Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы

Серігім жалғыз Әупіш, қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойында арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.

Неше жыл бірге жаттың меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неден?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен,
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен.

Ол айтты: «Кетем деген ойымда жоқ,
Киім бүтін, қайғысыз, тамағым тоқ.
Бірге жүріп, бір жусап, үйір болдым.
Айрылсам, жүрегімде жанбай ма шоқ

«Адалсың, жүрегіңді айтпай білем,
Елсізде енді жалғыз өзім жүрем.
Адам еркін байлауды ар сүймейді,
Өлгенше еңбек етіп, өмір сүрем».

Мінезімді білетін адал жолдас
Айтқаныма «құп» деді, бұрмады бас.
Аттандырып саларда амандасып,
Еріксіз шығып кетті көзімнен жас.

Оның жоқ тілегінің алалығы,
Менімен бірге өткен балалығы.
Ықтиярсыз кезімнен жас шығарған —
Қаяусыз ыдысының тазалығы.

Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді?
Еңбегімен күнелткен, сырға берік,
Ұнатпайтын орынсыз елігуді.

Әупіштер ғой өсірген малын байдың,
Еңбегі — жемі болған қомағайдың.
«Адалдық —борышым» деп санайтұғын,—
Бар ниеті Әупіш пен Том ағайдың.

...Көзіме елестейді құлдық дәуір,
Адамды «құл» деген сөз маған ауыр.
Шын ойласам екеуін салыстырып,--
Том ағайдан Әупіштің несі тәуір?

Том ағайды сатады базарға айдап,
Көнбесе, басын алар, қылыш қайрап.
Еркін байлап отырмын мен де Әупіштің,
Босаттым оны елге осыны ойлап.

Әупішті ұмытпаймын өлгенімше,
Не оны, не ол мені көмгенінше.
Барлығын шаруамның өзім қылам,
Қажымаймын кәрілік жеңгенінше.

«Әупіш аға»—дейді оны балаларым,
Сыйлайды деп тек ата-аналарым,—
Жанының сырын олар сезе алмайды,
Мен көрем оның артық бағаларын.

Білу қиын сырласпай біздің жайды,
Көлеңкеге пішкен тон жараспайды.
Адам үшін арымен ойламаған
Жүксіз, ойсыз жүктімен санаспайды.

Тату тұрса, адамға дүние кең,
Еңбек ет, жер жеткілік береді кен.
Адамның адал ұлы болам десең,
Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең.

Бостандық туы жарқырап

Бостандық туы жарқырап,
Еркіндік суы сарқырап..
Байқұс қазақ осыдан
Қана ала ма бас құрап.
Ата-анасыз жас бала,
Денесінде көн жара,
Қайраты жоқ, ес шала,
Құр жылайды барқырап,
Жаратқан жәрдем етпесе,
Өз өнері жетпесе,
Тағы да қуып кетпесе,
Сақа айғырдай арқырап.
Құлдықтан жоқ құтылған,
Еркіндігі ұмытылған,
Берік байлап, тұтылған,
Бекітулі шартарап.
Тұла бойы қотыр ғой,
Қозғала алмай отыр ғой,
Әр өнерден жетім ғой.
Кім өсірер арқалап?
Моншағы көп мойында,
Ол әркімнің ойында...
Бұл еркіндік тойында,
Кетер екен кім талап?
Бірлігі жоқ ел өзі
Көрсеқызар мінезі,
Белгілі ғой тым езі,
Жұта алмайды ау құр жалап.
Енді өмір не болар,
Күн туа ма оңалар—
Түзелер не жоғалар,
Бал ашайын шамалап,
Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі,
Не болады орысы,
Соны ойлайық бағалап.
Патсалық енді тірілмес,
Бұлайша билеп жүрілмес,
Николай ісі білінбес,
Айтқаным емес табалап.
Орыс әзір тына алмас,
Орнығып жұмыс қыла алмас,
Болмас па екен тайталас,
Бірін-бірі сабалап.
Бірі шығар үстіне,
Есе тиер тістіге,
Жалынбай ма күштіге
«Ал, қойдым-деп-ағалап».
Бұл еркіндік тым-ақ жас.
Бір қалыпты тұра алмас,
Кейде айығып, кейде мас,-
Бостандықты жағалап.
Бола берсе таласы,
Екі нардың арасы,—
Шыбындай ғой, шамасы,
Өлмей ме қазақ алдалап.
Оған шыдар күш бар ма,
Қару, өнер, тіс бар ма,
Жемтігің қалар тысқарыда,
Қарға мен ит қамалап.
Орнығып, ел билесе,
Ерік берсе, тимесе,
Өз есіңді жи десе,
Қайтер еді бұл қазақ?
Өзінен ұлық сайласа,
Шаруаларын жайласа,
Бостандық туын байласа,
Бұғаудан босап құл қазақ.
Сонда өзі жай жүре ме,
Тыныштық өмір сүре ме,
Таласып иттей үре ме,
Неғылып тек тұр қазақ?
Күншілігі ұмытылмас,
Береке, бірлік тұтылмас,
Деп ойлама құтырмас,
Жай отырмас бір қазақ.
Оқығандар бас болар,
Жас өмірге мас болар,
Үлкенін қылар ол мазақ.
Ысылған ерте сезгіштер,
Алыстан қарап көргіштер,
Еліне мейірім бергіштер.
Зияннан жүрер жасқап-ақ.
Сүйтіп олар күндесер,
Бірін-бірі жүндесер.
«Кел, маған ер, жүр»— десер,
Сонда болар қатты азап.
Мені қорқақ дерсіңдер,
Етімді сүйтіп жерсіңдер,
Кім өз елін өлсін дер,
Бал аша ғой тап-таза-ақ?
Еркіндік елге тисе де,
Берекені ел сүйсе де,
Күншілдік қоймас күйсе де,
Ашылмас біздің қас-қабақ.
«Бұл өлеңді жауып қой,
Балаң «бұлдыр қауіп қой,—
Дегізбексің тәуіп, қой» —
Айтқаның келсе мақтамақ.
Заманды себеп билейді,
Күштіні де илейді,
Кейде әсізге тимейді,
Қоя тұршы сақтап-ақ.
1917.

Наши рекомендации