Кәсіпорындағы персонал. Кадрлар құрамы
Тақырып. Кәсіпорындағы персонал
1.Кәсіпорындағы персонал. Кадрлар құрамы.
2. Жұмыскердің жұмысын бағалау процедураның әдістемесі. Жұмыскерді аттестациялау.
3. Персоналды жоспарлау әдістемесі
Кәсіпорындағы персонал. Кадрлар құрамы.
1.Қоғамдық өндірістің басты факторларының бірі - жұмыс күші. Нарықты экономикаға негізделген тауарлы өндірісте жұмыс күші – тауар. Бірақ оның тауарлардан ерекшелігі:
- біріншіден, ол өзінің құнынан анағұрлым артық тұратын құн құрайды;
- екіншіден, онсыз кез келген кәсіпорынның әлеуетті мүмкіндіктері ешбір жүзеге аспайды;
- үшіншіден, барлық өндірістік және айналым қорларын пайдаланудың тиімділігі де, міне, осы жұмыс күшіне тікелей байланысты.
Кәсіпорын қызметкерлері: тізімдік; өнеркәсіптік- өндірістік қызметкерлер; өнеркәсіптен тыс қызметкерлер болып бөлінеді.
Кәсіпорын жұмысшыларының тізімдік құрамы - бұл негізгі және одан басқа қызметтерге байланысты, бір күн және одан да ұзақ мерзімге тұрақты және уақытша жұмысқа қабылданғандар.
Тізімдік құрамға енгізілгендер:
- нақты жұмыс істейтіндер;
- жұмысқа жай ғана орналасқандар немесе белгілі бір себептермен жұмыста болмағандар және жыл сайынғы еңбек демалысындағылар;
- мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындаушылар;
- денсаулығына байланысты жұмысқа келмегендер;
- жүктілігі бойынша демалыс алғандар;
- жалақы төленбейтін уақытша демалыс алғандар;
- кәсіпорынның балансы негізінде мамандығын көтеруге байланысты оқитындар;
- бір күн немесе бір аптаға толмайтын мерзім бойы жұмыс істейтіндер.
Тізімдік құрамдағы жұмысшылардың көрсеткіштері күн сайын табельдік есептегі мәліметтер бойынша анықталады.
Өнеркәсіптік - өндірістік қызметкерлер- өндірістік іс- әрекеттерге, өндірістік қызмет көрсетуге тікелей қамтылғандар. Қызметтерді орындау сипаттарына байланысты өнеркәсіптік- өндірістік қызметкерлер мынандай категорияға бөлінеді:
- жұмысшылар;
- қызметкерлер.
Жұмысшыларға жататын: негізгі және көмекші цехтың жұмысшылары. Негізгі жұмысшылары - өнім өндіруге тікелей қатысады, еңбек заттарын араластыра өндіріп, дайын өнім жасайды, ал көмекші - құрал- жабдықтарды жөндейді және күтім жасайды;
Қызметкерлерге жататындар: бастықтар мен жетекшілер; мамандар, техникалық орындаушылар.
Бастықтар мен жетекшілер - бұлар кәсіпорындағы лауазымды орындарды қамтитын қызметкерлер. Оларғажататындар: ген.директор н/е президент, оның орынбасарлары, әкімшіліктегі және өндірістегі әр бөлімінің бастығы (мысалы, бас бухгалтер, бас инженер, лаборатория меңгерушісі, бас механик, бас технолог, бас экономист ж/е тағы басқа)
Мамандарға жатады: зауыттың басқару аппаратындағы қызметкерлері; ғылыми- зерттеу және тәжірбелі-конструкторлық бөлім қызметкерлері; есептеу орталықтарында еңбек ететін қызметкерлер.
Техникалық орындаушылар - құжаттарды даярлау және рәсімдеуді жүзеге асырушылар, есеп және бақылау, шаруашылық қызметін көрсетуші жұмысшылар: мысалы, офис-менеджерлер, секретарьлар, көмекшілер, кассирлер, агенттер, есепшілер, іс жүргізушілер, және тағы басқа.
Өндірістен тыс қызметкерлерге қатысты жұмыскерлер: тұрғын үй, коммуналдық және қосалқы шаруашылық, денсаулық сақтау пункттері, емдеу- сауықтыру орындары; оқыту орнындағылар және т.б. қызметтерді орындау сипаттарына байланысты.
Кадр даярлаудағы негізгі міндеттер.
- әрбір қызметкердің өзінің кәсіпорыны жөнінде кең түрде білуі;
- жұмысшылардың жаңа жетілген және техника түрімен таныс болуы;
- ұжымның қанағат сезімін күшейту, яғни жұмысшылар мен қызметкерлердің өз бағаларын сезінуі;
- әрбір қызметкерлердің жоғары қайтарымды жұмыс атқаруы.
Кәсіпорын қызметкерлерін даярлау және қайта даярлау мына нысанда жүргізіледі:
-жұмыс орындарында;
- жұмыс процесі кезінде қысқаша кеңестер беру;
- белгілі бір кезеңге арнап ұйымдастырылған оқу курстары;
- қысқа мерзімді курстар.
Кәсіп – бұл белгілі бір өндіріс саласында жұмыстар атқару үшін қажетті арнайы теориялық білімдер мен машықтану дағдыларының жиынтығы.
Мамандық– кәсіптердің іштей бөлінуі, өндіріс бөлімдеріне қажетті жұмыстарды орындауды қамтамасыз ететін қосымша дағдылар мен білімдерді талап етеді.
Жоғарғы деңгейдегі мамандық – бұл күрделі жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін білімдер машықтанған дағдылардың жиынтығы.
Жұмысшылар біліктілігіне қарай:
біліксіз;
біліктілігі аз;
білікті;
жоғары білікті болып бөлініп, тиісті разряд бойынша анықталады.
Мамандар біліктілік категориясына қарай:
бірінші категориялы;
екінші категориялы;
үшінші категориялы болып табылады.
Кәсіпорын жетекшілері өндіріс құрамы және бөлімдерді басқару реттеріне қарай жіктеледі.
Басқару құрамы бойынша:линиялық; функциялық.
Бөлімдерді басқару жүйесі бойынша: жоғары топ; орта топ; төменгі топ болып бөлінеді.
Нарықты экономикаға өтуге байланысты елімізде білікті қызметкер ретінде менеджер жаңа ұғымы пайда болды. Бұған барлық бөлімдерді басқарушы жетекшілер, жарнама менеджерлері, өнімдерді тиімді сату қызметтеріндегі менеджер – мамандар кіреді.