Поль Брэгг деген кiм? Оның iлiмiнiң ерекшелiгi неде? Шетел әдебиеттерiнде «табиғаттанушы», «табиғатпен үндесушi» деген сөз тiркестерi жиi қолданыла бастады

Шетел әдебиеттерiнде «табиғаттанушы», «табиғатпен үндесушi» деген сөз тiркестерi жиi қолданыла бастады. Табиғи тағамдармен тамақтанатындарды осылай деп атайды. Олар осылай өздерiнiң қазiргi қорапталған, консервiленген, жансыздандырылған, құрамында көмiртегi өте көп ет, май және тәттi тағамдар өнiмдерiне наразылықтарын бiлдiредi.

Бұлай тамақтануға алғашқы қарсы шыққандардың бiрi Поль Брэгг. Брэгтiң ең атақты кiтабы «Ашығу кереметi» (Чудо голодания) батыста көптеген миллиондаған даналармен басылып, көпшiлiктiң сүйiп оқитын оқулық кiтабы болып, қолдан-қолға тимей таралды.

Кiтаптарының, лекцияларының, басылымдарының ең тамаша жарнамасы Брэгтiң өзi, жеке тәжiрибесi және өмiр сүру қағидасы болды. Ол 90 жасында күштi, шапшаң, иiлгiш, шыдамды, қысқаша айтқанда қылшылдаған бозбала сияқты болатын.

Поль Брэгг күнделiктi 3...5 шақырымға жүгiрдi, тауға шықты, көп малтыды, теннис ойнады, биледi, жаяу ұзақ жүрiп, гантель, гирь көтердi, серфингпен (тақтайдың үстiне тұрып алып толқында сырғанау) шұғылданды. Жұмыс күнi 12 сағатқа созылды, бiрақ шаршауды, ауруды бiлмедi, әрқашанда сергек, тың, өмiрге құштар және адамдарға көмектесуге дайын тұратын.

Поль Брэгг 1976 жылы 95 жасында Флорида жағалауында суда сырғанап жүргенде алапат толқын басып кетiп, қайғылы қазаға ұшырады. Оны 5 баласы, 12 немересi, 14 шөбересi және мыңдаған iзбасарлары жоқтады. Сарапшы – паталоганатомдар тексергенде оның жүрегi, қан тамырлары және басқа iш құрылыс мүшелерi өте жақсы, керемет жас баланыкiндей болған. Брэгг бiр сөзiнде «менiң тәнiм жас мөлшерiн бiлмейдi» – деп айтқан.

Поль Брэгг денсаулықты түзеу негiзiне дұрыс тамақтану жүйесiн басшылыққа алған, еттi мүлдем жемеген, балықты өте сирек пайдаланған. Өзiнiң жүйесiнде ашығу бағдарламасына көп көңiл бөлдi. Шоғырланып қалған улардан, қалдықтардан, маңқадан, тұздан ағзаны тазалау үшiн: аптасына бiр тәулiк, 3 айда бiр қабат апталық ашығу бағдарламасын ұстауды ұсынды, ашығу кезеңiнде тек таза: құрамында минералдары жоқ су ғана (дистилированный) iшу керек деп үйреттi.

Қазiргi адамдар, тамақ iшкiсi келмесе де, күнiне бiрнеше рет тамақтануды әдет еткен, созылмалы гастритiнiң салдарынан болатын қобалжуды «аштық» деп қабылдайды. Осы әдеттi өзгертудiң түкте қиындығы жоқ, тек санаң тәнiңдi басқарса болғаны.

Брэгг таңертең мүлдем тамақ iшпеген, адам өзiнiң тамағын денелiк күш қуат жұмсап барып iшуi керек, қазақша айтсақ: «Таңғы ас Тәңiрден», – деп есептеген. Оған күнiне екi мезгiл тамақ iшу жеткiлiктi болған.

Адам баласына ғажайыпты армандау тән қасиет! Тамақтың, дене шынықтырудың, дұрыс тамақ мәзiрiнiң, тыныс алудың, ашығудың нақтылы мүмкiншiлiктерiн бiлмей, олар ғажайыпты өздерi түсiнбейтiн айдаладан iздейдi.

Поль Брэгг: «Табиғаттың ұлы заңдарымен өмiр сүрудiң еш қиындығы жоқ. Аурудан азап шегiп, мезгiлсiз қартайғандар, тез жазылу мен жасарудың жолын армандайды. Есiңiзде болсын: денсаулықты еңбектенсең ғана табасың! Оны сатып алуға болмайды, ешкiмде оны сiзге сатпайды. Мен табиғат заңдылықтарын зерттеймiн, бұзбаймын, нәтижесiнде денiм сау және өте қуаттымын. Табиғи тамақтану, ашығу арқылы өзiңдi-өзiң тазалау жолдары, дене шынықтыру – қартаймайтын, солмайтын, әр күнiңiзге шаттық силайтын өмiрге алып келедi».

«Адам ата мен Хауа ана заманынан берi ең маңызды мәселе – адам ғұмырын ұзарту. Бiр де бiр адам баласы өлiм тырнағынан қашып құтылған емес, бiрақта белгiлi тамақтану және тазалық ережесiн сақтап өз өмiр жасыңды ұзартуға болады. Әрқайсың осыны: ең алдымен өзiң үшiн, туған туыс пен достарың үшiн және өзiңнiң елiң үшiн жасауға мiндеттiсiң. Әр адамның өзiнiң денсаулығын, өзiнiң тәнiн жетiлдiрудiң денсаулықтары жақсы қалыпта табиғи жасын жасаудың қоғам үшiн зор маңызы бар.

Әр адам 120 жыл не одан көп өмiр сүруге мiндеттi және осыған толық құқысы барына мен сенемiн. Денсаулықты сатып алу мүмкiн емес, оны өзiңнiң тiкелей еңбегiң арқылы ғана табасың. Тек қана өзiңнiң табанды еңбегiң ғана шексiз денсаулық пен қуатты ұзақ ғұмыр сүрушiлердiң қатарына алып келедi. Мен өз денсаулығымды өз еңбегiммен ғана таптым. Менде ауру, шаршау деген болмайды және денем болбыр, бопау емес, жылдың 365 күнiнде саумын. Осы нәтижеге сiз де жетесiз! »

Өзiнiң сауықтыру жүйесiнде, Брэгг дұрыс тамақтануға зор мән берген. Оның көзқарасының негiзi мынада болған: күнделiктi қолданатын тамақтың 60 пайызы шикi көкенiстер мен жемiстерден құралған. Қалған бөлiгiне таңдау мүмкiншiлiгi кең ауқымда, бiрақта өндiрiсте химиялық әдiспен өңделген тамақтардан аулақ болу қажет. Тамақ неғұрлым табиғи түрде болғаны жөн, тұзы мен рафинадталған қаныты, жасанды қоспалары неғұрлым аз мөлшерде болғаны дұрыс.

Брэгг бiржақты болмаған, егер адам ет жеуге үйренсе жей берсiн, бiрақ аптасына 3-4 қабаттан артық емес. (кейбiреулер сияқты күнiне 3-4 рет емес). Ол шұжық (колбаса), консервi, қуырылған, тұздап қақталған және майлы еттi пайдаланбауды ұсынған. Жұмыртқаны аптасына 2...3 рет қана жеудi жөн деген. Ересек адамдардың сүт, кiлегей, iрiмшiк, сары май, малдың майларын көп қолданбауын жақтаған.

«Аурулардың 99 пайызы дұрыс тамақтанбаудан зардап шегедi. Адамдар өздерiнiң денелерiнiң қаншалықты ласталғанын түсiнбейдi, дұрыс тамақтанбағандықтан ағзасы улы заттар, шырыш пен маңқаға, кiр-қоқысқа лықа толы екенiн сезбейдi», – деп жазады Брэгг. Тағы айтады: «Ашығу белгiлi бiр аурудың емi емес, ашыққанда ағза өзiнiң өмiрлiк қуатын тазалауға және сауықтыруға жұмсайды. Ашығудың арқасында ағза өзiн- өзi емдеп жазады».

Наши рекомендации