Стүрлі Исламның» қазақ даласындағы тарихи негіздері.

«Дәстүрлі Ислам» ұғымының негізсіз еместігіне дәлел бола алатын екі қайнар көз бар: біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмадыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларымыздың еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары (ауызша шежірелер, мақал-мәтелдер, жыр-аңыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар, ырым-тыйымдар).

Бірінші салаға кеңірек тоқталсақ, қазақ даласында сонау Әбу Насыр Әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі бар. Саналы ғұмырын араб жерінде өткізгенімен, Әл-Фараби – түркі топырағының түлегі, сол топырақта дүниеге келген ілімдердің дамытушысы. Атақты Отырар кітапханасы орнаған өңірде туып – өскен ғалымның барлық рухани және дүниетаным ілімдерінің бастауын туған өлкесінде сусындағаны, негізгі көзқарастарын өз отанында қалыптастырғаны анық. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің , ислам өркениетінің ақыл – ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым. Қасиетті Құран Кәрім тек діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Әбу Наср Әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған — иджтихад (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахид (иджтихадпен шұғылданған адамның өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф — парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Кеңес өкіметі тұсында атеистік идеологиканың ықпалымен әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Әйтсе де оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы деректер сақталған. Ғалым ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салды.

ІХ-ХІІ ғасырларда түркі ой әлеміндегі белгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» еңбегімен белгілі. Оның «Құтты білігінің» дүниетанымдық және құндылықтық бағдары ислам діні және ондағы моралдық, адамгершілік, тәлім-тәрбиелік, өнеге-үлгілік ұстаным, яғни, көркем мінезділік, адамның бітім-болмысын, сыртқы кескін-келбетін және ішкі мәдениетін, рухани жан - дүниесін туралы жазылады.Сонымен қатар мұсылманның отбасындағы және қоғамдық өміріндегі қарым-қатынасы жайында сөз қозғайды. Ислам дінінің құндылық негіздерінің қайнар көзі, бұл – Құран мен Сүннет. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Иман тұрғысынан ең жетілген мұсылман – өнегесі жақсы мұсылман» деген.Сол сияқты исламның құндылықтарын: діндарлық, тақуалық, имандылық, сабырлылық, рақымшылдық, ақыл-парасаттылық, әділеттілік, бостандық, ғылым-білім, достық, бауырмалдық, адалдық, аманат, ар-ұят, қарапайымдылық, тазалық, өзара құрмет және т.б. дәріптейді. Дастанның басты мұраттарының бірі: құтты қоғам құру, əлеуметті түзіп, «кедейді — орташаға, орташаны — байға» жеткізу, елдің əл-ауқатын өсіріп, іргесін нығайту.Сонымен қатар дастандағы бүгінгі күнге дейін жеткен қанатты сөздерге тоқталып кетсек:

1) халық мақалдары: «Шайтан ісі — абдыраған, асыққан, Асық-қан іс ығын бермей жасытқан» , «Асыққан — шайтанның ісі» . «Кісі сүйсе айыбы асыл көрінер, Сүймесе егер, асылы айып көрінер» — «Сүйгеніңнің шұнақтығы байқалмас»

2) өсиет сөздер: «Ұлық болсаң, кішік бол». «Ақыл көркі — тіл, тілдің көркі — сөз, Адам көркі — жүз, жүздің көркі — көз».

3) ой-толғамдар: «Өзіңнен де зорлар сөзін қозғаса, Құлағың сал, сөйлеп əуре болма аса», «Аузы қисық болса да, байдыңұлы сөйлесін»; «Күштілерім сөз атса, бас изеймін шыбындап» (Абай);

4) Халықтың наным-сеніміне, ырым-нанымына, салт-дəстүрі мен əдеп-

танымының көрінісіне айналған; тұрмыс, этика шарттарына сіңген ұлағат,

өсиет сөздер: «Қол созба асқа, тұрған кісі алдында, Ал, ей, зерек, қойған

асты алдыңа» , «Оң қолмен ал қойған асты алдыңа» , «Əйелдердей

түсіп кетпе қызығып, əйелдердей жəне қалма сызылып».

Келесі ойшыл, Түркістандық ғалым Қожа Ахмет Яссауи«Диуани хикмет » деген шығармасында сопылықты жыр еткен. Ол «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт сатыдан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «тариқат» – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады.Үшіншісі, «мағрифат» негізінен дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл сатыда негізгі талап – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «хақиқат» – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары сатысы.Шығармада әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш бар деуге болады.Әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық ойшыл қаламгерлер туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан көзқарастарға йе екендігі аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін екі қағида құрады деуге болады: біріншісі – ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау; екіншісі – ислам шариғатына құрметпен қарай отырып , ары қарай дамыту.

Осындай орныққан көзқарастар қазақ жыраулар поэзиясы арқылы ΧΙΧ ғасырдағы ірі ақындық мектепке жалғасты. Сол ақындық мектептің көрнекті өкілі ұлы ақын Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қара сөздері» де қазақ топырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заңды жалғасы болып табылады.Ұлы ағартушының отыз алтыншы қара сөзіне тоқталып кетсек: Пайғамбарымыз хадис шарифінде айтыпты: «кімнің ұяты жоқ болса,оның иманы да жоқ» деген.Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар:«Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Қорыта айтқанда ұят дегеніміз иманның бір мүшесі болып табылады.Олар бір-бірімен тығыз байланысты. Ұяты жоқ адамның иманы бар деп айту өте қиын.Басқа да қара сөздерінде дін мәселелері жайында сөз қозғайды:Мысалы, он үшінші қарасөзінде иман мен ғибадат, жиырма жетінші қара сөзінде құлшылық, хикмет, ақыл жайында, жиырма сегізінші қара сөзінде тағдыр, иман, ақыл, ғибадат, отыз төртінші қарасөзінде ақырет, иман, дүниелік өмір, қырық үшінші қарасөзінде жан мен тән, ақыл, талап, қуат, қырық бесінші қарасөзінде Аллаһ Тағаланың барлығына дәлел, әділет, махаббат туралы баяндайды. Ислам діні ғылым-білімге өте көп мән берген. Бәрімізге мәлім болғандай Аллаһ Тағала мұсылмандарға ең бірінші үйреткен әмірі «оқы». Сондықтан да Ислам діні ілім мен ғылымдарға үлкен құрмет көрсеткен. Ислам мұсылман ер кісі мен әйел кісілердің бәріне ілім алуды парыз еткен. Сондай-ақ, қайда болмасын, қай жерде жүрмесін, яғни тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алып, ізденулерін бұйырды.

Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты»,Ахмет Йүгнеки «Ақиқат Сыйы», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Ғұмар Қараштың туындылары дәстүрлі қазақы мұсылмандық қағидалары негізінде дүниеге келген.

Келесі кезекте қазақ халқының ағартушысы Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» атты еңбегіне тоқталсақ,ол адамгершілік тәрбиесін басты назарға ала отырып,иман мәселесін, мұсылмандардың бес парызы туралы және олардың орындалуын,харам мен халал туралы, тиісті-тиіссіз мінездер турасында, құрбан шалу дұғалары,шариғат заңдарын, құран мәтіндері жөнінде және жастарды тура жолға салу мәселелелері жазылған.

Ал Шәкәрім Құдайбергенұлының «Мұсылмандық шарт» атты еңбегіне тоқталсақ, онда иман мағынасы, Алланың барлығы мен бірлігін, оның сипаттарын ақылмен тану, періштелер мен пайғамбарларын, түсірілген кітаптарын, қиямет күніне, жақсылық пен жамандық Алладан екендігіне нану, ажал туралы, тәуба мен күнә туралы, масиқ тарту, намаздың оқылу тәртібі, түрлері, қаза болған намазлар жайында, жаназа намазы, өлік жайы, ораза жайлы, зекет жайлы, хаж туралы, құрбан жайлы, неке туралы, талақ турасында, ғадат күту туралы, ата-ана хақы, сауда туралы, қарыз беру, аманат туралы жазылады.

Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанының мазмұнынан айқындалатын мынадай құндылықтар жүйесі бар. Біріншіден, Алла тағала – абсолютті құндылық. «Өліні тірі, тіріні өлі етеді». Бүкіл құдіреттің иесі ұлы бір Құдай. Екіншіден, бақыт жолы тек білім арқылы танылады, сол арқылы жоғары көтеріліліп ғалым болуды үндейді. Үшіншіден, дүние соңында қанша жүгіруге болады? Байлық пен кедейлік тек Алланың ісі. «Күллі қатенің басы – дүниеқұмарлық». Төртіншіден, жомарттық пен сабырлыққа ұмтылу. «Алла сабырлылықты сүйеді, өйткені әр қасіреттің соңы қуаныш». «Жақсылықты үміт етсең, сабыр ет». Бесіншіден, қулық-сұмдық, сұмырайлық, жауыздық, арамдық пен қаныпезерлікті біріктіретін залымдықтан сақтану. Ғалымның еңбек етуінен, оқымыстының би билеп, ән шырқауынан, тақуаның сиынуды қойғанынан қорықты. Бейбастықтарды тыятын адамдардың қалмағанын, олардың көбейгенін қынжыла айтты.Сонымен қатар адам баласын тәрбиелеуде таптырмайтын туныдылардың бірі. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне көп мән берген. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бар. Осы мақал отбасындағы әке мен шешенің орнын айқындап тұрғандай. Бұл дастанында тәрбие - отбасы, мектеп, этика, мораль, қоршаған ортада қалыптасқан адамның қоғамдық және жеке өмірде байқалатын тәртіп пен мінез-құлық, ғылым мен білім дағдысы туралы айтылады

Бұл орайда туындының бүгінгі қоғамдағы ислам дінінің құндылығын жас ұрпақ бойына сіңіруге септігі мол.

«Уа, Жаратушы, сені шексіз дҽріптеймін.

Алдымен сенің мейірім-шапағатыңнан үміт етемін.

Саған лайық мақтау айтуға тілім жете ме?

Шамам келгенше аянбаймын, маған жәрдем бер!» [1]

Жаратушыға шамасы келгенше мадақ айтып, пенде жақсылықтан тыс қалмайды дегенді меңзейді. Жаратушыға құрмет көрсете алған адам баласы адамзатты құрметтеуді үйренетіні шындық. Жаратушыны сүйіп, адамзатты құрметтеуді адам баласы дүние есігін ашқан күннен бастап үйрену қажет. Әр ана баласы бойына біткеннен күнен бастап, оған деген махаббаты оянса, ол бала болашақта мейірімді, қайырымды азамат болары анық.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының дүниетанымының қайнар көзі Құран-кәрім, хадис, шариат. Оның діни философиясында Алла, Hәnci, инсани-қамил, ақиқат, фана, о дүние, жұмақ, тозақ, күнә, пенде, nepіште, ғашықтық, махаббат, әулие, шариат, сопылық т.б. ұғымдар негізгі өзекті құрайды.

Мәшһүрдің дүниенің жаратылуы, ғарыш, ислам және жер денелері, адам қалай жаратылғаны туралы ойларын «Жер мен Көк» (1894) қисасында былай баяндаған:

Екі күн-жер, екі күн-көк жаратты,

Төрт күнде бір-біріне жұп жаратты.

Бір сағатта қылуға құдыреті бар,

«Пендеме ғибрат болсын!» - деп жаратты.

Мәшһүр Жүсіп дуниені жаратушы, Алла тағаланың жаратылысты жұптық негізінде көрсетеді. Ұлы Абай айтқандай: «Махаббатпен жаратқан адамзатты» Мәшһүр де дастанында ерекше сүйіспеншілігімен жазған еді. Қарапайым тілмен ақын iшкi дүниесін жеткізе білген. Діни еңбектерінде ислам қағидаларына, борыш - парыздарына жан-жақты түсінік береді. Ойшылдың «Жарты нан» өлеңінде:

Айтатын құран сөзін молда қайда?

Дүние үшін ойлағаны амал,хайла.

Айтайын бұрынғының нақыл сөзін

Қайырдан аз да болса көрген пайда.

Дүние өтер бәйге атындай желіп шауып,

Шөп шығар тақыр жерге жаңбыр жауып...

Ақын бұл өлеңінде, молдаларды сынап, адамдарды адалдыққа, жаман істерден аулақ болуға және де тура жолға шақырады.«Ібіліс шайтан қиқайсы» дастанында Ібілістің дүниеге келуі, періштелер ханы болып сайлануы, адам баласына басын имегендіктен шайтан атанып, адамды дұрыс жолдан азғыратын, нәпсісін өзіне қаратушы шайтан жолына түскен Ібілістің өмipi туралы баяндалады. Дастанда шайтан іс-әрекетімен адамды жаман жолға итермілейді.

Жараттың жақсы-жаман екі айыр жол,
Адамның бip жағы-оң, бip жағы -сол!
Адаспай жақсы жолдан жүрер түзу,
Кімде-кім болып жүрсе өзіңе құл!

Құдай жолына, немесе нәпсі, шайтан жолына түсуін Адам баласы өзі таңдайды. Жақсылық пен жамандық, мейрімділік пен қатыгездік, қайырымдылықпен пен зұлымдық тәрізді қарама-қарсылықтардың бірін таңдауына байланысты адамның дүниедегі өмірінің рухани тазалығы мен байлығын анықтамақ.

Ғұмар Қараштің айтуынша, алла бұл дүниені себепті қылып жаратты. Әр нәрсенің пайда болуына бір себеп болады. Мысалы:«Маңдай теріңді шығарып еңбек етпей, нәтиже көре алмайсың». Адамдар алла жолымен жүрмесе,бес парызды орындамаса, өнер-ғылым үйренбесе, еңбек етпесе аллаға иман келтіру, бой ұсыну болып табылмайды.

Сүлеймен Бақырғани шығармаларының басты тақырыптары сопылық ағым қағидалары, Аллаға деген сүйіспеншілік, оны мадақтау, Аллаға құлшылық етуге, исламның шарттарын мүлтіксіз орындауға шақыру Ақын ең әуелі еңбек тәрбиесін өлең өрнектерінің өнегелі өзегі етіп, еңбек ету үшін әрбір адам ерте тұру керек дейді:

«Таңсәріде тұрғандар

Қиындықпен күресе алар,

Алладан үлес алар.

Еріншектер жатып алар:

Ел ризылығынан қапы қалар»,–

жолдар арқылы «Таңсәріден тұрмай ісің бітпейді», «Таңсәріден тұруды әдет қыл», – дейді. Халқымыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген қанатты сөздері бар.Ақынның насихат өлеңдері арқылы оқырмандарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді. Шын ғашықтықтың қадір-қасиетін жырлап, бақытқа жетудің бір жолы білім алу екенін уағыздайды. Ақынның метикалық аңыздарға сәйкес жазылған оқиғалы өлеңдері өсиетті өнегесімен барша адамды жақсылыққа, қайырымдылыққа шақырады

Кеңестік кезеңде өмір сүрген ірі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани өзінің дін еңбектеріне қазақ жерінде жазылған «Файзул Арифин » туындысын негіз еткен. Оның «Дін педагокикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Махмуд Шалтут тафсірінің аудармасы» атты еңбектері өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшінде аса маңызды. С. Ғылмани өз еңбектерінде діншілдік мәселесін ең әуелі білім-ғылымнан бастау керектігін түйіндейді діншілдіктің басты негіздерінің бірі ретінде білім үйрену, ғылымға ден қою керектігін дәріптеп:

Біреу айтса көк пен жердің білімін,

Затын, орнын, үлкен, кіші көлемін.

Білмегеннен дұшпан болып шатастық,

Аңдай алмай ондай ғылым тереңін- деп білім білмеген адам «ғылым тереңінің дұшпаны» екенін айтады.

. С. Ғылмани мұсылман адам діншіл болуы үшін әділ болмағы ләзім екенін өзінің өлеңдерінде поэзия тілімен былайша өрнектейді.
Сондықта бірлік керек, әділ керек,

Ортақтасқан пайда мен зиян керек.

Түпкілікті ұнамды іс өте қажет,

Сол жолмен өз-өзіңді ұстау керек.

Өлең жолдарында да айшықты тілмен «шын адам» болу үшін «адалдық пен әділдіктің жолында болу» керектігін насихаттап, соған үндейді. «Шын адам» дегені – шын мұсылман, шынайы адамдық қасиеті бар адам деген.

Қазіргі кезге дейін елімізде Ислам діні дәстүр ретінде ұстанылады. Дегенмен де бұл үдерістің өзіндік тарихи-мәдени алғышарттары бар. Осылай деп тұжырымдауға төмендегідей ақпараттар дәлел бола алады. VII ғасырдан тарала бастаған Ислам, Х ғасырдың соңында қазақ жерінде құрылған мемлекеттердің ресми діні деңгейіне дейін көтеріле алды. Исламның Әбу Ханифа мәзһабының дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен қоса жергілікті халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азияның халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз және Ислам қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Ханафидегі еркін ойшылдық ұлы даладан әлемге «Екінші ұстаз» атанған әл-Фарабиді, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Яссауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Олардың еңбектері орта ғасырдағы Орта Азиялық ренессанс кезеңінің мәдени өміріне зор үлес қосты. Әсіресе, Орта Шығыс ғұламалары: Ибн-Сина, Бируни, Хорезми, Омар Хайям, Хафиз сияқты ғұламалардың ой-пікірлеріне ғана емес, сонымен бірге Еуропа ғылымына да зор ықпал етті. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдарымыз, сал-серілеріміз дін философиясын, құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрі мен сөлін қарапайым халыққа ұғынықты түрде жыр-шумақ пен күй-терме түрінде жеткізіп отырды. Ұлы даладан шыққан рухани тұлғалар мен ұстаздардың діни танымы кең болды, олар діннің қыр-сырын меңгеруде Ислам әлемінің көптеген рухани-мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. Білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Қазақтың ұлы реформатор-хандары жүйелеген қазақ қоғамының моральдық нормаларын, азаматтық құқықтарын реттеуге арналған «Жеті Жарғы» секілді заңдарымыз шариғаттың негізінде дайындалып, бүгінде ата заңымыздың діңгегі болып табылады. Қазіргі кезде тарихшыларымыз «Ислам – ата-бабамыздың тарихи таңдауы болды» дегенді көп айтады. Бұл дұрыс та шығар. Себебі біз тарихымызды зерделей отырып, Исламның қазақ ұлттық болмысы мен мемлекетінің қалыптасуына, мәдениеті, әдебиеті, өнеріне, жалпы дүниетанымына қосқан зор үлесін көре аламыз. Осындай дүниетанымдық, құндылықтық, құқықтық және т.б. тарихи рөл атқарған дәстүрлі ислам дініне қазіргі таңда «қайта жандануда» деген баға берілуде. Баршаға мәлім, 1990 жылы Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) құрылды. Бұл қадам әлсіреген діни байланысты қайта жаңғырту болды. Алғашқы кезеңнен бастап елімізде осы арна арқылы басқа конфессияларға толерантты көзқарас танытатын, олардың құндылықтарын мойындайтын, ғылымның дамуын, техникалық прогресті қолдайтын Исламның дәстүрлі бағыты таралуда. ҚМДБ республика ішіндегі және ТМД шеңберіндегі діни конфессиялармен тату қарым-қатынас орнатып, рухани-ағартушылық жұмыстарына баса мән береді. Ислам діні ең алғаш оңтүстік өңірлер арқылы таралғанын ескерсек, мұндай басымдылық көрсеткіші сақталған сияқты. Өйткені қазірде Оңтүстік өңірде жақсы таралған. Қазақстан үшін дәстүрлі сүнниттік Исламның ханафи мәзһабының ұстанымдарын насихаттауда консервативті, яғни теологиялық тәсілдерден бұрын Исламның халықтың тарихи өткен кезеңі мен ұлттық салт-дәстүрлерімен сабақтастық, отансүйгіштік пен ұлттық қауіпсіздік қағидаларына құрмет идеяларын үйлестіре насихаттау аса маңызды. Ең бастысы, Исламның тарихын, жүріп өткен жолын, осы жолдағы ата-бабаларымыздың Ислам өркениетіне қосқан үлесін кеңінен насихаттауды бір сәтке де тоқтатпауымыз қажет.

Екінші салаға келсек, бабаларымыз исламды географиясына, салт-дәстүріне, менталитетіне байланысты дәстүрлі деп түсінді.«Дәстүрлі Ислам діні» деген тіркеске қайта оралып, Ислам діні тарихына бір сәт назар салайықшы. Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Бүгін діндеріңді толықтырдым және нығметімді тәмамдадым. Сондай-ақ, сендерге Ислам дінін қоштап ұнаттым», – деп айтқан.
Алғашқы кезеңде Ислам тек қана Араб түбегінде таралғаны белгілі. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) дүниеден өткен соң, Құранның әрбір аятының қашан, қайда, неге байланысты түсуі себептерін және хадисті жақсы білетін ұлық сахабалар Құран мен хадиске сүйене отырып, ижтиһат қылып, діннің таралуына зор үлестерін қосқан. Осылайша, Ислам діні кең қанат жайып, көптеген ұлттар мен ұлыстар дінді қабылдап, сахабалар әдет-ғұрып, жер-су жағдайларына байланысты туындаған сан алуан мәселелерге нақты шешім шығарып үкімін беріп отырған. Діннің қағидалары, яғни шариғат жақсы істерге әркез рұқсат етеді, тек құраннан, хадистен тыйым салынбаса болғаны. Әйтпесе, харам болып есептелінеді. Сондықтан, ислам – кез келген халытың әдет-ғұрпына қысым жасамайтын, барлық уақытқа, кезеңге арналған сондай ауқымы кең дін. Жаңа айтқанымдай, белгілі әдеп-ғұрпы шариғат негіздеріне қайшы келмесе, оны қолдануға дін рұқсат береді. Мысалы, қазақ халқында жеті атаға жетпей қыз беріп, қыз алмау дәстүрі бар. Тектілікті осылай сақтау исламға дейін болған дәстүр. Өйткені, қанның араласпауын сақтаған жөн, қан жақындығынан болатын аурулардың алдын алған дұрыс. Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Қалыңдығың алыстан болса, әсілі, туыстық болмаса (қанның сақталуына жақсы) қайырлы» дейді. Демек, жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алмау исламға қайшы келмейді. Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сол сияқты жеті шелпек жасап садақа ретінде тарату, үлкенді құрмет қылып төрге шығару, келіннің құрмет ретінде ата-енесіне иіліп сәлем салуы ислам қағидаларына қайшы келмейді. Айта берсек, қазақ халқында салт-жоралар өте көп.Олар:«Қалың мал»деген дәстүр бар. Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі.

Атау ас- адамның өлер алдындағы ішетін ең соңғы тамағы, иманын айтып, дұға салып беретін сусын, ас.

Отқа май құю – ырым-салт: Қыз әкесі үйінің оң жақ іргесіне күйеуге арнап қымбат матадан тігілген төсек салып, шымылдық құрып қояды. Күйеу табалдырықтан аттап кіргенде үш рет тәжім етеді. Табада тұрған шоққа қолына ұстатқан темір ожаудан майды құяды. Бір кемпір сұқ қолын әуелі шоққа қарсылап, одан өзінің маңдайына, кеудесіне сұқ қолын басады. Бұдан соң күйеуді төсекке отырғызады

Құрбан айт – (діни). Ораза өткен соң, жетпіс күннен кейін болатын мұсылмандардың діни мейрамы

Дербішана– жаңбыр жаумай, құрғақшылық болып бара жатса, құдайдан жаңбыр тілеп, бүкіл ел болып, дайындайтын ас.

Соқыт (шелпек) – құдайы тағам. Оны не жаман түс көргенде, не бала болмағанда, не біреу қатты ауырып қалса істейді. Бұрын оған ер адамдар ғана қатысатын, қазір егде және орта жастағы әйелдер де қатысады, және де арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, намаз оқитын адамдар ғана қатысады. Соқытты адамдар санына қарай да пісіреді.

Шек беру – Қазаққа ислам діні арқылы кірген мейрамның бірі – Шек беру, Бұл екі айттың алдындағы күні өткізіледі. Ондай үйлер сол күні бір малын сойып, көрші-қолаңды шақырады. Өлген ата-бабаларына құран оқытып, иісі мұсылман атаулыға бата бағыштайды

Қырқын беру - өлген адамның қайтыс болғанына қырық күн толуына байланысты берілетін құдайы ас.

Ас беру – өлген адамды еске түсіріп, құрметтеу салты

Келесі кезекте Қазақ халқының Ырым-тыйымдарына тоқталып кетсек:

Қыз өкпелегіш болса – ырысы кем болады.

Жеңілтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.

Қыз баланың бір тал түскен шашын кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады.

Ана баланы дәретсіз емізбейді.

Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.

Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді.

Қыз бала түнде шашын жаймайды.

Тілдің ұшын жесе – сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған.

Сыңар аяқ киім киген баланың әйелі ұры болады.

Аяқ киімді оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан шешеді.

Қонаққа келген сәбиге көгендік береді немесе киім алып береді.

Шалбарды отырып, оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.

Аяқкиімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Олай жасаса, адамның жолы болмайды.

Баскиімді кез келген жерге тастамайды, аяққа баспайды, астыға басып отырмайды, аяққа кимейді. Олай жасаса, бастан бақ таяды, бас ауруына тап болады.

Ер адам әйелдің киімін кимейді, жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектігінен айрылады.

Бөтен адамға бас киімін бермейді. Олай жасаса, адам басы кемиді. Бас киімін сыйлауға да болмайды.

Ұрпақтан – ұрпаққа, ата-бабаларымыздан келе жатқан бұл ырым-тыйымдарды қазіргі уақытқа дейін күнделікті өмірде қолданып келеміз және де алдағы уақытта қолдана береміз деп ойлаймын.

Ал енді шежірелерге келсек, ауызша тарихи шежірелер мен аңыздар күні бүгінге дейін ғылыми тарих ретінде мойындалмай келеді. Дегенмен тарихтың тарихнамадан бұрын басталатыны баршамызға мәлім. Жер бетінде қай ұлтты немесе қай халықты алып қарамасақ та, олардың кез-келгені - тарихи дамудың туындысы. Зерттеліп жазылған тарихи кітабы жоқ болуы мүмкін, бірақ тарихсыз халықтың болуы мүмкін емес. «Тарихнама ең алғашында ауызша тарихи-шежіре, аңыз түрінде басталып, жазба тарих кейін келе, жарыққа шығып, кемелденіп отырған. Тарих ғылымында шежірелік деректерге қосалқы немесе жанама дерек көзі ретінде қарау үрдісі қалыптасқан. Басым көпшілігінде генеалогияға «ру-тайпалардың пайда болу, қалыптасу тарихын білдіретін және ата-текті түсіндіре тарататын тарих ғылымының бір саласы» деген академиялық анықтама беріледі. Кейде тіпті шежірені «отбасы тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін тетік» деп те қарастырады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады.

Ауыз әдебиеті әңгіменің бір саласы – аңыз. Аңыз негізінде әңгіме, кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін.Аңыз белгілі бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен қиял-ғажайып оқиға аралас келіп отыруы мүмкін. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі екеуінің арасы жақын. Негізгі айырмасы – аңыз әңгіме көбінесе тарихта болған адамның басына құралады. Әуелде тарихта шын болған, кейін сондай адам болған деп, ел аузында айтылады.Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде тууының, негізгі себебі, сол адамның өз басына істеген, ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр, не ел басшысы, шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін.Олар әңгіме, жырларды біреуден жаттап алып, кейінгі ұрпаққа қалдырады.

Аңыз әңгімелерге қияли жағы көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт ата, Алдар көсе т.б. – бәрі де шындықтағыдай, жай адамдар ретінде суреттеледі. Қазақ аңыз әңгімелерінде қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Енді қазақ халқының мақал-мәтелдері, нақыл сөздері туралы айта кетейік:

Сатқан менен, Сатпаймын дінімді мен.

Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем.

Алла деген жүрегім жұдырықтай,

Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.

(Мұқағали Мақатаев).

Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты.

Шыншылдық адалдықпен ағалас.Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен.

Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді.

Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады.

Бейқамдық сәтсіздікке бастайды.

Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек.

Мінез – жанның айнасы.

Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты.

Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.

Сұлу саз жан сергітеді.

(Әл-Фараби).

Дәстүрлі ислам насихатын күшейтудегі маңызды тетіктердің бірі – стратегиялық зерттеулерді жүзеге асыру. Мұндай зерттеулердің бір бөлігі ретроспективті сипатта жүргізілуі тиіс. Бұл сөз жоғарыда атап көрсеткен мәселерден туындайды.Яғни,қазақы болмысқа тән бірегей рухани ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері мен халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтарын танытатын ауызекі шығармашылық мұралары дінтану зерттеулер негізіне айналуға тиіс. Бұған дейін аталған мұралар көбіне тарихи, филологиялық, мәдениеттанулық, философиялық зерттеулер нысаны ретінде қарастырылады. Теологиялық және дінтанулық тұрғыдан біршама талданғанымен, бұл мұралар қазақы дәстүрлі ислам қағидалары тұрғысынан мүлде дерлік зерттелген жоқ.ендігі кезекте осы бағыттағы зерттеулерді жолға қойып, рухани – діни мұраларымызды толық игеруге «дәстүрлі ислам» түсінігін ғылыми тұрғыдан орнықтыруға күш салу керек.

Дәстүрлі исламды дамытудағы екінші бір бағыт баспа жұмыстарымен байланысты болмақ. Жоғарыда аталған Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласұғын, Қожа Ахмет Яссауи,Ахмет Йүгінеки,Махмұд Қашқари, Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген діндар ақындар мен тарихшы ғалымдар еңбектерін, Шағатай кезеңіндегі төл тарихымызды, танымызды аудару және жариялау жұмыстарын жүзеге асыру қажет.

Діни мазмұндағы еңбектерді қайта жариялау барысында әдеби шығармаларға да назар аударған жөн. Қазақ ақын-жазушылары дін тақырыбын үнемі назарда ұстап, діни-этикалық ойларын, ислам діні жөніндегі негізгі таным –түсініктерін әдеби туындылар арқылы жеткізіп отырған. Ұлтымыздың ағартушы –ұстаздары ретінде танылған ΧΙΧ-ΧΧ ғасырлардағы қазақ қаламгерлері шығармашылығын қайта қарап, олардың дін мәселелеріне арналған таңдаулы әдеби туындыларын іріктеп, екі томдық ретінде құрастырып шығаруға толық негіз бар. Сондай-ақ, халқымыздың ислами түсініктерінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған ислам ғұламаларының, соның ішінде ханафи мазхабындағы дін ғалымдарының, орта ғасырлық және заманауи дін қайраткерлерінің еңбектерін аудару, жариялау және қайта жариялау мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды.

Жалпы алғанда, дәстүрлі исламды халқымыздың дүниетанымында ежелден негізі қаланған, ғасырлар бойы қолданыста болған, заманалар сынынан сүрінбей өткен рухани қағидалар мен ілімдер негізінде танимыз. Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар және екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Олай болатыны, ата-бабамыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының қайнар көзі – ислам. Әсіресе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің сүннеті мен хадистері әдет-ғұрып ретінде қалыптасып, халқымыздың мәдениеті төрінен орын алды. Ата-бабамыздан мұра болып жеткен бұл дәстүрлер мен ғұрыптардың көбі ислами қайнардан алынғанын айтып кету де артық болмас. Сан ғасырлардан бері кең байтақ даламызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, бір Құдайға сыйынып, дінім Ислам, кітабым Құран деп, дін істерінде жетекші Имам Ағзам көрсеткен бағытты ұстанып, қарапайым да тыныш, ынтымақ пен бірлікте өмір сүргеніне тарих куә. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған дәстүрлі Ислам, яғни Әбу Ханифаның және оның шәкірттерінің Ислам дінін түсіндірудегі көрсеткен сара жолы сан этностардан құралған халқымызға тиімді де ыңғайлы болып, ұлтымыздың өзіне тән табиғаты және тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысып, қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келеді.

«Дәстүрлі ислам» түсінігінің аясында ұлтымыздың біртұтас рухани тәжірибесі толығымен қамтылады деп білген жөн. Қазақ халқымыздың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен біте қайнасқан имам Ағзам мәзһабын негізге ала отырып, рухани сауаты жоғары, білімді жастарымызды көбейту үшін ұлттық рухымыздың тірегі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіп Баласағұн, Ыбырай Алтынсарин сынды ғұламалардың жазған еңбектерін кеңінен пайдалануымыз керек. Осылайша, жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тура жол көрсетіп, ел тізгінін қолына алар жастарымыздың көздері ашық, көкірегі ояу болуын қамтамасыз ете аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әл-Фараби. Философиялық трактаттар, Алматы, 1973.

2 Мырзахметұлы М. Абай жҽне Шығыс. –А.: Қазақстан, 1994. –208 б.

3. Әдеби жәдігерлер. Жиырма томдық. Т.6.; Қожа Ахмет Иассауи. Даналық кітабы.Ахмет Йүгнеки. Ақиқат сыйы/ құраст.:А.Әлібекұлы, С.Дәуітұлы, Б.Сағындықұлы. –А.: Таймас, 2008. – 488 б.

4.Көпеев М.Ж. Тандамалы. Екі томдық. 1-т. - Алматы: Ғылым, 1990.-273 б. 5.Діни сенім, бостандығы және діни бірлестіктер туралы; Қазақстан
Республикасының Заңы. Алматы. Қазақстан-2030.

6. Тәжікова К.Х. Ислам: дүние таным, саясат. Алматы «Қазақстан» 1989

7. Ислам. Энциклопедия. Бас редактор Р. Нұрғалиев—Алматы. «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2000ж

8. Мұхамед пайғамбар, өмірі мен қызметі - Алматы, «жазушы» 1991

9.Тираспольская И.В. Генеалогия // СИЭ. – М.,1963 г.

10.«Ислам және өркениет » Қазақ мұсылмандарының танымдық газеті.

11.Өлең үзінділері алынды: Ғылмани С. Шығармалары. – Алматы, 2010 ж

12.Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарт»,Жүсіп.Б «Құтты білік».

Наши рекомендации