Композиция және сюжет

Композиция(латын сөзі - kompositio - құрастыру, тәртіпке
келтіру) - көркем шығарманың
құрылысы. Көркем әңгіме не
поэма, не роман, қайсысын оқысақ та, әр алуан сюжетке құрылады. Сюжет дегеніміз
- шығармадағы адамдардың бір-бірімен байланысы, қарым-қатысы, күрес-тартыстары
- шығармадағы оқиғаның дамуы. Ендеше оқиға қалай болса солай суреттелмейді;
белгілі бір тәртіппен дамиды. Бір оқиға себебі болса, екіншісі - оның нәтижесі.
Адамдардың арасындағы күрес-тартыстар тек кездейсоқ нәрсе емес, өмір шындығы,
өмірге екі түрлі көзқарас, екі түрлі мінездің түйісуі екендігі аңғарылады.
Оқиғаның белгілі бір мекенде, белгілі мезгілдерде болғандығы көрсетіледі.

Әңгіме адамдар
туралы болғандықтан, олардың сыртқы пішіні, кескіні, мінез-құлқы, іс-әрекеті,
күйініш-сүйініші, сөйлеген сөзі, қысқасы, өмірдегі адам қандай болса, көркем
шығармада да біз тап сондай адамдарды кездестіреміз. Сөйтіп, шығармада
кездесетін оқиғаның осылар тәрізді әр алуан бөлшектердің қалауын тауып жазушы
асқан шеберлікпен қиюластырып, бір бүтін нәрсе етіп шығарады. Міне, осыны
шығарманың композициясы - құрылысы деп атайды.

Көркем шығарманың
құрылысы шығарманы жақсы не нашар шығарма деп баға беруде шешуші рөл атқарады.
Оқығанда бас алғызбай, тартып әкететін, оқиғаның қызықтығы, көсем серкедей
ерекше көзге түсетін образы - типі ұнамды образдардың рух берерлік ерліктері,
ұнамсыз образдардың жан түршіктірерлік жауыздықтары және өзекті өртерлік
трагедиялық жайттардың шығармаларда табиғи заңдылықпен мүлтіксіз шебер қиюласуы
- композицияның ісі. Егер ол болмаса, бір-бірімен байланыссыз оқиға да, әдемі
пейзаж, портреттер де, үздік жасалған әдеби мінездер де оқушыларын қызықтыра
алмаған болар еді. Ондай шығармаларды оқиға дамуларында композициялық бүтіндік
жоқ, сондықтан көркемдік дәрежеге көтеріле алмаған әлсіз, құнсыз шығарма дер
едік.

Сонымен қатар
композиция, сюжет деген терминдердің мағыналарын аша түсетін бірнеше жайттарға
тоқтала кетуге тура келеді.

Композиция (құрылыс)
- көркем шығарманың барлық түріне қатысы бар ұғым. Ал сюжет тек оқиғалы
шығармаларға ғана қолданылады.

Біз жоғарыда
эпикалық шығармадағы оқиғалардың белгілі бір тәртіппен дамуы, кейіпкерлердің
сол оқиғаны дамыту жолында алатын орны, атқаратын істері біртұтас болып шығуы
композицияға жатады десек, лирикалық шығармаларда оқиға жоқ. Сондықтан олар
сюжетсіз шығармалардың тобына жатады. Бірақ лирикалық өлеңдердің де өзінше
композициясы болады.

Лирикалық жанрға
жататын өлеңдердің өзі сан алуан болса, олардың формалары да сондай болуы
мүмкін. Демек, бұл лирикалық өлеңдердің композициялық ерекшеліктері саналады.

Әрине, көркем
шығармалардың құрылысы тек түрге ғана байланысты мәселе емес, мазмұн, идеяға байланысты
мәселе. Шығармаларда суреттелетін оқиғалар, олардың бөлшектерін, адамдардың
іс-амалдарын жігін таптырмастай шебер қиюластыру жазушының дарындылығымен
байланысты болса, қандай сюжет алу және оқиғаға қатысушылардың қайсысын қалай
көрсету жазушының өмірге көзқарасы, шығарманың идеясымен байланысты. Бұл - тек
сюжетті шығармаларға ғана емес, сюжетсіз лирикалық өлеңдерге де тән қасиет.
Лирикалық өлеңдердің әр алуан түрлері мазмұнның керек етуінен туады.

ІІІ тарауда
образ - тип дегеніміз не, Образдардың
олардың тәрбиелік мәні қандай,
тағы

жасалубасқа
бірнеше мәселелердің
бетін

жолдарыашуға тырыстық; енді сол образ - тип

қандай жол, қандай
әдістермен жасалады деген сұраққа жауап беруге біз міндеттіміз. Бұл - бір.

Екінші, шығармалардағы кейіпкерлер
композиция, сюжет мәселелерімен байланысты бұл тарауда көп сөз болады.
Сондықтан адам образдарын жасауда ақын-жазушылар қандай әдіс, қандай
шеберліктер қолданады, осы мәселенің сырын ашуымыз керек. Сонда біз жоғарғы екі
тараудың тілегінен туатын сұрақтарға да
жауап береміз.

Образдың жасалу жолдары сан алуан. Бірақ солардың ішіндегі ең негізгілері:
портрет, мінездеу, адамның күйініш, сүйініштерін суреттеу, қатысушылардың
сөздері және жанама мінездеу.

Бұлар бір-бірімен нық байланысты. Шығармалардың құрылысында бірі ол жерде,
бірі бұл жерде келсе де, жиынтығында кейіпкерлердің бейнесін айқындап, оларды
ерекше көзге түсерлік образ - тип дерлік дәрежеге жеткізу жұмыстарын атқарады.

Портрет -
қатысушылардың кескінін, келбетін,

Портрет
пішінін, тұлғасын суреттеу. Мысалы,

М.Әуезовтің «Шатқалаң»
деген әңгімесінде Айшаның келбеті былай суреттеледі:

«Айша ақырын күліп қояды. Бұл орта бойлы, толық етті, жұмыр, тұтас біткен,
қайратты әйел еді. Денесі - жұмысқа піскен, сом дене. Бұл пішіні де ерекшелеу
келген, кесектеу пішілген қалпымен айрықша саналы, өзінше сұлу біткен пішін.
Ақшыл, сұрғылт бетінде күнге күйгендіктен араласқан жұқалау қызғылт бар. Әдемі
қара көздері мейірімді, ойлы көз сияқты. Әсіресе, биіктеу келген, түзу біткен
мұрны мұның дөңгелек жүзіне жарастығын, келісімін толықтырып тұрған тәрізді...»

Осы үзіндінің өзінен-ақ Айшаның қандай адам екені, оны автор қай жағынан
алып көрсетпек екені мәлім. Айшаның сыртқы суретінің өзінен-ақ өте мейірімді,
саналы, қарауға да көрікті және еңбекке шыныққан, қолынан іс келетін адам
екендігі көрініп қалады. Жазушы Айшаның портретін бергенде, оқушылары оны ұнатқандай,
оған сүйсінгендей етіп суреттеген.

Махамбет Исатайды:

Садағына сары жебені салдырған,

Садағының кірісін

Сары алтынға малдырған.

Тереңнен көзін ойдырған,

Сұр жебелі оғына,

Тауықтың жүнін қондырған.

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан, -

деп, портретін
осылай береді. Махамбеттің Исатай
портретін бұлай жасауы да оның негізгі мақсатымен ұштасып жатыр. Исатай образы
- ұнамды образ. Ендеше оның портретін де оқушы сүйсініп оқығандай, «Па, шіркін,
өзі де жігіт екен!» дегендей етіп суреттейді. Сонымен қатар ақынның өзі оны аса
сүйгендігі де анық көрінеді.

Жазушы қаһарманның портретін кейде кең түрде бір жерде тоқтап суреттейді.
Кейде қаһарманының амалын, басында болған күйінішін-сүйінішін жазып отырып
біртіндеп, портреттің әр бөлшегін әр жерде көрсету әдісімен жасайды. Портрет
(французша - portrait) деген термин әдебиеттегі портрет пен живописьтегі
портретті салыстыруды керек етеді. Шынында, әдебиетте адамның не басқа нәрсенің
келбетіне кең тоқталып, суретін бұлжытпай қойған портреттер көп (мысалы, «Аттың
сыны», «Қыз сыны» - Абай). Бірақ
әдебиеттегі портрет пен живописьтегі портреттің үлкен айырмасы бар.

Живописьтегі портрет қимылсыз, қозғалыссыз, ал жазушы адамды қимыл-қозғалыста етіп суреттейді (ол
қаһарманның жүріс-тұрысын, даусын және қалай сөйлейтінін де суреттейді).

Жазушы - адам портретін жасау үшін, оны оқушыларына жеткізіп беру үшін
теңеу, эпитет, метафора тағы басқа бейнелеу құралдарын қолданады. Живописьтің
портрет жасаудағы қолданатын құралы басқаша.

М.Горькийдің «Ана» романында офицерді суреттеген жерінен бір үзінді
келтірелік:

«Сіздердің күткеніңіз болмадық, ә!» - деді сирек, селтік қара мұртты,
жіңішке келген ұзын офицер... Офицер шапшаңдап кітаптарды алды да, аппақ
қолының жіңішке саусақтарымен аударып-аударып, кітаптарды бір сілкіп, жып еткен
қолымен бір жағына ытқытып тастап отыр... Ана оның әлсіз даусын тыңдады және
оның сарғылт түсіне қорқа қарап, бұл кісінің жүрегі, бар адамға жеркеніштікпен
қарайтын асқақ көкірек мырзаның жүрегі екенін, еш рақымы жоқ - жау екенін
сезді», - дейді. Бұл - ұнамсыз қаһарман. Сондықтан жазушы оның портретін де
басқалар одан безгендей етіп суреттейді.

Сөйтіп, картинадағы портретті біз көзімізбен көрсек, әдеби шығармаларды
оқығанда қиял жүгіртіп ойлау керек болады. Портрет жасау үшін жай ғана алына
салған жеке белгілер біздің қиялымызды жүгіртіп ойлауға әдебиеттегідей жәрдем
бере алмайды. Сондықтан әдеби шығармаларда жазушы сол образға тән, оның кейпін
ашық, айқын көрсететін нәрселерге көп тоқталады. Сөйтіп, портрет дегеніміз - шығармаға
қатысушылардың (нәрселердің де) сыртқы тұрпатын, түрін, түсін, жүріс-тұрысын
суреттеу.

Жазушы
шығармаға қатысушылардың

Мінездеу сыртқы
портретімен қатар ішкі портретін -
мінезін, құлқын, наным-

сенімін, дүниеге
көзқарасын суреттейді. Әдебиетте мұны мінездеу дейді.

Адам образын жасауда мінездеу айрықша орын алады. Өйткені әдеби образдың
ерекше көзге түсуі де, мәңгілік есте қалуы да адам мінездерінің шебер
жасалуымен байланысты. Сонымен қатар шығармада әдеби мінез жеке адамға тән
сипат етіліп суреттелсе де, ол - сандаған мінездердің жиынтығы және кейіпкердің
өз ортасына тән, сол жағдайға лайықты, әбден екшеленіп алынған мінездердің
сіріндісі.

Қай жағынан болсын, өте әдемі, шебер жасалған мінездеудің классикалық
тамаша үлгісі деп Абайдың «Онегиннің сипаты» атты А.С.Пушкиннен аудармасын
алуға болады.

Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орнымен,

Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен.

Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу,

От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,

Дем алысым, құмарым бір сен десе!

Жанын құрбан жолыңа еткен жансып,

Көз қарауы құбылар әлденеше.

Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырар орны келсе.

Жай ғана кісі болып түк білмеген,

Қалжыңын білдіртпейді қалай деген.

Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек,

Кісіге балдан тәтті орны келген.

Өлеңді оқып шыққанда, Онегиннің мінез-құлқы түп-түгел көз алдыңда тұрады.
Оның мінезінің сан алуан жағы бар. Ол кейде паң, кейде көнгіш, кейде өр, кейде
ұялшақ, кейде жылы жүзді, сонымен қатар ол - түсін бермейтін, сырын ішіне берік
сақтайтын адам.

«Бет - перде ғана, шын адам соның аржағында», - деп В.Гюго айтқан тамаша
афоризм сол ақсүйектер қауымының адамдарына тән мінездердің бір көрінісі
болатын. Онегиннің «дәмеленсе, күндесе білдірмейтіні», қалай қалжыңдап
отырғанын сездірмеушілік - өз ортасынан алған тәрбие, сол ортаға тән мінездер.
Орыстың ақсүйек-дворян жастары көпшілігінде осылай тәрбиеленетін. Тургенев
«Әкелер мен балалар» атты романында А.С.Одинцованы былай суреттейді:

«...Анна Сергеевна өзінше бір алуан адам еді. Онда ешбір жоққа нанушылық
болмайды, дінге сенушілік те күшті емес еді. Еш нәрседен сескенбейтін және еш
мандымайтын адам еді. Көп нәрсені ол жақсы түсінетін, көп нәрсе оны
қызықтыратын да, бірақ оны еш нәрсе толық қанағаттандыра алмайтын, тіпті
қанағаттанушылықты ол тілей де қойды ма екен. Оның ақылы бір уақыттың ішінде
әрі ізденгіш, әрі салқын, салбыр болушы еді. Оның күдіктері ұмытылғандай
дәрежеге жетіп сөніп те қалмайтын, шошынғандай халге келіп өсіп те кетпейтін».

Бұл үзінділердің екеуі де кейіпкерлердің мінездерін бір-ақ жерде сипаттау
түріне жатады. Романның басқа жерлерінде кейіпкер мінезіне қатысты суреттеулер
кездессе, негізгі мінездеуді толықтыра түсу жұмысын атқарады.

Портрет сықылды, мінездеулер ылғи бір жерде емес, оқиғаның дамуы,
қаһармандардың өзара қарым-қатынастарымен байланысты шығарманың әр жерінде
берілуі мүмкін.

М.О.Әуезовтің «Аба» романының бір жерінде Абай Байдалыға келіп, Байдалының
Қаршығалы, Қопа деген қоныстарына «Сүгір мен Сүйіндік ауылдары қоса қонсын,
бірге жайласын!» деген Құнанбай бұйрығын айтады. Әр іске шапшаң, батыл айтып,
батыл кірісетін Байдалының өзіне тән мінезін жазушы сөз арасында ғана көрсетіп
өтеді.

«Байдалы кірпік қақпай, шұғыл ойланып, үнсіз отырып, ақырында:

- Құп болсын! Қонсын Сүгір мен Сүйіндік, не деуші едім! - деді. Қайратты,
шапшаң, ер адамның байлауы сияқты. Езбеді. Жақтырмаса да, күйіп отырса да,
амалсыз байлауын бір-ақ кесіп, бір-ақ түйді».

Осы тәрізді суреттеулер бірнеше жерлерде кездеседі. Бір жерде емес, әр
жерде қысқа суреттелсе де, Байдалының өзіне тән ерекшеліктерді тап басып, дәл
айтқандықтан, солардың жиынтығында келіп, оқушылардың естерінде берік
сақталарлық толық мінездеу жасалынған.

Адам
баласы өмірде әр алуан жағдайға

Адамның басында кездеседі. Оның қуанып, шаттанатын болатын да, ренжитін, қайғыратын
да кездері

күйініш-сүйінішті болады. Бұлардың бәрі де адамның ішкі суреттеу
сезім дүниесінде, рухани, жан

жүйесінде
болатын құбылыстар.

Ақын, жазушылар - өмір шындығының жыршысы, «адам жанының инженері»
болғандықтан, ол жайларды көрсетуге міндетті. Оқушылар шығармадағы
қаһармандардың ерлігін көріп риза болады, жеңісін, қуанышын көріп шаттанады,
ауыр халін көріп қайғырады. Оқушы жұртшылықтың сезімдеріне ең үлкен әсер ететін
нәрсе - адамның басында болатын күйініш-сүйініштерді суреттеу. Оның әр алуан
жолдары, әдістері бар.

Адамның сезім дүниесіндегі өзгерістерді суреттеудің әріден келе жатқан бір
түрі - психологиялық параллелизм. Ескі заманнан қалған әдебиет нұсқаларында
адамның басында болатын қайғы, қуаныштарды көрсету үшін сол халге сәйкес
табиғаттағы бір құбылысты қатарластырып суреттеу әдісін кездестіреміз. Ол бір
кезде адам баласының ой-санасының әлі сәбилік дәуірінде, табиғаттағы әр алуан
құбылыстар жанды, оны қозғалтатын саналы күштерге бағыныңқы деген нанымнан
туған да, кейін ой-сананың өскен кезінде, шартты түрде қолданыла берген.

Адамның сезім дүниесінде болатын құбылыстарды суреттеуде ауыз әдебиетіндегі
ең үлгілі саналатын психологиялық параллелизмге мысал үшін «Ер Тарғын» жырынан
мына үзіндіні келтірелік:

Асыл туған Ақжүніс!

Көкті бұлт қоршайды.

Күнді байқай қарасам,

Күн жауарға ұқсайды.

Айды бұлт қоршайды.

Айды байқай қарасам,

Түн жауарға ұқсайды.

Көгілдірін еріткен

Көлдегі қулар шулайды.

Шулағанға қарасам,

Қол-аяғым көсіліп,

Аузы-мұрным ісініп,

Алланың хақ бұйрығы

Таянғанға ұқсайды.

Бұл - Тарғынның ауру азабынан, аштықтан әбден тарылып, өлуге таянған
кездегі жан күйзелісін, ішкі сезім дүниесіндегі күйініштік халін суреттеу.
Бірақ сол үшін ақын табиғаттағы әртүрлі құбылысты, әртүрлі жануарлардың
арасындағы жайларды параллель етеді. Қаһарманның басындағы ауыр халін жырдан
оқушылар сол қатарластыра суреттеген табиғат құбылысы, жануарлардың арасындағы
жайлар арқылы сезінеді.

Адамның күйініш-сүйініші, рухани-психологиялық жайттар кейде ерекше
құрылатын монологтер арқылы суреттеледі.

Бедеу аттың бестісі-ай,

Адамның азбас естісі-ай,

Қайда кетіп барасың,

Қарағымның аманат қойған, ешкісі-ай!

Шөрей, жаным, шөрей!

Бұл үзіндіде жалғыз ұлы жау еліне барып, хабарсыз кеткен, дұшпаны жаулап
алып, өз малына өзін малшы қылып қойған сексендегі қарияның ауыр халін
сезінеміз.

Әрине, бұлардың екеуі де ескірген әдістер. Кейінгі әдебиетте олардың не
жұрнақтары, не мүлде өзгерген түрлері ғана кездесуі мүмкін.

Орыс не басқа елдердің классиктерінің күйініш-сүйінішті суреттеулерін
алсақ, жоғарыда келтірген мысалдарымыздан өзгеше әдістер қолданатындығын
көреміз. Олар әртүрлі жағдайларға байланысты адам сезімінде болатын
құбылыстарды суреттеу үшін басқа бір табиғат құбылыстарын қатарластырмай-ақ
(параллель етпей) не ерекше қиюластырған сөйлем құрылыстарына сүйенбей-ақ
сезімде болатын құбылыстарды тікелей суреттеу әдістері екендігі аңғарылады.

Адамның психологиясындағы өзгеріс, құбылыстарды суреттеуде қазақ
әдебиетінің классигі Абайдың да сүйіп қолданғаны осы тікелей суреттеу әдісі
болды.

Қызарып, сұрланып,
Сыбдырын, тықырын

Лүпілдеп жүрегі,
Көңілмен танысып...

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі - керегі. Демалыс ысынып,

Саусағы
суынып,

Екі ғашық құмарлы
Белгісіз қысылып.

Бір жолдан қайта алмай,
Пішіні құбылып.

Жолықса ол зарлы,

Сөз жөндеп айта алмай.
Иығы тиісіп,


Тұмандап көздері,

Аяңдап ақырын,
Үндеспей сүйісіп,

Жүрекпен алысып,
Мас болып өздері.

Жанында жапырақ, Жүрегі елжіреп,

Үстінде жұлдыз да.
Буындар босанып,

Елжіреп, қалтырап,
Рақатпен әлсіреп,

Жігіт пен ол қыз да.
Көзіне жас алып...

Өзге ойдан тыйылып,
Жүйрік тіл, терең ой,

Бірімен-бірі әуре.
Сол күнде қайда едің!?

Жүрекке құйылып,
Ғашыққа мойын қой,

Жан рахат бір сәуле.
Жеңілдің, жеңілдің.

Абайдың бұл өлеңінде аңсап қосылған шын ғашық екі жастың жан құмарлықтарын,
жан рақат тәтті сүйістерін, бір қызарып, бір бозарған бет, лүпілдеп соққан
жүрек, ысынған дем, суынған саусақ, қысылған пішін, тұманданған көз, елжіреген
жүрек, босаған буын, әлсіреген бой, көзге іріккен жас, қысқасы, адамның сыртқы
құбылыстарын суреттеу арқылы іштегі әртүрлі сезіну түйсіктерін дәл береді.
Міне, осыны күйініш-сүйінішті тікелей суреттеу дейді.

Жазушылар кейде қаһарманының өзімен-өзін сөйлестіру арқылы да адамның
басында болатын күйініш-сүйініштерді суреттейді. Мұны орысша «внутренний
монолог» деп атайды. Ішкі монологтің әр алуан түрі, әртүрлі себептермен
қолданылуы мүмкін. Бірақ негізінде сезім дүниесін, адамның психологиясын,
ондағы өзгерістерді көрсету үшін пайдаланады.

«Абай» романында Тоғжанды бірінші рет көргенде-ақ Абайға қатты ұнап,
сүйіспендік сезімі ояна бастауын және сонымен байланысты оның жан дүниесіндегі
күйініш-сүйінішті жазушы ішкі монолог арқылы көрсетеді.

«Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние, мынау маужыраған тынысты
нәзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой.

Сүттей жарық айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай
әлдеқандай өзгеше таңды сезеді. Күйік те, үміт те, қуаныш та, азап та бар жүрек
таңы. Кеуде толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезім. Соның шалқи түсіп
шарықтауы көп. Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай
лепіреді. Нені айтады? Не деп түсінеді? Не сипатты бұл сезім? Не боп барамын?
Тоқта, сабырым қайда!?

Бойына тоңазығандай бір діріл пайда болды. Себепсіз дірілдейді. Жүрегі де тулап
келіп, өз-өзінен қысылып, шаншып кеткендей...

Таң... Жүрек таңы... сол таңым сенсің бе? Жарығымбысың, кімсің?

Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі, жас баланың етіндей, ақ торғындай
мойыны. Таң осы да... өзі ғой!..»

Осы үзіндідегі Абайдың әр сөзін алып, ойланып көрсек те, терең сезіну,
үлкен толқудан туғандығын көреміз. Сөйлемдер арасына дәнекер болып, Абайдың
басындағы күйініш-сүйініштерді дұрыс түсінуге сілтеу берерлік автордың
баяндауларын есепке алмағанда, кейіпкердің ішкі монологінің өзінен-ақ оның жан
дүниесіндегі толқуын анық сезінуге болады.


Образ жасауда кейіпкерлердің тілі

Кейіпкерлердің
шешуші орын алады. Кейіпкерлердің

тілісөздері монолог және диалог түрінде

кездеседі. Монолог (грек
сөзі - monos - бір, logos - сөз) - бір адамның сөзі.

Шығармаларда қатысушы біреуге не көпшілікке қайырыла сөйлесе, басқалар оның
сөзін бөлмей, тек тыңдаушы есебінде болса, ондай сөздерді монолог дейміз.

Диалог
(di - екі, logos - сөз) - екі не бірнеше адамдардың кезектесіп сөйлесулері.

Диалог - драмалық шығармалардың негізгі құралы. Драмалық шығармалар монолог
пен диалогтен құралады. Бұл жанрда адам образы - типі шебер құрылған диалог,
монологтер. Соңғы кездерде негізінде диалогтер арқылы жасалады.

Диалог түрінде өлеңдер де жазылуы мүмкін (мысалы, А.С.Пушкиннің «Кітап
сатушының ақынмен әңгімесі», Б.Майлиннің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңі).

Образ-тип жасаудағы негізгі бір шарт оны жекелеп, басқалармен салыстырғанда,
қарақшылы түйедей, ерекше көзге түсерлік етіп көрсетуіне және оның мінез-құлық,
іс-әрекеттерінің өз ортасына тән болуына байланысты.

Қатысушылардың сөздері грамматикалық жағынан көбіне төл сөздерден құралады.
Яғни, жазушы қаһармандарының өз сөздерін не монолог, не диалог түрінде
бұлжытпай, тап сол күйінде беруге күш салады. Оның негізгі себебі:
қаһармандардың сөйлеген сөздерінің өз ортасына тән ету тілегінен туады. Мысалы,
оқымаған жай шаруа мен оқымысты адамдардың сөздерінде өз орталарына, білім
дәрежесіне қарай көптеген айырмасы болуы мүмкін. Сондықтан әрқайсысын өзіне
лайықты, өз ортасына тән сөздермен сөйлетпесе, өмір шындығына нұқсан келеді.
Оқушыларын сендіре алмайды.

Қатысушылардың сөзі шығарманың қай дәуір, қандай оқиғаны суреттейтіндігіне
де байланысты. Бұдан 100 жыл бұрынғы тарихи оқиғаны көрсетуге арналған роман,
әңгімелердің қаһармандары да сол жағдайға лайықты, өз кезіне тән сөздермен
сөйлеу керек. Ол жағы еске алынбаса, жазушының шындықтан шалғай кеткені болып
табылады.

Қатысушылардың сөздерін жекелеп, ерекшеліктерін оқушы сезінерлік дәрежеге
көтеру мәселесі сөз болғанда, кейіпкерлердің жасы, жынысы, кәсібі т.б.
мәселелер де ұмытылмайды. Шын талант, үлкен жазушылар осы жайлардың бәрін
ескереді.

Жай оқығанда бұлардың онша аңғарылмауы да мүмкін. Бірақ көркем шығарманың
құрылысы, образдардың жасалу жолдары, тілі белгілі бір заңға негізделетіндігін
ескере отырып, талдауға кіріссек, роман, әңгімелердің қай жағынан болсын, толып
жатқан бөлшектерден қиюласатындығын және олар сол шығармалардың идеялық
мазмұнына бағыныңқылығын көреміз. Бұл айтқанымыздың монолог, диалогтерге де
тікелей қатысы бар.

Мысалы, М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасында Жантас пен мұғалімнің (Сапа)
диалогін келтірелік:

«Мұғалім. Ғажап. Менің күтпеген
характерім бұл кісіден. Онсыз да Олжай сіздің елді жылатумен келмеп пе еді? Бұл
әлі осындай ма еді өзі?

Жантас.Жылату ма? Борсақ емес,
бұларға бауырсақ қой.

Мұғалім. Хикмат, бұ да көп болыстың
бірі болғаны ма?

Жантас. «Ұлықтан шен алып, дәреже
алып отырған бай, болыс әр жерде өз елін сатып отырады», - деп өзіңіз айтпап па
едіңіз? Мен сол сөзіңізден бері қарай тап осы Майқан болыстың ізін бұлжытпай
танитын болдым».

Жазушының
көрсетуінше мұғалім Сапа - Ғалия медресесінде оқыған, миллат мәселесін жалпылап
түсінетін, ұсақ-байшыл идеядағы оқымысты.
Бір жағынан, ол патшадан шен, дәреже алған бай, болыстар әр жерде елін
сатып отырады десе, екінші жағынан, олардың ішінде Майқан болыс тәрізді әділ,
жақсы болыс та болуы мүмкін деген ұғымнан арыла алмайды. Ең ақырғы кезге шейін
қайшылық көзқарас, сезімдердің шырмауында болып келеді де, Майқандардың ең
соңғы алдауларын және соның себебінен халықтың, оның басшысы Жантастың нақақ
апатқа ұшырағанын өз көзімен көріп, түгелдей халық жағына шығады.

Мұғалім Сапаның жолы
- ұсақ-байшыл демократ оқығандарының жолы. Бір жағынан, халыққа жаны ашыса,
екінші жағынан үстемдік етуші бай, болыстардың ішінде әділдері болуы мүмкін
деген үміт көпке шейін үзілмеу тәрізді солқылдақтық Сапаның да басында болады.
Жантаспен сөйлескен мұғалімнің сөздерінен осыны көруге болады.

Өмір мектебін өткен
Жантастың әр сөзі оның халық мақсатына шын берілген бүкіл бай, болыс, олардың
ішінде сырты жылтыраған, іші күңгірт Майқанның да ол «ізін бұлжытпай таниды».

Сөйтіп, екі
қаһарманның сөйлескен сөздерінен біз олардың екі алуан адам, екі түрлі мінездің
қалпын байқаймыз.

Жазушылар кейде
тип-образ жасау үшін қатысушылардың бір сөзін не сөйлемдерін көп қайталау
арқылы оқушыларының оған көңілін аударады. Ондай төл сөз, сөйлемдер тек жай
күлдіргі үшін алына салмайды. Сол адамға тән, оның дағдылы сөзі екенін
көрсетеді.

А.П.Чехов өзінің
«Тіл мұғалімі» деген әңгімесінде Ипполит Ипполитовичтың монолог, диалогтерінде өзінше, ақылды, нақыл
сөздердің формасына әуестігін, бірақ онысынан еш нәрсе де шықпайтындығын, тек
жұрттың бәріне мәлім жайларды ғана қайталайтындығын, оның өз сөздерімен-ақ
көрсетеді.

«Қыс жаз емес, қыста
пеш жағу керек болса, жаздыгүні пеш жақпай-ақ жылы». «Үйленгеннен кейін адам
бойдақтықтан қалып, жаңаша өмір бастайды». «Бұған шейін сіз үйленбеген едіңіз
және жалғыз тұрушы едіңіз, сіз енді үйлендіңіз және екеу болып тұрасыз».

Ипполит
Ипполитовичтың осы тәрізді сөз,
сөйлемдері әңгіменің ұзын бойында кездеседі. Оның мінез-құлық, дүниетану
көзқарасы, ой-өрісі - бәрі оның осы сөздерінен-ақ толық көз алдыңда тұрады.

Ғ.Мүсіреповтің
«Аманкелді» пьесасында Кете әр жағдайда: «Қайран қараңғылық-ай!» - деп сөйлейді. Осы сөз пьесада оның бүкіл
іс-әрекет, мінез-құлқын айқындауда ерекше орын алады. Халық көтерілісінің
алғашқы кезінде мыңбасы болған, Аманкелдінің жақсы серігінің бірі болған Кете
февраль революциясынан кейін, Совдеп құрылып, кешегі сарбаз енді солдатқа
айналғанда, ендігі кезде әскер басқару оның шалғайынан алыс жатқанын сезінбеген
аңғал батыр Аманкелдіге мыңбасы етпедің деп өкпелеп, әуелі онан іргесін аулақ
салады. Елге барып, еш нәрсеге қатыспай жатпақ болған Кете Аманкелді әскерінің
ішінде тыңшылық, бүліншілік жұмыстарын жүргізуші Кенжеқараның шырмауына ілігіп,
қаладағы Совдеп өкіметін өз қолына алып, басбұзарлық жасайды. Байлардан алған
жерді өздеріне қайтарып береді, Совдеп әкелген бостандық, теңдікті ыдыратпақшы
болып, ел басына әңгіртаяқ ойнатады.

Кете сол істері үшін
кейін ауыр жазаға бұйырылады. Оны сол дәрежеге жеткізген өзі көп айта беретін -
«қараңғылық». «Қайран қараңғылық» оған күні өтіп кеткенін аңғартпайды, «Қайран
қараңғылық» оны Аманкелдіге кектендіреді, «Қайран қараңғылық» жерді байларға
қайтып бергізеді, «Қайран қараңғылық» әйел бостандығына қарсы етеді, «Қайран
қараңғылық» оған жуан жұдырықтық жасатады, ең ақыры «қайран қараңғылық» оның
түбіне жетеді.

Қорыта айтқанда, тас
қараңғы адамның басқалар туралы «қайран қараңғылық!» деп қынжылуы күлкімізді
келтірсе, сөз астарында Кетенің мінез-құлқы, іс-әрекеті, наным-сенімі
жатыр. Олар сол сөздің сыртқы
құрылысына сай келеді.

Монолог, диалог
арқылы қатысушылардың мінезін сипаттаудың классикалық түрі М.Горькийдің әңгіме,
романдарында жиі ұшырайды. Мысал үшін «Ана» романынан бір үзінді келтірелік.

Бұл сөздердің тек
мазмұны ғана емес, қалай айтылуының үлкен мәні бар. Жеке сөздерді айтудағы
ерекшелік, сөз қолданыс, сөйлеу, сөйлем құрастырудың өзі де адамның мінезін,
қандай әлеуметтік топқа жататындығын көрсетеді.

«Ана» романында -
эпизодтық қатысушы (бір эпизодта ғана қатысады) трактирші Бегунцов дейтін адам
бар. Бегунцов өз сөзінде былай дейді:

« - Деніңіз сау ма,
Пелагея Ниловна? Балаңыз қалай? Үйлендіруді ойлаған жоқсыз ба, ә? Жігіттің
үйленетін мезгілі толық жетті ғой. Баласын ертерек үйлендірсе, ата-ананың
көңілі орнығыңқырайды. Семьяда адамның рухы да, тәні де бұзылмай, жақсырақ
сақталады. Семьяда ол сіркеге (уксусқа) салып қойған саңырауқұлақ тәрізді! Егер
де мен сіздің орныңызда болсам, оны үйлендірген болар едім. Біздің заманымыз -
адамның жүріс-тұрысын қатаң бақылауды тілейтін заман, өйткені жұрт өз ақылымен
тіршілік істей бастағалы жұрттың ой-пікірлері бет-бетімен кетулі, қылықтары
өрескел, қалай жазғырсаң да орынды. Жастар шіркеуге жоламайды, ашық жиналатын
орындардан қашады, жасырын жиналып, бұрыш-бұрышта сыбырласады. Неге
сыбырласады, айтыңдаршы? Жұрттан неге қашады? Жұрт алдында, мысалы, трактирде
адам не нәрсені айтуға бата алмаса, соның бәрі не нәрсе? Сыр ма? Сырдың орны
жалпыға бірдей шипалы, қасиетті шіркеу ғой. Ал енді бұрыш-бұрышта айтылатын
басқа сырдың бәрі де ақылдың адасуынан! Сау-саламат болуыңызға тілектеспін,
қош!»

Бұл монологтің тек
қана мазмұны ғана емес, жеке сөз қолданыстары да, сөйлем құрылыстары да
Бегунцовтің екіжүзді адам екенін айқындайды. Қатысушылардың сөздеріндегі тіл
ерекшеліктерін бере білудің шебер түрін Горькийдің, Гогольдің тағы басқа
жазушылардың шығармаларынан көп табуға болады.

Қазақта «Жігітті жолдасынан таны»
мәтелі,

Жанамаорыста «Сенің кім екеніңді
мен саған

мінездеуайтайын, сен маған досыңның
кім екенін айт» дейтін мәтел бар. Екеуінің
мазмұны бір. Бұл мақал-мәтелдер адамның жақсы-жамандығын, өзіне тән қасиетін,
мінез-құлық, іс-әрекет, амал-айла, наным, сенімдерін тану, білу үшін оның
басқалармен достық, қастық қарым-қатынастарының мәні зор екендігін аңғартады.

Біз жоғарыда мінездеу және оның жасалу жолдарына тоқталып, бірнеше мысалдар
келтірдік. Әйтсе де қатысушылардың мінезін суреттеудің әдебиетте басқа да
жолдары бар. Оның негізгісі - жанама мінездеу.

Жанама мінездеу - қатысушының өзін емес, оның
айналасын суреттейді. Яғни, қандай нәрсені жақсы көреді, қалай киінеді, оның
үйіндегі заттарды т.б. Бірақ жазушы
менің кейіпкерлерім мынаны ұнатады, ананы ұнатпайды, оның мынадай сбептері бар
деп түсіндіріп жатпайды. Ол туралы кейіпкерлер де сөз қатпайды. Тек барды бар
күйінше ғана көрсетіп отырған тәрізді әсер қалдырады.

Мысалы, «Өлі жандардың» бір жерінде:

«Чичиков бөлменің ішін көзімен шолып өтіп: «Бөлмеңіз бір түрлі сүйкімді
екен ғой», - деді. Дұрысында, бөлме сүйкімді емес еді; қабырғалары күкірт
түстес, көк шулан бояумен сырланған; бөлмеде төрт орындық, бір кресло, стол,
оның үстінде бүктелген белгісі бар, жоғарыда айтылған кітап және бірнеше парақ
жазулы қағаз жатыр. Бірақ стол үстіндегі ең көп нәрсе темекі еді. Оның ішінде
картузға салынғаны да, темекі дорбасына салынғаны да, ең ақыры, столдың үстіне
шошайтып жай үйе салғаны да, не керек, темекінің неше түрлері бар еді. Бұл
темекілер Маниловтың ермек етіп, уақыт өткізетін нәрсесі екені айтпай-ақ
байқалушы еді», - дейді.

Бұл үзіндіде Маниловтың өзі туралы бір ауыз сөз жоқ. Әңгіме оның бөлмесі,
бөлменің сыры, ондағы заттар туралы. Жазушы Маниловтың өзі жайлы еш нәрсе
айтпаса да, оған тікелей қатысы бар нәрселерді өз қалпында суреттеу арқылы оның
қандай адам екенін аңғартады.

Бөлменің күкірт түстес сыры, бүктесіні жазылмай, бір орыннан қозғалмай
жатқан кітап, шашылған темекінің әр алуан түрлері Маниловтың иілгісі келмейтін
еріншек, еш нәрсе оқымайтын надан, тазалықты сүймейтін нас, солай бола тұрса
да, әдемілікке әуестігі бар, ол әуестігі татымсыз және тек құрғақ қиялдан әрі
ұзамайтын дерексіз, қысқасы, Манилов өзінің мінез-құлық, наым-сенімдерімен
біздің көз алдымызда тұрады.

Гоголь Собакевичтың қонақ үйін былай суреттейді:

«Чичиков жан-жақты тағы бір шолып өтті. Үй ішіндегі көзге түскен
нәрселердің бәрі де нық, зор, берік, ол нәрселердің қай-қайсысы болса да адам
таңғаларлықтай, үй иесіне біртүрлі ұқсастығы бар сықылды көрінуші еді. Қонақ
үйдің бұрышында жаңғақ ағашынан жасалған жарты стол тұр, төрт аяғының әрқайсысы
келідей, дәл аю сияқты деуге болады. Қысқасы, стол дейсіз бе, кресло дейсіз бе,
орындық дейсіз бе - осылардың бәрінде де зілді сабырлылық қасиет бар сықылды.
Олардың әрқайсысы: «Мен Собакевичпын»; не «Біз әрқайсыларымыз да Собакевичқа
ұқсаспыз» дегендей».

Чеховтың «Құндақтаулы адам» деген әңгімесінен грек тілінің оқытушысы
Беликовті еске түсірсек, шебер қолданылған жанама мінездеудің образ - тип
жасауда қаншама мәні барлығын айқын көруге болады.

«Оның (Беликовтің) қолшатыры да, сағаты да сұр шүберекпен қаптаулы болушы
еді. Тіпті қарындашының ұшын шығармақшы болып, қалтасынан бәкісін алған кезде,
ол да қаптаулы болып шықты», - дейді.

Қорыта айтқанда, бұл келтірілген үзінділердің бәрі де жанама мінездеулерге
жатады, қатысушының өзін емес, оның айналасын суреттейді. Маниловтың тәуір түс
деп күкірт түстес сырмен бөлмесін сырлатуы, Собакевичтың өзі қандай толық, жуан
болса, оның үй мүліктерінің де өзі тәрізді жуан, берік болушылығы - олардың не
нәрсені ұнататындығымен тікелей байланысы бар. Олар Манилов, Собакевичтардың
мінез, наным-сенімдерінен туатындығы сөзсіз. «Малы иесіне тартпаса, майталман
бола ма?» дегендей, сайып келгенде, жанама мінездеу де кейіпкерлерді мінездеу
болып шығады.

Сюжет
дегеніміз, - дейді А.М.Горький,

Сюжет- жалпы айтқанда, адамдардың өзара

(французша -қарым-қатынасы, байланысы, sujet
- зат)қайшылықтары, жек көру, жақсы
көру,

әр алуан әдеби мінездің (образ мағынасында) өсу, жасалу тарихы».

Эпикалық,
лиро-эпикалық немесе драмалық шығармаларды алсақ (оқиғаның неден басталуынан
бастап, немен аяқталуына дейін), оқиғалары бір-бірімен байланысты және үзілмей
дамып отыратындығын көреміз. Оқиғаның даму жолында оған қатысушы адамдар өзара
байланыста, қарым-қатынас, күрес, тартыстарда болады. Қимыл, іс-әрекет,
талас-тартыс үстінде әркімнің мінезі, наным-сенімдері, күйініш-сүйініштері
айқындала да және сол адамдардың қарым-қатынастарына жазушының қалай
қарайтындығы да сезіледі. Осылардың бәрін, бір сөзбен айтқанда, шығарманың
сюжеті деп атайды.

Әрі қысқа, әрі дәл,
ғылыми дұрыс, тұжырымды түрде сюжетке берген Горькийдің жоғарғы анықтамасы,
барлық әдебиет теоретиктері қолданып жүрген классикалық үлгі деуге болады.

Әр шығарманың
көлеміне қарай өзіне лайықты сюжеті болады. Түсінікті болу үшін бірнеше
мысалдар келтірелік.

А.П.Чеховтың
«Чиновниктің өлімі» атты әңгімесінің көлемі қанша қысқа болса, сюжеті де сондай
қысқа.

Бір күні театрда
«Корневиль қоңырауларын» тыңдап отырып, бір мекеменің шаруашылық бөлімінде
істейтін кіші дәрежедегі чиновник Иван Дмитриевич Червяков абайсыз түшкіріп
қалады да, онысын өзі тұрпайы санап, біреуге түкірігім шашырап, ұят болмады ма
екен деген оймен жан-жағына қарағанда, нақ өзінің қарсы алдындағы креслода
отырған шалдау адам мойнын және басының қасқасын қолғабымен сүртіп жатқанын
көреді, оның әлдене деп күбірлегенін де естиді. Ол адамның темір жол ведомостысында
қызмет ететін генерал Бризжалов екендігін Червяков таниды. Оған менің түкірігім
шашырап тиген болуы мүмкін, менің тікелей бастығым болмаса да, қолайсыз ғой,
кешірім сұрайын деп ойлайды да, генералдың құлағына сыбырлап:

«Мәртебелі тақсыр,
кешіріңіз, мен абайсызда...», - дейді. Генерал: ештеме етпес... дегенді айтады.

Бірақ Червяков
екінші рет тағы кешірім сұрайды. Бұл жолы генерал оған қаттырақ жауап қайырады.
Генералды ашуландырып алдым-ау деген оның күдігі күшейе түседі де, демалыс
кезінде, әлгі сөзін айтып, тағы кешірім сұрайды. Генерал: «Сіз манағы туралы
ма, мен оны ұмытып та үлгердім. Болды енді», - дейді.

Червяковке генерал
әлі кешірмеген тәрізденеді. Әдейі түкірді деп ойлап қалуы мүмкін деп, күдігі
өсе түседі. Үйіне келіп әйелімен ақылдасқанда, Червяковтің әдейі барып кешірім
сұрасам деген ойын әйелі де мақұлдайды. Ертеңіне барынша әдемі киініп,
генералдың кеңсесіне барады. Генерал Бризжаловқа кешегі болған түшкірік
оқиғасын есіне түсіріп, тағы кешірім сұрайды, бөтен ойы болмағанын, абайсыз
түшкіргенін түсіндірмекші болады. Генерал түкке тұрмайтын нәрсе деп, оның
сөзіне мән бермейді. Генералдың қабылдауына келген кісілер арыла бергенде,
Червяков генералға қайтадан барып, кеңірек түсіндіруге тырысады. Мазасы кеткен
генерал: «Сіз мені мазақ еткіңіз келе ме?» - деп реніш көрсетіп, бөлмесіне тез
кіріп кетеді де, есігін жауып қояды. Генералдың айтқанын керісінше түсінген
Червяков өзінше ашуланып, енді келіп кешірім сұрамасқа серт байлайды. Өзінің
абайсызда түшкіріп қалғанын тек хат арқылы ғана түсіндірмекші болып, әуелі
солай шешсе де, артынан шыдай алмай, келесі күні өзі келіп генералдан тағы
кешірім сұрайды. Генерал: «Кет!» - деп оны қуып жібереді. Ол сөзден зәресі ұшып
кеткен Червяков үйіне келеді де, қайтыс болады.

Екінші мысал ретінде
оқушыларымызға мәлім Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімесін алалық:

Тарғыл өгіз сойған
көлінің маңын жайлайтын елдердегі құдандалыққа сүйеніп, Сыр бойын қыстайтын
Жаппас елінің атақты байы Есімбек деген адам жылда көшіп келіп жайлайды. Оның
төрт ұлы, бір қызы болады. Қызының аты - Шұға. Өзі сұлу, хат танырлық білімі
бар. Есімбектің қызына бұл елдің бозбаласы қанша құмар болса да, Шұға
ешқайсысына ыңғай бермейді. Тағы бір жылы көшіп келгенде, қалада оқып,
мұғалімдік дәрежеге қолы жетіп, басқа бір елде жалданып бала оқытушы Әбдірахман
дейтін жігітпен Шұға танысады. Екеуінің арасында сүйіспендік басталады. Бірақ
қыздың әкесі, ағалары Әбдірахманды мейлінше жек көреді. Оны кедей деп өздеріне
тең көрмейді, мұның үстіне Есімбекке бір сауда мәселесі жөнінде Әбдірахман
қарсы болып, Есімбекке кедейлерді алдатпаған бір жері бар екен, ол тағы себеп
болады. Әбдірахманды елдің ақсақалдары да ұнатпайды. Өйткені оның әр алуан
жаңашылдықтарын көре алмайды. Оны шоқынды, дінсіз деген лақап таратады. Оның
үстіне Айнабай деген сол елдің бір алаяқ қуы, Күлзипа деген өзінің қызын
Әбдірахманға бермек болып, Әбдірахманның әкесін айналдырып алады. Бірақ
Әбдірахман әкесінің тілін алмайды. Әйтсе де есек дәме болып, үмітін үзбей
жүрген Айнабай Шұға мен Әбдірахманның араларындағы жақындықты естіп, өзін
қорлады деп біледі де, оған қолынан келгенше қастық ойлайды. Алдымен қыздың
әкесіне қызыңды Әбдірахман алып қашқалы жүр деп хабар жеткізеді. Шұға мен
Әбдірахманның жолығуы қиынға соғады. Бұрын хат тасып тұратын қойшы бала
Базарбайды Есімбек қуып жібереді, оның ағасы Қасымжан да ол ауылға бара
алмайды. Енді арадағы тіл үзіледі. Өстіп жүргенде Айнабай жоғарғы өкімет
орнына: «Әбдірахман елден түріктерге ақша жинап жүр», - деп жала жауып, өтірік
арыз береді. Сол арыз бойынша, елге приставтан адам келіп, Әбдірахманды
ұстайды.

Әбдірахман ұсталып
бара жатып, Есімбек аулының үстімен жүреді. Шұғаны бір көріп кетуді арман
етеді. Қыз жеңгесімен судан қайтып келе жатқанда кез келіп, арбадан қарғып
түсіп, Әбдірахман Шұғаға мән-жайын айтады. Қыздың ағалары тайлы-таяғы қалмай
жүгіріп, Әбдірахманды ұрмақшы болады. Әбдірахман мен Шұғаның «Қош, қалқам!»
деуге ғана тілдері келеді. Әбдірахман жүріп кетеді. Ұсталған адамды олар қуа
алмайды. Қасында ұстап бара жатқан қарулы стражник орыс болады.

Әбдірахманды пристав
дуанға алып кетеді. Осы оқиғадан кейін Шұға ауырып, бірнеше күндерден кейін,
төсек тартып жатып алады. Қызының науқасы ауырлап бара жатқасын, шешесінің жаны
ашып, ел болып Әбдірахманды босатуды, оған Шұғаны беруді Есімбектен сұрайды. Ол
көнеді де. Бірақ Шұғаның науқасы күн сайын ауырлап, Әбдірахманның досы
Қасымжанды шақыртып, Шұға өлер алдындағы өзінің арманы мен Әбдірахманға деген
аманатын айтады.

Сол күні Қасымжан
үйіне келсе, Әбдірахман да қамаудан босанып, еліне келіпті деген қуанышты
хабарды ести сала, ол досы Әбдірахманға тез аттанады. Сол күні түнеп, ертең
ауылға жылқы келісімен-ақ екеуі Шұғаның аулына тартады. Бұлар суыт жүріп келсе,
Шұға қайтыс болған. Әбдірахман Шұғаның өлігімен қоштасуға келеді. Қыздың
жеңгесі, бұларға тілектес Зәйкүл Шұғаның соңғы хатын береді.

Есімбек Шұғаны
өздерінің қауымына апарып қоюға әкетеді. Келесі жылы Тарғыл өгіз сойған көлдің
қасында Шұғаның асын беріп, оған белгі орнатады. Кейін сол көл де, айналасы да
«Шұғаның белгісі» атанып кетеді.

Бұл екі әңгіменің
сюжетін мысалға келтіруде екі түрлі себеп бар. Бірінші, сюжеттің ұзын-қысқалығы
шығарманың көлеміне байланысты екендігін, айырмасын аңғарту болса, екінші,
сюжетте кездесетін композициялық негізгі элементтер әңгіменің ұзын, қысқалығына
қарамастан, бәрінде де бола беретіндігін көрсету. Бірінші мәселеге жоғарыда
мысал келтіріп өттік. Ол оқушыларымызға түсінікті. Ал екінші мәселе, яғни
композицияның сюжетті шығармаларда кездесетін негізгі элементтері кеңірек
түсіндіруді қажет етеді. Композицияның негізгі элементтері: экспозиция,
байланыс, дәлелдеу, ситуация, оқиғаның шиеленісуі, шарықтау шегі, шешу.

Көркем
әңгіме, роман, поэмаларда

Экспозициянегізгі оқиға басталмас
бұрын

(латынша - expositionсол әңгіменің тууына себеп түсіндірме)болған жағдайларды түсіндіру,

Алдыңғы оқиға себебі болса, соңғы әңгімеленіп отырған оқиға оның нәтижесі
екендігін көрсетушіліктер болады. Мысалы Б.Майлинның «Шұғаның белгісінен» бір
үзінді келтірелік. Жазушы бұл әңгімесін екінші адамның атынан баяндайды.
Қасымжан дейтін үлкендеу адаммен жолаушылап бара жатып, жазушы ол адамнан жер
аты жайлы сөз сұрағанын, Қасымжанның оған көзімен көрген Шұға, Әбдірахмандардың
хикаясын баяндауға әзірлік ретінде былай дейді:

«...Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік...
Ол да бір дәурен... иә... Бұл - елдің күзге қарай қонатын жері, жазғытұры барып
ағұсқа шейін отыратын жайлауымыз, бұл көл де «Шұғаның белгісі» атанды, бұрын
«Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су... ол
уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама... оның үстіне ту Сырдан
келіп Жаппастар да қонады... кейінгі кезде ғана Жаппастар келуін қойды ғой.
Біздің Беркінбай деген жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді, болыстыққа
таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Беркінбайдың әкесінің
нағашысы Жаппас Есімбек дейтін болды... Ортан қолдай төрт ұлды болды - шетінен
қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болды, «Шұға
десе, Шұға, ой, шіркіннің өзі де келбетті еді-ау...» Мұнан кейін Қасымжан
Шұғаның мінез-құлық, әдеп-әркенділігін, талай жас жігіттердің оған ғашық болып,
хат, өлеңдер жазғанын, өзінің Есімбек ауылымен қалай араласуын айтады. Бұлардың
бәрі де Шұға мен Әбдірахмандардың арасындағы оқиғалардан бұрын, ол кезде олар
әлі бір-бірімен таныс та емес. Бірақ әңгіме сол жерде, сол Жаппас аулында және
Шұғамен байланысты болатындықтан, Қасымжан оқиға болар алдындағы
жай-жапсарлармен тыңдаушысын таныстырып алады да, негізгі әңгімесін сосын
бастайды.

Бұл - экспозицияның бір түрі. Бірақ экспозиция әрдайым әңгіменің басталмас
бұрын келуі шарт емес. Кейде әңгіменің ортасында, кейде тіпті аяғында да келуі
мүмкін. Мысалы, С.Мұқановтың «Ботакөз» романында Г.М.Кузнецовпен оқушыларын
автор Балтабектің ұста дүкенінің қасында таныстырады. Әйтсе де «Ол кім? Қайдан келді? Не істейді?»
деген сұрақтар туады. Сондықтан негізгі әңгімесін тоқтата тұрып, жазушы
Г.М.Кузнецовтің кім екендігін, бұрын кім болғандығынан ақпар береді. Міне, бұл
әңгіменің ортасында келген экспозицияның түріне жатады.

Ескерте кететін бір нәрсе, әңгіменің ортасында келетін экспозиция мейлінше
қысқа, тек мәлімет беру дәрежесінен аспауы керек. Егер оған эпизод, көріністер
қосылып, кеңейтіліп баяндалса, онда ол шегініске айналып кетеді. Осы романның
ішіндегі сол адамды қайдан көргендігі туралы Асқардың өткен бір оқиғаны еске
түсіруі экспозициядан гөрі шегініске жақын. Бұл екеуін шатастырмауымыз керек.

Шығармадағы
оқиғаның неден басталуы

Байланысжәне келешектегі оқиғалардыңүзіліп

қалмай,
бірі мен екіншісінің жалғасып отыруларын байланыс деп
атайды.

«Шұғаның
белгісіндегі» оқиғаның бірінші байланысы - Әбдірахманның Есімбек аулына келуі,
Шұғаның оны сыртынан көріп ұнатуы. Екінші байланыс - алтыбақан ойынында
кездесіп, екеуінің жақын танысуы тағы басқалар.

Наши рекомендации