Когнитивтік ұғымдар. 6 страница
«Когнитивтік лингвистика» қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдары ғана зерттеле бастаған ғылым саласы. Когнитивті лингвистика – антропоцентристік парадигма шеңберінде қалыптасқан тіл білімінің жаңа саласы. Қазақ лингвистикасында антропоцентристік бағыттың алғашқы нышандары қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов , С.Аманжолов, І.Кеңесбаев Ғ.Мұсабаев,М.Балақаев, Н.Сауранбаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Н.Оралбаева,Ғ.Қалиев, Н.Уәли т.б. еңбектерінде қарастырылып, тіл мен ойлау арасындағы сабақтастық мәселесі сөз болды. Бұл кезеңде жалпы тілтану ұғымы алғаш қолданысқа ене бастаған кезең, дегенмен, қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың қалыптасып, алғаш танымдық тұжырымдар жасалған. Бүгінгі күні бұл лингвистикалық бағыттың өзіндік ұғым-бірліктері,ұстанымдары,ғылыми-теориялық негіздері дамып отыр. Антропоцентризм – грекше «anthropos» – «адам», ал «сentrum» латын сөзі – «орталық» дегенді білдіреді. Яғни, адам болмысын табиғат әлеміндегі өзге де болмыстарға қарсы қоя отырып қарастыру, өмірдегі болып жатқан құбылыстарды адам факторымен байланыстыратын ғылыми бағыт, тілді адам болмысымен өзара бірлікте қарастыруды мақсат етеді. Тілді антропоцентризм тұрғысынан қарастыру адамның ақыл-ойы, санасы, дүниетанымы, көріп білген өмір тәжірибесі, т.б. әрекеттерін тіл арқылы жеткізу болмақ. Антропоцентристік парадигма өз шеңберінде лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвопсихология сияқты жаңа бағыттарға жол ашады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулер төмендегідей когнитивтік құрылымдарға ерекше мән береді:қабылдау, ойлау, тіл, есте сақтау, әрекет ету т.б.
Когнитивтік лингвистиканың зерттеу мен оқыту барысында әлем елдері алдыңғы қатарға шығып, озық нәтижелерге қол жеткізуде. Ал қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыт бүгінгі күннің сұранысын өтеуден туындаған және алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге деген талпыныстан туындаған қажеттілік [5]. Тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика – ғылымының өзіндік қалыптасу тарихы, ғылыми мақсаты мен белгілі бір зерттеу нысаны бар ғылым саласы.Бүгінгі күні бұл саланың бағыты біршама қалыптасып өз арнасын айқындап алды. Тілдің жүйелі-құрылымдық сипаты қазақ тіл білімінде де мейлінше жан-жақты зерттелді. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасуында Э.Д.Сүлейменова, Н.Ж.Шаймерденова, Г.Г.Гиздатов, Ж.Манкеева, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Б.Хасанов, Б.Қасым, А.Ислам, Э.Оразалиева еңбектерінің маңызы зор.
Сонымен қатар, қазақ тіл біліміндегі когнитивтік лингвистиканың қалыптасуын Э.Оразалиеваның бес парадигмаға жіктеп қарастыруы көптеген ғалымдар мойындаған концепциялардың бірінен саналады. Ғалымның қазақ тілтаным ғылымының даму кезеңдерін:
І кезең: «тілтану»парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20-45 жж,негізгі өкілдері: А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов және т.б.
ІІ кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45-70 жж, негізгі өкілдері: Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев; М.Балақаев, І Кеңесбаев.
ІІІ кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы – ХХ ғасырдың 65-85 жж, негізгі өкілдері: К.Аханов, Т.Қордабаев, Ә.Хасенов т.б.
ІҮ кезең: тілтанымдық этюдтар парадигмасы – ХХ ғасырдың 70 жылдары мен аяқ шені, негізгі өкілдері: Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақ, С.Исаев, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ж.Манкеева т.б.
Ү кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер деп бөледі [6].
Сондай-ақ қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика ұстанымдарын бүгінгі күні жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың бірі – Э.Д.Сүлейменова. «Когнитивтік лингвистикада тіл адамзат ақыл-ойының ажырамас бөлшегі ретінде білім қабылдау, түсіну, ойлау секілді ұғымдармен қатар тұратын құрылым тұрғысынан қарастырылады» – деп айқындайды [7].
Қазақ тілін когнитивтік зерттеуге арнаған алғашқы жұмыстардың бірі ретінде Қ.Ә.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясын атауға болады. Бұл жұмыста тілдік сана құрылымы, гештальт теориясы, тілдік сана және мәтін құрылымы, тілдік модельдер, мұң концептісі т.б. когнитивтік мәселелер қарстырылған [8]. Профессор Ж.Манкеева да М.Бирвиш, Хомский, Лакофф, Коок, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян және тағы басқалардың есімдерімен байланысты когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен дамуына тоқталып, аталмыш ғылымның маңыздылығын айрықша атап өтеді [9].
Когнитивтік бағытта Г.Гиздатовтың «Сөйлеу қызметіндегі когитивтік модельдер: типологиясы мен динамикасы» атты докторлық диссертациясы қазақ тіліндегі алғашқы зерттеу болып табылады. Докторлық диссертацияда адам санасындағы білімнің көріну деңгейі, берілу тәсілдері, құрылымы мен динамикасы қарастырылған.
Когнитивтік тіл білімі табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизімін түсіндіруді және соған лайық оның моделін жасауды мақсат етеді. Ол үшін ниет, ес, еске сақтау, түсінік, жоспарлау, басқару сияқты сөйлеуге қатысты тілдік, психологиялық, физиологиялық, т.б. ақпараттардың басын біріктіретін когнитивтік категориялар пайдаланылады. Когнитивтік тіл білімі тілдің көмегімен ақпараттың берілу, сақталу тәсілдері мен құрылымы жайында түсінікті кеңейтеді және машиналық аударма, ақпараттық-ізденіс, есептеу жүйесімен т.б. байланысты бірқатар қолданбалы міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Когнитивтік лингвистика ғылымы тек лингвистика мен когнитология ғылымының байланысынан ғана емес, логика, философия, психология, физиология секілді күрделі ғылым салаларымен де тығыз байланысты. Ғалымдардың пікірінше, әлемдік тіл білімінде әлем бейнесін когнитивтік тәсілдердің көмегімен зерттеудің мүмкіндігі мол екендігі айтылады.
Қорыта келгенде, когнитивтік лингвистика – жеке ғылым саласы. Тіл динамикалық құбылыс болғанннан кейін, ол заман ағымына сай түрленіп, толығып отыратыны сөзсіз. Когнитивтік лингвистиканың пайда болуы адам санасы негізінде қордаланған білімнің танымдық сипатының тіл арқылы көрініс табуының нәтижесі деп білуге болады. Бұл жаңа ғылыми парадигма тұтас ұлтты тануға, адамзат танымының тамырластығын білуге, осы арқылы белгілі бір ұлттың немес әлемнің бейнесін жасауға жәрдемдесетіні сөзсіз.
1. 2. Тіл біліміндегі психологиялық бағыт.Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм 19 ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. 19 ғасырдың екінші жатысындағы көрнекті тіл ғалымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының нысаны – адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық процестер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің прфессоры Гейман Штейнтальды (1823-1899) жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің прфессоры Александр Потебня (1835-1891), неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт (1832-1920), Герман Пауль (1846-1921), тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету – 19 ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.
Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі. Психологиялық көзқарас. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт-психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм XIX ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тіл ғылымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының объектісі - адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық үрдістер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды /1823-1899/ жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің профессоры Александр Потебня /1835-1891/, неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт /1832-1920/, Герман, Пауль, тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету - XIX ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.
Лингвистикалық психологизм өз ішінде қайшылықтары, алалықтары жоқ, біртұтас көзқарас емес. Бұлардың басын біріктіретін, ортақ концепция бар: Ол - тіл мәселелерін шешуде психологиялық қағидаларды басшылыққа алу. Тіл психологиялық бақылаудың объектісі тіл біліміндегі логикалық көзқарастарды сынау, тілдік категориялар мен логикалық категориялар арасында қайшылықтар көп, сондықтан тіл мәселелерін зерттеуде логика заңына сүйенуге болмайды деу. Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.
Индивидуалистік психологизмның ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұлар тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген - жалған сөз. Тіл жеке индивидумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті - индивидумның тілін зерттеу. Индивидумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.
Индивидуалистік психологизм тілдің қоғамдық мәнін жоққа шығарады. Тіл білімін қоғамдық ғылымдар тобынан бөліп алып, оның дербестігін жояды, оны психологияға тәуелді, соның бір саласы деп санайды.
Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің "ақиқат бар нәрсе - индивидумдар тілі ғана" дейтін қағидаларына қарсы, олар тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады.
Әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Г.Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологияның заң-ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары" (1855), "Психология мен тіл біліміне кіріспе" (1881), “Тілдің шығуы" (1851) деп аталатын т.б. еңбектерінде баяндалған.
Барлық психологистер сияқты бұлар да тілді психологиялық бақылаудың объектісі деп санайды. Индивидуалдық психология халықтық психологияға негіз болады. Халықтық психология - халық рухы жөніндегі ілім. Халық рухы - адамдардың рухани әрекетінің қайнар көзі. Халық рухы, ең алдымен, тілінен, одан кейін әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, жалпы әрекетінен көрінеді. Осылардың бәрі, соның ішінде тіл де, халық рухының жемісі, халықтық психологияның көрінісі.
Психологизм өкілдері сөйлеу психологиясы, оның сөйлеу әрекетімен байланысы, сөйлеу әрекетінің іске асу жолдары деген мәселелерге ерекше мән береді. Психологизм көп жағдайда лингвистикалық талдау орнына психологиялық талдауды қолданады, сөйтіп, тіл білімін өзінің негізгі функциясынан айырады. Психологизм - тілдік категориялардың барлығы да тек тілдік материалдар арқылы көрінетін, соны жамылған психологиялық категориялар деп санайды.
Тіл біліміндегі психологиялық бағыт үстіміздегі ғасырдың 50-ыншы жылдарынан бастап психологиялық лингвистика /психолингвистика/ деген атпен тіл білімінің дербес саласы ретінде қалыптасты. Ол - психология мен тіл білімінің аралығында, екеуінің түйісуінен туған жаңа бағыт. Бұл бағыт алғаш Америка тіл білімінде қалыптасты да, көп ұзамай басқа елдерге тарады.
Қазірде психолингвистика - сөйлеу әрекеттерінің заңдылықтарын зерттейтін ғылым деп саналады. Мұны сөйлеу әрекеттерінің теориясы туралы ғалым деп те атайды. Кейбір зерттеулерде психолингвистиканың негізі - ақпарат теориясы дегенді де айтады. Олай дейтіні психолингвистика сөйлеу әрекетінде болатын хабар беру, хабарды қабыддау үрдістерінің қалай іске асатындығын зерттейді. Бұл - оның негізгі объектісі. Психолингвистика - өз объектісін, міндеті мен мақсатын жан-жақты және дәл айқындай қоймаған жас ғылым.
3. Тілдік жағдаяттың негізгі белгілері: сандық, сапалық, бағалық. Тілдік жағдаят (орыс языковая ситуация) — бір тілдің немесе бір аумақтық-әлеуметтік ортада қызмет ететін тілдік формалардың (жергілікті, әлеуметтік диалектілер, койне, жаргон, тілдің функционалды стильдік түрлері) белгілі географиялық аймақ, болмаса саяси-әкімшілік құрылым шегінде өмір сүру формасынын жиынтығы.
Тілдік жағдаят — әлеуметтік тіл білімінің зерттейтін мәселесі. Тілдік жағдаяттың бірнеше типологиялық түрі бар. Олар сандық, сапалық және бағалық белгілері арқылы анықталады. Тілдік жағдаяттың сандық белгілеріне: Тілдік жағдаятқа қатысты тілдердің саны, олардың әрқайсысында сөйлеушілердің саны, қоғамдық қатынаста әр тілдің қолданылу аясының мөлшері, қолдануда басым тілдердің саны т. б. жатады. Тілдік жағдаят бір компонент (бір ғана тілден тұратын) болуы мүмкін, бірақ сирек кездесетін құбылыс.
Мысалы, Исландияда тек бір тілде сөйлейтіндіктен, ондағы Тілдік жағдаят бір тілге ғана байланысты. Тілдік жағдаяттың көп компонентті болуы жиі кездеседі. Ондай жағдайда тілдердің демографиялық, карым-катынастык куаты тек немесе эр түрлі дәрежеде болуы мүмкін.
Мысалы, Бельгиядағы Тілдік жағдаятта француз және нидерланд тілдері тең дәрежеде қызмет етеді. Ал, Батыс Африка елдеріндегі Тілдік жағдаят әр түрлі сипатта: демографиялық қуаты жағынан жергілікті тілдер басым да, қарым-қатынастық қуаты жағынан Еуропа тілдері басым.Тілдік жағдаяттың сапалық белгілеріне: Тілдік жағдаятқа қатысты тілдердің біртектес немесе әртектес болатыны; тілдердің функционалдық сипаты тең немесе ген емес екендігі; мемлекет аумағында басымдық ететін жергілікті тіл ме, әлде кірме тіл ме екендігі жатады.Мысалы, Мали Республикасында француз тілі, Ганада ағылшын тілі басымдық етеді.Тілдік жағдаяттың бағалық белгілері қарым-қатынастық қызметі, көркемдігі, мәдени қадірі жағынан тілді басқа ұлт, халық өкілдерінің немесе онын байырғы иелерінің бағалауына байланысты. Бұдан тілдің сырттай және іштей бағалануы келіп шығады. Тілді (тілдерді) іштей бағалау нәтижесінде белгілі тілдік ортада өзінің ана тіліне оң көзқарас қалыптасады. Қалыптасқан Тілдік жағдаятқа байланысты бұрынғы Кенестер Одағындағы ұлттық республикаларда билингвизм қалыптасты. Орыс тілі ұлтаралық қатынас құралы болумен бірге қоғамдық қарым-қатынаста да басым қолданылды. Осыдан барып ол елдердегі тілдің қызметінде тепе-теңдік сақталмай, Тілдік жағдаят қалыптасты.
ЕМТИХАН БИЛЕТІ
1. Тіл біліміндегі философиялық және филологиялық бағыттар, өкілдері.
Ежелгі дәуір тіл білімінде ерекше көңіл бөлінген екі күрделі проблема болған. Оның бірі - атау, ат қою теориясы да, екіншісі - грамматикалық өнер /искусство/ проблемасы.
Ежелгі дәуір тіл білімінің тағы бір отаны - Ежелгі Греция. Грецияда туған тіл біліміндегі ой-пікір бүкіл Еуропа тіл ғылымының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. Тіл мәселелеріне байланысты бұл елден біздің дәуірге жеткен жазба материалдар жыл санауымызға дейінгі Ү ғасыр шамасынан басталады.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, Греция тіл білімі Гомердің "Илиада" мен "Одиссея" жырының тілін зерттеуден басталыпты. Көне заманнан сақталған бұл дастан тілінің көп жері гректердің сөйлеу тілінен мейілінше алыстап, оларға түсініксіз бола бастаған да, грек ойшылдары соны зерттеу, айқындау істерімен шұғылданған.
Греция тіл білімін екі кезеңге бөліп қараушылық бар. Оның бірі - философиялык кезең, екіншісі - филологиялық кезең деп аталады. Бірінші кезең біздің дәуірге дейінгі Ү-ІІІ ғасырлар арасын қамтиды. Бұл - Грек тіл білімі қалыптасуының алғашқы кезеңі. Мұны қалыптастырушылар философтар болған. Олар тіл мәселелерін лингвистикалық тұрғыда емес, философия тұрғысынан сөз еткен, философияға тәуелді, соның ажырамайтын бір саласы деп есептеген және нақтылы тілдік фактілерге сүйенбей, абстрактылы болжаулар, философиялық тұжырымдар жасаумен шұғылданған. Бұл бағыт Греция тарихында эллинизм деп аталатын дәуірге дейін сақталды.
Ежелгі Грек философтарының тілге қатысты мәселелерден ерекше сөз еткендері - атаудың табиғаты, зат пен оның атауы арасында қандай байланыс болатыны, тілдің қайдан, қалай пайда болғаны және тілдің грамматикасы мен логика арасындағы қарым-қатынас жөніндегі мәселелер.
Заттың өз атауына қатысы жөніндегі мәселе Ежелгі Грецияда бірнеше ғасырға созылған және Грек философтарын екі топқа бөлген аса күрделі мәселе болған. Олардың Гераклит бастаған бір тобы - атау заттың табиғатына сәйкес жаратылыстан берілген, сөз табиғат туындысы десе, Демокрит бастаған екінші тобы оған қарсы - зат пен оның атауы арасында табиғи байланыс болмайды, ол екеуінің арасындағы байланыс - шартты, кездейсоқ байланыс деген тұжырым жасайды.
Грек философтары арасында болған бұл айтыс Платонның "Кратил" деп аталатын диалогі арқылы біздің дәуірге жетті. Демокрит атаулардың жаратылыстан берілген табиғи еместігіне төрт түрлі дәлел айтады. Олар тілдерде бір затты әр түрлі атаумен білдіретін синоним және атауы біркелкі бола тұра әр түрлі мағынаны білдіретін омоним сөздердің болуы, сондай-ақ, көптеген заттардың тілдік атауларының болмауы немесе зат атауларының кейде өзгеріп кететіні - осылардың барлығы атаудың зат табиғатына тән еместігін білдіреді деген дұрыс қорытынды жасайды.
Ежелгі Грек философтарының тілге байланысты сөз еткен екінші проблемасы - тілдің шығу жөніндегі мәселе. Бұл мәселеде де олар дұрыс шешімге келе алған жоқ. Олардың бір тобы тілді дыбысқа еліктеуінен шыққан десе, екінші бір тобы ертедегі адамдардың өзара келісуінен барып шыққан дегенді айтады. Тіл білімінде мұның алғашқысын дыбысқа еліктеу теориясы десе, соңғысы келісім теориясы деп аталады. Бұл екі тұжырымның екеуінің де ғылыми негізі жоқ.
Грек ғалымдары көтерген тағы бір проблема - грамматика мәселелері. Грамматиканы да алғашқыда философия, әсіресе логика ғылымына тәуелді, соның бір саласы ретінде, логикалық категориялардың көрсеткіші ретінде ғана қараған. Бұл саладағы алғашқы пікір Платон мен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Платон тілдегі сөздерді есім, етістік деп екі топқа бөлсе, Аристотель алдыңғы екеуінің үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа бөледі. Аристотель - грамматика мен логика арасындағы қарым-қатынасты алғаш сөз еткен ғалым. Оның логика мен поэтика жөніндегі ілімі кейінгі заман оқымыстыларына да күшті ықпал жасады. Аристотель логиканы ұғым, пайымдау сияқты категорияларды зерттейтін ғылым деп анықтайды да, сөз табы деген - сөйлемнің элементтері, ал сөйлем - есім мен етістіктің байланысы, бұл екі категория арасында елеулі өзгешеліктер бар: етістік шақты білдіреді, предикативтік қызмет атқарады, ал есім септеледі, сөйлемде субъектілік қызмет атқарады дейді. Бірақ Платон да, Аристотель де сөздерді тапқа бөлгенде, біздің қазіргі түсінігіміздей тілдік категория ретінде емес, логикалық категория ретінде қарайды. Есім мен етістік - пайымдаудың мүшелері, бұлардан басқа сөздер осы екеуінің төңірегінде топталып, жалғауыштық қызметтер атқарады деп түсіндіреді.
Бұл елдегі тіл ғылымы өз дамуының ең биігіне Греция тарихында эллинизм деп аталатын дәуірде көтерілді. (Бұл - жыл санауымызға дейінгі III ғасыр мен біздің дәуірдің ІҮ ғасыры арасы). Тіл білімі тарихында грамматистердің Александрия мектебі деп аталатын бағыт та осы дәуірде қалыптасқан. Бұл кезең Греция тіл білімі тарихында филология дәуірі деп аталады. Оның басты бір ерекшелігі - грамматикалық ілімнің философияның, логиканың ықпалынан босанып, өз алдына дербес пән ретінде қаралуы еді. Грамматистердің Александриялық мектебін қалыптастырып, грамматика ілімін дамытушылар: Аристарх Самофракийский (б.д.д. 200-150 ж), оның шәкірттері Дионисий Фракийский, Аполлоний Дискол (біздің заманымыздың II ғасыры) болды. Аристарх тілдегі сөздерді есім, етістік, есімше, член (артикль), есімдік, предлог, үстеу, жалғаулық деп сегіз топқа бөлген. Дионисий Фракийский негізгі сөз таптарының көптеген грамматикалық категорияларын, Аполлоний Дискол синтаксис мәселелерін зерттейді. Дегенмен, Ежелгі Грецияда морфологияға қарағанда синтаксис, фонетика, лексикология аз зерттелген.Бұл дәуірдегі филология жазба ескерткіштерді жинау, зерттеу ісімен ерекше шұғылданған.
Тіл білімі тарихында елеулі мәні барлығына қарамастан, Ежелгі Грек тіл ғылымының әлсіз жақтары да мол болған. Тіл мәселелері алғашқыда философия, логика ғылымдарына тәуелді, соның бір саласы ретінде қаралғандықтан, тілдік категорияларды логикалық категориялармен теңестіріп қарау, алдыңғысын соңғысының мүддесіне бағынышты ету әрекеті кейінгі заманға дейін арылмай келді. Тілдік категорияның өзгеріп, дамып отыратын тарихи құбылыс екеніне гректер де жете мән бермеді. Оның үстіне гректер өз тілінен басқа тілдерді тіл деп санамады. Сондықтан олардың зерттеулері бір ғана тіл фактілеріне негізделеді. Бұл - олардың лингвистикалық мәліметтерінің өсуіне, жалпы тілдік теориялық терең тұжырымдар жасауларына мүмкіндік бермеді.
2. Аталым, тілдік семантика. ХХ ғасырдың басынан зерттеле бастаған тілдік аталым теориясы бүгінде тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі ретінде танылады. Аталым теориясының жалпы мәселелеріне және осы үдерістің жекелеген сұрақтарына қатысты қазақ тіл білімінде біршама ғылыми еңбектер жазылып, мақалалар жарық көрді. Атап айтар болсақ, К.Ш.Хұсайын, Ө.Айтбайұлы, Р.Сыздық, З.Қ.Ахметжанова, Л.Қ.Жаналина, Г.И.Байгунисова, Т.Жанұзақов, О.Нақысбеков, Ж.Манкеева, Н.Уәли, Б.Қасым сияқты ғалымдар еңбектерінде атаулану үдерісі, оның жеке кезеңдері, аталым үдерісінің уәжділікпен байланысы, терминологиялық аталымдар үдерісі тәрізді мәселелердің басы ашылып, айқындалды. Аталым саласын зерттеген ғалымдардың пайымдауынша, тіл жүйесіндегі кез келген атау белгілі бір тәжірибе нәтижесі болып табылады. Қандай да бір ұғым атауының пайда болуын адам тәжірибесінен тыс қарауға болмайтындығы, адамның дүниені тануы оның бойындағы аялық біліміне, дағдысына тікелей байланысты болып келетіндігі ғылыми еңбектерде баса айтылып жүр. Ономасиология тіл білімінің жеке саласы, оның өзіндік зерттеу нысаны бар. Бұл саланың зерттеу нысанына атаулар табиғатына қатысты тілдік бірліктердің тууы, пайда болу үдерісі, аталым түрлері, туынды сөздер, аталымдық заңдылықтар, мағына мен ұғымның қалыптасуы сияқты күрделі мәселелер жатады. Осы аталған мәселелерге тікелей қатысы бар тілдік құбылыстың бірі – заттанған сөздерден жасалған аталымдар. Заттану негізінде пайда болған жаңа аталымдар (туынды сөздер) тілде молынан ұшырасады. Әлем тілдерінде, түркітанымда туынды сөзге қатысты теориялық жаңалықтар, негіздемелер сөзжасам тұрғысынан зерделеніп жүр. Оның теориялық негіздері уәждеме және аталым теориясында жатқаны Е.С.Кубрякова, Е.А.Земская, И.С.Улуханов, Л.Қ.Жаналина, Б.Қасым, А.Салқынбай т.б. зерттеу жұмыстарында нақтыланды. Аталым саласы – тілдік элементтердің таңбаланушы нысанмен бірігуін зерттейтін атаулану үдерісі. Аталымның зерттеу нысаны ретінде жеке ұғым, зат, сапа белгілері алынады. Б.Қасым: «Аталым – шындық болмыстың белгілі бір бөлшектерін атауға және белгілеуге қабілетті тілдік бірліктердің қалыптасу, жасалу үрдісінің нәтижесі» (Қасым 2001: 183) дей отырып, аталым жасаудағы сөздің ішкі мағыналық құрылымының қызметін анықтап береді. Кейінгі жылдары бұл үдеріс зерттеушілер тарапынан тереңірек қарастырылуда, тілдік аталымның табиғатын ашуға қызығушылық артуда. Тілдегі сөздік құрамның молаюының бір жолы – жаңа сөз, яғни жаңа аталым жасау болса, ол тілдің ішкі, сыртқы факторларының ықпалымен жүзеге асып жататындығы мәлім.