Тарау. Теріс қылықтар мен жазалар
59. Жазалар әскери қызметшілерге олардың теріс қылық жасағаны үшін қолданылады. Теріс қылықтар мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жеңіл:
2) елеулі;
3) ауыр.
60. Әскери қызметшінің елеулі теріс қылықтары, оны жасағаны үшін босату көзделетін теріс қылықтан басқа, әскери қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде жаза қолдануға әкеп соқтыратын әскери қызметші алғаш рет немесе бұрын салынған жазасын алғаннан кейін жасаған теріс қылық болып табылады.
61. Елеулі теріс қылық оны жасағаны үшін әскери қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде жаза қолдануға әкеп соқтыратын ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде бұрын салынған алынбаған жазасы бар кезде алты ай ішінде әскери қызметші қайтадан жасаған теріс қылық болып табылады.
62. Ауыр теріс қылық оны жасағаны үшін Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес заң негіздері бойынша босату көзделген теріс қылық болып табылады.
63. Жеңіл теріс қылық жасаған және жаза қолдану мақсатсыз болған кезде командир (бастық) әскери қызметшіге әскери тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттілігі туралы ескерту жасаумен шектелуі мүмкін.
64. Алдын алу мақсатында әскери қызметшілердің теріс қылықтары командирдің (бастықтың) шешімі бойынша:
1) сарбаздар мен матростар – жеке құрамның жиналыстарында;
2) сержанттар (старшиналар) – сержанттардың (старшиналардың) жиналыстарында;
3) офицерлер – офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
Полктер, бригадалар, оларға тең және одан жоғары сержанттар лауазымдарында әскери қызмет өткеретін келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органдарының сержанттар жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
Аға офицерлердің теріс қылықтары тек аға офицерлер мен одан жоғарылардың жиналыстарында, жоғары офицерлердің теріс қылықтары – тек жоғары офицерлердің жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.
65. Кейінге қалдыруды күтпейтін ерекше жағдайларда әскери қызметші оның жауапкершілігі туралы мәселені шешкенге дейін лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін. Әскери қызметшілерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға немесе басқа әскери қызметшілердің әскери қызмет міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не әскери қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективті және уақтылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін) жағдайларда қолданылуы мүмкін.
66. Әскери қызметшіні лауазымынан оларды лауазымға тағайындау құқығы берілген командирлер (бастықтар) шеттетеді.
Бағынысындағыны лауазымынан шеттеткен бастық (командир) лауазымынан шеттетуді тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға, сондай-ақ әскери прокуратура органдарына хабарлауға міндетті.
Бағынысындағыны оған жеткілікті негіздерсіз лауазымынан шеттеткен командир (бастық) ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.
Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қолданылатын жазалар
67. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) теріс қылықтар жасағаны үшін жазалардың мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс.
Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне жазалар қолдану құқықтары
68. Бөлім командирінен бастап, оған тең және одан жоғары лауазымды адамдар оларға бағынысты мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты осы Жарғыдағы жазаларды толық көлемде қолдану құқығын пайдаланады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар
69. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жазалардың мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) әскери қызметтен теріс себептер бойынша босату.
Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану құқықтары
70. Бөлімше командирінің, взвод командирі орынбасарының (команда старшинасының), взвод сержантының оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілер – сарбаздарға (матростарға), сержанттарға (старшиналарға) мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс.
71. Рота старшинасының (боцманның), рота аға технигінің (технигінің), рота, батальон, полк, бригада, өңірлік қолбасшылық, әскер тегі, Қарулы Күштер түрі сержантының, Қарулы Күштер бас сержантының, взвод (топ) командирінің, рота (4-дәрежелі кеме) командирінің, батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілер – сарбаздарға (матростарға), сержанттарға (старшиналарға) мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс.
72. Рота (4-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты офицерлерге мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс.
73. Батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты офицерлерге мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс.
74. Жеке батальон, оған тең және одан жоғары командирдің олардың бағынысындағы келісімшарт әскери қызметшілерге мынадай жазаларды қолдануға құқығы бар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту.
75. Теріс дәлелдер бойынша әскери қызметтен босату түріндегі жаза Келісімшарт жасасу, әскери қызметшілер мен әскери міндеттілерді әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын әскери атақтар беру туралы бұйрықтар шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың тізбесіне сәйкес лауазымды адамдар қолдануға құқылы.