Дебиеттану ғылымындағы образ категориясы және мәңгілік образдардың жанрлық ерекшелігі

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы.«Аллаһ – көркем, сондықтан көркемдікті сүйеді» [1, 224]. Адам баласы – саяхатшы болса, ал барша оны қоршаған әлем – оның зерттеп, тануына ұсынылған түрлі-түсті көрмелер, құнды да көркем кітаптар іспетті. Сонда көркемдік дегеніміз не нәрсе? Адамзат өз тіршілігінде осы сауалдың төңірегінде көп ойланып, оған жауап іздеумен келеді. Біреулер көркемдікті шартты нәрсе деп ұқса, енді біреулер көркемдіктің жалпыадамзаттық әрі ортақ қалыптасқан қағидалары бар деп түсінеді. Әрине, бұл екі пікірдің де өзіндік негіздері бар. Себебі, көркемдік – дүниені танудағы әркімге әртүрлі деңгейде берілетін рухани қабілет екені рас, бірақ көркемдіктің жүрек қалауымен, көңіл көзімен жазылатын бейнелі шындық екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Демек, көркемдік, асылында шындық пен шарттылықтың қосылуы мен біртұтастылығына негізделеді. Өйткені ақиқат дегеніміздің өзі асқар тау, аспан сияқты көріп, сезіп, ақылмен ұғуға келетін немесе келмейтін, яғни адам санасынан тыс өмір сүретін нәрселердің сыртқы бейнесінен бөлек, оның түпкі мәні мен мазмұнын білу. Ол көркемдік қиялсыз жүзеге аспайды. «Көркемдік қиял – көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды қиял, түрлі образдар арқылы елестету қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі» [2, 5].

Негізінде, барлық ғылым атаулының барлығы да әу баста осы көркемдік қиялдың есебінен дүниеге келеді. Бірақ ең бастысы, көркемдік қиялдың өнер туындыларына, соның ішінде сөз өнеріне әсері.

Көркемділік – өнер туындыларының қайталанбас ерекшелігі, эстетикалық сұлулығы – жаратылысты, болмысты сипаттап, оған жан бітірудегі бейнелілік, суретшілік, әсемділік. Көркемдік тұтастылық жоқ жерде өнер туындысы да өмір сүрмейді. Бір сөзбен айтқанда, көркемділік – өнердің сапа көрсеткіші.

Көркемділіктің ерекше көрінетін тұсы – сөз өнері екендігін жоғарыда айтылды. Соған орай, «көркем әдебиет», «көркем сөз өнері» атауларын да қолданамыз. А.Байтұрсынұлы әдебиетті «нәрсенің түрін, жайын, күйін, ісін сөзбен келістіре білу өнері» деп түсінген. Сол үшін: «Сөз өнері – адам санасының үш негізіне тіреледі: ақылға, қиялға, көңілге. Ақыл ісі – оңдау, яғни, нәрселердің жайын ұғу, тану, түсіну, ақылға салып ойлау, ал көңілдің ісі – түю, талғау» [2, 7].

Көркем ойлау – өнер туындысын дүниеге әкелетін, одан эстетикалық қуат алатын ақыл-ойдың ерекше түрі. Эмоциялық белсенділік, эстетикалық кемелділік, рухани сергектік, шабыттану сияқты қасиеттер көркем ойлаудың нәтижесінде пайда болады. Дүниені тану арқылы оны жан-жақты жарқыратып көрсету, түрлі әуендер мен қанық бояуларға толы кескінін қамту – көркем ойлаудың жасампаздық қасиетін аңғартады.

Кез келген нәрсе көптеген бөлшектерден тұрғанда ғана бір бүтінге айналады. Сол сияқты қазақ әдебиеті де бүкіл әлем әдебиетінің жанды бір бөлшегі. Сондықтан төл әдебиетімізің ерекшеліктерін көркемдік сананың жалпыадамзаттық дамуының негізінде қарастыру керек.

«Көркемдік ойлаудың осы кезге дейін архаикалық немесе мифтік-поэтикалық, дәстүршіл немесе нормативті, дара шығармашылдық немесе тарихи сана секілді үш сатыдан өткендігі мәлім» [3, 301].

Бұл сатылардың әрбірі әдебиетте өзіне сәйкес көрінісін табады. Дәстүршіл кезеңде сөз өнерінде жанр мен стиль категориялары үстемдік етсе,дара шығармашылдықтың кезінде автор категориясы шешуші рөл атқарған.

Талас жоқ, «Замандар ағысы әдебиетте өз бедерін салмай тұрмайды. Халық тарихының тағдыры әдебиеттің формасы мен мазмұнына да із түсіретінін білеміз» [3, 284], – деп белгілі әдебиетші А.Қыраубаева айтып кеткендей, көркемдік ойлаудың қай сатысы да белгілі бір тарихи дәуірдің мазмұнын айғақтайды және соған орай көрініс табады. Сонымен қатар көркемдік сананың түрлері ауысқан сайын әдеби көркемдік пішіндер мен категориялардың тарихи дамуының басты желілері мен бағыттары да өзгеріп отырған. Мысалы, дәстүршіл әдебиетте автор емес, жанр мен стиль категорияларының бірінші кезекте тұрғандығын атап өттік. «Көркемдік бейнелеудің дәстүрлілігі оқырманды не тыңдаушыны керекті арнаға түсіріп отырды. Қандай да болсын дәстүрлі формулалар, жанрлар, тақырыптар, мотивтер, сюжеттер оқырманның белгілі бір көңіл-күйін оятуға арналған сигнал қызметін атқарды. Стереотип автордың дарынсыздығының, оның шығармасының көркемдік жағынан дәрменсіздігінің белгісі емес болатын. Ол ортағасырлық әдебиеттің көркемдік жүйесінің табиғатына тән нәрсе еді» [3, 254-255], – дейді орыс ғалымы Д.Михачев. Яғни, бұдан көркемдік ойлау стереотипке емес, қалыптасқан қағидалар көркем ойлауға әсер етеді ме деген сұрақ туындайды. Дегенмен, дәстүршіл әдебиетте де, тіпті автор үстемдік ететін тарихи сана секілді сатыларға бағынбайтын, стереотиптен тыс, кейде бүкіл әлемге ортақ, кейде ортақ, бірақ әр елде әртүрлі көрініс табатын немесе жеке дара шығармашылық қолданысқа байланысты көркемдік категория бар. Ол – образдылық категориясы.

Образ – әрқашан негізгі идеядан кең әрі жан-жақты болады. Сол үшін де мәңгілік ұғымымен біте қайнасуға жанр, стиль немесе автор категориялары емес, дәл осы «образдылық» ұмтылады. Осыдан келіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәсүрімен, ырым-нанымымен, дүниетанымымен өзектес мәңгілік образдар, мәңгілік сөз-образдар (символдар)дүниеге келеді. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді» [3, 8], – деген екен Х.Досмұхамедұлы. Ал француз әдебиетшісі Г.Лансон болса осы туралы өз ойын былайша жеткізеді: «...Мы изучаем историю человеческого духа и национальной цивилизации в их литературных проявлениях».

Әсіресе, образдылықтың көркемдік санадағы орны қазақ әдебиетінде айқын көрінеді. Себебі, «Қазақ әдебиетіндегі көркемдік сананың даму сипатын даралаған оған тән өзгеше, өзіндік феномен – фольклор мен жаңа жазба әдебиеттің арасында ауызша авторлық әдебиеттің «делдалдық» жоралғы жасағандығы» [3, 301-302]. Бұл, әлбетте, әдебиетімізде көркем образдардың көрінуінің алуан арналы, сан сипатты болуына септігін тигізді.

«Әрбір халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» [3, 9], – дейді Гегель. Этностардың осындай даралықтары, яғни тарихи санасы тұлғалана түскен сайын «ұлттық рухтың» халықтың сын-сипаттары мен идеясын бедерлейтін «образ» арқылы айғақтап, «ұлттық мінез» ұғымымен өзара (өзге де халықтар әдебиетімен байланысу) нақтыланады немесе бір сөзбен айтқанда, мәңгілік образдарға ұласады.

Бұл жұмыста образ категориясының теориялық тұстары мен қазақ әдебиетіндегі мәңгілік образдар жанрының ерекшеліктері туралы сөз болады. Осы мәселелер әлем әдебиетімен тығыз байланыста қаралады. Жұмыс барысында төл әдебиетімізде қалыптасқан мәңгілік образдардың ерекшеліктері топтастырыла отырып, өзіндік түрлері айқындалды. Сондай-ақ, мәңгілік образдардың генезисі тұрғысынан көптеген ішкі және сыртқы факторлардың әсері туралы баяндалады. Соның ішінде халық дүниетанымы мен ұлттық идеяға баса назар аударылады. Әрбір қазақ мәңгілік образдарының жекелеген тобына келтірілген мысалдар тек бір ғана дәуір әдебиетінен емес, сан ғасырлар бойы қалыптасқан әртүрлі кезеңдерінен алынды. Ол мысалдар әлем әдебиетінде танымал үлгілермен салыстырылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі.Осы уақытқа дейін мәңгілік образдар дегенде Прометей, Гамлет, Дон Кихот сияқты әлем әдебиетінің кейіпкерлерін атап келдік. Әрине, өйткені олар бір ғана кейіпкердің емес, жалпыадамзатқа ортақ қасиеттерді қамтиды. Бірақ мұнда ұлттық идея, ұлттық сана және ұлттық мінез деген ұғымдар мүлдем ескерілмейді. Олай дейтініміз, аталмыш мәңгілік образдардың берілу жолдары мен тәсілдері кейбір халықтың санасына жат болып шығуы мүмкін. Сол себепті мәңгілік образға негіз болатын мәңгілік тақырыпты, идеяны өзек ете отырып, әр халық өз ұлттық идеясы мен мінезіне сәйкестендіре отырып мәңгілік образдарды тудырғаны дұрыс. Өйткені, «ұлттық идея дегеніміз – этностың мезгілдік һәм мекендік факторлар арқылы айқындалатын тәжірибесі, танымы және талғаммен байланысты, бірте-бірте жаңғырып-жаңаланып отыратын, бірақ өзіндік ішкі белгілерін жуық арада жоғалта қоймайтын табиғи-тарихи әрі тылсымдық бітім-болмысының сана-сезімінің, мінезі мен мәдениетінің, соған сәйкес туындайтын әлеуметтік мұрат-мүдделері мен мәдениетінің, қимыл-қозғалыыстарының жалқылық та, жалпылық та мәнін жинақтайтын ұйытқысы» [3, 10-11].

Басқаша айтқанда, образдар дегенде тек әлем әдебиетінде өз орнын иеленіп қойған Шекспирдің, Сервантес пен Толстойдың Гамлет, Дон Кихот, Анна Каренина сияқты кейіпкерлерінің бейнелері көз алдымызға келетіні рас. Алайда осы уақытқа дейін мәңгілік образдар жекелеген халық дүниетанымы тұрғысынан қаралмай келеді. Жұмыс мәңгілік образдардың дәл осы қырына байланысты жүргізілді. Сонымен қатар образ категориясы мен мәңгілік образдардың жанрлық ерекшеліктері, шығу тарихы, яғни генезисі және әлем әдебиетінде танымал мәңгілік образдар да назардан тыс қалмады. Аталмыш мәселелер тек қана теориялық тұрғыдан баяндалмай, мысалдар негізінде жақсы талданған. Ал екінші тарауда қазақ әдебиетінде де мәңгілік образдардың бар екендігі дәлелденіп, олар «жекелеген», «жиынтық», «мәңгілік сөз-символдар» сияқты түрлерге топтастырылған. Әрбір түріне нақты мысалдар келтіріліп, олардың әдебиеттегі әр кезеңіндегі көрінісі баяндалады.

Көркемдік ойлаудың қай сатысын алып қарасақ та біздің төл әдебиетіміздегі образдар жүйесі үнемі ұлттық рухпен өзектес болып отырған. Сондықтан да қазақ әдебиетінің мәңгілік образдардың түрлері мен жүйесімен басқа әлем әдебиетімен сылыстырғанда анағұрлым бай. «Б.Л.Пастернактың: «Образ – объективное свойство человеческой культуры. Искусство реалистично тем, что не само выдумало метафору, а нашло ее в природе «свято произвело», – деп атап көрсетуінде үлкен мән бары анық» [3, 136].

Жұмыстың зерттелу деңгейі.Әдебиет теориясында «образ» және «образдылық» ұғымдарына М.Хасенов, Т.Есембеков, А.Шәріп, Т.Кәкішев, А.Абуталиева, З.Ахметов, С.Қасқабасов, З.Қабдолов, Р.Әлмұханова, ж.Дәдебаев, М.М.Бахтин, Г.Уэллс, Л.Тимофеев, т.б. зерттеуші-ғалымдардың еңбегінде әр қырынан қарастырылады.

Зерттеу нысаны.Жұмыста оқиға желісінде мәңгілік образдар айқын суреттелетін көркем туындылар қарастырылды. Бұл орайда, халықтық жырлардан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», мифтік сюжетке құрылған «Көрұғлы» дастандары, халықтық әпсаналар, сюжеті шағын сатиралық әңгімелер мен аңыздар, Жиембет, Доспамбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Мұрат, Бұқар секілді жыраулар мен зар заман ақындарының дидактикалық толғаулары, Мағжан мен Мұқағали секілді біртуар ақындардың өлең шумақтары, М.Әуезовтің «Абай жолы», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», С.Жүнісовтің «Ақан сері», Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» сияқты көркем шығармалары арқау болды. Сондай-ақ, қазіргі заман әдебиетінен Т.Тәшенов, Н.Ораз, Қ.Түменбай, Н.Оразалиннің өлеңдері мен проза жанрындағы туындылары да назардан тыс қалмады.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері.Дипломдық жұмысқа нысан болған мәселенің шешімін іздеуде қазақ және шетел әдебиеттануының жетекші өкілдерінің, зерттеуші ғалымдарының еңбектері негізге алынды. Атап айтқанда, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, З.Ахметов, Т.Кәкішев, Ж.Дәдебаев, З.Қабдолов, С.Қасқабасов, Р.Сыздық, М.Хасенов, Т.Есембеков, А.Абуталиева, С.Негимов, А.Ісімақованың еңбектеріне сүйенсек, әлем әдебиеттанушыларынан Л.Тимофеев, Г.Лебон, М.М.Бахтин, А.Абдрахманов еңбектеріндегі теориялық-әдіснамалық тұжырымдар назарға алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.Антропоөзектік ы. Әрбір теориялық тұжырымдар нақты мысалдармен дәлелденіп отырды. зерттеулер жүргізуде, халықтың дүниетанымы мен болмысын тануда жаңа дереккөзінің табылуы. Ұлттың әдебиетіндегі мәңгілік образдар жүйесі арқылы сол халықтың өзін тануға жаңа мүмкіндіктің тууы. Мәңгілік образдарды көптеген, бірімен-бірі өріліп жатқан образдар жүйесінен айнытпай тану да оңай іс емес. Сол үшін олардың өзіндік белгілерін білудің маңызы зор. Сонымен, мәңгілік образдардың шартты түрде мынадай белгілерін ажыратып алуға болады:

* мәңгілік образдар бейнеленген шығарманың өміршеңдігі. Өміршеңдіктің өзі шығарманың мәңгілік тақырыптарды қозғауымен, халықтың рухани-мәдени дәстүріне арқа сүйеуімен, тіл тазалығымен, сұлулығымен, көркемдігімен төркіндес;

* образдың өміршеңдігі, яғни оның тек шығарма көлемінде қалып қоймай, халықтың санасына, тұрмысына, тіпті сөздік қолданысына да еніп кетуі. Мәселен, адам ол туралы шығарманы, аңыз-әңгімелерді оқымауы да мүмкін, бірақ Дон-Жуан, Қожанасыр, Судырахмет десе,олар туралы санасында түсінік болады: Дон-Жуанның қызқұмар, сезіміне тұрақсыз екендігі, Қожанасыр дегенде аңғал, аңқау адамның, ал Судырахмет десе, бірден өтірікті судай сапыратын адамның образдары елестейді. Бұл – образдың қоғамға, адамдардың күнделікті тұрмысына енуінен болатын құбылыс;

* образдың міндетті түрде жалпыадамзаттық немесе жалпыхалықтық маңызға ие бір тақырыпты арқалауы;

* образдың өзі немесе оның прототиптік бейнесінің басқа да шығармаларда көрініс табуы;

* образдың басқа да елдердің әдебиетіндегі мәңгілік образдарымен сарындас, үндес болып келуі (олардың бір дәуірдің шығармалары болуы шарт емес);

* образдың барынша халыққа жақын болуы.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінде де мәңгілік образдардың бар екендігі дәлелденіп, олар «жекелеген», «жиынтық», «мәңгілік сөз-символдар» сияқты түрлерге топтастырылды.

1 ТАРАУ. КӨРКЕМДІК КӨКЖИЕГІНДЕГІ ОБРАЗДЫЛЫҚ

Көркем шығарманы оқып, талдау барысында кейіпкер бейнесін танытудың кейбір белгілері – оның сыртқы келбеті, іс-әрекеті, сөз сөйлеу, ойлау ерекшеліктері, автордың кейіпкерге, қоршаған ортаға қатысы ашылады.

Кейіпкер, оның характерінің дамуы, сюжеттік желі болмаса, тұтас құрылым – композиция болмаған болар еді, көркем туынды шықпас еді. Көркем шығарманың образдар жүйесін, кейіпкерлер характерін талдау туындының идеялық-тақырыптық мазмұнына, композициялық құрылымы мен сюжеттік желілеріне мұқият зер салуды қажет етеді.

Әрбір әдеби шығарманың бойындағы көркемдік элементтердің кез келгені өзіне тиісті эстетикалық жүк көтеріп тұрады. Олардың қай-қайсысы болмасын туындының идеялық -саяси мәнінің ашылуына септігін тигізері сөзсіз.

Дегенмен, қай кездегі, қандай жағдайда жазылған, нендей мәселе көтерген шығарма болмасын, ондағы тәлім-тәрбиелік ойдың жүзеге асуында көркем кейіпкерлер қатынасының орны бөлек екендігі дау туғызбаса керек. Өйткені, адамдар, олардың өзара қатынасы арқылы ғана биік адамгершілік идеяларды қабылдаймыз, басқа ешқандай заттар, табиғат құбылыстары мұны жеткізе алмаған болар еді.

Бұл ежелден келе жатқан айқын тұжырым. В.Г.Белинский Салтыков-Щедрин Кольцов туралы мақаласында: «Табиғат қаншалықты әсем болғанымен көркем өнерде екінші кезектегі мәселе, ал ондағы негізгі нәрсе – адам болуға тиіс. Адам – әдебиет пен өнердің кейіпкері» [3, 58], – деп жазады.

Байқап отырсақ, біз көркем шығармалардағы болмысты, өмірді кейіпкерлер арқылы, олардың бір-бірімен қатынасы арқылы ғана көз алдымызға елестетіп, ондағы көңіл көкжиегінен көрінер суреттерді көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезінеміз. Кейіпкердің қимыл-әрекетінің, ой-сезімінің жақсысына сүйініп, жаманына күцініп, автормен бірге толғанып, толқимыз. Соның нәтижесінде ішкі жан дүниеміз кеңейіп, оқыған туындымыздан рухани азық, эстетикалық ләззат аламыз.

Көркем шығарманы талдау барысында бір ғана кейіпкерге әрі драмалық, әрі комедиялық, әрі сатиралық бейне ретінде қарауға болады.

Шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне, мінез-құлықтарын талдау негізінде оқырманның рухани әлемін, дүниетанымын байытуға, оларды биік адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуге көмек етеді. Оның тақырыптық мазмұнын, кейіпкерлер жүйесін, ой толғаныстарын, ішкі рухани дүниесін, қимыл-қозғалысын бір-бірімен тығыз бірлікте саралау үстінде шығармадағы идеялық-тәрбиелік мақсаттар кәдеге жарамақ.

Көркемдік шарттарының ең қарапайым, әрі ең негізгісі – көркемдік шындық. Көркемдік шындық – қаламгер санасында екшеліп, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмір шындығының бейнелі көрінісі. Көркемдік шындық көркем образ арқылы жасалады. Шынайы өмірде әрбір адам қандай маңызға ие болса, көркемдік әлемінде көркем бейне де, нақтылай айтканда, әдеби қаһарман да сондай рөл атқарады.

дебиеттану ғылымындағы образ категориясы және мәңгілік образдардың жанрлық ерекшелігі

Әдебиетті басқа өнер түрлерінен ерекшелендіріп тұратын нәрсе – оның өмір шындығын көркем жеткізуінде екенін атап өттік. Алайда, бұл – көркемдіктің сыртқы формасы ғана. Ал оның ішкі жағын түсіну үшін кез келген екі шығарманы алайық. Екеуін де көркем әдебиет талаптарына сай дегенімізбен, ішкі сапалық жағынан біреуі өте жоғары, әсерлі, енді біреуінің ішкі сапалық көрсеткіші жағынан мүлдем төмен болуы мүмкін. Оқырмандардың жиі «мына шығарманың көркемдігі аса жоғары екен» деп бағалап жатады. Сонда «туындыны ерекше көркем, тартымды етіп көрсетіп тұрған не нәрсе?» деген сұрақ туындайды. Аталмыш ерекшеліктер шығарманың образдылыққа қанық болуында. Шығармасын образдылыққа бай ету – кейбір ақын-жазушыларда жақсы дамыған, кейбірінде аса дамымаған болуы мүмкін. Демек, образдылық дегеніміз – автордың өмір шындығын, ақиқатты барынша шынайы, әрі көркемдік бояуын қанық, үйлесімді етіп жеткізуі.Мысалы, алдымызға қойылған суреттен адам, жаңбыр, қолшатыр сияқты үш түрлі нәрсе көретін болсақ, онда суретте үш түрлі образ бар дей алмаймыз. Өйткені, үшеуі бірігіп, біртұтастылықта ғана бізге қажетті образды бере алады. Яғни, образдылық дегеніміз – жекелеген кішігірім образдардың қосылып, жүйе түзуі.

В.Г.Белинский: «Ақын образбен ойлайды, ол шындықты дәлелемейді, көзге елестетеді», – дейді. Ал адамзаттың дарынды тұлғаларының бірі – Антуан де Сент Экзюпери былай деген екен: «Көркемдік құдірет шығармаға ештеңе қосуға болмайтын жерде емес, керісінше, одан ештеңе алып тастауға болмайтын жерден басталады» [4, 36].

Сөз өнері жайлы барлық пайымдаулардың келіп тірелетіні, әдебиеттану ғылымының басты әрі ең өзекті мәселелерінің бірі – образдылық және оның нәтижесі – образ.

Адам мәселесі сонау ерте замандардан бері баршаның қызығушылығы мен назарын өзіне аударып, түрлі ғылым салаларының зерттеу нысанына айналды. Зерттеулердің кейбірі адам көңілін толтыратындай деңгейде емес болса, енді бірі – зерттеу нысанын толық әрі жан-жақты зерттеген, мазмұны терең еңбектер. Адам – сезімі мен ақылы, тәндік және рухани әлемі әр қырынан зерттеліп келе жатқан аса маңызды жаратылыс. Адамның болмысына, қабілет-қасиеттеріне көңіл аударсақ, бойынан мүлдем бір-біріне қарама-қарсы тұстары кездесетінін көреміз. Мысалы, кей кездері балдай тәтті қасиеттері айқын көрініптұрса, енді бірде адам жеритіндей кездері болады. Кейде кішіпейілділігімен баршамен оңай тіл табысып кетсе, енді бірде бойын өркөкіректік кернеп, жалғыз қалады. Кейде оңбайтын опасыз болса, енді бір кезде бүкіл ішкі әлемі жарқырап, сәулесін төгеді. Кейде пайдақор, өзімшіл болса, енді бірде асқан жомарт болады. Кейде одан өткен жауыз болмаса, енді бірде одан асқан мейірімді болмайды. Кейде саналы, парасатты болса, ендібірде ақылсыз бір жаратылысқа айналады. Әсіресе осы сұрақтарға жауап табу үшін қаншама ғалымдар том-том кітаптар жүргізді, түрлі тұжырымдар айтты.

Кез келген шындық алдымен адамның рухында бір негіз ретінде пайда болады. Сосын ол жүрек арқылы сезіледі. Кейін сөзбен немесе қаламмен жан бітіп, асылдана түседі. Яғни, әдебиет басқа ғылым салаларына қарағанда адамды жырлауда, оның жақсы-жаман қасиеттерін көрсетуде, әлемді тануда, уақытқа тәуелсіздігінде адам болмысына әлдеқайда жақын тұрады. Сондықтан болар адамның Жаратушысынан кейін рухани күш-қуатты сөз өнерінен алатыны. Ал сөз өнерін тудырушы ақын-жазушылар ақиқат әлемін адамға көркем формада жеткізу үшін рухани әлеміне бойлайды. Ақын немесе жазушының рухани әлемі дегеніміз – көркем образдар дүниесі. «Художественный образ – это истинная связующая нить между жизнью и искусством, бытием и сознанием, одновременно социальное, художественное бытие» [2, 58]. Басқаша айтқанда, бүкіл көркемдік атаулы образдар негізінде дүниеге келеді. Образдар жүйесінің тереңіне бойламас бұрын «образ» деген ұғымның теориялық байламдарын түсініп алу керек.

Негізі, образ ұғымы кең және тар мағынада қолданылады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Мысалы: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деген жолдағы образдылықты поэтикалық, стильдік тұрғыда қарастыруға болады, бірақ онда бұл образдың басқа мәндері назардан тыс қалып қоюы бек мүмкін» [5, 64].

Образ түсінігін кең ауқымда қарастырғанда, оны автордың дүниені тану, бағалау және бейнелеуінен туындаған нәтиже деп қарау керек.

Сонда «образ жасау дегеніміз – шынайы немесе ойдан шығарылған жеке құбылыстардың жалпы және жалқы қасиеттерін таным мен сезім арқылы ерекшелендіре көркем белгілеу. Сонымен қатар, көркем образ – жазушының болмысқа деген идеялық-эмоциялық көзқарасы, дүниетанымы мен ой өрісі, берер бағасы деушілер көп, яғни, жалпы айтқанда, оны көркем мазмұн деп қабылдау жиі кездеседі. Образ – өмірді шығармашылық түрде жинақтап қорыта көрсету құралы деген пікірді де ұмытпаған жөн» [5, 64].

Даралау және жинақтау – автордың көркем образ көмегімен шынайылықты бейнелеудегі тәсілі. Бірақ көркем образ кейде өмірлік жағдаяттарға сәйкес бола бермейді, себебі олай етпегенде, абстрактілі ауқымдағы образдардың табиғатын ұғу қиынға соғатын еді.

Көркем шығарманың идеялық, сюжеттік мазмұны образдық жүйеге байланысты, сол үшін көркем мәтіннің мазмұны мен көркем бейнелеудің нысанын шатастыруға болмайды, себебі олардың зерттеу объектілері мен құрылысы бір-бірінен ерекшеленеді.

Образ – ақиқатты танудың тәсілі мен формасы, ол сезімдердің біркелкілігімен және мағыналық бөлшектердің жалпылығымен сипатталады және өз көркемдігін әдебиеттің әртүрлі жанрларында көрсететін тарихи тұрақсыз категорияларға жатады.

«Көркем образдарды бейнелеуде аналитикалық және синтетикалық тәсілдер жиі қолданылады, яғни автор талдау, таңдау, сараптауды образды жан-жақты ашу қолданады. Көне гректерде өнердің құдайы мың көзді Нерон болған екен, яғни автор көркем шындықты таныту үшін таным, сана, білім, білік, сезім, көз, көкейкөз, қиял сияқты негіздерді пайдалануы керек деген сөз» [2, 65].

Образдарды таңдауда, оларды көркем мәтінде жан бітіру, дамыту жолында әр қалам иесінің өз әдіс-тәсілдері, ұстанымдары болады. Әдеби шығарманы оқу барысында образдар арасындағы ішкі және сыртқы өзара байланыстар байқалады, сөйтіп образдық құрылымның жаңа қырлары да айқындала бастайды. Образды ерекшеліктеріне қарай жіктеудің бірнеше жолдары бар. Олар өз кезегінде образ түрлерін белгілеудің бірнеше факторларына (әдістік, тектік, тәсілдік) байланысты бөлінеді. Мысалы, осы уақытқа дейін көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ романтикалық және реалистік образ; әдеби тек тарапынан келгенде, образдар эпикалық, лирикалық және драмалық образдар; ал жалпы жасалу тәсілдеріне қарай, юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық және геройлық образдар болып бөлінеді деп келдік. Қазіргі таңда әдеби туындының образдар жүйесін жасаудың жаңа зерттеу жолдары пайда болды. Сол бағыттардың бірі көркем шығарма әртүрлі образдардан (образ-персонаж, образ-нәрсе, пейзаждық образ, образ-деталь) тұрып,олар өзара бағыныңқы және басыңқы қатынаста болатындығын, бірігіп макро мен микрообраздар түзетінін алға тартады. Сондай-ақ образдарды нақты болмысқа қатыстылығына қарай шартты, нақты, романтикалық, абстрактілік және модернистік, ал тақырыбы бойынша образ-адам, образ-зат, идея, сезім, бояу, дыбыс деп те бөліп жүргендер бар.

Образдарды айырмашылықтыры мен өзара ұқсастықтарына, жалпы типологиялық белгілеріне қарап та жіктеуге болады: «өлілер мен тірілер» (Н.Гоголь), «қызыл мен қара» (Флобер), Еламан – Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов); кейіпкерлер жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы иеленетін лауазымына қарай авторлық позицияға сай жүйемен, ретпен, тәртіппен орналасуына үлкен мән беріп отыру керек. Көркем әдебиетте мәңгілік образдар мен бейнелер де әр кезеңде өзінше баяндалып және бейнеленіп отырады. Кейбір кездері мифологиялық пен фантастикалық образдардың үздіксіз дамуы нәтижесінде архетип деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін. Себебі, образ бен символдық бейне арасындағы қатынас тым күрделі. Осы тұста С.Аверинцевтің: «Кез келген образ белгілі бір деңгейдегі символ» [5, 64], – деген пікірге ойлана қараған дұрыс.

Енді аталмыш образдардың арасында қазіргі таңда әдебиетте жиі кездесетін түрлеріне тоқталып өтейік.

· Образ-эмблема. Г.Н.Поспелов образ-эмблеманың мазмұнында бағалауыштық қасиеттің басым, сондықтан оның көбінесе бейнелеу, мүсін өнерлеріне тән екендігін айтады. Эмблемалық (гр. «сәнді әшекей») образ тұрақты, бірқалыпты. Ол көркем шығарма идеясының құпиялылығын арттырады.

· Образ-символ. Образдың бұл түрі тілінің аса көркемділігімен ерекшеленеді. Кез келген образ символға айналғанда ол тереңдей түседі, тіпті кейде образ-символды ашу, оны түсіну қиынға соғады. Образ-символдың бастапқы негізі түрлі зат атаулары, жан-жануарлар, аспан денелері болуы мүмкін. Кейде би түрлері, еңбек құралдары да символ бола алады. Образ-символ, керісінше, үнемі динамикалық қалыпта болады. Символдың қарапайым заттардан айырмашылығы: заттарға адам әдетте өзі қарайды, зерттейді, ал символ «өзі жұмыс істейді», яғни ол өзі адамдарға қарап тұрғандай болады. Ницше айтпақшы: «Тұңғиыққа ұзақ уақыт көз тігіп тұрсаң, күндердің бір күнінде тұңғиықтың өзі саған қарайтын болады». Шебер жасалған образ-символ әрқашан ауыспалы мағынада,жасырын теңеулер түрінде кездеседі.

· Образ-миф. Образдардың бұл категориясында, аты айтып тұрғандай, ешқандай нақтылық, жанасымдылық болмайды. Ол көбінесе адамзаттың «әлемді тану» қалауынан туындайды.

· Мәңгілікобраздар. Оларға әлем әдебиетінің кейіпкерлері жатады: Прометей, Эдип, Кассандра, Гамлет, Дон-Жуан, Фауст, Дон Кихот, Ләйлі мен Мәжнүн, Ескендір, т.б. Мәңгілік образдар өз маңыздылығын ешқашан жоймайды. Олар бойына бір ғана қаһарманның сипаттарын жинамайды, тарихи және жалпыадамзаттық бастауларға негіз болған қасиеттерді қамтиды.

Көркем образдардың типологиялық жіктелімінде И.Ковалин мен М.Коцюбинскийдің мегаобраз, макрообраз және микрообраздар туралы теориясын да қарастыруға болады.

· Мегаобраз (гр. «орасан, зор») шығармаға тікелей қатысты болады, әдетте шығарма мәтіннің өзі тұтастай мегаобраз ретінде қабылданады. Ол өзіндік эстетикалық құндылығымен ерекшеленеді және әдебиеттанушылар оларды бөлінбейтін біртұтастылық деп қарастырады.

· Макрообраз (гр. «кішкентай») көркем ойлаудың әрі қарай бөлшектеуге келмейтін бірлігі. Ол бір ғана сөзбен (Таң. Түн. Жаңбыр.), сөйлеммен немесе абзац арқылы берілуі мүмкін.

Эпикалық туындылар (мегаобраз) бірнеше макрообраздардан тұрады. Ал проза жанрында, И.Ковалин мен М.Коцюбинскийдің концепциясына сәйкес, қарапайым және күрделі микрообраздар да кездесе береді.

Әдебиеттану ғылымының тарихында образды прагматикалық тұрғыдан қарастыру да кездеседі. Бұл пікірді жақтаушылар образды соңына дейін тануға және түсінуге болады деп есептейді. Егер ол мүмкін болса, онда Гамлет, Дон Кихот, Эдиптердің ешқандай құпиялық қырлары қалмайтын еді. Прагматиктер «образдар қоғамға, тіпті жеке адамдарға да ешқандай пайда келтірмейді» дегенді алға тартады. Бірақ олар образдардың эстетикалық, көркемдік қырларын мүлдем ескермейді. Сол үшін бұл пікір көпшілікте аса қолдау таба қойған жоқ.

Көркемдік шарттарының ең қарапайым, әрі ең негізгісі – көркемдік шындық. Көркемдік шындық – қаламгер санасында екшеліп, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмір шындығының бейнелі көрінісі. Көркемдік шындық көркем образ арқылы жасалады. Шынайы өмірде әрбір адам қандай маңызға ие болса, көркемдік әлемінде көркем бейне де, нақтылай айтканда, әдеби қаһарман да сондай рөл атқарады.

Әдеби қаһарман – сөз өнеріндегі адамның жан-жақты кейіпте көріну шарттарының бірі болып табылатын көркем бейне. «Әдеби қаһарман» термині екі мәнде қолданылады:

1) Шығарма кейіпкерінің айрықша жағдайын баса көрсетеді, яғни өзге де кейіпкерлермен салыстырғанда, ол бас кейіпкер болып есептеледі де, сол себепті ол туындыдағы проблемалық-тематикалық салмақты көтереді. Қосалқы кейіпкерлерді бейнелеу барысында көбінесе дәстүрлі арнада қалатын қаламгер бас кейіпкер бойына өзінің көркемдік-жаңашылдық ізденіс-талаптарын да жинақтап көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, кей жағдайларда «әдеби қаһарман» ұғымы шығарманың барлық кейіпкерлеріне қатысты қолданылады.

2) «Әдеби қаһарман ұғымы дегенде, адамның біртұтас бейнесі, яғни, кескін-кейпі, ой-сезімі, әрекеті мен рухани әлемі жинақтала түсіндіріледі. Бұл орайда «әдеби қаһарман» ұғымы «характер» терминіне жақын келеді. Егер «әдеби қаһарман» ұғымын тарлау мағынада қарастырар болсақ, ол жеке адамның табиғи болмыс-бітімін, оның ішкі психологиялық күйінің бір бөлшегін білдіреді.

Кейде оқырман күнделікті өмірдегі адам мен әдеби қаһарманды бірдей ұғым ретінде қабылдайтыны бар. Бұл жағдай, әсіресе, әдеби қаһарманның өмірдегі прототипі болғанда ерекше байқалады. Алайда, прототип пен әдеби қаһарман бір ұғым емес. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбайдың таза көшірмесі деп түсінуге болмайды. Өйткені, әдеби қаһарманда қаламгер концепциясы жинақталады да, соған орай кейіпкер жасалады. Әдеби қаһарманның бірегей бітімі мен мән-маңызы тек қана аталмыш туындының жалпы жүйесінде айқындалады. Әдеби қаһарманның мән-маңызы мен ерекшелігі «қаһарман – қаламгер» мәсәселесі аясында мейлінше толық танылады. Әдебиет теоретигі М.М.Бахтин пікірі бойынша, кейіпкер мен қаламгер ара қатынасын екі жағдай белгілейді:

1. Автордың өз кейіпкеріне қатысты ұстанған позициясы. Бұл тұста авторлық позицияның анық көрінуі де, жасырын тұруы да мүмкін болатынын ұмытпау қажет. Авторлық позицияға байланысты кейіпкер халықтық қаһарманға айналуы да, керісінше, келемеж-кекесін нысанасына айналуы да мүмкін.

2. Шығарманың жанрлық табиғаты кейіпкер сипатына ықпал етеді. Мәселен, сатирада автордың өз кейіпкеріне көзқарасы психологиялық прозадағыдан басқаша болары анық.

Сонда әдеби кейіпкер дегеніміз – өмірлік фактілердің негізінде көркемдік бояуымен белгілі бір идеяны мегзейтін адам өмірінің нақтылы, жинақталған бейнесі. Кейіпкер әдебиеттану ғылымында өзінің шығармадағы орны мен қызметіне қарай кейіпкер (образ, персонаж), бас кейіпкер, қосалқы кейіпкер сияқты терминдермен аталады. Көркем шығармадағы бейнелі суретке қатысатын адамдардың бәрі де кейіпкер болады. Егер кейіпкер шығарма оқиғаларының нақ ортасында жүріп, сюжеттік оқиғалар жүйесін дамытатын болса, ондағы шиеленіскен түйіннің шешілуінде жетекші қызмет атқарып, автордың айтар идеясын аңғартса, онда ол бас кейіпкер болып саналады. Ал автордың айтар ойының ашыла түсуіне, оны толықтыруға көмек ететін кейіпкерлер қосалқы кейіпкерлер деп аталады.

Образды қай мағынасында алсақ та, өмір шындығын көзге елестету, жайнақы, жанды, тұжырымды түрде суреттеу арқылы жазушылар өз пікірін оқырмандарына ұсынады. Адам образын жасау үшін жазушы не өткен өмірді, не өз кезіндегі бір адамды негізге алады да, соны басқалардан жекелеп, көзге түсерлік етіп көрсетуге тырысады. Ол үшін ең алдымен керекті жайт – жеке адамға тән мінез. Әдеби мінез (литературный характер) – жайшылықтағы мінезден анағұрлым терең, анағұрлым кең. Күнделікті өмірде біз біреуді жеңіл мінезді не салмақты, ауыр мінезді кісі екен деп жатамыз. Мұның негізінде де бір адамды екінші адамнан айыру, жекелеу бары сөзсіз. Бірақ ол толық емес, адам мінезінің тек бір-ақ жағын көрсетеді. Көркем әдебиеттегі жеке адамға тән мінез: адамның мінез-құлқын, нанымын, сенімін, ой-пікірін, өмірге көзқарасын, психологиясын, күйініш-сүйінішін, басқаларға қарым-қатынасын, сөздік қорын, тіпті оны қолданудағы ерекшеліктеріне шейін қамтиды. Осылардың бәрін бір адамның бойына жинайтын сипат етіп шебер суреттеудің негізінде сол адамның бейнесі, образы, айнаға түскен сәуледей біздің көз алдымызда тұрады. Осыны образ не адам образы деп атаймыз. Жазушылар жеке адамға тән мінездерді жасағанда, адамның өмір жолдарын, іс-әрекеттерін баяндайды, сол арқылы оның мінезінің қалай қалыптасқандығын елестетеді. Жақсы не жаман мінез бір күннің не бір жылдың ісі емес, талай жыл, талайғы өмір соқпақтарының нәтижесі екендігін аңғартады. Көркем шығармадағы кейбір әдеби мінездің қалыптасуы өмірдің, өз ортасының әсерімен біртіндеп өсе келе мүсінделуі де, кейбірі белгілі қайшылықтардан кейін ғана қалыптасуы да мүмкін. Шығарманы ой көзімен оқыған кісіге мұны аңғару қиын емес. Көркем шығармадағы әдеби мінезді сөз еткенде, айрықша көңіл аударуды қажет ететін негізгі бір мәселе – кейіпкердің толып жатқан мінездерінің ішінен қай мінезін жазушы бірінші орынға қояды, қайсысын жекелеп, ерекше көзге түсерліктей етіп көрсетуге күш салады, міне, шығарманың идеясын айқындауда болсын, образдарды талдауда болсын, образдың бұл ерекшелігінің мәні зор.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбайды алатын болсақ, жазушы оның мінезінің сан алуан жақтарын суреттейді. Құнанбай – қатыгез, бекінгенге берік, ойлаған мақсатына жетпей қоймайтын, бірбеткей; сонымен қатар ол – ақылды, қимылдың, істің адамы, сөзге шешен, тілге жүйрік, қолы ашық мырза. Қысқасы, оның мінезінің сан алуан жақтары бар. Әйтсе де солардың ішінен, ең бірінші орындағы, ерекше көзге түсіп, мәңгілік есте қалатын мінездері – қаттылық, ел тізгінін өз қолында ұстаудағы шеберлік, әккілік, беріктік. Оның мінездерінің басқа жақтары сол негізгі мінезін толықтыра түсетін көмекшілік қана жұмыстар атқарады. Жазушы Абайдың әртүрлі мінез-құлықтарын сипаттай отырып, оның мінездерінің ішінен адамгершілік, жаңашылдық, отансүйгіштік, мейірбандық, ойшылдықты оған тән негізгі мінез, сипаттар деп бірінші орынға қояды. Оқырмандардың есінде берік сақталатын да Абай мінездерінің осы жақтары. Әрине, образдардағы әр алуан мінездерді, әсіресе жазушының негізгі деп бірінші орынға қоятын мінездерді тапжылдырмай тану, білу қандай керек десек, сол мінездердің туу себептерін білу де сондай керек. Көркем шығармадағы әдеби мінездердің басқаша емес, дәл солай боуының өзінде белгілі бір заңдылық болатындығын ұғып, оның сырын аша білсек қана шығарманың идеялық мазмұнын аша алуға болады. М.Әуезовты әдеби мінезді мәңгілік образдарды тудыруда тиімді пайдаланған шебер жазушы деп айта аламыз. Себебі, ол тұрмысы, моральдық қағидалар негізінде сұлулық, әсемдік талаптарына сай келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады.

Төрт томдық эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас Рахымдар өмірінің бас – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Осы туралы Жанақ ақын да:

Шынар құлап, түбінде қалды шірік,

Ел ұйтқысы бұзылды, мәйегі іріп.

Ел тентегін тиятын төреміз – сен

Өз қолыңнан ұрыға бердің құрық, –

деп ауқымы мен астарында қазақ қоғамының заманалық қалыбы түгел қамтылған өлеңінде жырлап кетеді.

«Р.Сыздықтың жазуынша, мұндағы шынар – біртұтас қазақ қоғамының образы, шірік – сол еркін елдің тәуелді, отаршылық күйге түскенінің образы, ұры – отарлаушы немесе езуші топ өкілінің образы, құрық – әкімшілік, билік тәртіптерінің бейнесі» [3, 164]. М.Әуезов те бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнелейді. Образ жасау шеберлігінің айқын үлгісін көрсетті.

Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер қаракесек, уақ, керей, матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, тоып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған. Міне, образдылық дегеніміз – осы.

Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтереді. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар.

Бір рулы ел жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр жағдайға орай дөп басып, баяндап отырады. Жазушы өзінің кейіпкер образдары арқылы өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап, дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды. Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөліімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.

М.Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез-қалыптарымен, сөйлеген сөздерімен арғы-бергі замандардағы небір ірі шығармалардағы мәңгілік образдарға айналған басшылардан, патшалардан, корольдерден, хандардан асып түспесе, кем соқпайды. Жазушы осындай жалпыадамзаттық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем мәңгілік қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде Темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып, екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі қайраткер, әрі дана, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр.

Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары – әже мен ананың перзентіне деген шексіз мәңгілік махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай), аға мен іні арасындағы қаяусыз мәңгілік адалдық (Абай – Оспан), мәңгілік махаббат (Абай – Тоғжан), өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай – Ербол), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай – Салтанат), ақындық шабыттың мәңгілік тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан мәңгілік бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің мәңгілік ыстық құшағы (жайлау суреттері) секілді қаншама кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, асқан зор шабытпен суреттеледі. Суретші-қаламгер бір-біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портреттерін жасады, олар мәңгілік образдардың тұтас көрмелерін толтыруға жетіп жатыр. Әуезов дүниеге әкелген әйелдер бейнелері бірінен-бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: Тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Батыр тұлғалы, азамат-жігіттері қандай: Базаралы, Балағоз, Оспан, Дәрмен, Әбіш.

Бір адамның, бір шаңырақтың, бір тайпаның, бір халықтың іштей жарылуы, осы іргеден туып өрістейтін неше түрлі психологиялық күйлер: түңілу мен үміт, қайратсыздық пен батырлық, надандық пен мәдениет, жақсылық пен жамандық, алауыздық пен бірлік, ең ақыры – өмір мен өлімнің соңғы айқасының сан қырлы түрлерін жан-жақты суреттейді. Осы сарын Қодар мен Қамқаның зорлықпен жасалған қанды өлімімен, намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі, ауыр сырқаттан жастайынан қиылған Әбіштің өлімі, ұрпағын өсіріп болған Зеренің разы өлімі, тасжүрек рубасыларының құрбандығына шалынған кішкентай Кәмшаттың ащы өлімі, кезінде нардай Құнанбайдың шымылдық артындағы сопылық, мінәжат өлімі, ең ақырында халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімімен ұласады.

Арада қанша уақыт өтсе де М.Әуезовтің бұл туындысына оралмайтын, оқымайтын қазақ кем де кем шығар. Тіпті, бұл – әлемнің сан алуан ғалымдары мен зерттеушілерін мойындатқан туынды. Мұның себебі, жазушының бір емес, көптеген мәңгілік образдарды дүниеге әкелуінде.

Сонымен, мәңгілік образ дегеніміз – талай ұрпақтардың тағдырымен екшелген, мәңгілік маңыздылығын жоғалтпайтын тақырыптардың жүгін арқалаушы бейнелер. Ол тақырыптарға, әдетте, Жақсылық пен Жамандық, Елдік пен Ерлік, Ізгілік пен Зұлымдық, Әділдік пен Әдептілік, Жастық пен Кәрілік, Татулық пен Араздық, Достық пен Дұшпандық, Адалдық пен Арамдық, Тектілік пен Азғындық, Тұтастық пен Бірлік, Махаббат пен Жеккөрушілік сияқты мәңгілік күрделі құбылыстардың өзара талас-тартыстары мен біте қайнасулары жатады. Мәңгілік образ – көркемдік көкжиегін кеңейткен, ішкі ағыс-толқындарға, нәзік иірімдерге бай, сөздік-образдық тоқылыстың күрделі түрі. Олардың басқа да образдардан басты ерекшелігі – өздерінің «тума» қасиеттерімен табиғи күйінде ұрпақтар игілігіне, сан ғасырлар мен дәуірлердің рухани қажеттіліктеріне жарауында. Мәңгілік образдар ұят, ар, намыс, мінез, уайым-қайғы, әділет, бірлік, имандылық, ақыл, қайрат, ғылым, мақтан, қуаныш, жұбаныш, еске сақтау, табиғат құпиясы, Жаратушы сыры, надандық, еріншектік, залымдық, махаббат, сезім және тағы басқа этикалық-философиялық ұғымдарға ой тастап, өзіндік талдауларын жасайды. Осылардың барлығы халықтық рухпен, асқан адамгершілікпен, мәдениетпен, өмірге, тұрмысқа, дүниеге, болмысқа деген ұлттық көзқарастармен ұштасып жатады.Әрине, аталған ішкі сырлар халықтың санасында сұрыпталса, ақын немесе жазушының қынаптан шыққан қанжардай суырылып жарқылдайтын сөз шеберлігі, көркемдік танымы, тәжірибесі арқылы сыртқа шығады. «Сөз өнерінің бұл табиғатын халықтың рухани мұрасының білікті жинаушысы, білімді зерттеушісі Мәшһүр Жүсіп былайша түсіндіреді:

- Сөз өнері өзі не нәрсе?

- Сөз – адам өнері. – «Өнер алды – қызыл тіл» - деген. Адамның ғазизлігі сөзбен болады. Көңіл – бір жатқан кеннің дариясы. Сонан шыққан сөз – жауһар. Тіл – бір болаттан жасалған өткір қанжар. Оның майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрі інжу. Көп адамның бір жерге бас қосқаны – бау-бақша жасалған сияқты. Соның ішінде сөз жеміс сықылды. Бұл дүние бір қараңғылықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын – ақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізетінен адамның жаны рақат алар...» - дейді. Осындай сөз бен көңілдің түйісуінен мәңгілік образдар дүниеге келеді. Мәңгілік образдарды көптеген, бірімен-бірі өріліп жатқан образдар жүйесінен айнытпай тану да оңай іс емес. Сол үшін олардың өзіндік белгілерін білудің маңызы зор. Сонымен, мәңгілік образдардың шартты түрде мынадай белгілерін ажыратып алуға болады:

* мәңгілік образдар бейнеленген шығарманың өміршеңдігі. Өміршеңдіктің өзі шығарманың мәңгілік тақырыптарды қозғауымен, халықтың рухани-мәдени дәстүріне арқа сүйеуімен, тіл тазалығымен, сұлулығымен, көркемдігімен төркіндес;

Наши рекомендации