Массаждың түрлері
Массаж бірнеше топқа бөлінеді. Олар емдеу, гигиеналық, косметикалық және спорттық массаждар. Сондай-ақ осыларға қосылатын массаждың тағы бір түрі — адамның өзіне-өзі массаж жасауы (самомассаж).
Емдік массаж Бұл емдеу әдістерінің ішінде өзінше оқшау тұрған ерекше түрі. Оны тек дәрігер тағайындайды. Ал орындағанда білгір мамандар ғана жасайды. Олар емханада, санаторин-профилакторий сияқты медициналық-мекемелерде аурудың жағдайын тыңғылықты қадағалап отырады. Ол басқа комплексті емнің құрамына кіреді. Мысалы дәрі-дәрмекпен, физиотерапиялық емдік гимнастикалармен бірге жүріп отырса, аурудың жылдам айығып кетуіне толық мүмкіндік бар. Емдік массаж өзі жеке бірнеше топқа бөлінеді. Ол аурудың түріне, зақымданған не жарақаттанған жерге байланысты. Мәселен жүрек-қан тамыр ауруларына (жүрек ақауы, миокард инфаркты, гипертония, гипотония ауруларында) бір түрлі массаж, тыныс алу жолдары ауырғанда — басқа түрі, орталық не шеткері нерв жүйесі зақымданғанда тағы бір түрі қолданылады. Сол сияқты массаж операцияға дейін, одан кейін де кең қолданылады. Қысқасы, әр аурудың өзіне тән қолданатын массаждың тәсілдері, методикасы бар. Сондықтан емдік массажды тек медициналық білімі бар адамдар ғана жасай алады.
Гигиеналық массаж Массаждың бұл түрі сау адамдардың денсаулығын сақтау үшін, аурудың алдын алу үшін, ерте қартайып — тері солып қалмау үшін қолданылады. Ол барлық денеге немесе жеке бір мүшеге жасалады. Сол сияқты оны маман, әйтпесе әркім өзіне - өзі жасай алады. Гигиеналық массаж, ертеңгі жаттығулар сияқты таңертең орындалады. Қай мезгілде жасаса да оның артықшылығы жоқ, дегенмен таңертең ұйқыдан оянған сәтте денені сергітуге арналған. Себебі адам организмі бірден құлшынып тіршілікке ене қоймайды, ол күні бойы (ең болмаса түске дейін) біртіндеп таратылады. Әсіресе, қан қысымы төмен не буындары ауыратын адамдарға ертеңгі массаждьң көмегі өте қажет – ақ.
Сегменталды массаж Жұлыннан шыққан нерв талшықтары ішкі ағзаларға және дененің бір бөлігіне (тері, бұлшық ет, тканьдер т.б.) бірдей әсер етеді. Сонда адамның сыртқы және ішкі органдарының арасында тығыз байланыс болады. Осындай сезімтал аймақты ең алғаш орыс дәрігері А.А.Захарьин ашады. Ол жүрек ауырған кезде арқаның терісін сипалай отырып осы рефлексогендік белдеуді анықтайды. Кейін ішкі органдар мен сыртқы терідегі сезімтал аймақтың өзара байланысын неміс дәрігері Х.Гед тиянақты тексере отырып, анықтап шығады. Сондықтан осындай сезімтал рефлексогендік аймақты ашқан авторлардың құрметіне Захарьин Гед белдеуі не аймағы деп атайды. Көп ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, осы Захарьин Гед аймағы мен ішкі ағзалардың байланысы жұлыннан шыққан бірыңғай нерв талшықтары және шеткері вегативтік нервтер арқылы іске асады Дененің белгілі бір бөлігін деп тері, бұлшық ет, тері астындагы шелді қабат, дәнекер ткань, тамырлар, сүйек — барлығы нерв талшықтары арқылы ішкі ағзалармен байланысты. Сондықтан ішкі органдардың біреуі ауырса, бірден терінің бір жеріне беріледі. Мысалы, жүрек ауырғанда, оның әсері сол жақ иыққа, жауырынға, қолға беріледі. Егер сол жерлерді зер салып қараса, өзіне тән өзгерістері байқалады. Басқа қоршаған жерден гөрі бұл белдеуде электроөткізгіштік қасиет жоғары, терінің, температурасы көтеріңкі, бұлшық еттер қатты ауырып, сіресіп, өте сезімталдық байқалады. Осы анықталған белдеуге массаж жасағанда, науқасқа шалдыққан ішкі органда әжептәуір жеңілдік анықталады. Ол жерде қан айналымы жақсарып, зат алмасуы күшейеді. Сондықтан ішкі ағзалардың, әрқайсысына лайықты сезімтал белдеулері болады. Жұлынның арнайы сегменттері соған арналған. Массаждың түрлі тәсілдерін осы арнайы сезімтал белдеулерге колдана отырып, закымданған мүшені қалпына келтіруге болады. Ол үшін жұлынның сегменттерін анық білу керек. Барлығы жоғары реттеуші күштің қарамағында өтетінін еш уақытта естен шығармаған дүрыс.
Нүктелі массаж. Массаждың бұл түрі басқалардан өзгеше. Нүктелі массаж организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер етеді (2— 10 мм). Клиникалық тәжірибе және эксперименталды зерттеулер нүктелі массаждың әсерінен организмде айтарлықтай өзгерістер болатынын дәлелдеді. Массаж жасаған нүктеде терінің температурасы көтеріліп, электр өткізгіш қабілеті жоғарылайды. Оны жылжымалы тобископ деген прибор арқылы оңай анықтауға боладьі. Нүктелі массажды басқаша акупунктура немесе акупрессура деп те атайды. Нүктелі массаж инемен емдеу әдісіне ұқсас, нерв ұштарын тітіркендіреді. Биологиялық активті нүкте Захарьин-Гед белдеуімен үнемі сәйкес келмейді. Нүктелі массаж жасағанда әр түрлі тәсілдер қолданылады. Оның екі түрі бар: қоздыру және тежеу. Тежейтін нүктелі массаж бұлшық етті босатуға және ауырған жерді басуға бағытталады. Ол үшін бір нүктені—1,5 минут саусақпен нығарлап басып отырып. оң жаққа бұрайды (бұранда кіргізгендей), одан соң керісінше 6ұрап саусақты босатқандай басады. Арасында сәл кідіреді.
Қоздыратын нүктелі массаж Бұлшық етті қатайту үшін (әлсіреп босап кеткенде) колданылады. Ол үшін саусақты бір нүктеге қадап 20—30 секунд дірілдетеді. Әрбір осындай қимылдан соң қолды жылдам жұлып алады. Әрқайсысын 3 —4 рет қайталайды. Қазіргі кезде ғалымдардыд айтуынша, адам бойынан 695 нүкте табылған. Олардың тек 140— 150-ін ғана массажға колданып жүр. Соньң өзінде көптеген нүктелер өте сирек пайдаланылады. Нүктелі массаждың қасиеті нүктенің орналасқан жеріне, күшіне және ұзақтығына тікелей банланысты. Ол бір, екі, үш... саусақтармен немесе вибрациялық аппаратпен орындалады. Нүктелі массаж әр түрлі ауруларды емдеуге, спортта тірек-қимыл, буын зақымданған кезде немесе классикалық массаждың алдында денені босаңсытуға, биологиялық активті нүктелердің, тиімділігін арттырьш, басқа бір нүктелердің жұмысын тежей тұру тәсілімен қолданылады.
Классикалық массаждың орындалу тәсілдері.Сипау Массаждың барлық түрі сипаудан басталады. Себебі, массаж жасайтын мүшені сипау арқылы, яғни, жұмыс істеуге дайындау керек. Сондай-ақ, осы сипау арқылы массаждың барлық түрі аяқталады. Демек, массаж жасалып болғаннан кейін, сол мүшенің жағдайын бастапқы қалпына келтіру керек. Сипау әдісі, сол массаж жасайтын мүшені қозғамай, қай бағытта жасалатындығы анықталғаннан кейін ғана орындалады. Сипау үш бағытта жүреді. Ең әуелі, алақанның қарымымен орындалады. Екіншіден — алақанмен ауысып сипау арқылы орындалады. Үшіншіден — алақанның қарымымен сипап, аздап күш түсіру арқылы орындалады. Сипау әдісінің келесі бір түрінде теріні саусақтың ұшымен шымшылап созып жасайды. Бұл әдіс екі қолмен кезек-кезек орындалады. Бұл жүйе терінің созылғыштық қасиетін қалыптастырады. Демек, теріге уақытынсыз әжім түспейді. Терінің астындағы ұсақ қан тамырларының жұмыс істеу жүйесін реттейді. Алақанның қарымымен орындалған сипау — көктамыр және артериялық қан тамырларының жұмысын реттейді. Сондай-ақ, орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Салдарынан, бүкіл адам ағзасының жұмыс істеу қызметі реттеледі.
Сипау әдісін орындауға арналған әдістемелік нұсқау Сипау кезінде ағзаны босаңсыта білмеген адамның ағзасына тигізетін пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін. Себебі, массаж қабылдайтын ағзаның өзі сипау кезінде жүйке жүйесі қарсылық жасайды. Бұл көпшілігінде, адамның өзіне-өзі массаж жасаған кезде пайда болатын жағдай. Олай болатын себебі, адам өзі массаж жасаған кезде күш-қуатын жұмсайды, сол кезде бүкіл ағзаның жұмыс істеу қабілеті іске қосылады. Осы кезде массаж жасап жатқан мүше де босаңсудың орнына қатайып кетуі мүмкін.
Сипау әдісінің орындалуы Сипау әдісі ең әуелі, алақан қарымының толық жазылуымен орындалады. Әсіресе, қалың бұлшық еттің үстінде алақанды бірінің үстіне бірін қойып орындауға болады, аздап та болса жүктеме ретінде күш түседі. Бұдан кейін алма-кезек алақанның қырымен ұрып орындалады. Бұл әдіс те бұлшық еттің қалың жерінде қолданылады. Келесі әдіс — теріні саусақтың ұшымен шымшып тарту арқылы орындалады. Бұл әдіс ағзаға өте пайдалы. Терінің созылғыштың қасиетін жетілдіреді. Ең соңында массаждың барлық әдісі қолданылып болғаннан кейін шапалақтау әдісі орындалады. Әдіс ағзаның функциялық қызметін қалпына келтіру мақсатында орындалады.
Сылау Массаждың сипау әдісінен кейін орындалатын әдіс. Сипалау әдісімен салыстырғанда бұл әдістің өзіндік ерекшелігі сол, күш қолданылып орындалады.Сылау әдісінің түрлері — алақанның қырымен үйкелеу арқылы орындалады, алақанның қырымен алма-кезек ұру арқылы орындалады (бұл әдіс, сипау кезіндегі орындаумен салыстырғанда қаттырақ күш түсірумен орындалады). Екі қолмен айналдыра (спираль түрінде) орындау.Сылау әдісінің міндеті — бұлшық еттің созылғыштық қасиетін жетілдіру болып табылады. Уақытында жетілмеген бұлшық ет талшықтарын жетілдіру, бұлшық ет сарысуындағы жиналған керексіз қоспаларды ыдырату арқылы адам денесінен шығару. Бұлшық еттің қан айналымын жақсарту. Әсіресе, адамның буындарында жиналып қалатын тұз құрамын ыдырату арқылы жұмыс функциясын жақсарту.Сылауды қолдану адам ағзасы үшін ең пайдалы тәсіл. Сондай-ақ, сүйектің сынған жеріне сылауды қолдану да өте маңызды. Бұл буын тарамыстары мен сынған жердегі сүйектің қосылған жеріндегі қозғалмай қалған бұлшық еттерін жетілдіреді. Сылау әдісін орындауға арналған әдістемелік нұсқау Сылау әдісін орындау кезінде ағзаны міндетті түрде босаңсытып ұстау керек. Қалың бұлшық етке сылау әдісін қолдану кезінде массаж жасаушы адамның біраз күш-қуатын жұмсауға тура келеді. Бұл сылау әдісінің ағзаға тигізетін пайдасы осында.Мүмкіндік болғанша, сылау кезінде май крем, сылауды жеңілдететін заттарды қолданбаған жөн болады. Себебі, сылаудың әсерін төмендетеді және массаж жасаушының көп күш-қуаты кетеді. Сылауды ұзақ уақыт бір жерде қолдануға болмайды. Сылау әдісін ағзаның барлық бағытында орындауға болады. Сылау әдісінің орындалуы Сылау екі қолдың қарымымен кезек-кезек орындалады. Екі қолдың кезегімен сылау арқаға, іш-құрылысына, жамбасқа және қол-аяққа жасалады. Бетке, мойынға, қолға бас бармақтың, немесе ортаңғы саусақтың қарымымен жасалады. Екі алақанның қарымымен егеу арқылы сылау өте тиімді болады. Екі қолмен айналдыра сылау буынға, аяққа, қолға жасалады. Саусақтың ұшымен айналдыра сылау арқа, бел омыртқа қабырғаға жасалады. Айналдыра сылауды орындау күшті талап етеді.
Қыздыру Массаждың сипау, сылау әдісінен кейін қыздыру орындалады. Бұл әдістің сипау, сылаумен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Адамның мүшелерін керіп, созып, бүгіп, жазып, айналдыра, бұрау, айқастыру. Қыздыру массажы негізгі екі бағытта орындалады. Біріншіден — адамның мүшелерінің қозғалысы тура өн бойынан орындалса, екіншісі — мүшелерді айқастыру және айналдыра бұрау.Қыздыру әдісінің міндеті, бұлшық еттің созылғыштық қасиетін жетілдірумен қоса, буындардың қозғалмалы қабілеттілігін жетілдіру. Мысалы, көптеген адамдардың тізелері толық өз деңгейіне дейін бүгілмейді, болмаса малдас құрып отыра алмайды. Бұл деген буын жүйесінің толық қанды жұмыс істемегендігінен болады.Массаждың қыздыру әдісі, әрине, білетің адам жасаса 20-30 минут жалпы дамыту жаттығуымен шұғылданғандағы жүктеменің көлеміндей әсер етеді.Массаждың қыздыру әдісі емделу үшін ғана емес, бұл спорттық массаждың да негізін қалайды. Себебі, қыздыру әдісін жасағанда ағзаның барлық мүшесі қозғалады, созылады, бүгіледі, айналдыра бұрылады.Қыздыру әдісін жасаған кезде, ең әуелі ауырған жерінен бастаған жөн болады. Себебі дененің қай мүшесі болса да, созып, бүгіп, мүшелерді айқастыра созу, т.б. әдістерін қолданған кезде бірінші салмақ сол ауырған жерге түседі. Содан кейін сау мүшелеріне өз кезегімен массаж жасай беруге болады.Қыздыру әдісі массаждың басқа әдістеріне қарағанда өте күрделі болғандықтан, әсіресе, айналдыра бұрау, айқастыра созу кезінде бір жерді ауыртып алмас үшін науқастың жағдайын біліп отыру керек. Сондықтан, қыздыру әдісін орындағанда адам мүшелерін бірден қозғап қалмай, жаймен бүгіп созуға болады. Сонда ғана пайдалы іс болады. Қыздыру әдісін орындағанда крем, т.б. заттарды қолдануға болмайды. Қыздыру әдісінің орындалуы Қыздыру әдісін орындау үшін, әсіресе, буындарында, ең әуелі шымшылап, теріні созып-жіберіп, бірнеше рет қайталап алып, содан кейін ғана сол буынды бүгіп-жазуға болады. Шымшылау әдісі, яғни, теріні созып-жіберу саусақтың қарымымен ғана, екі қолмен кезек-кезек орындалады. Қалың бұлшық еттерге бір қолмен жасалады.
Сілкілеу Сілкілеу әдісі — массаж жасаудың соңғы түрі. Бүл әдісті қолданудың мақсаты, алдыңғы жолғы қыздыру әдісіндегі жүктемені тарқату, яғни, бүгіп-жазғандағы, бұрап-созғандағы бұлшық еттердің жұмысын реттеу болып табылады.Әрбір мүшені созып тұрып сілкілеген кезде барлық бұлшық еттер дірілдейді. Осы кезде ағзаның қан айналысы күшейіп, жүйке жүйесінің тамырлары қозғалып, адамның жалпы бойы сергіп қалады.Сілкілеу әдісінің негізгі үш түрі болады — негізгі сілкілеу, созғылау және итеру. Сілкілеу әдісі негізінен аяқ пен қолға қолданылады. Итеру әдісі де аяқ пен қолға пайдаланылады. Созғылау барлық дерлік мүшеге қолданылады. Мысалы, белгілі бір деңгейде басты да иектің астынан ұстап созуға болады. Сондай-ақ иықты, қол мен аяқты айқастыра созуға болады.Сілкілеу әдісін орындағанда, айталық созғылап, арасында үзіліс жасап, үзіліс кезінде, осы созылған мүшеге шапалақтау, екі алақанның қырымен ұру, төрт саусақтың ұшымен тарау, т.б. әдістерді жасап, сілкілеуді қайта бастайды. Осылайша, бірнеше рет сілкілеу әдісі қайталанады.Сілкілеу әдісі тек массаж жасап тұрған жерге ғана әсер етпейді. Сілкілеудің арасындағы үзіліс кезінде массаждың барлық дерлік түрі қолданылады. Сондықтан сілкілеу массажын бір мүшеге жасаған кездің өзінде ол барлық денеге әсерін тигізеді.Сілкілеу массажының ең негізгі рөлі, яғни, ағзаға тигізетін пайдасы адамның бойындағы уақыты келгендегі сөніп бара жатқан рефлекстерді қалпына келтіреді. Мүшені сілкілеген кезде ағзаның қай жерінде болса да, ауырып тұрған белгісі білінбей кетеді. Себебі, сілкілеген мүшенің амплитуда көлеміне байланысты қан тамырлары тарылып және кеңіп тұрады.Сондай-ақ, асқазан-ішек құрылысының жұмыс істеу функциясы жүйеге келеді. Ішкі бездерінің жұмыс істеу жүйесі реттеледі. Бүкіл ағзада зат алмасу жүйесі қалпына келеді. Сілкілеу әдісінің орындалуы Сілкілеу әдісі көпшілік жағдайда бір қолмен орындалады. Аса керек болған жағдайда, күштеп созу үшін екі қолмен орындалады. Массаж жасайтын мүшені қалай ұстауға болатындығы массаж жасаушының жағдайына байланысты болады. Әсіресе, қалың етті бір қолмен сілкілеп жасаған кезде қолды үзіп істеуге болмайды. Айталық, бел омыртқа, болмаса жіліншіктің қалың етіне жасаған кезде қолды босатып немесе тоқтап қалуға болмайды. Басталған қозғалыс аяғына жеткенше орындалады.Сілкілеудің бұл қалың етке жасайтын әдісі негізінен төрт саусақтың ұшымен, керекті жерде үлкен саусақтың үшін пайдалану арқылы орындалады. Осылайша, төрт саусақпен массаж жасаған кезде басқалардан ерекшелігі сол, массаж жасаушы адам қолын дірілдетіп отырады.Бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қоғамда әрбіріміз өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді білуіміз керек.Сондықтан да, тіпті ауырмаған адам әр кезде ағзаға толық (барлық денеге) массаж жасатып отырса, бұл денсаулығының пайдасына шешіледі.Классикалық массажды қаншалықты емделу мақсатында қолдануға болатындығын түсіндіруге тырысайық.
Массаж жасауға арналған әр түрлі құралдар бар. Арнайы орындарда да жасауға болады. Мысалы, бұл құралдардың барлығы арнайы массаж жасайтын орындарда болады. Электромассаж, сондай-ақ, домалақ ағаш, арнайы таяқтар, резеңке таяқтар құралдары бар. Біздер бұл жөнінде хабардар етпей отырған себебіміз, оқулықтың мақсаты — өмірдің қандай да болсын тіршілік жағдайында арнайы жабдықталған орында емес, емделу массажын қарапайым күнделікті тіршілік орындарында қолдана білу болып табылады.
52. Массаждың әсер етуінің физиологиялық механизмдері
Массаж – француз сөзінен шыққан, ысқылау деген мағынаны білдіреді. Ол – адам денесіне берілетін механикалық тітіркендіру. Массаждың денеге тигізетін оң әсерін және физиологиялық қасиетін көптеген ғалымдар ерте кезден-ақ зерттеп кеткен. Қазіргі медицинада массаждың гигиеналық, сегменталды және нүктелі деп аталатын түрлері кеңінен қолданылуда. Массаждан кейін адамның денесі сергіп, рахаттанып, көңіл – күйі көтеріліп, жылынып, ауырған жері басылады
Массаждың денеге тигізетін әсері Массаж дегеннің өзі адам денесіне мөлшермен берілетін механикалық тітіркендіру. Ол массажистің қолымен немесе арнайы аппаратпен орындалады. Осындай тітіркендіруге ішкі ағзалар, мүшелер қарап қалмай, өз қызметтерін өзгертіп, массажға қарсы «жауабын» береді. Массаждың денеге әсерін, оның физиологиялық қасиетін атақты ғалымдар И. М. Сеченов, И. П. Павлов, Н. Е. Введенский, Н. А. Ухтомский т.б. өз еңбектерінде айқын көрсеткен. Массаждың әсері өте тереңде жатыр. Ол – нервті-рефлекторлы, гуморалды және механикалық ықпал жасау. Массаж жасағанда теріде, бұлшыұ етте, буындарда жатқан нерв талшықтары тітіркенеді. Ол тітіркеністер ми қабығына беріледі. Әрбір нерв талшықтары ұштарының өз аттары бар. Мәселен, теріде – экстрорецептор, бұлшық ет, сіңір, шандырдан шыққандар – проприоцептор, қан тамырларынан кеткендер – ангиорецептор және ішкі ағзалардағы – интерорецептор деп аталады. Осы рецепторлардың бәрі тітіркеністен бірлесіп, миға әсер етеді. Ал оның өзі жоғарғы реттеуіш күштің қызметіне әсерін тигізіп «қарауындағы» барлық мүше ағзаларға жауап реакция келіп түседі. Содан денеде әр түрлі қимылдық өзгерістер туады. Жауап реакциясының күші, айқындалуы жоғарғы нерв жүйесіне тікелей байланысты, сол сияқты, тітіркенген жердің көлеміне, массаждың методикасы мен тәсілдеріне, аурудың біліну белгілеріне де тығыз байланысты. Тағы бір көңіл аударатын мәселе – массаждың тиімділігінде үлкен роль атқаратын – гуморалды фактор. Массаждың әсерімен тканьдердің ішінде жоғарғғы активті (белсенді) зат құрылады. Ол қан айналымын және зат алмасуын үдетеді. Міне, соны гуморалды зат дейді. Массаж денедегі барлық сұйық заттардық қозғалысын арттырады. Мәселен: қан, лимфа, тканьаралық сұйықтың, тканьдердің өзара созылуы, орын ауыстыруы т.б. Механикалық фактор зат алмасуын арттырып, денедегі тоқыраушылыққа жол бермейді. Массаж жасаған жердің ыстығын көтереді. Сонымен массаждан нерв импульстары ағындап, мми қыртысына келеді. Онда қоздыру және тежеу сияқты екі түрлі толқын пайда болады. Олар сол нерв талшықтары арқылы денедегі мүшелерге беріледі. Олардың жауап реакциясы бойындағы аурудың өршуіне не өшуіне әсер етеді. Осыған орай емдік массажды тек тәжірибелі маман жасау керек деген ұғым туады. Массаждан кейін адамның денесі сергіп, рахатттанып, көңіл – күйі көтеріліп, жылынып, ауырған жері басылады. Кейбір кезде бойда ширақтық аңғарылса, басқа жағдайда керісінше, ұйқы басып кетеді. Массаж дұрыс орындалмағанда, массаждың өзіне тән талаптары бұзылғанда немесе аурудың асқынып, массаж болмайтын кезінде организм массажды көтере алмайды. Сондықтан массажды аурудың ерекшелігіне лайықтап жасау керек. Кейбір ғалымдар массаждан кейін дененің қызарып, талаурап, қаты ауыратын жағымсыз реакцияларын көрсеткен. Бұл көбінесе жасы келген қарияларда байқалады. Сол сияқты науқас адамды дұрыс отырғызбасане дұрыс жатқызбаса да осындай жағымсыз реакция береді. Мысалы, жүрегі ауыратын адамның белінде құяң болса, оны етпетінен жатқызғанда жүрек нашарлап кетеді. Сондқтан ондай ауруға массажды отырғызып жасаған абзал. Ішкі ағзалардың функционалды қызметін, науқастың ауырған жерін анық білмей массаж жасауға болмайды. Массажды зерттеген ғалымдар оның орталық нерв жүйесіне, қан тамырына, теріге, бұлшық еттерге, буындарға, зат алмасуына үлкен әсер ететінін айқын көрсетеді.
Массаждың зат алмасуына әсері Зертеуге қарағанда, массаж адам денесінде болып отыратын зат алмасулардың бәріне әсер етеді. Организм мен оны қоршаған орта арасында үздіксіз зат және энергия алмасу процесі жүреді. Сыртқы ортамен зат алмасу организмге су және азқтық өнімдердің түсуінен басталады. Олардың бір бөлігі ас қорыту жолында едуір қарапайым заттарға ыдырап, организмнің ішкі ортасы – қан мен лимфаға өтеді. Заттар қанмен бірге клеткаларға түседі. Мұнда олар химиялық өзгерістерге ұшырайды. Организмге тән белок, май, углевод түзетін биосинтез және күрделі органикалық қосылыстардың ыдырау процесі жүреді. Заттардың өзгеруі ферменттердің әсер етуі арқылы жүреді де, нервтік – гуморалдық жолмен ретеледі. Зат алмасу процессінің ақырғы өнімдері несеп, нәжіс, тер арқылы және тыныс шығарғанда ауамен бірге сыртқа шығарылады. Сонымен заттардың организмге сыртқы ортадан енуінен бастап, ыдырау өнімдерін шығаруға дейінгі күрделі өзгеру тізбегін зат алмасу деп атайды. Массаждың негізін салып, оның қасиетін түбегейлі тексерген ғалымдардың бірі И. М. Саркизов – Серазини (1963 ж.) массаждың әсерінен зат алмасудың барлық түрі өзгереді деген. Оның айғағы – массаждан соң несептің ұлғаюы, оттегінің 10 – 15 процентке көбеюі. Сол сияқты массаждың әсерінен денедегі тұз, азоттық затттар, сүт қышқылы көп бөлініп шығады. П. С. Васильев, Н. И. Волков және А. В. Троицкий (1961 ж) өз еңбектерніде ауыр жұмыстан соң шаршаған бұлшық еттерге жиналған сүт қышқылын шығару үшін массаждың өте қажет екенін анықтаған. Аламсу процессі клеткаларда үлкен қарқынмен жүріп, ыдырау өнімдері мен артық су организмнен бүйрек, тері және өкпе арқылы үлкен жылдамдықпен шығарылады. Зат алмасу туралы сөз болғанда, денедегі су мен тұздың пайдасы зор екенін айтпаса болмайды. Адам денесінің 2/3 бөлігі судан тұрады. Қанда, лимфада, ас қорыту сөлінде өте су көп. Сыртқа шығарылатын су организмге кіретін су мөлшерімен үнемі толықтырылып отыруы керек. Адам сусыз бірнеше тәулік қана өмір сүре алады. Денеге минералды тұздар да өте қажет. Солардың негізінде ішкі ортадағы тұрақтылық сақталады. Мысалы, қанның ұюы үшін онда кальций тұздары қажет. Сүйек тканінің едәуір мөлшері осы тұздардан тұрады. Организмге қажетті минералды тұздардың бәрі дерлік күнделікті жейтін тағамдарда болады. Онда натрий хлориді ғана жетіспейді. Сондықтан тамаққа ас тұзын ғана қосады. Массаждың әсерінен денеде су мен минералды тұздардың алмасуы аса қарқынды өтеді. Массаж тіпті ішкі секреция бездерінің қызметіне де өз ықпалын тигізеді. Барлық ішкі секреция бездері зат алмасуды реттеу ролін атқаратыны белгілі. Қалқанша безінің гармондары организмнің өсіп – дамуына әсер етеді. Қалқанща безінің қызметінің бәсеңдеуі микседема аурувна әкеп соғады. Сол сияқты балалардың өсуі мен дамуын баяулатады. Егер қалқанша безінің қызметі шамадан тыс күшейіп кетсе, онда безедов ауруы пайда болады. Мұндай адам ашушаң әрі тез шаршағыш келеді. Жүректің жиырылу жиілігі, қан қысымы, нерв жүйесінің қозғыштығы артады. Безедов ауруына шалдыққан адам үнемі ашқарақтанып, тамақты көп ішеді, бірақ бойға қонбайды, өте арық болады. Олардың қалқанша безі ұлғайып, мойынның сәнін кетіреді және көзі бадырайып сыртына теуіп кетеді. Осындай ауруға шалдыққан адамдар үшін гармондардың түзілуін тежейтін дәрілермен бірге массаж қолданылады. Массаж денедегі тотығу процесін реттеуге, нерв жүйесінің қозғыштығы мен тежелуін теңестіруге көмек жасайды. Адам организмінде бүйрек безінің де орны ерекше. Ол бірнеше гармондар түзеді. Олар углевод, белок, май алмпсуын бақылап белоктың углеводқа айналуына себепші болады, тұз бен судың алмасуын реттейді. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, массаждың әсер етпейтін жері жоқ. Ол орталық нерв жүйесіне, гуморалды механизмге, бұлшық ет қан тамырларына, организмнің өзге жүйелеріне үлкен әсер етеді. Массажды физиотерапия немесе емдік гимнастикамен қоса қабылдаса, оның нәтижесі бұрынғыдан да аса түседі. Өйткені ол адам денесіне жан жақты күш түсіреді. Сондықтан массажды қолдану техникасын әр түрлі ауруларға пайдаланады. Өйткені науқастанған мүшенің орталық нерв жүйесімен үзіліп қалған байланысын жалғастырып, жандандырады. Көптеген ғалымдардың айтуынша, массаж әлсіреген денеге әл береді, шаршаған организмге күш қосады, бұзылған мүшені қалпына келтіреді. Тек методикасын дұрыс білу керек.