Жазу және оның даму кезеңдері
Жоспар:
Жазудың шығуы және оның даму кезеңдері
Ліпби және орфография
Транскрипция және транслитерация
Тірек сөздер: орфография, транскрипция, транслитерация, алфавит
Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады. Соның нәтижесінде оның қатынас құралы ретінде қолдану шеңбері кеңейеді. Жазу (жазба тіл) - адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Ал ауызекі тіл жайында мұны айта алмаймыз. Ауызекі тілмен сөйлесіп, қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігі сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы кеңістікке байланысты болады да, оның шеңберінен шығып кете алмайды. Ол кеңістіктің шеңбері құлаққа естілудің мүмкіндігімен ғана өлшенеді де, адамдар ауызекі тіл арқылы жүзбе-жүз кездескенде ғана, бір-бірімен сөйлесіп пікір алыса алады. Алайда мұндай салыстыру ауызекі тілдің қызметі мен құндылығын ешбір төмендете алмаса керек. Ауызша тіл күнделікті өмірде ауызба-ауыз сөйлесіп, қарым-қатынас жасауда, тікелей өз ара пікір алысуда айрықша қызмет атқарады.
Жазба тілдіқ ауызекі тілден кейін пайда болғаны, оның жазудың шығып жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазудың шығып жасалуының, соған сай жазба тілдің жасалуының күллі мәдениет атаулының тарихында орасан зор маңызы болды және болып та отыр. Жазусыз мәдениет атаулыны, цивилизация атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес.
Адам білімді негізінен жазба тіл арқылы, жазылғанды оқу арқылы алады. Адамзаттың сонау көне дәуірінен бастап, біздің заманымызға дейінгі талай ғасырлар бойына ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласында жасаған күллі мәдени байлығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген де - жазба тіл. Көптеген заман бойында жасалған және біздің заманымызда жасалып отырған мол рухани мәдениетті бізден кейінгі ұрпақтарға, дәуірден-дәуірге жеткізетін де - осы жазба тіл.
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Көне жазуды да, қазіргі жазуды да зерттеп білудің әрі теориялық, әрі практикалық үлкен мәні бар. Көне жазу нұсқаларын талдап оқи білу ерте заманда өмір сүріп, қазірде өлі тілдерге айналған тілдермен танысуға немесе қазіргі тілдердің ертедегі қалпымен танысуға және оны білуге мүмкіндік береді.
Идеографиялық немесе логографиялық жазу (Идеография - грек тілінің іdеа-«идея» grарһо-«жазамын» деген сөздерінен алынған. Логография - грек тілінің Іоgоs -«сөз және grарһо -«жазамын» деген сөздерінен алынған). Әліпби және орфография
Әдетте, сөз құрамында айтылатын тіл дыбыстарының жазба тілде қағаз бетіне түсіп жазылуы және соған орай оқылуы үшін олардың белгілі бір таңбалармен белгіленуі шарт. Тіл дыбыстары жазуда графикалық таңба-әріптермен таңбаланады. Бірінен кейін бірі рет-ретімен орналасқан әріптердің жиынтығы алфавит деп аталады.
Ал графика дегеннен белгілі бір тілдегі фонемаларды және олардың тіркесін белгілеу тәсілдеріңің жиынтығы дегенді түсінеміз. Л. В. Щерба графиканы «алфавиттің ережелері (қағидалары)» деп те атайды.
Графика белгілі бір қағидаларға негізделеді. Графиканың ең басты мәселелерінің бірі - тілдің алфавитіндегі әріптердің құрамы туралы мәселе. Графикалық қағида бойынша, әр түрлі фонемалар бір ғана әріппен таңбаланбай, олардың әрқайсысының өзіне телінген таңбасы (әріп) болуы керек. Екінші сөзбен айтқанда, графика белгілі бір әріп бірнеше фонеманың таңбасы емес, бір фонеманың таңбасы болсын деген қағидаға негізделеді. Бұл қағида графиканың ең басты қағидаларының бірі болып саналады. Ал, егер әр түрлі фонемалар бір ғана әріппен таңбалана берсе, онда сауат ашу, оқыту ісі, емлені үйрену қиындай түсер еді. Алайда бұл айтылғаннан белгілі бір тілдегі фонемалардың саны мен әріптердің саны өз ара тепе-тең болуы шарт деген ұғым тумауға тиіс. Графиканың транскрипциядан айырмашылығы сол, ол (графика) тілдің дыбыстық құрамын дәлме-дәл және түгел қамтып көрсетуді мақсат етпейді. Алфавиттегі әріптер транскрипциялық таңбалар емес, ол (әріп) басқа әріптермен түрлі-түрлі қарым-қатынаста бола отырып, әр түрлі фонемаларды таңбалауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде жуан дауыссыз дыбыстан жіңішке дауыссыз дыбыс қосымша таңба - жіңішкерткіш белгі (ь) арқылы ажыратылады. Орыс тілінде 35 дауыссыз фонема бар. Ал егер әрбір фонема өз алдына бөлек әріппен таңбаланған болса, онда орыс тілінің қазіргі алфавитінің құрамында бар әріптердің үстіне палаталь дауыссыздарды белгілейтін тағы да 15 әріп қосылған болар еді. Мүның өзі орыс алфавитінің құрамындағы әріптердің санын- жасанды түрде ұлғайту болар еді. Орыс графикасына бір ғана жіқішкерткіш белгіні және дауысты дыбысты белгілейтін төрт әріпті (жіңішке дауыссыздан кейін келген е, о, и, а фонемаларын белгілейтін е, ё, ю, яәріптері) енгізу арқылы палаталь дыбыстар таңбаланып, соның нәтижесінде орыс алфавиті ықшам және қолайлы алфавит бола алды. Әдетте, алфавит өзінің құрамындағы әріптердің молдығымен емес, ықшамдылығымен ұтымды болады. Ықшамдылықтың да орынды, орынсыз болатыны бар. Алфавиттегі әріптердің саны ықшам, жииақы болсын дегенге сүйеніп, кез келген әр түрлі фонемаларды бір ғана әріппен таңбалай беруге болмайды. Бұлай ету жазуды да, оқуды да күрделендіріп ауырлата түседі. Өте ұқсас фонемаларды, емле мен оқыту ісіне залалы тимейтін болса ғана, бір әріппен таңбалауға болады.
Кең таралған алфавит - латын алфавиті мен орыс алфавиті. Әзірбайжан, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, татар т. б. түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың алфавиті 20-жылдардың аяғына дейін араб графикасына негізделген алфавит болды. Бірақ араб алфавитінде ұқсас әріптердің көп болуы және ондай әріптердің бірінен екіншісі қосалқы белгілер арқылы ғана ажыратылуы, бір әріптің сөз басында, ортасында және соңында келуіне қарай, .түрліше таңбалануы, алды-артындағы әріптермен кейде бірге, кейде бөлек жазылуы, алфавит құрамында түркі тілдеріндегі дыбыстарды (әсіресе дауысты дыбыстарды) таңбалайтын әріптердің жетіспеушілігі т. б. сауат ашу, оқыту ісінде де, баспа техникасында да көптеген қиындықтар туғызды.
Қазақ халқы 1929 жылы латын графикасының негізіндегі жаңа алфавитті қабылдады. Осы жылдары еліміздегі түркі тілдерінде сөйлейтін басқа да халықтар латын алфавитіне көшті. Латын алфавитінің сауат ашуда болсын, баспа ісінде болсын, араб жазуы негізіндегі алфавитке қарағанда, әлдеқайда прогрестік маңызы болды. Латын алфавитіндегі әрбір әріп өзінің жеке тұрғандағы қалпын сақтайды. Бұл алфавиттің құрамында 29 әріп бар еді. Бұлар байырғы сөздерді дұрыс жазуға мүмкіндік берді. Латын графикасы негізіндегі алфавит сауатсыздықты қысқа мерзім ішінде жоюға көмектесті. Осындай жетістік жақтары бола тұрса да, латын графикасы негізіндегі алфавит орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген көптеген сөздер мен терминдерді дұрыс жазуға төтеп бере алмады. Мұның өзі бір сөзді әр түрлі жазу, ғылыми-техникалық терминдердің айтылуын бұрмалау сияқты қолайсыз жағдайларға ұшыратты.
Біздің елімізде түркі тілдерінде сөйлейтін халықтар орыс графикасына негізделген алфавитке көшуді қажет деп тауып, 30-жылдардың аяғы 40-жылдың басында жаңа алфавит қабылдады. Қазақ халқы орыс графикасына негізделген жаңа алфавитті 1940 жылы қабылдады. Орыс алфавитіндегі 32 әріп түгелдей қабылданып, оған қоса орыс тілінде жоқ дыбыстарды таңбалайтын 9 әріп алынды да, әріп саны 41-ге жетті. Орыс тілінде жоқ дыбыстардың қазақша таңбалары (қ, ғ, ә, ө, ү, ү, і, ң, һ) орыс адфавитіндегі әріптерге (о, к, г, у, н) ұқсас болу жағы ескерілді. Орыс графикасына негізделген жаңа алфавит қазақ жазуын бұдан бұрын әріптің жетіспеуіне байланысты болып келген қиыншылықтан біржола құтқарды. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген көптеген сөз бен терминді дұрыс жазуға мүмкіндік туды. Мектеп оқушылары латын алфавиті тұсындағыдай, екі алфавитті емес, шын мәнінде бірақ алфавитті танып білуге мүмкіндік алды.
Графика мен орфография өз ара тығыз байланыста болады. Орфография дегеннен дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы дегенді түсінеміз (Орфография - грек тілінің огерһоs «дұрыс» және gгарһо «жазамын» деген сөздерінен жасалған термин).
Тілдің дыбыстық жағы оның сөздік құрамы және грамматикалық құрылысымен астарласып, өз ара байланыста болады. Осыған орай фонетикалық жазу (әріппен жазу) тілдің дыбысталу жағын ғана емес, сонымен бірге лексикасы мен грамматикалық ерекшеліктерін де қамти алатындай болуы керек. Орфография дұрыс жазудың нормасы мен қағидаларын белгілегенде, тілдің әр түрлі жақтарын және олардың байланысын бірдей ескере отырып, нақтылы принциптерге сүйенеді, соларды негіз етіп алады. Орфографияның жұп-жұбымен тізбектеле қолданылатын алты түрлі принщші бар. Олар мыналар:
Фонематикалық принцип пен фонетикалық принцип. Фонематикалық принцип бойынша, әрбір фонема қай позицияда келуіне қарамастан, өзіне бекітілген тұрақты таңба - бір әріппен белгіленеді. Орыс тілінде бір сөздің әр түрлі ормалары, мысалы, плода және плод формалары әр түрлі дыбысталғанмен (плода формасында айтылған сөздің құрамындағы ұяң дауыссыз д плод сөзінде айтылуда қатаң дыбысқа айналады), біркелкі жазылады. Фонетикалық принцип сөздін. құрамындағы дыбыстардың айтылуын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы, жаздыгүні, қыстыгүні, ашудас деген сөздердің айтылуынша, осылай жазылуы - орфографияның фонетикалық принципіне сүйеніп жазудың нәтижесі.
Этимологиялық принцип пен дәстүрлік-тарихи принцип. Этимологиялық принцип сөздердің қалпын емес, шығу тегін (этимологиясын) сақтап жазуға негізделеді. Этимологиялық принцип бойынша жазу сөздердің өткен дәуірдегі қалпын сақтайды
Морфологиялық принцип пен иероглиф принципі. Морфологиялық принцип бойынша жазу сөздердің айтылуына емес, түбір тұлғасын сақтауға негізделеді. Көптеген тілдерде сөздерге сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші аффикстер жалғанғанда, екі сөз бірігіп немесе өз ара тіркесіп айтылғанда, сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуы өзгеріп, әр түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Морфологиялық принцип дыбысталудағы бұл ерекшеліктерді ескермей, сөз құрамындағы сыңарлардың жеке тұрғандағы қалпын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы: басшы (башшы емес), ұшсын (ұшшын емес), сәнқой (сәңқой емес), көрінбеді (көрімбеді емес), қазанқап (қазаңғап емес), әркім (әргім емес), көзқарас (көзғарас емес), Сарыарқа (Сарарқа емес).
Иероглиф немесе символ принципі біркелкі дыбысталатын сөздерді, яғни омонимдерді жазуда бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Мысалы, қазақ тілінде «жай, күй, жағдай» деген мағынаны білдіретін хал сөзі мен «денедегі кішірек қоңырқай таңба, белгі» деген мағынаны білдіретін қалсөзінің осылайша жазылуы иероглиф принципіне мысал болады.