ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 1 страница
Отызыншы жылдары халық басына қасірет болып келген, сол үшін де әдебиетте арнайы айтылуға тиісті оқиғалар көп. Соның бірі 1931-1932-1933 жылдардағы алапат аштық еді. Бірақ, әдебиетте ол көрінбей қалды.-
Қазақ даласын жайлаған, қазақ халқын қынадай қырған қанды касірет - аштық жөніндегі «Қазақ ССР тарихы» аталатын тарихтың қай-қайсы басылымында болса да, мардымды ештеңе айтылмаған. Тұрар Рысқұловтың, Ораз Исаевтың және жазушы Ғабит Мүсірепов қатысқан «бесеудің» Сталинге ашына жолдаған хаттары көп-көп мәлімет береді. Рас, 20-жылдар басындағы аштык; жайында Ж.Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі», Н.Ахметбековтың «Күләндәм» деп аталатын бірді-екілі шығармалары ғана жазылған еді. Бірақ 30-жылдардағы халық жаппай қырылған аштық, әрі көбіне-көп әдейі қолдан жасалынған аштық жайы көркем шығармада өз суретін танытпады. Оны былай қойғанда, «Кіші Октябрь» трагедиясы, колхоздастыру лаңы боямалап, әдемілеп көрсетілді. 30-жылдардағы қазақ жазушылары рухани бостандықтан жұрдай айырылып, бодан халықтың бұйдалы бос тайлары секілді күй кешкенін енді біліп отырмыз. Партия айтты - бітті. Дұрыс айтып жатыр ма, бұрыс айтып жатыр ма? Партия шақыруы өмір шындығына үйлесімді ме, жок, халық тілегіне қайшы ма? Ол арасын ажыратып жатқан ешкім болмады.
Төңкеріске дейін алғашқы қадамдар жасап, қаламгер ретінде қалыптасып үлгерген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, М.Әуезұлы жиырмасыншы жылдары жаңа еңбектер берді.
Жиырмасыншы жылдар әдебиетінде романтизм, сыншыл реализм секілді толып жатқан әдеби ағымдар орын тепсе, отызыншы жылдар әдебиетінде бұлар болмады. Партия шақыруына ұрандай үн қатқан, жалған пафосқа толы айғайшыл әдебиет болып қалыптасты. Бұрыннан бар үлгі, дәстүрдің өзі аяққа тапталып, көркем сөз саналы түрде саяси ұранға, қоғамдық-әлеуметтік бағытқа бет бұрды.
Ендігі әдебиет - ескіні мансұқтау, «жаңаны» ғана жырлау әдебиеті еді.
Ендігі әдебиет - бұрынғыдан бас тарту, жаңаны іздеу әдебиеті еді.
Ендігі әдебиет - ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден безініп, тыңнан жол саламыз деген ұраншыл әдебиет еді.
Ендігі әдебиет - қазақ әдебиетінің көсемі болған аяулы қалам шеберлері мен қайраткерлерін даттауға арналған белсенді әдебиет.
Ендігі әдебиет - ұлттық мінез-дәстүрден, көркемдік бояу-бедерден айырылған, айқай мен шуға бой ұрған әдебиет.
Жиырмасыншы жылдар әдебиеті - қадау-қадау қаламгерлері аз да болса тегеуірінді, қайраткерлік іс атқарған, аз да болса көркемдікті көксеген, көркем сөзді қадір тұтқан әдебиет еді.
Отызыншы жылдар әдебиеті қалам ұстаушылары көп болғанымен, керкемдік танымы төмен, халықты тапқа жіктеген жалаңқай социализмнің жалаң қылышына айналғандардың әдебиеті болып шыға келді.
Солай бола тұрса да, әрине, барша кемшілігіне қарамастан, отызыншы жылдар әдебиетін тарихтан сызып тастай алмаймыз. Барын барша, жоғын жоқша деген тұрғыдан талдап, баяндау қажет. Міне, осы тұрғыдан алғанда, отызыншы жылдардың қаламгерлік кадры қандай болды, олар еңбектенген жанр жүлгесі қандай еді, олардың әлеуметтік өмірге қатысы, көрші елдердің әдебиетімен байланысы, шығармаларының көркемдік өресі қандай еді деген сұрақтарды меже етіп, соған жауап іздеген дұрыс.
Жиырмасыншы жылдардың өне байында өздерінің бұқарашыл ойымен мейлінше айқын сипатта күрескерлік өреде көрінген А.Байтұрсынүлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы сынды айтулы қаламгерлер бұл тұста әдебиеттен саналы түрде шеттетілген болатын. Алашорда құрамында болғаны бар, болмағаны бар, әйтеуір саяси тұрғыдан кешірім берілуіне қарамастан, бұл азаматтар әдебиет майданында бел шешіп еңбек ете алмады. Ол былай тұрсын, бұлардың азаматтық хұқының өзі шектелді. Сондықтан да, бұлардын ілуде бір аты аталып, кейбір шығармаларының кездейсоқ төбе көрсетіп қалатыны болмаса, әдебиет әлемінде үлкен, шешуші рөл атқара алмады. Оған саяси ахуал себеп болды.
Есебіне, отызыншы жылдардың басынан ерекше белең алған екінші бір қаламгер қауымы болды. Олар, атап айтқанда, жоғарыда аты аталған ұлттық қалам қайраткерлерімен күресе, айтыса, тартыса есіп келе жатқан - С.Сейфуллин, Б.Майлин, I.Жансүгіров, С. Мұқанов болатын. Алғашқы топ - «ұлтшылдар» деп аталатын қаламгерлерден М.Әуезов лажсыз кешірім өтініп, екінші жағалауға, пролетариат әдебиеті жағалауына жақындады.
Әдебиет арнасынан бір қауым қаламгерлердің кетіп, екінші топ қаламгерлердің келуі - әдеби дәстүрдің жалғасты дамуына, өрісті өсуіне кесірін тигізбей тұрмады. «Ұлтшыл» атанып, ұлтыныц ұлы мұратын көздеп өткен алғы буын қаламгерлердің әдебиеттен шеттетілуі де қазақ әдебиетінің табиғи даму арнасын, ілгері тартқан бағытын недәуір тежеді.
Пролетариат әдебиеті мүддесін кездей еңбек етіп жүрген қаламгерлер қауымы бұл мәселені жіті еске алды. Ойлана келе тапқан жолы: «Ұлтшыл-байшыл жазушылар пролетариат әдебиет жасап бере ме, жоқ па деп қол қусырып қарап отырғанша, пролетариат тілегіндегі кедей, батырақ жастарды тәрбиелеп, баулып өсіру тиімді» (С.Мұқанов) деп шешті. Жаңа өніп келе жатқан талапты жастарды пролетариат әдебиеті рухында тәрбиелей бастады. Оларға тіпті қазынадан жәрдем беріп те баулыды. Әдебиетте әр қилы із қалдырып өткен Қ.Әбдіқадыров, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Малдыбаев, Т.Жароков, М.Дәулетбаев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов отызыншы жылдары қазақ әдебиетіне осылай келді. Олар әдебиетке өмірдің өзінен келді. Шала сауатты қалпында келді. Әдебиет ісімен әуестенуді сауатын аша жүріп үйренді. Жүмысшыдан жазушы тәрбиелеу науқанға айналды. Қазақстан Жазушылар одағы басшылығында болған жазушы С.Мұқанов архивінде әлі күнге сол жылдары әдебиеттен дәмесі болған жұмысшы жастардың (ересектері де болған шығар) бірсыпыра қолжазбасы сақтаулы. Жазушы архивіндегі қолжазбаларға қарап отырсаңыз, қызық жайдың куәсі боласыз. Ол қолжазбалар белгілі бір зауыт, фабриканың, шахтаның партия ұйымы мен кәсіподақ ұйымының хатшылары қолымен ұсынылады. Автордың қаратабан кедейден шыққаны баса айтылып мінездеме беріледі. Ал, оқып қарасаңыз, жұмысшы жазған қолжазбалар - ештеңеге жарамайтын жәй шатпақ. Бүл да бір уақыт қасіреті.
Отызыншы жылдары бірсыпыра қаламгерлер осылай өмірден келген болса, ендігі бір буын белгілі бір оқу орынын тәмамдап, оңы мен солын танып келді. Бұл ретте Мәскеулік Қызыл профессура институты, И.В.Сталин атындағы Күншығыс коммунистік университеті, Қазақ халық ағарту институтының еңбегі бірсыпыра. Әдебиетке отызыншы жылдары келген жастар осындай оқу орындарынан білім алған еді. Атап айтқанда: Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, Ғ.Сланов, С.Ерубаев, С.Қамалов, С.Омаров, М.Хакімжанова сынды кейін тәп-тәуір ақын-жазушы болып қалыптасқан жастар әдебиетке недәуір сауатпен келді. Қаламгерлік бұл лекке бірсыпыра сыншыларды да қосуға болады.
Жиырмасыншы жылдары әдеби сында көрінген Ғ.Тоғжанов, Б.Кенжебаев, К.Өтепов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов, Қ.Қоңыратбаев, М.Маманқұлов секілді әдебиетші, сыншылармен молықты.
Әдебиет пен өнер - егіз. Бірі дамыған жерде екіншісін қажет етері анық. Отызыншы жылдары бірсыпыра қазақ өнер ордалары шаңырақ көтерді. Бірсыпыра өнер өрендері тарих аренасына көтерілді. Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, А.Жұбанов, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Үрия Тұрдықүлова есімдерін осы ыңғайда атауға болады.
Сөйтіп, отызыншы жылдары қазақтың талапты, талантты жастары әдебиет пен өнерге ене бастады. Олар бұрын болмағанды болдыру, жоқты жаңадан жасау талабында еді, қазақ әдебиеті мен өнерін жаңа биікке көтеру тілегіне ерді. Расында да олардың алдында алынбаған қамалдар, өтілмеген асулар тұрды, жүрілмеген жолдар жатты. Қазақ әдебиеті мен өнерінде бұрыннан бар дәстүр аясында ізденсе де, әйтпесе тың арнаға бет бұрса да, олар осы алынбаған асуларға баруы керек-ті.
Бүл кезде халықтьщ сарқылмас рухани қазынасын үстемелете дамытып келе жатқан халық ауыз әдебиеті өкілдері, импровизатор ақындар, жыршы, жыраулар тобы көрінді. Қазақ әдебиетіне енгені бар, енбей тасада қалып келгені бар, әйтеуір, отызыншы жылдары бірсыпыра халық ақыны жер-жерде ауызша өлең толғап жүріп жатты. Ж.Жабаев, М.Сеңгірбекүлы, Н.Байғанин, К.Әзірбаев, Е.Құттыбайұлы, М.Байзақүлы, А.Белгібайүлы, О.Тайманов, Б.Қожабаев, Д.Әлімбаев, С.Әлімбетов, Ш.Қошқарбайұлы, Ү.Кәрібаев, С.Жанғабылов, Н.Баймұратов, И.Байзақов, Н.Бекежанов секілді халық ақындары осы ретте аталынады. Бұрын халық ақындарының жыр-мұрасы ауыздан ауызға таралып, ауылдан ауылға ауызша өтіп, айтушылардың жадының мықтылығынан ғана аман сақталып жететін болса, енді хатшылар ақындар жырын күндіз-түні қасында болып заматында жазып алып отырды. Бұл ұқыптылықтың қазак ауыз әдебиетіне ырыс әкелгенін айту парыз. Сонымен бірге, күні бүгінге дейін бір жай ескерілмей келеді. Айталық, халық ақындарының шығарымпаздық психологиясын зерттеу қолға алынбаған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық архивінде халық ақындарына кезінде хатшы болып қызмет жасаған кісілердің жасаған колжазбалары сақталған. Кейбір халық ақынының астанаға сәлемі, өтініші, аманаты, кейбірі хатшы бақылауы болып келетін бүл жазбалардың ақын лабораториясын ашуда мәні зор.
Егіз қатар өрістеуге тиісті әдебиет пен өнер отызыншы жылдары, міне, осындай құрамда еңбек етті. Ал, бұлардың алған биігі, жеткен жері, игерген көркемдік байлығы деген мәселе - арнайы әңгіме. Дегенмен, сол сан-сала міндеттер - олардың қамтыған тақырыбынан басталса керек. Отызыншы жылдары қазақ ақын-жазушылары қандай тақырыпты жырлады, қандай тақырыпты өнер пәніне айналдырып сахнаға шығарды?
Тарихқа көз жіберсек, қазақ даласын темір жолдар қиып өте бастайды, ірі-ірі фабрика, зауыттар төбе керсетеді, білім ордаларының іргесі қаланады, ғылым шаңырағы күмбезін көтереді, колхоздар ұйымдасады, «бесжылдық» деген ұғым пайда болады. Міне, осының бәрі - асыра сілтеді десек те, -демесек те - отызыншы жылдары жүзеге асырылған істер. Коммунистік партия саясатының қаншалықты өктем, өрескел қатал түрде жүзеге асып жатқанына қарамастан, осы алып құрылыстар қарапайым халықты қаны, жаны, маңдай тері арқылы өмірге келді. Сол сияқты ақын-жазушыларды, өнер адамдарын социалистік қоғамның үгіт-насихатшыларына айналдырудың айла-шарғылары жете ойластырылған еді. ВК(б)П Орталық Комитетінің 1932 жылғы 23 сәуірдегі «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы - әдебиет пен өнерді саясаттың қолшоқпарына айналдырудың бағдарламасы болды. Бұған дейін ВОАПП, РАПП, РАПМ, ҚазАПП формасында әр қилы құрылып, топ-топ, жік-жік болып майдаланған жазушылық құрылым іріленіп, Жазушылар одағына бірігуге тиісті болды. 1934 жылы Кеңес Одағы Жазушыларының бірінші съезі шақырылды. Онда Жазушылар одағының жарғысы қабылданды. Жазушы-ардың тұңғыш съезінде Кеңес жазушыларының әдеби әдісі, бірден-бір қаруы ретінде тарих биігіне социалистік реализм көтерілді. Бір қарағанда қаламгер қауымына түбегейлі бостандық, еркіндік берілген сняқты көрінетін социалистік реализм принципі, шындап келгенде, ақын-жазушыларды тар аяда, белгілі бір қалыпта еңбек етуге мәжбүр етті. Міне, осындай жағдайдан кейін қаламгер қауымы құлдық психологияға енді, онан барып ләббай деп тұратын қызметшіл малай әдебиет пайда болды. Бүкілодақтық деңгейде алып қарағанда үкімет пен партияның осы талабына көнгендер күйбеңдеп, күйкі тіршілікке көшті, көнбегендер шет елдерге қашып құтылды. Әрине, бұл көбінесе орыс әдебиетіне тән қүбылыс еді. Бірак, түркі тектес халықтар ішінен де социалистік қоғам қысымына шыдай алмай, шет елдерге өтіп кеткендер бірен-саран болды. Қазақ мәдениетіне келсек, белгілі қоғам қайраткері, публицист Мұстафа Шоқай шет елге кетті. Ахмет Байтұрсынов еріксіз партия қатарына өткенімен, жаны жай таппай, мұраты үйлеспей одан қайта шықты. Ұлтшылдар санатында болған М.Әуезов 1932 жылы баспасөз бетінде ашық хат жазып, коммунистік идеалды қабылдаған болды. Әлімхан Ермековтың де тағдыры осындай.
Әрине, бұл шарасыздық әрекеттері еді. Қазақ қаламгерлерінің негізгі құрамы социалистік құрылым жүйесін де, оның социалистік реализм әдісін де күдіксіз қабылдап, бесжылдықтың балғасын мүлтіксіз «соға» жөнелді...
Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің тақырып ауқымы және оның көркемдік шешімі деген мәселелер осы ыңғайдан келіп шығады. Ол тақырыпты жалғыз ауыз сөзбен айтар болсақ, ұлылы-кішілі қаламгер қауымның ортақ тақырыбы - социалистік құрылыстың жетістігі еді. Таратыңқырап айтсақ, Түркістан-Сібір темір жолы, Челюскиншілер жорығы, Қызыл Армияның айбыны, пролетариаттың айдарынан жел ескені, батырақтың қарны тойып, үкімет билігіне ие болуы, бесжылдықтың қанша процент орындалғаны, еңбек адамының норма орындауы, жалқауды сынау, социалистік Отанды қорғау... міне, ақын-жазушылардың бар жырлаған тақырыбы осы. Қазақ халқы тарихында бұрын ұдайы болған, ел есінде көптен сақталған небір киелі, қасиетті ұғымдардың, мұралардың бәрін мансұқтап, ескіге балап, бәрін Кеңес төңкерісінен бастауға, бәрін жаңадан жасауға ден қойылды. Қазақ халқының азаматтық тарихы да Қазан төңкерісіне әкеліп тірелінді. Айталық, С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы, I.Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары - тарихи тақырыпта туған дүниелер. Солай бола тұра, бұл ақындар осы шығармаларында бұрын қазақ даласьшда кері кеткен сор, тіршілік, қор өмірден басқа ештеңе де болған жоқ еді, бәрі де Қазаи төңкерісінен кейін оңалды деген тұжырымға келеді. Жиырмасыншы жылдары «Қыр суреттері» секілді классикалық әңгімелер берген, «Қилы заман», «Қараш-қараш оқиғасы» сынды қайталанбас повесть-романдар жазған М.Әуезов бұл жылдары Кеңестік құрылыстың жетістігін жырлайтын тақырыптарға ойысады. 1928 жылы «Сұлушаштай» асқақ поэма, «Адасқандар» секілді драмалық қуаты мол роман берген С.Мұқанов төңкеріс тарихын насихаттайтын «Теміртас», «Жұмбақ жалау» секілді шығармаларға килікті, қазақ аштан қырылып, социалистік деген құрылыстан тұтас бір халық қасірет тауып жатқанда ақьш-жазушыларымыз өндіріс жетістігін, өнеркәсіп өнімін, жаңа қоғамның жасампаз жайын жалаулатып айтумен болған. Оған әдебиетшілер әдебиеттегі «азаматтық пафос» деп айдарлап ат қойған. Көркем шығармасына өмірдің көп сипатын арқау еткен Б.Майлин секілді бірді-екілі жазушылардың шығармаларында ғана үлттық характер төбе көрсетті. Ал, негізінен өмір шындығынан гөрі өндірістік ақпарды кеп қаузап кеткен отызыншы жылдар әдебиетінде ұлттық пішін, ұлттық мінез-құлық дегендер атымен жоғалды.
Ақын-жазушылар үкімет пен партияның тапсыруымен ауылға аттанды. Ауылға барған қаламгерлер қиындықты бастан кешкен бұқара халықтың қиналысын көру орнына, күндік нормасын орындаған озаттарды марапаттап «Шәуілдір» (Ғ.Орманов) секілді поэма, «Әке мен бала» (А.Тоқмағамбетов) сынды роман жазып оралды. Шартты өмір, жалған пафосқа құрылған шығармалар әдебиетте артынша-ақ өліп қалып жатты. Ауыл-ауылға бармаған, социалистік құрылыс екпіндісін жырламаған ақын-жазушы «ескішіл» атанды. С.Ерубаев, Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповті қалада қалғып отыр деп эпиграмма, пародия жазып әлекке түсті.
Көзі ашық, көкірегі ояу, ғылым-білімнен хабары мол қазақ ақын-жазушыларының жай-күйі мүндай болған соң, астанадан алыста жатқан халық ақындарына не сын бар?! Олар белсенділерді мақтады, еңбек озаттарына өлең шығарды, колхоз, ауданның жетістігін айтып, өзара айтысқан болды. Ауыз әдебиетінің елдікті, ерлікті, адамдықты, бірлікті жырлайтын дәстүрі, сан алуан айтыс түрлері сарқыла бастады.
Поэзияның лирика, поэма, дастан формалары көптеп туды. Сонымен қатар, Саттар қаламынан бірсыпыра баллада, Асқар қаламынан недәуір сатира өніп шықты. Ақындар жаппай ізденісіе еді, Олар Еуропа, орыс поэзиясын оқып, аудара жүріп өсті. Мазмұн мен пішіннің үйлесімі ізделінді. Бірыңғай форма қуып, мазмұнның әлсіреген сәттері де болды.
С.Сейфуллин поэзия мен прозада қатар еңбек етті. Алайда, қатар шапқан қос жанрдың поэзиясы басым еді. I.Жансүгіров өз күшін қарасөзде де сынағанымен, негізінен поэзия жанрында жаңбырша төгіп, өндіре жеміс берді. Б.Майлин Ілиястай ақын болмаған соң, бағымды басқа жанрдан іздеймін деп, прозаға біржола ойысты. С.Мұқанов отызыншы жылдары прозаның тынысты жанрларына қадам жасағанымен, поэзиядан да қол үзген жоқ. Есесіне қазақ поэзиясына А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Қ.Әбдіқадыров, Ғ.Орманов, Ж.Сыздықов, Ө.Тұрманжанов сынды қуатты жас буын келіп қосылды. Олар бірыңғай поэзия саласында өндіре еңбектенді. Қ.Аманжолов, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин, А.Жұмағалиев, М.Хакімжанова, Қ.Сатыбалдин, С.Ерубаев сынды көкөрім жастар қазақ поэзиясына келіп қосылды. Әдебиетке келген үш лек, үш буын негізінен бір бағытта - социалистік құрылыстың жеңісі мен жемісін жырлауға жұмылды, Лирика әлеуметтік сарында өрістеді. Интимдік және интеллектуалдық поэзияға орын қалмады. Ілуде бір жан сырын айтқан жас ақын табыла қалса, оның өзі аяусыз сыналып жатты. Отызыншы жылдар поэзиясы «Қалаушылар жыры», «Жазғы егіске», «Колхозда», «Егінжайда», «Мереке қарсанында», «Октябрь мерекесіне» (С.Сейфуллин), «Серт», «Комбайн», «Екпін күйі», «Электр» (I.Жансүгіров), «Құрылыс жыры», «Көмір - коммунизм», «Сөз - Советтік Армия» (С.Мұқанов) секілді болып келеді. Өлеңдердің атынан оның нендей тақырыпқа жазылғаны анық көрінеді. Ақынның көрген-білгенін бүкпесіз айтуы, ойға алғанын образдауға, бейнелеуге бармай-ақ жалындата айтуы - ол жылдардың поэзиясына тән қүбылыс. Шынын айтсақ, тілі бай, ішкі иірімі мол шынайы поэзиядан гөрі осындай қарапайым сөйлейтін, өмірімізге жаңа еніп жатқан өндіріс терминдерін қамти, жалаулата, пафосқа беріліп, екпіндете айтатын өлең көп жазылды. Поэзия міндеті алға бастап, халықты ілгері шақыру емес, күнделікті күйбеңге ілесіп, топпен бірге жүру деп ұғылды. Ақындар осы төңіректен табылуға тырысты. Сондықтан да үлкені бар, кішісі бар, қазақ ақындарының отызыншы жылдардағы өлең-жырымен танысқанда социалистік құрылыс жаңалықтарының ізімен ғана жүріп отырған шежірешілдік аңғарылады. Мұның өзі поэзияның шағын түрі - лириканың саяси сипат алып, сезімдер нәзік қасиетінен айырылуына себеп болды. Жиырмасыншы жылдары қазақ лирикасын ғажап биікке көтерген М.Жұмабаев салған жақсы дәстүр отызыншы жылдар поэзиясынан жалғасын таппады.
Поэзияның шағын жанрына қарағанда тынысты поэма, дастан отызыншы жылдары недәуір өрістеді. Осы жылдары өмірге келген жүз қаралы поэманың ішінен С.Сейфуллиннің «Қызыл ат», I.Жансүгіровтың «Дала», «Күйші», «Құлагер», С.Мұқановтың «Ақ аю», Ө.Тұрманжановтың «Карл» поэмалары арнайы сыйлыққа ие болған. Бұл шығармалар да, негізінен алғанда, қоғамдық өмірдегі жаңалық дегенді жырлауға саяды. Алайда, жаңаны жалындатқан өзге ақындарға қарағанда бұлардың бір ерекшелігі - бүгінгі жетістікті кешегі тарихпен сабақтас баяндады. Ал, С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы формалық тың ізденіс жемісі еді. 1933 жылы жазылған поэмада Қазақстандағы 1932-33 жылдары жол берілген асыра сілтеу астарлы ишарамен сыналды. Формалық жаңалығымен бірге бұл шығармада халық басына түскен қасірет те көрініс тапты.
Қаншама өлең, поэма, дастан жазылғанымен отызыншы жылдар поэзиясы жиырмасыншы жылдары М.Жұмабаев жеткен биікке көтеріле алмады. Өзінің мазмұндық ізденісі, көркемдік тапқырлығымен айрықша көрінген Мағжан поэзиясы отызыншы жылдар поэзиясына ықпалын тигізе алмады. Оған бас себеп - бұлтартпайтын саясат тегеуіріні еді.
Поэзиядағы бірқыдыру ізденіс, жаңалық Ө.Тұрманжановтың фольклордан үйрене жазған туындыларында, А.Тоқмағамбетовтың сатиралық шығармаларында, С.Ерубаевтың балладаларында, Қ.Аманжоловтың махаббат лирикаларында, А.Жұмағалиевтің Байрон поэзиясы әсерімен жазылған романтикалық мұңшыл-күйшіл өлеңдерінде жатты. Сыңаржақ социологиямен қаруланған әдеби сын ақындардың жаңа ізденістеріне еркіндік бермеді. Сондықтан қай бір бағыттағы жаңалықтар өз алдына арна түзіп, кемелденген түрде көрінбей, эксперименттік жайда ғана қалды.
Бұл жылдары проза батыл қадамдар жасады. Алдымен атап айтар жай - прозашы қаламгерлер қатары недәуір көбейді, маманданған прозашылар жіктеліп шықты. М.Әуезов, Б.Майлнн, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ғ.Сланов, С.Шәріпов, О.Беков, С.Камалов, Ә.Айсарин, А.Асылбеков, С.Сапарбеков, Ж.Тілепбергенов, А.Сегізбаев секілді прозашылар қатары жасақталды.
Жаңа қоғамнан жаңа екпін, соны серпін көрген қазақ жазушылары прозаның әр түрлі жанрында қалам тартты. Қазақ прозасының очерк, публицистика, әңгіме, повесть, роман жанрлары дамыды, мазмұндық жаңа сапа таба бастады.
Бұрын қазақ романы «Қалың мал», «Қамар сұлу», «Бақытсыз Жамал», «Ақбілек», «Қартқожа», «Қилы заман» дегендей саусақпен санарлықтай болатын. Отызыншы жылдар бедерінде жазылған романдар біршама. С.Мұқанов «Адасқандар», «Теміртас», «Жұмбақ жалау» романдарын берді, «Балуан Шолақ», «Менің мектептерім» романдарын ағымдағы баспасөзде жариялай бастады. Б.Майлин «Қызыл жалау», «Азамат Азаматыч» романдарын аяқтап, «Қоңсылар», «Тартыс» романдарын жазуға ден қойған. I.Жансүгіровтың «Жолдастар», М.Дәулетбаевтың «Қызылжар», Ғ.Слановтың «Дөң асқан», С.Ерубаевтың «Менің қүрдастарым», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім» романдары өмірге келді.