Лген көңіл - ындансыз өмір

Қабағынан қар жауған
Қараңғы бұлт жоғалды,
Қасқара алмай бет ауған
Қаһарлы жел де оңалды,

Көшейін деп қыбырлап,
Ел қыстаудан қозғалды-
Жаралы жүрек жыбырлап,
Жазылмай жалғыз сол қалды.

Қырдан ойға дүбірлеп,
Жас балар шуласты,
Күншуақта күбірлеп,
Кемпір-шал да сырласты.

Қыз-бозбала бір бөлек,
Әзілдесіп дуласты-
Өліп қалған сұм жүрек
Оятсам да тұрмас-ты.

Бетіме жылы тиеді
Күнгейдегі күншуақ,
Жан жылыны сүйеді,
Жанға рақат осы уақ,

Өлі жердің сүйегін
Тірілтті шайнап жапырақ-
Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас ол бірақ.

Күн нұрымен көгеріп,
Жауқазын шықты жалбырап,
Жер жүзіне өң беріп,
Қызыл гүл бітті албырап,

Тоң еріді, қар кетіп,
Жан-жануар балбырап-
Қайғылы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырап.

Қолдағы малға төл еріп,
Жандыдан өсіп жан шықты,
Жаңадан Құдай жан беріп,
Неше түрлі мал шықты.

Қатып қалған желіннен
Қаймағы бар бал шықты-
Қайғылы біздің көңілден
Қайғырған сайын қан шықты.

Жер жүзіне нұр жауып,
Күн жылынды, шөп өсті,
Бие байлап, қой сауып,
Буаз малдан төл өсті,

Жанған оттай жалындап,
Жайлауға қарай ел көшті-
Жанбақ түгіл, жабырқап,
Жаралы жүрек қайта өшті.

«Көкорайға қонғанда...»

Көкорайға қонғанда,
Қозылар ойнар дүркіреп.
Жаздың күні болғанда,
Жаңбыр жауар күркіреп.

Жаралы біздің көңілге
Бір тамбайды сіркіреп.
Таянды ғой өлімге —
Қақырық басты кіркіреп.

«Амандаса келісіп...»

Амандаса келісіп,
Бір бағыланды сойғызар.
Кел деп аяқ берісіп,
Қымызға әбден тойғызар.

Тері жадырап, жайылды,
Дене балқып, бой қызар.
Қайғы менен уайымды
Ойлауды да қойғызар.

«Бағылан етін балқытып...»

Бағылан етін балқытып,
Біріне-бірі же десіп,
Шаттанысып, шалқысып,
Кем-кетігін теңесіп.
Әзілдесіп әр сөзге,
Қалжың айтып, егесіп...
Сөз қылар екен сол кезде
Біз байғұсты не десіп?

Адал кісі еді-ау деп,
Алғыс айтып алғай ма?
Әркімді о да жеді-ау деп,
Әйтпесе сөгіп, қарғай ма?

«Мен бір — тілсіз көлікпін...»

Мен бір — тілсіз көлікпін,
Басыма соқпа, дауың жоқ.
Текпілеме, өлікпін,
Шайтаннан басқа жауым жоқ.
Қызығып сендер ұмтылар
Қасыма ерген қауым жоқ.
Жазады кешіп, мұтыңдар,
Жазадан, сірә, сауың жоқ.

«Мен кеттім де, сен қалдың...»

Мен кеттім де, сен қалдың,
Зияным енді тие ме.
Неңді жұттым, неңді алдым,
Кешсеңші жалғыз иеге.

Саған да сауап керек қой,
Кім сенеді дүниеге.
Осыны білген зерек қой,
Жолықпасаң киеге.

«Біреудің мінін кешірсең...»

Біреудің мінін кешірсең,
Саған да құдай кешеді.
Бәрін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Рахымсыз, пейлі жаманның
Орны дайын деседі.

Мен досыңмын, жау емес,
Еліре берме, қайта ту.
Жүрегім дертті, сау емес,
Сол себепті сөзім — у.

Ащы деп алмай қоймаңыз,
Аңсағанда, керек су.
Абайлап артын ойлаңыз,
Алды ғой алдап өңкей қу.

«Мен өтермін, кетермін...»

Мен өтермін, кетермін,
Жоқтарсың мені бір кезде.
Жәрдемім тимес, не етермін,
Бекінем осы бір сөзге.
Мақсұтың қайсы, досың кім,-
Осының түбін шын көзде.
Бар ақылым — осыным,
Айтарым жоқ тіпті өзге.

«Мақсұтың қайсы, досың кім...»

Мақсұтың болса орынсыз,
Сілкініп жүріп сыға бер.
Жолдасың болса тойымсыз,
Көзіңе құмды тыға бер.

Қызығып жүрген ісің кім,
Ерте есептеп, ұға бер.
Сенісіп жүрген кісің кім,
Жалмауыз болса, жыға бер.

Мен жау болсам, кім досың,
Байқадың ба оны өзің?
Өзгелерден сен шошын,
Жау десең де, мен — көзің.

Түбінде менде айла жоқ,
Алалға дайын мінезім.
Тойымсыз қудан пайда жоқ,
Шын жақындық бұл сөзім.

Алалға айла қылушы ем,
Жау жықнасып туды деп.
Сескеніп, ерте-ақ білуші ем,
Ішкізер қулар уды деп.

Жазалы қылмас құдайым
Айланы ақпен жуды деп.
Деуші «едім үстіп шыдайын,
Құртпас па екен қуды»—деп.

Мен көргенді көрмеді-ау,
Қайратты өңкей батырым.
Қайтейін, тоқтау бермеді-ау,
Қу залым деген кәпірің.

Ұқпаған соң лажым не,
Жан досым мен жақыным.
Ұққаның болса, қамың же,
Оңдасын істің ақырын.

«Күйдірген соң шыдатпай...»

Күйдірген соң шыдатпай,
Көре тұрып жайынды,
Кім айтады мен айтпай,
Сендерге енді уайымды.

Мір

Біреу маған от жақ деп қылды бұйрық,
Жағайын деп ұмтылдым, көңіл жүйрік.-
От жаққалы жатқаным - бір үлкен үй,
Отын жиып қойыпты талай күндік.

Шақпақ жағып жібердім, қуға түсті,
Тұтандырып алуым болды күшті.
Қызыл өңеш болғанда азар жанып,
Соған шейін асығьш, ішім пысты.

Отқа әкеліп отынды салып еді,-
Жалын шығып лапылдап жанып еді.
Үй жылынса, қайтейін, залал да көп,-
Жалын барып талайды шалып еді.

Жалын кетіп, аздан соң шоқ болды құр,
Отын бітті, үрсем де жана алмай тұр.
Жалынды оттай жайнаған, қайран, өмір
Шоқ сөнген соң қап-қара болды көмір.

Үш-ақ түрлі өмір бар; бәрі де мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің - ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.
Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың.

Өмірдің басы - бала, ортасы - адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.

Мал жимақ

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи.

Ерінбесең еңбекке, дәулет дайын,
Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайың.
Ойласын деп ой берді, көруге көз,
Аяқ берді, тапсын деп басқан сайын.

Үйде отырып салғанмен сарыуайым,
Тілегенің тұра ма саған дайын.
Жүріп-тұрып, ойланып істеп көрсең,
Харекеттің білесің сонда жайын.

Жатып ішкен жан - тыныш, салғырт-салақ,
Оған арам - харекет, ой ойламақ.
Іздемеген кісіге қайдан келсін
Таза киім, жылы орын, тәтті тамақ.

Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,
Білім білмек - әр іске бапкер болмақ.
Қол өнерден пайда қыл үйреніп ап,-
Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ.

Қол өнер - өзің өлсең - бірге өледі,
Сонда-дағы қалғандар үйренеді.
Сен кетсең де өнерің елде қалып,
Талай жанға азық пен мал береді.

Әрі ермек, әрі пайда, әрі дұрыс,
Демейді қол өнерді ешкім бұрыс.
Көрінгенге көз сатып жалынғанша,
Күндік өмір қалса да соған тырыс.

Деп ойлама бұйрықсыз дәулет қайда,
Жалықпай талап етсең - дайын қайда.
Адал қол аштан өлмес, құры қалмас,
«Жүрген алар»-деген ғой осындайда.

Талаппен адал істі істемекпіз,
Тапсырдық бір аллаға біз демекпіз.
Ындының таза болса, именбеңіз,
Дәулетті осылайша іздемекпіз.

Баста таза жаратты, сен таза бол,
Ұқсаң, анық айттым ғой бұл - тура жол.
Мақтан күйлеп, арамнан мал жинасаң,
Орның - дозақ, сорлы - сен, айтқаным сол!

Насихат

Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде,
Қазақты бастайтұғын қару сізде.
Партияға шашқанша осыған сал,
Қолыңда қорегің бар кезіңізде.

Білгіштер, біліміңді өнерге сал,
Жарты өмір жалғыз күндік болмайды жал.
Тіленіп, тілің безеп қу атанбай,
Ғылым білсең, табасың қадір мен мал.

Есті жи, ел шаңына ер, мұны тастап,
Қайғы жоқ басқа жатсаң ғылым жастап.
Сен — батыр, мынау — білгіш, анау есті,
Апардың қазақ көшін қайда бастап?

Көрмедім көш бастаған қазақ ұлын,
Кеңірдек, өңеш кетіп, қалды жұлын.
Бәрің есті, батырсың, айлалысың,
Қазақтың түзеттің бе жалғыз қылын?

Жарлылар, жалаңдама, сендер де ойлан,
Кер кедей, кежірлікті шығар бойдан.
Бойың жалдап қор болма, ойың жалда,
Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан.

Онан да өнер үйрен тек жүрсең де,
Ақы алмай, тамақ қана жеп жүрсең де.
Өнер білсең — он күнде жүзді аласың,
Басында пайда алмай-ақ көп жүрсең де.

Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде.

Ғылым тан жас күніңде буын қатпай,
Басында байқамассың дәмін татпай.
Менің көрген жайымды сендер білсең,
Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.

Адамнан адам озар немен артып,
Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып.
Залымдықпен ел алса, сол оза ма,
Маңайының бәрін де оттай шарпып?

Біреу жүр алдап алып қайта малын,
Жалындай тысқа жаққан күнде шалқып.
Көпке пайда тигізіп біреу жүрсе
Ғылым іздеп жап-жатық майдай балқып.

Осылардың қайсысын ұнатасың?—
Ақылға әрбіреуін сынатасың.
Көпке паңда тигізген жақсы десең,
Оны неге іздемей тек жатасың?

Егерде ел алғанға қуанасың,
Немесе алдау қылып жұбанасың.
Бұл екеуін көңілің жақсы көрсе,
Бәрібір, сен де соңдай дуанасың.

Кінішті өмір

Қайғылының ішінде жанар жалын,
Шалмай қоймас жалыны жолдастарын.
Өзімді ұрған мінезді сөгемін деп,
Тілім тисе сіздерге, кеш, достарым.

Тілі ащы деп, жігіттер, мені сөкпе,
Ашулының әр сөзі тиер көпке.
Өткен өмір — өкініш, ой жаралы,
Дерті қалың делбемін шірік өкпе.

Құры тілмен зарланып сайраулымын,
Қол-аяғым бос емес, байлаулымын.
Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр,
Ыза қысып тісімді қайраулымын.

Ащы сөзім — достығым, маған нансаң,
Кемдігім — келістіріп айта алмасам.
Түпсіз суға байқамай түсіп алып,
«Аулақ жүр — деп доспын ғой — айғайласам»

Менің дертім, жігіттер, емес оңай,
Болып едің дейсің ғой қашан олай.
Басқа түссе байқарсыз бәріңіз де,
Ойланбаған өмірдің бәрі солай.

Ескерусіз бар өмір кетсе желге,
Ақыл, айла, қайратың ақса селге,
Мақтанқұмар партия күйлесеңіз,
Мен сықылды боласың сен де делбе.

Осыларды өнер деп өлсең сенбе,
Онан басқа өнер көп іздегенге.
Өкінішің өлімнен қиын болар,
Мақсатым не деп ойлар кез келгенде.

Осы кезде кісі жоқ менен жаман,
Сөзім ащы тиген соң сізге таман.
Достығым ба, байқарсыз, қастығым ба,
Біздің ойды сіз де ойлар болса заман.

Тамам елді қорлаған мен ғой бүгін,
Ләйім, жылда солардың қылма түгін.
Менің биім — өзіңнің ақ жүрегің,
Сөзімді ұқ та дауыңды айт, соған жүгін.

Мақтан үшін іс қылып көрдім бе де,
Ашу мен құмарлыққа кірдім бе де.
Өнерсіз жалқаулықпен жанды сатып,
Ант ішіп партияда жүрдім бе де.

Ез, еріншек, қорғалақ, шабан болсаң,
Не мақтаншақ, дарақы, надан болсаң:
Есі-дертің — партия, ел билемек,
Залалкес хайуаннан жаман болсаң.

Бұлардың бәрі болсаң, өкпелеме,
Мінін айтса шын жақсы кектене ме?
Арам безден арылып әділ жүрсең,
Ақ жаратқан құдайың жек көре ме?

Таза болсаң, ондайға жоламай өт,
Ақ жүрегің ақтаса, құтылып кет.
Оған болмай құтырсаң, өз сазайың,
Итпен бірге ит болған сен де төбет!

Ащы тілмен мен айттым ел мінезін,
Сөздің теріс мақұлын салмақта өзің.
Өтірігін тап-тағы жүзқара қыл,
Ыза болсаң, кек алар сол ғой кезің.

Наши рекомендации