз құдай болмаса, Енді үміт жоқ өзгеден»), иманды ұстануға («Ашты-тоқты болсаң да, Иманың сақта ұятты»), рақымшылыққа («Азғана қорған болып өт, Ағайын мен туғанға»), адалдыққа («Қайыры жоқ ас сақтап, Дәмді харам шайнама»), т.б. ізгі қасиеттерге үндейді. Сондай-ақ, шариғат жолын бұзғандарды «дозақ отына күюден», «құдайдың құрған тезінен», «таңда мақшар болғандағы таразыдан», қысқасы, көр азабынан сақтандырады; өйткені ақырзаманның ерте немесе кеш ірге тебуі адамдардың өздерінің мінез-құлқына, пиғыл-ниетіне, жүріс-тұрысына байланысты болмақ.

Шортанбай шығармашылығы өзі өсіп-өнген өңірдің қүнарына біраз ғасыр бұрын тұқымын тастап, жемісін жайған суфизм әдебиетімен де суарылған.

Замананың тұңғиық сырын, терең сарынын, тамыр соғысын тап басып түсініп-түйсінген ақындардың арасында жалпыны жайлаған эсхатологиялық ауенды жыр жүйесіне шеберлікпен көшіріп, шабыттана кестелегендердің бірі - дәстүршіл ақпа ақын Қашаған Күржіманұлы (1841-1929). Ол «Заман халі» деген толғауында тұп-тура зар заман ақындарының үлгісімен:

Әндіжанның шәһарындай

Кетпегей-дағы еді жер ауып.

Ай менен күн қауысып,

Күн орнынан ауысып,

Қаңбақтай қара жер зыңырап,

Болмағай-дағы еді бір қауіп! -

десе, бастан-аяқ ақырзамандық мотивке құрылған «Топан» атты жырында өзгеше өрім байқатады.

Монотеистік діндердің мәлімдеуінше, адамзаттың тіршілігін тоқтататын ақырзаман табиғатының төрт стихиясы түрінде кейіп көрсетеді екен, олар; топырақ апаты, су апаты, от апаты және жел апаты. Міне, Қашаған аталмыш діни-философиялық-эсхатологиялық туындысында қиюы қашқан заманның бейне-бедерін беру үшін бағзыдан белгілі топан басу мотивін жаңаша жаңғырта жырлаған. Және, Қабиболла Сыдиықовтың дәлелдеуінше, бұл шығарма ақынның өзі куә ретінде көзімен көрген, Атырау елінде орын алған нақты оқиғаның желісіне кұрылған. Сөйтіп, авторлық идеяның көркем қалыпқа енуіне өмірлік факті түрткі болғандығы айқындалады. Жырдың кіріспесі: «Ноғайлының елінде, Үш қиянның жерінде...», - дейтін жолдармен басталады да, әрі қарай бұл өлкенің керемет көркі, аскақ айбыны сипатталады. Акынның осы орайдағы суреттемесі Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа», «Үш қиян» толғауларындағы түңілушілік көңіл-күйден тіпті басқаша. Бірақ сәлден соң жаңағы келісті қоғам мен кіршіксіз табиғаттың фонында оқырманды әдемі әсерден айықтыратын құбылыстар тілге тиек етіліп, күрт бетбұрыс жасалады. «Тай тулап талқан болғанда», сүттей ұйыған Үш қиянның жұрты бір құтырған құртқа жолығады. Құрт қасиетті арша ағашының өзегіне түседі, оны қағып жеп, ақылынан алжасқан бозторғай көк тағысы - бүркітке шауып жем болады; өз кезегінде есінен ауысқан бүркіт Еділде жүзген нән балыққа шеңгелін саламын деп жүріп, ажал кұшады; тосын дерттен суға сыймай сандалған нән балық қайырлап жағаға шығады; құрлық қапқан су патшасын Сайынжап батыр оп-оңай олжалап, елге әкеледі; ақырында тегін дәмге кенелген ел жаппай жынданып кетеді. «Біреулерді біреу жеп, Азайған сөйтіп көп халық!» - дейді ақын. Орманбет хан билеген елдің қайғы-қасіреті жырда осылайша аллегориялық түрде көрініс тапқан.

«Топанның» сюжеті мен композициясьшан бір аңғарылатыны, Қашаған бағзы мен бүгінгінің арасына параллель жүргізу тәсіліне жүгінеді. Сол себепті ол нақ өзі өмір сүрген заманның сырын сөйлемес бұрын - әлденеше ғасырға шегініс қылып, әуелі ноғайлы дәуірінің трагедиясын айтып алған. Мекен қалып, мезгіл өзгерген. Қашаған жырында енді алдыңғы кезекке жаңа кезеңнің жай-жапсарын жинақтаған базар бейнесі шығады. Ақын ұғымында, базар - канағат пен қорқаулықтың, адалдық пен астамшылықтың, дегдарлық пен дүмшеліктің сынақ алаңы іспетті.

Дүниенің төрт тарапынан дүмелген сауда-саттық жасаушылар Жем аяғындағы жәрмеңкеден өз нәпақа-несібесін молайтып қайтушы еді. Бірақ уақыт өте келе байыған - байыптан, тойынған - тоқтамнан айырылды; жиған-терген дәулеті тиіссіз жерге төгілді. Ішкен асын, ілген киімін, мінген көлігін менсінбеуге қарады. Ә.Кекілбаевтің жазуынша: «Қашаған адамдармен емес, ерді - қор, елді сорлы қылатын кесірлі қылық, кесапат құлықтармен - рухани кеселдермен алысқан. Соның бірі - адамды парықтан, халықты парасаттан айыратын астамшылық, көрінгеннен көзақы алатын желікпелік, өз қасиетін қастерлемей, өзгенің қасиетіне өліп-өшетін рухани шайпаулық. Қай халықтың да жерін тәрік, өзін ғаріп қылатын осы індет. Бұл ретте ақынның ел аузында үзік-үзік күйде сақталған «Жем тасығанда» дастанының орны ерекше. Есіктен кіріп, төр менікі дейтін баса көктеу, өзіңдікін өзіңе бұйыртпау, азған адам, тозған табиғат, тоз-тоз халық, сол тозғанның үстінен атақ алып, абырой тапқан, дәулет тауып, мал жиған арсыздық - ұлттың іріп-шіру трагедиясын баяғы зар заман әдебиетінен де өткір, уытты, ызалы толғайды». Ақын: Көп болды сондай тасқандар, Әлдерін білмей асқандар. Пиғылынан солардың Қабыса жазды аспан, жер,- дейді. Қысқасы, тәубасынан жаңылған елдің алдынан күтетіні - зауал («Етпеді ешкім қанағат, Тап болмай қайтсін ғаламат»).

Қашаған бұл нәубетті тілсіз, тылсым тәңірі-табиғаттың сұрапыл мінезінен тауып-таныды да, болған бақытсыздыққа діни сипат дарытты. Тасқынның, басқа заматта емес, тұп-тура «жұманың ақшам кешінде» тажал төндіруінің өзінде осындай сыр бүгулі. «Ұлтарақтай қара жер таппай», күнәлісі мен күнәсізі аралас қырылған жұрттың жаппай жазаға ұшырауы да жаратқанның тарапынан жіберілген бұйрық тәрізді баяндалады. Жырда «кіші топанды» бейнелеуде поэтикалық ұлғайтуды пайдаланудың ұрымталдығы білінеді. Шығарманың тініне Қашаған көзімен көрген қоғамдық-саяси-әлеуметтік оқиғалардың белгілері де тұспалды түрде кірігіп кеткен. Мысалы, «Уақиға болды қауыста, Алдында өтті ақырап», «Орыстың баржа кемесі, Мықтап соққан шегесі, Бір соққанда дауыл, күл болды» дейтін жолдардан жай мезгілдік нақтылауды немесе әшейін бір кезекті апаттың суретін емес, сол тұстағы ірі өзгерістердің астарын аңғарамыз. Олар да ақырзамандық құбылыстардың қатарына қосылғаны анық.

Ендеше, Қашағанның «Топан» жыры - дәуірлік үлкен мән-мағына арқалаған қыр-қатпары мол эсхатологиялық туынды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әбдікәрімов Ш. Байқоңыр: Жыр жинағы. - Алматы: Шартарап, 1998. - 72 б.

2. Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. - Алматы: Ғылым, 1976. - 240 б.

3. Абылқасымов Б. Телқоңыр: Қазақгың көне наным-сенімдеріне

қатысты ғұрыптық фольклоры. - Алматы: Атамүра, 1993.- 160 б.

4. Базен Л. Человек и понятие у истории тюрков Центральной

Азии в ҮІІІ в.//3арубежная тюркология. - М.: Наука, 1986. -350-355.

5. Кенжеахметұлы С. Жеті қазына. - Ана тілі, 1997. - 112 б.

6. Күржіманұлы Қ. Топан. (Құр: Т.Сыдиықов). - Алматы: Жалын, 1991. - 176 б.

7.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жалын, 1980. - 301 б.

Дәріс № 17-18

Тақырыбы: Абай және ұлт

Жоспар:

1. Абай – бейуақ тұстың ақыны

2. Қазақтың Абайы

Абай Құнанбайұлы - ғасырлар бойына алалы жылқы, ақтылы қойын шұбыртып, қыс қыстау, жаз жайлау арасында көшпелі өмір кешірген казақ халқының еркінен тыс бір сападан екінші сапаға ауысу процесі қауырт басталған, яғни орыс отаршылдығының зорлық-зомбылығының нәтижесінде өркениеттің өзге сатысына біржолата бет бұрған кезеңінің ғұламасы.

Абай - казақ халқының тарихи тағдырындағы екі сапалық кезеңнің арасындағы қылкөпірдей болған бейуақ тұстың ақыны.

Өтпелі, өліара шақтың суретін жасауда Абайдың ғасырлар тоғысы - 1900 жылы туған «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінің орны айырықша.

М.Лермонтовтың алғаш рет 1889 жылы «Северный вестник» журналында жарық көрген «Вечер» атты өлеңіне «сарын қосу» (М.Әуезов) сипатында жазылған қазақ ақынының бұл туындысы:

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса;

Күнді уақыт қызартып,

Көк жиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа.., -

деген жолдармен басталады.

Сырт қарағанда, шығарманың кіріспе шумағы түпнұсқадан онша алшақтамайды. Тек оның алғашқы екі жолы мен кейінгі екі тармағының орындары ауыстырылған, сондай-ақ Лермонтовтағы «тұман» бейнесі алынып тасталған (Салыстырып көріңіз: «Когда садится алый день За синий край земли, Когда туман встает, и тень Скрывает все вдали..»). Оның есесіне Абай аталмыш шумақты өз стихиясына сәйкес өзгертіп, орысшасындағы жәй ғана «көлеңкеге» жан бітіріп, «басын ұзартады». Және Лермонтовқа «мезгілдік» түзету енгізеді: көлеңкенің түсуін күннің батуының алдына шығарады. Ал өлеңнің басқа бөлігі - түгелдей қазақ ақынының төлтумасы. Біз әдейі ерекшелеп берген «күңгірт көңіл» тіркесі мен «бейуақ» сөзі де түпнұсқада ұшыраспайды.

Абай Лермонтовпен өнер оздыра отырып, табиғаттың өң мен түс, өлі мен тірі арасындағыдай көмескі тылсымының және кісінің «ауру да емес, сау да емес» көңіл-күйінің үндестігін сұңғыла шеберлікпен сабақтастырады.

«Осы үзіндідегі табиғатты дәл осы түрде сезіну Абайдан бұрын қазақта болған үлгі ме? Жоқ. Стихия мен адам көңілінің шарпысуын бұлайша суреттеу - тек Батыс Еуропа әдебиетіндегі романтизм үлгісі, - дейді академик З.Қабдолов, - Ұлы ақынның сол классикалық әдебиеттен тауып, бойына сіңірген зор мәдениетінің айғағы».

Қайталап бір оқиық: «Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа...» Абай қалай керемет дәл айтқан. Бейнелі ой, ойлы бейне дегендеріміз осы емес пе!? Тереңдей түссек, Абайдың «бейуағы» - қазақ қоғамының қалт-құлт етіп тұрған әрі-сәрі күйінің де суреті. Бейуақта жердің жүзін көлеңке билейді - алыстағыны айырудан қаласың; коғамның беймезгіл шағында адамдардың мұрат-мақсаты күңгірттенеді - болашақты болжауға қиналасың.

Ал кешегі күн ше?

Ақынның лирикалық қаһарманының «өткен өмір - қу соқпаққа» түсіп алып кыдырғанда да, есіне оралтатын жақсысы жоқ: масқаралығы сол, «кім алдады», «кім тоқпақ салды» дегендерді санаумен ғана әуре. Жанға демеу қыларлық әлдене іздесе, керекке жарайтын ештеңе де таппайды («Өңкей уды жиып ап, Себеді сорлы жүрекке»).

Осындай екі кереғар «полюстің» арасында қалған есті жанның қам-қайғысыз болуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

Бір жағынан, еңбек - зая: «Ермен шықты ит қылып, Бидай шашқан егінге». Бұл - ауыртпалықтың материалдық арнада мәністелуі.

Трагедиялық хәлдің екінші - рухани қыры одан да өткір, өтімді бедерленген:

Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой.

Бұл образдың жай-жапсарын М.Әуезов төмендегіше тарқатады: «Күшіктің айласыз, әлсіз дал болуын көшіп кеткен ауылдың иесіз қалған жұртымен байланыстырып барып, ақын өз басының ендігі мұңын соған теңейді. Көңілдің жұртынан, үміт пен арманның өрісінен көпшілік тірлігі, халық көші аулақ кетіп жатыр. Сондықтан бұның азалы ойы адасады. Үнін ешкім естімес, шерменде ой, трагедиялық күйде ұлып жүріп зарланады».

Сөйтіп, Абайдың «Көлеңке басын ұзартып» өлеңі - қазақ поэзиясында бейуақ мотивін кемел түрде көркемдеген үздік үлгі.

Абайдың «Осы мен өзім - қазақпын» деп басталатын «Тоғызыншы сөзінде» мұндай хал-ахуал былайша бүкпесіз баяндалыпты: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін... Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам - ызалана алмаймын. Күлсем- қуана алмаймын. Сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген куыс кеудемін...».

«Тоғызыншы сөздің» қазақ қауымына қатысты айтылған бөлігіндегі пікір-пайымдардын да Абай жырларында поэтикалық аналог бар. Ойрандаулы ортасынан қайда қашарын білмей, «барар жер, басар тау» іздеген ақынның тоқтамы мынау:

Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тия алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді

Сол сырттай сипатталған сарынды Абай басқа бір өлеңінде жүрек түкпіріне жақындатады да:

Сондықтан қайғы қат-қабат,

Карап тұрмын сендерге,

Атасы басқа, өзі жат,

Жалғыз жанша жат жерде, -

деп тереңдете түседі.

Бұл секілді «сөзбен жазылған емес, қанмен жазылған жолдарды» (М.Әуезов) «монументалдық» Абайдың «пластикалық» Абайға ұласып жату көріністерінің бірі десе болғандай.

Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» шығармасы да осындай жаппай байлаусыздықтың қалтарыс-қуысына сәуле жүгіртеді.

Абай «Он төртінші сөзінде» былай депті: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаусыздықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Ендеше, тұрлаусыздық дертінің емі бар, ол - қайратты шыңдау. Ақын бұл ретте:

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл - қайраттан шығады, білсең керек, -

дейді.

Қоғамдық тығырықтың мәнін тауып, одан сытылып шығар бағыт-бағдарды белгілей кету - Абайға тән үрдіс. Санаткер Абай «Кырық бірінші сөзінде» «қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек» екендігін айтады. Олары: біріншіден - «бек зор өкімет, жарлық»; екіншіден - «есепсіз бай» болу. Бірақ ол мұндай күш-қуат пен дәулеттін енді ешкімге бітпейтіндігін өкінішпен баяндайды. Қысқасы, бұдан былай бодан елді биліктің және байлықтың жолымен жөндеймін деу құр қиял болмақтығын білдіреді.

Суреткер Абай халықты түзеп-тәрбиелеу мәселесіне табан тіреген тұста оны өзінің теңдессіз реформаторлық табысымен - эстетикалық тың принципімен, төңкерісті платформасымен қоса қарастырады:

Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяндап.

Абай алдымен жаңа деңгейлі ақындық декларациясын жариялайды. «Сонымен қатар өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықгы түзейтін үлкен күш деп түсінеді, - дейді М.Әуезов. - Өсиет өлең халық дертінің, тарих кайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп біледі». Ақын поэзиясындағы сөз культінің сырларын, оның идеологиялық мән иемденгендігі туралы түйін-тоқтамдарын профессор Ш.Елеукенов те арнайы бөліп айтады. Ұлы ақынның өз замандастарын тың үрдіске тәрбиелеуі әркез оның озғын ойларымен және сыншылдығымен сабақтасып жатты. Мысал үшін мына шумақтың мәніне үңілейік:

Адасып алаңдама, жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық, қамалмай.

He ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

Халқын «түзу жолға шығуға» шақырған Абайдың бәрінен бұрын: «Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай», - деп күйзелуінде біраз сыр бүгулі. Себебі әлі көшпеліліктен көз жазбаған жұрттың ата кәсібімен «араздасуы» - ең болмаса мал баға алмауы тозғындықтың басталу белгісі емес пе?! Оның орнына «не ғылым, не еңбек» жоқ. Ақын концепциясында «еңбекпен мал табу» ұғымы бар, бірақ «мал бағу» мен «еңбек» бір мағынаны білдірмейді. «Мал бағу» - өткен өмірдің атрибуты; «еңбек» - бүгін мен болашақтың қарекеті. «Еңбекті Абайдың қадірлеуі қазақ поэзиясы үшін аса бір соны сөз еді», - дейді М.Әуезов. Ақын шығармашылығындағы еңбек культі сол тұстағы қоғамдық қажеттіліктен, бұл қажеттілікті оның қапысыз танып-түйсінуінен туған еді.

Абай «Қырық екінші сөзінде» былай дейді: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі - жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезбендікке салына ма?»

Ақынның мұқата мінейтін мінездері - «терін сатпай, телміріп көзін сатқан» кезбе тіленшілік пен сырттан сөз тасып, отқа орынсыз май құятын қу құлқын пысықтық; келемеж ететін кәсібі - ұрлық-қарлық. Соның салдарынан -

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек

Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,

Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді

Еңбек жоқ, харекет жок, қазақ кедей,

Тамақ андып қайтеді тентіремей?

... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар.

Қандастарын не өзіне, не өзгеге пайдасы жоқ жосықсыздықтан, жолсыздықтан, жатыпішерліктен сақтандыру үшін ағартушы Абай сол берекесіздіктерді суреттеумен бірге, еңбекке тікелей үгіттеу, үндеу тәсілінен де тартынбайды («Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей»; «Еңбекті сат, ар сатып неге керек?»; «Өзіңе сен, өзінді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап»; «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел»). Ақын еңбектің баяндылығын, «адалдан тапқан тиынның» қадірін дүниелік қызық пен қызметтің бірқатарынан биік бағалайды («Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған»). Ол «алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерліні» қазақтың әулиесіне балайды.

Наши рекомендации