А. Иассауи шығармашылығы. «Хикметтер» кітабының мәні
Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.
Мұсылман әлемінде аты әйгілі, орта ғасырлық сопылық әдебиеттің ірі өкілі, Қожа Ахмет Ясауи артына мәні өшпестей аса елеулі мұра қалдырды. Оның «Диуани Хикмет» атты екі әлемнің де мән-жайын сипаттайтын туындысы адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді сипатттап ашып көрсетуге арналған. Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттер дін талабы тұрғысынан сарапталады. Бұл дүниенің баянсыздығы мен мен ол дүниенің бақилығын салыстыра отырып, қанағат, адамгершілк, мейірім-шапағат, адалдық, ізеттілік жайында сөз қозғайды. Осыған орай, ол Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол: жиған малдың қызығын тек өзі көрмей, өзге жетім-жесір, мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу, Аллаға сол туралы шын көңілден жалынып-жалбарынудың қажеттігін ұтымды түрде сипаттайды.
Қожа Ахмет Ясауидің өз хикметтеріне алтын арқау еткен басты мәселесі: Алла Тағаланың пенделеріне деген кеңшілігі мен олардың жасаған күнәларын кешудегі қайырымдылығы, нұр шапағатын талмай сипаттап бергендігі дер едік. Ол бұл мақсатта Құдай дидарына ғашық болған пенделерінің өзге қызықтың бәрінен баз кешіп, күндіз-түні тек Аллаға құлшылық етуі қажет, бұл жолда жан мен тәнін де аямауы керек. Сонда ғана хақ дидарын көруге болады деген пікір ұсынады:
Сүннатларын махкам тутиб уммат булгил,
Кеча, кундуз айтыб улфат булгил.
Нафсидан кечиб, жафасини рахат билгил,
Андаг ғашық еки кузи қирян иурур…
Қожа Ахмет Ясауидің есепсіз көп хикметтеріндегі негізгі түйін: адам баласының жалған дүниеден бақилық өмірге өтудегі үмбеттік жолдың дұрысы мен бұрысын көрсету, Аллаға шын берілген құлдың іс-әрекеттерін бейнелеу болып табылады. Осы орайда оның, ең алдымен, қандай ауыр қиыншылыққа тап болсаң да, шыдамдылық, сабырлылық танытуға мән бергенін көреміз. Әулие бабамыздың айтуынша, әр іске төзімділік, шүкірлік етіп Құдайға жалбарыну, одан шапағат күту, дүние-мүлік, байлық үшін жанын жалдап, өтірік-өсекке ұрынбау тәрізді мәселелер күнәдан арылудың басты-басты талаптары делінеді. Сондай-ақ, ол адамның Аллаға деген сенімінің, ой-пиғылының тазалығына баса назар аударады.
Осыдан барып Құдайға деген ықылас артып, мұның ақыры оған қалтқысыз берілген шын сүйіспендікке ұласады деп көрсетеді.Шын ғашықтықтың ұшына шыққандарын Алланың сүйген құлы – жарандар деп жүйелейді. Құдай жолына біржола бет қойған, соның азап-қиыншылықтарына бас қойған ғашықтықты ол ең қиын, машақаты мол жол деп бейнелейді.Қожа Ахмет Ясауидің кешірімділік, төзімділік туралы ой-пікір, тұжырымдарын жүйелеп әңгіме еткенде, оның «Рисала» атты еңбегіндегі мына бір қорытындыларына тағы бір рет назар аударып көрелік. Ол мұнда қай пайғамбардан нендей үлгі қалды деген мәселеге орай былай дейді: «Тәуба қылу Адам пайғамбардан, ғибадат қылу Ідірістен, зікір-сабыр Аюбтан, зікір ғаріптік Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қалды, ал сыпайылық хазірет Сүлейменнен қалды», – деп жазады. Бұдан тыс мағрипат, шариғат, хақиқат, тариқат туралы баяндағанда әулие Құдай рахметінен үміт үзбеу, тәубаға келу, насихат алу, пақырларға пана болу, Хақты тануда шыдамды болу тәрізді мәселелерге ерекше мән береді. Сонымен қатар жүрек дерттерін баяндайды, адамның рухани кемшілігіне қатты мән береді. Бұл дүниетаным Исламдағы көптеген ғұламалардың еңбектерінде ұшырасады. Мәселен, имам Ғазали «Тіпті «жүрек дерті жоқ» деген ұранмен бұл аурудың бар екені теріске шығарылды. Нәтижеде адамдар дүниені сүйюге, құлшылықты сырт көз үшін, рия амалдар жасауға ден қойды. Жүрек дерттерінің белгілері міне, осылар – дейді .Ғашық болу мен адамдар арасындағы ғашықтықты да әулие орнын тауып, екеуін астастыра, жалғастыра жырлайды. Мәселен, қорлықтан естен танған Мәнсур, ғаріптіктен құл болған Махмут сұлтан, Құдай дидары үшін арманда өткен Ысмағұл, басына түскен бәлеге сабыр тұтқан Аюб, көкірегі күйіп-жанған Мұса пайғамбарды айтумен қатар, Ләйлі мен Мәжнүн, Фархад пен Шырын, Жүсіп пен Зылиха бейнелері де аталған мақсатқа сәйкес хикметтерге қосылады.Қожа Ахмет Ясауидің ендігі бір мән берген, аяусыз әшкерелеген тақырыбы надандық дер едік. Өйткені оның түсінігінше, надандық бүкіл жауыздық, зұлымдықтың таусылмас қайнар көзі. Мұнда арсыздық пен бәлеқорлық, өтірік-өсек, әділетсіздік те содан табылады деп түйіндейді. Жоғарыда айтылғандай, осы надандыққа ғылым-білім мен даналықты үнемі қарама-қарсы қойып отырады. Сондықтан наданның көзін ашып, Құдайдың сара жолына түсіруге ол бар ынтасы мен ықыласын сарқа жұмсайды. Тіпті өз ойын жинақтай келе ғұлама: «Надандармен бірге өткізген уақыттың өзі дозақпен тең», – деп қорытып, олармен бірге жүруге де, жолға шығуға да қарсы тұрады. Жалған молда, залымдарды да аяусыз түйреп, «Хал ілімін» үйренуге шақырады. Осындай әділетсіздіктер мен зұлымдықтарға қарсы әділдікті ту ете отырып, Хақ Тағала ісіне ғана сабырлық, төзімділік танытудың қажеттігін бейнелі жолдармен өрнектейді.