Ілияс поэзиясы тіліндегі теңеулердің қолданысы
Ақын стилі дегенде, оның бір күнде, бірден қалыптаспайтыны, даму, толысу сатылары болатыны белгілі. 1915-1916 жылдары жазылған «Қалпымыз» өлеңінің алғашқы шумағын келтірейік:
Ашылар ма көз,
Іс болар ма сөз,
Kөп көксеген күн туып;
Дауыл, жел айдап,
Жауын, сел қайнап,
Өз еркінше жүр қуып.
Алу үшін теңдікті,
Сағынамыз кеңдікті.
«Дауыл, жел айдап,
Жауын сел қайнап»
Сөз қолданыстарынан Ілиястың өзіндік беталысын да байқаймыз. Адамның малды, немесе адамды айдауы да емес, дауыл, желдің айдауы тәрізді сөз қолданыстың Ілиясқа дейінгі ақындарда болмауы да белгілі бір сөзге немесе сөз тіркесіне тың салмақ артушылықты дәлелдейді. Сондай-ақ жауын, селдің қайнауы да – Ілияс енгізген тың тіркес. «Қайнау» сөзі мағынасын жеке алып, қатты қызу әсерінен су қайнауын, не сол тәрізді қозғалыс т. б. сипатын елестетсек те, тұтас бір алапты көмкерерлік селдің қайнауы арқылы белгілі бір құбылыстың қаншалық өpic алғанын ақынның өзінше бейнелегені анық. Сөйтіп, сөз мағынасын кеңейтіп, оған назар аударту, сол арқылы белгілі бір екпін ұялату, болашақ үлкен ерекшеліктің іргетасы қалана бастауын аңғартады. Сонымен бірге алғашқы үш тармақтың сауал түрінде берілуі де өлеңдегі ширыққан толғанысты, лирикалық қаһарман тынымсыздығын ашуға бастап тұр. Абай өлеңі пішінін (алты тармақты шумақты пайдалану) қабылдап, сонымен бірге Абайдың лирикалық қаһарманы мұнымен сарындастықты әрі дамыта отырып, өзінше арна іздеуді танытқан I. Жансүгіровтің «Қажыдым» (1923 ж.) өлеңін толық келтірейік: Қуаныштан, Қайғыдан
Жетім бота — көңілім.
Дұшпандықтан, Достықтан
Жаралы у өмірім.
Надандықтан, Настықтан
Желге кеткен, о күнім.
Мезгіл өтті, Ойландым.
Өнерім не? Не білдім?
Қармаландым, Қармандым,
Нені үйрендім, не білдім?
Құрағытқан Қас болдым,
Құр қаңқылдап төгілдім.
Құр көңілмен Айтысып,
Құр жыладым, сөгілдім.
Күшіктен қалған Күшіктей,
Құр қаңқылы көңілдің.
Осы болса, Өзің ал
Қылар сыйы өмірдің!
Осындағы, әсіресе, «жаралы у өмірім» жолынан лирикалық қаһарман мұңы үдеуі, соның нәтижесінде М. Жұмабаевпен үндесуі шаң береді. Сонымен қатар, екінші шумақтың соңғы тармағының және үшінші шумақтың жолының сауал беруге, жауап таппауға негізделуі де әрі шарсыздықты, әрі ақынның өзіндік мазасыздануын жайып салады. Сондай-ақ он сегізінші тармақ соңындағы – «төгілдім», жиырма бірінші тармақ аяқталымындағы «сөгілдім» етістік сөздерін қолдануда да Ілияс ерекшелігі «мен мұндалап» тұр. Атап айтқанда, «төгілу», немесе «сөгілу» сөздері ауыспалы мәнде қолданылып өз мағынасын көп кеңейткен. Соның нәтижесінде «төгілдім» сөзінен көрінетін сезімнің мөлшері, көлемділігі (төгілсе, біраз су, не сұйық мөлшері болғаны ғой) лирикалық қаһарман толғанысының ерекше ауқымдылығын аша түседі. Ал, «сөгілдім» сөзін қолданудағы ақын шеберлігіне келсек, белгілі бір мата жыртылғандай, лирикалық қаһарманның сөгілуі, әрине, шарттылық жемісі. Сол шарттылықты қолдану арқасында лирикалық қаһарманның ұстап, көруге болмайтын сезімі, қайғысы, көзге айқын көрінерлік зат өзгерісіне пара-пар болып (мата сөгілсе, көзге көрінерлік үлкен өзгеріс), өз әсерін көп арттырып тұр. I.Жансүгіровтің қаншалық кемел ақын боп толысуын танытқан «Гималай» өлеңі (1929 ж.) былай басталады:
Ақшалап басын қар көміп,
Аспанның төсін арда еміп,
Анасындай алтын күн
Сел жіберіп, бір жуып,
Жел жіберіп, бір желпіп,
Ауық-ауық құшақтап,
Әлсін-әлсін нұр сеуіп,
Есейген асқар Гималай...
Осы үзіндідегі бір ғана соңғы «Гималай» сөзінен басқаның бәрі тек сол тауды анықтау, ажарлау, биіктету үшін алынғаны белгілі. Алдымен Гималайды сонша бөліп көрсету, марапаттау не үшін керек десек, жауапты шығарманың негізгі идеясынан табамыз. Ал, өлеңнің басты, өзекті идеясы: «Тау қаншалық зәулім, айрықша болса, бірлесіп, тұтасқан езілуші халық та соншалық биік, айбынды бола алады», - дегенге саяды ғой.
І.Жансүгіров поэзиясы тілі көркемдігінің бір сыры – теңеулердің қолданысы болып табылады. І.Жансүгіров шығармалары теңеудің -дай, -дей, -дайын, -дейін, -ша, -ше жұрнақтары арқылы жасалған жалпыхалықтық тілдегі теңеулердің қатарын молайтып, қазақ әдеби тілі тарихында көркемдіктің үлгісін көрсетті.
Ақын жырлаған туған жер табиғаты, әр мезгілдің ерекшелігін суреттейтін туындыларында теңеулердің қолданысы ерекше орын алады. Табиғат суреттерін дөп басып көрсету үшін ақын үнемі тілдік салыстыру құбылысына жүгінеді. Мысалы:
Сұрша тал – сұлу қолдың саласындай,
Қып-қызыл қайың – қаздың баласындай,
Жамылған жанат ішік, мөлдір сұлу,
Көзінің Көкше көлі шарасындай.
Көкшеге жаз көк жібек жапқандайын,
Көкшеге қыс ақ күміс шашқандайын,
Көк қыз күзде киіп қырау ішік,
Көк айна көлі қатқандайын, -
деген өлең жолдарындағы теңеулер Көкшенің сұлу келбетін бейнелі түрде жеткізеді. Ақын қолдың саласындай, қаздың баласындай, көздің шарасындай деген жалпыхалықтық тілде қолданылатын теңеулерді сұрша талды, қызыл қайыңды, Көкшенің көлін салыстыра отырып суреттеуде ұтымды пайдаланады. Ал көк жібек жапқандайын, ақ күміс шашқандайын деген теңеулері авторлық қолтаңбаны көрсетеді. Жансыз затқа жан бітіру тәсілі арқылы Көкшені қызға балап, оған қыраудан ішік кигізеді.
Ақынның «Мезгіл суреттері» өлеңінде жер, жел, көл, күн құбылыстарының жаз, күз, қыс жыл мезгілдеріндегі динамикалық өзгерісін тек теңеулер арқылы суреттеуі – ерекше тіл өрнегі. Жер жазда жасыл жолақ кілемдей, күзде шала илеген терідей, қыста ақ кебенек кебіндей. Жел осы үш мезгілде: жігіт айтқан өлеңдей, дарымшының деміндей, ел күңіренген өлімдей, көл – той ғып жатқан ауылдай, насыбайлы түкірік, көк пияла темірдей. Күн елжіреген енеңдей, ауылнайдың мөріндей деп салыстырылады. Жердің жаз мезгілінде жасылданып, шөптің түгі кілемдей құлпыратын суреті, күзде жасыл жердің сәні кетіп, сарғая бастап, түсі оңатыны шала иленген терідей, ал қыста ақ қарды жамылып ақ кебенек киген кебіндей болатын бейнесі тыңдаушыға жанды әсер береді. Желдің әр мезгіліндегі соғысы, екпіні де түрленіп, жазғы самал – жігіт айтқан өлеңге, күзгі жел – дарымшының (емшінің) деміне, қыс мезгіліндегі ысқырып соққан жел – ел күңіренген өлімге теңеледі. Елжіреген енеңдей болған күн көзі – жаз мезгілін, ауылнайдың мөріндей ғана болып кішірейген күн – қабағы жарқын емес күзді, түк көрінбейтін, тұмандағы күн – қысқы күнді айна қатесіз бейнелейді. Ақын адамның тұрмыс-тіршілігіне байланысты образдарды тілге тиек етіп, оны теңеулерде қолданады.
І.Жансүгіров поэзиясының шоқтығы болып саналатын «Әнші» өлеңіндегі теңеулердің қолданысы ән өнерінің қыр-сырын танытатын құрал ретінде ұтымды пайдаланылған. Ән дауысының бірде шарықтап көкке өрлейтінін, бірде баяулап қоңырлайтын немесе мұңға толып күңіренетінін ақын теңеу арқылы былай жеткізеді:
Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,
Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып,
Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,
Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып,
Боздатып саулы інгендей күңірентіп,
Нөсердей нөпір төккен жауындатып,
Қазандай қарсы соққан дауылдатып,
Қамыстай дауыл жыққан сауылдатып.
Әннің қалықтауы, мамырлауы құстардың қимылына, күңіренуі боздаған саулы інгеннің дауысына, арындауы қалың нөсерге, күздің қара желіне, дауыл жыққан қамыстың сауылдаған үніне теңелуі және ақынның теңеулерді қоршаған орта, табиғат құбылыстарынан таңдап алуы – оқырманның ойын кеңейтіп, әнші дауысын тыңдап отырғандай әсер қалдырады. І.Жансүгіровтің қаламынан туған табиғатпен астасқан теңеулері қазақ тіліндегі көркем сөздің көкжиегін кеңейтті. Мысалы:
Ел інін суға алдырған суырдай боп,
Жойқын жұт – сұрапылда малын қырған,
деген жыр жолдарындағы қолындағы бар малынан айырылып, жұтқа ұшыраған халықтың суреті іні суға кеткен суыр бейнесіне теңеліп көрсетілуі ақынның соншалықты табиғат сырын айтар ойына теңеп, терең сезіне білгенін көреміз.
І.Жансүгіров қаламынан туындаған теңеулердің бір ерекшелігі сол, тұрмыстық сөздердің өзі көркемдік жүгін арқалап, бейнелі образға ие болады. Төмендегідей өлең тармақтарында:
Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай,
Ауызы еттен, майдан дамыл таппай,
***
Келіншек жас жауқазын, сарымсақтай,
Қыздар да пісіп отыр қауыншақтай,
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр
Қыдыртқан бақалшылар сабыншақтай –
кездесетін бауырсақ, сарымсақ, қауыншақ, сабыншақ сөздерімен келген теңеулер кейіпкердің бет-пішінін, жас шамасын суреттеуде шебер қолданылған.
Сапырған сырлы сөзді сар қымыздай,
Заманның отырғам жоқ салтын бұзбай, -
деген жыр жолдарында да сөз мәйегін төгілтуді ақын халық тіліндегі және тұрмысындағы қымыз сөзімен келген сары қымыздай сапыру теңеуін қолданады.
І.Жансүгіров поэзиясы тіліндегі сөзбен салынған сурет-теңеулер ақын шеберлігін, тіл ұсталығын танытып қана қоймай, көркем өрілген қазақтың өлең өрімін жетілдіруде, дамытуда ерекше орын алады.