Тақырып. Аударма алды мәтін талдау пәніне кіріспе
Мақсаты: бастапқы мәтінге аударма алды талдау жасай алу қабілетін дағдыландыру мен қалыптастыру болып табылады.Әртүрлі мәліметті жеткізудегі тілдік құралдары пайдалануда екі тілдегі тілдік категориялар мен лексикалық және грамматикалық жүйелердің ұқсастығы мен айырмашылықтарын ажарыта білу.
Кілт сөздер: мәтін, бастапқы мәтін, аударма, түсінік, тілдік категория.
Жоспар:
1 Аударма тұрғысынан мәтінге салыстырмалы талдау жасау
2 Берілген тілдердегі мәдениетаралық ерекшеліктерді ескере білу.
Ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз. Осыған орай, ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне берудің түрлі әдіс-тәсілдері де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғышарттар қатарын құрауда. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздер мен олардың қазақ тіліндегі баламаларын тексеру бүгінгі тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ.Себебі еліміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде.
Аударма саласында еңбек еткен ғалымдардың әрқайсысы оны әр қырынан қарастырған. Мәселен, А.М.Алдашева аударматану ғылымының негізгі міндеттері мен “аударма”, “баламалылық” ұғымдарының мәнін ашып, аударма мәтінге қойылатын талаптарды анықтап, аударма сапасының көрсеткіштерін белгілеп берді [1,74 б.].
Аударма әдеби шығарма арқылы бір халықтың өмірін келесі бір халыққа таныстыру арқылы екі ел арасында рухани көпір орнатуға ат салысады. Демек аударманың мақсаты-түпнұсқа тілді білмейтін оқырманды аударма арқылы өзге елдің әдет-ғұрпымен, мәдениетімен етене таныстыру. Л.С.Бархударов аударма ұғымына “белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құрылуы” [2, 3 б.] деп, А.В.Федоров: “аударма дегеніміз-өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу” [3, 15 б.] деп анықтама берген. Олай болса, аударма – түпнұсқаның басқа тілде қайта өңделіп жасалуы, тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесі, тіларалық трансформация, сөз жасау өнері.
Ғалымдар аудармаға өзіне тән ерекше талаптар қойып, оның қыры мен сырын аша түсу бағытында еңбек еткен. Мәселен, көркем аударманың өз мәтініне сөз қосып, негізгі ойдан ауытқып кетуге, ал түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз сірестіріп қоюға болмайтындығына ғалымдар бірауыздан келіседі. Бастапқы шығармадағы тілдік, стильдік ерекшеліктерді ескере отырып, оның көркемдік, идеялық қасиеттерін толық жеткізу аудармаға қойылар талаптардың бірі. Осыдан келіп, аудармашыға қойылатын түпнұсқаның мағынасы мен көркемдігін қатар беру талабы туындайды.
Е.В.Бреус аударманы тек екі тілдің байланысы ғана емес, сонымен бірге екі мәдениеттің арасындағы байланыс та көрініс табатын тіларалық қатынас әрекеті деп санайды [4, 19 б.].
Аталған курстың мақсаты бастапқы мәтінге аударма алды талдау жасай алу қабілетін дағдыландыру мен қалыптастыру болып табылады.
Міндеттері:
- Сөз құрастырушы лексема түрлерін аудара білу дағдысын қалыптастыру;
- Тұрақты сөз тіркестері мен терминдерді дұрыс аудара білуге үйрету;
- Грамматикалық құрылымдар мен формаларды біліп, дұрыс аудара білуге дағдыландыру;
- Аударма барысында мәтіндегі іс-әрекетті рет-ретімен дұрыс аудара білу;
- Аударма мен бастапқы мәтін контекстінің бір болуы;
- Аударма тұрғысынан мәтінге салыстырмалы талдау жасау; әртүрлі мәліметті жеткізудегі тілдік құралдары пайдалануда екі тілдегі тілдік категориялар мен лексикалық және грамматикалық жүйелердің ұқсастығы мен айырмашылықтарын ажарыта білу; берілген тілдердегі мәдениетаралық ерекшеліктерді ескере білу;
- Мәтіннің құрылымдық жүйесінің ерекшеліктері анықтау, аударма барысында аударылу қажетті мәтіндегі мәліметті ескеру керектігін үйрету.