Этнографизмдердің қолданылуы
Сөз зергерлерінің шығармашылық мұраларының тіл кестесі қазіргі қазақ әдеби тілінің шығарма тілі деп аталған саласының даму, қалыптасу жолын айқындап, дәлелдейді. Әдебиет тарихында бұрын-соңды жазылған шығармалар әдебиеттану ғылымында тақырып, мазмұн, идея жағынан талданып танылса, қаламгер шығармаларының лексикасы, сөзжасамы, көрікті сөз қисыны, тілдік қолданыс үлгілері, морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылымдары лингвистикалық талдаулар арқылы айқындалады.
Көркем шығарма тілі яғни қаламгер тілі екі аспектіде қарастырылады: біріншіден, әдеби тіл фактісі ретінде; екіншіден, авторлық даралық стиль тұрғысынан.
Қаламгер шығармаларының тілін әдеби тіл фактісі ретінде қарастыру арқылы шығарма жазылған тұстағы ана тіліміздің сөздік құрамы, сөз қолданыс ерекшеліктері танылады. Авторлық даралық стиль тұрғысынан қарастыру арқылы әр қаламгердің «сөз саптауы, сөйлем құрастыру, сөзіне өзінше мән беру, ана тілі негізіне сүйене отырып, жаңа бір тыныс жасау, сөйлемдегі сөз тіркестерінің дағдыдағы қалпын өзгерту, кейде архаизм, кейде неологизм, кейде шет сөз ауыстыру, кейде инверсия, элипсистер арқылы мүлде күтпеген жерден әдебиетте бұрын кездеспейтін бір жаңалықтарға» қол жеткізгені анықталады, яғни әр қаламгердің өзіне тән стилі танылады.
І.Жансүгіров шығармаларының тілін осы екі аспектіде қарастырған жөн, өйткені ол – қазақ әдеби тілін қалыптастырушылардың бірі, сөз қолданысы даралығымен ерекшеленетін суреткер.
Ақын шығармаларының лексикасы бай, ол ана тілін, оның тілдік құрылым-құрылысы мен заңдылықтарын, дәстүрлі сөз саптау үлгілерін жетік білуімен қатар, «асыл сөздің алтын, жезін ақтарып» керектісін өз кәдесіне өз мәнерінде қолданды, ой теңізіне батыратын қуаты бар? Енді Ілияс лексикасының байлығын аңғартатын көздерді сараптайық.
Көнерген сөз.І.Жансүгіров шығармалары ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жазылғандықтан әрі эпикалық шығармаларына ХVIII-XIX ғ. оқиғалары арқау болғандықтан, сол қоғамдағы, сол замандағы тіл фактілері мен үлгілері жиі кездеседі.
Қару-жарақ атаулары – найза, қанжар, бердеңке.
Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты сөздер – сауын айту, биге шағу, бата айыру, барымта, ердің құны.
Мата атаулары – мақпал, манат.
Киім-кешек атаулары – ішік, шекпен.
Тұрмыстық зат атаулары – саптыаяқ, сойыл, бақан, саба, т.б.
Ақын көнерген сөздерді шығармаларының тарихилығын арттырып, заман шындығын нанымды көрсету мақсатында арнайы қолданады. Ақынның 1915-1916 жылдары жазылған алғашқы өлеңдерінің бірі «Қазақ үйдің тұрмысы» атты өлеңінен көнерген сөздер мен кірме сөздерді молынан кездестіруге болады. Ақын өлеңдерінен архаизмдердің 7 түрін атап көрсетуге болады:
1. Мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер: торқа, мақпал, шайы, пайы, мауыты, баршын, торғын, батсайы, дүрия, қырмызы, атлас, қамқа, қатипа, насар, пайы, парша, шөжім, сақ, шыт, сәрпеңке, боян, борлат, дабы, қыжым, қойқын, манат, ләмбен, ләңке, шағы, шағы, ұштап т.б.
2. Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер: сауын айту, ұрын бару, кит кию, жылу жинау, т.б.
3. Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер: шидем, шекпен, күпі, кебіс, т.б.
4. Діни ұғымға қатысты архаизмдер: қиямет-қайым, мүфти, підия, т.б.
5. Үй тұрмысына, мал атауларына қатысты архаизмдер: лашық, итарқа, жаппа, шошала, т.б.
6. Әр түрлі ұғымға қатысты архаизмдер: аламан, алапа, албан, аластау, ақсарбас, т.б.
7. Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер: будун, ұлық, ұлыс, жұрт, тәңірі, т.б.
Тарихи сөздер.Тарихи сөздердәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған сөздер. Тарихи сөздерді де бірнеше топқа бөлуге болады:
1. Әкімшілік, ел басқарумен байланысты туған тарихи сөздер: хан, ханыша, сұлтан, ауылнай, т.б.
2. Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты тарихи сөздер: садақ, жақ, жебе, дулыға, т.б.
3. Күні кешегі Кеңес тұсында пайда болған тарихи сөздер: нарком, губком, совдеп, ревком, отарба, колхоз, совхоз, райком, партком т.б.
Діни сөздер.І.Жансүгіров шығармаларының ендігі бір қабаты – дін, дінге қатысты сөздер. Діни сөздердің көпшілігі ХХ ғасырдың 90 жылдарына дейін көнерген сөздер, қолданыстан шыққан сөздер есебінде болды. Тіл-жанды құбылыс, қоғамдық құбылыс, сондықтан да ол бірде «тіріліп», жаңа мағына, жаңа үрдіске бейімделіп қолданысқа қайта оралуы да мүмкін.
Молда емес, мешітсалып, зекеталып, Нәжісін дүниенің бойға жаққан. Ақанды сол күндегі сопыдесек, Әсем тау оғанқұбыламекеге есеп. Ән- азан,сөз – намазболып, Кітап боп көңілін ашқан гүл-бәйшешек. («Құлагер»).
Орыс тілінен енген сөздердің молынан кездесуі шығарма жазылған кездегі идеологияға тікелей байланысты. Мәселен, офицер, адъютант, атаман, автоном, пионер, товарищтар, электр оты, винт, трактор, солдат, газет, радио, шкаф, патрон, гармон, тағы басқа. Сөздердің тілімізден орнын сайлауы – сол заңдылықтың жемісі. Екіншіден, І.Жансүгіров шығармаларының «гүлденуі», яғни қазақ елінің өткені, бүгіні, ертеңі туралы ақын толғанысы осы кеңестік кезеңге сай келеді, сондықтан да экономика, саяси- әлеуметтік өмірге қатысты сөздер тілімізге келіп қосылуы еш таңдандырмайды. Ақынның 1920 жылдарға дейінгі жазылған өлеңдерінде орыс тілінен енген сөздер кездеспейді десе де болады. Керісінше, кеңес дәуірі кезінде, қазақ халқының сол кезеңіндегі өміріне қатысты шығармаларында орыс тілі арқылы енген кірме сөздер жиі қолданылады. Оның себебі – бірнешеу: Идеологиялық қысымнан, қазақша баламасы болмағандықтан, белгілі бір стильдік қызметте жұмсағандықтан.
«Дала» поэмасында ұшырасатын кірме сөздер: комитет, жорнал, съезд, кәзит (газета), депутат, автоном, Колчак; Дутов (адам Анненков), зайімке, пулемет, адвокат, мұжық, избушка, большевик, Антон, Черкасс (жер атауы), переход, адъютант, атаман, большевик, Антон, алло, пионер, товарищтар, радио, миллион, машине, винттер, трактор, список, социалдық, солдат, совхоз тәрізді сөздер тізбегі көш түзеуіне қарап-ақ, поэманың келесі бөлімдеріне арқау болатын тақырыпты болжаймыз. Әрі ақынның бұл кірме сөздерді қолданудағы мақсаты да айқындалып қалады.
Этнографизмдердің қолданылуы.Этнография дегеніміз белгілі бір халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениет ерекшеліктері, ал этнографизмдер – осы құндылықтарын атайтын сөздер мен сөз тіркестері.
І.Жансүгіровтің ұзақ сарынды поэмалары қазақ өміріндегі елеулі кезеңдерді, ел басынан өткен тарихты, әр заманда өмір сүрген ел адамдарының тағдырын суреттеуге арналады. Халық өмірінің небір қырларын көркем сөзбен кестелеген шығармаларында этнографизмдердің молынан кездесуі – заңды құбылыс. Мәселен, ақынның «Құлагер» поэмасы желісі тарихта болған оқиға негізінде құрылған, сондықтан халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүріне қатысты сөз, сөз тіркестерін молынан кездестіреміз: ас беру, сауын айту, бата қылу, табақ тарту, бәйге тігу, бәйге алу, хабар айту, ердің құнын кесу, құдайдан сұрау, кесік кесу, жесір дауы, тәсібі тарту; «Күйшіде» тоғыз айып, құмалақ салу, ерулік , жамбы атысу; «Рүстем қырғынында» ақсарбас айту, топырақ салу; «Мақпалда» - бата бұзу, атастыру, қарсы құда, барымта, әмеңгерлік, құрт қайнату, т.б. кездеседі. Қазақ халқының болмыс-бітімін, психологиясын, тұрмыс – тіршілігінде орын алған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырымдардың аталған шығармалардағы орны ерекше. Шығарма мазмұн-желісіне қарай этнографизмдер туындының тарихилығын арттыра түседі, қазақы менталитеттің ұрпақ тәрбиелеудегі маңызын мойындатады.
Қорыта келгенде, ақынның поэзиялық шығармаларының лексикасы ана тіліміздің сөздік қоры мен құрамына енген сөздерді қамтиды. Қазіргі қарым-қатынас тілінде қолданылмайтын көнерген сөздер мен түсінігі қиын сөздер, туынды шынайылығын түптей түсетін этнографизмдер, кейіпкер тіліндегі діни сөздер мен порт рет жасаудағы дисфемизмдер, адам көңіліне ауыр тиетін сөздерді «жұмсартатын» эвфемизмдер І.Жансүгіров шығармаларында молынан ұшырасады.