Көркем шығармадағы автор табиғатына қатысты теориялар
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы», - деп қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз өлеңге қойылар талапты жіліктеп жатпай, бір ауыз сөзге сыйдырып кеткені анық [1,114 б.]. Өлең - сөз өнерінің бір бөлшегі. Сөз өнері - өнерлердің ішіндегі мағына мен мазмұнды қамтитын өнер түрі болғандықтан, әр жазушы мен ақын бұл үлестен алып қалғысы келеді. Бұл дұрыс-ақ. Әдебиеті мен тарихи дамымаған елдің алға қарай жылжуы неғайбыл. Кез келген оқиға шығармаға айналмаса, көзден таса қалып қалатынын қайтесін?! Шығарма көркем тілде жазылмаса, тағы да өз оқырманын таппайды. Бұл жерде шығарманың әдеби тілде жазылуы шарт емес, адамның әдемі дүниеге ғашықтығынан туған қажеттілік. Шығармалар жазылады, сонымен бірге зерттеуді қажет етеді. Осы уақытқа дейін әдебиет әр қырынан зерттелді. Поэзияның поэтикалық ерекшелігі, прозаның көркемдік ерекшелігі және т.б. көркемдіктің, былайша айтқанда теория, тарих, сын аясында зерттеліп, сүбелі еңбектер жарық көрді. Батыс ғалымдары әдебиетті зерттеуде көш ілгері жүрді. Ең алғаш әдебиетті Аристотель бастап зерттегені белгілі. Аристотельдің «Поэтика» атты еңбегінде әдебиет теориясына қатысты негізді қалыптастырды. Көркем шығарма, оқырман, автор арасындағы байланыс алғашқы рет Аристотельдің еңбектерінде зерттелді. Кейіннен Б.С.Мейлах «Ой-шығарма-қабылдау», А.М.Левидов «Қаламгер-образ-оқырман», У.Эко «Қаламгер-мәтін-оқырман», В.В.Молчанов «Ой-көркем шығарма-оқырман», В.Г.Благова «Қаламгер-мәтін-оқырман» деген концепцияларды өрістеп дамыды [2].
Автор мен қабылдаушы, автор-көркем шығарма-оқушы мәселелері кеңестік дәуірде КСРО Ғылым академиясының Әлем мәдениеті тарихы Ғылым кеңесінің жанынан құрылған Көркем шығармашылықты кешенді зерттеу комиссиясы (төрағасы академик Б.С.Мейлах) тарапынан зерттеліп, жарияланған ұжымдық еңбектерде, өнер мен әдебиеттің мәні мен қызметі жөнінде ой толғаған Л.Н.Толстой, Г.В.Плеханов, ғалымдар А.Н.Веселовский, А.А.Потебня, В.В. Жирмунский, В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Л.С.Выготский, Б.С.Мейлах, М.Б.Храпченко, В.В.Прозоров, Ю.М.Лотман, А.М.Левидов, Д.С.Лихачев, А.Ф.Лосев, Ю.Я.Барабаш, М.Л.Гаспаров, Ю.Б.Борев, В.Е.Хализев, В.Агеев, Ю.И.Минералов, О.А.Кривцун, Л.А.Новиков, батыс ғалымдары А.Б.Лорд, Р.Барт, П.Рикердің еңбектерінде, сондай-ақ КСРО Ғылым академиясының А.М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институты жыл сайын жариялап отырған «Контекст» жинағында қарастырылады.
Отандық ғалымдардан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, В.В.Савельева, Т.Есембеков, Г.М.Мучник, В.Бадиков, А.С.Ісімақова сынды зерттеушілердің еңбектерінде тереңінен зерттелді.
Қаламгер мен автор, оқырман, көркем мәтін мен шығарманың ұқсастығы мен айырмашылығын көбінесе айыра алмай, шатасып жатамыз. Автор дегеніміз - өнер туындыларын дүниеге әкелуші тұлға болса, қаламгер - автор сөзінің әдебилендірілген нұсқасы. Ал енді көркем мәтін мен шығарманың ара жігін ажыратып көрейік. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын бәрі - шығарма [3, 17 б.]. Шығармаға эсседен басталып, романға дейін жалғасатын өнімдер жатады. Көркем шығарма деп әдебиеттің көркемдікке қойылатын талаптарына (образ, сюжет, композиция, мазмұн, пішін, идея, т.б.) сақтай отырып жазылған шығарма. Көркем шығармаға тек қана әдебиетке қатысты шығармаларды (поэзия мен проза өнімдері) айтамыз. Осыдан шығарманың жалпылама атау, көркем мәтін шығарманың құрамдас бөлігі екені айқындалды. Оқырманға келер болсақ, ол - шығарманың өмірін жалғастырушы. Көркем мәтін, оқырман, автор арасындағы айырмашылықтар айырылып алынғандықтан соң, олардың арасындағы байланыс өз кезегімен жалғасып дамиды.
Қаламгер - туындыны дүниеге әкелуші болса, оқырман - оның өмір сүруін жалғастыратын тұлға. Ал көркем шығарманы әдебиеттану ғылымы мәтін ретінде қарастыратындықтан, мәтін - қаламгер мен оқырманның арасындағы көпір. В.В.Савельева: «Көркем мәтін - шығармашылықтың сырлы нәтижесі; талқылаудың және саралаудың нысаны; қаламгер мен оқырманның дүниеге деген өзіндік көзқарасының нәтижесі; ол белгілі бір мәдениеттанудың феномены; лингвистикалық санаты; сублимацияның нәтижесі және невропатологияның куәлігінің айғағы; архетипиялық әлемі; психологиялық нақтылық», - деп көркем мәтіннің табиғатын анықтап берген болатын [4,18 б.].
Көркем шығарма қаламгердің өзіне негіз етіп отырған өмір шындығын, оқиға желісін, саяси ойларын бірден оқырманға жеткізбейді. Ол көптеген ақыл мен қиялдың, дүниетанымның қаламгер санасымен қорытылған нұсқасын алады. Сонымен бірге, оқырманға деген сыйлығын да өзіне сіңіреді. Шығарманың сыйлығы оқырманның оқиға арқылы өз жанын қозғауында жатса керек. Т.Әбдіковтің «Оң қол» шығармасындағы баяндау сырттай жақсы болып көрінсе де, автордың өтіп жатқан оқиғаларға, адам тағдырының ішкі жан дүниесінің қатысы, оқырман назарына қозғау салғысы келгені көрініп тұр. Көркемдік танымы биік деңгейдегі орыстың белгілі сыншысы В.Белинский А.С.Пушкин туралы ғылыми мақаласында: «Мен қандай оқырманды қалаймын? – Мынадай: мені де, өзін де, тіпті күллі әлемді де ұмытып, тек менің шығармаммен өмір сүретін», - дейді [5,20 б.].
Қаламгер мен оқырманның бастарының бірігетін ортасы, диалог құрып, ой алмасатын алаңы – көркем шығарманың әлемі. Әрбір қаламгер оқырманның өз шығармасымен етене араласып, сіңісіп кеткенін қалайды. Орыс жазушысы А.М.Ремизов: «Пишется не для кого и не для чего, а только для самого того, что пишется и не может быть написано… Дляписателя, когда он пишет, не существует никакого читателя», - деген пікірінің теріс жағы бары анық [5]. Себебі, кез келген қаламгер шығарманы оқырманға арнап жазады. Өйткені, шығарманың мәңгілік болуы, автордың мәңгі өмір сүруі тікелей болмаса да жанама оқырманға байланысты. Бұл жерде шығарманың өміршеңдігіне оқырманнан бөлек тақырып, өзектілік, оқырман ортасы, шығарма көтерген проблема, мәтін тілдік жағы да әсер етеді.
Көркем шығармада автордың оқырманға сыйлығы - «мәтін астары». Қаламгер мәтін астары арқылы өзінің жасырын жатқан, айта алмаған ойларын жасырады. Мәтін астары біздің алашорда өкілдерінің цензура кезіндегі шығармаларында көп көрініс тапқан. Мәселен, көркем әңгіменің классикалық үлгісі болып табылатын Ж.Аймауытовтың “Елес” әңгімесі. Қаламгер оқырманға өнердің қоғамда алатын орнын, ақын, жазушының халық үшін атқаратын міндетін, халықтың тұрмысын аталмыш әңгіме арқылы жеткізді. Шығарманың құрылысы диолог үлгісінде жазылуы оқырманға кеңес дәуірінің шындығын, қазақ елінде болған ашаршылықтың ауыртпалығын, өлім, қайғы, зардап және т.б. өмір шындығына қатысты сөз етілген оқиғаларды танып, түсінуге мүмкіншілік берді. Қаламгердің астарлы ұстанымы шығарманы үшінші тұлға арқылы жүзеге асты. Әңгімедегі жас әдебиетшіге түнгі елес келіп, екеуі диалогқа түседі. Олар төңкерістен кейінгі әдебиеттің ахуалы туралы сөйлеседі “Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Қазақ даласында соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың?” [6,425 б.].Қаламгер көркемдік шеберлігімен қоғамның жағдайын ашпақшы болады. Кейіпкер өң мен түстің ортасында отырып, жұмбақ елестің сауалдарына мүдіріп қалады. Кейін өзінің табан жолының тайғанақ, мәнсіз екенін сезген жас жазушы осы елестің сөздерінен кейін ұйқыдан ояна бастағандай болады “Құлағыма жағып кетті. Сөзі де әрі жатық, әрі жат көрінді. Магнит қуаты бардай-ақ, сөйлеген сайын ұйытып, бойымды балқытып әкетті” [6,423 б.]. Қаламгердің шеберлігі - ойды астарлап жеткізуі. Көркем шығарманың құндылығы - қаламгердің астарлы ұғымын беруі.
Автордың шығармаға қатысымын анықтау үшін автор сөзінің мағынасынтереңінен зерттеп алуымыз қажет. «Әдеби энциклопедиялық сөздікте»: «Автор (латынша – негізін салушы, ойдан шығарушы) филологиялық категория тұрғысынан алғанда – әдеби шығарманы тудырушы, жеке-дара шығармашылық қолтаңбасын, өзінің көркемдік әлемін танытушы» [7,13 б.]- деп түсіндірілген. Яғни, автор - шығарманы тудырып қана қоймай, оған өзінің қолтаңбасын қалдырып кететін тұлға. Шығармаға автор өзінің позиция арқылы қолтаңбасын қалдырады. Авторлық позиция дегеніміз - автордың өзін қоршаған ортаға, қоғамға, өмірге сырттай көзқарасы немесе пікірі ғана емес, ол автордың бүкіл жан дүниесі, сезім сүзгісінен өткен, өзі суреттегелі отырған өмірдің әр түрлі жақтарын сезініп, түйсінуінен пайда болған ой тұжырымы, авторлық ұстанымы немесе авторлық тұлғасы [8,15-16 б.]. Авторлық позиция мен автор шығармада қатар жүріп, тұтас зерттелінеді. Авторлық позицияны ашуымыз үшін әрдайым автордың көркемдік және рухани әлеміне жүгінеміз. Себебі, автордың ой-сезімі, идеясы авторлық позиция арқылы шығарма оқиғасы мен кейіпкерлеріне енеді. Бірақ кейде шығармада көрінген ой немесе оқиға автордың өз басында өтпеуі мүмкін. Мәселен, Т.Әбдікұлының шығармаларында жиі ұшырасатын «Жалғыздық» философиясы. «Оң қол» әңгімесінде жалғыз Алманың ауруы, «Парасат майданында» жалғыз адамның екіге бөлінуі, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде араку тайпасынан жалғыз адамның қалуы, «Қайырсыз жұма» әңгімесінде өзінің жалғыз билікке жетуі, «Қонақтар» әңгімесінде жалғыз ұрпақтың санасыздануы – жалғыздық идеясының анық көрінісі. «Парасат майданы» повесінде жалғыздық былай сипатталады: «Жалғыздық жайында көп ойландым. Қиындыққа да, қиянатқа да, зорлық-зомбылыққа да, жала мен бәлеге де төзуге болатын секiлдi. Төзуге қиын жалғыз нәрсе - жалғыздық. Адамның жұлын-жүйкесiнiң қайғы қасiретке төтеп бере алмауы жан азабын бөлiсетiн жақын жанның жоқтығынан. Ондай кезде жалғыз әмiршiң - Жалғыздық. Ғашығыңдай жабысқан, түнде түсiңде, күндiз iсiңде серiк болған, жатырлас сыңарың Жалғыздық - ендi сенiң тағдырың» [18,13 б.], «Ғалымдардың айтуынша ғалам кеңістігіндегі ой жетпес алыс галактикаларда «қара тесіктер» (черные дыры) болады екен. Осынау космостық құрдымға жұтылмайтын ештеңе жоқ, бүкіл масса атаулы, тіпті оған тап болған сәуле де одан қайтып шыға алмайды. Жалғыздық та осындай космостық қара тесік секілді. Бойындағы сәулеңді, күш-қуатыңды, жігеріңді, үмітіңді, сеніміңді қайтып шықпастай етіп сорып алады. Жалғыздыққа кеткен қайратыңның жүзден біріне қыруар ерлік жасауға болар еді. Жалғыздықтан құр сүлдері қалып қажыған қанша адам ерлік жасамақ түгілі қарақан басын әрең алып жүр. Жалғыздықтың өзіме тым жақын келіп қалғанын денемнен, сыздаған жүрегіммен сезіп тұрмын. Аласұрып серік іздеймін» [18,13 б.]. «Әке» повесінде де жалғыздық көрініс тапқан: «Өлер алдында сөйлей алмады. Тек қолымды қысып, жалғыз саусағын шошайтты. Жалғыз қалдың дегені болу керек. Өзінің өсиеті бойынша ескі қорымға апарып көмдік. Дүйсеннің үйіндегі Гүлсім жеңгеміз кейін күйеуге шығып кетті. Жалғыз баланы өзімен әкетті», «Ақсары кемпірдің Жорабек деген жалғыз ұлы Ермек көкемдермен бірге соғысқа кеткен [16, 34]. Жорабектің атын атамай сөз сөйлемейді. Өзінің сөзіне қарағанда Жорабек он екі құрсақтан қалған жалғыз ұл» [16,39 б.]. Жалғыздан қалған тұяқты іздеген ақсақал туралы «Қыз Бәтіш мен Ерсейіт» повесіндегі жалғыздық былайша суреттеледі: «Белі бүгілмес-ақ, басы иілмес-ақ деген, қу тірліктен бір мойын биік азамат емес пе! Кәрі қойдың жасындай жасы қалғанда жалғыз ұлдан айырылып, қираған бәйтеректей отырған отырысы мынау ғой. Киіз үй ішінде қазаға көңіл айта жиналған қалың жұрттың осыдан басқа ойларға ойы болмай, Қожабектің жалғыз ұлын өз қолдарыңнан өлтіріп алғаннан бетер бастары салбырап, жер шұқып отыр» [16, 203 б.]. Әрбір адамның басында жалғыздық кездеседі, бірақ автор бұл жерде заманның ағымына қарай болған жалғыздықты сипаттауда. Кеңес өкіметінен кейінгі қаржының таршылығындағы бала санының азаюына орай «Жалғыз бала», қысымның көбеюіне орай «Жалғыз ұлт», билікке құмартудың күшеюіне орай «Жалғыз орын» сынды жалғыздықтарды ұрпаққа үлгі ретінде әкелуі арқылы, өзінің басындағы емес, заманның басындағы ойды автор позициясы арқылы жеткізе білді.Демек, автор сырттай бақылап байқаған ойды да өз шығармасының негізгі идеясы ете алады. Бұл жердегі маңызды нәрсе -шығармадағы ойдың авторда болу-болмау мәселесі емес, автордың сол ойды жүзеге асыруы. Ойды жүзеге асыратын автордың көркемдік мен рухани әлеміне бойлайық.
Автор мәселесі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымында ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап қарастырылып келеді. Соның ішінде ағылшын және американ әдебиеттанушылары көркем шығармадағы баяндау тәсілін баяндаушы, әңгімеші қызметіндегі автордың «көзқарасы» тұрғысынан қарастырды. Бұл бағыт танымал әдебиеттанушылар Г.Джеймстің, П.Лэббоктың және Р.Маккейли, Г.Ланинг, Р.Шолес, Р.Келлог еңбектерінен көрінеді. П.Лэббок өз еңбегінде баяндау, әңгімелеуден гөрі автордың жетекшілік әдісінің артық екендігін дәлелдейді. Осы бағыттың тағы бір өкілі - Л.Сурмелян автор көзқарасын барлық екенін көрсеткен. Яғни, олар авторлық көзқарасты бәрінен жоғары қоя отырып, оны шығарманы баяндау стилінен, формасынан, идеялық негізінен бөле жара қарастырады. Бұл біршама автор категориясына да, тұтас көркем туындыға да біржақты қарау.
Қазақстанда, Ресейде де автор мәселесі дәл осы кезеңдерде зерттеле бастаған еді. Ресей әдебиеттануында автор категориясына В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.Эйхенбаум сынды ғалымдар көп көңіл бөлді. Бұл ғалымдар тобы шетелдік зерттеушілерге қарағанда авторды тұтас шығармадан бөліп қараған жоқ. Яғни, тұтас шығарма жүйесіндегі автор концепциясы немесе автор образы ретінде композициялық-сюжеттік ерекшеліктермен бірлікте қарастырады.
Әлем әдебиетінде «автор бейнесінің» қалыптасуы классицизм ағымының жойылуымен байланыстырады. Бұл дәуірде әдебиет тарихшы, куәгер не мемуаршының болған оқиға жөнінде іскерлік хабар, мәлімет беруі түрінде жасалды, не шындыққа жатқызылатындай етіп берілген ертегілік, аллегориялық қиял-ғажайып іс түрінде дүниеге келді. Ал Қайта өрлеу дәуірінде (Еуропа елдерінде XV ғасырдың орта шені - XVI ғасырдың аяғы) гуманистік көзқарастың өркендеуіне байланысты әдебиет өнерінде де адам үлкен маңызға ие бола бастады. Енді шығарма тек сыртқы құрылысынан ғана емес, автордың өзіндік позициясынан да қарастырыла бастады. Суреткер тұлғасы, автордың жеке адам ретіндегі таным, түйсігі, жан толқынысы ерекше орын алды. Бұл өзгеріс оқырмандардың туындыны қабылдауына да байланысты еді. Оған мысал ретінде Дж.Бокаччо, Данте Алегьери сынды әлем жазушыларының шығармаларын келтіруімізге болады. Ал бертін келе әдебиет романтизм дәуіріне аяқ басқан шағында «автор бейнесі» айқын байқала бастады, бірақ тек бір қырынан ғана.Сондықтан көп жағдайда автор өз кейіпкерімен біртұтас болып кетіп жатты. Автордың бейнесі әр шығармада әртүрлі қырынан көрінетінін жоғарыда атап өттік.Мәселен, эпикалық туындыларда автор баяндаушы ретінде ғана көрінеді. Көне дәуір әдебиеті, мейлі ол жазбаша туған шығармалар болсын (Орхон-Енисей ескерткіштері, орта ғасыр мұралары), мейлі ауызша шығып тараған шығармалар болсын (аңыз, хикая, ертегі, жыр), олардың негізгі міндеті хабар, мәлімет беру болып, танымдық, тәрбиелік қызмет атқарғандығы басты ерекшелігі болса керек. Ал олардың эстетикалық қызметі екінші қатардағы қызмет болып, бертін келе (ертегі, жырларда) ол бірте-бірте алдыңғы қатарға шыға бастайды. Яғни, мұнда автордың бейнесін оқырман оның оқиғаны айту мәнері, кейіпкерлерді суреттеу өзгешелігінен, қозғаған этикалық мәселелерге деген көзқарасы арқылы ғана елестете алады.
«Автор тұлғасының» прозада көрінуіне тоқталар болсақ, мұның біршама күрделі мәселе екенін мойындауымыз керек. Себебі, көркем прозаның ауыз әдебиетінен ерекшелігі – автордың және кейіпкерлердің жанды даусы, интонациясы, сөйлеу мәнері, көңіл-күйі, бір сөзбен айтқанда олардың «өзіндігі» сезіліп, білініп тұрады.Ол үшін – әдеби туындының тілдік құрылымында автор бейнесі, кейіпкерлер бейнесі бейнеленіп, көрініс табуы керек. Ал, бұл бірден қалыптаса қойған жоқ. Ол үшін ортағасырлық жансыз кітаби стильден бас тарту керек болды, ауыз әдебиеті шығармаларындағы бірсарындылықты жеңу керек болды.
Сондай-ақ, проза жанрынан «автор бейнесін» көре алу қиындығының тағы бір себебі - ол көркем шығармалардың композициялық тұрғыдан көпқабаттылығы мен тілдік құрылымдардың әр алуандылығы. Негізінен, тұтастай алғанда автордың көзқарасы оқиғаны баяндау және кейіпкерлер әлемін беру мәнерінен байқалады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін көркем шығармаға жүгінейік. Мысал ретінде Қ.Түменбайдың «Сағат жөндеуші және мен» атты қысқа ғана әңгімесін алайық. Әңгіменің көлемі бар-жоғы екі бет. Бірақ автордың шеберлігі сол – осы екі бет әңгімеге терең де ауқымды мағына бере білуінде. Сонымен қатар мұнда автордың баяндау кезіндегі көзқарасының берілуінің үш жолы да көрініс тапқан. Біріншіден, автордың тікелей кірігуне әңгіменің «Мен» деп бірінші жақтан баяндалуын жатқызамыз: «Топ-томпақ «командирский» сағатымның бұрандасы былқ-сылқ етіп бұралмай қалды. Бір секөндті сарп етпейтін уақыттың құлымыз ғой, енді қайттім? Көршім: «Поштаның қасында сағат жөндеуші бар» деп сілтегесін салып ұрып жеттім»[8,29 б.].
Ал, екінші, автор сөзіндегі лексикалық элементтер арқылы көрінуі туралы сөз еткенде, әңгіме барысында ұшырасатын сөздерді айтуымызға болады: «Көшенің бергі беті «Қазақфильм» ықшам ауданы да, арғы беті – «Алатау» совхозы.Асқақ Алатаудың етегінде алшаң басқан түрік пен ұйғыр көп еді, енді армянды ұшыраттым»[8,29 б.]. Келтірілген үзіндіде «Қазақфильм» ықшам ауданы, «Алатау» совхозы сияқты біздің жаңа заманымызға тән лексикалық қорымыздағы сөздер кездеседі. Бұл – автордың қай заманда өмір сүргендігінен және сол дәуірге тән өзіндік ерекшеліктерінен де көрініс береді.
Үшіншіден, әңгіме көбінесе диалог мәнеріне құрылған. Яғни, оқиғаға бар-жоғы екі-ақ кейіпкер қатысады. Бірі – автордың өзі де, бірі – сағат жөндеуші, ұлты – армян Енгибарян. Оқырманда шығарманы оқу барысында осы Енгибарянның сөйлеген сөздері арқылы жазушы өз ойынан хабар беріп отырады деген пікір қалыптасады. Әрине, дәл сол күйінде емес, тұспалдап жеткізуге тырысады. Мысалы: «Ол басын көтерместен былқ-сылқ еткен бұранданы бір бұрады да, ішек-қарнын ашып қарап, қылдай жіңішке бізімен бір жерін сырт еткізіп түртіп еді, сағатым тық-тық етіп өмір жырын шертіп жүре берді.
-Серіппе сымы шығып кеткен. Бұны бір алға, бір артқа бұрау
керек.Сендер, қазақтар, қызықсыңдар. Мән-мағынасыз алға бұрай бересіңдер» [8,29 б.]. Осы бір сағатшының сөзі арқылы автор не айтқысы келді екен деген сұрақ туындайды. Әңгіме екібастан сағат туралы болып отырған жоқ қой. Сағат дегеніміз – ол қазақтардың қазіргі таңдағы алға қадам басуындағы сана-сезімі. Мән-мағынасыз алға қарай бұрай бересіңдер дегені – біздің әйтеуір қалай да болса алға жылжу мақсатында тырмыса беруіміз, ал алды-артымызға жиі қарамай, өз-өзімізді жоғалтып алу қаупінде тұрған жайымыз. Және тағы бір мына үзіндіге назар аударайық:
-«Қай жылғысың? – дедім шебердің жас мөлшерін бағамдап.
-55-пін.
-Менімен, сосын біздегі тың игерумен құрдас екенсің де.
-Әй, қойшы, сендерде дата көп.Өздеріңе түк пайдасы жоқ» [8,30 б.].
Расында да, өзімізге түкке де пайдасы жоқ нәрселер біздің санамызды әбден шырмап, орап алғаны шындық. Соны автор қазақтың өзі емес, басқа ұлттың өкілін сырттан бақылаушы – сыншы ретінде айтқызып отыр. Бұл – қазақтың намысын түртіп, санасын ояту мақсатында қолданылған тәсіл болуы мүмкін. Себебі, адамға көбінесе сырт, бейтаныс адамның айтқан сөзі әсер етеді. Негізінен, әңгіме бастан-аяқ тұспалды ойларға толы. Алайда оқырман оны оқыған кезінде бірден түсіне алатындай деңгейде жазылған. Автор неліктен әңгімені «Аяқ киім жөндеуші» немесе «Киім тігінші» деп емес, дәл «Сағат жөндеуші» деп атаған. Өйткені сағат дегеніміз – ол уақыт, замана ағымы. Сонда автор қазір бар билік пен соңғы сөз қарабайыр қазақта емес, өзге ұлт өкілдерінің қолында екенін айтқысы келді ма деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Расында да, оңай істейін деп тұрған сағат тілін басқа ұлттың адамы түртіп қана іске қосуында нендей хикмет бар? Ол - өз жеріміздігі ұлан-асыр байлығымызды өзіміз игермей, шет елдерден келген азаматтарға пайдалануға беріп қойғанымыздан хабар бермейді ме?
Автордың көркемдік әлемі - бұл эстетикалық әлемі, сұлулықты қабылдау, сезіну әлемі. Демек, көркем шығармадағы барша оқырманды баурап әкететін персонаждар мен сұлулықтың (пейзаж, кейіпкерлер, т.б.) суреттелуі [8,16 б.]. Бұл сұлулық кейіпкердің ішкі мінезіне және оны қоршаған ортаға дариды. Автордың рухани әлемі – ол жан дүниесі рухани, моральдық құндылығы, бір сөзбен айтқанда адамгершілігі [8,16 б.]. Рухани әлем кейіпкер әлеміне беріледі. Автордың көркемдік пен рухани әлемі автор бейнесімен астасып жатыр. Лирикада автор бейнесі бірден көрінеді, ал прозада олай емес. Автор бейнесін прозада көбінесе кейіпкер ретінде келеді. Яғни, автор кейіпкерде көрінетіндіктен, авторды шығарманың идеясынан емес, кейіпкерден іздеген жөн болар. Дегенмен, бұл барлық жағдайда емес.
Авторды көркем шығармада кездесуіне орай 1-диаграммаға сәйкес А.Байтұрсынұлы толғаушы, сарындаушы, әуезелеуші, жазушы, ақын деп бөлсе, 2-диаграммаға сәйкесВ.Е.Хализев ғұмырнамалық автор, көркем болмыстағы автор, көркем шығармадағы автор деп бөлген.
1-диаграмма. А.Байтұрсынов жіктемесі
Авторды толғаушы дегенде: «Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды», - деген [8,450 б.]. Әуезелеуші деген - автордың әңгіме, тарихи әңгіме, т.б. шығармалардағы рөлі, толғаушы деген - лирикалық өлеңдердегі ақынның рөлі. Ал сарындаушы дегенде: «Сарындаушы – өз заманындағы бар тұрмысты ғана суреттеп қоймайды, өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып суреттейді» [8,450 б.]. А.Байтұрсынұлының жіктемесі бойынша Т.Әбдікұлы әуезелеуші және сарындаушы ретінде танылды.
2-диаграмма. В.Е.Хализев жіктемесі
В.Е.Хализев: «Слово «автор» (от лат. аuсtог – субъект действия, основатель, устроитель, учитель и, в частности, создатель произведения) имеет в сфере искусствоведения несколько значений. Это, во-первых, творец художественного произведения как реальное лицо с определенной судьбой, биографией, комплексом индивидуальных черт. Во-вторых, это образ автора, локализованный в художественном тексте, т.е. изображение писателем, живописцем, скульптором, режиссером самого себя. И наконец, в-третьих (что сейчас для нас особенно важно), это художник-творец, присутствующий в его творении как целом, имманентный произведению. Автор (в этом значении слова) определенным образом подает и освещает реальность (бытие и, его явления), их осмысливает и оценивает, проявляя себя в качестве субъекта художественной деятельности». Бірінші автор – ғұмырнамалық автор. Жазушы автобиографиясын жазу арқылы өзінің ішкі толғаныстары мен күйін толық жеткізеді. Автобиографиялық еңбекке автор емес, оқырман мұқтаж. Себебі, автордың үздік шығармасы мәңгі өмір сүреді, ал автор оның тасасында қалып қалады. Бірақ кейін автор өз сұранысына ие болады. Т.Әбдікұлының «Тұғыр мен ғұмыр» шығармасы – автобиографиялық шығарма. Т.Әбдікұлының бұл шығарманы өз тұлғасына қатысты сұрақтарға жауап ретінде әрі өзінің өмір жолын өнеге – естелік ету мақсатында жазған. Екінші автор – көркемдік болмыстағы автор. Түсінікті айтқанда, екінші автор - автор-туындыгер. Кез келген шығарманың автордың өзінің ережесі мен талабы бойынша жазылады. Яғни, автор өз шығармасында өз заңын жүргізеді. Автобиографиялық шығарма ол Аллаһтың жазған шығармасын жеткізуші болса, ал өз қолынан шыққан шығармада автор өзі тудырады және сырттай бақылайды. Үшінші автор – көркем шығармадағы автор. Үшінші автор жоғарыда айтылған екі автордан ерекше өзгеше болып келеді. Мәтіндегі автор оқиғалармен бірге құбылып, оқиғалармен бірге тербеледі.
Автор әдебиеттің әр дәуірінде берілуіне қарай әр түрлі көрінді. Мәселен, ауыз әдебиетінде «автор» деген ұғым жалпылама болды. Бұл кезде жекелеген авторды кездестірмейсін. «Елім-ай» өлеңі «Халық әні» деп берілді. Кейіннен оның авторы Қожаберген жырау деп те айтылып жүр. Сөйтсе де, фольклорда автор деген ұғым болмай, авторды атау кейіннен қалыптасқанын көреміз. Көне Греция әдебиетінде«автор» ұғымы пайда бола бастады. Сол ғасырдың авторлары риторика мен дәстүрлі поэтика бойынша жазды. Яғни, риториканыңЭсхил, Софокл, Еврепид сынды авторлары болды, олар жанр мен стилге мән берді. 17-18-ғасырларда классицизм жанры келуімен дәстүрлі поэтика өз қалыбын өзгертпеді, тек романтизм мен сентементализмнің келуі әдебиеттегі жағдайды өзгертті: «Центральным «персонажем» литературного процесса стало не произведение, подчиненное канону, а его создатель, центральной категорией поэтики – не стиль или жанр, а автор»[10,33 б.]. 19-ғасырдан бастап шығарманың негізгі нысаны жанр мен стиль емес, автор болды. Автордың категория болып танылуынан бастап, автор шығармаға өзінің сан салалы қиялдары мен идеяларын еге бастады. 19-ғасырдан басталған автордың творчествалық еркіндігі шығармалардың сапалығына әкелді деуімізге болады.
Американ – ағылшын әдебиеттануының 20-шы жылдардағы негізгі нысаны – автордың баяндаушы, әңгімеші қызметіндегі автор көзқарасы. Бұл зерттеу П.Лэббок пен Г.Джеймстің еңбектерінде көрінді. П.Лэббок бойынша баяндаушы, әңгімелеуші тәсіліндегі авторлық көзқарас барлығына жетекшілік етуі керек. Яғни, автордың көзқарасы шығармада баяндау және әңгімелеу кезінде көрінеді деген айтты. Бұл бағытты кейін «Жаңа сын» мектебі жалғастырды. Бұл мектептің өзіндік ерекшелігі болғанымен, қателікке бой алдырмай қоймады. Баяндаушы, әңгімелеуші автор идеядан да, сюжеттен де жоғары деді. Баяндаушы, әңгімелеуші автор идея мен сюжеттен жоғары емес, бір-бірімен тығыз байланысты.
Автор мәселесі 20-жылдары Ресей әдебиеттанушыларының да зерттеу нысанына айналды. В.В.Виноградов, М.М.Бахтин, Б.Эйханбаум, т.б. «Жаңа сын» мектебінің қателіктерін қайталамады. Олар автор образын, автор позициясын шығарма жүйесінде зерттеді. В.В.Виноградов: «Автор образы – бұл ақынның шығармашылығында жасалынған образдың басты ерекшелігі. Ол өз биографиясының да көркем-бейнелік элементтерін қамтып, жүзеге асырады. Лирикалық «Мен» - бұл автордың ғана образы емес, сонымен қатар адамзаттық үлкен қоғамның рөлі», - деген сөзінен шығатын қорытынды мынандай: автор өз шығармасында өз образын салады, сонымен бірге халықтың да образын қамтиды [11, 113 б.]. Автор өз образын қоғамның өзгерістері мен жағдайларына орай да өзгертіп, шығармаға арқау етіп отырады. Автордың шығармаға, шығарманың авторға қатысы болады.
М.М.Бахтин бойынша: «Әдеби шығарма авторы тек тұтас шығармада ғана қатыса алады және осы тұтас дүниеден бір сәтте бөлінбейді, бәрінен бұрын мазмұн тұтастығын алшақ тұрған емес. Ол мазмұн мен форманың құйылысып, ажырамас күйге айналған тұсынан табылады. Әдебиеттануда авторды әрдайым тұтас мазмұннан іздейді, демек оны белгілі бір уақыттағы, белгілі бір автобиографиялы, белгілі бір дүниетанымды автор-адаммен үйлесімде алуға болады. Осыдан барып «автор образы» нақты бір адамның образымен кірігіп кетеді», - дейді [12, 382 б.]. Бахтин автор образын форма мен мазмұнның бірлігінен іздейді. Автор белгілі бір дәуірдің перзенті бола отырып, сол дәуірмен үйлесіп, ал өзге бір дәуірдегі автордық тұлғамен үйлесе бермейтінін, сөйтіп әрқилы кезеңде түрлі авторлық көзқарас көрінеді.
Автордың көркем шығармаға қатысы жайлы Б.О.Корман былай айтқан: «Автор сөзіне бүгінгі әдебиеттану ғылымында әр түрлі маңыз беріліп қолданылады. Сондықтан бұл терминнің мазмұн – мәні туралы ескерте кеткен орынды. Автор арқылы біз жазушының барлық немесе жинақталған шығармаларының концепцияларын сақтаушы екенін түсінеміз. Авторға бұлайша мән беру, оны нақты жазушыдан да, сондай-ақ авторды баяндаушы, жеке дара баяндаушы, әңгімеші, әңгімеші-қаһарман, т.б. құбылыстардан бөліп, шегін ажыратып береді. Жоғары мағыналы инстанция бола отырып, автор шығармаға тура мағынасында енбейді. Ол үнемі сюжеттік-композициялық форма құрамында жанама субъект болып қала береді»[13,19 б.]. Корманның пікірінше автор шығармаға өз бейнесін енгізбейтін, керісінше өзгелердің оқиғасын суреттейді. Шығармада автор өзінің «менін» көрсетпейді.
Орыс ғалымдарының жіктемесінде сонымен қатар баяндаушы (повествователь), әңгімелеуші (рассказчик), әңгімелеуші-кейіпкер деген категориялар бар.Бұлар А.Байтұрсыновтың бөлуімен дәлме-дәл келмесе де, біразы сәйкес келеді.Ғалымның келесі бір авторды атауы – ол «толғаушы».
«Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды» [8, 407 б.]. Бұл автордың категориясы әдебиетте көптеп кездеседі. Әсіресе, поэзия әлемінде, жалпы лирикалық туындыларда жиі ұшырасады. Оған мысал ретінде Т.Тәшеновтың «Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін» деген өлеңінен үзінді келтірейік:
Күнде, мейлің,
Міне, мейлің,
Күл, мейлің!
Өрт ішінен аман шыққан гүлдеймін.
Талайсыздан тай торысы Тәңірдің,
Қоғамның қой торысы боп жүр деймін...
Керегі жоқ
енді маған мақтау мен даттаудың да,
Өзімді-өзім жатқан жоқ ақтау мұнда.
Керегі сол – тек қана тыныштық бер,
Көремін сол – тек қана Хақты алдымда...[8,25 б.].
Автор-толғаушы шығармасында өз көңіл-күйін эмоционалды-экспрессивті түрде беруі мүмкін.
Ақынның бұл өлеңінде эмоционалдық реңк аса басым емес. Мұнда тек мәселені ортаға тастау, соны талқылау, өз ойын білдіру, соңында жеке танымымен қорытынды жасау. Яғни, толғаушы тек өз сезімінен хабар беріп қана қоймай, сонымен қатар кейбір тақырыптар аясында ой қозғай алады. Авторға берілген атаулардың келесі категориясы – ол «сарындаушы».
«Сарындаушы өз заманындағы бар тұрмысты ғана суреттеп қоймайды, өнеге үшін жоқ тұрмысты да алып суреттейді» [8, 450 б.].
Қорыта келгенде, автор категориясы – күрделі категория. Әр ғалым автор категориясына қатысты әр түрлі көзқараста болуы орынды. Барлық ғалымның ортақтастыратын нәрсе – автор-туындыгер. Автор өз ойын да, идеясын да әрі басқа да идеяларды шығармаға арқау етеді. Автор мақсаты – шығарма арқылы оқырманға ой тастайды.