Статистикалық мәліметтер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша (ДДҰ) 2012 жылы бүкіл әлем бойынша шамамен
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша (ДДҰ) 2012 жылы бүкіл әлем бойынша шамамен 804 000 адам өзіне өзі қол жұмсаған. Өз өзіне қол жұмсау 15-29 жас аралығындағы жастардың мезгілсіз қайтыс болуының екінші негізгі себебі болып табылады.
Барлық өзіне өзі қол жұмсау жағдайларын бағалау барысында, бұл құбылыстың экономикалық кірісі төмен және орта деңгейдегі елдерде орын алатындығы анықталған. Дегенмен, өзіне-өзі қол жұмсаудың айналасында қалыптасқан стигманы (таңбаны) ескере отырып, оның таралуы туралы нақты деректерді алу өте қиын. Шын мәнінде, бұл сандар статистика мәліметтері көрсеткеннен де жоғары, өйткені, көптеген өзін-өзі өлтіру жағдайлары жасырылып, басқа себептермен қайтыс болғандай көрсетіледі, мысалы жол-көлік оқиғалары немесе кездейсоқ улану сияқты.
Діни және өзге де наным-сенімдерге, өзіне өзі қол жұмсауға деген көзқарасқа және жергілікті салт-дәстүр қайтыс болу туралы куәлік алу кезінде әсерін тигізеді. Сондықтан бұл көп жағдайда суицидтік әрекетті дұрыс жіктеуге алып келмейді.
Кез-келген өз-өзіне жасалған қастандықтың күйзелістік салдары бар, әсіресе жастардың ғұмыры қиылған кезде тіпті әсері өте жоғары.
Жасөспірімдер балалық шақтан ересек өмірге көшу кезінде ағымдағы және болашақтағы әл-ауқаты мен денсаулығына әсер ететін салауатты өмір салтына және мінез-құлық қалпына қатысты таңдаулар жасауға тура келеді.
Денсаулыққа қолайсыз көптеген мінез-құлық ерекшеліктері жасөспірімдік жаста пайда болады. Сондықтан ол теріс сипаттағы салдарымен, ал кейде олардың денсаулығы мен аурушаңдығына ұзақ әсер ете отырып, ересек жаста жалғасын табады.
Әдебиет көздері аяқталған суицидтің 98%-да психикалық сауықтыру орталығында емделгеніне немесе емделмегеніне қарамастан, кем дегенде, бір психикалық бұзылуы анықталғандығын көрсетеді.
Әрқашан дерлік жеткіншектік-жасөспірімдік суицид - емдеуге келетін, алайда мерзімінде анықталмаған, сөйтіп, бақылауға алынбаған психикалық бұзылыс ретінде аурудың белсенді кезеңінде орын алады. Осылайша, өзіне өзі қол жұмсаған жасөспірімдердің 90% - ы, қайтыс болған уақытында түрлі психикалық аурулармен азап шеккен. Көрсетілген осы пайыздың жартысынан астамында суицид жасауға дейін кем дегенде екі жыл көлемінде психикалық ауытқушылығы байқалған.
Психикалық ауытқулардың ішінде аффективтік бұзылулар – ең көп тараған диагноз болып табылады. Одан кейін психикаға белсенді әсер ететін заттарды пайдаланудан болатын ауытқулар, шизофрения мен тұлғалық жабырқаушылықтар жүреді.
Деректерге сүйенсек, психикалық ауытқушылықтар мен бұзылудың, әсіресе депрессия белгілерінің болуы- суицидке бейім ең маңызды тәуекел факторларының бірі болып табылады. Бұл ретте суицидке ұмтылыстан кейін көрсетілген емдеу жұмыстарын талдағанда, өзін өзі өлтіруге әрекет жасағандардың тек аз ғана пайызы психиатриялық немесе психологиялық қызметті алуға жіберілгені көрінеді.
Жоғарыда айтылғандардың маңыздылығын ескере отырып, жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығы мен әл-ауқатын жүйелі түрде бағалаудың, сондай-ақ суицидтік мінез-құлыққа тәуекел тұлғаларға қатысты іс-шаралар өткізу және бағалаудың маңызы зор болып табылатындығын айта кеткен жөн.
Эпидемиология.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі суицид деңгейі ең жоғары елдердің қатарына кіреді.
Атап айтқанда, 1981 және 2008 жылдар аралығында көптеген басқа елдерде өзіне өзі қол жұмсау деңгейінің төмендегені көрсетілсе, Қазақстанда суицид жағдайлары 100 000 тұрғынға шаққанда 22,5-тен 25,6 –ға ұлғайған. Бұл өсім әсіресе ер адамдар арасында байқалған.
2010 жылы Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсағандардың жалпы саны 3 617 жағдайды құраған немесе сыртқы себептен болған жалпы өлімнің шамамен 20%.
Суицид нәтижесінде болған өлімнің көпшілігі 18 бен 29 жас аралығындағы жас адамдардың арасында байқалған. Бұл елімізде орын алып жатқан суицид жағдайының жалпы санының 80%-н құрайды.
Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі/ТМД балалар мен жастардың хал-ахуалына жасалған мониторинг мәліметтері бойынша, Қазақстан жасөспірімдердің (15-19 жас) және жастардың (20-24 жас) арасында өлім-жітім деңгейі ең жоғары елдердің бірі болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылыс жасағандар мен аяқталған әрекеттер арақатынасы әлемдік көрсеткіш деңгейі бойынша (1:20) төмен болып табылады.
Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себебі: сыртқы мотивтер болып табылады. Дегенмен гендерлік ерекшеліктер, сонымен қатар, қалалық және ауылдық елді-мекенде өмір сүру жағдайы мен әр түрлі аймақтар арасындағы айырмашылықтарды да айта кету керек.
Ауылдық және қалалық елді-мекендерде орын алған жағдайларға байланысты деректер өзіне өзі қол жұмсау әрекеті қалаға қарағанда ауылдық жерлердегі жастар мен жасөспірімдер арасында жоғары екендігін көрсетіп отыр.
Жоғарыда айтылған мәселеге орай мынадай статистикалық мәліметті ұсынамыз. 2014 жылы 6 аяқталған суицидтік әрекеттің 1 –уі қалада, 5-уі ауданда; 2015 жылы 8 суицидтік әрекеттің 1-еуі қалада, қалған 7-еуі аудандарда; ал, 2016 жылдың 1-ші тоқсанында ауданда 1-еуі орын алған.
Суицидке ұмтылыс пен аяқталған суицидтің 3 жылдағы салыстырмалы мәліметі төмендегідей:
- 2014 жылы суицидке ұмтылыс -19, оның ішінде аяқталған суицидтік әрекет- 6;
- 2015 жылы суцидтке ұмтылыс- 22, оның ішінде аяқталған суицидтік әрекет- 8;
- 2016 жылы суцидтке ұмтылыс- 6, оның ішінде аяқталған суицидтік әрекет- 1.
Аймақтық бөліністерді қарастыру барысында да бірқатар айырмашылықтарды байқауға болады. Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында Республикалық деңгейге қарағанда суицид деңгейі жоғары болған. Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бұл деңгей жалпы Республикалық деңгейге жақын. Ең төменгі деңгей Қызылорда облысында және Алматы қаласында анықталып отыр.
Облысымызда кәмілетке толмаған жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау әрекеті өзге өлкелермен және Республикалық көрсеткіштермен салыстырғанда төмен екендігі байқалды.