Ілияс жазбаларының жанрлық құрамы
Ақсудың шыбығын мініп, кең даласының қосаяғын қуып өскен Ілияс бала күнінен бастап-ақ халқының рухани қазынасын құлағына құйып өсті. Айлы кеште, ұзақ түнде салқын самалда отырып қонақ айтатын әңгімені, құрбылары құбылтатын жұмбақты, әжелердің үнді әуезін, қыз бен жігіттің астарлы айтыстарын, әкесінің ертегін, мысалдары мен сын-сықақтарын қызыға тыңдап, құлшына жаттап есейді, ержетті. Ауыл арасында, ел ортасында болып жататын жиын-тойларды жағалап, әзіл-оспақтың, ұшқыр ойдың суырып салма шеберлері тудырған тапқыр сөздерді, ойлы нақылдарды, төгілмелі толғауларды, асқақ дауысты Әсет сияқты азаматтардың тамаша әндерін тамылжыта орындауға талпын-ды. Қос ішекке тіл бітірген ақпа күйші мен ат құлағында ойнаған сайыпкердің өнеріне сүйсінді. Өзі де соларға еліктеді.
Ел іші - ән мен күйдің кеніші. Соның нәтижесінде құймақұлақ Ілияс қазақ халқының шалқар ауыз әдебиеті мен музыкалық фольклорының асыл қорынан жастай сусындайды. Көптеген жырлар мен дастандарды жаттап өседі. Жас кезінде әкесі Жансүгірдің жинаған әдеби мол мұрасы да өз жәрдемін тигізеді. Оның ішінде батырлар жыры–«Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Төстік», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Құламерген» жыр- дастандарымен қоса махаббат дастандары «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», шығыстың қиса әңгімелері – «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы», «Мұңлық пен Зарлық», сондай-ақ Алдар көсе, Жиренше, Сары мен Қосай шешеннің,Төле би мен Бөлтірік батырдың өсиетке құрылған нақылдарын жатқа соқты. «Хат білген соң, өлең кітап оқитын болдым. «Қыз Жібек» қиссаларын мен оқығанда талай адам жылайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып, айтысып құтырған күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер өтті» ,- дейді Ілиястың өзі жастық күндері туралы.
Ілиястың жастайынан-ақ көпті білгендігін Ғали Орманов былай деп есіне алады: «...Ілиястың сарқылмас өлең-жырлары, әсем әні, шебер қалжыңдары мол болды. Желдіқара, Арқарлы адырлары мен Іле құмындағы елдерге қонып, Алматы аяғындағы Жәпек ауылына түнесек те, Iлияс не түрлі қисса-дастандар мен қызықты әңгімелерге жұртты қарық қылады да отырды... Ілиястың білгенін сол кезде өзі тұрғы ақын адамдардың біле қоюы неғайбыл еді».
«Қаракемер» совхозының тұрғыны Жұман Қабдолданов балалық шағында Ілиясты талай рет тыңдағанын, бір кеште оның күллі «Еңлік - Кебек» дастанын жатқа айтып бергенін айтады. Құсайын ШөкеновІлиястың ел аузындағы жырларды келістіре жатқа айтатынын мақтанышпен есіне түсіреді: «Домбыраның құлақ пернесін баптап алып, Ілияс «Қалқаман – Мамырды» бастап жіберген арада, екі үй кісіге лық толды.
Ілияс есімдері ел арасында құрметпен аталатын ақындардың — Сүйінбай мен Тезектің, Кемпірбай мен Шөженің, Жамбыл мен Құлмамбеттің, Біржан мен Сараның, Жанақ пен Түбектің, Әсет пен Ырысжанның айтыстарын, Абай мен Әріптің ойлы өлеңдерін, Құлдың қағытпаларын, Асанның толғауларын оқығанда да талайлардың таңдайын қақтырады.
Ілиястың сәби күнінен бастап – ақ ауыз әдебиетін қызыға тыңдауына, сүюіне әсер еткендер әкесі Жансүгір мен Әсет және қобызшы Молықбай, әңгімеші ана Алқа.
1920 жылы Ілияс ауыз әдебиеті үлгілерін жинайтын экспедицияға қатысады. Лепсі мен Қапал уездерін аралап, халық арасында ауызша сақталған тұрмыс-салт жырларын, мақал-мәтелдерді, өтірік өлеңдерді, Бақтыбайдың, Сүйінбайдың, Түбектің, Құлдың, Сараның айтыстарын жазып алды. Әсеттің әуендерін, тарихта болған адамдар мен жер–су аттарына байланысты аңыздарды қағазға түсірген. Халықтың талайдан ғасырдан-ғасырға созылып жатқан бай мұраларына көңіл тоқтатып қана қоймай, Диваевпен сырласып, пікірлесе жүріп, өзінің ауыз әдебиетіне деген көзқарасын біржола қалыптастырған. Осының бәрі өзінің халқының тарихын жақсы білуіне, арғысы мен бергісін салыстыруына, жеке аңызға, оқиғаға байланысты шындыққа көзін жеткізуге көмектесті. Ілиястың Ә. Диваевтың басшылығымен Лепсі мен Қапал уезін төрт айдай аралауы және осы сапарында ел әдебиеті туралы мол материал табуы ақынның өз халқына деген сүйіспеншілігін арттырды. Ілиястың бала күнінен ауыз әдебиетін қызыға тыңдауына, жаттап өсуіне, сүюіне, әкесі Жансүгірдің, әнші-ақын Әсеттің, ақын қыз Сараның әсері – бір төбе болса, аталмыш экспедиция құрамындағы іс-әрекеттің ықпалы бір төбе. Ендігі жерде Ілияс халық әдебиетінің асыл мұраларын көпшілікке ұсынуды жүйелі жүргізуге тиіс аса қажетті іс деп бағалайды әрі оның үлгісін өзі көрсете бастайды.
Жас шағында Ілияс халық ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілерін тыңдаушы, жаттаушы, мәнерлеп айтушы, халық арасындағы асыл мұраларды наихаттаушы ретінде көрінсе, білім алып, әдебиетке ден қоя бастағанда ел-жұрттың даналығын қастерлеп, оның мән-мағынасын терең сезініп, түсінуге талпыныс жасайды.
Жинаушының қолындағы ел қазынасы, негізінен, бүлдіршіндерге лайықты болғандықтан «Өтірік» те балаларға ықшамдалып, ыңғайланып дайындалады. Бұл туралы автор: «Ел өтірігі үлкендерден гөрі балалардікі, балалар әдебиетіне жатады. Себебі, бізде балалар әдебиеті әлі жасалмай жадағай жатыр, балалар жанына жағымды жаңа кітаптар жоққа тән. Жасалғанда да табан тасы, табалдырығы ауыз әдебиетінің үлгісінен өсуге тиіс. Олай болса, бұл жинақтың жарыққа шығуымен тигізетін қолқабысы қораш болмайды. Ермек үшінде, еңбек үшін де балалар әдебиетінің бүгінгіде, болашақтағы да жамауына жарайды. Мектептердегі тіл сабағына аймақты тануға, баланы баулуға бас білгі мұғалімдерге бұл жинақ бір қатар дерек береді. Осы оймен бұл кітапша балаларға бейім жазылды. Өтіріктен басқа өтірікке сыбайлас /жинақ аяғына қосымша/ от басындағы балалар сөзі, қысқа – қысқа балалар ертектері, ұсақ әңгімелер берілді» - дейді.
«Балалар әдебиеті», - деп жазды Ілияс сол жылдары, - әлі де жасалмаған әдебиет. Сондықтан менің бір ойым осы әдебиеттің жасалуына көмектесу еді. Бұл туралы «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәутеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірсыпыра еңбектер жазды.
Ілияс Жансүгіров 1930 жылы Қызылорда қаласында жарияланған «Жұмбақ» жаңа жинағына алпыс жеті жұмбақты пайдаланады. Жұмбақтарды үй сайманы, жаратылыс құбылысы, құрал-сайман тақырыптарына топтастырады. Алғашқысында - үйдегі мүліктер, екіншісінде - табиғаттағы күнделікті көріністер, соңғысында - адамның өмір сүруіне қажетті еңбек құралдары жұмбаққа айналдырылады. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың» бірнеше нұсқаларын қағазға түсіріп, олар жайындағы өзінің пікірін көпшілікке ұсынды.
Ілияс Жансүгіров 1934 жылы Қазақстан Кеңес Жазушыларының алғашқы съезінде жасаған «Қазақ Кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері» деген баяндамасында: «Ескіден келе жатқан ел әдебиеті – біздің қымбатты қазынамыз. Оның күрделісі – сөз, оның неше алуаны – ауыз әдебиетімен бірге тараған. Оның түрлерінде де сан жоқ: ертегі, жыр, мақал, тақпақ, жар-жар, беташар, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс өлең, қара өлең, ата өлең, тау өлең, өтірік өлең, жоқтау, шежіре, билер сөзі, ақындар айтысы, тағы да толып жатқан ел сөзінің бұлақтары бар. Бұлар сала-салаға бөлініп тексерілген жоқ. Бұл тексерудің тілге де, әдебиетке де көп пайдасы тиер еді. Бізге осы асыл қазынаны жиып, аршып, қорыту керек, ішіндегі керекті дәнін алу керек» деуі (3) – халық әдебиетін жинап жариялау құрғақ үгіт жолымен емес, жан-жақты дәлелдер мен тұжырымдар арқылы ғылыми негізде жүргізілуі тиіс екендігіне назар аударғаны М.Әуезовтің: «... қазақтың жоғалып, ұмытылып, тозып бара жатқан сұлу өнерін тірілтіп, тынбай жинау керек» (4) деген пікірімен сабақтастығын байқаймыз.
1. Ақындардың шығармалар жинағы. 2. Балалар әдебиеті туралы әр түрлі материалдар. 3.Батырлар туралы материалдар. 4. Бәдік жырларының жинағы. 5. 1916 жыл туралы. 6. Жұмбақтар. 7. Қазақ ауыз әдебиетінің жинағы. 8. Қазақ билерінің сөздері. 9. Қазақ жаңылтпаштары. 10. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-санасы жөнінде айтылған өлеңдер мен әңгімелер. 11. Қазақтың өткен ақындары туралы. 12. Қазақтың өткен билері туралы. 13. Қара сөздер. 14. Қоштасулар. 15. Қулар туралы материалдар. 16. Құдалық және құдандалық туралы ырымдар. 17. Мақал-мәтелдер. 18. Махамбеттің термелері. 19. Мамай батыр туралы поэмалар және материалдар. 20. Өткен батырлар туралы. 21. Сыңсу. 22. Тақпақ, мақалдар жинағы. 23. Шал ақынның шығармалар жинағы. 24. Шортанбай ақынның өлеңдер жинағы (1).