ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 10 страница
Шағын көлемді шығармалардағы кейбір сарындарды Майлин «Көзілдірік» комедиясында пайдаланған. Алпыстағы шалмен қаршадай кызды атастырып, пайда түсірмек боп жүрген, есімі аталмайтын, эпизодта ғана көрінетін орта жастағы кісінің қылығы «Неке қиярдағы» Ылаңбай әрекеттеріне ұқсас.
Жазушының шығармашылық эволюциясы белгілі мотивтердің, идеялардың шығармаға ұлғайып, тереңдеп, ұласуынан да көрінбек. Майлиннің шағын комедияларындағы ойлар, көркемдік тәсілдер жаңаша сапалық сипатпен «Талтаңбайдың тәртібінде» қайтадан ашылады. Бұл туынды-драматургтың комедия саласында шық-қан ең үлкен биігі.
Театрдың басы-қасында болып, оның ыстығына күйіп, суығына тоңған Ж.Шаниннің өнерпаздық ізденістері - репертуар талабымен, заман тілегімен тығыз ұштасып жатыр. Суреткерлік кағылездікпен, ұшқыр қиялмен ол қазақ драматургиясында тарихи тақырыпты, жұмысшылар өмірін бірінші болып бейнеледі. Драматургтың көзі тірісінде жарияланған соңғы шығармасы - 1932 жылы жеке кітап боп басылып шыққан «Үш бажа» атты сатиралық драмасында да сонылық бар еді.
Пьесада қаладағы қазақтар өмірі бейнеленеді. Автор атап айтпаса да, оқиғаның қай жылдары өткенін айқын аңғаруға болады. Бұл әр түрлі әлеуметтік топтар тіріліп шыға бастаған НЭП-тің - жаңа экономикалық саясаттың заманы. Драматург осы кезеңдегі, күрделі тартыстың бір-ақ қырын алған. Драма арқауы - қоғамдық идеясы жоқ адамдардың моральдық азғындауы.
Шығарманың көркемдік бітімінде автордың бұрынғы туындыларынан бөлек қасиеттер бар. Қосақ арасындағы кейіпкерлерді іздемегенде, негізгі сюжетке араласушы төрт-ақ адам. Пьесаның бас-аяғы ықшам.
«Үш бажа» - қазақтың ең алғашқы сатиралық драмасының бірі. Автор мұнда ұлт өміріне онымен мүлде қоңсы қона алмайтын маскүнемдік, зинақорлық, жезөкшелік тақылеттес масқара құбылыстарды сынап-мінеуді мақсат еткен.
Майлиннің шағын комедияларындағы ойлар, көркемдік тәсілдер жаңаша сапалық сипатпен «Талтаңбайдың тәртібінде» қайтадан ашылды. Жалған белсенділік, көзбояушылық секілді құбылыстарды «Жасырын жиналыс», «Көзілдірік» пьесаларында бейнелеген драматург, мұнда өзіне белгілі тақырыптың жаңа қырларын ашады.
Назар салып қарағанда «Талтаңбайдың тәртібіндегі» оқиға ағымының берілісі мен композициясы тұрғысынан «Көзілдірікке» ұқсас. Екеуінде де алғашқы көріністер болыс кеңсесінде өтеді. Үркіте, шошыта жеткен уәкіл. Оның мінезі, ел арасына, жұрт ішіне баруы. Шын сырдың ашылып, әділеттің жеңуі. Бұл сырттай ұқсастық, фабуланың ұқсастығы.
Алып отырған мәселенің әлеуметтік мәнін, саяси астарын терең ұғынған драматург бірінші қатарға ұранды сөздерді, науқан талаптарын шығармай, адам бейнелерінің көрінуіне, етене іс-қимылдардың ашылуына күш салған. Ортаға лайық іс-әрекет, қимыл әрбір кейіпкердің өз бойына шақ мінез құбылыстары арқылы танылады.
Бейімбеттің аталған пьесасындағы негізгі қаһармандардың есімі мінезіне, әлеуметтік ортасынан хабар беріп, оларға деген автор көзқарасын білдіреді. Шапшаңбай, Сүндет, Парыз, Жанбол, Ақсүйрік, Жақсылық... Талтаңбаев. Көп бүліктің мұрындығы болатын кейіпкердің аты да аталмайды, фамилиясы да жетіп жатыр - Талтаңбаев.
Драматург колхоздастыру кезіндегі экономикалық қиыншылықтардың саяси шатасулардың, психологиялық шытырмандардың бір-ақ көрінісін бейнелеген. Әлеуметтік шайқастар майданында шынығып жетпеген, кешегі жартылай көшпелі, рулық-феодалдық сананың шырмауынан әлі құтыла алмаған адамдар. Қарама-қарсы сенімдер ашық шайқасқа шықса, мінездердің ашылуы оңай. Ішкі сырлар сыртқа жарияланбаған кезде аужайды түю қиын.
Сахнаға Талтаңбаев шыққаннан кейін тартыс арнасы кеңи түседі. Сүндет, Шапшаңбай, Парыздардың колхозшыларды бұрынғы тұқыртқандары, олардың айқай-ұйқайы жолда қалады.
Өмір иесі көріну үшін жалған адамдардың қашан да қызыл-жасыл бояуларға, әсіре құралдарға үйір болатыны аян. Өзінде жоқпен көзге ұрып, артық, ірі көрінбек.
Клкі тудыру тәсілдерінің бірі - кейіпкердің жеке сөзді яки тіркесті мағынасыз, мақсатсыз түрде орынсыз қайталауы. Майлин комедияларында осы көркемдік құрал жиі пайдаланылады. Жағымсыз қаһармандар ойларының жүйесіздігін, пікірлерінің саяздығын, білімдерінің үстірттігін көрсету үшін драматург олардың диалогтарына, монологтарына қажетсіз қайталауларды әдейі қосқан. Шіреніп, өзге жұртты ұйпалап жіберердей дауылмен келген өкілдің сөздеріндегі бытыраңқылық - ой бытыраңқылығының белгісі. «Болдың» 10 рет, «Талтаңбаевтың» 4 рет, «Понятноның» 3 рет айтылуы да күлкіге себепкер. Күлкі тудыратын ең негізгі нәрсе - Талтаңбаевтың мінезі. Оның шын сипаты колхозшыларға дүрдиіп көрінбек мақсатының арасындағы алшақтықтан шыққан ащы күлкі. Әдейі біле түра, орысша сөздің мағынасын бұрмалап, өңін айналдырып, өз ұпайына қарай дабырайта өсіріп, аспандатып, асқақтатып алып кетеді.
Талтаңбаев бейнесін. жасауда драматург ден қойған негізгі әдіс - гротекс, ұлғайту деп қана түйсек, ағат болар еді. Бұл бейненің басты ерекшелігі - шыншылдығында. Қазақ әдебиетінде халық өмірінен қолүзіп, қара бастың қамын көбірек күйттеп кеткен жандардың, сатылған зиялылардың, «оқыған» азаматтардың кейіптері М.Әуезовтің алғашқы шығармаларында да кездеседі.
Талтаңбаевтың сол адамдардың ұжымдастыру дәуірінде өзгеріске түскен, тіршілік ағымына бвиімделген типі деп қарауға болады. Дәстүрлердің жалғасуы, суреткерлік жайдағы ұқсастық аңғарылады.
Табиғатынан күлкілі жәйттерді, қызықты құбылыстарды, әзіл-қалжыңды тез аңғарып, әсерлі бейнелеуге ыңғайлы талант иесінің шығармашылығында жиі кездесетін комедиялық сарын - ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы ақыл, қабілет, мінез алшақтығы. Мұсылман догматтары зардабынан ұлғая түскен үлкен қайшылықтың біреуін көрсетудегі Майлиннің ерекшелігі - оның шығармаларындағы әйелдер күйеулерінен көш ілгері жүреді. Бұйрық беріп, билеп-төстеп қалған еркектердің санасына төңкерістік өзгерістер оп-оңай еніп кете қойған жок. Осы орайдағы құбылыстарды, сан алуан күлкілі жайларды жиі кездестіруге болады. Сонда ауызға алар кейіпкерлердің алдыңғы қатарында Ақсүйрік пен Бәкен бар. Кімге қалай сөйлеудің, жөн-жосықтың ретін білетін Ақсүйрік. Ол - сарабдал, салиқалы мінез қалыбын танытады. Жастарға «шырағым» десе, есе жіберіп, оп-оңай илеуге көніп кеткен еркектерге келгенде - қатал.
Кейіпкерлерді жан-жақты ашуды мақсат еткен драматург белсенділердің шын сырын астық ұрлау үстінде көрсеткен. Бұл эпизодта Парыз оп-оңай құбылып, тез өзгеріп шыға келеді, өзі істеген қылмыстан дереу танып жүре береді. Жанболдың сеніміне беріктігіне разы болсаң, Бәкеннің су жүрек, қорқақтығына күлесің, бүл жерде де Ақсүйріктің еңсесі күйеуінен биік. Жииалыс барысында Талтаңбаев белгілі тәсілмен қимылдайды: «Товариши! Мен түн ішінде келдім. Неге? Тәртіп бере келдім, понятно? Темпі жоқ соқада. Саботаждық, лодырлық күшейді. Правильно біздің ударнигізді, преданный активімізді қаралап, массаның кезінде аптарихасын түсіріп... Понятно?»
Осындай сөздермен дүниені орнына келтіргендей күмпиіп кеткен Талтаңбаев үшінші актіде тағы болыс үйінде ұшырайды. Көкейін бәтеңке тескен Күнжан мен парықсыз Сүндеттің алғашқы көріңістегі дөкір қалжыңы қайталанады. Баласын көтеріп, «бәу-бәулап» жүрген Шапшаңбайдың халіне кісі күлерлік. Өз шаңырағының астында өз әйеліне өзі ие бола алмаған сорлы.
Күлкілі жағдай кейде қарама-қарсы ақ пен қарадай көріністердің қатар келуінен туып кетеді. Жаңа ғана мықты, ірі болып тұрған адамның тез әлсіреуі, оп-оңай жеңілуі, ашудан қуанышқа көшуі - осы тақылеттес кілт өзгерістер - оқыс әсер етуі заңды. «Қырдым-жойдым, дұшпандардың керегесін қиратып, шаңырағын ортасына түсірдім», деп жеткен Парызды арқасынан қағып, әйелімен ым-жымын көрмегенсіп, не істесе де бас шұлғьш отырған Шапшаңбайды «жарылқаймын, ауданда бірінші орынға шығарамын» деген Талтаңбаевтың өзінің аяқ астынан басына бүлт үйіріледі.
«Талтаңбаевтың тәртібі» комедиясының тек сонғы жағы босаңдау. Гоголь дәстүрінде жазылған бұл пьесаның соңында «Ревизордың» аяқталуы секілді ұтымды көріністі талап ету орынды. Майлин комедияларының көбінде жаманшылық жеңіліп, жақсылық туып, әділет орнауы - оларға ортақ шешім.
I.Жансүгіров алғашқыда драматургия саласында шағын формаларды игерумен, жанр техникасына машықтанумен болса, «Кек» пьесасын жазу үстінде талант толысуына, қаламгерлік марқаюға, шеберлік шыңына көтеріледі.
Ең алдымен, суреткер дүниетанымында ілгерілеп өскендік, диапазон кеңеюі байқалады. Бұрын қазақ ауылының пейзажын, ел өміріндегі өзгерістерді өлең, поэма арқылы жырлап жүрген ақын енді туған әдебиетте әлі іргесі толық қаланып бітпеген жанрда күрделі көлемді шығарма тудырып, суреткерлік эволюцияның биік сатысына көтеріледі.
Бұрын жазылған, сахнада қойылып жүрген белгілі шығармалар «Еңлік- Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», «Арқалық батыр» аңыз, эпос материалдарына, солардың көркемдік поэтикасына құрылганы мәлім. Ал, дәл «Кек» жазылар тұста қазақ, драматургиясы реалисгік дәстүрлерді игеріп кетті деп айтуға болмайтын еді.
Өлеңшілер, әңгімешілер оқиға жүйесін қалыптастырған, жалпы нобайын негіздеген, идеялық сарынды белгілеген объекті емес, өмірдің өз ағысынан таңдап, талдап, сұрыптап алған материалды шығармаға арқау ету қазақ өнерінің өмірмен байланысындағы жаңа диалектикалық қарым-қатынасты білдіреді. Рас, пьесаға арқау болған оқиғалар, тіршілік жағдайлары драматургтың бастан-аяқ ойдан шығарған, қиялдан тудырған нәрселері еместігі айқын: драманың негізгі кейіпкерлері өмірде болған адамдар, олардың бірталайының аттары өзгеріссіз алынған; қаламгер өз ауылында өткен, өзі ішінде араласқан, көзбен көріп, қолмен ұстаған, құлақпен естіген, айрықша жақсы білетін, ет-жүрегін елжірететін дүниелерді қағазға түсірді, сыр етіп шертті.
Бүкіл Қазақстанға, әсіресе Біржан - Сара айтысы арқылы мәлім болған ауылдың төңкерістен кейінгі тағдыры - пьесаның негізгі фабуласы. Қаламгер драмалық түйінді, басқа қатер төнген екіталай, аумалы-төкпелі кезеңнің шыңдығын, қарама-қарсы күштер тартысқа түсетін мезгілді дәл тапқан.
Драматург бір бай отбасының әлеуметтік, рухани, экономикалық тұрғыдан күйреу тарихын көрсете отырып, сол арнада әр түрлі таптың өкілдерін бейнелеу мақсатын алға қойғандығын «Кек» драмасының композициялық құрылысының көп тармақтылығынан, әр түрлі тіршілік суреттерін қамтитын көріністерден аңғаруға болады.
Драматург пьеса тартысын ширатуға, көрермен, оқырман ықыласын үнемі тартып отыруға оңтайлы, сәтті тәсіл тапқан. Жаңа жанрға қалам тартар алдында суреткер, әрине, ең алдымен қазақ әдебиетіндегі бар үлгілерді түгел оқып, сахнадан көріп, өзіне қажет деп санаған тәжірибелерден үйренгендігінде дау жоқ. Журналистика пнститутында оқып жүрген жылдарында Мәскеу театрларына барғаны, орыс драматургиясын зерттеп білгені анық. Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Крылов, Державин, Горький, Маяковский, Бедный, Тихонов секілді орыс жазушыларының Гюго, Гейне, Петефи сынды Еуропа классиктерінің шығармаларын зор біліктілікпен аударған I.Жансүгіров драматургияның әлемдік туындыларымен, жауһар, мәңгілік туындыларымен еркін танысып, терең білуге шамасы келді деген тұжырым жасауға әбден болады.
Бұл байламға, әсіресе, «Кек» драмасының құрылысындағы кейбір ерекшеліктер толық дәлел. Төрт перделі драма сахналық ырғақ, әрекет заңына сәйкес, жалпы саны 80 көріністен тұрады. Бұлар кейіпкерлердің қатысуы көлемі женінен әр түрлі. Бірнеше адам кезек-кезек тартысқа түсетін ұзақ көріністер де, бір адам өзімен-өзі сырласып, ой толғап, тебіренетін, жалғыз монологпен бітетін қысқа, ықшам көріністер де бар.
«Кек» драмасының құрылысынан классикалык, шығармаларға тән бірсыпыра белгілерді табуға болады. Қазақ өнерінің кейінгі даму барысында туған кейбір соқталы бейнелер дәстүр жөнінен келгенде Ілияс жасаған бейнелермен ұқсас екендігін аңғару қиын емес. «Түнгі сарындағы» Жантас, Жүзтайлақ пен «Кектегі» Аятбайды, Кәрісті, «Қозы Көрпеш - Баян сұлудағы» Жантық пен «Кектегі» Өкендауды салыстырсақ, алғашқы соқпақ, тұңғыш барлау Ілиястікі екендігін оңай керуге болады. I.Жансүгіров Ж.Шаниннің «Өлімнен үмітке» («Шахта») драмасынан кейін екінші рет қазақ драматургиясында өте күрделі, әрі қиын, бұрын ұлт әдебиетінде түрен түспеген тың тақырып - жұмысшы тақырыбына батыл барып маңызды, салмақты сахналық туынды «Түрксіб» пьесасын берді. Бүкіл ел үшін экономикалык, стратегиялық, саяси мәні зор болған құрылыста істеуші адамдар өмірінен пьеса жазу I.Жансүгіровтың заманының ділгер, көкейкесті мәселелеріне сергек қараған, қағылез, ұшқыр қиялды, мезгіл ырғағын тез сезетін, уақыт құбылыстарын шығармаларында сенімді суреттеп бере алған кесек талант иесі екендігін дәлелдейді.
Тағы бір айрықша ескертетін жай, науқандық, идеялық, жалаң ұранның жетегінде кетпей, автор кей кезде натурализмге бой алдырса да, негізінен, нысана етіп реалистік мақсаттарды, айқын бағытты ұстайды. Отызыншы жылдардың басындағы қазақ әдебиеті үшін бұл тақырып тосын, бейнелеу тұрғысынан келгенде әлі тәжірибе түгіл барлау жасалмаған объект. Әуелі жалпы жұмысшы мінезін, олардың сөздік ерекшеліктерін, мамандық қалпын беру қиындығын байқаған жөн. Кешегі көшпенді ауыл қазағы мын, сан адамның басы қосылған, зор ұжымдық ортада қалай көрінеді? Техникамен істелетін, ырғақтық сипаты бар, арнаулы мамандық тілейтін, күнделікті тұрақты жұмысқа қалай көндігеді? Түрксіб Қазақстанның көп өңірін басып өткенімен, бұл жолды жалғыз қазақтар салған етіп көрсетсе шындықты қасақана бұрмалау болатындығы және анық. Ең алдымен орыс ұлты ауызға алынады. Ендеше, орыс адамының характерін жасау қиындығы тағы шығады.
Драмалық шығармаға қойылатын жалпы эстетикалық-көркемдік шарттардың үстіне автордың нақты өмірлік материалды игеру кезшде осындай мәселелерді де шешу қажеттігі туған.
Пьесадағы негізгі, орталық қаһарманның бірі - Түрксібтің өзі десе де болады. Авторлық идеал тұрғысынан келгенде кейіпкерлердің жағымды-жағымсыз сипаттары осы алып құрылысты салуға әркімнің қатысуы дәрежесін айқындаумен анықталады. Бірі - инженер бірі - мастер, бірі - десятник, бірі - орыс, бірі - қазақ, бірі - маман, бірі - қара жұмысшы - қайсысының да ақ-қарасын, жақсы-жаманын осы Түркісібке деген көзқарасы арқылы саралап береді.
Бейнелер ұлттық төркініне қарай жіктелмей, сол кездегі талап бойынша таптық, дүниетанымдық негіздері бойынша қалыптанған. Мұнда да әркім әр белде жүр. Инженер Гатс мінезіндегі басты сипат - кешегі отаршылдық тудырған, патшалы Ресейдің улы дертінің бірі - шовинистік ауру.
Отарлаушылдық идеология бойына сіңген, қазақ секілді елдің тамаша дәстүрлі, бай тарихы, эстетикалық-рухани, мәдени-сәулет ескерткіштері бар деп ол әсте ойламайды. Әлемдік өркениеттің қазынасына олжа салған ғаламат ойшылдар тудырған, зор ғимараттар тұрғызған, мәңгі өлмес ән-күй, эпос байлығын жасаған жұрт мына қазақтардың ата-бабасы дегенге нәсілшілдік дертіне шалдыққан, мұрнын көкке көтерген, кеудесіне нан піскен кердең инженерді сендіру әсте мүмкін емес. Гатстің пікірінше, кешегі көшпенділерден тұрақты жұмыс істейтін, темір жол салатын маман жұмысшы шығуы мүмкін емес, көп үйықтаған, ерте жатып, кеш тұрған жалқау елді өрге сүйреймін деу-іске аспайтын қиял ғана.
Әуелі кемсіту, қорлау, мазақтау сипатында көрінетін Гатс әрекеттері бірте-бірте зиянкестікке ұласады, оған қарсы жұмысшылар қимылы, сөз қайтару, тәжікелесу, дауласудан өрбіп саналы қарсылық, күреске айналады. Сөйтіп, пьесаның негізгі тартысы Түрксіб құрылысы үстінде әр түрлі топтар, адамдар тағдыры, ұлттар өкілдері тоғысқан шақта қайта бір айқын көрінген қақтығыстарды бейнелеу болып табылады.
Күні өткен тап өкілдерінің арасындағы айырманы көру қиын емес. Десятник Емельянов ұлт араздығын тудыру үшін әрекет етеді. Инженер Ахметше ұлттық идеяға, биік санаға көтерілмеген, кеше ғана шалғай түпкірдең келген, оның бар білгені - берісі - жеті атасы, арысы - өз жүзі болған көшпенділер перзенттерін ғасырлар бойы айықпаған жұқпалы әлеуметтік дерт - рушылдық инфекциясымен тағы улау.
Жұмысшы қазақтар әрқайсысы өз руын айтып мақтанып, бірін-бірі қорлап, кемітпек болып, арғы-бергідегі кем-кетікті тауып талай жерге барысатын көріністі драматург сатиралық сарында суреттеген. Мұндай сыңшыл мотив әзіл-қалжың, юмор элементтері пьесаның әр жерінде бар.
Драматург әдебиетімізде орыс адамдарының, техникалық зиялылар өкілдерінің сөздік сипаттамаларын, сахналық тілін беруде алғашқы барлау, тұңғыш тәжірибе, эксперимент ретінде сөйлемді орыс грамматикасына лайық құру, интернационалдық сөздерді жиі қолдану амалдарына барды. Бұлар - кейін қазақ қаламгерлері кеңейтіп, молынан пайдаланған өнімді тәсілдер. Ал, мөлшерден тыс тілді шұбарлау, тым орынсыз ала-құлалық - көркемдік нәтиже берген жоқ.
Диалог, монолог үлгілерімен қоса I.Жансүгіров «Түрксіб» драмасында әдебиетімізде алғаш рет топ, жұртшылық ыңғайын, әсерін, ойын, көңіл күйін білдіру үшін кейіпкерлердің аты-жөнін көрсетпей, көп дауысты - полилог - нұсқаларын қолданды. Бұлар, бір жағынан, жеке сөздерді байқатса, екінші жағынан, кейіпкерлерді бағалау, тартыс-оқиғаларды пайымдау сипатында, үшінші жағынан, авторлық концепциядан хабардар етеді.
Түптеп, түгендеп келгенде, пьесадағы барлық бейнелердің ішінде сомдалып, оқшау тұрғаны - Қамысбай. Көп ұлтты үлкен ортаға келген кішкентай адам. Драматург сәтті тапқан қаһарманынан көз жазып қалмай, онымен басқаларды жүзбе-жүз кездестіреді. Осы тұста ақ-қара, жақсы-жаман, өнімді-өнімсіз дүниелер ашылып жатады. Көзі байлаулы болғанымен, көңілі ашық, өмірдің ащы-тұщысы зерек етіп тәрбиелеген, табиғатында аңқау, ақ көңіл, зілі, ашуы жоқ қалбалақтаған Қамысбай жаңа ортада өзгеріп, түлеп, жаңғыра бастайды. Бұрын күштілер сөз айтса, бағынып, бүгежектей берсе, енді өзі ойланып, өзі тұжырып, қарсылық ететін, тіпті жамандыққа шабуыл жасайтын мінез табады.
Тарихқа көз жібергенде халқымыздың бауырмал, ақ пейіл, кең қолтык мінезін көреміз. Әсіресе орыс-казак, өзбек, татар, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, қазақ халықтарының арасында ғасырлардан бері қарай жалғасып келе жатқан мәдени-тарихи, экономикалық-өндірістік тұтасқан байланыс, қарым-қатынас болғандығын көптеген деректер, фактілер жақсы дәлелдейді. Бірақ, Қазан төңкерісіне дейін бұрынғы Ресей империясыньщ территориясын мекен еткен халықтар тұтас бауырласып кетті, ұлт араздығы болған жоқ деу - объективті шындық болмас еді. Отарлық саясат - әлсізді, азды - күштінің, көптің бағындыруы, езуі, жаншуы. Бір сорлыны екінші сорлыға айдап салып, өзара қырқыстырып, таластырып койып, өзі төбе би қызметін атқару деген айла бар. Аздың атамекенін тартып алып, өткенін ұмыттыру, тарихын өшіру, дәстүрін жойып жіберу, сөйтіп, ақыл-есінен айыру мақсат етілген. Өмірде кездескен осындай қайшылықтарды I.Жансүгіров пьесада нанымды бейнелейді.
Кулак Емельяновтың қол шоқпары - маскүнем Колька қазақ жұмысшылары ішкелі отырған сусынға шошқаның майын тастап жібереді. Алдында ғана осы десятник Емельянов жазықсыз Қауменді шырылдатып оны жұрт көзінше кемсітіп, қорлап, күрегін тартып алып Колькаға әперген. Бүкіл қазақ атаулыны мазақ еткен сөздері және бар. Осы себептер жиналып келіп, аяқ астынан лап етіп өрт шыққандай, бірін-бірі жеп жіберердей, түтіп тастардай суық кейіппен бетпе-бет келген екі топ. Атылайын деп тұрған қос мылтық, кесіп түсейін деп түрған қос қылыш. Сахналық әрекет тұрғысынан алғанда да өте сәтті көрініс.
Дәл осы кезде әрекетке араласатын орыс жұмысшылары пәленің түп төркінін, қылмыстың бас айыпкерін тапса, Қамысбай екінші арандатушының ініне су құяды. Бұл - Қамысбай бейнесін айқындай түсетін маңызды көрініс. Заман бғысы көтерген адам ескілік өкіліне үкім, билік айтып тұр.
Пьесаның эстетикалық-көркемдік ерекшеліктері, өнер тарихындағы орны жөнінде айтылған салмақты пікір аз. Шығармаға дөрекі социологиялық тұрғыдан келіп, отызыншы, тіпті алпысыншы жылдардың басында тұжырымдалған қате пікірлерді кайта жаңғыртып жатудың қажеті жоқ.
Ұлттық өміріміздегі ерекше мәнді оқиғаларға терең назар аударып, халықтың ұлы перзенттерінің ғұмырынан шығарма жазуды мақсат етіп қойған I.Жансүгіров бұл тарапта да тарихи оқиғаларды ойшыл, зерттеуші көзімен дәл танитын қабілетін көрсетті.