Бүгінгі ілиястану мәселелері
Ұлы ақын, жазушы, драматург, аудармашы, фольклорист, публицист, Жетісу тарихын зерттеуші, ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіров шығармашылығының зерттелуінің алғашқы кезеңі 1928-1938 жылдар аралығын қамтиды. Екінші кезеңі 1957 жылдан бері жазылып жатқан зерттеулер мен монографиялар, мақалалар және қазақ әдебиетінің ғылыми-теориялық мәселелерінде кездесетін Ілиястың шығармашылығына қатысты ой - пікірлер, талдаулар.
1928-1938 жылдар аралығында Ілияс шығармашылығы жайында 70-тен аса сын мақалалар жарияланған. Бұларды біз ілиястанудың алғашқы адымдары деп білеміз. Негізінде, Ілияс жайлы алғашқы сын-мақалалар «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Социалды Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында және кейбір облыстық газеттерде жарық көрген.
Ақынның 1920-28 жылдары газет-журналдарда басылған өлеңдерінің таңдамалары және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері мен аудармалары енген «Сағанақ» жинағына (Қызылорда, 1928ж.) жазған Сәбит Мұқановтың алғы сөзі - Ілияс шығармашылығы жайындағы алғашқы сын.
1929 жылы Қызылордада сыншы Ғаббас Тоғжановтың «Әдебиет және сын мәселелері» деген көлемді зерттеу кітабы шықты. Ғаббас Тоғжанов бұл еңбегінде жиырмасыншы жылдан бергі қазақ әдебиетіндегі табыстарды қорытындылап, жеке ақын-жазушылардың шығармашылығына талдау жасаған. Ол: «Ілиястың 1926 жылға дейін жазып келген өлең, әңгімелерінің көбінде халықшылдық, ұсақ байшылдық, ұлтшылдық әсерін табасың»,- деп, 1926 жылға дейінгі шығармашылығына ұлтшылдық айдарын тағады. «Майдан» өлеңінде ұлтшылдықтың, «Ауылдың алды», «Көктемде», «Әнші» өлеңдерінде идеялшылдық, халықшылдықтың әсері бар»,- дейді. «Қосаяқ», «Толғау» атты өлеңдерін идеялық жағынан жат шығармалар етіп көрсетеді. Біздіңше, бұл өлеңдер - идеялық, көркемдік дәрежесі жоғары, поэзияға түр, мазмұн жағынан жаңалық әкелген, сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселелер төңірегінде келелі пікір қозғаған шығармалар.
Жақан Сыздықұлы «Еңбекшi қазақ» газетiнің 1929 жылдың 24 сәуiрдегі санында шыққан «Ақын-жазушыларымыз туралы» атты мақаласында: «Бейiмбет, Сәкен, Сәбит, Iлиястар бiрсыпырадан қаламын қолға алып, жазып келедi. Ғабит, Асқар қаламын қолға алғалы едәуiр болып қалды. Бұлардың бiр де бiрiне әлi тиiскенiмiз жоқ, сынағамыз жоқ, тәрбиелегемiз жоқ. Бар болғаны сөз арасында ғана айтылып жүр. Керегi келген жерде мысалға алынып жүр»,-деп, әдеби сынға көңілі толмай жүргендігін жазады.
С.Мұқанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1930 жылғы 22 сәуірдегі санында жарияланған он бес беттік мақаласының «Жансүгіровпен жігіміз» деген тарауында Ілиясқа «қожановшыл ақын» деген айып тағады. Дегенмен, ол сол жылдары жазған сын, зерттеу мақалаларында Ілиястың, әсіресе, түр жағынан ізденулеріне ризашылығын білдіреді. Ә. Тәжiбаев «Ілияс жолдас туралы жазу, өткен күндегі беттерін жұртқа көрсесту, қазіргі қателіктерін әл келгенше айту – кәмунистік міндет»,-деп мақаласын бастайды да, оның өлеңдерінен байшылдық, ұлтшылдық іздейді. Ілиястың «Ызалы қиял», «Ақынға», «Көк өгіз» өлеңдерін талдап, оны «жолбике» ақындардың қатарына қосады. «Ғаббас Тоғжанов «Әдебиет және сын мәселелері» деген кітабында Ілиясты «жолбикелердің» қатарына қосу керек еді, Ілиястың өткен өткелектерін оқушыларға тізіп бергенде тарихқа да қиянат қылмаған болар еді»,-дей келіп, С. Мұқановтың «Сағанаққа» жазған алғы сөзіндегі Ілияс жайлы сынды қолдайтындығын айтады.
Сол кезде сынға көп ұшыраған «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір» сияқты өлеңдері ақынның кей шақтардағы көңіл күйіне және кейбір асыра сілтеушіліктің жеке фактілеріне байланысты туған. Әрине, ақын шығармаларының қай-қайсысын алсақ та уақыт тынысы, заман лебі есіп тұрады. Уақыт тынысы дейтініміз заман ағымының ыңғайы қалай бет алса, солай қарай ығу. Түбі тұңғиық алдамшы саясаттың (патшалық Ресей мен кеңестің) ұлттың таңдайын бостандыққа жеткіздік деп, түп-тамырын өзін-өзіне кұртқызу тәсілі екендігін ел кеш білді. Ал екіншіден, заман лебі елдің бұйығы тірлігін бұзып, жаңадан ене бастаған техниканың залалды да өнімді тірлігімен алданып, сонау негізгі тірлік көзімізден адасуға дейін әкеп соққаны жалған емес. Міне, осындай айналаның әсері қашан болсын ақынның сана-сезімін еріксіз билемеуі мүмкін емес.
М.Қайыпназарұлы мен Қалымбекұлы «Iлияс «жолбике» емес» деген мақалаларында: «Әбдiлда жоғарғы мақаласында Iлиясты жолбике деп отыр. Iлиясты «жолбике» деп танысақ, Iлиясты ҚазАПП ұйымына басшы қылуға жарамайды. Iлиястың дәл қазiргi күндерi жолбике болып және пролетариат жазушылар ұйымына мүше болуы бiр-бiрiне жанаспайтын нәрсе. Бiздiңше, Iлияс жолдасты қазiргi күнде «жолбике» деп тануға болмайды», - дейді. «Ал ұшамын аспанға», «Ақынға», «Көк өгiз» өлеңдерiн сынайды. Толық пролетариат жазушысы, қателерi жоқ деп бiз де айта алмаймыз. Әбдiлда айтқандай «жолбике» деп тағы айта алмаймыз. Iлияс Қазақстан пролетариат жазушылар ұйымының мүшесi. Мүшесi болуға жарайды деп ойлаймыз»,-деп сөзін қорытындылайды.
1989 жылы 8 желтоқсанда сыншы Бақыт Сарбалаев «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жетім бота-көңілім» деген мақала жариялады. Онда Ілиястың «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында, «Сағанақта» және 1933 жылғы өлеңдерінің толық жинағында жарық көрген «Молданың мінәжаты», «Қажыдым», «Ақынға», «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір», «Тумас па екен?», «Құрысын», «Айырылу аттанысында», «Моласында», «А.Б-ге», «Жаңа өнер», «Кәмінтерн» өлеңдері 1964 және 1986-1989 жылдардағы 5 томдық жинағына енбей қалғандығын жазған болатын. 2004 жылы шыққан Ілиястың 10 томдығынана да енбей қалған екен.
Міне, осылайша қаламгерлер бір-бірінің шығармаларынан жат ниет іздеп, сынның сойылын соға берді. Мұндай қызу талас-тартыс қазақ зиялыларының екiншi рет қамауға алынуына әкеп соқтырды. 1930 жылғы қыркүйек-қазан айларында 40 шақты адам тұтқындалады. Олардың iшiнде М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақпаевтар болды. Бірақ бұл жолғы қудалаудан да I. Жансүгiров аман қалады.
Ілияс шығармашылығының 1930-жылдың бас кезіндегі зерттелуі мәселесіне М. Әуезов, F. Мүсірепов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М.Қаратаев, 3. Кедрина, I. Қабылов, С. Сейфуллин, Ө. Тұрманжановтар ат салысып отырды. «Осы күнгі қазақ кеңес жазушыларының тілге шебер, өлеңге ұстасының да, алдынғы саптағысының да, көрнектісінің де бірі - Ілияс»- деген бағаны С. Сейфуллин берген. М.Баталов пен М.Сильченко (1933 ж.) Ілиястың «Дала» поэмасы мен бірнеше очеркіне оң пікірлер білдіреді.
І.Жансүгіровтің драмалық туындылары жайлы Ғ. Мүсірепов «ҚазААП жаңа дәуірде» (1932ж.),О. Бекұлы «Қазақ театрының қысқы ойынға даярлығы» («Социалды Қазақстан» газеті, 23 қыркүйек 1933ж.), «Қазақстан театры мен драматургиясының өсу белестері» («Қазақ әдебиеті» газеті, 7 шілде 1934ж.), М.Әуезов «Жақсы пьеса-сапалы әдебиет белгісі» («Социалистік Қазақстан» газеті, 28 сәуір1934ж.), «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» («Қазақ әдебиеті» газеті, 7 шілде 1934ж.), деген мақалалар жариялады. М. Әуезов «Түрксиб» пьесасы жайлы: «Әзірге қазақ пьесаларының ішінде драма техникасын нық ескерген пьеса осы болар» - деп жазды. Бұл мақалалар Ілиястың драматургтік қырын сөз еткен алғашқы сындар еді.
Қайырқан Еркебайұлы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылғы 10 тамыздағы нөміріне «Ілияс ағайға ашық хат» деген мақаласын бастырады. Мақала Ілиястың «Жаңа туған» поэмасын сынауға арналған.
Ілияс шығармашылығын зерттеу мәселесіне әдеби сынның баса көңіл аударуы 1936 жылдан басталады. Бұл жылдар жалпы қазақ әдебиетінің табыстары қорытындыланып, өзінің объективті бағасын ала бастаған кезең еді. Және де 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан әдебиетi мен өнерiнiң онкүндiгi өтті. Мұның бәрі ақын-жазушыларға құлшыныс тудырып, жаңа шығармаларды өмірге әкелулеріне себеп болады. Ақынның «Құлагер» поэмасы – осы кезеңнің жемісі. Ілияс «Құлагер» поэмасын «Социалды Қазақстан» газетінде шетінен жариялай бастайды. Есмағамбет Исмаилов: «Құлагер» - осы күнге дейін болып келген поэмамыздың ең бір асыл, ең кесек қазынасының бірі екені талассыз. Бұл - поэмамыздың кең жоталы, мықты бел асыратын бір сатысы. Бұл поэма- қазақ совет поэзиясының кең дәуірінің өлмейтін алтын ескерткіштерінің бірі»,- деп, әділ бағасын берді. («Сын поэзияны қалай тану керек?» «Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.).
Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» және «Дала» поэмалары бойынша сынның бастамасын «Қазақ әдебиеті» газетінде (1936 жыл, 10 қаңтар) ұйымдастырылған айтыс ашты. Әзімбай Лекерұлы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің шығармашылығынан қателіктер тауып, «бұлар жаңа өмірге қорытынды жасай алмады» деген пікір білдіреді. Бұл пікірге С.Мұқанов қарсы шығып «Сәкен мен Ілиястың да кемшіліктері жоқ емес, дегенмен бұл екеуін қазақтың кеңес поэзиясының классигі деуге аузымыз бара алады», - деген тұжырым жасап, айтысты «Ілиястың поэзиясы туралы» деген мақаласымен бастайды. Бұл жайында Есмағамбет Исмайлов: «Ілияс Жансүгіровтің «Дала» атты лирикалық поэмасы халық басынан кешірген, бірнеше тарихи кезеңдер туралы сыр шертеді. Мұнда жазушы үлкен шеберлік көрсеткен»,-десе, Мұхаметжан Қаратаев «Дала» поэмасын кейбір көркемдік композициялық кемдіктеріне қарамастан, жалпы поэзиямызда қазақ халқының ақындық шежіресі есебінде ірі бастама жасаған поэзиялық тарихи - философиялық ұзақ салалы «шығарма дей аламыз», - деп бағалады. «Дала» поэмасына берілген бұл бағалардың қайсысы болмасын, шығарманың құндылығына шәк келтірмейді.
Негізгі баяндама жасаған Қадыр Қуанышұлы баяндамасын тек «Күйші» поэмасы төңірегіне құрған. Баяндамадан поэманы нақты талдау талабы байқалады. Бірақ күйдің әлеуметтік мәні мен эстетикалық қасиетін жете түсінбеу салдарынан поэманы жан-жақты зерттеп, дұрыс қорытынды шығара алмаған. Соның нәтижесінде Қ.Қуанышұлы «Музыканы тап мәселелерін шешуге құрал етуден үлкен қате шықпай ма? – деп, шатасады. Бұдан басқа
Қ. Әбдіқадырұлының «Күйшіні» түсіне білу керек» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.), Ө. Тұрманжанұлының «Күйшінің күйі туралы» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10 қаңтар 1936ж.), Ә. Қоңыратбаевтың «Сын туралы бір-екі сөз» («Қазақ әдебиеті» газеті, қаңтар 1936ж.), Құлмырза Өтеповтың «Әдістегі қателік» («Қазақ әдебиеті» газеті, 15 қаңтар 1936ж.) сынды мақалалар шетінен жазылып жатты. Құлмырза Өтеповтің «Әдістегі қателік» деп аталатын мақаласында: «Қатенің түп тамыры — Кенесары заманын сол заманның жалғыз күйімен ғана суреттеуге тырысуында» - десе, енді бір жерінде «Күй» әлеуметтік салт-сананың бір түрі. Осы әлеуметтік салт-сананың бір түрімен бүкіл әлеуметтік бұқараны соның нысанасын суреттеймін деу субъективный әдіске түскендік» дейді. «Күйшідегі» домбырашының күйіне бүкіл жан-жануардың ұйып, елтігенін суреттеген жерлерді түсінбей: «Жырлап отырған күйінің мөлшерінің шағындығын ұмытып кетіп, оған бойына симайтын, бойында жоқ қасиеттерді жабыстырады... Былайша асыра суреттеу мистикаға апарып соғады» - деп, бұл поэмаға тән романтикалық элементтерден безеді.
«Күйші», «Дала» поэмалары бойынша айтыстың жетпей жатқан тұстары да жоқ емес. Айтыс науқаншылық сипатта болды, екіншіден, айтыс материалын жариялауға газеттің екі беті ғана берілді, сондықтан оған басқа сыншылар қатыса алмады; үшіншіден, сыншылар Ілияс поэмаларын көркемдік тұрғыдан талдауды назардан тыс қалдырды. Осы айтысқа қатынасушы Құлмырза Өтеповтің мақаласы «Әдістегі қателік» деп аталады. Қ. Өтепов «Дала», «Күйші» поэмаларындағы жазушының әдісі қате деген пікірді ұстанып, бұл поэмаларда реализмнен гөрі символика басым деген теріс қорытындыға келеді. Осыдан барып Қ. Өтепов «Күйші» поэмасының мағынасынан әр түрлі бүркеншік идеялар іздеп, түрлі жорамалдармен көпшілікті шатастырған. Ол бір жерінде: «Қатенің түп тамыры — Кенесары заманын сол заманның жалғыз күйімен ғана суреттеуге тырысуында» - десе, енді бір жерінде «Күй» әлеуметтік салт-сананың бір түрі. Осы әлеуметтік салт-сананың бір түрімен бүкіл әлеуметтік бұқараны соның нысанасын суреттеймін деу субъективный әдіске түскендік»,- дейді. «Күйшідегі» домбырашының күйіне бүкіл жан-жануардың ұйып, елтігенін суреттеген жерлерді түсінбей: «Жырлап отырған күйінің мөлшерінің шағындығын ұмытып кетіп, оған бойына сыймайтын, бойында жоқ қасиеттерді жабыстырады... Былайша асыра суреттеу мистикаға апарып соғады» - деп, бұл поэмаға тән романтикалық элементтерден безеді.
1936-1937 жылдары сыншы К. Зелинский, А. Селиванский, А Қ. Алтайский, П. Магердің т. б мақалалары басылды. Қ. Зелинский мен П. Магер «Күйші» поэмасы туралы жаңа пікірлер айтқан. К. Зелинский «Күйшіні» Азербайжан жазушысы Джафар Джамбарлының ертегі аңыз сюжетіне құрылған «Қыз мұнарасы» атты романтикалық поэмасымен салыстыра қарап, «Күйшіні» жоғары бағалайды және поэмадан астарлы, бүркеншік сыр іздеудің, оған символиканы жабыстырудың қажеті жоқ екендігін атап көрсетеді.
ВКП (б) Орталық комитетiнiң 1936 жылғы желтоқсанда, 1937 жылғы ақпан-наурыз айларында өткен пленумдарында Троцкий мен Бухаринді тап жауы деп әшкерелеп, оларды құрту шаралары жоспарланып, іске асырылды. Оларға «сатқын», «терроршыл», «фашист» деген ауыр айыптар тағылды. Жаппай қудалау басталды. Бұл зұлмат қазақ азаматтарын айналып өтпеді. Ел ішінде үрей туды. «Жапон жансызы», т.б. айыптар тағылып, зиялы қауым қудалауға ұшырай бастады. Өлкелік комитеттің тамыздағы пленумында жаппай әшкерелеу iсiн күшейту жөнінде нұсқау берілді. НКВД органдарында «үштiк» деген топ құрылды. Олардың тізіміне ілінген адамның басына қара бұлт үйірілді.
Қаламгерлер арасындағы айтыс-тартыстар басқа бағытқа бұрылды. Нағыз қанды қырғын жасайтын тілдеу, ғайбаттау, жала жабу сипатын ұстанған мақалалар басылым бетінде үсті-үстіне жарияланып жатты. Ілияс шығармашылығына да, жеке басына да қара бұлт үйірер материалдар шыға бастайды. 1937 жылдың көктемінде-ақ: «Жансүгіров Ілияс Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде қате жібереді. Ол қатенің өзі де анау - мынау қате емес, үлкен қате. Артынан түзеу орнына «Жауырды жаба тоқып жүре берді» деген сөзді естиді. Жансүгіровтің редакциясымен 1935 жылы шыққан Сүйінбайдың кітабына: «Кітап ұлтшылдықпен жазылған. Ол кітапта қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салатын тұстар бар» деген ауыр айып тағылды. «Әдебиет майданы» журналының үшінші санында С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгiров, Ғ.Тоғжановтарды «ұлтшыл фашист, жауыз» деген бағытта жазылған мақала жарияланды. «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзiн мүлде құртайық» деген бас мақала ( «Социалды Қазақстан» газетi, 9 қаңтар 1937ж.), «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл фашистердің зиянкестігін түп тамырымен құртайық» («Әдебиет майданы» журналы, №3, 1937ж.),Дәукенов Кәріжанның «Барып тұрған зиянды контрабанды» («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 шілде 1937ж.), М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербақовшылдықтың қалдығын толық жою керек» («Социалды Қазақстан», 29 тамыз 1937ж.), «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiржола құртайық» (Редакциялық мақала. «Қазақ әдебиетi» газетi, 8 қазан 1937ж.), 1937 жылы тамыздың 11-де кешқұрым Алматы қаласындағы пәтерінде тұтқынға алынады. Жарты жылдан астам қамауда отырады. 1938 жылы 26 ақпанда атылады. Қазақ зиялыларының басым бөлігімен бірге Ілияс Жансүгіров те әділетсіздіктің құрбандығына шалынып, оның шығармашылық өмір жолы осылай оқыстан аяқталған. Ілияс туралы сөз де тоқтайды.
1937- 38 жылдың қасіреті халық тарихына өз зұлматын, өз трагедиясын өзінің қанды бояуларымен жазып кетті. Қазақ халқы елім деп еңіреген ерінен, көш бастаған талай көсемінен осылайша айырылды. Қоғамда жасқана қарайтын, қорқақ, дәрменсіз ұрпақ пайда болды.
ХХ ғасырдың елуiншi жылдардың аяғына қарай «жылымық» кезең келiп, репрессия жылдарында атылғандарды ақтау мәселесі көтерiлдi. Жазушылар Одағында құрылған комиссия репрессияға ұшырағандардың ісін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Кеңестер Одағы Жоғары сотының Әскери коллегиясы 1956 жылы 19 қазанда істі қайта қарауды бастап, 1957 жылы 4 сәуірде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау жөніндегі шешiм қабылдайды. Осы шешімнен кейін 1957 жылы 26 сәуірде Қазақстан Жазушылар Одағыны президиумы отырысы болып, С.Сейфуллин, І.Жансүгiров, Б.Майлиннiң әдеби мұраларын қайта қарау туралы комиссиялар құру туралы қаулы қабылданған. Iлияс Жансүгiровтiң әдеби мұралары бойынша комиссияға М. Әуезов төраға болады. Ф. Ғабитова, Қ. Шаңғытбаев, Ә. Тәжiбаев, Ғ. Оспанов, Ж. Молдағалиев, Ғ. Орманов, Ә. Сәрсенбаев, С. Сеитов, Т. Балтағожин, И. Дүйсенбаев, М. Ғабдуллиндер мүшелігіне кiргiзiледі.
1959 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институты ұйымдастырған қазақ әдебиеті мәселелері жайындағы ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген сөзінде академик М.Әуезов: «Жазушылар туралы монография жазғанда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтің мұраларын тереңдеп, сапалы түрде саралап зерттеу шарт», - деп айырықша атап көрсеткен.
Ширек ғасырдай үзілістен кейін Ілияс Жансүгіровтің 1958 жылы өлеңдер жинағы, 1959 жылы «Жастарға» жинағы жарық көрді, 1960-1966 жылдары толық шығармалары жинағы 6 томдық болып басылып шықты. Қазақ әдебиетінің іргесін қаласқан Ілиястың шығармалары одан кейін жеке жинақ ретінде де, көптомдық ретінде де бірнеше рет жарық көрді. 1986-88 жылдары 5 томдық (Алматы, «Жазушы» баспасы), 2004 жылдары 10 томдық (Алматы, «Қазығұрт» баспасы) шығармалар жинағы жарық көрді. А.Жиреншин 1958 жылы «Ілияс Жансүгіров» деген библиографиялық очеркiн жариялады.
Ақынның 80 жылдық мерей тойы қарсаңында Ілиястың туысқан бауыры Қуандық Шөкеновтің «Біздің Ілияс» (Алматы, 1973ж.) атты естелік кітабы. Ілиястың 90 жылдық мерей тойы қарсаңында зерттеуші-ғалым Сәрсенбі Дәуітовтің құрастыруымен «Азамат ақын» (Алматы,1984ж.), Ілиястың 100 жылдық мерей тойы қарсаңында профессор Мұратбек Иманғазиновтың құрастыруымен «Жан қайығын жарға ұрдым» (Алматы, 1994ж.) атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.Осы жинақтарға енбей қалған естеліктерді қосып, бұрынғы материалдарды бір желіге түсіріп, естелік иелерінің деректерін нақтылап, ғылыми тұрғыда бағалап, орнын, ретін белгілеп, доцент Ш.Кыяхметова 2007 жылы «Аңызға бергісіз ғұмыр» атты естеліктер жинағын құрастырып шығарды. Бұл жинақта 1958 жылдардан бергі естеліктерге көбірек назар аударылып, кезінде «большевиктік цензураға» жалтақтап, естелік-кітаптарда қысқартылып берілген материалдар толықтырылып, түзетулер арқылы ұсынылған. Ақын өмірін кезең-кезең бойынша таныстыру үшін жинақ екі бөлімге бөлінген. Бірінші бөлімге зайыбы, балалары, туған-туыстары, бала кезде бірге өскен достары мен құрдастарының естелік-лебіздері жеке топтастырылған. Бұл бөлімге топтастырылған еңбектерден ақынның мінез-құлқы, адамгершілік қадір-қасиеті, отбасына деген ыстық ықыласы, кішіпейіл қамқор көңілі, алғашқы ақындық адымдары жайлы мол мағлұматтар алуға болады. Күнделікті қарапайым өмірі, отбасы, қызметтегі мінез-құлқы, болмысы, «халық жауы» ретінде айыпталып, қан жұтқан қасіретті күндері жайлы естеліктер осы бөлімде біраз нәрсенің байыбына жетелейді. Екінші бөлімде қазақ мәдениетінің бәйтеректері Сәбит Мұқанов, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов, Бейсенбай Кенжебаев, Есмағамбет Ысмайлов, Мұхамеджан Қаратаев, Сапарғали Бегалин, Ғали Орманов, Әди Шәріпов, Әбділда Тәжібаев және т.б. үзеңгілес замандастарының естеліктері берілген.
1965 жылы шыққан профессор Мырзабек Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясы - Iлияс шығармашылығын жан-жақты қарастырған алғашқы зерттеу еңбек. Бұл монография кейiнгi зерттеулерге бағыт – бағдар берді, ілиястану ілімін қалыптастырып, негізгі арналарын айқындады, әрі қарай өркендетудің өнімді бағытын белгіледі. Қазақтың көрнекті ғалымы, ақын Тұрсынхан Әбдiрахманова ақынның өлең жазу шеберлігін зерттеп, «Ақын сыры» (Алматы, «Жазушы» баспасы, 1965ж.) атты кітабын шығарды. Жансүгіров лирикаларының сырын Әбділда Тәжібаев та «Поэзия және өмір» атты монографиясында айрықша білімдарлықпен талдаған. Фатима Ғабитова «Өртеңде өнген гүл» (Алматы, «Атамұра» баспасы, 1998ж.) кітабын шығарды.
Ілиястанудың арнасы жыл өткен сайын кеңейіп, жаңа зерттеулермен толықтырылды. Профессор М.Иманғазинов Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұражайында қызмет істеген кезеңнен бері (1991ж.) мұрағат құжаттарымен жұмыс жасап, Ілиястың ғұмырнамасы, өлімі, ақталуы жайлы жаңа, құнды пікірлер білдіріп келеді. Талай жылғы ізденістерінің нәтижесін «Ілияс Жансүгіров» (Алматы, «Қазақ университеті» баспасы, 2004ж.) деген монографиясын шығару арқылы халыққа жеткізді.
Мұрат Әбiлқақовтың «І.Жансүгіровтың драмалық шығармаларындағы тартыс пен қаһарман» (2003ж.) еңбегінде драмалық шығармалары тұңғыш рет монографиялық үлгіде талданып, поэтикалық тұрғыда қайта бағаланған. Қаламгердің драма жанрын игеруге деген алғашқы қадамынан бастап, драматургия шарттылықтарына жауап беретін толыққанды пьесасын дүниеге әкелгенге дейінгі жазушының үйрену, жетілу, шеберлік шыңдауы тәрізді кезеңдері айқындалады. Қаһарман бейнесін сомдау мен характерін жасау жолындағы автордың әдіс-тәсілдері бағаланады. Қарапайым кейіпкерді тағдырдың талқысына салып шыңдау арқылы типтік деңгейдегі драмалық кейіпкер жасау шеберлігін меңгеруі, драмалық тартысты туындатар шеберлігі әр қилы сапада зерделенген.
Әбілхан Әбіласан І.Жансүгіровтің әлі ешкімнің көзіне түспей жатқан дүниелерін мұрағат қойнауынан шығарып, Iлиястың өз қолымен жазылған қолжазбаны араб графикасынан тiкелей зерттеп, қазiргi кириллицаға аударып, «Жетісу» (Алматы, «Ценные бумаги» баспасы, 2001ж.) жинағын шығарды. Еңбекте қазақтың өткен өмірінің шынайы болмысы, Кенесары көтерiлiсi, Жетiсу, Балқаш, Жаркент өңiрiн орыс елiнiң жаулап алуы, сол тұстағы ел өмiрi жайлы шынайы жазылған деректер кеңес өкiметiнiң саясатына қиғаш келетiндiктен социалистiк цензураның кесiрiнен кезінде жарық көре алмаған. Тек тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана бұл іске асырылды. «Негiзiнен, Iлияс Жансүгiровтiң мұрағат материалының үштен бiр бөлiгi - қазiргi кезеңге дейiн жарық көрген шығармаларының түп дерегi, жазылу жайының күретамыры. 15–ке тарта қалың бумаларда (папкаларда) Iлиястың өз қолымен жазған 12 қойын кiтапшалары мен дәптерлерi жатыр. Оны оқып қараған адамға әлi де болса талай тың жатқан деректiң ашылатыны сөзсiз»,-дейді ілиястанушы ғалым М.Иманғазинов.
И. Боранбаева, Ә. Әбіласанұлы мен бірқатар жауапты адамдар «Құжаттар, хаттар, күнделіктер, дала хикаялары» атты мұрағаттар материалдарының негізінде жинақ (Алматы, «Үш қиян» баспасы, 2006ж.) құрастырып, шығарды. Кітапқа 1920-1964 жылдар аралығындағы Ілиясқа қатысты құжаттар жинақталған. Кітап екі бөлімнен тұрады. ҚР Орталық мемлекетті мұрағатындағы ақын мұралары сақталған жеке қордағы (ҚРОММ-1368-қор) деректер мен мәліметтер берілген. Кезінде кейбір мәліметтер цензураға байланысты, ал бертінде араб әліпбиіндегі қолжазбаларды оқитын зерттеушілердің сиреуіне сәйкес қозғаусыз қалып келген. Бұл еңбек- сол олқы тұстың орнын толтырар ғылыми маңызы зор жинақ.
Академик Т.Сыдықовтың «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» (2011ж.) атты монографиялық зерттеуі ілиястануға қосылған қомақты еңбек. Т.Сыдықов – өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері қазіргі қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелері бойынша іргелі еңбектер жазып жүрген үлкен ғалым. Жетісудан шыққан ақын-жазушы, әдебиетші ғалымдардың шығармашылығын Ілияс Жансүгіров дәстүрімен байланыстыра зерттеп жүрген білгір маман. Осы бағытта терең ғылыми білім беруге негізделген «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» монографиялық зерттеуінің алғашқы тарауын Ілиястың поэзиялық туындыларын жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдауға арнаған. «Жетісудың жүрегі немесе Ілияс жайлы сөз» бөлімінде социалистік құрылыстың жыршысы деп бағасын асқақтата көтеруге тырысқан кешегі сыншы, зерттеушілердің еңбегі еш болған тұста профессор Т.Сыдықов Ілияс та өз заманының перзенті, жыршысы екенін, кемшілікке санамайды. Оның шығармашылығын пәтуасыз идеологияның жеміне, құрбандығына шалмайды, осы уақытқа дейін жеріне жеткізе айтылмай келген көркемдік шеберлік, эстетикалық нысана іздеп, ақындық дарынның қуаты мен жалынын, поэтикасын бұрынғыдан да биіктетіп, жаңаша қарастырған. «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап...» немесе І.Жансүгіров-жастықтың жыршысы» және «Ұлылыққа тағзым немесе Ілияс лирикаларының көркемдік кестесі» бөлімінде Ілиястың өлеңдеріне сыншыл көзқараспен қарап, әділ бағасын береді. Оқырманын қандай талантпен табысып отырғанына шығармаларын талдау үстінде танытып, табыстырады.
«Қара қобыздың киесі немесе І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасына жаңаша көзқарас», «Хан Сарайынан күйшінің қара қосына дейін немесе «Күйші» поэмасына жаңаша көзқарас», «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» немесе І.Жансүгіровтің «Рүстем қырғыны» поэмасының ұлағаты» бөлімндерінде Т.Сыдықов шығармашылық процестің ішіне еніп, тың ойлар, соны ғылыми тұжырымдар жасауға тер төгеді. Қай-қайсысы жайлы сөз қозғаса да бимәлім тың пікірлер айтуға, тосын ғылыми түйіндердің бүгілгенін жазып, бүркенгенін ашуға тырысады. Ғалым еңбегінде осылардың әрқайсысы жайлы бұрын-соңды жазылған мақала, зерттеулерді назарынан тыс қалдырмай оқып, қорытып, өз ғылыми толғамдарын алдыға тосады. Зерттеу еңбек тың ойларға кенен, Ілияс жайлы мол мағлұмат, терең білім беретін ғылыми сараптаулардан тұрады.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы қазіргі таңға дейін үш библиографиялық көрсеткіш құрастырылған:
1) Аяулы азаматтың ұрпағына қалдырған мұрасын іздеу, табу, жинастыру ісіне мұрағат пен кітапхана қызметкерлері де белсене араласып, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге елеулі үлес қосты. 1973 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ ССР-нің А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапхананың бастамасымен филология ғылымдарының кандидаты Ә.Дайырова, библиографтар Т.Кененова, С.Қойшыманова, Ф.Эльконинаның құрастыруымен «Ілияс Жансүгіров» атты библиографиялық көрсеткіш шықты. Көрсеткіште 1917-1970 жылдардағы материалдар қазақ-орыс тілінде хронологиялық тұрғыда жүйеленіп берілген. Анықтама-көрсеткіш ғылыми қызметкерлерге, әдебиет мамандарына, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, аспиранттарға, мұғалімдер мен оқушыларға, лекторларға, кітапханашыларға және жалпы көпшілікке арналған. Анықтама қазақ және орыс тілінде дайындалған. Көрсеткішті құрастырушылар Ілиястың әлі де жарияланбаған фельетондарына, әңгімелеріне, мақалаларына, сөйлеген сөздеріне, жасаған баяндамаларына, хат-хабарларына, ел әдебиетінің үлгілерінен құрастырған жинақтарына, оқулықтарына, одақтас республикаларда, шет елдерде жарияланған шығармаларына көпшіліктің назарын айрықша аударған.
2) 1995 жылы «Қазақ әдебиетінің классиктері: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин» атты библиографиялық көрсеткіш шыққан.
3) 2004 жылы І.Жансүгіровтің 110 жасқа толуына байланысты «Ілияс Жансүгіров» атты библиографиялық көрсеткіш жарық көрді. Құрастырғандар: К.Е.Аймұхамбетова, А.Н.Нұрсейітова. Көрсеткіш қазақ және орыс тілдерінде 1973-2004 жылдар аралығында жарияланған материалдарды қамтиды. Құрастырушылар Ілияс Жансүгіовтің өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдарды, шығармашылығы туралы пікір айтқан авторлардың алфавиттік көрсеткішін, ақынның әдеби бейнесін жасаған шығармаларды, газеттер мен журналдардың түп-нұсқаларын жеке-жеке тарауға топтастырған.
Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасын жан-жақты, тереңдеп зерттеп, игеру - үнемі даму үстінде болатын құбылыс. Қазақ әдебиеттану ғылымының алдағы міндеттерінен түспейтін өзекті мәселе болып тұра бермек.
Тест тапсырмалары
1. «Құлагер» поэмасында Ақан сері Құлагерінен айрылған бөлім қалай аталады?
А) «Бай-бай, Құлагерім!»
В) «Ат шаңы»
С) «Жалғыздық»
Д) «Жалғыз қазық»
Е) «Көмбе»
2. «Құлагер» поэмасында жан-жақтан аттардың жиналатынын суреттейтін бөлімі қалай аталады?
А) «Ат келді»
В) «Көмбе»
С) «Жиылыс»
Д) «Егес»
Е) «Ат айдау»
3. «Құлагер» поэмасында Ақан сері қай бөлімде ән салады?
А) «Егес»
В) «Құлагер»
С) «Ақан сері»
Д) «Ас»
Е) «Ат айдау»
4. Мына үзінді І.Жансүгіровтің қай поэмасынан алынған?
«Мен өзім тауда туып, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім;
Арқада Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.»
А) «Жаңа туған»
В) «Исатай»
С) «Құлагер»
Д) «Жорық»
Е) «Дала»
5. «Құлагер» поэмасындағы Ақанның туған жері
А) Сырымбет
В) Ұлытау
С) Оқжетпес
Д) Қарқаралы
Е) Жетісу
6. І. Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасын ел аралап, халық аузынан жазып алған
А) Әнуарбек Дүйсенбиев
В) Ғали Орманов
С) Ж. Бұхарбаев
Д) Жұмабек Ербаланов
Е) Бейсен Кенжебаев
7. «Қолбала» поэмасындағы Солтанбайдың ұрлық, жаманшылық жасауға әуес болып өскен ұлы –
А) Қангелді
В) Қолбала
С) Әбдібай
Д) Тұрсын
Е) Тәшен
8. «Қолбала» поэмасында: «Қып – қызыл қырғи қабақ, қыр мұрынды.
Бас – аяғы балғадай жігіт екен, Дөңгелек орта бойлы, жауырынды», -
деп кімге сипаттама беріп тұр?
А) Қолбала
В) Қангелді
С) Тұрсын
Д) Тәшен
Е) Әбдібай
9. «Қолбала» поэмасында Қолбала жалғыз келе жатып, ат үстінде қалғып кетіп түс көреді. Сол түсі не жайында?
А) Түсінде кілең қатын қастық қылып, Көп итке талатып жүр қамалатып.
В) Түсінде сұрлау өңді бойжеткенді көреді
С) Түсінде екі қасқырды көреді
Д) Түсінде таудан құлап бара жатады
Е) Түсінде астындағы аты мерт болады
10. «Қолбала» поэмасында Қолбаланың түсін жорып берген көріпкел:
А) Байтан
В) Тасубай
С) Жайнақ
Д) Қысымбай
Е) Шінәсіл
11. «Қолбала» поэмасында Қолбаланы жаулары кімнің тойына шақырады?
А) Бөртедегі Қысымбай
В) Тасубай
С) Жайнақ
Д) Демболсын
Е) Байтан
12. «Қолбала» поэмасында Қолбаланы жаулары Тасубай, Жайнақ, Демболсын қай аймақта өлтіреді?
А) Бұрған мен Ақсудың арасында
В) Текелі маңында
С) Сарқан мен Үшарал арасында
Д) Талдықорғанның солтүстігінде
Е) Сарыөзекте
13. «Қолбала» поэмасында Қолбаланы қандай жазамен өлтіреді?
А) мойнына шылбыр салады
В) атып өлтіреді
С) атқа байлап өлтіреді
Д) асып өлтіреді
Е) суық қарумен өлтіреді
14. «Қолбала» поэмасында қаныпезерлер Қолбаланы өлтірген соң денесін қайда тастайды?
А) Жерге көмеді
В) атқа өңгеріп жібереді
С) суға ағызады
Д) үйіне алып барады
Е) өлтірген жерде қалдырады
15. «Қолбала» поэмасында Қолбаланың мәйітін ел – жұрты қай мезгілде тауып алады?
А) көктемде қар кеткенде
В) қыс айында
С) жаздың ыстығында
Д) қоңыр күзде
Е) өлтірген соң бір айдан кейін
16. «Қолбала» поэмасында үш Қайнарға хабар салып, Қолбаланың құнын алмай қоймаймыз деген кімдер?
А) Тәшен, Тұрсын
В) Тасубай, Жайнақ
С) Шінәсіл, Әбдібай
Д) Қысымбай, Байтан
Е) Демболсын, Тәшен