Ойлаудың табиғаты және негiзгi түрлерi
Бiздiң қоршаған дүние туралы бiлiмдерiмiз түйсiк пен қабылдаудан басталады. Бiрақ таным олармен ғана шектелмейдi. Түйсiктер мен қабылдау арқылы алынған мәлiметтер сезiмдiк шектен шығып, ойлау арқылы бiздiң таным шекарасын кеңейтедi. Себебi ойлауда қабылдауда берiлмеген нәрсенi ой қорытындылары арқылы жанама түрде ашуға мүмкiндiк беретiн қасиет болады. Ойлау негiзiнде адамның қоршаған дүние жөнiндегi танымы тереңдей түседi.
Ойлау дегенiмiз - сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының мида жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуi.
Түйсiктер мен қабылдау ақиқат дүние құбылыстарының жеке қасиеттерiн көбiне ретсiз кездейсоқ түрде бейнелендiредi. Ал ойлау адамға заттар мен құбылыстардың қасиеттерi мен олардың өзара қатынастарын салыстырып, ажыратуға, олардың сезiмдiк түрде берiлмеген қасиеттерiн, жаңа қатынастары мен қырларын ашады. Сөйтiп, ойлау сезiм мүшелерi арқылы алынған мәлiметтердi өңдейдi.Сонымен, жекеден жалпыға және жалпыдан қайта жекеге көпсатылы ауысу ерекше психикалық процесс – ойлау негiзiнде жүзеге асады.
Ойлау процесi елестермен де тығыз байланысты.
Ойлау проблемасын қарастырған А.А. Смирнов ойлау және интеллектуалдық процестердiң ассоциативтi ағымын ажырату қажеттiлiгiн атап көрсеткен. Мұның себебi ойлау iс-әрекетiнде бiз ассоциацияларды өте кең қолданамыз - олар ойлау есептерiн шығаруға елеулi септiгiн тигiзедi. Мысалы, бiз қазiр тап болған жағдайға ұқсаса оқиғаларды жиi арнайы еске түсiремiз. Мұнда пайда болған ассоциациялар бiздiң ой мәселесiн шешуiмiзде пайдаланылады. Олар бiздi одан алыстатпай, оның жауабына, шешiмiне жақындатады.
Адамның ойы әрқашан да сөз арқылы бiлдiрiледi. Бiреу екiншi бiреуге пiкiрiн бiлдiргенде, өзiн естiсiн деп дауыстап сөйлейдi. Ой толық сөз күйiнде бiлдiрiлгенде ғана айқындалып, дәйектелiп, дәлелдене түседi. Ойлау мен сөйлеудi бiрдей деп, бұлардың арасына теңдiк белгiсiн қою дұрыс емес. Ой сыртқы дүниенi бейнелеудiң ең жоғарғы формасы болса, ал сөз ойды басқа адамдарға жеткiзетiн құрал болып табылады.
Бала тiлi шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниенi бiрiншi сигнал жүйесiнiң қызметi арқылы танып, бiледi. Ойлаудың бұл түрi оның танымын онша кеңiте алмайды. Баланың тiлi шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым-қатынасқа түскенде ғана, оның ойлау шеңберi кеңейетiн болады.
Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау процесiнде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтiн – объективтiк шындық. Адамға мақсат қойып, оған жетуге ұмтылдыратын – оның қажеттiлiктерi.
Ойлау - өзiндiк iшкi қарама-қайшылықтарға толы процесс. Бұл қайшылықтар ойлау дамуының және iске асуының қозғаушы күштерi болып табылады, яғни ойлау осы қарама-қайшылықтарды, басқаша айтқанда, проблемалық жағдаяттарды шешу барысында өрбидi.
Ойлау танымдық теориялық iс-әрекет ретiнде әрекетпен тығыз байланысты. Адам әсер ету арқылы ақиқатты таниды, дүниенi өзгерту арқылы оны түсiнедi. Әрекет ойлау жүзеге асуының бiрiншi реттi формасы болып табылады. Ойлау операцияларының барлығы (анализ, синтез және т.б.) ең алғашында практикалық операциялар түрiнде пайда болып, содан соң барып, теориялық ойлаудың операцияларына айналды. Яғни ойлау еңбек iс-әрекетi барысында практикалық операция ретiнде немесе практикалық iс-әрекеттiң бiр компонентi ретiнде туындап, содан кейiн барып, дербес теориялық iс-әрекетке айналады. Бiрақ тәжiрибе әрқашан да ойлау ақиқаттығының негiзi, мәндi критериi болып табылады. Бiрақ егер де бiз бiр есептi тек практикалық түрде ғана шешетiн болсақ, онда оның тек көрнекi жеке мазмұнымен әрекет жасап, оны тек берiлген жеке жағдаятты ескере отырып шешемiз. Ал әрбiр келесi жағдайларда қайтадан есептi шешуге тура келедi, және тағы да бұл жеке мiндеттi ғана шешу болып табылады. Ал егер берiлген есептiң жалпыланған мазмұнын құрастырып, оны шешудiң жалпыланған тәсiлiн табатын болсақ, бұл есеп өзiнiң тек белгiлi бiр жағдайға сәйкес болатын, практикалық - шешiмiн ғана емес, сонымен қатар, теориялық та, яғни принциптiк бiртектi жағдайлардың барлығына ортақ шешiмiн таба алады.
Iс-әрекетпен байланыса отырып, теориялық ойлаудың өзi жекеден жалпыға, жалпыдан жекеге, құбылыстан мәнге, мәннен құбылысқа өту процесi болып табылады. Шынайы ойлау – ол ойдың ағымы. Ол тек iс-әрекет пен оның өнiмiнiң бiрлiгi негiзiнде түсiнiледi.
Сонымен, ойлау - аса күрделi психикалық процесс. Оны зерттеумен бiрнеше ғылымдар айналысады. Солардың iшiнде логика мен психологияның орны ерекше. Бiрақ осы екi ғылымның ойды зерттеудегi әдiс-тәсiлдерiнде өзiндiк айырмашылықтары бар. Мысалы, егер психология әр түрлi жас шамасындағы адам ойлауының пайда болуы, дамуы мен қалыптасу жолын, яғни тұлға ойлауының даму ерекшелiктерi мен заңдылықтарын қарастыратын болса, ал логика бүкiл адамзатқа ортақ ойлау iс-әрекетiнiң заңдары мен формаларын айқындайды, адам ойлауының нақты нәтижесi болып табылатын ұғым, пiкiр, ой қорытындылары сияқты ойлау формаларының табиғатын зерттейдi.
Ойлаудың физиологиялық негiздерi И.П. Павловтың бiрiншi және екiншi сигнал жүйесi жөнiндегi iлiмiне байланысты түсiндiрiледi. Ойлау – ми қыртысының күрделi формадағы анализдiк-синтездiк қызметiнiң нәтижесi, мұнда екiншi сигнал жүйесiнiң уақытша жүйке байланыстары жетекшi рөл атқарады. Екiншi сигнал жүйесiнде жүйке қызметiнiң өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерiнiң мидағы заңдылықтары бiрдей. Бiрақ, олардың айырмашылықтары мынада: егер бiрiншi сигнал жүйесiндегi реакциялар нақтылы құбылыстарға байланысты туса, екiншi сигнал жүйесi оларды жалпылап отырады.
Адамның ойлауы әр түрлi деңгейдегi ойлау операцияларынан тұрады. Ал олардың әрқайсысы әр түрлi танымдық мәнге ие. Мысалы, баланың өз алдында кездестiретiн қиындықтарын жеңуде жүзеге асыратын қарапайым ойлау әрекетi мен ғалымның қандай да бiр ғылыми мәселенi шешуде қолданатын ойлау операцияларының жүйесiн салыстыруға келмейдi. Сондықтан, жалпылау деңгейiне, құбылыстардың терең мәнiн түсiнiп, бiлуге байланысты ойлаудың жоғарғы немесе төменгi дейгейлерiн ажыратуға болады. Осындай әр түрлi деңгейдегi ойлаудың түрлерi ретiнде қарапайым көрiнiстегi көрнекi ойлау мен берiлген көрiнiс шегiнен шығатын теориялық ойлауды бөлiп көрсетуге болады.
Осылайша, шығу тегi мен пайда болуы (генезi) бойынша ойлау келесi түрлерге жiктеледi:
1. Көрнекi-әрекеттiк ойлау -мәселенi шешу жағдаятын шынайы түрлендiретiн бақыланатын қозғалыстық әрекет арқылы iске асатын ойлау түрi.
2. Көрнекi-бейнелiк (бейнелiк) ойлау – жағдаят тек бейне жоспарында ғана түрленетiн ойлау түрi.
3. Сөздiк-логикалық (пайымдаушы) ойлау –тiлдiң және тiлдiк құралдардың көмегiмен шығарылатын ұғымдарды, логикалық құрылымдарды пайдаланумен сипатталатын ойлаудың негiзгi түрлерiнiң бiрi.
Сонымен қатар, психологияда ойлаудың қос классификациясы да танымал.
1. Мәселенiң түрiне байланысты:
1) Теориялық ойлау -ғылыми ұғымдарды пайдалану негiзiнде заңдар мен ережелердi танып-бiлуден тұратын ойлаудың жоғары дамыған түрi.
2) Практикалық ойлау - ақиқатты физикалық түрде өзгертуге дайындық күйiн (мақсат қою, жоспар, жоба, схема құру) бiлдiретiн ойлау түрi. Бұл ойлау түрi кеңес ғалым-психологы Б.М. Тепловпен едәуiр көп зерттелiнген.
2. Таным түрi бойынша:
1) Эмпирикалық ойлау -теориялық ойлаумен салыстырғанда, қарадүрсiн, жағдаяттық жалпылаулармен байланысты болатын ойлаудың түрi.
2) Теориялық ойлау - ғылыми ұғымдар негiзiнде заттар мен құбылыстардың мәнiн танып-бiлу.
3. Рефлексия немесе саналау деңгейi бойынша:
1) Интуитивтiк ойлау - тез өтетiн, анық кезеңдерi жоқ, көбiнесе саналанбайтын ойлаудың түрi. Бұл ойлау түрi кеңестiк психологияда Я.А. Пономаревпен, Л.Л. Гуровпен және т.б. зерттелiнген.
2) Рационалдық ойлау (аналитикалық немесе логикалық) ойлау- уақыт бойынша кең таралған, айқын кезеңдерi бар, ойлаушы субъектiнiң санасында едәуiр көрiнiс табатын ойлау түрi.
4. Әрекеттiң тәсiлдерi негiзiнде:
1) Вербалдық (сөздiк) ойлау -тiлдiк құралды пайдалану арқылы адамның өз пiкiрiн тұжырымдауы, бiлдiруi.
2) Көрнекi ойлау – мәселенi шешу нақты бейнелi түрде көрiнуiнде жүзеге асатын ойлау түрi.
5. Ойлау бағыттылығымен байланысты:
1) Шынайы (немесе реалистiк) ойлау – ақиқат шындыққа басым түрде бағытталған, логикалық заңдармен реттелетiн ойлаудың бiр түрi.
2) Аутистiк ойлау - адамның ниеттерiн жүзеге асырумен байланысты болатын ойлау түрi. Осыған ұқсас келетiн эгоцентрлiк ойлаудың ерекшелiгi - адамның басқа бiреудiң позициясында тұра алмауы.
6. Ойлау iс-әрекетiнiң өнiмiне байланысты:
1) Продуктивтiк ойлау - адамның ойлау iс-әрекетiнiң жаңа өнiмiн шығару.
2) Репродуктивтiк ойлау – ойлау iс-әрекетi барысында өмiрде бар бiлiмдердi пайдалану.
7. Ойлаудың функцияларына байланысты:
1) Творчестволық ойлау – ақиқат дүниеге жаңалықты тудырумен, жаңа бiлiмдердi тауып, негiздеумен байланысты болатын ойлаудың түрi.
2) Критикалық ойлау - заттар мен құбылыстарды терең зерттеу негiзiнде, солар жөнiндегi көзқарастар мен пiкiрлердегi қайшылықтар мен кемшiлiктердi таба бiлумен байланысты болатын, ғылыми дәйектелген сындық пiкiрден тұратын ойлаудың бiр түрi.
8. Ерiктiк күштiң жұмсалуына байланысты:
1) Ырықсыз ойлау - түс көру бейнелерiн ырықсыз трансформациялау.
2) Ырықты ойлау – проблемалық жағдаяттарды, ой есептерiн мақсатты түрде шешу.