Тақырыбы: Ұлттық поэзия және таптық идея

Жоспар:

1. Таптық идеологияны таратқан тегеурінді жырлар

2. Кеңестік кезеңдегі қазақ ақындарының шығармаларындағы утопия түрлері

3. Төңкерістік поэзияның символикасы

4. Алашшыл жырлар

Тірек сөздер:таптық идеология, төңкерістік поэзия, алашшыл утопия, төңкерісшіл утопия, гуманистік утопия.

"Сәуірдің желі емес, дәуірдің желіндей соққан" (Ә.Тәжібаев) 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері онсыз да жүгі ауып тұрған қазақтың керуен-көшінің бей-берекетін шығарған еді. Патшаның тақтан түсуі және большевиктердің билік басына келуін көзі ашық, көңілі алаң зиялы қауым әрқалай қабылдады. Қолына қалам ұстаған азаматтар да кереғар күй кешіп, ойы онға, санасы санға бөлінді.Бұл жөнінде орыстың айтулы ақыны Валерий Брюсов: " Қазан төңкерісі қалың жұртшылықка төбесінен жай түскендей әсер етті. Поэзиядағы құлаққа таныс үндер өшіп қалды", - десе, жазушы Жүсіпбек Аймауытов өзінің "Мағжанның ақындығы" атты мақаласында: "17-ші жылдың февраль төңкерісі қазақ азаматтарына ұлт сезімінің көтерілуіне себеп болды. Ауылда сөйленіп жүрген ұлт қамы, ұлт мұңы іс жүзінде жарыққа шығатындай көрінді. Қазақ азаматы мәре-сәре болды. Төңкерістің болғанына, бостандық туғанына қарық болып кенелді... Осы бағытпен келе жатқан Мағжанның маңдайына Октябрь төңкерісі тақ ете түсті. Ұлт ұранын көтерген алашордашылар қашты. Саясат майданынан табаны ауды"[1, 409], - деп жазған болатын. Кейінгі зерттеушілердің пікір-пайымдары да негізінен осының төңірегінде тоғысады.

1917 жыл оқиғалары ақындарымыздың туындыларында олардың саяси дүниетанымы мен суреткерлік дүниесезіміне, сондай-ақ қаламгерлік қарым-қабілетіне қарай түрліше бедерленіп-бейнеленді. Соған сәйкес өлең өлкесіндегі азаматтық және адамшылық тұғыр-танымның ара жігі де айкындалды. Поэзияның майданында "ұлт" пен "тап" ұғымдарының бетпе-бет ұшырасып, ақырында теке тіреске түсер кезеңі басталды. Ақындардың көбі төңкерісті тәңірдің тартуы, ғайыптан келген ғаламат деп түсінді, түйсінді. Сұлтанмахмұт: «ол - құдайдың рахметі" [2, 120], Бернияз: "хақтың бергені" [3, 44] деп түсінсе, Мағжан:

Көк есігі ашылды,

Жұмақ нұры шашылды,

Келді ұшып бостандық [1,87], -

деп жырлайды. Бейімбет:

Бостандық ойдағы жоқ түсті көктен,

Біз емес алысуға еңбек еткен.

Отырмыз бүйірден кеп ортақтасып,

Біреудің егініне еккен-сепкен [4, 31], -

деп ашығын айтты.

Бостандықты (шындығында, оның алдамшы бейнесін) "көктің сыйы" деп ұғынғандықтан, поэзиялық шығармаларда таң, күн, найзагай, жаңбыр, т.б. сөз-образдардың жиі ұшырасуы заңды.

Сәкеннің "Кел, жігіттер" өлеңіндегі: "Екпін үнді, қызыл сымды домбыраны алайық", - деген жолдар Сәкеннің кімнің күйін күйлеп, кімнің жырын жырлайтынын көрсетсе керек. Ал ақынның тап сүрлеуін таңдағанын осы өлеңнің:

...Жер жүзінде

Бай мен кедей

Шабысқанын айтайық.

...Кедей сүйер,

Байлар күйер

Ауыздан от шашайық [5, 49], -

деген қатарларынан тайға басқан таңбадай байқаймыз.

Бір айта кететін нәрсе: кеңестік поэзияда "қызыл" бояудың "жағылмаған", "жұқпаған" жері жоқ. Жаңа заманға лайық айшық іздеймін деп жүріп асыра сілтеу көркемөнерге де салқынын тигізгені белгілі. Ілгеріде айтқанымыздай, кез келген революцялық рухтағы поэзияны от пен қан ұғымдарынсыз, солардың түр-түсін айғақтайтын қызыл реңксіз елестету мүмкін емес. Сәкеннің "сыр сандығының" аузын ашар кілтті де осы бояудан іздеуіміз сол себепті.

Жалпы, казақ кауымында бай-бағлан мен кедей-кепшіктің қоян-қолтық араласа тіршілік кешіп жатқанын Сәкен мен Сәбит қана емес, басқа ақындар да байыптады. Олардың көбісі әлеуметтік теңсіздікті өз шығармашылықтарында өзекті тақырып ретінде жырға да қосты. "Жары менен сайы тең, жарлысы мен байы тең" заманды бұлардың қай-қайсысы да аңсап-армандады, бірақ қазақты қарама-қарсы екі тапқа бөліп, қоғамды білектің күшімен, найзаның ұшымен өзгертуді қолдап-қостамады. Ұлттық мұратты таптық мүдденің табанына салғысы келмеді.

Әлеуметтік теңсіздікті жеткілікті жырлаған Сұлтанмахмұт «Сарыарқаның жаңбыры» атты өлеңінде кейіпкер-кемпірдің монологы арқылы жауынның кесірінен «тезектің суланып, сүттің пісусіз қалғандығын, арық-тұрақ қойлардың калшылдап тоңып тұрғандығын, таудан аққан бұлақтың суынан жағасындағы үйлердің құлап жатқандығын» (күйзеліп-күйреген қазақ ауылы дей беріңіз) көрсете отырып: Жаңбырдан соң көгерген Сарыарқадай, Бостандықтың күшімен көгерсін ел [2, 120], -деп халықты белсенді қимыл-қарекетке шақырады.

Осылармен қатар, «алаш» ұраны көтерілген тұста ел ішіндегі серпіліс пен сілкініс рухының көрсеткіші іспетті - жұмылуға, жорыққа, жауынгерлікке үндеген екпінді де еңселі жырлар дабылға дабыл қосып жатты. Олардың жұртшылықты қайрауға, қанаттандыруға әсері аз болған жоқ. Ал енді осы дүбір-дүрбелеңнің арасында төңкеріс арқылы қазаққа теңдік пен тәуелсіздіктің, бостандық пен берекенің әп-сәтте келе қоятынына күмән-күдікпен қарағандар жоқ па деген сұрақ туады. Оған жауап: әлбетте, болды.

Бодандық бұғауынан босанудың, құлдық қамытынан құтылудың ауылы алыс екендігін біреу күні бұрын, біреу кеш сезінді. Әсіресе, Қазан төңкерісінен кейін үміт пен үрей қосақтасқан көңіл-күй, сарыуайымшылдық сарын, тіпті торығыс пен түңіліс көпшіліктің сана-сезімін тұмшалап тастады. Ақпан тудырған албырттық пен адуындылық су сепкендей басылды.

Тәжірибесі толық, танымы тұңғиық Шәкәрім ақын өзінің «Бостандық туы жарқырап» атты өлеңінде «Қазақтың ендігі күні не болмақ?» дейтін сауалдың төңірегінде парасатты пайым, байыпты болжам жасайды, өз сөзімен айтқанда, «шамалап бал ашады». Оның ойынша, қазақтың бостандыққа талпынысының баянды болуы - неғайбыл нәрсе. Өйткені:

... Орыс әзір тына алмас,

Орнығып жұмыс қыла алмас.

... Бірін-бірі сабалап,

Бірі шығар үстіне... [6, 183-184], -дейді.

Олардың талас-тартысы жалғаса берсе, қазақ «екі нардың арасындағы шыбындай» өлімші хәлге түсерін топшылайды. Шәкәрімнің бұл жерде «екі нар» деп отырғаны - сол алмағайып тұстағы «қою өкімет», яки Ресейдегі өзара мүйіз қағыстырған бітіспес екі саяси әлеуметтік күш. Ақын казақ қауымының солардың шылауында кетуінен көрегендікпен қауіптенеді. Себебі алаш жұртында отаршылдыққа қарсы төтеп берерлік «қару, өнер, тіс» жоқ дейді.

Қазан төңкерісінен соңғы антиутопиялық көңіл-күйді өлеңдеріне арқау етіп, керемет сезімталдыкпен және сұңғылалықпен жырлағандардың бірі - Ғұмар Қараш. «Тұрымтай» жинағына енген бір ғана «Неден қорқам?» өлеңінен-ақ ақынның дәтке куат, дертке шипа көрген ұлттык арман-аңсарлардан адасып қалып, жабыққан жанын, жетімсіреген жүрегін байқауға болады.

... Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Тап туды, мезгіл жеттің деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам...

... Теңгеріп жарлы, байды, құрып жұмақ,

Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам [7,123], -

дейді ақын. Ғұмар қазақтын ауылына шақырылмаған қонақтай күтпеген жерден кіріп келіп, капыда қалдырған «бейбауырмал» төңкерістің елге ырыс-ырзық қондырарына сенімсіздікпен қарайды. Ақынның пікірінше, «ұжмақ көктен жерге енбек емес". Және табиғаттың заңына сәйкес, «ұл тусаң да, қыз тусаң да - өзің тууың керек" дейді. Сондықтан қазақтың бөркін аспанға атып, бос қуанып күтіп жүргені - «жерұйық» емес, «көзге елестетіп көрінген сағым» ғана.

«Ұлы Октябрь революциясының дауылды толғағы Қазақстанда Сәкен Сейфуллинді туды да, жаңа дәуірдің жаңа жырларын бастауды, заманның жаңа шындықтарын жаңа теңеу, тың образдар арқылы айтуды, сөйтіп қазақ поэзиясында лирикалық жаңа үлгілер жасауды, яғни советтік дәстүр салуды сол Сәкенге тапсырды» [8, 68], - деп жазды Ә.Тәжібаев «Қазақ лирикасының тарихынан» атты монографиясында.

Ақиқатын айту керек, Сәкен Сейфуллин төңкеріс, тап қозғалысына бүйірден қыстырылып, білмей қосылған жолбике, жырымшы емес, соның жолына құлай беріліп, қайраткерлігін байқатқан ерекше тұлға еді; бұл бағыттағы идея оның шын сенімінің, шынайы сезімінің діңгегі болғандығы тарихи шындық. Сәкеннің осы орайдағы бүкіл арман-аңсары өзі ойлап тапқан қызыл күн бейнесімен байланысты. Түрмеде жатқан кезінде ол: «Болса да алыс кызыл күн, Шұғыласын шашты алтындап» [5, 59], - деп көкжиекке үмітпен көз тіксе, азамат соғысының қиын-қыстау шағында: «Жарқырап жерге түскен кызыл күнді Бұл күнде қара зұлмат басқаны рас» [5, 65], - деп торығады. Ойдағы мақсаттың орындалуы да осы образбен былайша беріледі: Мінекей, енді тілеген Қызыл күнге жеттік біз [5, 78]

Сәкен өлеңінің кейіпкерлері әуе кемесінде ұшып бара жатқанда «қызыл күнге қол созады» («Аэропланда»), оның «не өлмек, не азаттықты көрмек» аллегориялық кұсы «толғанып қызыл күнге серт қылады» («Қара бүркіт»). Ақынның суреттеуінде пролетариат көсемі Ленин – «Адамзатқа қараңғыда жол салып, Қызыл күнді алыстан дәл көздеген жаңа түрмыс жасаушы».

Сәкен поэзиясындағы қызыл күн- таптық тұрғыдан түсінілген жарқын, жасампаз болашақтың балама бейнесі, революционер ақын идеалының айшығы.

Төңкерістің қазақ коғамын мүлде басқа бітімдегі өмірге бет бұрғызғанын мойындауға мәжбүр болған, бірақ алашшыл көзқарасынан айнымаған Мағжан: «Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, абылайша қалып, бәріміз сиятын боз орда тігілер. Бұл - келешек. Әзірге баспана - абылайша [1, 258], - депті. Осындағы боз орда- ертеңгі заманды елестететін, қазақы ойдан қорытылған образ.

Сәкеннің қызыл күні де, Мағжанның боз ордасы да болашаққа қарым-қатынасты білдіргенімен, екеуінің тасасында тұрған мазмүн-мәністің басқа-басқа екендігі тағы белгілі.

Төңкерісшіл поэзия ә дегеннен өзінің «дүниетанымдық диктатурасын» орнатуды ойластырып, жақсы мен жаманның арасын тек таптық схема тұрғысынан ажыратты.

Сәкеннің ойы таптық ынтымақтастықты тиянақ тұтқан интернационализм қағидасына сай құрылған. Енді мәселенің байыбына бару үшін - жоғарыдағы жолдарды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1912 жылы қағазға түскен «Ұлт» атты бір шумақ өлеңімен салыстыралық:

«Кәпір» де бар, «мұсылман» бар - барлығы адам,

Оларды алалайтын қандай надан ?!

Өнер, білім, әділет кім қолдаса,

Қай ұлт болсын - бәрі бір бауыр маған! [2, 60]

Екі ақын да діни және ұлттық алалықтан алшақтап, бүкіладамзаттық бауырластықты көкке көтереді; бірақ әрқайсысы - өзінше. Шартты атаулармен атасақ, Сәкеннің интернационализмі «барлық жарлыны» ғана біріктіретін - таптық интернационализм, Сұлтанмахмұттың интернационализмі - адам баласын «өнер, білім, әділет» арқылы өлшейтін, казақтағы бастауы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетінде жатқан гуманистік интернационализм.

1920-30 жылдардағы кеңес қазақ поэзиясы тапшылдықты пір тұтты. Сәбит Мұқанов өз сезімін: "Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан, Тапты шакқан бесікте мені шаққан. Сап-сары ала, сап-сасық жөргекте де «Іңгә» орнына уілдеп «тап» деп «жатқам», - деп әсірелесе, «Кедей деп туғам, кедей деп өлем...» деп жырлаған Б.Майлиннің ақындық, азаматтық декларациясында былай делінді:

Сенің зарың - зарлайтыным өмірде,

Сенің арың - арлайтыным өмірде.

Сен не көрсең, мен де соны көрмекпін,

Белді буған - ауырға да, жеңілге [4, 46]

«Тап жауларын талқандаудың жоспары» алашшыл әдебиетшілерді ожарлықпен айыптау, ортадан аластау ісін де қамтыды. Олардың шығармашылығы бірте-бірте шетке шығарылып, ақырында аяқ асты етілді. Бұл үшін алуан түрлі айла-амал, шара-шарғы колданылды. Айталык, 1929 жылы Сәкен «тап дұшпандарына» деген көзқарасын көрсету мақсатында Мағжанның «Мені де, өлім әлдиле» атты символистік өлеңін пародиялай отырып, «Пролетариат» атты туынды жазды. Тағдыр-талайсыз қазақ қоғамының тіршілігін тұспалдаған Мағжан шығармасы: «Қажыдым енді, күш бітті, Көңілсіз, салқын, күн бұлтты, Жел бұйығып тербелген. Әлдекімнің өлгенін, Оны қалай көмгенін, Әңгіме ғып күңіренген" [1, 154], - деген пессимистік көңіл-күймен басталса, Сәкеннің пародиясы бұған кереғар - жеңген жақтың оптимизміне толы:

Билеген шаттық өмірді,

Күн де бүгін көңілді,

Толқындап жел келеді.

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін

Әңгіме қылып күледі.

Бетімді, жел, күле сүй,

Ол - өлім күйі, қызық күй,

Балқиды жаным бұл күйге.

Жауларды, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле [5, 197]

Төңкеріс ақыны «тап жауын», «кулактарды», «байларды», «сол ақынды», «бөгеттерді», тап жолында тұрған кедергілерді - түгелдей «өлімге әлдилетеді».

Таптық қарсыластық, қаржастық көркемөнерде «ескі» мен «жаңа» арасындағы тартыстың аясында таңбаланды.

Көнені қирату (Сәкен: «Бұрынғы қу тәртіп бұзылсын»), жаңаны орнату (Сәкен: «Болмағанды болдырайық дүниеге, Жаңа тұрмыс қара жерге жасайық") - революциялық поэзияның шешуші пафосы. Осы ретте алашшыл әдебиет пен төңкерісшіл әдебиеттің арасындағы бір принципті бөгделік байқалды. Алаш ақындары бүгінгіге - бұрынғыны, ал төңкерісшіл ақындар керісінше -бұрынғыға бүгінгіні карама-қарсы қойып суреттеді. М.Базарбаев 1920-30 жылдар поэзиясы туралы жазғанда: «Қазақ ақындарының басты бейнелеу тәсілдерінің бірі өткен мен қазіргіні салыстыра жырлау әдісі болды. Өткен өмірдің қараңғы, томаға-тұйық, әділетсіз жақтарын айта отырып, оған жаңа өмірдің артықшылығын, халыққа берген жемісін қарсы қоя жырлады. Лирикалық шағын өлеңдерде болсын, көлемді поэмаларда болсын, алдымен осы жаңа өмірдің артықшылығы өзекті тақырып болып келді" [9,77], - деді.

Кеңес платформасына көшкен ақындар «тұрмыс жұмағының» (Б.Майлин) орнап қойғандығын немесе жуық арада орнайтындығын жұртшылықтың санасына жырмен сіңіріп жатты. «Бұл жарық дүние басқаға (буржуйға, байға, манапқа, т.с.с.) тиесілі емес, бізге (жұмыскерге, кедейге, жалшыға, т.с.с.) тиесілі» деген қалыпқа түскен қағида тұрақтанды. Бейімбет «сорлы кедей баласын»: Сен - еркесі, бұл ғаламның қожасы! [4, 46], -деп қуантса, советтік жас жеткіншекке Сәкен: "Аспан да, жер де сенікі, Бар дүние қолыңда" [5, 113], - деп сенім ұялатады. Ал Ілияс жалпы жалшылар атынан ("Біздікі"): Мал да, жер де, ел де, үкім де біздікі! [10, 188], - деп жар салады.

Сөйтіп, таптық идеологияны таратқан тегеурінді жырлар қазақ
қоғамына, қала берді жер жүзіне «намысы бір нашардың
балалары» (С.Сейфуллин) үстемдік етуі керек деген
пікірді жалаулатты.

2. Большевиктер билік басына келіп, орыс отаршылдығының кеңестік кезеңі кіргеннен кейін қазақтың кәсіби ақындарының шығармашылығында утопияның үш түрі байқалды.

Біріншісі - алашшыл,сол күннің сергелдең, сандалма күйінен таяныш-тыншу таппай, аталар рухын аңсаған ұлттық-романтикалық утопия. Осы әлеуметтік әуезді жыр желісіне айналдырған Мағжан:

Өткенді мақтар әр адам,

Білмеймін өткен алтын ба?

Болмаса, мақгау өткенді

Адамзаттың салты ма?

... Жалғаны жоқ, адамнан

Жаңаны мақтар санаулы.

Heдұрыс шығар, не теріс,

Әйтеуір өткен - аяулы [1, 86-87], -

деп мәселенің тереңіне тартып, қазақ тарихының даңқты тұстарынан, дәріпті тұлғаларынан шабыт алды «Қорқыт» (Алтай дәуірі), «Батыр Баян» (Абылай заманы) поэмалары, түркішілдік тақырыбындағы жырлар (Тұран, Алтай-Орал, Түркістан кезеңдері; Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Ұлықбек, т.б. бейнелері), «Еділде» (Алтын Орда мезгілі; Әз Жәнібек, Асан Қайғы образдары, т.с.с). Бұл өткен өмірді көзсіз көксеу емес, ақынның өз сөзімен айтқанда, «жасыған елдің жанына үміт салу» болатын.

Екіншісі - төңкерісшіл, басы ортағасырлық иудео-христиандық дінбұзарлықта, берісі француз утопистерінің социалистік идеяларында жатқан, Еуропадан орыс ойшылдарының еңбектері арқылы "экспортталып" келген коммунистік утопия (қазақ кеңес поэзиясының өкілдері).

Үшіншісі - гуманистік - алашшыл да, төңкерісшіл де утопиялардан - бәзбір белгілері ұқсас болғанымен - түпкі табиғаты бөлектеніп түрған, озбырлық пен ойранға толы ортадан қашып, адам теңдігін армандаудан, әлеуметтік әділдікті әспеттеуден туған, «ар азығына» сүйенген гуманистік утопия. Мұндай утопияның көркемдік кескіндемесінің авторы - Сұлтанмахмұт Торайғыров («Қарағай да қайғырып», «Ғайса кім?», «Өң бе, түс пе?», «Кезек қашан келеді», «Heгe жасаймын?» т.б. өлеңдері, «Адасқан өмір» поэмасы, «Социализм» мақаласы). Ақынның осы орайдағы идеалы мынадай болып келеді:

Мен ғашықпын көруге әділдікті,

Тегіс қылып көркейген өмір түсін.

Ол өмірде бірде-бір алдау болмас,

Жағынып, арды ақшаға жалдау болмас.

Ешкімнен достык таппай, қастық көріп,

Бар адамды сайтан деп, қарғау болмас.

Қара күштен жеңіліп, қайғы басып,

Өлгісі кеп, өмірден зарлау болмас.

Адамдағы жан, қуат, тапқыр, талант,

Гүл шашпай, жеміс бермей қалмау болмас.

Әркімнің қандай іске таланты бар,

Өмірін, күшін соған салмау болмас.

Жаратылыстан керегін әрбір адам

Еңбегімен алуға бармау болмас... [2, 177]

Үш әлеуметтік-эстетикалық платформаның принципі айдан анық: алашшыл утопияның ұйтқысы - «ұлт», төңкерісшіл утопияның негізі - «тап», гуманистік утопияның ұстыны - «адам».

Әсіресе, төңкерісшіл утопияның тууы қазаққа тосын, тың құбылыс еді; бірақ заңды болатын. Оның төстабанында не жатқанын Т.Кәкішев былай көрсетіп береді: «Қазан төңкерісінің дүрмегіне ілескендердің қай-қайсысы болмасын көпшілікті қызықтырған идея соңына түсті де кетті. Бұл идеяның «бұрын езіліп, тапталған, қорлық-зорлықты көп көрген еңбекшілерді, кедей-кепшіктерді дүниенің әміршісіне айналдырамыз» деген ұранның тартымдылығы күшті болды..." [11, 201]. Революцияшыл рухтағы утопияның жарыққа шығып, өмірге жол шегуінің осындай обьективті себептері болды. Бұл - түбірімен жаңа таным, жаңа түсінік жаңа әдебиетшіні жасады.

3. Төңкеріс идеясын тұтынған поэзияда отжәне күн ұғымдарымен бірге, темір символикасы да кеңінен көрініс берді. Жұмысшы табының жыршылары жаңа заманның бетбейнесін зауыт, фабрика, автомобилъ, поезд, трактор, аэроплан, т.б. машиналық өндіріс атрибуттарымен қоса қабылдады; пролетариаттың еңбек құралдары - балға, қайла, күрек, қашау т.с.с. өлең өрнегінен өз орындарын ойып алды. «Темір» («шойын», «құрыш») сөзі жаңа жолдағы адамның тұлғасын сомдағанда да тың тіркестерге түсті. Мысалы, Сәкеннің жұмыскері – «түсі суық, тәні шойын, «жалаңаш», егіншісі – «сіңір дене құрыштай». Ақынның жұмысшы қыздарының сипаты да сондай –«денесі күшті темірдей» («Маржан»), «қолы - күшті, білек - батыр, жұмыр шойын темірдей» («Біздің Сәуле»). Әлбетте, бүгінгі күні көз алдымызға әрі кетсе совет дәуірінің символы - бұлшық еттері сыртқа теуіп тұрған, қолдарындағы орақ, балғаны айқастыра көтерген жігіт пен қызды кескіндеген ескерткішті келтіретін бұл образдарды мінеп-мұқатқаннан гөрі, өз кезінде тың талғамға тәрбиелеген пролетарлық эстетика талабы тұрғысынан түсіндірген жөн. Бірақ бұл идеялық-көркемдік ұстанымның жалпыға бірдей жайылмағаны, жақпағаны тағы рас.

Таптық әдебиеттің ең осал, олқы жері – «тәк-тәкпен» жүріп,
алдын-ала белгіленіп берілген шырмау-шектен артық аса
алмайтындығы. «Әдеби іс ұйымдасқан, жоспарлы, біріккен социал-
демократиялық партиялық жұмыстың құрамдас бөлігі болуға тиіс»
деген лениндік байлам бойынша көркемөнер өзінің табиғатына тән
эстетикалық плюрализмнен көз жазды; марксизмнің қағидаларына
қайшы келетін шығармаларға жол мықтап жабылды. Кеңес
өкіметінің алғашқы он бес жылының ішінде жарыққа шыққан -
РК/б/ П Орталық Комитетінің «Пролеткульт» туралы хаты (1920, 1
желтоқсан), «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты
туралы» қарары (1925, 18 маусым), БК/б/П Орталық Комитетінің
«Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысы (1932, 23
сәуір) әдеби үдерістің барысын, оның ұйымдық мәселелерін
партияның қалауына қарай қақпайлап отырды. Әрине, әдебиетіміздің осы аралықта өзінің ішкі объективті даму заңдылықтарына сәйкес және жеке талантты тұлғалардың қажыр-қайраты арқасында қол жеткізген поэтикалык жетістік-жаңалық-жеңістерін басы бүтін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ партияның пәрмені, сондай-ақ шығармашылықтағы тұрпайы социологизммен тұсалған сана ұлт тағдырының өткір, өзекті мәселелеріне бет бұрғызбады. Жас ақындар ғана емес, жаңа әдебиетімізді өрге сүйрелеп, көркемдік үлгі-өнеге шашып жүрген кексе ақындардың бірде-бірі ұраншыл рапорттан, жалған даурықпадан ада бола алған жоқ. Халықтың хал-жағдайы құлдырап, жартысына жуығы (49 процент) аштықтан қырылып жатқанда, санын шапалактап, айғайшыл өлең-жырды жазушылар көбейіп кетті. Жадағай поэзия етек алып, әдебиетіміз нағыз дағдарысқа ұшырады.

«Халық жауларын» әшкерелеген жылдардағы сұмпайы саясаттың, жеке басқа табынушылықтың поэзияға тигізген зиян-зарары - өз алдына бір төбе әңгіме.

Айыптаулар түрі: «нағыз демагогтік үн», «нигилистік сарын», «бейәлеуметтік сезімдер», «дүниеден оқшауланушылық», «өз көңіл-күйіне ден қоюшылық», т.б. Осы «аурулардан» айығу үшін ұсынылған «әдеби рецепт» мазмұны: «Біз поэзияда жаңа адамның батыр тұлғасын, бай рухани дүниесін жырлай білуіміз керек»; «Совет ақынының интимдік лирикасы мен саяси азаматтық лирикасының арасында тым үлкен алшақтық болмасқа тиіс»; «Партия туралы, Ленин туралы, совет халқы туралы, халықтар достығы туралы, дүние жүзінде болып жатқан уақиғаларға Совет Одағының қатысы, көзқарасы, біздің Совет Одағының колониализмге қарсы және бейбітшілік үшін күресі, коммунистік құрылыс майданындағы табыстары туралы совет ақыны үндемей отыруы мүмкін бе?" Яғни кез- келген жыр жинағы міндетті түрде осы тақырыптың біріне арналған өлеңсіз ашылмау керек.

Міне, тапшыл, тоталитарлық қоғамда күн кешкен қазақтың әдебиет әлемінде «ұлт» пен «тап» ұғымдарының жүзбе-жүз келуінің кейбір түйінді сырлары мен тарихи сабақтары осындай.

Тарихи сана әлеуметтік ойлау жүйесінде этникалық тек-төркінді тану ынтасының тірілуіне ықпал етсе, әдебиетте баяғы бабалар рухын сағынтатын өткенді аңсау мотивін күшейтті.

Ағартушылықтың негізгі қағидаларының бірі – «ояну арқылы -
оқу, оқу арқылы – ояну» десек, көркем туындыларда да ұйқыдан
ояну сарыны жетекші орынға шығып, ғылым мен білімді насихаттау
өзекті міндет-мақсатқа айналды.

Бұл кезеңдегі саяси-санаткерлік өмірге тіреу-тұғыр-тұтқа болған ұлттық идеяның концептуалдық көрінісі - Алаш идеясы.

Алаш ұранды поэзияны революциялық от, қан және темір
символикасын таяныш тұтынған пролетарлық поэзия күшпен кейін
шегіндірді.

Бұдан соңғы кеңестік билік кезені өз идеологиясында ұлттық ұмтылыстарды ұдайы тежеумен, тұсаулаумен, тұншықтырумен болғандығы белгілі.

Еліміз тәуелсіздік алған шақта ғана XIX және XX ғасырлар тоғысындағы ұлттық идеялар мен иланымдарды кайта қараудың, басқаша бағалаудың, олардың рухани тағылымын танып-түйсінудің сәті туып отыр.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

1. Жұмабаев М. Шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1989. - 448 б.

2.Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. Т. 1. -Алматы: Ғылым, 1993. - 280 б.

3. Күлеев Б. Айтшы, аққайың. - Алматы: Жазушы, 1969. - 324 б.

4. Майлин Б. Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1986. - Т.1. - 344 б.

5. Сейфуллин С. Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1986. - Т.1. - 344 б.

6. Құдайбердіұлы Ш. Шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 2012. - 361 б.

7. Қараш F. Замана. - Алматы: Ғылым, 1994. - 240 б.

8. Тәжібаев Ә. Қазақ лирикасының тарихынан. - Алматы: Жазушы, 1995ж.

9. Базарбаев М. Көрікті ойдан көркем сөз. - Алматы: Ғылым, 1998ж.-321б.

10. Жансүгіров I. Бес томдық шығармалар жинағы. - Алматы: Жазушы, 1986ж.

11. Кәкішев Т. Кер заманның керағар ойлары. - Алматы: Жазушы, 2001ж.

Дәріс № 29-30

Тақырыбы:Жанрлар метаморфозасы

Жоспары:

1.Әдеби жанр

2.Жанрлар метаморфозасы

Тірек сөздер:метаморфоза,публицистизм, лиризм, жанр мен стилъ, мәдени архетип, риторикалық стиль, индивидуалдық стиль.

Поэтикалық тұрғыдан қарағанда, бір жағынан - батырлық эпоспен және тарихи жырмен, екінші жағынан ғұрыптық поэзиямен (қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау, жұбату, бата, қарғыс) жымдаса жалғасып жатқан тарихи өлең жанрының эволюциясы да халық өмірінің кезең-кезеңінен, сондай-ақ көркемдік ойсана дамуының бағыт-бағдарынан дерек пен дәйек бере алады.

С.Қасқабасовтың дәлелдеуінше: «Қазақтың тарихи өлеңдерінің даму ерекшелігі - олардың әйтеуір белгілі бір дәрежеде азаттық қозғалыстармен байланысты болып келетіндігінде». Шындығында да, бұл жанрлық туындыларда ХҮШ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына («Елім-ай»), XIX ғасырдағы Қоқан мен Хиуа экспансиясына («Қоқан ханына Жанкісі жыраудың айтқаны», «Ақмешітті алғанда айтылған өлең», Жанқожа батыр туралы шығармалар циклі) және орыс отаршылдығына (Сырым, Бекет, Ерназар, Исатай, Досан, т.б. туралы тарихи өлеңдер) қарсы қимыл-қарекеттер із қалдырған.

Тарихи өлеңдерде бірінші кезекте батырлық эпос пен тарихи
жырдағыдай қаһарманды идеализациялау сарыны емес, нақты орын
алған оқиғаларды бейнелеп-бедерлеу басым келеді. Сондықтан
олардағы суреттелетін жайттар өмір шындығына
бір табан жақын болады да, «өткен заман оқиғаларының ешбір өзге
ресми жазбаларда немесе аңыздарда табылмайтын соны деректері
мен сырларын жария ете алады» (Р. Бердібаев). Оқиғалардың қызуы
қайтпай, табы басылмай тұрған кезде қолма-қол туатындықтан,
тарихи өлең - «оперативтік жанр» (С. Қасқабасов). Ендеше, бұл
жанрдың бойынан публицистизм элементтерінің жиі ұшырасуы
заңды.

Тарихи өлеңдердің кіндік кейіпкерлері де - қаншама батыр болғанымен, кәдімгідей «ет пен сүйектен» жаралған жандар. Олардың жүріс-тұрысы мен мінез-құлқының сипатталуы (қуануы, қайғыруы, күлуі, күйзелуі, қаһарлануы, қорқуы, т.б.) көбіне өмірдің өзіндегідей. Сол себепті аталмыш жанрда лиризм мол кездеседі.

Тарихи өлеңнің нағыз толысып, тыңайған тұсы - XX ғасырдың басы, дәл атап айтқанда, 1916 жылғы көтерілістің кезі.

1916 жылғы көтеріліс шығармаларында фольклордың, авторлық ауызша әдебиеттің, жазба әдебиеттің, сондай-ақ публицистиканың сипаттары өзара түрлі жағдайда түйіседі.

Тарихи өлеңнің - мазмұны мен функциясы қайта жаңғырған
бұрынғы формаларымен қатар - жаңа жанрлық түрлері (сәлем хат,
күнделік, үндеу-үгіт) дүниеге келді.

М. Дулатұлының «Тұңғыш құрбан», С. Торайғырұлының «Нұрекеңе» секілді тың тұрпатты шығармалары - жоқтау үлгісіндегі арнаулары да азаттық күресінің көрігінен ширығып шықты. Бұлардың негізгі идеясы - Алаш жолында құрбан болғандарды қадірлеп-құрметтеп, солардың аруағын асыру.

Төл топырағымыздың табиғатына сай, М. Жұмабайұлы мен
Б. Күлейұлы шығармашылығы арқылы шырайын ашқан қазақ
символизмінің көркемдік таным мен талғамға, сондай-ақ ұлттық
рухтың қыртыс-қабаттарына қосқан жаңалықтары да жойқын.
Әдетте символист ақындардың өлеңдеріне ат қойып, айдар тағатын
тұста сәл кідіріп қаламыз. Себебі олардың көптеген дүниелерін
қалыптағыдай «табиғат лирикасы», «махаббат лирикасы», «саяси
лирика»... деп нақтылай салу, қалауыңа иіп көндіру қиын-ақ.
Сондықтан өн бойында мистика белгілері, оккульттік түсініктер,
діни нанымдар, философиялық қағидалар, ғылыми ұстанымдар,
өмір бедерлері, тағысын-тағылар органикалық үйлесіммен бітісе
сіңісіп жатқан күрделі символистік туындыларға Эллис кезінде
эзотериялық лирика деп анықтама беріпті. М. Жұмабайұлы мен
Б. Күлейұлы қазақ әдебиетіне эзотериялық лириканың ұрығын шашты.

Қазақтың XX ғасыр басындағы ұлттық жазба поэзиясы мен фольклорының өзара әсерлесуі бұрын-соңды болмаған құнарлы, қазыналы өрістер ашып, болмысты бейнелеудің көркемдік көкжиегін әлдеқайда кеңейтіп берді.Қазақ әдебиеті - бүкіл жер жүзілік әдебиеттің жанды бір бөлшегі.

Дәстүршіл әдебиет поэтикасында жанр мен стилъ категориялары үстемдік етсе, дара шығармашылдықтың көркемдік жүйесінде автор категориясы шешуші міндет атқарады.

Қазақ әдебиетіндегі көркемдік сананың даму сипатын даралаған оған тән өзгеше, өзіндік феномен - фольклор мен жаңа жазба әдебиеттің арасында ауызша авторлық әдебиеттің «делдалдық» жоралғы жасағандығы.

Қалай болғанда да, көркемдік ойдың ілгерілеуі риторикалық стилъді ауызша әдебиеттен индивидуалдық стильді жазба әдебиетке қарай жүрді.

Әлбетте, осының бәрі ұлттық идеялардың қазақ поэзиясында көркем бейнеде көрінуінің алуан арналы, сан сипатты болуына септігін тигізді.

Бұдан бөлек, әдебиеттің ішкі және сыртқы болмыс-бітімінің өзгерісіне объективті-тарихи факторлар да едәуір ықпал етті.

Сөз өнерінің тіліне ұлттық-ұжымдық төлсананың қатпар-қыртыстарында жасырынып жатқан мәдени архетиптердің енуі де тиесілі таңбасын түсірді.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

Негізгі әдебиеттер:

1. Елеукенов Ш. «Әдебиет және ұлт тағдыры» . Алматы. Жазушы, 1997ж.

2. Қалмырзаев Ә. «Ұлттық идея» Астана, Елорда, 2007ж.

3. Шапай Т. «Шын жүрек-бір жүрек» Алматы, Жазушы, 2000ж.

4. Кәрібоз Б. «Беталыс» Алматы, Жазушы, 2005ж.

5. Шәріп А «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» Алматы, Рауан, 2000ж.

Қосымша әдебиеттер:

1. Еспембетов А. Сұлтанмахмұт Торайғыров А., 1992

2. Әбдіманов Ө. Қазақ әдебиетіндегі ұлт-азаттық идея. Алматы:- Қазақ университеті, 2007ж.

3. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті А., 1993

4. Қазақ әдебиетінің тарихы, 6 томдық. 2 том, 2-кітап. А., 1965

5. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы А., 1994

6. Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері А., 1995

7. Нұрғалиев Р. Ахмет Байтұрсынов А., 1991

8. Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі А., 1966

9. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев А., 1990

10. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет А., 1994

11. ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары А., 1982

12. Әуезов М. Әдебиет тарихы.-Алматы:Ана тілі ,1991.-240б.

13.Ергөбек Құлбек ХХ ғасыр басындағы әдебиет Алматы 1994ж 352 бет

14.Кенжебаев Б. 1916 жылғы көтеріліс жырлары туралы. Алматы, 1956, 29б.

15. Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда.-Алматы: Санат.-1996.-244б.

16.Тілепов Ж. Тарих және әдебиет.-Алмаьы: Мектеп, 1967.-430б.

17.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы.-Алматы: Санат, 1997.-928б.

18. Ай, заман-ай, заман-ай А., 1994

19. Байтұрсынов А. Шығармалары А., 1989

20. Дулатов М. Шығармалары 5 томдық. А., 1991

21. Құдайбердиев Ш. Шығармалары А., 1991

22. Торайғыров С. Шығармалары 2 томдық А., 1993

23. Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет.- Алматы:ҒБО,2001.-448б.

46. Абай және ұлттық идея (ХҒТ конференция материалдары) Астана, 2005ж.

Әбдіғазиев Б. Асыл арна. А., 1992

25. Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы.-Алматы, Білім,2000.-368б.

26. Бес арыс Құраст. Д.Әшімханов А., 1992

27.Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет Астана Фолиант. 2002ж.

28. Алаш ақиықтары. 5 том. Құраст. Жұртбай Т. Алматы, Алаш 2006ж. 29.Болатбек Төлепберген. Мәңгі жас Алаш идеясы. Алматы 2008ж. 30.Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов. Астана Елорда 2005ж.

30.Путилов Б.Н. Методология сравнительно-исторического изучения. -Москва, -с.1978 31.Чистов К.В. Народные традиции. -Ленинград, 2013г. -с.305 32.Фольклор и этнография. -Ленинград, 2007. -с.199 33.Артықбаев Ж. О. Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам.-Қарағанды, 2005. -399б. 34. Соколова В.К. История казахской литературы как историко-этнографический источник.Советская этнография. Москва, 1960. № 4, Москва: Наука, 1971. -351с. 35. Ақпанбек Ғ. Қазақтардың дүниетанымы. - Алматы: Қазақ университеті, 2012ж.-456б. 36. Public Folklore, 3rd edition. Author(s): Sirakouli, VC (Sirakouli, Vasiliki Chr.), Peretti, D (Peretti, Daniel) Source: Jornal of Amerikan Folklore Published: Win 2013. 37. Printed Media and Popular Culture: Studies in Contemporary Folklore Author(s): Kastrinou, Maria A. Source: Folklore Published: Apr 1 38. Encyclopedia of Women's Folklore and Folklife. Author(s): Pershing, Linda, Published: SPR 2013. 39. Envisioning Folklore Activism Author(s): Kodish, D (Kodish, Debora) Source: Jornal of Amerikan Folklore Published: Win 2011. 40. Folklore should be published by Folklorists Author(s): Azbelev, SN (Azbelev, SN) Published: 1988. 41. 'Hibridismus'. Istria, Folklore Studies ('Volkskunde') and Cultural Theory. Author(s): Johler, Reinhard. Source: Zeitschrift fur Volkskunde Published: 2012.

Наши рекомендации