Перілер ме күйлеген?

Қарапайым ғана зат, көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт - бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қалдырады. Өзіміз оны көзбен көріп, құлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан, яғни айнала өмір, ақынның оны қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді. Әрине, мұндай көркем сөзді - көркем ой тудырмақ. Поэзия шеберінің тәңір табынарлықтай құдіреті өлеңді Абай айтқандай, «теп-тегіс жұмыр» етумен бірге, сезім, түйсікке молықтыруда. Онсыз қайсыбір өлең болса да жай хабарлама, сөзтізбе болып шығатыны анық, «Қысқы жол» деген өлеңінен мына жолдарды оқып қаралық:

Ызғарлы жел долданып,

Екі иінінен дем алып,

Ішін тартып осқырып,

Кейде қатты ысқырып,

Аңдай ұлып бір мезгіл,

Екі санын шапақтап,

Біресе сақ-сақ күледі

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,

Жерді жапқан кебінді

Сүйіп ақырын кұшақтап,

«Әпсүн» оқып үреді.

Мұндағы «екі иінінен дем алып», «ішін тартып», «жер бауырлап жаяулап», «аузы-басы жыбырлап», «жерді жапқан кебінді сүйіп» деген тіркестер қыс, аяз туралы өлеңге қаншама әр, сыр беріп тұрғаны түсінікті. Аяздың ызғарлы болуы, аңдай ұлуы, тіпті сақ-сақ күлуі жаңалык емес, ол бұрыннан бар нәрсе. Ал, оған әлгідей «мінездеме» беру, тірі жандай суреттеу, әрі сол арқылы табиғи құбылыстың жұмбақ сырын көз алдыңа келтіру - ақынның сезім тереңдігін мүлт жібермей көріп-түйгіштігін аңғартады, ал, бүкіл өлең оқушыны керек десеңіз, аты-жөні жоқ бір ерекше құпия күйге бөлейді.

Бір қарағанда бұралаң жол суреті де жеткілікті көркемдік жасап тұрғандай. Бірақ, Мағжан Жұмабаев жазғы, қысқы табиғат көрінісіне өзінің сезім дүниесін қоса жырлайды. «Дала өлік», «Сар дала», «Жапан түз» дегенде жанды табиғатты жоққа шығарып тұрған жоқ, лирикалық қаһарманның сезімі, оның бай қиялы тоғыса келіп, жанды, тірі сурет жасап тұр. Мағжан Жұмабаев романтикалық қуат күшке, фантазияға, қиялға, қанатты ойға ерік берген. Мұны оның бүкіл шығармашылық болмысынан, өлеңдері мен поэмаларынан айқын аңғаруға болады. Мағжан романтикасы оның поэзиясын ажарландыра түседі. «Жазғы жол» өлеңінде жоғарыда келтірілген суретке қосымша, үстеме ретінде айтсақ, алтын шашты пері бейнесі де лирикалық ой-сезімді күшейтіп тұр, таусылмас дала жолында елестесе сиқырлы періште арбай ала жөнелгендей, жыландай созылған ұзын жолға ол елес үйлескен. Жол мен даланы лирикалық әрі романтикалық ретпен осылай көрсету, қазақ жерінің сары жон, ұзақ жол сипатынан алыс емес, қайта, оның сырын аша түскендей. Бұл арада жоғарыдағы Екеудің мақаласынан тағы үзінді келтірелік: «Сыршыл ақындардың ішінде өлеңінің ішкі суретіне сөзінің сыртқы кестесі үйлесіп, маңызды болып шығатын Мағжанның өлеңдері».

Тұтасымен алғанда Мағжан өлендері - қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние. Мұндай абстракциялық ой-толғамдарды Мағжаннан бұрынғы поэзиядан көру қиын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айырықша мол, әр қилы екенін анғарасың, сонан да терең зстетикалық ләззат табасың. Ақынның «Жел», «Толқын», «Көктем» т.б. өлеңдерін оқи отырып, К.Бальмонттың «Я вольный ветер, я вечно вею», «Я в бегстве живу неустанном, в ненасытной тревоге живу» («Ветер»), А.Блоктың: «Ветер налетит, завоет снег» тағы басқа жыр жолдарын еске аласың.

Мен ақынмын - жел жүйрік,

Гуілдеймін, ұшамын.

Мен - ойыншы көбелек,

Көрінген гулді құшамын.

Бүлдірген бетің сұрланып,

Желге сенбе, жас бала!

Сыбырлар, кетер ұрланып,

Шын жары оның - сар дала...

Мен ақынмын, жырлаймын,

Жүрекке жүйрік жел кірсе,

Мен ақынмын жылаймын,

Жүрекке ауыр шер кірсе.

Қарап отырсақ, ерікті, ерке желден басталған ой, ақындық асқақ көңілдің шерімен барып бітеді. Былай қарағанда желдей ескен көңіл шексіз, шетсіз бай сыяқты көрінгеніміен, оның да тоқталар, іркілер жері бар екен: ақын көңілі жай, саябыр, егер жүрекке жылы леп тисе, ақын жаралы, егер көңілге шер кірсе. Осы ойдық бәрін, әрине, басқаша айтуға болады. Бірақ, ақын туған табиғатымен, жаралған жерімен бірге, оның жан-күйі соққан желдің, жарық күннің жаңғырығындай үндес, күндес (күнмен бірге). Сонан да ол «шын жары оның - сары дала» дейді. Ақын жүрегінің де іздегені сол дала, туған дала. Жел сыбдыры мен жүрек сыбыры - бір. Екі табиғи нәрсенің айнымалы, толқымалы жайы - бір-біріне сай, ұйқас. Ақын сол үйлесімнен ләззат тауып, сусындап отыр. «Жел» деген тағы бір өлеңінде Мағжан Жұмабаев:

Мазасы жоқ жел ерке,

Оянып ап тым ерте,

Жорғалай басып кетеді,

Тыныш жатқан түс көріп,

Көлдің бетін кестелеп,

Оны әуре етеді, -

деп жазады.

Желдің өзін айтып отыр екен дейсің. Бірақ, оған осылай мінез берумен бірге мынадай әрекет те береді:

Кәрі орманды оятып,

Бірдеңе деп жұбатып,

Жымиып күліп өтеді

Жұрттан ойын жасырып,

Алқынып өзі асығып,

Қаракат көзге жетеді.

Желге адам әрекетін береді. Тіпті адамға жел кейпін береді десек те - қате болмайды. Қалай да мұны табиғат жайындағы өлең деу қате болар еді. Мағжан өзінің бейнелі ой үрдісіне лайық табиғат көрінісі мен адам мінезінен ұқсастық тапқан. Белгілі «Айға» деген өлеңінен де тіршілік жайын бейнелейтін аллегория табамыз:

Қайғылы ой, тұрсың көкте түсің қашып,

Қайғылы жер жүзіне нұрың шашып,

Жылжисың ақырын ғана қорыққан жандай,

Жүргендей жол таба алмай, бейне адасып...,

Кім білсін, өткен күнің алтын шығар?

Ажарың бейне күндей жарқын шығар?

Көп жұлдыз - әлде күшпен, әлде іспен

Еріксіз артыңа ерткен халқың шығар.

Осылай туған жер, елге деген пұшайман сезімін білдіреді. Ал «Сағындым» деген өлеңінде бұл жайында төтесінен, әрі терең айтылады:

Не көрсем де - алаш үшін көргенім,

Маған атақ - ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем, де алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін.

Мағжан Жұмабаевтың бізге жеткен мұрасы аз ба, көп пе деген сауал туады. Қолымызда бары - 1912 жылы Қазанда басылып шыққан «Шолпан» атты жинақ сонымен қоса белгілі ақын Бернияз Күлеевтің алғы сөзімен Қазанда 1922 жылы жарық көрген «Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері» деген жинақ, сонан соң белгілі партия және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен Ташкентте 1923 жылы басылып шыққан «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері», 1928 жылы Мәскеуде басылған «Жүсіп хан» атты ертегі поэмасы, 1923 жылы Ташкентте «Шолпан» журналында шыққан «Батыр Баян» позмасы және басқа да әртүрлі газет-журналдарда жарық көрген өлеңдері мен поэмаларын атар едік. Ең соңғы айтарлықтай шығармасы - «Еңбекші қазақ» («Егемен Қазақстан») газетінде 1927 жылы жарияланған «Тоқсанның тобы» поэмасы. Әлбетте, бұл уақытқа дейін, ақын шығармаларын жинап, басып шығару ісімен ешкім де шұғылданбаған, әйтпесе, ақын мұрасы бұдан көп мол екені ақиқат. Оларды енді мерзімді басылымдардан іздеу қажет. Мысалға, көптеген өлеңдері, сонымен бірге «Қорқыт», «Ертегі» поэмалары «Ақжол» газетінде (Ташкент) басылған, өзге өлеңдері кітапханалар қоймасында, архивтерде болуы мүмкін. Өкініші сол, 1929 жылдан 1938 жылға дейін айдауда, түрмеде болған кезі мен 1936 жылы М.Горький және Е.Пешкованың көмектесуімен аз уақыт босанған еәтіндегі он жылға созылған уақыт аралығындағы шығармашылығы тіпті беймәлім. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1923-1927 жылдардағы Омбының мұғалімдер семинариясында, Москваның Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқьш жүрген кезіндегі, дүниежүзі және орыс классикасымен терең танысқан шағындағы шығармашылығы да толық бізге жеткен жоқ. Бұл тұста ол әдеби оқу оқып, әр түрлі ағымдарға еліктеп, өлеңдер жазумен қатар, аударма ісімен де айналысқан. М.Жұмабаев оқыған, өзі қанық болған есімдер ішінен Гете, Гейне, Шиллер, Байрон, Пушкин. Лермонтов, Фет, Гоголь, Қрылов, Короленко, Мамин-Сибиряк, Мережковский, Бальмонт, Есенин, Клюев, Брюсевтерді ұшыратамыз, әсіресе, Блок есімін, тағы басқа көптеген қаламгерлердің атын көп көреміз. М.Жұмабаев М.Горькийді аса жоғары бағалап, біразын қазақшалаған.

М.Жұмабаевтың өмір жолын жақсы білетін Сайфи Құдаш келесі бір сөзінде былай дейді: «Қиын да азапты жолының барлық кезеңінде М.Жұмабаев үнемі жұмыс үстінде болды. Рас, бұл оның бар мүмкіндігінен аздау болған да шығар, таланты өз күшіне сай да болмас, бірақ, жұмыс істей білді, ал, бастан өткен бұрылыс-қалтарыстарға ол жалғыз өзі кінәлі емес. Совет өкіметі алғаш орнағаннан кейін, белгілі бір шешімге келе алмай толқыған сәттері болды, бірақ, бұл ұзаққа созылған жоқ. Көп ұзамай Мәскеудің орталық басылымдарының бірінде редакторлық қызмет атқарды. Кейін көп үзамай Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқыды, сол кезде профессорлардың бірі Мағжанды «Қырғыздың Пушкині» деуші еді. Сол жылдары қазақ мектептерінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысты, орыс жазушыларының, В.И.Ленин шығармаларын аудару ісіне де ат салысты. Бұның бәрі де М.Жұмабаевтың қарама-қарсы пікірден біртіндеп арылуына, көзкарастар солқылдақтығынан құтылуға, маркстік-лениндік көзқарастың жолына бір жола бет қойып, тереңдей түсуіне ықпал жасап, жол ашты»1.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Жұмабаевтың ақындық табиғаты Абайға да, онан кейінгі ақындарға да ұқсамайды. Оның қайталанбас қолтаңбасы тұбасалы өзіндік, айрықша екені даусыз. Әрине, өл Абайды білген, оның ақындық тәжірибесіне сүйенген. 1912 жылғы Қазанда шыққан «Шолпан» жинағына енген «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінен, Мағжанның ұлы ақынға қал.ай табынатынын анық көруге болады:

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадан хакім болған сендей жанның,

Әлемнің құлағынан әні кетпес, -

дейді.

1923 жылы Ташкентте жасаған баяндамасында Жүсіпбек Аймауытов Абай мен Шәңгерей Бөкеевтің кейбір өлең жолдарын ара-тұра салыстырады. Мұны түсінуге болады. Өйткені қазақ топырағында, арасы қашық емес мезгілде өмір сүріп, қалыптасқан адамдардың өмірді көріп, ұғуы бір тектес болуы мүмкін. Бірақ, Абайда әлеуметтік, рационалдық уағыз басым. Шәңгерейде әдемілік, сұлулық, келістілікті суреттеу күшті. Мағжан болса, өзі айтатындай, тылсым табиғатпен тілдескендей сиқырлы поэзия жасайды. Баяндама ақынның 30 жаска толуына арналған болса керек. Мысалға «Күз» деген өлеңнің кейбір жолдары Абаймен үндесіп жатыр дегенді меңзейді. Тағы басқа өлеңдері мен бірсыпыра шумақтарды келтіреді. Біз де мына жолдарға жүгініп көрелік:

Қор болдың өнер қумай, қайран елім.

Күш кетіп, талай жаннан көрдің керім.

Сұлық боп жан шығарға тұр таяулап,

Маңдайдан шып-шып шығып өлім терін.

Немесе:

Талапсыз, бақсыз мен сорлы,

Бір ісім оңға бармаған.

Мен не жаздым о ғұрлы,

Тәңірі мұнша қарғаған.

Талпындым, түстім ізіне,

Оңалмайды бір ісім.

Қарамай құлын жүзіне,

Көрсеттің, алла, сен қысым,

Ия, бұл нағыз Абай ғой деп қаласың. Айту, налу түрі, сөз оралымы Абайға ұқсайды-ақ. Ал осы мазмұндас мына жолдарға қаралық:

Азамат! Анау қазақ қаным десең,

Жұмақтың суын апар жаным десең.

Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам тұншықтырып зарын десең.

Немесе:

Қара жылан - қалың ойлар қаптады,

Шыбын жаным барар жерді таппады.

Ойлар жейді жас жүректі жегідей,

Тәңірі ием, таның-дағы атпады.

Тағы бір мысал, енді «Пайғамбар» деген өлеңінен:

Күншығыстан таң келеді - мен келем,

Көк күңіренді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Бұлардың жөні, төркіні басқа екені көрініп тұр. Біз әдейі бесенеден белгілі өзіндік, мағжандық өлең жолдарын келтірдік. Мағжанның өзіне ғана лайық сипатта айтылғаны мұнан көрінеді. Ұқсас оралымдар көреген таланттардың өмірдің қат-кабат қыртысын шамалас ұғуы мүмкін екенін байқатады. Бірақ, қолтаңбалары, әрине, бөлек. Заңды құбылыс.

«Тәңірі» өлеңінен мына төрт жолдың пәрменін аңғармасқа болмайды:

Кеш, тәңірім, сорлы құлға қаһар етпе,

Рақым қыл, бір сорлыны шетке теппе.

Сөз шықты жан ашумен, әділ тәңірім,

Тиген соң ащы таяқ тұщы етке!

Абай айтпаған сөз бе бұл! Айтқан. Сонымен бірге мұның өзгеше, басқаша екенін де мойындау қажет. Мығым, екпінді, тегеурінді. Бұл - уақыттан, заман факторынан. Абай дәстүрінің қайталауы емес, өніп, өрбу, ілгерілеу түрі.

Ақын халық туралы, тұрмыс, жалпы елдің өмірі туралы толғаныстарында бұл тақырыпты дамытады, өрбітеді. Әлеуметтік мәселелерге Абайдай терең бармағанымен, өмір құбылыстарын онан бөліп, аулақ қалдырмаған. Қоғамдағы адам орны, оның жайы, күйі туралы ой-пікірлері көптеген өлеңдерінен молынан керінеді. Егер қайталап айтсақ, Абай адамдардың әлеуметтік теңдіғін бүкіл шығармашылығына арқауы етсе, Шәңгерей үшін өмірдің көріктің жағы, жарасымдылығы - бірінші қатарда тұрады. М.Жұмабаев шығармашылығы әрине, өзгеше, адам тіршілігі мен оның рухы, ой-сезімі қатар жүреді. Адам қоғам субъектісі болумен қатар, табиғат объектісі. Осы мәңгі сыр Мағжанды таң қалдырады, тандандырады.

Әрине, жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік, оқу-ағарту, ғылым-білім, еңбек, енжарлық сыяқты ежелгі ұғым-байламдар Абайда қалай терең көрінген болса, Мағжан да бұл жайлардан тыс қалмайды. Арнайы тақырып етіп алмаса да, қай өлеңіне үңілсек те, өнер-білімге, ізгілікке, жарыққа шақыру лебізі мол табылады.

Көп етпей жыл,

Тек жүрмей, біл.

Ілгергі күнді сағалап.

Үйрен білім жастықта

Білмей өс жанға кастық та!

Бұл өлеңнің мазмұнымен бірге, формасы да Абайша келгенін көреміз. Немесе:

Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.

Қарманған қарап қалмас, деген рас.

Тоқталмай істей білсең батып терге.

Жасынан оқу оқып, өнер-қуған

Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге.

Тағы бір өлеңнен («Осы күнгі күй»):

Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,

Сөз ұқпас, мылқау, меңіреу, жүрген жалғыз.

Көрінбес көзге түртсе караңғыда,

Япырым-ай, қалдық па рас, тіпті таңсыз?!

Осындай сөз арқауы Абайға ұқсайтын, бірақ, жалын лаулаған ашынған жүректен ытқып шыққан шымыр жолдар жиі ұшырайды. Жүрек демекші, Абай көп айтқан сезімдердің біразы осы жүрекке байланысты еді ғой. «Асау жүрек», «жабырқау жүрек», «ет жүрек» және «жүрегім, ойбай, соқпа енді» дейді. Мағжан «Уланған жүрек», «сорлы жүрек», «тілінген жүрек» және «соғады жүрек зорға, келші, тыңда», «Соқпа, сорлы жүрегім» деп келеді. Қайсысында болса да жүрекке артар жүк көп-ақ. Уақыт, дәуір жайы, дауыл үні ақынды оңы мен солына, алды-артына қаратпай қоймайды: Бұл кезеңде Мағжан ылғи әбіржулі, ереуіл қалыпта. Жиырмасыншы ғасырдың басы, әсіресе, қазақ жері, қазақ елі үшін аса бір ғажайып елегізу, абыржу туғызған кезең-ді.

Үлкен азаматтық сарындағы Мағжан өлеңдерінің іші-сырты да бірдей сұлу, жарасымды болып, тек ұйқас, ырғақ мінсіздігімен ғана емес, айтар ой-сезімге байланысты аса қонымды өлшеммек түзілетіні де анық. Эстетикалық талғам, талабымен айрықша көзге түсуі, жүрекке жылы тиіп, жанды тебірентуі сонан, сонылықтан. Ақын өлендерінен өнебойы қүпия сыр ұққандай жайда қаласыз, өмірдің өзіндей сан салалы, сан қырлы поэзия; онда тақ-тұқ кесіп-пішілген, немесе тура тартқан қарапайымдылықтың ізі де білінбейді. Туа біткен дарын иесі оқушыға ойлы сауал тастап, өзің қалай қабылдасаң, солай қабылда дегендей, әркім түсінігіне қарай өрбітіп алып кететін ұзын арқау, кең тұсау желі тастайды. Әсіресе, ой-қиялға, сезімді оятуға жаралған өлеңдері осындай.

Мағжан өлеңдерін әңгіме еткенде, ақынның өмірге көзқарасы, оны түсінуі, кабылдауы қалай деген сұрақ туады. Ақын-жазушы адамның еңбегі, айналып келгенде оның қалпын, тұрпатын танытады дегенге қол қойсақ, Мағжан поэзиясынан өмірді біртұгас құбылыс, көрініс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайтын ақын екенін байқаймыз. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ, оларсыз оның күні - қараң. Ал табиғат ше, ол адамсыз да күн көре береді. Бірақ, сана оған бағынбайды, дене бағынса да, сезім бағынбайды. Сондықтан, адам бұлқынады, серпінеді, үстем болғысы келеді:

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын жанамын.

Күнге ғана бағынам.

Өзім күнмін, өзім - от,

Сөзім, қысық көзім де - от.

Өзіме өзім табынам,

Жерде жалғыз тәңірі - от,

Оттан басқа тәңірі жоқ. («От»).

Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білуде, ақын ең алдымен ненің болса да мән-мазмұнына үңіледі, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, әлде таланттан ба, әлде тәңір жазғандықтан ба, өзіне тәуелсіз, тек қана жер үсті тіршілігінің, табиғаттың заңына ғана бағынатын құбылыстың құпия ішкі астарына барғысы келеді. Мағжанның өзі айтып, өзі тұжырымдағандай, ақын деген - өзі болжап біле бермейтін жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты кайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан„ Сонан да «Қиял құлымен бір ақын» деуін ұғуға болады. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.

Көз қарашығының нұры болсын, тербелген аққайың болсын, толқыған көл болсын, бүткіл кең ғалам болсын, соның бәрі айналып келгенде, ақын жүрегінің бір бөлшегіндей. Бұл жай ақын қиялының байлығын, түйсік қабілетінің молдығын, ешкімге ұқсамайтын қалып-кейпін танытса керек. Мағжан поэзиясының қос қанатындай мұңды, сазды, кейде қайғылы, әрі алға тартатын романтикалы әуендері - ақын түйсігінің өзгешелігін, сонылығын дәлелдемек. XX ғасырдың басында және революция дәуірінде орыс қоғамының әдебиеті мен мәдениетінің хал-ахуалы жайында айтылған М.Горький сөзін еске алайықшы. Ол интеллигенттік ақыл-ой быт-шыты шығып сынған айнадай, әрбір сынығы әр түрлі саланы, әр түрлі бағытты бейнелейді, бірақ бәрі де ақиқат елінен алыс, деген-ді. Бір жағынан алғанда, орыс декаденттерінің әр қилы ағымдарының М.Жүмабаевқа бірсыпыра әсер етуі мүмкін. Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан, ол кездегі адамдардың сан-қилы бағытта адасуы тияқты хал Мағжанда да болуы ықтимал. Бірақ, Мағжан туралы айтқанда, оны адасу демей, оқу, үйрену, білмекке құмарлық деп түсінген дұрыс болар. Мағжан табиғаты жай еліктеуді көтермес еді.

Мағжан Жұмабаевтың ақын болу, қалыптасу кезеңі қазақ тарихындағы бір жағынан, ояну, екінші жағынан, жаңа жол іздеп; дағдару дәуірімен тура келеді. Қазақтың демократиялық мәдениетінің өсіп-өркендеу сәті, қазақ интеллигенциясының халыптасу кезеңі еді ол кез. Әлеуметтік құрамы жағынан да, саяси көзқарасы жағынан да әдебиет, мәдениет және оқу-ағарту қайраткерлері сан түрлі күйді басынан кешті. Олардың түсіні,гіиде айқьш бір-ақ мәселе болды, ол - бостандықка, теңдікке ұмтылу, халқының мәдениеті мен бақыты үшін күресу. Ұлттық отарлау және әлеуметтік қанаушылықтағы азапты жолдан халқын қалай алып шығу, қараңғылық, сауатсыздық басқан халден жарыққа қалай бастау керек деген мәселеге келгенде, анық емес, күңгірт, буалдыр уағыздарды ұстағандар да болды, таптық көзқарас жағынан таяздық та, шикілік те орын алды. Сондықтан да осындай ортадан кейін мығым қайраткерлердің шығуы, бірте-бірте ұлттық сананы орнықтырып, идеялық жағынан жетілуі - оңай шаруа болған жоқ. Қайсыбіреулерінін буржуазиялық демократиядан аса алмай, ұлт мәселесін қораш түсінгені де белгілі. Социалистік көзқарас біржолата бекігенге дейін, көптеген ұлттық интеллигенциялар тар жол, тайғак кешуді бастан кешіп, күмәнданушылық, солқылдақтық қателерге ұшырағаны тарихи шындық. Аса күрделі күрес, пікір таласы мен айтыс үстінде қалыптасқан адамдардың іс-әрекеттеріне талдау жасап, зерттегенде бұл жайларды ескерген жөн, әсіресе, кәрнекті, ірі жазушылар мен басқа да кайраткерлерге баға беру сәтінде бұл өте-мөте қажет. Бұған, әрине, ресми ұстанған саясаттың ол кездегі жайы тұрақтылықтан алыс жатқанын да ашып айту дұрыс.

Суретшілдік көрегендігінің арқасында осындай қым-қиғаш, қарама-қайшылығы мол дәуір жайын М.Жұмабаев өз өлеңдерінде көрсете алды. Ақынның бұл тұстағы «Пайғамбар», «Күншығыс», «Жер жүзі», «Бостандық», «Орал», «Орал тауы», т.б. өлеңдерінен заман көтерген әлеуметтік, әрі рухани жайларды анық байқауға болады. Шығыс пен Батыс мәселесі ақын жырларынан мол орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы қазақ кедейлерінің көтерілісі, 1917 жылғы екі бірдей революция ақын көзқарасында өз ізін қалдырмауы мүмкін емес-ті. Бүл тақырып орыс жазушыларының шығармаларында әсіресе, А.Блок, В.Брюсов, Н.Клюев т.б. ақын шығармаларында - айқын көрінеді. М.Жұмабаевтың осы мәселеге килігуі неліктен, қалай деген шүбә тудырмасқа керек - ол езі Шығыс өкілі ретінде Шығысты пір тұтады, осыған сенеді және үміт артады. Соғыс, тажал, жан мен дененің азғындауы тәрізді, ажалдың кара бұлты боп, қара түтін жүзген Батыс кесапатынан сақтандырады. Ақын бостандық Шығыстан келеді, Азия өзінің қараңғылығын жойып, түрменің тор көзін, қолды байлаған шынжырды күл-талқан етіп үзеді деп сендіреді. Атышулы «Пайғамбар» деген өлеңінде былай дейді:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Күні батып, жаңа таңы атпаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанына таптаған...

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен - Күн ұлы, көзімде Күн нұры бар,

Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар.

«Күншығыс» өлеңінде:

Қысық көзді Күншығыс,

Болсьш соңғы бұл жүріс.

Күнбатысқа жүрелік, -

дейді.

Осындағы «Күн», «Күн ұлы», «Күннен туған» деген сөздерге біраз көңіл аударудың реті бар. Өлеңдердің жалпы мағынасы, қояр талабы, айтар тілегі, әрине, үлкен. Ол - белгілі. Бірақ, ақын жалпы «Күн» дегенді көп айтады. Басқа да өлендерінен оны жиі ұшыратамыз. Түнді, елімді, кебінді көп жырлайды деп жүрген ақынымыздың күнге де көп жүгінетінін ескермейміз. Мұны, біріншіден, түн мен күнді егіз деп қараудан, бірінсіз бірі жоқ деуден туған деуге болады. Екіншіден, сол түнді күнге жеңдіру, уайым, қайғы, түнек символы түннен күнге, жарыққа, жылуға, отқа жету деген, тіке айтылмаған, бірақ анық ұғылатын көңіл күйі көрінеді. Күнді аса бір ілтипатпен атап, оған тәнті көңілін білдіреді: «Күн алтын жан-жағына сәуле шашты», «Алтын күн алтын сәуле жерге шашар», «Күннен туған баламын», «Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем», «Алтын күн шығып келеді». Осы әр қилы өлеңдерінен алынған жолдардан Күнге деген табыну қалай күшті, әрі қалай шын жүректен айтылғанына көз жеткізуге болады. Ал түн жөнінде:

Қараңғылық қаптады,

Қайғы ма басқан, түн бе екен?

Сыбдыр-сыбдыр олде не,-

Жел ме?

Жүрген жын ба екен?

Түнерген түн өледі,

Ағарған анау таңы ма?

Ақ бәтестің бетінде

Жүрегіңнің қаны ма? -

дейді. («Батқан күн, атқан таңнық жыры»)

Ақынның осындай ұғымына сүйенсек, жылдар бойы сынальш, күстәна етіліп келген белгілі жолдарды:

Сар дала, бейне елік сұлап жатқан,

Кебіндей ақ селеулер бетін жапқан.

Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жок,

Сәуле емес, қан шашьш тұр күні батқан,-

дегенін әбден түсінуге болады. Және бұл өлеңнің аты - «Жаралы жан». Ондай жанның хал-күйініе жоғарғы жолдар дәл келіп тұр емес пе? Және өлең Мағжанша болған соң, басқаша айтылмайды да ғой Жаралы жанға сары даланың сұлап жатқандай, ақ селеулердің кебіндей көрінуі, қызарған күннің қан шашқандай әсер беруі - әбден мүмкін. Белгілі «Әлдиле, елім, әлдиле» өлеңінің қандай жағдайда шығарылғанын жоғарыда айттық. Сүйген жарынан, жас нәресте баласынан бірден айрылған шақта ақын осылай күңіренген. Жай, қарапайым халықта ең жақын етене біреуі өлсе, «құдай оның орнына мені неге алмадың» демей ме? Бұл қай халықта болса да бар. Сол ретпен Мағжан көкірегі қарс айрылғанда:

Талпынған жаңа нәресте,

Ақ қанатты періште,

Былдырлаған бұлақтай.

Көрінген жанды күлдірген,

Жаңа піскен бүлдірген,

Балауса нәзік құрақтай,

Қайтыпты қозы көз тиіп,

Бетінен кейде жел сүйіп...

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле...

Әлдиле, өлім, әлдиле! -

дейді. Басына түскен драмалық жағдайда осылай өкінген ақын қайғылы суретті әрі шебер, әрі шынайы көрсетіп тұр. Алынған теңеу сөздер, метафора оқушының жан дүниесіне шымырлай батып, қатты әсер етпей қоймайды.

Сонымен жоғарыдағы Күн деген сөзге байланысты қосып айтатын тағы бір жай - осы атаудың К.Бальмонт шығармаларында жиі ұшырайтыны. Сол тұстағы (1915-1925жылдар) орыс ақындарын жақсы білген Мағжанға олардың әсері болуы да мүмкін. Мәселен, жоғарыда жел жайындағы жолдары салыстырдық. Ал күн туралы Б.Бальмонт: «Я в этот мир пришел, чтобы видеть солнце, а если день погас, я буду петь... я буду петь о солнце в предсмертный час», - дейді және көп өлеңдерінде Күнге табынып отырады. Әрине, Сұлтанмахмұттың: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам» дегені де есте. Біраз ақын Күнді әрқилы символда альш жырлаған. Соның ерекше түрін Мағжаннан көреміз. Кейбір сырт ұқсастықтарды алатын болсақ, шынында да К.Бальмонт өлім жайында көп айтқан. Тағдырдың талқысына саятын ой-топшылаулар жеткілікті. Ай туралы: «Красавица тоски беспеременной, верховная владычица печали», дейді Бальмонт. Бұл Мағжанда да бар. Немесе: «Любовь и смерть, блаженство и печаль во мне живут красивым сочетаньем». Тағы да: «Хотел убить змею печали» дейді. Мағжан: «Қалың ой - қара жылан жүректі еміп» дегенде сырт ұқсастығы болмаса, мағнасы жағынан өте күшті айтқан. Ақын талантының дүниежүзілік поэзия тәжірибесімен суарылғанын дәлелдейді.

«Пайғамбар», «Күншығыс» өлеңдеріне қайта оралсақ, ақынның Батыс пен Шығыс аралығына айырықша мән бергенін көреміз. Бұл арада Ж.Аймауытовтың жоғарыда айтылғаи баяндамасын еске алудың тағы бір орайы келеді. Оның тұжырымдауынша, «Бостандық», «Күншығыс», «Пайғамбар» және «Түрікстан», «Қойлыбайдың қобызы» атты өлеңдерінде немістің идеалисі О.Шпенглердің әсері болуы мүмкін дейді, өйткені 20-шы жылдары оның «Европаның күйреуі» деген кітабы орыс тілінде жарық көрген болатын. Біз жазушы пікірімен біршама келісе отырьш, ақынның Европа күнінің батуы туралы ұғымы сол кездегі уақыт, заман әсерінен деуге де болатынын айтқымыз келеді. Бұл тақырып - көп ақындардың өлеңіне арқау болған. Мысалы, А.Блоктың «Скифтер» туралы жазғаны есімізде ғой:

Мильоны - вас, нас - тьмы, и тьмы, и тьмы,

Попробуйте, сразитесь с нами!

Да, скифы - мы! Да, азиаты - мы -

С раскосьши и жадными очами!1.

Алайда, М.Жұмабаев Шығыс пен Батыс туралы біраз екпінді, қуатты өлеңдерінен кейін, ішкі жайға - өз халқының тағдырына қарай ауысады. Мұны біз «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында», «Көкшетау», «Орал тауы», «Көктемде», «Тұранның бір бағында» т.б. өлең-жырларынан ажыратамыз. Ақын өткенге, өткен тарих жолына баса көңіл бөледі. Біраз туындыларында тарихи жағдайлар хақында толғанса, енді бір дүниелерінде ежелгі ескі мекенге үйлеспей жатқан жаңалықтарды айтады. Автордың көз алдында Шыңғысхан, Темір сынды қаһарлы түлғалар, атамекеннін иесі және қорғаушылары болған Абылай, Баян, Бөгенбай, Ағыбай, Кенесары т. б. тізбектеліп етеді. Ақын: батырлық, намыскерлік сияқты ежелден келе жатқан дәстүрлер біртіндеп сағымға айналып бара ма, қалай, жаңалық болса, ол өзін-өзі ақтай ма, ақтай алмай ма деген екіталай тұжырымға тіреледі. Халықтың аңызға айналған бағалы дүниелерінің бәрі де ұмыт болып, тоғышарлык басып, надандық тамырын тереңге жайып кете ме деп қорқады. Өмірдің көптеген келеңсіз жақтарын уайымдап, жанымен ауыра білетін, жан-тәнімен беріле, сезіне білетін ақын, әрдайым да тарихқа айрықша ден қояды. Бұған «Батыр Баян» поэмасы, «Домбыра», «Орал тауы», «Тұранның бір бағында», «Алыстағы бауырыма» т.б. өлеңдері куә. Ақын ата-бабасы түрікті, Тұран жерін еске алып, бұл дала, атамекен ежелгі түрік, көшпелі қазақ жері екендігін жырлап, өмірдегі өзгерістер барысында бұл тарихи сабақтастык ұмытылып кетпес пе екен деп уайым жейді:

Бір күнде сенің иең түрік еді...

Ер түрік ен далаңа көрік еді.

Отырса, көшсе, қонса ерік еді,

Тұрғанда бакыт құсы бастарында.

Іргесі жел-күн тимей берік еді. («Орал тауы»)

Бауырым! сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан кан жұтамыз, біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік

Алтайға - ата мирас алтын таққа. («Алыстағы бауырыма»)

Ертеден сені іздеген мен едім ғой,

Тұранға бір сені іздеп кеп едім ғой!..

Ширази, шеих Саади, Хайямдардың

Өртеген өзектерін сен едің ғой!.. («Тұранның бір бауында»)

Ертеде Оқыс, Яксарт - Жейхун, Сейхун -

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.

Киелі сол екі су жағасында

Табасың қасиетті бабаң бейітін. («Түркістан»)

Бұл өлеңдерден бұлдыр сағымдай, көңіл мен кекіректегі елестей аңсау, сағыну, қасиетті, имандай таза, шұғыла күндерді еске алып, торығу сияқты сезім ақынның да, оқушының да өне-бойы жайлап, билеген әсерді кересіз. «Оқжетпестің қиясында» деген ұзақ өлеңі де осы тектес. Ескіні ойлап, көксегенде ақынның жүрегі карыс айрылғандай. Шынында да, қазіргі өлең болсын, поэма болсын - әдебиет туындыларының қай-қайсысында да - Тұран жері, түрік елі деген ұғымдар, еске де алынбайды ғой. Өкінішті-ақ. Тұран жері деген тек ескі жағрафиялық карталарда ғана болмаса, жаңа әдебиетте мүлде жоқ.

«Айда атыңды, Сәрсенбай», «Жазғы қала», «Шойын жол» сияқты өлеңдері 20-жылдары біраз айтыстың объектісіне айналған. Әнгіме төркіні - өлеңде қаланы қазақ ауылына қарсы қою жайында болған. Бірақ, қазір өлеңді қайта оқи отырып, тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пікірлер айтылып, ақынға орынсыз кінә тағылғанына көз жетеді. Жартылай феодалдық қалыптағы қазақ ауылы үшін жаңалықтар күшпен басып енгендей әсер етті де, дала сазының жайына бірден етене болып кете қоймады. Өзгерістер елдің материалдық тұрмыс халіне ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен бірге халықтың әлеуметтік, рухани жағдайына, кейіп-қалпына әрқилы ықпал етті. Ақынды сынаушылар мұны еске алмады.

Ақын өлеңдерін ден қоя оқып, жалпы ауқымына көз жібергенде, аса қалап, сүйіп жырлаған тақырыбы - адам, «адамның кейбір кездері» деп Абай айтқандай, адамның ойы, ішкі көңіл-күйі екенін ұғамыз. Не жазса да ең алдымен өз жүрегіне үңіледі, сол арқылы айналадағы әлемді білуге, өмір шындығын ұғуға ұмтылады. Егер шартты түрде өлеңдер тақырыбын жіктеуге тура келсе, туған өлке туралы және оның өткені мен бүгіні жайында, адамның өмірдегі орны, бүкіл адамзаттық ар-ожданы хақында деп айтуға жарар еді. Жүректі жарып шыкқан өлеңдерінің үлкен бір тобы - сүйіспендік лирикасы. «Гүлсімге», «Жәмила», «3-ға», «Р-ға», «Махаббат не?», «Сен сұлу», «Жас келін» т.б. өлендері қазақ қыздары мен қазақ әйелдеріне, арналады, олардың сыртқы да, ішкі де сұлулықтарын тәңірдей көтере жырлайды. Бұл өзі бір жағынан, Гетенің шығыс әйелдеріне табынып, Зулейхаға деп жазған арнау өлеңдерін, Батыс-Шығыс диванын еске түсіреді. Жалпы сүйіспендік, махаббат туралы, қыздың, әйелдің сүлу, көркем суреті, мінезі, іс-қылығы туралы өлеңдері - Мағжан поэзиясының өнімді, әрі тартымды саласы. Басқа да өлеңдеріндегі сияқты, ақын мұнда да терең сезім құшағында, жүрек тербелісінде. Әшейінде өзге ақындар, «күйдім-жандым» деп жазатын жайлар Мағжан қаламында басқаша күйді, ыстық-суығы аралас, қуанышы мен реніші қатар жүретін жұмбак сезімді аңғартады. Махаббат азабы, сүйіспендік азабы әуелден белгіленген, жаратылыстан бірге жаралған, өзгертуге, қайта жасауға көнбейтін табиғи нәрсе, сондықтан да өмірдің өзі сияқты бірде - тәтті, бірде - ащы, бірде - серуен, бірде - сергелдең. Ақын сезім сырын ашамын деуден аулақ, ол ашылмайды да, азапты жайды, «жүрек-жара», «кезі жасты» күйді суреттейді, бірақ, оның шешімін табамын деуден аулақ. Махаббат пен машахат күй бастауын әуелден, әуел баста жаралған жайдан іздейді. «Әйел» деген өлеңінде бұл туралы біраз сыр шерткен:

Қылмыстан жазып тәңірге

Қарсы келіп әміріне,

Қуылды Адам жұмақтан.

«Қайт,- деген,- қара жеріне,

Бесігіңе, көріңе!»

Бұйрық болды бір хақтан...

Жерге түсті жалаңаш,

Көңілде қасірет, көзде жас,

«Кеш, тәңірі!» деп сұрады,

Жұмақтың жібек желінен,

Жайнаған мәңгі гүлінен,

Хош иісін аңқытып,

Күміс кәусар суынан,

Суының алтын буынан,

Бетінде нұрын балқытып,

Көктің батпас Күнінен,

Періштелер үнінен,

Жұмақта хорлар лебізінен,

Өз нұрынан нұр бөліп,

Сезгіш, сүйгіш жан бетін,

Махаббат, рахат теңізінен -

Жаратты тәңірі әйелді,

Бастасын деп бар ерді,

Туралық, шындық жолына!

Осылай басталған қасиетті өмір - ақыр соңында «ұмытты адам алласын», енді ежелгі көркі жоқ, көргені қорлық, еркі жоқ» халге түсіп, «жүмақтай» басталып, «дозақтай» бітетін, әр адам, әр әйел бастан кешіретін тылсым тұрмыс жетегіндегі халді көзге елестетеді. Бірақ өмірдің өзі сияқты сезім өлмейді, сүйіспендік өлмейді: ол қайта жаңарып, қайта түлеп отырмақ.

Осы тақырыпқа көңіл аударған Абай былай жазады:

Атаңды анаң азғырып

Тұрғызбаған бейішке.

Алласы оны жазғырып,

Әкелді бастап кейіске.

Әйелде ешбір опа жоқ

Бүгін - жалын, ертең - шоқ.

Белді бу!

Бетті жу!

«Сұрғылт тұман дым бүркіп» деп басталатын бұл өлеңнің түп негізі аударма болғанымен, Абай ой-жүйесіне тура келетін, өзі басқа өлеңдерінде де айтқан сөз. «Махаббат-қызық кім көрер, оныңда дәмін татпаса», «бұл өмірдің қызығы махаббатпен», немесе:

Тартқан бейнет, өткен жас

Жүректің отын сөндірмес.

Махаббат - өмір көркі рас,

Өлген соң ол да үндемес,-

дегенде Абай адам өмірінің махаббатсыз, сүйіспеншіліксіз күні жоқ, ойы да, сезімі де өзі сипаттас жанға телінусіз күйі жоқ, адаммен тіршілік бойы бірге жүретін ажырамас сезім деген түйін туады, онсыз жанды «хайуанға оны қосыңдар» дейді.

Мағжан жырлауында шын махаббат - азап жолы, оның қуанышы мен өкініші аралас, кейде тіпті қатар жүреді.

Махаббат - бір тікенек,

Жүрекке барып қадалар.

Бақытсыз ғой бұл жүрек

Тамшылап одан қан ағар.

Махаббат - бір тәтті у -

Ішер жүрек, төгер жас,-

дейді Мағжан. Сонан барып:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да! -

деуіне тура келеді. Лирикалық герой махаббат құшағына енген сайын, азап дұзағына шырмалғандай.

Ақынның махаббат жайындағы түсінігі осылай ірі, әрі терең болғандықтан, ол жайындағы теңеу, метафоралары да ірі, кесек:

Шын махаббат теңізінен

Жаратылған әйел сұлу!

Тұрмыс деген бір тұзаққа,

Азға емес тым ұзаққа

Кез болыпты - ішіпті у!

Әйел атын Гүлсім дейді,

Тұрмыс атын тылсым дейді...

Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!

Гүлсім - Күн...

Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

Лирикалық герой - ылғи тынымсыз, жаралы жанның, көңілі қаяу жанның жабырқау жайы мазасын алады:

Жәмила!

Кеудеңе от толды ма?

Уһілеп айға қарайсың

Өмірің у болды ма?

Жұлдызды неге санайсың.

Айырылысқан, я айырылысар жандардың жүрегі қайғыға толы, олардың күні - сағыныш, сарғаю, торығу:

Сол уақытта желге құлақ түргейсің,

Таныстарды еске алып, тергейсің!

Туғаны жоқ, тұрағы жоқ жолаушы -

Желге айналған мен екенін білгейсің!

Эстетикалық талғамы, таңдауы мықты осындай өлеңдердің бәрі - адамның жан-тән сұлулығын, көркемдігін, жарастылықты паш етеді. «Толған ай жүзің еді, қара нәркес көзің еді, мап-майда мамық қардай мінсіз денең, бейне бір бақшадағы жүзім еді», немесе: «шашың -қара, денең -ақ бұлт, жүзің - Ай, тісің -меруерт, көзің, сәулем, құралай» деген сияқты бұрынғы халық ұғымындағы теңеу, ұқсатулармен қатар, Мағжанның өзі тыңнан тапқан, соны, жаңа сурет жасаған сөздері өте көп. Онда адамның сыртқы суретін бергелі отырып, ішкі сырын, жан күйін аңғартатын бедерлер жасайды, оның бәрін бұл жерде теріп айту мүмкін емес - тым мол, бай. Бір ғана мысал:

Иірілген бұйра толқын шашы қандай,

Иығына екі жылан асылғандай.

Тұңғиық қара судай қара көздер

Қандай сыр болсадағы жасырғандай.

Мұнда ақын жағымсыз кейіпкердің суретіне тоқталған. Бірақ, «екі жылан», «жасырғандай» деген сөздер болмаса, қай сұлуға болса да, жарасар сурет-бейне екенінде дау жоқ.

«Шолпы» өленінде бір жағын әзіл, бір жағын шын етіп, ақын киіз үйді айнала жүретін ауыл қыздарының шаштарына таққан шолпы сылдырының көңіл ынтықтырар әсерін жазады:

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Өзекті өртеді құрғыр.

Әдейі іргеден жүреді

Сұлу қыз санадан солғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Жүректі жандырды құрғыр.

Кеудені кернеді жалын,

Сәулем, періштем, тез кір!

Риза болып, сүйсінген көңіл көрінеді. Шолпы сылдырлаған сайын естушінің жаны кіріп, құлағы да, жүрегі де елеңдеуде. Бұрынғы ауыл тұрмысының осы кішкене бір этнографиялық суреті қазірдің өзінде көңіл толқытады. Шолпы иесінің сұлу кескіні көз алдыңызға келгендей. Ал шолпы сылдыры нақ бір шақырықтай естіліп-ақ, тыңдағанның діңкесін құртып тұр.

Қаны да, жаны да қазақ топырағы мен ауасынан суарылған бұл өлендер - мінез бен құлықтың айырықша ұлттық ізет-сипатын аңғартатын сұлу жыртізбе. Бұл арада С.Есенинді де еске алуға жарайды. Оның сүйіспендік өлеңдерін айтамыз. «Бәрінен де сен сұлу» өлеңі уақытында өзіндік әнімен халық арасына кең тараған. Біреулер бұл әннің авторы Мағжан іекенін біліп, біреулер білмей жаттап өсті. Бұл тарапта кейіннен біраз әншілер, ақындар өлеңге өзгертулер енгізіп, жаңалап айтқан кездері де болды. М.Жұмабаевтың көпшілік қауым арасында әбден мәшһүр ақын екеніне бұл да бір куә.

ПОЭМАЛАРЫ

Мағжан Жұмабаев әр қилы тақырыпта көлемді поэмалар жазу саласында аса өнімді еңбек еткен. Өте-мөте белгілі поэмасы - «Батыр Баян». Сондай-ақ, «Ертегі», «Қорқыт», «Толғау», «Оқжетпестің қиясында», «Жүсіпхан», «Тоқсанның тобы» сияқты басқа да поэмалары кезінде баспа жүзін көрген. Осылардың ішіндегі күрделісі, көркемдік тұтастығы жағынан да, сюжет желісі мен сұлулығы жағынан да ерекше асып тұрғаны - «Батыр Баян». Мұнда айтылған оқиға бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заман жайы. Ақынның жазуы бойынша, бұл хикаяға Абылай хан екі ел арасындағы бейбітшілік, достық қарым-қатынас орнатқанғанға дейінгі оқиға өзек болған. Ашу үстінде қол бастаушы батыр Баян өзі қамқор болып жүрген кіші бауыры Ноян мен сұлу қалмақ қызын өлтіріп салады. Жазығы - олардың көңіл қосып, елден қашуы. Бұған дейін Батыр Баянның өзінің жас қалмақ қызына көңілі қатты ауған еді, бірақ, қыз ыңғай бермеген соң, оны қарындас ретінде ұстаған. Алайда, екі жастың Баянның айтқанына көнбей, қашып шығуының аяғы трагедиялық жағдайға әкеп соғады. Қыздың сұлулығын ақын былай сипаттайды:

Сол сұлу, сұлу екен атқан таңдай,

Бір соған бар сұлулық жиылғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,

Сөздері су сылдырлап құйылғандай.

Бір улап, көз қарасы бір айнытқан,

Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.

Лебізі - жібек лебі, жұмақ желі,

Кәусардай татқан адам қалар қанбай.

Шын ер ғой батыр Баян алып қайтқан

Еліне сол сұлуды естен танбай.

Ноян жайында, оның хал-күйі туралы:

Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,

Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті.

Жер мен көк, ай, жұлдызды тұман басып,

Бір қыздан басқа нәрсе жок боп кетті.

Қыздың сұлулығы мен жігіттің жалын атқан ішкі сезімін суреттеуде - қапы жоқ, мін жоқ. Ақындық теңеулер мен метафоралар әрқайсысы өз орнында - бәрі де жайнап тұр. Тапқырлық, дәлдік, көркемдік - әрбір сөз сайын.

Осындай бәйшешектей екі жас өмірдің жан ашуынан, қызғаныш пен күйініш билеп, кешірім аулынан алысқа алып кеткен дүлей күш салдарынан құрбан болып кеткенін көреміз. Артынан қуып жеткен Баянға:

Жас Ноян жүйрігінің мойнын бұрды,

Жас Ноян Ер Баянға қарсы жүрді.

Жақындап келіп қалып ағасына,

Түсінен шошыды да тоқтап тұрды...

Дегенше, қалды тартып батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Оқ тиіп жүрегінен құлап түсті,

Атынан бүктетіліп бөбек Ноян.

Жын шуы басқандай боп естімеді

«Жан көке, аға!» -деген сезді Баян.

Садағын сол секундта тартты тағы

Бір ашып, бір жұмбай да кезді Баян.

Үстіне інісінің денесінің

Түсірді тағы ұшырып қызды Баян.

Екі жас аттарынан ұшып түсті,

Түскенде бірін-бірі кұшып түсті...

Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып,

Асығып екі жастың қанын ішті.

Поэмада әрі қарай бұл трагедиялық жайды суреттеу - Мағжан ақындығының тағы бір көрінісі. Жан тебірентер, іш толғантар үш-қыр өлең жолдары ағыла береді. Үстіне көк аспан құлап түскендей ер Баян жайы күйінішті-ақ.

Биік романтикалық сарынға құрылған аса көркем поэмадан екі түрлі жайды аңғарамыз: бірі - батырлық, достық, махаббат, мейірім дүниесі болса, екіншісі - ашу, ыза, оначі барып әділетсіз қан-төгіс, өкініш. Қаһарманның мінез асаулығын, бір беттілігін, бірақ, ниетінің ақ екенін суреттеп, ақын поэманы романтикалық шарықтау шегіне жеткізеді. Шиеленіскен оқиғаны ақын тау мен судың, күн мен аспанның, кейіпкерлердің бірін-бірі қимас күйін, қалмақ қызының сұлулығын, айнала табиғат сырларын суреттеу арқылы сезімнің қоюланып, ширығуына, күннің күркірегеніндей, найзағайдың ойнағанындай бітіспес мінездер соқтығысына алып барады, іштей өкініш толғанысына әкеп тірейді.

М.Жұмабаев поэмаларының композициясы өзінше ерекше тұтастықты, ұтымдықты танытады. Шеберлігін, әрі көркемдік талғамын байқаймыз. Еркін, тартымды оқылады. Бұған оқиғалардың айырықша кұрылым, кестесі, сөз қолданыс әдісі ерекше әсер береді.

Наши рекомендации