А) «Қос өзен» мен Сарыарқа образдары
Қазақ поэзиясында «туған жер, атамекен, Отан» идеясын жеткізу үшін Еділ – Жайық, Есіл – Нұра, Шу – Талас сияқты екі өзен аттарын қосарлау арқылы көрініс тапқан сөз-символдар мен сөз-образдар көптеп қолданылған. Оларды төмендегі өлең жолдарынан көруімізге болады:
Еділ – Жайық – екі су,
Кент орнаған жер екен.
...Онан сыртқы Қобда – Елек,
Ел жайлауда кең екен.
...Онан сыртқы Ойыл, Жем,
Ел орнаған су екен.
Кердері Әбубәкір[18, 343].
Бұрынғы жердің кеңінде
Мал жаймаушы ек шиырға.
Кеңжердежүргенеледік,
Ойыл менен Жиылға.
Албан Асан [18, 328].
Сыр, Қуаңнан өткенде,
Арыс, Келес өткенде,
Талас, Шуға жеткенде
Түйеңнің қамын шешкенсің...
Дулат [19, 9].
Есіл, Нұра – сазымыз,
Қаңқылдайды қазымыз.
Сыр, Қуаңжерлерге
Енді кетіп барамыз.
Күдері қожа [20, 209].
«Осы жайлы ғалым Р.Сыздық: «Символ – идеяның заттық (болмыстық) нышаны, астарлы образы. Қазақ поэзиясы символды ежелден жақсы білген. Туған жердің, ел Отанының символы ретінде Еділ, Жайық деген заттық нышандарды алу күні кешегі Маханбеттерге дейін келді. Оның: «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім. Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз», – деген өлең жолдарында айтпақ идеясы – Еділ мен Жайық өзендерінің бойына ел қондыру, оны жаз жайлап, күз күзеу емес, басқа, яғни «туған жерде емін-еркін өмір сүру» идеясы. Олай болса, Еділ мен Жайық – символдар» [21, 67], – деп жазған болатын.
Әдетте мәңгілік образдың бойында халық ерекше қадірлейтін, қол жеткізуге армандайтын бір ерекше қасиет болады. «Ұлын құл, қызын күң» қылмаған қазақ үшін сондай қасиеттердің бірі – еркіндік, тәуелсіздік, бостандық. Ертеден бері ата-бабаларымыз шыбын жанын шүберекке түйіп келгендіктен, «теңдік» ұғымы көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болып, жырланып-жазылып келді. Әдебиеттану ғылымында образдарды белгілі бір символ-сөздер арқылы беру үлгісі бар. Ол осындай мәңгілік образдарды беруде де кең таралған үрдіс. Мысалы, қазақ кеңдік, бостандық, ал кебір кезде біртұтастық, бүтіндікті Сарыарқа атымен қатар қояды. Бұл тіпті сөз өнерінде ғана емес, Құрманғазының «Сарыарқа» күйінен көретініміздей, музыка өнерінде де осындай әдіс қолданылғанын байқауға болады. Сарыарқа – Қазақстанның орталығындағы жер атауы. Халқымыз үшін Отан, жер ұғымдары қасиетті болғандықтан, жер-су атауы «мәңгілік образға» дейін көтеріліп отыр.
Тіл білімі сөздіктерінде Сарыарқа топонимінің мағынасы «ұшы-қиырсыз кең жазықтық», «көз жеткісіз ұшан дала», «ұланғайыр жайылым жер» дегенді білдіретіні көрсетілген [16]. Яғни, бұл атау біздің даламызға ерте кезден орныққаны анық. Олай болса, Сарыарқа – образ ұғымына жеткен атау деп айуымызға әбден болады. Мысалы, «Доспамбет жыраудың: «Бетегелі Сарыарқаның бойында // Соғысып өлген өкінбес» немесе Шалкиіздің: «Арқада мезгілсіз жылқы жусаса // О-дағы бір аш қасқырға жолығар!» – деген жолдарында жер орайына қатысты шарттылық басым. Сол секілді Жиембеттің: «Арқаға қарай көмермін // Алашыма ұран десермін» – деп айбат шегуінде меңзеген жер бағдары да беймәлім. Бұл арада дөп басып, саусақ нұсқап көрсетерлік мекен жоқ; тек жалпылама көлемде қалаға даланы, яки отырықшылыққа көшпелілікті қарсы қою сарыны байқалады. Базар жыраудың толғауында кездесетін «Арқаның сары белінде, // Алғидың құба дөңінде...» деген қатарлар да нақтылықтан гөрі, жинақтаушылық мәнге ие. Олай болса, жыраулар поэзиясында Сарыарқа / Арқа / ұғымы көбіне абстрактілі / дерексіз / сипатта бейнеленген [3, 54-55]. Яғни, Сарыарқаны толыққанды жинақталған мәңгілік образ деп айтуымызға негіз бар.
Мәшһүр-Жүсіптің «Салтанатты Сарыарқа» өлеңі сөз сұлулығына негізделіп, ақын киелі топырағын ғашық көзбен құмарлана суреттеу арқылы оқырман көз алдына арқасын кеңге еркін салған, тәуелсіз Сарыарқа бейнесін келтіреді:
Салтанатты Сарыарқа,
Сәулеленген Сарыарқа,
Кең қойының кен Сарыарқа,
Сан жеткісіз Сарыарқа.
Суың шекер бал Арқа,
Майда шөбің бал Арқа.
Күрделі биік бел Арқа,
Малы-басың сай Арқа.
Төрт түлікке бай Арқа,
Маңырап тұрған мал Арқа,
Төңірегі төл Арқа [2, 46].
Ал замана болмысын, дүние бейнесін, қоғам дамуын жан-жақты суреттеген Нарманбет Орманбетұлы:
Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Күндіз мұнар, түнде шық, буың қайда?
Нажағай сарт-сұрт етіп нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда?
...Қалмады Сарыарқада енді қызық,
Сандал тау, сары өлкені алды мұжық,
Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ,
Баласы байғұс алаш–қалдың мыжып.
Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл,
Байы жоқ, баласы жоқ сонда да тұл,
Ерініп еңбек қылмай, егін салмай,
Қала салған халыққа болдың ғой құл,[2, 63], –
деп бостандығын уысынан шығарып алған елін айтып күңірене жырлайды. Ақынның «Сарыарқа сайран жерім-ай» деп аталатын тағы бір өлеңінде тәуелсіздікке деген сағыныш пен еркіндікке деген құлшыныс байқалады:
Сарыарқа сайран жерім-ай,
Салқын да самал желім-ай.
Сандалдай тауы тізілген
Өлкелі өзен көлім-ай.
Сарыарқадан сән кетті,
Жалпағынан өрт алды [2, 65].
Иманжүсіп Құтпанов та Сарыарқамен қоштаса отырып, іштей бостандықты аңсайтынын көрсетеді:
Қош-аман бол, Сарыарқа, өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Тартысып ертелі-кеш кәззаптармен,
Шұбырып маңдайымнан аққан терім [2, 84].
Жыраулар заманында ол – қазақтың құтты бір қонысының символы болса, ХІХ ғасыр поэзиясында «Сарыарқа» ұғымы қазақ халқының мұрат пен мүддесін білдіретін қазықтың біріне айналды. Ал ХХ ғасыр басында «Сарыарқа» атауы жалпыұлттық іргелі ұғымдардың бірі болы. Мысалы, 1907 жылы Қазан қаласында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деп аталатын еңбегі басылып шықты; 1917 жылы Семейде «Сарыарқа» газеті жарық көре бастады; С.Торайғыровтың «Сарыарқаның жаңбыры», І.Жансүгіровтың «Сарыарқаға» өлеңдері жарияланды. Ал М.Жұмабаев өзінің «Өткен күндер» өлеңінде:
Еділ, Жайық, Сырдария –
Белгілі жұртқа ескі су.
Тәтті, дәмді, тармақты
ҰзынЕртіс, Жетісу.
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді,
Туып-өскен баласын
Айбынды ер алаш дер еді [17, 65], –
деп жырлайды.Үзіндіде ақын Сарыарқа атауын бүтін қазақ елінің орнына жұмсаған.
«Сондықтан ақын Т.Медетбековтің: «Мағжан ұғымындағы Сарыарқа біздің ұғымымыздағы Сарыарқа емес, одан әлдеқайда кең...Біздіңше, бұл сөзге таласудың жөні жоқ. Енді біз бес судың– Еділ, Жайық, Сыр, Ұзын Ертіс, Жетісудың арасын алып жатқан Сарыарқаның ұлы мағынасына қайта оралуымыз керек. Оны қазіргідей әлдекімдердің өзімшілдік эгоизмінен дүниеге келген тар аумақта қарастыруға болмайды», – деген пайымның негізі нық көрінеді» [11, 59].
Осындай кең қолданысқа еніп, халық санасында әбден орныққаны сонша, 1940-1950 жылдары «Сарыарқа» сөзін ауызға алудың өзі ұлтшылдықтың ұшқыны деп бағалана бастады. Сол үшін ақын-жазушылар «Арқа» сөзіне «қызыл», «алтын» деп тіркейтін болды:
...Сарғылт түсті Сарыарқа,
Сүреңі жоқ кең алға,
«Қызыл Арқа» атанды,
Жасадық жаңа Отанды,
Сарғаю енді болмайды [18, 41-42].
Бірақ одан кейін де Ғ.Қайырбеков сынды ақындар жырлауын еш тоқтатқан жоқ:
Сарыарқа – жерге қойған елдің атын,
Бір сөзде ата қазақ махаббаты.
Болжаған болашағын сан ғасырға
Даланың данышпаны – дана қарты[2,98].
Осылайша, бірте-бірте әу бастағы мағыналық сипатын сақтап қалғанымен, "Сарыарқа" ұғымы жаңаша формаларға ене бастады.
Ал, енді Сарыарқа образы қазір қалай сақталғандығына келер болсақ, оның образдылығы сайын даласында орнаған сұлу қалаға өткен секілді. Яғни, Сарыарқаның діңгегі – Астана. Астана келбеті–ұлт келбеті, себебі Астана тарихы–ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың азаттық үшін күресі еш кетпей, құтты-қуанышты түндерге жеткендігімізді көрсетеді. Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне орналасқан Астана туралы жырлар Сарыарқа образының әлі тірі екендігін дәлелдейді.