Азақ өлеңінің теориясы туралы зерттеулер
Өлең – шағын көлемді поэзиялық шығарма. Ырғағы мен ұйқасы қалыпқа түскен, шумағы мен бунағы белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі. Өлеңнің түрлері мен жанрлары әр алуан: ода, элегия, баллада, сонет, т.б. Кең мағынасында өлең қысқа көлемді поэзиялық туындылардың жалпы атауы болса, тар мағынада музыка өнер мен сөз өнеріне ортақ туынды, яғни ән өлеңі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі халық өлеңдері еңбек-кәсіпке орай (аңшылық, төрт түлік, наурыз өлеңдері), ескілікті наным-сенімге байланысты (бақсы сарыны, арбау), әдет-ғұрып негізіндегі (салт, үйлену, мұң-шер өлеңдері), қара өлең, тарихи өлең, айтыс өлеңдері болып бөлінді. Өлең сөздердің болмысы, жаратылысы аса күрделі, оған ишара, меңзеу, салыстыру, жұмбақтау, астарлау, бейнелеу, теңеу, ұқсату, т.б. тән. Өлең лирика жанрында кең тарады, тақырыбы жағынан саяси, көңіл күйі, табиғат, махаббат және философия түрлерге жіктеледі. Өлең құрылысы – өлең өлшемдерінің жасалу жүйесі, дыбыс үндестігі мен ырғағына тән ерекшеліктерді белгілейтін шарттар мен заңдылықтар. Өлең-жырдың күнделікті айтылатын жай сөз, қара сөздерден басты айырмасы олар мөлшерлі жеке жолдарға, яғни тармақтарға бөлінеді. Өлең тармағының құрылыс жүйесі әр халықтың поэзиясында өзінше қалыптасқан.
Дүниежүзілік әдебиетте орын тепкен өлең құрылымы 4 түрге бөлінеді:
1) Метрикалық өлең жүйесі өлең ырғағында ұзын буын мен қысқа буынның кезектесіп келуіне негізделеді. Мысалы, ежелгі грек және рим поэзиясында кең орын алған ямб, хорей, т.б.
2) Силлабо-тоникалық өлеңжүйесінде екпінсіз буын мен екпінді буындар кезектесіп келеді. Ол орыс,неміс,ағылшын халықтары поэзиясында кездеседі.
3) Тоникалық өлең жүйесі орыстың халық поэзиясында қолданылған. Оны жазба әдебиетте орнықтырған A.Маяковский болды. Мұнда ырғақ екпінді буындарға негізделеді, екпін түспейтін буындар есепке алынбайды. Кейбір қосарланып келетін сөздер болмаса, тармақтағы әр сөз бір екпінмен айтылып, дербес ырғақтық бөлшек құрайды. Мұның өзі өлеңді мәнерлеп, тақпақтап оқуға мүмкіндік береді.
4) Силлабикалық өлең жүйесі буын санының мөлшерін тұрақты сақтауға негізделген. Бұл өлең құрылысы француз, чех, итальян және барлық түркі тілдес халықтардың поэзиясында қолданылады. Бұл өлең құрылысының басты сипат-белгілерін қазақ өлеңдерінің құрылымынан анық аңғаруға болады. Өлең құрылысының ұлттық сипат белгілері ұлт тілімен тамырлас. Қазақ өлеңі, алдымен буынға негізделіп, ырғақ пен тармақ та, ұйқас пен шумақ та буынға бағынады; қысқышы Қазақ өлеңдерінің құрылысы.Сөз өнері дамыған сайын қазақ өлеңінің құрылысы шыңдалып, кемелденіп, жаңа өлшем-өрнектермен толысып, байып келеді. Қазақ поэзиясының ырғақтық-интонациялық байлығын молынан игеріп, өлең өрнектерін байытып, дамытуға зор үлес қосқан Абай ақын болды. Ол жаңа өлшем, шумақ, ұйқас түрлерін орнықтыруда асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан көп тараған белгілі өлшем-өрнектерді керек жерінде өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан да соншалықты зор өнегелі іс атқарды. Абайдың қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өлең өрнектерінің ішінде “Сегіз аяқ” пен “Сен мені не етесің?” атты өлеңдері бар. Қазақ ақындары өлеңнің ырғақтық-интонациялық мүмкіншіліктерін толығымен ашу, өлең сөзді сөйлеу интонациясына тән ерекшеліктермен байыта түсу ісіне ат салысып келеді. Әсіресе, соңғы кезде поэзияда ерікті өлең түрі қолданыс тапқан, мұндай өлеңдерде белгілі бір өлшем берік сақталмағанмен, қалыпты ырғақтық өрнектер еркін қолданылады. Қазақ өлеңінің құрылымын Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Әуезов, І.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Мұқанов, З.Ахметов, З.Қабдолов, т.б. ғалымдар зерттеді. Қ.Жұмалиев қазақ өлеңдерін бунағына, бунақ ішіндегі буын санына қарап «Он бір буынды өлең, сегіз буынды өлең, жеті буынды өлең, алты буынды өлең, аралас буынды өлең» деп анықтаса, З.Қабдолов өлеңнің буын түрлерін: «Он бір буынды өлең, он буынды өлең, тоғыз буынды өлең, сегіз буынды өлең, жеті буынды өлең, алты буынды өлең, бес буынды өлең, аралас буынды өлең» деп бөледі. Сонымен бірге ғалым әр өлеңнің буын санына орай мысалдар келтіріп отырады. Өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырмасы – онда мөлшерлі ырғақ болады. Қара сөзде де бола беретін, сөйлем не сөйлемшелердің біткен жеріндегі тыныс алу немесе дауыс толқынының құбылып, өзгеріп, тиянақталып отыруынан туатын ырғақ қана емес, ол өлең сөзге тән өлшемділіктен туатын, өлеңнің өзінде ғана болатын ырғақ. Қ.Жұмалиев өлеңнің әрі мен ажары болып табылатын ырғақ туралы: «Ырғақ белгілі бір мезгілде бірдей қайталанатын қимыл. Өлең жолдарындағы бір бөлшектің бірыңғай дәлме-дәл қайталаушылық»,– дейді. Ал, С.Негимов ырғаққа мынадай анықтама береді де, оны үшке бөліп қарастырады: «Қазақ өлеңіндегі ырғақ дегеніміз буынға негізделіп, бунаққа жіктеліп, бір тармақ құрап, әрі қарай жүйелі қайталанып, үйлесімділік тудыратын түр.
Салалары: 1. Жүйелілікке, үндестікке, дыбыс әуезділігіне құрылатын дәстүрлі өлең үлгілеріндегі әуендік ырғақ; 2. Жазба әдебиет өкілдерінің келте тармаққа құрылған ырғақтары; 3. Жазба әдебиет өкілдері поэзиясындағы алуан үнді айнымалы ырғақтар». Өлең сөзге қатысты өлшем-өрнектері яғни синтаксистік жүйе аясында тұтас форманың жасалуы тұрғысында қарастырылады. Өлеңнің ырғағы яғни буыны мен ұйқасы, синтаксистік жолмен жасалуы яғни сөздердің ойды айту, білдіруі сияқты өзара байланысы сөз болды. Ақындық мәдениет ырғақ үлгісінен де танылады. Ал, ырғақ табиғатына тәртіптілік тән. Осы ырғақ, интонация, шумақ туралы орыстың лирикалық өлеңдерінің мелодикасы туралы Б.М.Эйхенбаум: «В лирике напевного типа доминантой является интонация. Она действует как организующее начало композиции. Ритм и мелодия существенны для стиха произносимого, как и для пения: они сообщают стиху особый характер»,– дейді.