Таң» журналына жаңа бір әнмен байғазы

Жаңа ойдан
шығарған
бір бөлек бұл ән,
Жақсы үнді,
ұғымды
жас керек бұған.
Толға, шырқа байқап жас жүрек.
Әншілерден сол тілек.
Жорғалат,
Сорғалат,
Мұңдандырып, тамылжытып сал.
Бойды еріт,
Ой кеңіт,
Әсер беріп, тыңшы жанын билеп ал!
Бос айғай,
құр ойбай -
ән деме, ойла,
Тұз-дәмсіз,
түк нәрсіз
ас жеме тойда.
Жасық еттен қандай пайда бар,
Болмас онда тәтті нәр.
Ұйқасты,
Сипатты
Ішкі сырлы жырыңды әнге қос,
Сөзі - жан,
Әні - тән,
Жарасымды болса, тыңдар оны дос.
Жыршылар
Ән салар,
Толғанып ойдан.
Мұңлы зар
Қозғалар
Байқалып бойдан.
Жаныңнан бір майда сыр шығар.
Сезімі ояу оны ұғар.
Тіл билеп,
Үн күйлеп,
Суреттесе өмір жайын ән,
Мұңлатса,
Шырқатса,
Ентелетсе, оянбай ма өлген жан?
Жаңа әнім -
Байғазым,
Құттықтап журнал,
Кәрі жан,
Салып ән,
Жыбырлап қозғал.
Алдынан шық майда ән сала,
Қабыл алсын жас бала.
Домбыра ал,
Әнге сал,
Шілдехана күзет енді сен.
Ержетсін,
Тербетсін
Елді жаңа, нұрлы, әсерлі сөзімен.
Толқынға,
Құлқынға
Соқпас бұл жас.
Зорлықтан,
Қорлықтан
Тоқтасын жолдас.
Еркіндікпен өсіп көп жаса,
Ел қамыңды ойласа.
Қаламды,
Табанды
Жастар, жатпай жақсы сөзді жаз,
Емделмей,
Жөнделмей,
Басын ашпай, сорлы еліңді қылма таз.
Тілменен,
Пұлменен
Көмектеп, қолда,
Әр бойға
Соны ойла,
Сараң болма.
Жәрдеміңнен жасқа толар ол.
Адасқанға табар жол.
Болма қор,
Үміт зор,
Хат білгенің алып оқы, бар.
Көксеген,
Жетпеген
Ойың сенің үйренеді талай зар.

Жарымды жаным сүйді, сүйе алмай тәнім күйді

Таза қымыз әкел, шырақ.
Болайын қайғыдан жырақ.
Бойым еркін, ойым — ұжмақ,
Тілім — бұлбұл, сөзім—бұлақ!

Уайым жоқ, табылды арман,
Түсіп сәуле асық жардан.
Көтерді пердесін әбден,
Қызыл гүлім ашылған шақ.

Нұрына күн нұры жетпес,
Қасы — жай, кірпігі — оқ реттес.
Көңілден суреті кетпес,
Жүзі — сиқыр, шашы — тұзақ.

Қара көзі өтіп ойға,
Әсері жайылып бойға,
Тұрғандай шақырып тойға.
Бойымда жоқ сабыр-тұрақ!

Ернінде қиын сыр бар
Жаным соған тым ынтызар
Сүйейін дейтұғын шығар.
Лайық па екен денем бірақ

Тең емес ерніне ернім
Ерінге міне жан келдің
Сүйіп кел, сені жібердім
Тұра тұрсын денем аулақ

Бояу мінсіз, сұлу шып жар
Жүрегімде сипатың бар
Болып ынтық, қыламын зар
Әлемде бармысың шын-ақ?

Көріп көзің, нұрыңа қанса
Барып жан ләззатін алса
Тәнім құрбан бола қалса
Мұнан артық болар ма бақ!
1925.

«Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі...»

Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі
Ойлағанға, ап-анық тұр мұнысы.
Сасқанынан сандырақ шал айтады
Ыза болып сақылдап кетік тісі.

Айтыпты қатынының бір ойнасшысы:
Неге ойнас қылады екен байлы кісі?
«Өзің неге қыласың?» деп сұраса,
Өйтпесе бұрайды екен оның іші

Кей ұлықтың осындай бар белгісі
ОНЫ айта алмай құриды елдің мысы.
Не көзінше не сырттан мінін айтсаң
Не қиналып, не келеді өлтіргісі.

Ол өзі — түзететін ел басшысы.
Бұл болса ұлығының қылған ісі
Қарапайым қазаққа не сұрау бар
Не сүйсе соны қылсын жабайысы

Бірдей адам қайда бар іші-тысы?
Міндімін деп келмейді жығылғысы.
«Дерт жасырған ажалсыз өлер» деген
Қазақты оңдырмайтын осынысы.

Мін түзелмей түзелмес ел жұмысы»,—
Деген жоқ па бұрынғы білімдісі.
Ханы тура болмаса халқы оңбайды,
Мұны айтқан өткен ердің жігерлісі.

Нәпсі жеуден жалықпас жазы, қысы
Зорлықтың мақтанмен бар байланысы.
Қайтіп оны таза деп айта алармыз,
Айла, мақтан, зорлыққа толса уысы?
1925.

Адамның еркі қайда» -деп ақылдан сұрағаным

Шын жаным‚
Қорғаным -
Жалғыз сен‚ ақыл,
Жүрегiм‚
Тiлегiм -
Шын менен мақұл.
Ақыл үшiн құрбан барлығың‚
Анық ұқсам жарлығын.
Налындым‚
Жалындым
Шиенi шеш‚
Еркiн‚ емiн тап‚ ойымды аш‚
Дертiм бас.
Жазамды кеш.
Рахым етiп‚
Менi аяп.
Бар ма еркiм‚
Сол дертiм.
Жетекшiм - себеп‚
Тым күштi ол‚
Бермес жол билеттiм деп.
Туғызған‚
Сол айдап
Жүргiзген.
Әр өмiрге
Кiргiзген.
Жылатқан‚
Уатқан‚
Қуантқан‚
Құлатқан да сол.
Ерiк қайда‚
Не пайда,
Жұлқынсам да табылар ма еркiн жол? Жүрмек те,
Өлмек те,
Тумақ та сонан.
Кiм көнбес,
Кез келмес,
Салмақта‚ ойлан.
Себебi жоқ бiр iс қайда бар?
Бәрi соған байланар.
Ерiк жоқ,
Атқан оқ,
Бiр мен емес, барша әлемге жол.
Ойға да,
Бойға да
Еркiн бермес,
Неге осынша күштi сол?
Ойласам,
Барша адам -
Суға аққан дөңбек.
Себепке,
Кезекке
Тамам жан көнбек.
Әлсiз бен күш тағы себептен,
Кiм құтылар кезектен?
Жақсылық,
Жамандық,
Бәрiн себеп билеп алған зат.
«Мен бiлдiм,
Iс қылдым
Өзiм билеп» дегенiмiз, тiптi, ұят!
1926.

Ақылдың жауабы

Шын ақыл,
Бiр мақұл,
Түсiрдi ой маған.
Мақсұтың,
Ындының
Еркiн ғой саған.

Жаралыстың берген еркi сол,
Талап ет сен таза жол.
Бұзыққа
Қызықпа,
Ындыныңды тура жолға сал.
Жетсең де,
Кетсең де,
Мақсатыңды бұзба,
Осыны ұғып ал!

Бұл өмiр
Екi айыр
Өзендей ағар,
Сең қаққан
Әр жақтан
Кез келер қағар.
Таза жолдан таймай барғаның -
Жетпесең де, алғаның.

Құбылсаң,
Бұзылсаң.
Не қызығып, не именумен.
Қайта алмай,
Байқалмай,
Себепке ерiп,
Жетектелiп өлдiң сен.

Мiне еркiң,
Шын көркiң.
Ындынды таңба.
Болмасқа,
Толмасқа
Мақсұтты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлi, күймесе.

Ие бол,
Тура жол
Бердi хабар анық. Ақыл, нан.
Терең ой,
Ыңдын қой,
Мұны табар,
Сезiмi ояу, естi жан.
1926.

«Сұраған жанға сәлем айт...»

Сұраған жанға сәлем айт,
Бізден кейін қалған.
Тезірек деп тұр үйге қайт,
Өлім деген балуан.

Жардың нұрын жарқыратып,
Салдым елдің алдына.
«Мал емес» деп кетті шатып,
Болмады жан алған.

Өзімді сөкті достарым,
Айтасың, деп жалған.
Көзі бар, миы бостарым,
Нұр алмады жардан.

Сүйтсем олар керең, соқыр,
Көздегені — қара су.
Құлағы тас, ұқпай отыр,
Жүрегі мұз, қардан.

Айуанға алтын сатам деп,
Айландым мен ақымақ.
Бірі шөп, бірі жемтік жеп,
Кетті алтынды таптап...

Сопы кетті мешіт жаққа,
Тура жолдан адасып.
Кіріп кеттім мен кабакка
Таза шарапты мақтап.

Арамнан азық жегенді
Ала алмадым ақтап.
Түсемін отқа дегенді,
Қала алмадым сақтап.

Бірі етімді, бірі түкті,
Талап өңкей айуан,
Қуып шықты, көрге тықты,
Өлтірді екі жақтап.

Қызырдың мәңгі сулары —
Алдан айтқан айлаң.
Жарымның ерін дымдары —
Жан беретін пайдам...

Мас болып ап тепкенімде,
Ескі дүние жоқ болар.
Мен айықсам бар боп мүлде,
Алдап тұр ой қайдан?

Өмірден мақсұт хақиқат,
Соны ізденіп алмақ.
Нәпсіге еріп болма мат,
Ол сені отқа салмақ.

Өмір түбі — өлім болса,
Мейлің жыла, мейлің күл.
Мың жыл саған қыдыр қонса,
Ол суалып қалмақ.
1929.

«Бақанас, Байқошқардың көп сабазы...»

Бақанас, Байқошқардың көп сабазы
Жиып ап қыран бүркіт жүйрік тазы.
Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып,
Ойда жоқ бидай менен шөптің азы.

Аңшылық — біраз күндік көңіл назы,
Мұныңа болар ма екен ақыл разы.,
Көп ел жүр малын қойын, жанын тілеп,
Мақшарда құрылғандай тас таразы.

Сендерге батпайды оның қайғы-назы,
Боп жүрсің, айдын көлдің қоңыр қазы.
Таусылып аздан кейін азықтары,
Шығар ден зарлап жүрме қашан жазы?
1931.

«Аңшылық әуелінде қандай тәтті...»

Аңшылық әуелінде қандай тәтті,
Еркіндік, кім жек көрер салтанатты.
Бұл күнде қоңлы тұғыр табылса да,
Аздан соң желдіктерсің, жауыр атты.

Айтпаймын сөгейін деп азаматты,
Дей көрме мұны осы шал неге шатты.
Салынбай біржолата аң қуғанға,
Еңбек пен ескере жүр қанағатты.

Толғанып ақын айтар әрбір затты,
Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты.
Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал,
Дерсіңдер бізге айтады насихатты.

Ойласаң, біздің заман мұнан жат-ты,
Ол дәурен ойран болып, құмдай батты.
Жұмысы бұл уақыттың - адал еңбек,
Заманың көгермейді бұл саятты.
1931.

«Сәлем! Әбдіғали бауырым...»

Сәлем!
Әбдіғали бауырым, жалғызға,
Осы әнімді үйрен салғыз да,
Бұл — даусыңа сенің лайық ән,
Толға!
Бір нүктесін қалғызба!
Мұңлы үнмен басын майдалап,
Ортасын шырқат «айдалап»,
Тағы да баяулап.
Сызылтып сайрат
Жебей басып,
Құбылтып,
Түрлендіріп,
Тынар жерде жайнат!

Болған баяғыдан жолдасым,
Жолдасым — қарындаш,
Осымен өткен
жарым жас.
Бар сұрағанға
сәлем айтқайсың,
Емес еш адамға
қаным қас.

Аралап байдың баласын,
Сәлемім түгел тарасын.
Жықа апам ауылын
Ұмытып қалмай;
Мұса, қыздар. Төкеме
Түгелдеп айт,
Дәл өз көзім бардай.
Қайғы-қасірет жоқ
Бұл күнде басымда,
Болмаса да
Жолдас қасымда.
Мен еш нәрсеге
Мұқтаж емеспін,
Дайын
Ішетұғын асым да.
Байқошқар барам, еріксем,
Қорама кетем, желіксем.

Ойлансам, толғансам,
Мекенім сонда.
Өлең жазып,
ермек қып,
Жалғыз жатам
Неше күндей онда
Маған
Осы өмірім
Көрінер бейістей.
Уайым жоқ
Сіздің кейістей.
Дәл кесімді
Ажал келіп жеткенше,
Ойдан
Сөз теремін жемістей.

Өмірдің сырын білгемін,
Талайдан сынап жүргемін.
Патса бол,
Бағлан бол,
Пайда жоқ бақтан.
Әйтеуір,
Бір құлайсың,
Ақырда
Бұл шірік аяқ тақтан!
Жеткіз сәлемімді
Өзімдей ініме.
Кейімесін
мынау күніне.
Шын жаралыстың
Салған жолы бар,
Болар күні
Жалғас түніне.

Адамды
Алдап асығыс.
Ойлатар
Нәпсі талай іс,
Өткен бақ — өкініш,
Не пайда онан.
Мың жыл жатса түрмеде
Құтылған соң.
Не зиян бар сонан
Міне, бұл өмірдің
Сыры бар осындай
Күні түнге
Тұрмас қосылмай.
Бақ келсе-дағы
Аспа, бауырым
Сор келсе.
Шыда шошымай.
Қиянат қылма адамға,
Таза еңбек істе заманға
Осыны үйретіп.
Балаңа бастап,
Қайғы көрмей.
Тыныш өт,
Ұғып алып.
Өкінішті тастап!
1931.

Наши рекомендации