Тақырып. Түсіндірме түріндегі аударма.

Мақсаты:Түсіндірме түріндегі аударма да аударма үдерісінде жиі қолданылады. Аударма барысында кейде түпнұсқа тілдегі белгілі бір тілдік бірліктің баламасы бір немесе бірнеше сөзбен беріле алмауы мүмкін. Бұл жағдайда аудармашы түсіндірме тәсілін қолданады.

Кілт сөздер: аударма, түсіндірме аударма, мәтін, аударма ерекшелігі.

Жоспар:

1.Түсіндірме аударма туралы түсінік

2.Аударма алды мәтін талдаудағы түсіндірменің рөлі.

Түсіндірме түріндегі аудармада аударма үдерісінде жиі қолданылады. Аударма барысында кейде түпнұсқа тілдегі белгілі бір тілдік бірліктің баламасы бір немесе бірнеше сөзбен беріле алмауы мүмкін. Бұл жағдайда аудармашы түсіндірме тәсілін қолданады.

Түсіндірме түріндегі аударма аударматанудың теориялық және практикалық мәселелері талданатын әдебиеттердің барлығында да екінші тілде мағыналық-ұғымдық көлемі жағынан сәйкес келмейтін сөздер тобын, яғни баламасыз лексиканы аудару тәсілі ретінде сипатталады және бұл аудару тәсілінің ерекшелігі - түпнұсқа тіліндегі бірліктің мағынасының аударма тіліне жайылмалы синтаксистік құрылымдар арқылы берілуінде. Түпнұсқа бірлігі мен оның аударма тіліндегі баламасының арасында лексикалық сәйкестік болмайды немесе бұл сәйкестік едәуір төмен болып келеді, аударма тіліндегі баламаның ішіндегі синтаксистік байланыс әртүрлі болады, түсіндірме түрінде аударма жасау іс-әрекетінің автоматтылығы сөзбе-сөз аударуға қарағанда әлдеқайда төмен, дегенмен түпнұсқа мәтіндегі бірлікті аудару процесі автоматты түрде жүзеге асырылмайды деп қорытындылауға да болмайды және синтаксистік-кұрылымдық үлгі тұрақты болып келмейді. Мысалы:“The trouble with you young fellows is that you are so cocksure nothing can exist outside your own philosophy that you get the wind up when something occurs to jolt you out of that opinion” [11, 275 б.], “Жастардың бір жаман жері сол, сендер өздеріңнің философияңнан басқаға сенбейтін сыңаржақсыңдар. Ал енді әлгі сенімдеріңді басқа біреулер жоққа шығара қалса, зәрелерің кете бастайды” [12, 123 б.]. Бұл сөйлемде қолданылған біріккен зат есім әтеш және сенімді деген мағыналарын білдіретін cock және sureсөздерінен құралған. Бұл күрделі сөзге аударма сөздікте өзіне сенімді деген мағына көрсетілген. Алайда аудармада ол сыңаржақ деп берілген, яғни оғанөздеріңнің философияңнан басқаға сенбейтін деген түсіндірме беріліп отыр. Осы түсіндірме арқылы өзіне ғана сену мәні қосыла беріліп отыр. Олай болмаған жағдайда тек сыңаржақ сөзінің өзі cocksure біріккен зат есімінің мағынасын толық аша алмас еді деп ойлаймыз. Сол себепті мұнда түсіндірме тәсілі қолданылған деп санаймыз.

Келесі “Emily French had been a strong-willed old woman, willing to pay her price for what she wanted” [11, 215 б.] сөйлемін Ә.Ахметов қазақ тіліне “Эмили Фрэнч өз есебіне шегедей, көңіліне ұнаған нәрсенің құнын жақсы білетін кемпір болатын” [12, 144 б.] деп аударған. Негізінде, ағылшын тілінде strong-willed біріккен сын есімі қазақ тіліне тікелей аударғанда өз тілектеріне, қалауларына мықты немесе берік деген мағынада жұмсалады, бірақ аудармашы оны қазақ оқырмандарының түсінігіне сәйкестендіріп өз есебіне шегедей деген тұрақты тіркес арқылы түсіндіре беріп отыр. Алайда өз қалауларына, өз тілектеріне мықты немесе берік деп берсе де автор қателеспеген болар еді, өйткені ол қолданыс та қазақ ұғымына жат емес. Аудармашының мақсаты біздіңше мықтылық, берік деген мағыналарды шегедей сөзін қолдану арқылы беруді жөн санаған. Шеге-мықтау, бекіту, қатайту мәндерін де өз семантикасында қамтитыны белгілі.

Сонымен, аударма – адамзаттың ой әрекетінің ежелгі түрлерінің бірі. Қоғамдық тарихта түрлі тілде сөйлейтін топтар пайда болысымен, аудармаға қажеттілік пайда болған. Екі немесе бірнеше тілді немесе диалектіні меңгерген алғашқы ауызша аудармашылар әр түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар мен тайпалар арасындағы бірін-бірі түсіне алмау шектеуін шешуге ықпал еткен.

Ағылшын тіліндегі сөйлемнің құрамындағы біріккен сөздің мағынасы аудармадағы сәйкес сөйлемнің ауқымында толық ашылмай қалған жағдайда, баламалылық жоғарғы күрделі синтаксистік тұтастықтың аумағында ашылады. Демек, ағылшын тіліндегі біріккен сөздің қазақ тіліндегі мағынасын және оның қазақ тіліне берілу жолдарын айқындауда түпнұсқа мәтініндегі сөйлем мен аударма тіл мәтініндегі оған сәйкес сөйлемді ғана емес, сонымен қатар сөйлем мен оған сәйкес күрделі синтаксистік тұтастықты қоса салғастыру керек. Әр түрлі жүйеге жататын тілдердің материалдарын осылайша салғастыру осы тілдердің ортақ қасиеттерімен қатар, олардың ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.

Наши рекомендации