Эмоцияның сөйлеуге әсері
Эмоция (франц. сөзінен emotion, < лат. emovere – еліктеу, толқыту) – адам әсерленушіліктерінің және сезімдерінің барлық түрін қамтитын және ерекше көрсетілген субъективті реңкке ие ағзаның физиологиялық күйі (Анохин 1984: 172). Эмоция адам қажеттіліктеріне сәйкес келуімен/келмеуімен негізделген адамның шындық болмысқа деген қарым-қатынасының ерекше үлгісі. Демек эмоционалдылық тілде кездейсоқ емес және адамның сөйлеу әрекетіне қатыса және сөздің семантикасында бекіне отырып оның табиғатынан шығады.
Эмоция адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Cөйлеу әрекетінде де эмоциялардың алар рөлі орасан зор. Aдам өзін қоршаған ортаны, оның түрлі заңдылықтарын таза өз қалпында құрғақ күйде де, әртүрлі сезімдік күйде де қабылдайды.
Эмоциялар адам өмірінде маңызды орын алады. Адамның кез келген өмірлік іс-әрекетін сүйемелдей отырып, эмоциялар құбылыстар мен жағдайларды, адамның көңіл-күйін көрсетеді және психикалық іс-әрекет пен адамның өзін-өзі ұстау мәнерін реттеуінің негізгі механизмі қызметін атқарады.
Эмоцияны анықтау мен зерттеудің әр түрлі деңгейлері бар. Философиялық тұрғыдан алғанда, эмоция – болмысты бейнелеудің формасы, психологияда – адам күйінің әсері бейнеленетін психикалық күйлер мен жағдайлар. Барлық уақытта адамдар белгілі бір нақты сезімдерді басынан кешіреді және сезінеді: қуаныш, қайғы, уайым. Осыған байланысты эмоциялардың әмбебаптылығы туралы айту қабылданған, олардың қатары адамның психикалық өмірінің жалпы адамға тән мәнге ие болу тәжірибесін көрсетеді. Эмоциялар да ойлар сияқты объективті болатын құбылыстар, оларды әр түрлі формалар мен реңктердің кең ауқымды диапазоны сипаттайды. К. Платонов (1972, с.54) “адам эмоциясы динамикалы болып келеді, олар дамиды және сапалы түрде күрделенеді, сонымен қатар белгілі бір белгі бойынша топталуы мүмкін емес”- деп санайды. Бұл ой Б.И.Додонованың да қостауына ие болады, ол эмоцияның әмбебапты топталуы мүлде мүмкін емес екендігін айтады, себебі мәселенің бір айналымын шешуде қолданылатын топталу басқа мәселелер аумағын шешуде алмасуы керек. (Додонов Б.И., 1975, с.21).
Эмоция құбылыстарына қатысты әдебиеттерге зер салсақ, Италия қайраткері Леонардо да Винчи, ағылшын оқымыстысы Г.Спенсер т.б. есімдерімен қатар Ч.Дарвиннің “Адамдар мен жануарлардағы эмоция көрінісін”, М.И.Сеченовтың “Жүйке жүйесінің психологиясын” атауға болады. Заманымыздың ұлы физиологы И.П.Павлов та эмоция тақырыбын жан-жақты зерттеген. Эмоцияның табиғаты, оның адам өміріндегі мәні жайында В.Симоновтың “Эмоция дегеніміз не?”, Я.Райковскийдің “Эмоциялардың психологиясы” атты еңбектері бар. В.Г.Бахурдың “Эмоция: пайдасы мен зияны” атты еңбегі қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді. Қазақ оқымыстыларының ішінде эмоцияның табиғаты жайлы Қ.Жарықбаев, Х.Нұрмұқанов, Ә.Алдамұратов, Н.Итбаевтың еңбектерінде зерттеулер жасал-ған.
И.Канттың ұсынысына сәйкес, эмоцияларды стеникалық (грек тілінен аударғанда “стенос” - күш) яғни еліктететін, қимылдың белсенділігін қамтамасыз ететін (қуаныш, ашу) және астеникалық – адам белсенділігін басып тастайтын, босаңсытатын, қиындықтарды жеңуге кедергі келтіретін, мақсатқа жету жолында кездесетін (уайым, қорқыныш) деп бөлуге болады. Стеникалық эмоциялар сияқты астеникалық эмоцияларда адам танымы мен жағдайы арқылы бағалану белгісіне қарай жағымды және жағымсыз болып бөлінеді.
Эмоция – ол сезім және ол қабылдауды, ойлауды және әрекетті уәждейді, ұйымдастырады және бағыттайды. Эмоция индивидтің ойлау және физикалық белсенділігін басқарады, оны белгілі бір арнаға бағыттайды. Эмоция біздің қоршаған ортаға деген көзқарасымызды реттейді. Эмоцияның объективті шындықтың бейнелену, танылу және бағалану формаларының бірі екенін түрлі ғылым өкілдері әсіресе философтар мен психологтар дәлелдеп келген.
Эмоциялар болмыстың бейнелену формаларының бірі болып табылады, олар адам болмысының ажырамас бөлігі және адам өмірінде алатын рөлі зор. Болмыс объектілері мен құбылыстарын тану процесінде біз оларға әсер етеміз, әр түрлі бағалауларда, сезімдерде өз көзқарасымызды білдіреміз, ол тілде өз көрінісін табады.
Эмоция – болмысты бейнелеу формасы екенін ескере отырып, эмоционалды факторды сөйлеушінің санасында қалыптасатын әлем бейнесінің құрамды бөлігі ретінде санауға болады. Эмоциялар әдеби мәтінде көрініс табады.
Қазіргі ғылымға тән басты мәселелердің бірі, адамзатты және оның әрекетін зерттеуге бағытталған антропоцентрлік тәсілдің басымдығымен сипатталатын эмоцияны көрсету және қабылдау мәселесі болып табылады. Лингвомәдениет тұрғысынан алғанда эмоцияны жеткізудің алуан түрлі тәсілдері кез келген халық мәдениетінің құрамдас бөлігі, олар адам санасында концепт түрінде ұсынылған және оның тілде көрініс табуы.
Соңғы кездері эмоцияны зерттеуге психология, философия, мәдениеттану, әлеуметтану және т.б. ғылым салалары қызығушылық білдіруде. Ең күрделі жүйе бола отырып, адамның эмоциялық жүйесі көп аспектілі зерттеуді, оның ішінде лингвистикалық зерттеуді талап етеді.
Эмоция мәселесі күрделі және көп қырлы. Ол психологиялық (Фресс 1975; Анохин 1984), физиологиялық (Изард 1980), философиялық (Шингаров 1971; Будагов 1974; Торопцев 1985) аспектіде мұқият зерттелген. Философиялық деңгейде эмоция – ақиқат болмысының бейнелену формасы, демек эмоционалдық фактор тіл иеленуші, субъект санасында болатын әлем көрінісінің компоненті болып табылады. Психология үшін бұл адам күйінің әсерленушілігі көрінетін психикалық үрдістер мен ахуалдар. Эмоциялар лингвистикалық тұрғыдан да қарастырылды (Кочинева 1972; Стернин 1985; Апресян 1995; Язык и эмоции 1995; Язык и общество 1995 т.б.).
Адам эмоцияны білдіретін немесе сипаттайтын сөздерді, айтылымдарды оңай қолдана отырып, эмоциялық тұрғыдан ойланады, себебі К.Изард бойынша сөйлеуші адамда ең бастысы – эмоция. Адамзат ойы үнемі логика мен эмоция арасында өзгеріп тұрады (Балли Ш., 1961, б.182). Эмоционалдылық тілде экспрессияны меңгеру тәсілдері мен формаларын таңдау арқылы жүзеге асырылады.