Адаптация,сенсибилизация, синестезия.
Сезім мүшелерінің сезгіштігі әсер ететін тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделуіне қарай өзгеріп икемделеді. Бұл құбылысты адаптация дейді. ”Адаптация”- латын сөзі, қазақша икемделу, бейімделу деген мағынаны білдіреді. Сезім мүшелерінің бейімделіп адаптациялану түйсіктің кез келген түрінде кездеседі. Мысалы, көру түйсігіндегі адаптацияны қарастырайық. Жарық жердің қараңғы үйге кіргенде көз қарашығы 17 есе ұлғаяды. Бұл қашықтан өтетін жарық мөлшері де 17 есе көбейеді деген сөз. Қараңғыда көздің көргіштігіне торлы қабықтың шетіне орналасқан таяқшалар күшті әсер етеді. Олардың әлсіз жарықты да сезгіштік қасиеті мол. Мәселен, 30-40 минуттан кейін қараңғыдағы көру сезгіштігі 200 мың есе артады. Адаптация құбылысына шеткі жүйке жүйесімен бірге ми қабығы да қатысады. Адаптация тері түйсіктерінде де күшті байқалады. Осының салдарынан кейбір адамдар тітіркендіргіштерді түйсінбей де қалады.
Температуралық түйсіктердің де адаптациясы мол. Мысалы, судың бірқалыпты салқындығына дене аз уақыт ішінде тез төселеді де, адамның терісі суыққа тітіркенбейтін болады.
Адаптация иіс түйсіктерінде түрлі деңгейде көрінеді. Мәселен, камфораның иісі 1-2 минуттан кейін сезілмейтін болса, ал қыша мен нашатир спиртінің иісіне бейімделу тезірек болады. Ауырсыну түйсіктеріндегі адаптация өте әлсіз, ауырсыну организмнің қалыпты жұмысының бұзылғандығын, оның биологиялық рөлін көрсетеді. Адаптация- үнемі өзгеріп отыратын сыртқы дүние тітіркендіргіштеріне талдағыштардың қалай да бейімделе алатындығын байқатады.
“Сенсибилизация”- латын сөзі, қазақша мағынасы-сезгіш. Егер адаптация құбылысы талдағыштар сезгіштігінің түрлі жағдайларға орай бәсеңдеуінің көрсеткіші болса, ал сенсибилизация-сезгіштіктің тек артуын ғана көрсететін құбылыс.Сезім мүшелерінің біреуінің әсерінен басқаларының сезгіштігі артып отырады. Әлсіз тітіркендіргіштердің сезгіштігін арттырады. Мәселен,көзге түскен жарық мөлшері оның көру қабілетімен қатар, есту түйсігінің де, сезімталдығын арттыруға себеп болады. Әдетте, қызыл түс адамның ақ, қара түстерді дұрыс ажыратуына жәрдемдеседі. Ұшқыштардың түнгі ұшуға даярлану кезінде көздеріне 20-30 минут бойы қызыл көзілдірік киетіндері осыдан. Бірсыпыра психологиялық зерттеулерде адамның таза ауада жиі демалуы, жеңіл желпі дене қимылдарын жасауы, беті-қолын салқын сумен сүртінуі көру сезгіштігін арттыратындығы анықталған.
“Синестезия”- грек сөзі қазақша мағынасы қосарласқан түйсік дегенді білдіреді. Тітіркендіргіштер сезім мшелерінің біреуінеде ғана түйсік туғызудың орнына сол сәтте басқа түйсіктердің пайда болуына да жағдай жасайды. Мәселен, кейбір адамдар біреудің сөзін естігенде,бұған қоса түрлі дәмдер мен түйсіктерді де сезінуі мүмкін. Сондай адамдардың бірі қызғылт түстен жылылықты, екіншілері көгілдір жасыл түстен суықты сезінеді. Түйсіктердің осылайша қосарланып жүруін синестезия дейді. Есту,көру, сипап сезу, иіс, дәм түйсіктерінде кездесіп отыратын осы құбылыс өмірде онша жиі кездесе бермейді. Синестезия- түйсіктердің өзара байланысының шамадан тыс дамыған бір көрінісі.
Бір ізді бейнелер.Тітіркендіргіш әсерінің тоқтығына қарамастан, түйсіктің аз ғана уақыт болса да өз күшінде қалатын көздерін бір ізді бейнелер деп атайды. Бұлар көру, есту, иіс, дәм, тактиль түйсіктерінде жиі кездеседі. Мәселен, адам 2-3 секунт бойы көз алмай, шамға қарап отырып, содан кейін көзін жұмса, жарықтың ізін айқын көре алады.Бір ізді бейненің бұл түрі –оң ізді бейнелер делінеді. Екі парақ ақ қағазды қолға алып, бірін сол ақ күйінде қалдырып,екіншісінің ортасына шаршылап қиылған қызыл қағаз жапсырып қойып, бұдан соң қызыл қағаздан 20-30 сеунттай көз алмай отырып, көзімізді ақ қағазға сәл аударса, оның бетінен көгілдір түсті көруге болады. Бұл-теріс бір ізді бейненің мысалы. Соңғы түс- алғашқы қызыл шаршының теріс бір ізді бейнесі. Бір ізді бейнелер көбіне адамға байқала бермейді. Себебі, мұндайда тітіркендіргіштің бір түрі екіншісімен жалғасып, ілесіп отырады. Оның байқалмауы-көздің тор қабығының ылғи қозғалып тұруынан. Сондықтан адамның көзі талмайды, қалған іздер бір ізді бейнелердің физиологиялық негізі болып саналады.