Жолдастар» романы: шындық және көркемдік шешім
Жазушының алғашқы әңгімелері – «Күң өлімі», «Шешілмеген жұмбақ», «Саудагердің тамашасы», «Мерген бөкен», «Ташкендікке тарт»-1920-1928 жылдары жазылды. Бұл еңбектерің ішінде Азамат соғысы кезі, сол дәуірдегі қазақ елінің басынан кешкен жағдайларының өзгешелігі бейнеленгендігі бар. Солардың бірсыпырасы өзі көрген – білген белгілі дәрежеде өзі сүйетін, өзі ардақтайтын мазмұндар. Сонда да болса болашақ жазушы бірден жазушылық жолға түспейді. Әлі де байқап көрейінші дегендей өмірден де кітаптан да көп қазынаны ойға түйе береді.
«Білім мөлшерім, өмір соқпағым, шет жұрттың әдеби қазынасымен танысуға әлі мүмкіндік бермей келеді» деуіне қарағанда, әлі де болса өзіне қанағаттанбағандығын байқаймыз. Дегенмен, Ілиястың сол тұста өзінің хал-қадірінше әлемдік әдебиеттен хабардар болған.
Ілияс поэзия «құшағынан» шыға алмай, қара сөзге біраз жыл жақындай қоймады. Солай десек те, поэзия Ілиястың прозалық шығармаларына жаңа түр, форма, бейнелеу, суреттеу компоненттерін беріп, өмір фактілерін жай ғана әсерсіз, ажарсыз жазудан аулақ етуге жол салды.
Жоғарыда аталған алғашқы әңгіме, повестерін және кейінгі жазылған ірілі-уақты прозалық шығармаларын Ілияс 1920 жылдары газет-журналдар бетіне шығара бастайды. Кедейліктің тауқыметін тартқан жалшылар, сол қоғамда өмір сүрген әйелдердің басындағы ауыр хал, қазақ ауылындағы ескіліктің етек алған түрлі көріністерін бейнелеу, сынау, әшкерелеу тенденциясы шағын көлемді прозасының арқауы болып отырады. Оның көрінісі алғашқы туындыларының бірі - «Күң өлімінен» айқын байқалады. Ол 1922 жылы жазылған. Бұл әңгіме қазақ әйелдерінің тұңғыш басылымы - «Жетісу әйелі» журналында жарияланған. Онда күңдікте жүрген Алқа атты әйелдің ауыр тұрмысы, қайғылы халі бейнеленген. Бұл әңгіменің шынайы, боямасыз болатын себебі, Ілияс Алқаны өз көзімен көріп, әңгімелескендігі туралы дерек бар /1965 жылғы «Жұлдыз» журналының №5 саны/ Алқа жайында былай деп жазады: «Алқа егде тартқан кісі еді, өңі сіріңке қара. Мінез орнында ерекше қуаныш минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлген емес. Бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай, тиісті кезекте ғана сөйлейтін. Егер бір сөйлесе тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетуші еді. Сөзінің көбі өз басының мұңы болатын. Мұның атының Алқа екенін үйі аралас кісі білмесе, сырт кісі «Сандыбайдың күңі» дейтін.
... Алқа Сандыбайдың ауылы күзгі күзекке қонса, қора күзететін. Балаларын от басына орап алып, күзгі ұзақ сары таңда қара қиды қалап қойып, түйенің жабуын, қошқардың күйегін, қойшылардың шарығын сырып отырушы еді. Міне, бұл уақыттта Алқа апайдың қасына отырып «әңгіме айт» деп жалынғанда, аузымыздың суын құртып, әдемілеп, тәтті - тәтті әңгімелерін ұзақ сөйлеп беретін» дейді.
Әңгіме кейіпкері Алқаның бет-бейнесі, мінез ерекшелігін суреттей келе, оның «Сандыбайдың күңі» екендігін бадырайта көрсетеді. Алқаның кейпін аңғарту үшін күйеуі Қырықбайдың құл болып зорығып өлгенін, балалары Маржан мен Қасеннің әйтеуір өлмеген пенденің күйін кешіп жүргендігін сөз арасында баяндап қойып отырады. Сонда күң мен құлдың аянышты тағдыры көз алдыңа келіп, оның балаларының болашағы алаңдата бастайды. Өмір шындығының шынайы суреттері әрі қарай ынтықтыра, шығарма шырайын әрлендіре түседі.
Әңгіменің алғашқы бөлімінде Алқаның өмірін, күнделікті тіршілігін, бүлдіршін балаларын бейнелесе, екінші бөлімінде «Айлар өтті, жылдар өтті. Дүние дөңгелегі тоқтаусыз өзінің зырлауында. Жас өсіп, жарлы байып, кедей бай болып, бай кедей болып, тұрмыс жаңадан жаңаға айналып кетті...» деп, талай уақыт өтіп, Алқаның қартайып, балаларының бойжетіп, ер жетіп қалғанынан хабардар етеді.
Өмір логикасы өзгермейді. Күң күң болып қалуы керек. Оның ел қатарлы тіршілік жасауы, өзімен-өзі өмір сүріп кетуі күңдікке жанаспайды. Ол Сандыбайдың отымен кіріп, күлімен шығуы керек. Оның санасы соған әбден үйренген. Балалары да сол. Байдың айтқанын орындау-олардың әке-шешесінен қалған әдет. Тіпті, Маржан - он үш жасында Сандыбайдың кіші тоқалының төркінінің жақыны Жапар тазға Жоңқабайдың ұйғарымымен ұзатылып кете бара жатып «мен бармаймын» деген бір ауыз сөз айта алмайды. Күң Алқа да үнсіз, ер жетіп қалған Қасен де үнсіз. Сандыбайға қарсы сөз айтуға қорқады. Қызынан түскен қалың мал да Сандыбайдың көп малының арасына қосылып, жұтылып кетеді.
Күң жылайды, күңіреніп зарын айтады, Қасеннің қарасы үзілгенше арттарынан қарап тұрып, қара жерді құшақтап «мен енді айырылдым» деп жылайды. Одан басқа не шара, қолынан не келмек? Міне, содан бері Қасенді көрген жоқ деп жазушы осы әңгіменің бөлігін аяқтайды. Алқаның маңдайындағы соры екі елі. Қызынан айрылғаны аздай, енді жалғыз қуанышы Қасен азулы екі аяқты арландардың кесірінен көзден таса болмақ?
Жазушы оны әңгіменің келесі бөлімінде баяндамақшы, өміріндегі көрген қорлығы қожайындарының тегеурінді тізесі басына түскен ауыртпалығы жасы жетіп, сүйегі жасып, қайраты қайтып бұрынғыдай қызметке жарай алмай сүйретіліп жүруі жаныма батады. «Жасынан жылы төсек үй көрмеген Алқаның қайратты денесі ауруға шалдығып денсаулықтан айрылған ... нашарлаған ... сыңқылмен осы жылдың қысына қарсы дағдылы жер төсегіне ауыру халінде мұз денесін төсеген...». Жазушы Алқаның аянышты қалыңдаған үстіне қалыңдата түседі. Бұған өмірдегі реалистік жайды шынайы, көркем бейнелей отырып, Алқаның сүреңсіз, күңгірт өмірін кей тұста натуралдық деңгейде көрсетеді.
Басына түскен ауыр түнектен арылуы мүмкін емес. Өйткені қасында жанашыры жоқ. Енді Сандыбайдың өзі де, қатын-баласы да Алқадан жиіркеніп, жақтырмайтын болған. Күн суық, аяз, аңырайған шошалада жалғыз өзі. Бұнда от жағылмайды. Бұған ешкім келмейді. Жиіркенеді. Күрсінеді. «Жаным... Қасенім... Келдің бе?»-дейді. Көзі алайды. Еріндері тырысты. Күңнің өлгісікелмейді. Қасеннің, Маржанын көріп бірақ жер жастанғысы келеді. Олар қайда, Алқа қайда? Ілияс Жансүгіровтің «Күң өлімі» қазақ әйелдерінің аянышты, жалшылық, күңдік өмірі туралы жазылған, сюжеттік және композициялық тұтастықты сақтаған, тілі шұрайлы образдары дараланған шығармасының бірі десек, жаңсақ кетпеген болар едік.
Ілияс проза жанрында да замандастарынан қалыспаған, уақыт талабын жіті түсініп, ұлтын ұлықтайтын күрескерлік тұлғасын танытып, салты мен дәстүрін, этнографиялық құндылықтарын қастерлеп, ұлт тарихын тамырына бойлай қаза, еркін, поэтикалық кең көлемде суреттеп, уылжыған тілмен баяндап беруге, ел бостандығы, халық бақыты, ұлттық арман жолындағы кескілескен айқастың от – жалынына қақталған, шыңдалған,жаны кіршіксіз таза, арыстан қайратты, жанды адамның, әдемі адам, үлгілі жаңа адамның бейнесін алғашқылардың бірі болып жасап берді. Ілекеңінің проза жанрындағы басты кітабы, «Жолдастар» романына ол үлкен дайындықпен келген. «Жолдастар» романы о баста үш кітапқа өлшеніп, пішілген. Отызыншы жылдары жарық көрген «Сатан», «Мардан» повестері осы кең жоспарлы ірі туындының алғашқы эскизі, увертюрасы ретінде көрініс береді. Қаламгердің үш кітапқа жоспарланған алғашқы романының бірінші кітабы «Бастау», «Ағын», «Толқын» бөлімдерінен тұрады. Онда 1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілісі, 1917 жыл Ақпан буржуазиялық революциясы, Октябрь революциясының бір өңірде жеңуі тәрізді апалаң – топалаң, қым – қуыт, түп тамырынан толғап тартса,осының әрқайсысы – ақ түбегейлі кесек полотноға жүк боларлық өмірдің алуан жайларын тоғыстырған оқиғалар екенін аңдатар еді. Онда сол жылдардағы қазақ халқының өмірі суреттелген. Романның алғашқы беттерінен бастап оқырман ауыл өмірімен және басты кейіпкерлер – Сатанмен, оның ағасы Тәжимен, олардың шешесі Сәтбаламен танысады. Шалматай, Шаяхмет және басқа дала мықтыларының бейнелері шығармаға біртіндеп енгізіледі. Романда революция қарсаңындағы тап күресі, әлеуметтік қарама-қарсы лагерь өкілдерінің қақтығысы көрсетілген. «Роман өзінің шығар биігіне шықпаған. Оның бірінші, жалпы себебі – І.Жансүгіровтің, өзге жазушылар секілді, роман жанрының бүге-шігесін жете меңгеріп болмағандығынан, роман жасау дәстүрінің, шеберліктің аздығынан. Осыдан барып романның құрылысы тым ыдыраңқы, оқиғалық өрістеулері жеткілікті жүйеленбей, орталық кейіпкерлері жөнді іріктелмей қалған. Романның төрт тарауының бір-бірімен байланысы әлсіз. Өмір шындығын тамаша көркем, ақиқат бейнелейтін тұстар мен негізгі идеяға қызмет етпейтін қосалқы, оқшау әңгіме де толып жатыр»( Рахманқұл Бердібаев «Отызыншы жылдардағы қазақ романы»).
Тапсырма: Акын поэмаларының мазмұнын сюжет дәптерге түсіру.