Эстетиканың тарихи даму негіздері
Эстетика гректің «айстетикос» (сезілетін) деген сөзінен шыққан. Ол сөздің мағынасы біз қазір қолданып жүрген эстетика ұғымымен онша сәйкесе қоймайды. Эстетика тек қана ақыл-ойды немесе олардан тыс адам сезімдерін ғана қарастырады десек қателескен болар едік. Бұл сөздің астарында оның екеуі де бар және интуиция мен елестету (қиялдау), армандауға қатысты қасиеттер де осы ұғымның шеңберінде қарастырылады. Біз эстетикалық деген ұғымға тек сезім арқылы танығандарымызды (қабылдағандарымызды) жатқыза салмаймыз. Эстетика және эстетикалық дегенде біз өмір мен өнердегі әсемдікті қабылдаудан бөліп алып қарай алмаймыз, заттар мен құбылыстарды өзгеше көркемдік тұрғыдан қабылдаудан ажыратып та жатпаймыз. Мұнан эстетикаға деген адамзат қауымының қызығушылығы ол сөздің, яки эстетика деген атаудың пайда болуынан кейін ғана басталған екен деген ой тумауы керек. Эстетикалық мәселелер ол атау өмірге келмей тұрып-ақ пайда болғаны баршаға аян. Адамзат тарихында эстетикалық таным тегінің тарихы өте көне дәуірлерден тамыр тартатынын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Бірақ олар оны эстетика деп атын атап, түсін түстей қоймаған болатын. Оның ғылым ретінде орнығуын ғалым А. Құлсариева өзінің «Эстетика» деген оқу құралында былайша түсіндіреді: «Эстетика ұғымын ғылыми қолданысқа ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді. Ол эстетиканы грек тіліндегі «айстетикос» сөзінен құрастырып шықты. Этимологиялық тұрғыдан алған «айстетикос» – сезім, сезіммен қабылданатын деген мағынаға ие. Этимологиялық түбірі әлі күнге дейін «анестезия» сөзінде кездеседі», – дейді. А. Баумгартен (1714-1762) адам ақыл-ойы арқылы жүйелі нақты түсіндіруге көне бермейтін құбылыстың бар екенін мойындап, оған танымның ерекше саласы ретінде эстетикалық деген атау берген. Эстетика ғылымы – адамның ақиқат шындықты көркем игеру заңдылықтарын, оны көркем қабылдау заңдылықтарын зерттейді.
«Эстетика» деген сөзді біз күнделікті өмірде жиі пайдаланып жатамыз. Адамдар тіршілігінің барлық саласында дерлік қолданып жүргендіктен бәрімізге де түсінікті, жалпыға ортақ ұғым сияқты әсер қалдырады. Киім эстетикасы, кино эстетикасы, спектакль эстетикасы, үй жабдықтары (шкаф, сандық, орындық, стол т.б.) эстетикасы деп айта береміз. Әрине мұның бәрі қате екен деп айтуға болмайды. Бірақ эстетика негізінен өнер туралы философиялық ғылым.
Ғылым саласынан тыс «эстетика» сөзінің кең көлемде қолданылуы оның тарихи даму жолының ұзақтығынан, әр алуан ғылым салаларымен тығыз байланыста болуынан, мазмұнның тереңдігінен болса керек.
Тұрмыстық және кәсіби деңгейде әр алуан түрде қолданылуына қарамастан (эстетика деп аталатын бұл ұғым) өнер мен өмірдегі, табиғат феномендерінің сезімдік бейнелеу қасиеттерін жинақтаушы бір ғана принципке бағынады. Оны өз кезінде А. Баумгартен де атап көрсеткен.
Бірақ эстетика тарихы әлемдік ғылым ретінде өз бастауын тереңнен, ежелгі мифологиялық мәтіндерден алады.
Табиғат пен адам қолынан туған заттар мен құбылыстарға адам сезімін білдіру принциптері туралы сөз болғанда олардың адамды әр алуан көңіл-күйге түсіреді, жақсы мен жаманды айыра бастауы кейін эстетикалық талдау дәстүрінің негізі ретінде қаланды.
Расын айтқанда эстетика ғылымының өзі әсемдік категориясының негізінде пайда болды деуге болады. Қалған категориялардың барлығы да сол әсемдіктен туындайтын мәселелерге қызмет ететін, бойларына этикалық және діни мазмұнды қоса сіңірген аралас (дүбәра) категориялар болып саналады. Мысалы, трагикалық немесе сентиментальдық категорияларда эмоциональды реңк басым, сондықтан да оны таза эстетикалық деуден гөрі, эстетикалық-психологиялық деген дұрысырақ сияқты.
«Өткеннің бәрі де жақсы» деген қанатты сөз бар. Өзімізден бұрын өткен нәрсені біз көріп тани бермейміз, біз оны біреулердің айтуымен ғана танып, оның эстетикалық сипаты туралы топшылау жасаймыз. Мәселен, миф, аңыз, ертегілердегі сұлу қыздарды немесе табиғат сұлулығын біз көрмейміз, біз оны екінші бір адамның айтуымен, белгілі жеке тұлғаның санасында жаңғыртуымен ғана танимыз. Сондықтан да М. Бахтин «өмірді эстетикаландыратын біздің санамыз» (жадымыз) деген болатын. Бір кездегі алабұртқан көңіл-күй, эмоционалды толқу адам санасында қорытылып, уақыт өте келе тұрақты сипатқа ие болады. Бұл әрине бастапқы көңіл-күй, алғашқы эмоция емес, көптеген қосымша элементтермен араласқан сол сезім туралы жинақталған әңгіме болып шығады. Композициялық бүтіндігі мен нақты сипатына қарап оны эстетикалық құрылым ретінде де қарастырамыз.
Эстетикалық ілімнің о баста философиямен тікелей байланыста дамығанын білеміз. Кейін өз дамуы барысында әр алуан ғылымдармен кейде жақындасып, кейде мүлде басқа салаларға бағыт түзеп, ауытқуымен болғанын аңғаруға болады. Мысалы, антикалық эстетикалық ой философиямен бір арнада дамыса, орта ғасырларда теологияға жақын болды, ал қайта өрлеу дәуірі тұсында ұлы суретшілер мен композиторлардың нақты әсерімен көркем тәжірибеге көбірек мән беріліп, эстетика өз дамуында негізінен соны басшылыққа алды. Ал XVII-XVIII ғасырларда көркем сын мен публицистика эстетиканың одан әрі дамуына негіз болды.
Бұған қарағанда эстетиканың ғылым ретіндегі өз орнын нақты танып, көрсету мүмкін емес, оны қандай да бір пәнге жатқызудың өзі қиын, өйткені зерттеушілердің субъективті көзқарастарына орай оның зерттеу пәні де өзгермелі болып келеді. Олай болса, бір жағынан, жалпы философиялық талдау компоненттерінің бірі ретінде, екінші жағынан, өнертануды оқып-үйрету, зерттеу сипатына қарап, оның нақты өз орнын, айқын шекарасын белгілей қоймағанын аңғарамыз.
Расында да эстетика ғылым ретінде пәнаралық сипатқа ие. Эстетиканы меңгерудің қиындығының өзі оның бойында «от пен судың» қатар жүруінен болса керек.
Бұл ғылымдағы ең маңыздысы елестету теориясы «біздің сезгендеріміз, біздің санамыз сыртқы әлемнің (дүниенің) образы ғана, мұнан келіп шығатын қорытынды елес елестетілетін құбылыссыз өмір сүре алмайды, ал керісінше елестетілетін құбылыс оны елестететінсіз де өмір сүре береді».
Мысалы неміс философы Гегель эстетиканың предметі адамның көркемдік саладағы әрекеті, яғни адам қолынан туған өнер, өнердегі әсемдік деп түсіндірді. Егер оның айтқанымен келісер болсақ эстетика ғылымы танымын тарылтып алған болар едік. Онда табиғат тудырған әсем құбылыстарға адамның сүйсіне қарап, ләззат алуын жоққа шығаруға тура келеді. Көрнекті алаш әдебиеттанушысы А. Байтұрсынов та өзінің «Әдебиеттанытқыш» деген еңбегінде өнерге ғылыми талдау жасай келіп, «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады, адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің бәрі өнер дүниесі болады; өйткені жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адам ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен», – деген тұжырым жасаған. Әрине бұл пікірдің айтылғанына да бір ғасырға жуық уақыт өтті. А.Байтұрсыновтың өз кезінде өнер туралы Гегель пайымдауларымен үндес пікір айтып отырғандығы да сондықтан. Ол Гегельді оқыды ма, оқымады ма бізге беймәлім, бірақ оның эстетикалық ой-тұжырымдарымен орыс ғалымдары арқылы таныс болғанына шүбә келтіре алмаймыз.
Эстетика философияның бір тармағы. Сондықтан да өз тарихын адамзат баласы саналы өмір сүре бастаған тұстан алады. Ежелгі шығыс халықтарынан шыққан философтар сол ерте дәуірлердің өзінде сөз өнерінің, музыканың адамға, жалпы қоғамға әсері туралы әр алуан пікірлерін жазып қалдырған. Мысыр, Вавилон, Үнді, Қытай, Шумер жазбаларының кейбір бізге жеткен үзінділерінен біз мұны анық аңғарамыз. Бірақ олардың ішіндегі бізге ең нақты мағлұмат беретіні ежелгі Грекия. Ежелгі Грекияны К. Маркс «адамзат қоғамының балалық кезеңі» деп атаған. Грекия еуропалық әлемнің, еуропалық ғылым мен өркениеттің бастауында тұрған ел. Біз сол грек ғалымдарының ой-пікірлерінен барынша тұжырымды, нақты эстетика іліміне қатысты идеялық жаңалықтарды кездестіре аламыз.
Грекияда да эстетика басқа ғылымдар секілді философиялық ілімнің бір саласы ретінде ғана дамып, өркендеді. Сондықтан да Грекияда алғашқы эстетиканы зерттеген ғалымдардың философтар болғанына таңғалудың керегі жоқ. Бұл дәстүр ғылымда күні кешеге дейін жалғасып келді. Мысалы, эстетиканы барынша терең зерттеген ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген неміс ғалымдары Ф. Гегель мен И. Канттар да кемеңгер философтар болатын. Бұған қарап эстетиканы алға жылжытқан тек қана философтар екен, басқалар оған араласпаған екен деген ой тумауы керек. Мысалы, аттары әлемге әйгілі, атақты ақын-жазушылар, суретшілер, мүсіншілер, музыканттар да өз кезінде эстетиканың алға дамуына өз үлестерін қосты.
«Әлемдік эстетика өнер түрлерінің тууын қоғамдық дамумен сабақтас қарайды. Бұл тұрғыдан архитектура (сәулет өнері) техникамен, қоғамның экономикалық қарым-қатынастарымен өте тығыз байланысып жатыр» – деген әдебиеттанушы ғалым Р. Нұрғалиевтің пікірін есте ұстаған абзал.
Ежелгі Грекиядағы көркемдік ойдың пайда болу, даму сипатын толық түсіну үшін сол дәуірдегі ойшылдардың өнер туралы пікірлерімен толық танысып шығу жеткіліксіз, олардан басқа сол ойшылдар дүниеге келген уақыт пен кеңістіктің шынайы мәдени әлеуметтік негізін, олар туып-өскен, көзқарастары мен көркемдік танымдары қалыптасқан ортаның жай-жапсарын терең зерттеп түсінуге тиіспіз.
Классикалық антика дәуірінде өнердің эстетикалық ерекшеліктері қалай зерттелгенін талқыға салмас бұрын сол антикалық кезеңдегі театр, музыка, сәулет өнері, мүсін және сурет өнері қалай жасалды, оларды қандай эстетикалық талғамға негіздеп жасады, ол туындылар қандай көркемдік қажеттіліктерге жауап бере алды деген мәселелер төңірегінде ойланып алғанымыз жөн.
Біз классикалық антика кезеңі деп біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІ ғасырдан ІҮ ғасырға дейінгі аралықты, яғни грек ақсүйектер полисінің гүлденуі мен құлдырап қирауына дейінгі екі жүз жылдан аса уақытты қамтитын кезеңді атаймыз. Әлемдік классикалық әдебиеттің басында тұрған Эсхил, Софокл, Еврепид, Аристофан секілді драматургтер дәл осы уақытта сөз өнері аспанында жарқырай көрініп, ертедегі гректердің трагедия және комедия жанрларын бұрын адамзат баласы қол жеткізе алмаған шырқау биіктерге көтерді. Бейнелеу өнері де ерекше қарқынмен дамыды. Сурет өнері туындылары біздің заманымызға дейін сақталып жетпесе де сол кезден қалған жазба деректер Аполлодор, Полигнот, Зевксис сияқты әйгілі шебер суретшілердің болғаны туралы маңызды мәліметтер қалдырған. Сол көне дәуірдің өзінде гректерде суреттерді сақтап, көрме өткізетін «Пинакотек» деп аталатын арнайы ғимараттар болған деседі. Жылына бірнеше рет сурет өнерінің көрмелері ұйымдастырылып, бейнелеу өнерінің майталман білгір сыншылары салынған суреттердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салатын болған. Ол нағыз өнер мерекесі ретінде тойланып, шебер суретшілер жүлде алып, атақтары шартарапқа жайылып жатады екен.
Ал «тастан қашалған адамдар мен жан-жануарлардың мүсіндері көшеде жүрген тірі адамдардан да көп еді» деген Плутархтың сөзі сол замандағы грек халқының өнерге деген керемет ынта-ықыласын, көзқарасын айқын танытса керек. Сол кезден қалған дене бітімі сымбатты ер жігіт пен сұлу әйел мүсіндері туралы жазылған мына сипаттаманы осы арада толық келтіргенді жөн санап отырмыз
«Монументтік мүсінге ерекше тән ер жүрек атлет-сарбаз типі б.э. бұрынғы VI ғасырдың бедерлі бейнелерінде жиі кездеседі. Б.э. бұрынғы 510 жыл шамасында афинылық шебер Аристокл Аристионның бейнесі салынған мәрмәр құлпытас жасады. Оның кеудесіндегі қалың былғары сауытының астынан хитоны көрінеді, басында дулыға, аяғында қола саптама сауыт. Сарбаз найзаға сүйеніп тұр, ол бар тұлғасымен ұзынша тақта тасқа келісті ойылған. Шебер Аристионның бет әлпетін, қолының саусақтары мен аяғының башпайларын, бұлшық еттерін айқындап тұрған хитонының нәзік күлтелерін таңғажайып өнерпаздықпен сомдаған. Шынайы өміршең көріністерді берудегі айрықша бір сүйіспеншілік бейнеге тұтастық дарытып тұр. Бедер сырланған. Сарбаздың сәнді шашында, сақалы мен қару-жарағында қызғылт сырдың ізі сақталған.
Писистрат пен оның балаларының тираниясы заманында афинылық құл иеленушілердің нәзік эстетикалық талаптарына гректер кора деп атаған қыздардың тамаша мәрмәр мүсіндері жауап берді. Афины абызтайларын бейнелейтін олар Акропольдегі тәңірия храмында тұрды. Мұндай мүсіндердің бірнеше ондағаны табылды. Олардың көбісі б.э. бұрынғы VI ғасырдың екінші жартысына, Аттикада иониялық шеберлер жұмыс істеген кезге жатады. Бізге аты беймәлім талантты аттикалық бәдізшінің қолынан шыққан қораның мүсіні әмбеге аян. Ол б.э. бұрынғы 530 жыл шамасында парос мәрмәрінен қашалған. Шебер жүн матадан пеплос (лыпа) киіп, белін қынай буған қыздың қимылсыз қалпындағы кескінін бейнелеген. Оның иығында қалыңдау материалдан тігілген желбегей, лыпасының астынан нәзік сызықтармен тартылған кенеп хитоны байқалады. Хитонның төмен қарай төгілген етегі қыздың сұңғақ пішінін айқындай түседі. Қыз басына сән берген қола шір сақталмаған, құлағында сырғасы болған, сол қолына шір немесе бұтақ ұстап тұрған. Мүсінші мәрмәрда қыздың албыраған жүзін, қиықшалау, баданадай көз жанарын, қиғаш қасы мен сәл езу тарта жымиған ойлы күлкісін таңғажайып нәзіктікпен жеткізген. Бақырая қараған ашық жанары мен бетінің алмасындағы иірім шұқыры өңіне аңғал пәктік, рухани айқындық береді. Кора бейнесі шынайы шаттығымен, баурап алатын жастық шақ сұлулығымен көз тартады. Мәрмәрдің алтындай жайлы түсі иығына төгілген шашының қызыл күрең реңіне тамаша жарасады. Мүсінге жағылған сыр талғампаз өнерді танытады. Қас-кірпігі қара, көзі мен ерні қоңыр, желбегейінің жиегі жасыл сырмен боялған. Осының бәрі мүсінге мерекедегідей шат-шадыман өң беріп, жайнатып тұр».
Бірақ ежелгі Грекияда кезінде шарықтап дамыған өнердің бірі – музыка өнері туралы бізге жеткен деректер мардымсыз.
Антикалық көркем мәдениет, соның ішінде эстетика неге классикалық деп аталды? Классика дегеннің өзі не нәрсе? Гегель аталған термин жайлы терең толғана келіп: «Ұжымдық мақсаттар мен құндылықтар жеке тұлғаның мақсаттары мен құндылықтарымен тең дәрежеде болатын қоғамдық жағдай мәдениет тарихында классикалық деп аталады», – деген қорытынды жасаған екен. Біздіңше бұл сол дәуірдегі өнер дамуның ерекшелігін терең талдап түсінген соң, аталған кезең мәдениетінің табиғатын дұрыс танығаннан кейін барып айтылған ең дұрыс пікір деп ойлаймыз.
Расында да ежелгі Грекияның классикалық дәуірінде антикалық полистер гүлденіп, өркендеді. Онда өмір сүрген жеке адамның мақсат-мүддесі күллі қоғамның мақсат-мүдделерімен үйлесімділікте болды. Антикалық полис азаматы өз полисінде өзін қауіпсіз, еркін сезінді. Өйткені оның жеке басын, құқығын, мақсат-мүддесін полис қорғады, қоғамдық қатынастарда әділдік үстемдік құрды, мемлекет пен жеке адам мүдделері бір бірімен тығыз байланыста, тең дәрежеде өмір сүрді. Осыдан келіп объективті және субъективті жағдайлар бір-біріне кірігіп кетті, іштей үйлесім тапқан өзгеше үлгі, өлшем пайда болды.
Мысалы, біз ХV ғасырдағы Италия өнеріне немесе ХVІІІ ғасырдағы Франциядағы көркем шығармашылық жайлы «классикалық» деген анықтаманы қолданғанда жоғарыдағыдай жеке адам мен қоғамдық мақсат- мүдделердің гармониялық бірлігін еске түсіреміз. Ол классикалық деген ұғым үшін өлшем, үлгі, өнеге іспетті.
Неліктен антикалық өнер күллі өнер атаулының бастауында тұрса да өзінен кейінгі көркемдік дамудың барлығына бірдей үлгі болып қалды? Себебі антикалық көркемдік сана синкретті сипатта болды, өзінің табиғи бітімі мен болмысы тұрғысынан тұтастығымен, бүтіндігімен ерекшеленді. Күні бүгінге дейін жеткен өнердің өмірдегі негізгі талғам-таразысы мен ерекшеліктерін айқындайтын барлық категориялар өз негізін антикалық кезеңнен алады. Ол дәуірде эстетикалық ләззат алу деген нәрсенің өзі әлі жеке мәселе ретінде қарастырыла қоймаған еді. «Эстетикалық» деген түсініктің өзі синкретті сипатта болды. Олардың түсінігінде көркем шығармашылық пен күнделікті өмірде адамгершілікке сай іс істеу, адамдар арасындағы дұрыс, маңызды қатынастар эстетикалық қасиеттер ретінде қабылданды. Сондықтан да өнер өмірдегі мәнді рухани қажеттіліктер үшін қызмет етті. Ол қажеттіліктер құқықтық санадағы азаматтарды тәрбиелеу, отанын қорғайтын жауынгер азаматтарды тәрбиелеуге негізделген болатын. Сол себепті антикалық дәуір эстетикасында өнердің әлеуметтік әсер ету теориясы, кейде көркемдік тәрбие идеясы ерекше дәріптеліп, халықтық қолдауға ие болды. Сол антикалық тәрбие мектебінен Сократ, Платон, Аристотель сияқты данышпандар тәрбие алды. Антикалық өнер теориясын солар жасады. Сократтың әсемдік туралы «әдемі нәрсе қажетке жарамды нәрсе» деп қазіргі адамдар үшін қарапайым болып саналатын байлам жасауының да сыры осында деп ойлаймыз. Антикалық дәуір адамдары ең жетілген құбылыстың эстетикалық сипаттамасы ретінде «калокагатия» деген өз категорияларын ойлап тапты. Ол адамгершілік пен әсемдіктің бірлігін танытатын ұғым болатын. Орта ғасырда өмір сүрген Отырарлық данышпан ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің адамгершілікті, тәрбиені біліммен ұштастырған пікірінің астарында сол ежелгі грек ойшылдарының ертеде қалыптасқан пікірлерімен астасқан ойдың жатқанын да аңғарғандай боламыз. Қоғамдық ортада адамгершілік принциптердің қатаң сақталуы, адамдар арасындағы сыйластық, бірлік, ізеттілік сияқты жағымды моральдық қатынастардың болуы өнерде ғана емес, ғылым мен саясатта да үлкен жетістікке жетудің кепілі саналған. Сондықтан да ежелгі батыс, шығыс әдебиетімен терең таныс болған Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиет қалдырған.
Платон өзінің «Ион» деген еңбегінде көркем шығармашылық табиғатына түсініктеме берген. «Ақын өлең шығару үстінде (шығармашылық акт) буырқану, арқасы қозу кейпінде болады. Ол өлең шығарғанда өзінің бұрынан жаттап алғандарын ғана айтып қоймайды, оны оның бойындағы қалыптасқан шеберлік те өзгеше күйге түсіре алмайды, оны тек құдайдың тылсым күші ғана өз дегеніне бағындырып, шабытты күйге ендіреді. Ол сөйлегенде буырқанып, екпіндеп шабытпен сөйлейді, бірақ онда өзіндік ақыл, ес болмайды. Ол бір шешендіктен, білгірліктен сөйлемейді, оны сөйлететін жаратушының демеуі, қолдайтын күші», – деген қорытынды жасаған.
Мұнан аңғаратынымыз, Платонның өзі ақындар туралы екіұдай көзқараста болған сияқты. Біріншіден, ақындар ерекше жаратылған адамдар, олар өздерінің арнайы сезімтал мүшелері арқылы қалаған уақыттарында құдаймен байланысқа түсе алады, екіншіден, олардың не айтып не қоятынын алдын ала болжап, біліп, бақылап отыру мүмкін емес дейді. Платон шығармашылық шабыттың өзін жағымсыз құбылыс деп түсінген.
Сөз өнері халық ұғымында қасиетті өнер. Ол атадан балаға немесе сол өнерді қадыр тұтқан ерекше қасиеті бар адамдарға ғана қонады деген түсінік қалыптасқан. Оны қадірлеп ұстамаса бақсылық сияқты оның да киесі ұруы мүмкін деген идеалистік пікір күні бүгінге дейін халық жадында жарысып өмір сүріп келеді. Сондықтан да ежелгі түркілер, соның ішінде қазақ халқы ақындықты, шешендікті ерекше құдіретті күш ретінде танып, егер баласының бойында ондай қасиет байқала бастаса атақты би-шешендерден, абыз ақындардан бата алуды дәстүрге айналдырған. Ондай мысалдарды қазақ әдебиетінің тарихынан жүздеп келтіруге болады. Сүйінбайдың Жамбылға батасын беріп, домбырасын сыйлауы мұның айқын дәлелі.
Көшпелі өркениеттің дамып-қалыптасуына өз үлестерін қосқан ата-бабаларымыз сөз өнерін, жалпы ақындық өнерді ерекше дәріптеп, шабыт, талант деген ұғымдарды басқа қонатын бақ, көкірекке ұялайтын ерекше құс ретінде бейнелегенін пайымдауға болады. Оны атақты айтыскер ақын Кемпірбайдың төсек тартып жатқанда көңілін сұрап барған Әсет Найманбайұлына айтқан мына өлең шумақтарынан толық аңғарамыз.
Көңілді Әсет келді көтергелі,
Болмайды кеуде шіркін жөтелгелі.
Артыма бір-екі ауыз сөз тастайын,
Басымды жастықпенен көтер бері!
Өлсем де «Көк кептерге» бір соғайын,
Қу тақтай екі ішекті әпер бері.
Аузыма айрыларда сөз салмасаң,
Қонғаның өлең шіркін бекер ме еді?!
Әсетжан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем.
Кеудемнен көкала үйрек «хош» деп ұшты
Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем.
Кемпірбай расында да кеудесінен «хош» деп ұшқан көк ала үйректі көрді ме, көрмеді ме ол басқа нәрсе, ал сол тұстағы қазақ қоғамында өлеңнің, бақтың әр алуан кейіпте талантты адамдарға серік болып жүретіні туралы аңыздар қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Абылай ханның ақ бурасы, Жамбылдың қызыл жолбарысы т.б. жоғарыдағы ойымызға толық мысал бола алады.
Әрине көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан тарихи ой-пікірлері, дүниетанымдары жайлы біз тек ауыз әдебиетінен жеткен материалдар негізінде ғана пікір айтып жүрміз. Ал оны мәдениеті ертерек қағазға түскен халықтарға мойындатудың өзіндік қиындықтары бар екенін де естен шығармағанымыз дұрыс. Бұл туралы кезінде белгілі ғалым Р. Нұрғалиев өз пікірін былайша жеткізген екен:
«Кей халықтардың шығармашылық қуатына күмән келтіру салдарынан ұзақ уақыт бойы өнер тарихын зерттеуде евроцентризм теориясы орын алып келді. Бұл бағытты шын ғылым мансұқ етеді. Әсіресе соңғы ізденістер, жаңа еңбектер әлемдік өнер тарихында Африка халықтары үлесін, Азия халықтары еншісін, Американың ежелгі тұрғындарының ен, таңбасын айқындап беріп отыр. Театрдың төркінін, сыр-сипатын, болмыс-бітімін тану үшін Шығыстың көне, ежелгі мәдениетіне зер салып, пейіл қойып, тереңдеп бару шарт. Ал европа театрларының туып, қалыптасып, өркендеуіне ұйытқы болған – грек өнері екендігінде ешқандай дау болмаса керек».
Номадизмді ғылыми тұрғыдан ақтау, оның ғажайып жетістіктерін көрсету бүгінгі күн үшін, соның ішінде сол көшпелі мәдениетті жасаушылардың тікелей ұрпағы болып саналатын біздер қазақтар үшін аса қажет, бірақ көшпелілердің мәдени шығармашылық мүмкіндіктерін шамадан тыс асыра дәріптеуге жол беруге болмайды. «Көшпелілер өркениеті» деген термин мәдениеттанушылар көзқарастары тұрғысынан әлі қалыптаспаған, толық пісіп жетілмеген термин болып саналады. Көшпелілер өркениеттен гөрі табиғатқа жақын, олардың діни дүниетанымдары мен өмір салттарының өзінде натурализм элементтері көптеп сақталған. Ақиқатына жүгінер болсақ, бұл мәселеге басқашалау қараған дұрыс. Мәселен, тарихта көшпелі халықтардың өздерінің атқаратын ісі, өздеріне ғана тән бет-бейнесі болды. Өркениет жағынан егіншілікпен айналысқан халықтарға тәуелді бола тұрса да (классикалық көрсеткіштер бойынша), денсаулықтарының төзімділігі, епті де ширақ болып келулері, әскери ұйымшылдығы, көркем ауыз әдебиетінің молдығы және музыкаға әуестігі жағынан олардан әлдеқайда жоғары тұрды. Көшпелі жауынгердің бойына туа бітті дарыған ерлікке деген құштарлық, тайсалмас жүректілік, ақкөңіл де адал, мәрт мінездің қалыптасуы ол өмір сүрген орта мен этнопсихологиялық жүйеге де тікелей байланысты болатын. Тарихта көшпелі халықтар пассионарлы үлгідегі адамдардың генераторы сияқты өмір сүрді. Әлі де болса анықтай түсуді қажет етсе де: «Олар өздерінің намыстары мен адамгершіліктерін жеке бастарының қауіпсіздіктері мен материалдық құндылықтардан жоғары қоятын», – деген Хара Даванның пікірінде шындық бар деп ойлаймыз.
Дәлірек айтсақ, көшпелі өзінің сарқылмас қуаты мен маргиналдық дәрежесімен (табиғат пен өркениет аралығында) қайшылықта өмір сүрді. Оның бір басында идеализм мен материализм қатар тоғысып жатты. Көшпелілердің жоғарғы үлгісі (Бумын қаған дәуірі, Шыңғыс хан, соның ішінде мұсылмандықты қабылдаған хандар мен жырау-абыздар) – бұлар алтын мен мүлікке қызықпайтын, өлімнен қорықпайтын, қарапайым пендеден биік тұрған пассионар-идеалистің ерекше түрі болатын.
2. Көркем бейненің идеялық-эстетикалық мазмұны.
Эстетиканың негізгі басты мақсат-мұраты ол сөзсіз эстетиканың негізгі категориялары болып табылады. Эстетиканың категориялары дегеніміз – эстетиканың негізгі мазмұны, өмірмен байланысы, қарастырылатын түсініктері. Эстетикалық категориялар көп, бірақ ең бастылары төртеу, олар: әсемдік, асқақтық, трагикалық және комикалық.
Эстетиканың категориялары қатып қалған белгілі бір заңдылықтарға ғана бағынады және өзгермейтін тұрақты ұғымдар емес. Эстетика категориялары да пайда болып, өсіп, кейде тіпті қайтадан керексіз болып жойылып та жатады екен. Мысалы, жиырмасыншы ғасыр басында эстетика категорияларын санап берудің өзі мүмкін болмай қалған болатын. Италия эстеті Б. Кроче деген оларды былайша тізбектеп көрсеткен еді: әсемдік, трагикалық, комикалық, асқақтық, патетикалық, уайымшылдық, күлкішілдік, милонхолитті, трагикомикалық, көңілділік, зорлықшылдық, қатыгездік, сұмдықтық, жағымсыздық, жексұрындық, төменшіктік, бейшаралық, юморлық, эллегиялық, идиллиялық, қорқыныштылық т.б. түрлі категорияларға бөліп көрсеткенімен олар өзінің өміршеңдігін таныта алмады. Сондықтан да эстетикалық категориялардың өзі заман, қоғам өзгерістеріне сай адамзат баласының санасындағы өзгерістердің әсерінен пайда болып, өзгеріп, кейде тіпті жаңа түсініктермен толығып та жатуы әбден мүмкін.
Грек философы Платонның «Федр» деген еңбегі бар. Ол кезінде Сократ өзі оқып, мінәжат ету үшін пайдаланған мынадай сөздермен аяқталады: «Аса құрметті Пан және осы жердегі басқа да құдайлар! Менің ішкі әлемімнің сұлу болуына көмектесе көріңдер, сыртымда не бар, соның бәрі менің ішімдегілермен үйлесімді ынтымақта болсын», – деген екен. Егер осы сөздің мағынасына терең бойласақ бұл өзінше ғажап сырлы сөздерден құралған сөйлем. Аталған мінәжат сөздің негізгі тақырыбы мен мазмұны сұлулық, әсемдік жайлы терең толғаныстан туғанын аңғарамыз. Әсемдік адам бойындағы ең жоғары құндылық болып саналады. Ол тек Сократ пен Платонның ғана арманы емес, күллі адам баласының арманы.
Мәселен, Платонның ойынша, адамдар арасындағы махаббат қатынастары сұлулықты, әсемдікті сезінуге деген үлкен ұмтылыстан туындайтын көрінеді. Ол күш өзінің шегіне жетуге асығады, ал адамдағы ондай күшті – ер адам мен әйел адам арасындағы махаббат – Эрота күші деп атаған. Ғалымның пікірінше, махаббатқа ұмтылу – адамның мәңгілікке, шексіздікке ұмтылысы ретінде түсіндіріледі. Дүниедегі барлық заттың бір-бірімен жақындасуын, үйлесім табуын ол адамдар арасындағы махаббатқа телиді.
Әсемдік – ол үлкен қуаныш. Әсемдікті аңсау, сұлулыққа ұмтылу тек қана адам баласының арманы, адамзатқа ғана тән ерекше сезім. Адам баласының әсемдікке, сұлулыққа деген сезімі оның о бастағы жаратылысымен бірге берілген, біте қайнаған қасиет. Сол сұлулықты, әсемдікті тану үшін арнайы ғылым саласы – эстетика пайда болған.
Әсемдік мәселесі эстетикадағы ең басты нәрсе ғана емес, ол ең негізгі және айқындаушы нәрсе. Әсемдік деген не, оның құдіретті күші мен тылсым табиғатын қалай түсінуге болады деген сауалдардан эстетика ғылымы пайда болған. Кез келген эстетика теориясы туралы толғам мен пайымдау болған жерде міндетті түрде әсемдік мәселесі сөз болады. Әсемдіксіз, сұлулықсыз эстетика деген ұғым да жоқ. Сонымен қатар ол ешқашан да бір орында тұрып, дамылдап қалған емес. Әрдайым даму, өзгеру үстінде. Ерте заманда да солай болған, қазір де солай.
3. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ поэзиясында ұлттық тәуелсіздік жаңа көркемдік мазмұнмен жырланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи сананы ояту, ұлттық рухты көтеру басталды деп нық сеніммен айта аламыз. Дәстүрлі даму арнасынан ауытқымаса да мазмұн мен идеяда жаңашылдықтар, көркемдік жаңа айшықтаулармен ерекшеленді. Поэзияда ұлттық рух, ұлттық мұрат, тәуелсіздіктің лебі есіп тұратын кең тынысты жарлар жазыла бастады. Қазақ поэзиясы жаңа есімдермен толықты. Ақын М. Шаханов әр адамда анасынан басқа төрт ана болуы керек, ол –туған жер, туған тіл, туған дәстүр, туған тарих – тәуелсіз ұлттың төрт тірегін атады. Барлап қарасақ, тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы ана тілі, е л тағдыры, жер тағдыры ең көп жырланған тақырыптар деп айтуға болады. Қазақ тілінің тағдыры жырлағанда, тілдің қазіргі қолданысына көңіл толмау сарыны ерекше байқалады. Ана тілін менсінбеу,өзге тілде сөйлеуді мақтаныш тұтқан жандар аз емес. Ақын С.Адай «Менсінбеймін» дегенше деген өлеңінде өткір жырлайды.
Қатты айттым!
Сынып кеткен шыдам-бұл.
Ұлт ішінде: Айыр тілді жылан жүр.
Өз Тіліңді «Менсінбеймін» – дегенше,
Өз халқыңнан туғаныңды күмән қыл!
Жас ақын Алмас Темірбайдың ана тілі туралы толғанысы бүгінгі күннің шындығымен өрілген. Алмас ақын ана тілінің қазіргі күйіне көңілі толмай, ертеңіне алаңдаулы. Ана тілі туралы «Бәлду-бәлду...», «Қазақ тілі туралы элегия» атты жырларында ана тілінің бүгінгі халі шындықпен жырланған. Ақын сәби үнінен, бала бақша мен мектептен, биік мінбелер мен кеңселердегі қазақ тілінің тағдырына қынжылады.
Президент қазақша сөйлеп тұр... тағы да
Парламент орысша ойлап тұр ішінен..
Көшедегі көрініс те мәз емес, қазақтар орысша сөйлейді шүлдіреп, жылағым келеді, күлгім де келеді деп жырлаған ақын қазақ тілінің болашағына алаңдай отырып, армандайды. Ұлт үшін ең өзекті мәселенің бірі - дін. Алмас Исаділ «Шоқынған бала» атты жырында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі - өзге дінге өту мәселесі жайында толғанады. Әке тәрбиесі мен ана тәлімін алған жастың өзге діннің жетегінде кетіп, шоқынуы ұлттың ұйысуына төнген қатер.
Түс елемей аят, Құран, ғазалды,
Кәпірлермен қоса айтысып жаңа әнді,
Мұхаммедтің кім екенін ұмытып,
«Иегова куәгері » саналды.
Өз тіліне,
Өз дініне қас ұлға,
Өлгеннен соң тыныштық жоқ ақында.
Қазақ болып туғаннан соң, күні ертең
Ай тұрмай ма, қабірінің басында.
Ислам діні және діннің тағылымы, қасиеті жайында иман ұғымындағы жырлар көптеп жазылуда. Ақын Бауыржан Қарағызұлының «Ислам» атты жырында:
Алақанымда дұға болып көктедім...
Жан Алланың махаббатын сезгелі,
Жан-жағыма жұпар шашып сөздері,
Маңдайыммен сүйдім, нұрлы сәждені!
Тәубә. Тәубә. Тәубә...
Жер сату туралы немесе қазақтың жері менің жерім деп көз алартқандарға қарсы рухты жырлар жазылды. Ақын Бауыржан Бабажанұлының жырында елге арналған жанайқайы қатар естіледі. Жанайқайы елдің, жердің болашағы, ол дағы көп ұранға ұқсамайды.
Есіңді жи, қазағым, сатылмаған қалды нең?
Сату оңай , «айнаға бір қарап ал, алдымен».
Енді «Жерді » саудалап, үкімді өзің кесесің,
Баладайын базарға алып шыққан шешесін.
Анаңды да сатқасын, саған пікір өзгерер,
Жетім елді көзге әсте, ілуші ме еді өзгелер
Қазақ өз жеріне иелік етуі керек. Алақандай жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен бабалар аманатына адал болайық. Тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ еліне, жеріне көз сүзетіндердің қарасы тиылар емес. Жарас Сәрсек те осы мәселені «Көз сүзген » атты өлеңінде жан ашырлықпен толғайды :
Менің туған жерімде төбе – дөңдер көп еді,
Қияғы қылыш секілді, құрағы ырыс секілді.
Бетегесі жусандай, орасан ол да шөп еді,- деп қазақ халқының табиғи сұлулығын мадақтай отырып:
Тіреуі сынды аспанның шілмей төмен қараған,
Жебесі қолдан түскен соң жау жылап кеткен жер еді,
Содан соң бейбіт өмірге маужырап кеткен жер еді.
Есігін түнде ілмеген еркіндеу жатқан елі бар
Өзеуреп келген есерге бейіттер жатқан белі бар.
Автор қырмызы тектес қыздарын да көз сүзгендерге бауырынан үзіп бермеген, жау боп келгеннің жерін – тозақ, жайымен келген жанға – жұмақ екенін дәріптейді. Қазақ елі қашан да меймандостығымен ерекшеленеді. Осы өлеңде: Көңілін берген адамға көктемгі қар боп ерігем,
Көңілім қалған адамға қара тас боп көрінем.
Шіренгенімді көрсең сен – үзеңгі бауым үзілген,
Қуанғанымды көрсең сен – қоралы қойым кеміген
Байқағанымыздай қолы ашық елдің болмысын табиғи түрде мақтана айтады. Сөз соңында:
Көңілшектігім қартайған
Жасарып қазір келемін
Құдайсынбаған, көз сүзген, бола да қоймас дегенің
деп батыл үн қатады. Тәуелсіздік жылдарындағы жазылған жырлар ұлттық сарын, ұлттық идеядан туындайды. Сонымен қатар Атамекенге оралған қандастарымыздың поэзиядағы өрнектері қазақ лирикасын дамытуға да өзіндік үлесін қосты. Жәркен Бөдеш, Кәп Құмарұлы, Зейнел Сүрмелі, Имашхан Байбатырұлы, Мұрат Бұштайұлы, Бақытхан Қазанғапұлы жырлары атамекен аңсаған бауырларымыздың мұң-шері іспетті. Ақын Бауыржан Бабажанұлының «Бесқаладан ағылып көш келеді» атты жырында жан сауғалап Арал, Әму жағасына кеткен қандастарымыздың атамекенге оралған көшінің көрінісі жырланады. Атамекенге оралған қазақтардың сағынышы мен арман-мақсатымен бірге туған жерде қарсы алар кім бар деген алаңдаушы-лығын да жасыра алмайды.
Бұрын Отан ортақ деп көсіліпті,
Туған жердің қадірін кеш ұғыпты.
Қара қалпақ кигені қумаса да,
Ала шапан кигеннің сесі мықты
Ағылып келген көш туған жердің тасын да дос көреді деп жырлаған ақын, жырын «Уа, қарсы алатын кім бар?» деген сұрақпен аяқтайды. Ақын - өзі өмір сүріп отырған қоғамның айнасы яки барометрі. Елдегі келеңсіздікті, қоғамдағы кемшіліктерді ең алдымен ақын көреді, жырлай отырып, қоғам дертіне ем іздейді. Бауыржан Бабажанұлының «Қазақстан» атты жырында елдегі қағазбастылық сыналады. Қазақстан деген елдегі «қазақты алдау» деген ойынды ойнайтын да ұтылатын қазақтар деп шошынады. Ол ойынның ерекшелігін ақын:
Сөзден басқа не әкелер жұртқа бақ,
Мынау-мінбер, сөйлегін.
Өз мүддесін өткізерде тықпалап,
Қазақ үшін дейді Ерім
Ел үшін айтылар сөздің өз пайдасынан туындап, биік мінбердегі сөздердің жалғандықпен айтылар ойынға айналғанын, бұл ойыннан тек қана қазақ қана азап шегетінін ойлаған ақын қоғамнан осы ойынды тоқтатар күшті шошына іздейді. «Ғасыр басындағы көңіл-күй» өлеңіндегі қоғамдағы келеңсіздіктерді сынай отырып, үмітсіздікке бой алдырмайды. Төрін өзгелерге беріп, өзгеге есесі кетіп жүрген қазақтың болашағын алақан жайып тәңірден сұрайды.
Жапырақтар құшар кезде ажалын,
Қабағына мұң ілінер күздің де.
Үш жүз болып тайталасқан қазағым,
Енді тағы бөлінер ме жүз дінге?
«Қазақ айтады»деген өлеңінде де ұлттың күрделі мәселелерін ақын ұлттың монологы ретінде толғайды.
Мен, мен едім, мен едім,
Тауға айналдым төбе едім.
Егеменді ел болдым,
Енді мәңгі жайқалады желегім
... деп едім.
Бірақ, бірақ азат, дархан еліме
Тілім керек болмады,
Ділім керек болмады.
Дәл осылай кете берсе,түбінде,
Менің-дағы болар ма екен керегім?!
Ақын қоғамдағы күрделі жайттарды жырлайды да, шешімін сауал күйінде ұсынады. Бұл да ақынның оқырманды ойландыруға ұмтылысынан туындаса керек. Қазақ айтады деген өлеңінде қазақ өзінің шерін өзі айтады, көнбістігі де қылаң береді, келер күннің қайырлы болатынан күдер үзбей отырып, бірақ қашан боларына да көзі жетпейді.
Түбі қайыр болса,әйтеуір ел үшін,
Неге болса көнемін.
Босағада отырғанмен дәл бүгін,
Төрге бір күн шығарыма сенемін.
Бірақ, қашан?!
Ақын жырларының басым көпшілігі оқиғаға құрылады. Сол оқиғаны айта отырып, өзінің тұжырымын ұсынады. «Қайрақ», «Қазақ» деген өлең-дерінде намыс, ұлттық намыс туралы жырланады.
Ақын Шәмшия Жұбатова «Босаға» атты жырында өз елінде өзгелерді төрге оздырып, босағада қалып қойған халықтың мұңын жырлаған еді. Ақынның арманы төрге озғандарды шығарып салар күнді аңсайды.
Киелі деп босаға қорғаладым,
Менің нәзік жаныма сол ғана мұң.
Құс көпшікті жастанып, күй шертуге
Өз төріме шыға алмай қор боламын.
Қуанамын асауға бұғалық сап,
Асаулыққа толы еді бұлалық шақ.
Тұрсам,шіркін, өзімнің босағамда
Қонақтарды құрметпен шығарып сап
Өлеңді оқығында, еліміздің бар байлығының талан-таражға түсуі, жеріміздің байлығынан шалқып байыған шетелдіктердің қазақ жерінде тайраңдау, «біз кең пейіл халықпыз» деп мақтанатын халықтың босағада қалған тағдыры көз алдыма келеді. Ақын жырындағы өз төрін өзі иеленген кезді сізде аңсайсыз. Ақын Дәурен Берікқажыұлының 2008 жылы «Гүл мен қылыш жырлары» атты жыр жинағында қоғамның бейнесі шынайы көрініс береді. «Намыс» атты жырда қоғамдағы мәңгүрттік, құл мінезден арыла алмай ақша мен атаққа санасы уланған кезеңнің кемшіліктерін сынайды. Кемшіліктерді сынай отырып, бабалардың рухынан кешірім сұрайды.
Ақынның қылыш жырларында алдаспандай өткір ойларды айтуды мақсат еткен. Ақын қоғамның дертін бүкпелемей жайып салады. «Құрдым» атты өлеңде қоғамның құрдымға бет алған көрінісіндегі кемшіліктерін санамалап,қанжардай кескілеп жайып салады. Қоғамдағы ашкөздік дерті, тоғышарлық қанжар жырдың қырына іліккен. Тәуелсіздік жылдарындағы поэзияда ең алдымен тәуелсіздікті қастерлеу басым мәнге ие. Дінді жырлай отырып, Алланы, пайғамбарларды жырлай отырып, имандылық арналарын дамытуда поэзиянының тағылымдық мәні артты. Ата-баба дәстүрін сақтауға, тілді, салт-дәстүрді сақтап, ұлттық рухты асқақтату ұлттық мүдде тұрғысынан жырлануда. Қазақ поэзиясы 1991-2012 жылдар аралығында жаңа есімдермен, жаңа мазмұндармен толықты. Поэзия ұлттық сипат алды, ұрпақты тәрбиелеуде көркем жырлар жазылды. Мектеп бағдарламаларына енгізіліп, қазіргі қазақ жырының көркемдік танымы мен ұлттық сипаты тұрғысынан оқытылса, тәуелсіз елдің ұрпағының рухани дамуына өз үлесін қосары анық.
Билет
1)Реализм ағымы.Реализм латыншаrealis– заттанған деген сөзден пайда болған шығармашылық принцип. Оны негіз етіп алған көркем шығармадағы жағдай тарихи-әлеуметтік сипатта болады, ал оның заңды себептері сапалық және өзін-өзі бағалау, яки ақиқат шындықтың фактілерін типтендіру жолымен ашылады. Ф. Энгельстің сөзімен айтқанда, «детальдардың ақиқаттылығынан басқаларды шынайы суреттеу». Реалистік шығармаларда адам өмірдегі объективті жағдайлармен өзара тығыз байланыста әрекетететін қоғамдық тіршілік иесі ретінде көрінеді. Оны әлеуметтік детерминизм немесе мінездер мен жағдайлардың типтік байланысы дейміз.
Реализм романтизмнен кейін пайда болған, романтизмді теріске шығарушы ағым. Ең алғашқы реалист-суреткерлер А.Пушкин, Стендаль, О. де Бальзак, Ч. Диккенс және басқалар болды. Бірақ олар өздерін реалиспіз деп санаған емес, олар ондай бағыттың бар екенін де білген емес. Ресейде«реализм» деген терминді алғаш пайдаланған әдебиет сыншысы П.В. Анненков еді. Ал атақты орыс сыншылары Белинский, Добролюбов, Писаревтер реализм деген терминді пайдаланбаған, ондай ұғымды тек өзге балама сөздермен түсіндіруге тырысқан. Реализмді көркемдік әдіс ретінде пайымдау кеңес өкіметі орнаған соң 20-30 жылдары ғана айтыла бастады. Батыс Еуропа мен Американың әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдары реализмді шындықты сол қалпында бейнелеу деп пайымдайды, көпшілігі натурализм деп түсінеді.
Жалпы кеңес дәуіріндегі зерттеушілер реализмнің тарихын ерте кезден бастайды. Оған мысал ретінде Н.Буалоның «ақиқаттан ауытқымау, табиғатқа еліктеу» деген сөздерін немесе классицизмге барынша қарсы тұрған, романтик В.Гюгоның«табиғат пен шындық көрінетін тек қана табиғатпен, ақиқатпен және өз шабытыңызбен кеңесіңіз» деген сөздерін келтіреді. Кейбір ғалымдардың тіпті алғашқы қауымдық құрылыс кезінен қалған тастағы жазулардан, антикалық дәуір мүсіндерінен де реалистік сипаттарды іздейтінін жоққа шығара алмаймыз және оны теріске шығаруға да негіз жоқ. Өйткені реализмді әр елде әр түрлі түсіндіреді, әр ғалым өзінше пайымдайды. Көптеген өнертанушылар реализмді көркемдік жүйе ретінде Еуропа әдебиетіндегі қайта өрлеу дәуірімен байланыстырады. Шіркеу уағыздарындағы құлдық санадан тыс адам өмірін жаңаша пайымдау, адамды табиғаттың ең жоғары жаратылысы ретінде тану, оның тұла бойындағы сұлулық пен ақыл парасатты, рухани байлықты суреттеу Ф.Петрарка, Ф.Рабле, М.Сервантес, У.Шекспир шығармаларындажоғары деңгейге көтерілгенін күллі адамзат баласы мойындайды.
Өмір құбылыстарын таңдап алу, оларды бағалау, оларды маңызды етіп типтік сипаттакөрсете алу – мұның бәрі де суреткердің өмірге деген көзқарасына, өз кезегінде дәуірдің тыныс-тіршілігін сезіне алатын дүниетанымына байланысты болып келеді. Объективтілікке ұмтылу суреткерге кейде оның саяси сеніміне қарамастан қоғамдағы күштердің шынайы қалпын суреттеуге негіз болады.
Кеңес дәуіріндереализмді «социалистік реализм», «сыншыл реализм» кейде тіпті«төңкерісшіл реализм» деп те бөліп жататын. Ал оңтүстік америкалықтар «магиялық реализм» деген түрін өмірге әкеледі. Ол ақиқат шындықты мифологиялықүлгіде қабылдауға байланыстытуған болатын.
Реализмнің жетістігініңөзі қарапайым адамды нақты өмірден алып, сол өмірмен тікелей байланыста, қоғамдық ортаменбірлікте көрсетуінде еді. Сол арқылы ол қоғамдық адамды, яки шынайы адам болмысын ашып көрсете алды.
Тек жаңа бағыт қана емес, кез келген талантты суреткер де өнерге бұрынбеймәлім болып келгенжаңалықтарды, адам туралы, оның мінезімен болмысы туралы жаңа идеялар мен тың деректердіенгізіп жатады. Мәселен, ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов өз оқырмандарын несімен қызықтырып, қандай қасиетімен баурап алды? Себебі ол алғаш рет қазаққа өз дәуірін, өз замандасының арман-мүддесін, мақсат-мұратын халықтың өз тілімен шынайы әңгімелеп берді. Бұрын романтикалық сарындағы халықтық жырлар мен шығыстық қисса-дастандарға үйренген адамдар үшін олардың өздері күнделікті өмірде көріп, естіп жүрген адамдар арасындағы шындық оқиғалардың ауызекі тілге жақын проза жанрында баяндалуы олар үшін қызық құбылыс еді. Қара сөзбен өрнектелген кестелі шешен тіл, сюжеттегі шымыр әрекет қозғалыстыңбарынша жүйелі өрбуі, композициядағы тұтастық пен нақтылық аталған жанрдың «сөз патшасы» өлеңнен ешқандай да кем түспейтінін ғана дәлелдеп қойған жоқ, өздерінің таным-түсініктеріндегі ақиқат шындықтың барынша жарқырай көрінуі де оқырманды өзіне баурап, тарта білді. Бұл қазақ сөз өнеріндегі реализмнің артықшылығы еді.
Жалпы реализм, мейлі оны социалистік реализм деп-ақ атайық қазақ әдебиетінің даму деңгейін шырқау биікке көтерген «әдіс» болды. Оны тырнақшаға алып көрсетуіміздің сыры да сол – оның біздің әдебиетімізде көркемдік әдіс ретінде қызмет етуінде. Бұған қарағанда біздің түсінігіміздегі көркемдік әдіс пен батыс еуропалықтар мен америкалықтардың танып білуіндегі реализмнің жер мен көктей айырмашылығы бар сияқты. Бұрынғы күллі әлемді капиталистік және социалистік деп екіге бөлген лагерьлердің өмір сүріп тұрған шағында әрине реализмді «социалистік» деп меншіктеу қарсы тараптың санасында үрей туғызып, одан ауылдарын аулақ салуға мәжбүрледі. Әйтпесе жұмыр жердегі адамдар екі дай бөлініп алып екі түрлі ойлауға, екі басқа қиялдауға, жақсы мен жаманды әрқайсысы өзінше пайымдауға дағдыланды дегенге кім сенеді.