Мемлекеттік тілді дамытудыҢ жаҢа мҮмкіндіктері
Қытайдың атақты философы Конфуций айтқан екен: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді (түсіндірілмейді). Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды». Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Бірақ ауыз толтырарлықтай нәтиже шықпады. Сол үшін де қазіргі күні тіл туралы мақала, ой-пікір халықтың психологиясын шаршатып та жіберді. Құр сөз екенін түсінді. Сондықтан бұл тақырыпта құр жыламсырап жазғанды жөн көрмей тіл саясатын дамытудың тетіктері жөнінде нақты ұсыныстарымды беріп отырмын. Енді тіл тақырыбында бәріміз тек ұсыныстар ғана жазып және оны орындауда өзіміз үлгі көрсете білейік.
ҰСЫНЫСТАР:
1. Адамның табиғаты кез-келген жаста тілді үйреніп кетуге бейім екендігін қазіргі ғылым дәлелдеді. Бәлкім тілдің қадірін «егер осыдан маған тіл бітсе тіл атаулының бәрін үйреніп алар едім» дейтін мылқаулардан сұрап көру керек шығар. 20 жылда қазақ тілін үйрене алмаған Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді құрметтемейтінін және үйренгісі келмейтінін ашық дәлелдегенін енді бұлтақтамай шындығын айтуымыз керек. Бұндай жағдайда қазақ тілін үйрету үшін 25-кадрды пайдалануымыз уақыт күттірмейді. Ақыры қазір бәрі кітап оқығаннан көріністі (кино, клип, мультфильм, бейнероликтер, т.б.) тамашалауға құштар ғой. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Бұндай тәсіл шетелдерде қолданып жатыр. Ол үшін 25-кадр арқылы үйретудің әдістемесін жасауымыз қажет. Бұл тәсіл арқылы екі айда тіл үйренуге болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни тілді ең қысқа уақытта үйренудің жолы осы. Мұның кереметтігі тіл үйренуге барлық жағдайы бола тұрып үйренгісі келмейтіндерді де, қысқасы бұл көріністерді көрген адамның бәріне үйретіп жібереді. Бұл мәселеде бір мемлекеттің тілін сақтау үшін жеке адамның құқы дегенді ескеріп жатқан ешқандай мемлекет жоқ. Олардыкі дұрыс. Себебі жеке адамның құқынан гөрі ұлттың құқы жоғары тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.
2. Қазақ тілін үйрету үшін Тіл комитетінің жасаған дүниелері қазір 1 бөлмеге сиятындай болды. Сол дүниелерінің электрондық нұсқасы міндетті түрде бар. Соны ғаламторға енгізіп жіберсе болғаны. Әлемнің барлық түкпіріндегі адамдар қазақ тілін үйрену үшін кәдесіне асырар еді. Ғаламторда осы дүниелерін айналымға түсіріп отыратын бір веб-мастер әкімшісін ұстаса тіпті қатып кетер еді. Ғаламторға қазақ тілін үйрететін дайын тұрған барлық дүниелерді енгізер болсақ, қалтафонға да жүктеп алу мүмкіндігі туады. Яғни кез келген адам қалтафонына сөздік, т.б. жүктей алады.
3. Қалтафонға* байланысты ұсыныстар. Қалтафон байланыс желілерінде қазақ тілін және орыс тілін пайдаланатындардың тізімі бар (Мысалыға мен қазақ тіліндегі қызметті таңдадым. Сол үшін маған Актив желісі хабарламаларын қазақ тілінде автоматты түрде жолдайды). Орыс тіліндегі қызметті пайдаланушыларға күніне бір рет күнделікті қолданатын қызықты қазақша сөздерді орысша түсініктемесімен жолдап отыру, т.б.;
4. Қазақ тілін тезарада үйретудің төте жолдарының бірі ақпараттық-электрондық технологиялардың бағдарламаларын қазақ тіліне аудару. Солардың бірі қалтафонға арналған Mobile Tutor (мобильді үйретуші) бағдарламасын жасау; Lingvo Tutor-дың қазақша нұсқасын, мобильді қазақша тілашар (Mobile phrasebook) жасау;windows mobile-дың қазақша нұсқасын жасау; қысқасы мобильді Java бағдарламаларды қазақшалау; басқа да бағдарламарды пайдалана отырып (Skype, twitter, facebook, т.б. негізінде қазақша курстар ұйымдастыру) қазақша үйрету мүмкіндіктерін туғызу; Мылқаулар үшін қалтафонға арналған қазақ тілін үйрететін үш өлшемді анимациялық ым тілін жасау;
5. Ғаламтордың дамуы оны қолданушылардың көптігімен өлшенеді. Ғаламтордың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып қазақ тілін үйрететін сайттарды көптеп ашу. Жоғарыдағы мүмкіндікті іске асырсақ, яғни Тіл комитеті шығарған түрлі еңбектерін жеке-жеке сайт етіп ашып тастауға да болады. Ғаламторда қазақ тілін үйретуге қызықтыратын сайттар көбейсе әлемнің түкпір түкпіріндегі қазақ тілін үйренгісі келген адамдар өздігінен үйрене береді. Қандастарымыз сенбеуі мүмкін, Қазақстан деген кең байтақ елдің тілін үйренгісі келіп жүрген шетелдіктер ғаламторда қаптап жүр. Осы мүмкіндік арқылы әлемдегі 6,5 млрд. (ғаламтор қолданушыларды ғана есептеуге болмайды. Себебі қазақ тілін үйренгісі келген шетел азаматы Қазақстанға келмей-ақ ғаламтордың көмегіне жүгінген әлдеқайда тиімді болады) адамның кемінде жүз мыңдағаны ғаламторға шығып тілімізді үйренері сөзсіз. Бұған ешкімнің дауы болмасын. Мысалыға, Қазақстанда бизнес жасағысы келіп жүрген қаншама шетелдіктер жүр қазақша үйренгісі келіп. Әрине олар Қазақстанның бизнес тілі орыс тілі екенін білмейді. Тек қазба байлықтарға бай ел екенімізді ғана біледі.
6. Территорияға кіргелі тұрған қалтафондарға қазақ тілін үйрену бағдарламаларын (аудио-видеофайлдар, дисплейлер, электрондық сөздіктер) жүктеп барып өткізу және қалтафондарды сататын фирмаларға осы жұмысты міндеттеу, сонда ғана барып сатылымға рұқсат беру;
7. Қалтафон арқылы қазақша хабарламаны (смс) осы күнге дейін латын әріптерімен немесе кириллица әрпімен «Калын калай» деген сияқты қате күйінде жазуға үйреніп кеттік. Қалтафонды былдырлаған балаға дейін қолданатынын ескерсек «шала қазақ тілін» дамытуға үлесімізді аямай қосып жатқанымызды аңғаруға болады (жастар арасында смс-ті шала қазақ тілі деп те атайды). Қазақтілділердің құқығын бұзбау үшін смс-ті жазуға арналған қазақ латын әліпбиін құрастыруымыз керек. Осылайша латын әліпбиіне көшу процестерін тездетуге болады. Себебі, ғаламтор қарпі латын. Сондықтан қазақ ғаламторын дамытар болсақ бірден латын қарпінде дамытқанымыз жөн. Ертең кирилицадан қайта латынға көшіріп екі жұмыс етпес үшін.
8. Қалтафон, ғаламтор арқылы қызықты ойындар өткізіп жеңіске жеткендерін бірліктер жолдау арқылы сыйлық жасау. Мысалыға қазақ тілінен қойылған қарапайым сұрақтың жауабын тапқанға 50 бірлік жолдау. Ал осы бірліктерді жауабын тапқан 100 адамға жолдасақ 5000 теңге ғана болады екен. Бұдан да басқа түрлі айла тәсілдер арқылы қазақ тілін үйренуге деген талпынысты ояту;
9. Қалтафон арқылы шетелден келгендерге қазақша көмектесетін байланысын желісін ашу. Мысалыға бір нөмерге автоматты сөздік орналастырып қою керек. Ол нөмерге ағылшын тілінде бір сөз жолдағанда автоматты түрде оның қазақшасын жолдайды немесе сол нөмерге қоңырау соғып қазақша үйренуге көмек ала алатындай болса;
10. Қазақстандағы барлық төлемдерді жүргізетін терминалдар мен банкоматтардың (ақшамат десек те болады) алғашқы бетіне (интерфейс) осы салада қолданатын қазақша сөздерді орысша түсініктемесімен жазып қою. Бұл аппаратты қолданғысы келген адам қаласын, қаламасын оған көзі түседі. Одан шыққаннан кейін барып төлем операцияларына көшеді.
11. Қазақ тілін үйрету мәселелерінен кейін Қазақстанға байланысты барлық тақырыптардың: Қазақ энциклопедияларын, Қазақ тарихы, Қазақ әдебиеті, т.б. ғаламторға және мобильді түрін шығару. Мысалыға қалтафонға арналған қазақша Wapedia энциклопедиясын жасау. Wapтың барлық сервистерін қазақшалау; Қысқасы қазақ тілінің корпусын жасау. Яғни қазақ тіліне қатысты барлық дүниелердің электрондық көшірмесін жасап, дерекқорларын жасақтау.
12. Барлық жоғары оқу орындарында ІТ технология мамандарын даярлайтын мамандықтар ашу (Алматыдағы жалғыз оқу орнына бәрінің қолы жете бермейді). Бұл мәселе жоғарыдағы мәселелерімізді шешу үшін қажет. Сонда жоғарыда аталған бағдарламаларды қазақшаға аударып жатпай, бірден сол бағдарламалардың қазақша нұсқасын бір-ақ жасай салуға болады. Жоғарыда аталған мәселелерге де көп қаржы керек етпейді. Тілге бөлініп жатқан миллиардтаған қаржыларды ешкім оқымайтын кітаптар шығара бергенше осы аталған салаға қаржы құю керек. Осылардың бәрін іске асырғанда қазақтілділерге және қазақша үйренем дегендерге қағаз, қалам, сөздіктер, энциклопедиялар, т.б. арқалап жүрулерінің қажеті болмай қалады. Қалтафондары арқылы 24 сағат барлығы жанынан табылады.
13. Кітапханалардың бәрін ғаламторға қосу. Мүмкіндігі бар қазақша кітаптың бәрін ғаламторға қою. Қазір қорғалып жатқан диссертациялардың бәрі компьютерде теріледі. Электрондық нұсқасын ғаламторға шығару. Авторы да кітабын оқырмандарға ұсынғанына мүдделі. Ғаламтордағы қазақша материалдарды көбейте беру ол да үлкен жеңіс. Тұтынушылары көбейген тіл өлмесі анық.
14. ҚР Үкіметі жанынан Қазақ ғаламторын қалыптастыру Кеңесін құру. Сонда билік пен қоғамдық ұйымдар, жеке азаматтар Қазақ ғаламторы төңірегіндегі ортақ мәселелерді ақылдасып, ортақ тұжырымға келе алатын болады;
15. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінде Қазақ ғаламторымен тікелей айналысатын мамандарды штатпен жұмысқа алу;
16. Мемлекеттік тапсырыспен жасалған сайттың бәрі қазақ тілінде қате жасалған немесе жарым жартылай, неге. Себебі ол тапсырыстардың бәрін қазақша білмейтін орыстарға береді. Осыны тоқтату.
17. Wikipedia-ның (электрондық энциклопедия) қазақша нұсқасын жылдам дамытушылардың бірі студенттер. Сондықтан барлық студенттер тапсырмаларын Wikipedia-да жазса. Бұл игілікті іс ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен басталса. Бұл электрондық энциклопедияның қазақша нұсқасын кеңейтуге мүдделі болып отырған себебіміз, қазақ ғаламторын дамытуға бірден-бір себепкер.
18. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы»Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні мемлекеттік тілде орындалып, мемлекеттік тілде көрнекі орынға ілінуі тиіс. Алайда осы жоғарыда аталған Конституциялық заң әлі күнге дейін орындалар емес. Себебі барлық жерде мемлекеттік тілмен қосарласып орыс тіліндегі нұсқасы ілініп тұр. Орыс тіліндегі нұсқасының болуы бұл азаматтарымыздың гимнді екі тілде айтуына жол ашады. Халықты шатастырмай осындай келеңсіздіктердің алдын алуымыз үшін заңда көрсетілгендей көрнекі орындарға мемлекеттік тілде ғана ілінуі тиіс.
19. Қазақта бұрындары жесір дауы, жер дауы, құн дауы деген сияқты даулар болатын. Енді тарихта болмаған тіл дауы деген пайда болды. Бұрындары сол дауларды билер шешіп отырса, қазіргі билеріміздің өзі тек орыс тілінде ғана төрелігін айтады. Сондықтан алдымен осы төрелігін айтады деген билеріміздің өзін соттап, қазақ тіліне көшіру керек сияқты.
20. Спорттан Қазақстанның кез-келген құрама командасы мемлекеттік әнұранды білмейді. Чемпиондық тұғырда тұрған жерлестерімізден бастап футболшыларымызға дейін әнұранға қосылып айта алмайтынына көзіміз үйреніп кетті де. Өткен жылдың 17 қазанында Қазақстанның шаңғышылар құрама командасымен кездескенде «Қазақстанның мемлекеттік әнұранын білетіндеріңіз бар ма?» деген сұрағыма бәрі бірауыздан «жоқ» деп жауап қайырды және мұнысына ұялып, қысылмайтындарын да байқайтты. Мұны түсіне білгенге сұмдық масқара. Егер де спортшы әнұранды білмесе қандай патриоттық сезімі болмақ? Спортшы жарыстарға әнұранын орындатқызу үшін бармайтын ба еді? Сонда біздің спортшылар не үшін жанын салады? Әнұранды спортшы түгіл әрбір азамат білуі керек қой. Ұлт рухының үні болып жеткен әнұранымызды құрметтеу, айту бәрімізге міндет. Әнұранымыздың өзі шетелдерде көп орындала бермесі белгілі. Елдің президенті барғанда және спортшылар жеңіс тұғырына көтерілгенде ғана. Ал осындай әлем елдерінің көз алдында тұрып еліміздің әнұранына құрметсіздік көрсетіп жатсақ, елдігімізге сын. Бұл намыссыздық. Намысы жоқ спортшы қалай еліміздің беткетұтары болмақ. Қанша жерден жеңімпаз болып тұғырда тұрғанымызбен әнұранымызды айтпай шетелдіктер алдында күлкі болып келгеніміз жетер енді. Дамыған елдерді айтпай-ақ қояйын, көрші қырғыз депутаттары әнұранға қосылмаған азаматтарға айыппұл салу мәселесін қарастырып жатыр. Бәлкім өркөкіректігімізді қойып әнұранға құрмет көрсетуді қырғыздардан үйренгеніміз жөн болар.Спортшы спортпен шұғылданбас бұрын алдымен әнұранды жаттап жаттығуы керек. Содан ол күш алуы керек. Сол әнұранды шетелде тұғырға шығып айту үшін, шетелдіктерді орнынан тұрғызып құрмет көрсеткізу үшін спортшы жанын салуы тиіс. Сол үшін күресуі тиіс. Әнұранға қатты мән беріп жатқан себебім, әнұранды жаттатқызу өзгетілділердің тілін қазақшаға сындыру деген сөз. Қазақ тілін үйренудің алғышарты.
21. Бір қызығы Қазақстандағы барлық балалар үйі орыс тілінде тәрбие алады екен. Олардың бәрін қазақ тіліне көшіру керек. Себебі ол балалар мемлекеттің қорғауындағы балалар. Мемлекет оларға өз тілін ғана үйретуі шарт. Мемлекеттік қызметте ғана тең қолданылатын орыс тілі білім салаларында қолданылмайтын шығар. Оның үстіне барлық балалар үйі тек орыс тілінде білім алуы әділетсіздік. Себебі ол жерде қазақ балалары көптеп кездеседі. Балаларын шетелге сатып жатқан қазақтар үшін балалар үйіне өткізіп жіберу онша ар болмай қалды ғой.
22. Әскер тілін қазақшалау. «Алға», «Жат», «Тұр» дегеннің ешқандай қиындығы. Антты орыс тілінде қабылдаған әскерде қандай патриотизм болуы мүмкін, отанын қалай қорғай алады.
Виртуалды кеңістікті қазақшалауға мемлекет тарапынан қолдау болмауынша ол дамымайды. Басқа тілдердің виртуалды кеңістікте жылдам дамып жатқан себебі, ол тілдерді қолданушылардың саны өте көп, он миллиондап, жүз миллиондап табылады. Виртуалды кеңістіктің дамуы оны қолданушылардың көптігімен саналады және көп болғандығы үшін де энтуазистері бар, патриоттары бар, еріктілері бар бәрі жан-жақтан өз үлестерін қосып жатыр. Ол тіл мемлекеттің қолдауын аса қажетсінбейді. Ал бізде мұндай мүмкіндік тіпті атымен жоқ. Сондықтан бұл салада қазақ тілі тек мемлекеттің қолдауына сүйенеді. Болашақта виртуалды кеңістікте бәсекелесе алған тіл ғана өлмейтінін ескерсек, Қазақстанның азаматымын дегендер мен үкіметіміз тезарада тіліне көмек қолын созуы тиіс.
Жоғарыда аталған ұсыныстардың бәрі жаңалықтар емес әлемдік тәжірибеде қолданыста бар.
Ұсыныстарымды Альфонс Даудеттің «Соңғы сабақ» атты әйгілі хикаясынан үзінді келтіріп аяқтайын. Хикаяда жау қолында қалған елдегі мұғалім соңғы сабағын «Құлдықтан құтылудың жалғыз жолы ана тілімізді ұмытпау және қорғау» деп аяқтаған екен.
Фазылбек Әбсаттарұлы
Астана қ.
* Қалтафон – мобильді, ұялы телефон; фон (phone) деген-телефон, сонда қалтадағы телефон мағынасын береді
Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ деген халық болмаса, оның мен сияқты Президенті бола ма?»
Елбасы егемендіктің елең-алаң шағында, дәлірек айтсақ, 1992-ші жылы «Қазақ тілі» қоғамының 2-ші құрылтайында сөз сөйледі. Сонда Мемлекет басшысы «Қазақ деген халық болмаса, оның мен сияқты Президенті бола ма?», – деп ағынан жарылған еді. Қазақстан Президентінің, қазақтың төл перзентінің осы бір жүрекжарды сөздері көпшілік жадында сақталып қалды.
Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті өз тағдыры туған халқының тағдырымен егіз екенін айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп келе жатқан біртуар қайраткер. Алты алаш Көшбасшысының Ана тіліне деген қамқорлығы – соның бір ғана дәлелі.
Елбасының қазақ тілін дамыту мен оның болашағы турасында айтылған ой-толғамдарын саралай отырып, жасалған баяндамалар мен журналистерге берген сұхбаттарынан «Атасы мен немересі екі тілде сөйлеп, әр ұрпақ өкілдері бірін-бірі түсінуден қала бастаған, ана тіліміздің басынан бағы тайып, негізінен ауызекі әңгіменің деңгейіне дейін төмендеген» кереғар жағдайды ұдайы назарында ұстап, жауапкершілік жүгін тереңінен сезінетінін пайымдайсыз. Талай қазынасынан айырылған елінің қажымас рухына қанат байлап, айбынын аспандатуды Президентіміздің өзіне асыл мұрат санап келе жатқаны баршаға мәлім ақиқат.
Сонау, 1989-шы жылы қабылданған «Тілдер туралы» алғашқы заңда отарлық заман теперішін аяусыз тартқан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі атап көрсетіліп, іс жүзінде қамтамасыз ету жолдары негізделді. Ата заңымыз – Конституцияның 7-ші бабында «Қазақстан республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екендігі нақтыланды. Демек, тәуелсіз мемлекетке атын берген қазақ халқының алдына ана тіліне қатысты әділ де заңдастырылған талаптарды жүзеге асыру жөніндегі қауырт жұмыстарды орындау міндеті қойылды.
Міне, «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына да жиырма жылдан астам уақыт өтті. Бұл жеке адамның өмірімен таразыласақ, бесіктегі баланың ат жалын тартып мініп, өз алдына отау тігер шағы. Бірақ, тіл қоғамдық құбылыс, тұтас бір ұлттың рухани қазынасы. Тоталитарлық бұғаудан босаған халықтың еңсесін тіктеп, бар-жоғын түгендеуі зор қажыр-қайрат пен уақытты қажет етері түсінікті. Ал, қазақ сол мәртебелі уақыттың өзіне берген мүмкіндігін пайдалана алып отыр ма?!
Бұл сауалға мемлекеттік және халықтық тұрғыдан жауап беру дұрыс сияқты. Егер, әуелі, мемлекеттік деңгейде, яғни Үкімет тарапынан атқарылған шаруаға келсек, туған тіліміз тұғырының құқықтық жағынан бекітілгендігі туралы айтып өттік. Бұған қоса Тілдерді дамытудың кезеңдік бағдарламаларының пайдасын да ешкім жоққа шығара алмайды. Соның нәтижесінде, мәселен, 1989-1990 оқу жылында 910 мың оқушы қазақша білім алса, қазір олардың саны 1,5 миллионнан асып отыр. Халықаралық мектеп олимпиадаларында жеңімпаз атанып жүргендердің де 64 пайызы сол қазақ мектептерінің оқушылары. Республика бойынша іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі қиындықпен болса да межесіне жақындап келеді.
Ал, халықтың өз белсенділігі қалай? Республикада тілдік ахуалдың жақсарып келе жатқаны, әлбетте Үкімет пен жанашыр қауымның қоян-қолтық жұмысының жемісі. Бұл сонымен қатар тілектестерді ортақ іске жұмылдыра біліп, елді оятуды мақсат еткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қажырлы қызметінің арқасы. Алайда, ағайынның басым бөлігі әлі де болса, ескі «құлдық» мінез-құлықтан арыла алмауда. Балаларының тілдері «шүлдірлеп» шықпаса, сыбағасы шала көретіндер азаймай отырса, басқа не деуге болады. Әйтпесе, бар жауапкершілікті билік органдарына итере салудың жөні қайсы?! Қазақ тілінің Президенттің өзі тікелей қадағалап, заң арқылы бекітілген мәртебесін орнықтыру – әрбір қазақтың абзал борышы.
Ана тіліміздің қоғамда өзіне лайықты орнын алатын кез жақын. Тілдерді қолдану мен дамытудың алдағы он жылға арналған бағдарламасы осы мерейлі міндетке қызмет етеді деп күтілуде. Оның басты мақсаты – ұлт бірлігін нығайтудың алғышарты ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымда қолданылуын қамтамасыз ету, тіл саясатын қоғамдағы тұрақтылыққа нұқсан келтірмей, үйлесімді жүзеге асыру болып табылады.
Жалпы, елімізде ұлтаралық келісім мен татулықты сақтауға ерекше маңыз берілетінін қазақстандықтар жақсы біледі. Кезінде бұл қағидатты жекелеген елжанды азаматтардың «солқылдақ» саясаттың салдары ретінде көрсетуге тырысқандары да шындық. Жас мемлекеттің қабырғасы қатаймаған тұста тіл төңірегінде кейбіреудің дау-дамай туғызуы ел егемендігіне қатерлі әрекет еді. Ұлт араздығының туып, елді от шарпуын сыртта да, іште де күткендер аз болмады. Сондықтан Елбасы туған елінің егемендіктің жемісін көруге асығуын түсіне тұрып та «тәуелсіздіктің ұзақ көш екенін айтып, асықсақ та аптықпауға» шақырудан танбады.
Баршаға мәлім, дүбірлі 90-шы жылдары, ойдан шығарылған «орыс мәселесін» көлденең тартып, пәле іздеп жалаңдағандар өріп жүрді. Олар бірде «Единство» деп құйқылжыса, енді бірде Орыс мәдени орталығы мен «Орыс қауымдастығын» бетке ұстады, тіпті Орал, Жетісу казактары дегендер «ат ойнатудан» аулақ болмады. Қара ниеттілер биліктің шалыс басқанын қалт жібермей қадағалады. Сондай қатерлі кезеңде ел басшылығының сындарлы ұлт саясаты ғана республикада арандатуға ешқандай жол бермеді.
Тіл мәселесінде де қазаққа онша ұнамайтын, бірақ түбінде сол қазақтың тағдырына кызмет еткен сындарлы саясат ұсталды. Орыс тіліне ұлтаралық қатынас құралы мәртебесі беріліп, оның мемлекеттік қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылуы заң жүзінде бекітілді. Мұның, әрине қазақ тілінің дамуына кедергі келтіргені рас. Бірақ, сол бір аласапыран уақытта бұл еріксіз жасалған қадам болатын.
1999-ші жылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілінің айбары» алтын белгісін тапсыру салтанатында халқымыздың көшбасшысы бұл құрметті «Елбасына елдің ана тілінің қамын ойла деп берілген тапсырма» деп түсінетінін мәлімдеді. «Егер ертеңгі келер ұрпақ мына сайын дала төсінде бойыңды балқытып, жан дүниеңді шымырлататын қазақ тілінде сөйлемейтін болса, онда ол күнге ұмтылудың да мәні шамалы шығар деп те ойлайтынбыз. Шүкір, ондай қауіптің беті аулақ» – деп, ол тағы да сол екінші құрылтайда жанашыр қауымның бойына жігер құйған болатын.
Рас, соңғы жылдары мемлекеттік тіл туралы айтуда да, жазуда да кемшін жоқ. «Қазақстанның Ұлт бірлігі» доктринасы соның жарқын дәлелі. Онда мемлекеттік тілді меңгеру бұдан былай «… әркімнің парызы мен міндеті»-деп атап көрсетілген. Осы орайда халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деген тағылымы ойға оралады. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, ай сайын екі тіл немесе екі аптада бір тіл жойылып отырады екен. Сондықтан, қазақ тілі өзіне лайықты тұғырына сай қолданылуы үшін билік пен бұқара тығыз байланыста жұмыс жасауы тиіс.